ЖАҺАН ЖҮРЕГІН БАУРАҒАН СӘУЛЕЛІ ОЙДЫҢ ШУАҒЫ

Осы жылғы маусым айының аяқ шенінде Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының, ақын, жазушылар және журналистердің үлкен тобы Түркияға достық сапармен барып қайтты. Түрік Республикасындағы «Диалог Еуразия» Платформасы мен оның елімізде шығатын «da Қазақстан» журналының ұйымдастыруымен болған бұл сапарда қаламгерлер әріптестерімен тәжірибе алмасып, журналистика мен әдебиетке, бүгінгі жаһандану үрдісіне, ұрпақ тәрбиесіне және басқа да келелі мәселелерге қатысты ой бөлісті. Адами қатынастағы өзара түсіністіктің, екі ел арасындағы достықтың осындай халықтық дипломатия жолымен дами түсетіндігіне тағы бір көз жеткендей болды.

ҮМІТ АТЫН ШАЛДЫРАТЫН ЖАҚСЫ ҚАЛА

Қазақ зиялылары мен Түркия арасындағы байланыстың бастауы тым әріде жатыр. Халқымыздың біртуар білімпаздарының бірі Әлихан Бөкейханов 1915 жылы «Қазақ» (№117) газетіне «Ыстамбул һәм қылилар» деп аталатын мақала жазып, түрік бауырларымыздың аумалы-төкпелі кезеңдегі тағдырына алаңдаушылық білдірді. 450 жылдан бері тағдырдың тәлкегімен көрмегенді көріп келе жатқан ел астанасы ендігі жерде Англия мен Францияның боданына айналса не болады, Ая Софья мешітінде христиан дұғасы оқылса, түрік қайтіп күн көрмек дегенді айтады. Әгәрки, Ресейдің қаһарына ілігіп, шабуылға ұшыраса, одан қорғанар күш бар ма деген ойды да сабақтай түседі. Сөйтіп, Әлихан ағамыз бүтіндей түркі әлемінің інжу-маржандарына бөгіп жатқан бас қала Ыстамбұлдың өз мәртебесінде тұра бергенін қалайтындығын айтады. Оны үміт атын шалдыратын жақсы қала деп айдар тақты.

Түрік елінің тағдырына алаңдаушылық білдіріп қана қоймай, өзінің шығармашылық ізденісінің бір өрісі осында жатқанын Шәкәрім Құдайбердиев те айтып өткен.

Жасымнан жетік білдім түрік тілін,
Сол тілге аударылған барлық білім.
Ерінбей еңбек еттім, еңбек жанды,
Жарқырап қараңғыдан туып күнім, - деп жырлаған (Шәкәрім. Өлеңдер мен поэмалар. А, 1988 ж, «Жалын» баспасы, 64-бет.) ойшыл бабамыз Меккеге сапарында Ыстамбұлға соғып, осында бірнеше күн аялдап, ілім-білімнің қазынасы атанған кітапханаларға бас сұққаны тарихтан мәлім. Ол өзінің 1919 жылы жазылған «Жылым – қой, жұлдызым июль» деп аталатын өлеңінде осы деректі нақтылай түседі.

«Білімдінің кітаптарын,
Жазыпты түрікше бәрін.
Философ білгіш ойларын,
Сезіндім біразын байқай.
Кітап, ғылым, ой алмаққа,
Маған жол болды сол жақта.
Жұмылдым Мекке бармаққа,
Алаң боп іше алмай шай.
Пароходта жүріп жолда,
Әл елде кез келіп молда.
Он үш күн боп Ыстамбұлда,
Керек кітап табылғаны-ай!». (Шәкәрім шығармалары. Алматы, 1988. «Жазушы» баспасы. 195-бет).

