Фетхуллаһ Гүленнің білім беруге деген көзқарасы

Фетхуллаһ Гүленнің білім беруге деген көзқарасы[1]

Түркия Республикасы құрылғаннан кейін, көптеген түрік мұсылмандары үкімет бекіткен европалық өркениеттің жақсы жағын да, жаман жағын да ойланбастан көшірген «модернизация» бағдарламасын қатты сынға алды. Олар діннің мемлекеттен бөлінуін секулияризация процесінің күтпеген жанама өнімі ретінде ғана емес, керісінше, дінге қарсы ағымның саналы нәтижесі ретінде қарастырды. Олар модернизацияға астыртын негіз болған идеологиялық түсінік бойынша, дінді – прогресс жолындағы кедергі деп санады, сондықтан халық алға қарай дамып өркендегісі келсе, дінді қоғамдағы экономика мен саясатқа араластырмауымыз керек деп қарастырды. Республика құрылғаннан кейін, онкүндікке негізделген майдан сілемдері және бір-бірімен мықтап бәсекелескен екі қарама-қайшы білім беру жүйелері, Түркияны әрбір ойшылдың жеке ой-пікірін білдіретін пікірталастар орталығына айналдырды.

Менің ойымша, Фетхуллаһ Гүленнің Түркияда бір емес бірнеше рет, (мәселен «оңшылдар» мен «солшылдардан» да, «діншілдер» мен зайырлылар жағынан) түрлі сындарға ұшырауының бір себебі бар. Ф. Гүлен бұл мәселеде «оңшылдар» мен «солшылдарды» да, «діншілдер» мен зайырлылар жағын да қабылдаудан бас тартты. Тіпті мұны тұйыққа тірейді деп санады. Мұның орнына, болашақта шексіз пікірталасты болдырмауға себебі тиер деген жаңа тәсіл ұсынды. Гүлен Түркия Республикасында өтіп жатқан модернизация жөнінде, егер де ол тұтастай адамды дамыту жолында қызмет етсе, қолдау қажеттігін алға тартады. Ал білім беру мәселесінде, барлық оқыту жүйесін қабылдай отырып, қазіргі заманның құбылмалы талаптарына сай жаңа үрдіс жасау керек екендігін ескертеді.

Модернизацияның қажеттілігіне қарамастан, оның пікірінше, өткен тарихтан түбегейлі қол үзудің өзіндік қатерлері бар. Дәстүрлі құндылықтардан қол үзген жастардың тәрбиесіне материалдық табыстан өзге барлық құндылықтардан алшақтау қаупі төнеді. Идея мен сезімдерінің тереңдігі, ойдың айқындығы тәрізді материалды емес құндылықтар, мәдениет немесе руханилықтың қабілетін бағалау көбінесе қазіргі заманның оқу орындарында ескерілмейді. Олардың білім беру әдіс-тәсілдері, жаһанда нарықтық жүйе үшін жаппай функционалистерді тәрбиелеп шығаруға ғана негізделген.[2]

Мұндай студенттердің, әрине, еш қиналмастан жақсы жұмыс тауып кетуі бек мүмкін, алайда олар шынайы адами еркіндікке жету жолында рухани тұрғыда толығымен қалыптаспаған жандар. Экономикалық һәм саяси саланың көшбасшылары мамандандырылған және «құндылықтардан азат» мектептерге әрдайым қолғабыс етеді, өйткені оларға «үйретілген, бірақ білімсіз» жұмыс кадрларын бақылауға алу оңай. Гүленнің пайымдауынша, егер бұқараны бақылауға алғыңыз келсе, онда сіз оларды ең алдымен білімнен айырасыз. Олар тиранияны тек білім алу арқылы ғана жеңе алады. Әлеуметтік әділдік жолына жетудің астарында жан-жақты білім беру негізі жатыр, яғни сол ғана адамдарды басқалардың құқықтарын қорғау жолындағы толықтай түсіністік пен сабырлыққа тәрбиелейді.[3] Сондықтан Гүленнің ойынша, жан-жақты білімнің жоқтығы әділдік құруда ғана емес, сонымен қатар адам құқығын мойындауда да, басқаларға түсіністікпен қарым-қатынас жасауда да кедергісін тигізіп жатады. Егер адамдар нақты білімді игерсе, онда олар жеке дара ойлауға және қоғамдық әділдік тәрізді адам құқығы мен толеранттықты ұстануға бейім келеді, әрі олар осындай ұлық мақсаттарды іс жүзіне асыруда өзгерістердің хабаршысына айналатыны айдан анық. Егер білім беру реформасын жүргізетін болсақ, онда мұғалімдерді дайындау мәселесіне немқұрайлы қарауға болмайды. Гүленнің айтуынша: «Білім беру – жай ғана оқыту ғана емес. Адамдардың көбісі мұғалім болғанымен, ал нағыз педагог ұстаздардың саны жоқтың қасы».[4] Олардың арасындағы айырмашылық мынада, мұғалімдер мен ұстаздар жаңалықтарды таратушы және шеберлікке шыңдаушы, ал нағыз ұстаз – ол оқушының өзін-өзі тану қабілетін жетілдіріп, жеке дара ойлау мен қорытынды жасай білуде оқушының мінезінің қалыптасуы мен өзін-өзі тәрбиелеуі, төзімділік пен жауапкершілігін сезіну сияқты қасиеттерді бойына дарытуда жол көрсетуші адам. Ал тек жалақы үшін оқытып, шәкірттерінің мінезінің қалыптасуына қызығушылық танытпайтындарды ол «соқырларды басқарған көр соқыр» деп атайды.