Ал көрнекті мемлекет қайраткері, ұлы ақын һәм жазушы Сәкен Сейфуллин 1924 жылы «Түркия туралы» деген мақала жазып, сол тұстағы халықаралық жағдайға байланысты туысқан Түркиядағы болып жатқан уақиғаларға орай өзінің концептуалды ойларын білдіреді. Ол: «Түрік басындағы дағдарысты пайдаланып, Англия, Франция, Италия осы елді өзінің құрсауында ұстау үшін айла-шарғының бәрін жасап бағуда. Алайда, түрік халқы өзінің тарихи таңдауын жасады. Жаңа өмірге қадам басты. Керуен алға жылжыды. Ал керуеншілер түрік елінің еңбекшіл халқы болып отыр. Өзгелер не десе о десін, ескілікті қайтадан аңсағанмен ештеңе шықпайды. Ит үреді, керуен көшеді», - деп өз ойын түйіндейді. (М.Абсеметов. Сәкен Сейфуллин. Астана, 2006. 255-бет.).

Осы бір деректерден-ақ қазақ зиялы қауымы аға ұрпағының түбі бір түркітектес халықтардың тағдырына бей-жай қарай алмағандығына айқын көз жеткізуге болады. Осынау игі дәстүр сабақтастығы бүгінгі таңда да өзінің лайықты жарасымын тауып отыр.

Қазақстан егеменді ел атанғалы бері екі мемлекет арасындағы барыс-келіс, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани саладағы байланыс жаңа арнаға шықты. Соның нақты бір дәлелі бір топ қазақстандық қаламгерлердің «Диалог Еуразия» Платформа аясындағы ұйымдастырылған сапарға қатысуы еді.

ТҰРҒЫТ ӨЗАЛ АМАНАТЫ

Түркияға сапармен шыққанымызда алдымен түріктің ардақты ұлы, елінің дамуы үшін іргелі реформалар жүргізген, халықаралық қатынастарда өзінің салиқалы саясатымен зор беделге ие болған Тұрғыз Өзал бейнесі көз алдымызға оралғаны анық еді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғанда дүниежүзі елдерінің арасында бірінші болып Түркия еліміздің тәуелсіздігін таныды. Түріктердің естіген мына бір әңгіме біздің елімізге деген қарапайым халықтың ықыласын сездіріп-ақ тұр. Қазақстан Тәуелсіздік алғанын естіген Түркия президенті Тұрғыт Өзал шын пейілімен қуанып, қазақ бауырларына өзінің ыстық ықыласын жеткізуге асығыпты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа телефон шалып құттықтап, өзінің мұндай қуанышты хабарды естігеннен кейін таңның атуын күте алмай, түн ортасында хабарласып тұрғанын айтыпты. Сол кезде Түрік елінің басшысы әлемнің тәуелсіздігімізді тануға көшбасшы болып ғана қоймай, өзі де түркілердің атажұрты атанған Қазақстанға келгенін жұртшылық жақсы біледі. Осы жолдардың авторлары Тұрғыт Өзалдың Қазақстан Парламентінде сөйлеген сөзін тыңдап, онымен кездескен де болатын. Қазақстанға сапарында ол қазақтарды бауырым деп іш тартып, «Түркияда қанша қазақ бар?» деген сауалға «Бізде 75 миллион қазақ бар, соның бірі мына менмін» деп тапқырлықпен жауап бергені де ел есінде. Тұрғыт Өзалды қазақтар да қадірлейді, Алматыда оның атында үлкен көше бар.