Бір - біріне қарама қарсы, екі бағытта жұмыс істейтін білім беру жүйелерінің арасындағы келісімділік пен бәсеке арасындағы интеграцияның болмауы, Гүлен айтып жүрген «ешқашан болмауға тиіс қатыгез күрес, яғни ғылымның дінге қарсы»[5] болуына алып келді.

Философия мен білім беру тәсілінің бөлінуіне сеп болған бұл қате дихотомия ХІХ-ХХ ғғ. бойында пікірсайыстың екі жағын да ұстанатын ғалымдар мен саясаттанушылардың діни көшбасшылардың күш қуатын сарылтты. Қазіргі зайырлы педагогтар дінді ең жақсы түсінді дегенде бос нәрсеге уақыт кетіру деп, ал таяз түсінді дегенде ілгерілеу жолындағы кедергі деп қана қарастырады. Ал діни қайраткерлердің арасындағы пікірталастар бүгінгі күннің жетістіктерінің барлығын да жоққа шығарып, дінді «шынайы өзінің мағынасы мен қызметінен гөрі, саяси идеологияға жақындау»[6] етіп қабылдауға алып келді. Ол оқу процесі арқылы діни қайраткерлер ғылымды, ал білімпаздар діни әрі рухани құндылықтарды меңгеретінін және «ұзаққа созылған ғылыми һәм діни қақтығыстардың өз мәресіне жетіп, болмағанда оның бос әурешілік екендігінің мойындалатынын»[7] сезеді.

Бірақ осыларды іс - жүзіне асыру үшін, ол білім алудың жаңа стилін қабылдауды ұсынды. Бұл стиль «жандары діни нұр мен рухани тазалыққа бөленген, ал санасы жаратылыстану ғылымын сіңірген көкірек көзі ашық адамдарды тәрбиелеу үшін діни және ғылыми білімнің руханилықпен және адамдықпен бірігуін қажет етеді». Ол адами және рухани құндылықтарға сәйкес және сонымен бірге «өз уақытының қоғамдық экономикалық шарттарына сай»[8] адамдарды қалыптастыруы қажет.

Гүленнің еңбектерінде білімге қатысты кейбір терминдер үнемі қайталанып отырады, сондықтан оларды оқырман қате түсініп қалмас үшін қосымша түсініктемелер қажет. Біріншісі – руханилық және рухани құндылықтар. Мұның астарында «дін» сөзі жасырынып жатыр деп ойлауы мүмкін. Әйткенмен Гүлен бұл терминдерді өте кең мағынада қолданады. Ол үшін руханилыққа тек қана діни оқулар ғана кірмейді, сонымен қатар этика, логика, психологиялық саулық пен эмоционалды ашық-жарқындық та кіреді. Ғалымның жұмыстарында ең басты терминдер мейірімділік пен толеранттық сөздері. «Нақты» пәндерді оқытумен қатар, білім берудің мақсаты - оқушыларға сол «мөлшерде бұлжымайтын» қасиеттерді қоса бойларына дарыту.

Сондай-ақ Гүленнің жиі қолданатын өзге де терминдеріне назар аударуға тура келеді. Ол мәдени  және дәстүрлі  құндылықтар қажеттілігі жайында жиі сөз қозғайды. Оның мәдени[9] және дәстүрлі[10] құндылықтарды оқу процесіне енгізу мәселесін көтеруін сыншылар бұрынғы османдық қоғамға қайта оралуды көксеу деп баға берді. Оны иртижажы деп, (түрікшеден аударғанда бұл сөздің мағынасы «ескішіл» немесе «фундаменталист» дегенді білдіреді) айыптады. Бұл айыптауды ол әрдайым жоққа шығара отырып, өзіне тағылған бұндай жалаға былай деп жауап береді: «Иртижа сөзі - өткенге қайта оралу немесе өткенді бүгінге орнату деген мағынаны білдіреді. Менің мақсатым ертеңгі күнге ғана емес, мәңгілікке арналған. Елімнің болашағын ойлайтындықтан, ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға бармын. Мен өз жұмыстарымда, сөздерімде, жасаған істерімде кертартпалыққа ешқашан шақырған да, жол берген де емеспін. Бірақ Аллаһқа деген сенімді, құлшылықты, рухани құндылықтар мен басқа да адам табиғатына тән уақытша шектеулерге бағынбайтын нәрселерді «иртижа» деп ешкім де атай алмайды»[11].