КСРО күйреп, еліміз талай ғасырлар бойы аңсаған егемендігімізді алғаннан кейін бұрын коммунистік идеологиямен сіресіп келген сең бұзылып, екі ел арасында достық, туысқандық көпірі салына бастады. Саяси, экономикалық, мәдени және қарым-қатынастар орнады. Екі елде де елшіліктер ашылды. Сонымен қатар халықтық дипломатия да дами бастады. Бұл жас ұрпаққа білім беру, оларды бүгінгі жаһандану дәуіріне төтеп бере алатындай етіп тәрбиелеу, имандылық пен ғылымды қатар меңгеру тұрғысынан әлемнің басқа елдерінде ашылған түрік лицейлерінің біздің елімізде де ұйымдастырылуынан айқын көрініс тапты. Сондай бастаманы қолға алынуына түрткі болған адамның бірі дін саласындағы белгілі ғалым, ойшыл-ғалым Фетхуллаһ Гүлен еді. Еліміз егемендік алған 90-шы жылдың басында Түрік елінің өкілі Икхан Қазақстанға келіп, халқымыздың ардақты ұлы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа жолығады. КСРО құрамында болған мұсылман елдерден түрік лицейлерін ашуға ниеттері бар екендігін айтады. Сонда Димекең өтпелі кезеңдегі елдегі жағдайдың қиындығын айтып, бұл бастаманы Әзірбайжаннан бастаған дұрыс деп, Гейдар Алиевке осы мәселеге орай түріктерге көмектесуді өтінген хат жазып береді. Әзірбайжан елінің басшысы кезінде КСРО-да, оның ішінде мұсылман елдерінде зор беделге ие болған Димаш ағаның сәлемінен кейін елінде түрік лицейін ашуға бірден келісім береді. Сөйтіп, 1991 жылы бұрынғы КСРО аумағында алғашқы түрік лицейі Әзірбайжанда ашылады.

Қазір Қазақстан мен Түркия арасында осы елдер азаматтарының арнайы рұқсатсыз (визасыз) барып-келуі жолға қойылған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Түрік еліне алғашқы болып барған, тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Премьер-министрдің орынбасары болған, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков екен. Осы орайда «da Қазақстан» журналының бас редакторы, біздің делегацияны Түркияға бастап барған Мәлік Отарбаев мырзаның Мырзатай ағаның өз аузынан естіген мына бір әңгімесі бәрімізді елең еткізді.

-Түрік еліндегі лицейлерді ұйымдастырушылардың өкілі Икхан Тұрғыт Өзалға Қазақстаннан делегация келсе, бізге айтыңыздар, оларды өзіміздің білім ошақтарымен таныстырып, күтіп аламыз деп өтініш білдірген. 1992 жылы Түркияға алғашқы болып біздің елімізден келген Мырзатай Жолдасбековті әуежайдан Тұрғыт Өзалдың өзі күтіп алады. «Бауырым, мен сені бір ғасыр бойы күттім ғой!» деп құшақ жая қарсы алады. Басқа елдердің президенттеріне көрсетілетіндей құрмет пен ықылас көрсеткен Түркия Президенті: «Мырзатай, енді аман-есен бізге келгеніңді айтып, Атажұртқа телефонмен сөйлес» деп ол кезде бәрімізге таң болып көрінетін ұялы телефонын ұсынады. Қазақстанның өкілін, бауырын қошеметпен күтіп алған Тұрғыт Өзал жоспарланған ресми кездесулер аяқталған соң Мырзатай ағаға Икханды таныстырады: «Мына кісі өте мықты адам, оның ар жағында одан да мықты адам бар (Фетхуллаһ Гүлен. Авт.). Ол саған өздерінің ашқан Ыстамбұлдағы барлық мектепті көрсетеді, осындай оқу орнын сіздерде де ұйымдастырғысы келеді» дейді. Мырзатай Жолдасбеков мектептерді аралап көргеннен кейін елге барып ақылдасатындығын айтады. Сөйтіп, алғашқы лицейлер біздің елімізде ашыла бастады. Кейін бұл іске қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева көп үлес қосты, Түркияда оны аса құрмет тұтады.

Бірде Тұрғыт Өзал ауырып қалғанда Фетхуллаһ Гүлен оның көңілін сұрай барады. Президентке былай дейді: «Орта Азияға барғанда ондағы біз ашқан мектептерге қамқорлық ойдағыдай болуы үшін әр елдің президентіне оны тапсырып кетуіңіз керек» деген өтініш айтады. Тұрғыт Өзал көзінің тірісінде түркі тілдес елдерге барғанда бұл мәселені назарда ұстаған екен. Нұрсұлтан Әбішұлына Тұрғыт Өзал «Бұл мектептер түрік пен қазақ арасындағы достықтың дәнекері, ертеңгі болашағымыз. Осы мектептерді Сізге аманаттап кетемін» деген сөздерін теледидардан көрген түріктер көзіне жас алғаны әлі күнге жыр ғылып айтылады. Тұрғыт Өзал аманатына қазақ бауырлары адалдық танытуда дей аламыз. Соның нақты дәлелі ретінде айтар болсақ, қазір біздің елімізде 28 түрік лицейі бар.

Тұрғыт Өзал қайтыс болғанда жерлеуіне 10 миллионннан астам адам жиналған дейді. Біздің делегация Ыстамбұлдағы Тұрғыт Өзал зиратына барып, құран оқыдық. Қазақты өзіне бауыр тартқан, қазақтың қуанышына қуана білген, туысқан халықпыз деп бүкіл әлемге жар салған Түрік елі аса қадірлейтін Тұрғыт Өзал бейітінің басында барған қазақтың тебіренбей тұра алмасы анық. Біз де сол күйді бастан кештік. Ұлы тұлға рухымен іштей тілдестік.

БАСТАМА ИЗМИРДЕН БАСТАЛЫПТЫ…

Бүгінгі таңда әлемнің 110 елінде түрік лицейі бар. Ал соның алтын бастауы осыдан елу жылдай бұрын Измир қаласынан басталыпты. Осындай игі шараны алғаш қолға алған Фетхуллаһ Гүлен 1938 жылы Түркияның оңтүстігіндегі Ерурум ауданының Қорыжық деген ауылында дүниеге келген. Алғашқы білімін медреседен алған. Алварлы Ефе, Осман Бекташ, Қажы Сыдқы Ефенди сынды және т.б сол кезеңнің бірқатар белгілі ислам ғұламаларынан дәріс алады. Ол өзін тек діни жағынан ғана жетілдіріп қоймай, жастайынан басқа да ғылым салаларымен таныса бастайды, әдебиетпен де айналысады. 1958 жылы жас ғалым Едірне қаласында ұстаздық қызмет атқарып, қоғамдық іске белсене араласа бастайды.

1963 жылы жиырма бес жасар Фетхуллаһ Гүлен Измирде діни басқарма тарапынан Кестани базары мешітіне уағыз айту қызметіне тағайындалады. Оның алдында бұл лауазымда жұртшылық аса қадір тұтқан Яшар Тунагур болған, ол Гүленге зор үміт артқан. Бірақ өз ісін аса ыждағаттықпен атқарған Гүлен ғылым-білім мен рухани құндылықтарды қатар игерген жас ұрпақ тәрбиелеуді армандапты. Біз Измирде болғанда оның мешіт жанынан лашық жасап, алғашқыда небәрі алты шәкірт тәрбиелеуден бастаған жерін көрдік. Әрине, қазір ол лашық жоқ. Кезінде тап осындағы жұпыны құрқылтайдың ұясындай орында Гүлен жаңа үлгідегі замануи мектеп ашуға бастама көтеріп, оның мән-маңызын халыққа түсіндірумен болды. Бұл орайда ол Борново мешітінде, Хисар мешітінде уағыз оқып, өзінің ойларын, ел мен ұрпақ болашағы туралы тұжырымдарын айтқан.

Сол кездің куәгері қарттардың бірі Алладин Нәдірмен ақсақалмен кездестік. Сонда ол былай деген еді: «Гүлен өте қарапайым болатын. Өзінің күркешігіне қолданылатын электр жарығына, суына, жал ақысына төленетін ақшаны дер кезінде төлеп тұратын. Бірде оған еңбегін елеп діни басқарма артық ақша (сыйақы) бергенде оны алмай, балалардың керек-жарағына жұмсаған, адам тек өзінің еңбегіне тиесілі ақыны алуы керек, артық алған күнә деп есептеді».