Мәдени һәм дәстүрлі құндылықтар тұрғысын сөз еткенде, ол Түркияның өткен тарихын ғасырлар бойы жинақталған мол даналықтың қазынасына балайды. Әлбетте, мұндай қазыналы даналықтың күні бүгінге дейін жұртшылыққа берері көп. Алайда өткен қоғамға оралуға жасалған кез келген әрекет көрегенділікке жатпайды. Оның жолы жабық. Сонымен қатар Гүлен өткенмен қарым-қатынасты мүлдем үзуге қарсы бола отырып, бұрынғы қоғамды (Осман қоғамы-ред.) қалпына келтіріп, қайта құру әрекеттерін де жоққа шығарады.

Ол бүгінгі кейбір реформаторлардың «өткеннің бұғауынан босану» үрдісін қолдайтындарын белгілі бір деңгейде игілік деп қарастырады. Тарихи мұраның деспоттық, құрсауланған және өзінің шынайы мақсатын жоғалтқан элементтері, шүбәсіз жаңартылуы тиіс, егер жаңа ұрпақ жарқын болашаққа қол жеткізгілері келсе, өткеннің адамдарға бостандық сыйлайтын тұстары қайта бекітілуі қажет. Оның бұл пайымы Түркиядағы ішкі талас-тартыс, саяси қозғалыстармен я болмаса болашақ исламдық қоғамдармен ғана шектелмейтіндігі түсінікті. Оның педагогикалық көзқарасы әлемдегі бүкіл қоғамдарды қамтиды. Ф.Гүлен адамзаттың материалды әрі рухани жақтарын қамтыған құндылықтар жүйесін қатар игерген жаңа ұрпақты тәрбиелегісі келеді. Ол: «Кімде-кім әлемді өзгерткісі келсе, ең алдымен өзін өзгертуі керек. Басқаларға жақсы өмір сүруге жол көрсетем дегендер ішкі жан дүниесін әсемдеп, кекшілдік, қатыгездік пен қызғаныштан тазартып, мүмкіндігінше сыртқы тұрпатын да көркем ұстауы қажет. Алайда, өз-өзін басқара алмайтын, ішкі тәртіпке бағынбай, жеке басын да жетілдіре алмаған адам – бір қарағанда тартымды, парасатты көрінуі мүмкін. Әйткенмен ондай жандар өзгелердің жан дүниесін ұзақ уақыт шабытқа бөлеп тұра алмайды».[12]

Гүлен өз ойын: «Білімге талпынып, алған білімі арқылы басқаларға да пайдасын тигізсе, шынайы адам деген сол. Білім алуға талапсыз пендені адам қатарына қосудың өзі қиын. Егер білімді адам өз-өзін әрқашан жетілдіріп, жаңартып отырмаса, басқаларға үлгі бола білмесе, ол онда адам деген атқа лайық бола алмайды» – деп түйіндейді.

Фетхуллаһ Гүлен діни ұстаз ретінде

Бұл жұмысымызда біз Фетхуллаһ Гүленнің педагогтік қырын қарастыруды көздедік. Дегенмен оның діни ғалым әрі ұстаздық рөлі мен қазіргі заманға сай ислам дінін уағыздау ісі, өзіне тән діни ойлары – мұқият зерттеуді қажет ететін тақырыптар. Әрине бұл мәселелер тақырыптан тыс болғанымен, оның исламға қатысты көзқарасына қысқаша түсініктеме бермейінше ұстаздық қыры толығымен ашылмайды.

Ғалымның отыздан астам еңбек жинақтарына оның шәкірттері мен ізбасарларының алдында сөйлеген сөздері мен діни уағыздары енген. Кейінгілері әркез өзіне қойылған сұрақтарға берілген жауаптардан тұрады. Олардың тақырыптары Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі мен ғұмырнамасынан бастап тасаууф ілімнің негіздеріне дейін, кәләм іліміндегі (Иман негіздерін қисынға сүйеп дәлелдейтін білім саласы-ред.) дәстүрлі мәселелерден бастап, исламдық сенімнің негізгі аспектілерін ұғындыруға дейінгі аралықты қамтиды. Оның еңбектері бұл саладағы шектеулі маман иелері үшін емес, көзі ашық мұсылмандардың кең аудиторияларына арналған.