Қазіргі кездегі Ыстамбұлдағы, Измирдегі зәулім де әсем ғимараттарда орналасқан лицейлерді көріп, оны осыдан елу жылдай бұрын күркешікте басталған бастама деу қиын. Бірақ ақиқат осы. Оған Измирдегі он екі жылдық «Яманлар» (Дарындылар) мектебінде болғанымызда көз жеткіздік. Қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтанған, әсем де көрікті ғимарат кірсе шыққысыз әсер береді. Балаларға барлық жағдай жасалған. Осыны көріп біздің әріптестеріміздің бірі «шіркін, бізде осындай мектептер болса ғой» деп таңдайын қағып қалды. Бірақ қасындағы көпті көрген бір журналисіміз «несіне таңғаласың, мұндай мектептер қазір біздің Қазақстанда да бар» деп пікір таластыра қойды. Қалай десек те екеуінің де сөзінде жан бар. Басқаны былай қойғанда, еліміздегі түрік лицейлерінің де қол жеткен жетістіктері көңіл қуантады. Мәліктің айтуынша, қазақ-түрік мектеп-лицейлерін бітіретіндердің 97 пайызы жоғары оқу орындарына қабылданады екен.

Измирде тағы бір лицейге бар жатқанымызда «Диалог Еуразия» қорының жетекшісі, қазақ тіліне аса жетік Салих Акчай мырза «құдай қаласа, бұл бір керемет кездесу болады деп ойлаймын, онда Фетхуллаһтың құрдасы әрі талай жыл бірге жұмыс істеп келе жатқан үзеңгілесі, Қазақстанда бірнеше жыл еңбек еткен Юсуп Пекмезжи мырзамен кездесеміз» деді. Бәріміз елең ете қалдық. Әдетте журналист деген халықтың «майданға» дара шабатыны белгілі. Ал сапармен келе жатқан осы он екі журналист деген қандай күш екендігін бағамдай беріңіз. Атап айтар болсақ, елімізге есімдері кеңінен танымал қаламгерлер: Нұрдәулет Ақыш, Бауыржан Жақып, Ғалым Жайлыбаев, Нұртілеу Иманғалиұлы, Асқар Алтай, Нұрғали Ораз, Доқтырхан Тұрлыбек, Болат Шарахымбай, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ардақ Нұрғазыұлы. Алда үлкен кездесу тұрғанын естіген олардың бәрі де бір қомданып қалды. Юсуп мырза да осал жаңғақ болмай шықты, сөзге шешен, тауып та, қауып та айтатын адам екен. Қазақтарды көрген Юсуп мырза қуанышын жасыра алмай, жарқылдай сөйлеп әңгімесін бастады. Мұндай кездесулерде екі жақ бір-бірін тосырқап тұрғандай сәтте тізгінқағар әңгіменің жөні бөлек. Өзі кезінде Павлодар қаласына лицей ашуға барғанын, сонда әкіммен әңгімесін айтты. Әкім оны қабағын түйіп, қатуланған күйінде қарсы алады, мұндай жағдайда әңгіме өрбуі екіталай екенін білген Юсуп мырза айлаға көшеді: «Қазақстанды бүкіл түркі халықтары атажұрт дейтінін жақсы білесіз, біздің ата-бабаларымыздың осында қалған жері бар екен, соны алуға келдік» демей ме. Сонда әкім «біреуге беретін ұлтарақтай да жеріміз жоқ» деп шорт кесіпті. Осыны айтып күлдіріп алған ол әңгімесін негізгі арнаға бұрды.

- 1963 жылы Измирге келіп, киім-кешекті көтерме саудамен сататын фирмада жұмыс істедім, - деді Юсуп мырза. - Арада үш жыл өткенде 1966 жылы Измирде мешітте Гүленмен таныстым. Сол жолы ол маған мынадай жақсы сөздерін айтты: ешкімге жамандық жасама, дұрыс жүр, өтірік айтпа… Бұл сөздері менің өмірбақи жалдымда жатталып қалды. Гүленнің шәкірттерін қалай оқытқаны, оларға қандай қамқорлық жасағаны, жас ұрпақты тәрбиелеуде қаншама күш-жігер жұмсағаны, бәрі-бәрі көз алдымда. Ол кезде қазіргідей машина жоқ, балалар оқуға 5-7 шақырымнан жаяу қатынайды. Сондықтан ұстаз оқушы балаларға көмек беруге, жатақхана ұйымдастыруға мән берді. Көмек беретіндердің қаржысы жеке баланың қолына берілмей, ортақ есепке аударылды, жеке кәсіпкерлер, ауқатты адамдар балаларға стипендияға, күнкөріске қаржы бөлді. Қаржы ортақ қазынаға түскенде көмек алған бала әлгі кәсіпкерге, не қолұшын берген адамға кіріптар немесе оның алдында өмір бойы қарыздар болып қалмайды. Осы жағы қатты ескерілді.