Фетхуллаһ Гүленнің исламдық дерек көздер мен дәстүрлерді тәпсірлеу тәсілі жайында не айта аламыз? Оқырмандарды ең әуелі оның діни шарттарды ғана орындап қана қоюдан гөрі, Құранда негізделген дін үшін басты құндылықтар болып саналатын рақымдылық пен өнегелікке баса назар аударатыны таңғалдырды. Діни шарттардың қажеттілігін құптай отырып Фетхуллах Гүлен, дін деп соққан жүректе әрқашан ішкі шынайы адалдықтың жататынын айтады. «Адамдық – бұл діннің түпкі мәні, Аллаһ жолындағы қызметтің мағыналы бөлігі» – дейді ол. Егер рақымдылық пен жоғарғы өнегелі құндылықтар – қаһармандық болса, ол расында да солай, онда ең ұлы қаһармандар алдымен пайғамбарлар, содан кейін оларға шынайы беріліп, олардың ізін жалғастырушылар болып табылады. Шынайы мұсылман – ең асыл, яғни исламның көркем мінез және адамгершілік қағидаларын ұстанған мұсылман». Ол өз ойын Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Ислам биік өнегеліліктен тұрады, ал мен сол адамдық қағидаларды жақсартып, кемеліне жеткізу үшін жіберілдім»[13] – деген хадисімен түйіндейді.

Сол себепті де ислам діні «адамды кемелдікке жетелейтін жол немесе адамның түпкі періштелік келбетін қайта табуы»[14] деп түсіндіріледі. Егер ислам рухани кемелдікке жету жолы деп қарастырылса, Гүлен оның мынадай этикалық анықтамасын ұсынады: «Әрқашан жалған көзқарастардан, жағымсыз мінез-құлықтардан бойыңды аулақ ұстауға тырысып, жақсы да көркем қасиеттерді иелену».[15] Ол ислам тарихындағы рухани ұстаз болған, мұсылман қауымын кемелдікке жетелеп, жол көрсеткен жандарды қадір тұтады.

Өзінің қандай да бір тариқатқа қатыстылығын жоққа шығара отырып Гүлен исламның рухани бағыты болып саналатын сопылықты сынға алу, исламға қарсы шығумен пара-пар деп есептейді. Ол: «Мен қандай да болмасын діни тариқаттың мүшесі емеспін. Ислам дін ретінде рухани салаға көп көңіл бөледі. Оның негізгі мақсаты өзінің ішкі «Менін» тәрбиелеу. Исламда тақуалық, діндарлық, мейірімділік пен адалдық секілді құндылықтар аса маңызды рөл атқарады. Ислам тарихында көбіне жоғарыдағы аспектілермен байланысты болған сала тасаууф болды, сондықтан тасаууфты жоққа шығару исламның мәнін жоққа шығару болып табылады. Бірақ тағы қайталап айтамын, мен ешқашан тасауффтық тариқатына кірген емеспін және бірде-бір діни тариқатқа ешқандай қатысым да болған емес»[16].


[1 Ватиканның дінаралық диалог жөніндегі бас хатшысы Томас Мишельдің қысқартылып берілген мақаласынан.
[2] Йитирилмиш женнете догру, 16.
[3] «М.Фетхуллаһ Гүлен: Сабырлықтың, сүйіспеншіліктің, өзара түсіністік пен диалогтың үні». М.Фетхуллаһ Гүленнің алғысөзі, «Необходимость межконфессионального диалога: Мусульманский подход» әлем діндерінің Парламентінде баяндалған, Кейп-таун, Оңтүстік Африка 1-8, 1999.
[4] Ольчью вея йолдаки, 1 том, 36.
[5] «Дінаралық диалогтың қажеттілігі», 39.
[6] Сонда, 20. 
[7] Сонда, 39
[8] Ол да сонда
[9] «Білім үшін маңызды болғанымен, мәдени құндылықтарды оқытуда аса көңіл бөлінбеген. Егер біз осыған  қажетті мән беретін болсақ, онда біз ең басты мақсаттардың біріне қол жеткіземіз», Ольчю вея йолдаки ишыклар, т.1, 35.
[10] Қараңыз: Йитирилмиш дженнете догру ,16 және Ольчю вея йолдаки ишыклар, т.1,44-45
[11] Уэбб, Фетхуллаһ Гүлен, 95
[12] «Дінаралық диалог қажеттілігі», 30
[13] Йитирилмиш женнете догру, 30.
[14] Сонсуз нур, Инсанлығын ифтиһар таблосу, Ғаламның рақым нұры, 2 т., 153-154.
[15] Сопылық тәжірибесідегі маңызды тұжырымдар, 1.
[16] Уэбб, 102-103
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.