Оқуды бастаған кезде алғашқыда небәрі 6 бала оқыды. Бірақ аренда өте қымбат еді, жылына 750 лира болды. Мен Гүленмен құрдаспын, бірақ оны ұстаз тұтамын, оның айтқанын мүлтіксіз орындадым. Былтыр АҚШ-та екі ай бірге болдық. Оның Түркияға келуіне еш қарсылық жоқ, қай кезде де келуіне болады. Бірақ денсаулығына байланысты сонда емделуде әрі өз елін сырттан бақылап, оның жетістігі мен кемшілігін саралап отыруды жөн санайтын секілді. Халқымыздың 90 пайызы оны жақсы көреді. Үлкен сот оны он жыл бойы тексеріп, оған ешқандай кінә таға алмады, сөйтіп жоғарғы сот одан қауіп жоқ деп шешті. Кейбір өркениетті елдер Түркияның жетістіктерін көре алмай, оның өркендеп, әлемдік беделі өсе түскенін қаламайды, ал Гүлен ғаламдық бейбітшілікті, бүкіл адамзаттың теңдігі мен халықтар достығын нығайтуды жақтайды. Гүленге кезінде билікке таласты деген айып тақты, ол ешқандай билікке ұмтылған емес, ешқандай билікке таласпайды. Ол біреудің ақысын жеп көрмеген, адалдықты ту еткен адам. Ол билікке адал, иманды адам келсін, ол еліне елеулі, халқына қалаулы басшы болса дейді. Түркияның жетістігіне қызғанышпен қарайтын адамдар оны биліктен көруді қаламайды. Гүлен саясатқа араласпайды! Біз ешқандай партияға мүше емеспіз. Біздің ешқандай партиямен байланысымыз жоқ, сайлау кезінде адал адамға дауыс береміз. Олармен азамат ретінде байланыс жасаймыз.

Гүленге қазіргі биліктің көзақарасы дұрыс, Премьер-министр де, министрлер де дұрыс қарайды. Біз оларды бұрыннан танимыз. Билікте – Үкіметте шәкірттеріміз жоқ. Ал мемлекеттік қызметтте бар. Біз шәкірттерімізді билікке дайындау мақсатын ойламаймыз, ол жақсы адам болса, еліне адал қызмет етсе дейміз. Жүрегі таза, Алланың алдында адал болсын. Кісінің ақысын жемей, адал, түзу жүрсін, халқына еңбек етсін. Біз сондай адам тәрбиелесек, онда мақсатымызға жеткеніміз. Біз Қазақстанда болғанда «шәкірттеріңіз кім болады?» деген сұрақты жиі естиміз. Бізде әлгі айтқаннан басқа мақсат жоқ. Олар халқына, еліне адал еңбек етсе, сонда біз оларды мақтан етеміз. Құдай алдында сауап болады деп деп үміттенеміз. Біздің басқалай бөтен ойымыз жоқ. Ал шәкірттеріміз мемлекетті басқаруға сайлау арқылы өтсе, оған біздің қатысымыз қанша?

Осы арада әңгімеге жазушы Нұрдәулет Ақыш араласып былай деді: «Менің кіші қызым қазақ-түрік лицейінде оқыды. Олар балаларды инабатты етіп, Құран Кәрім, шариғат жолымен тәрбиелейді. Шәкірттері саясатқа аралассын деген мақсат қоймайды. Ұстаздық, адалдыққа тәрбие, қоғамды тәрбиелеу олардың басты мақсаты екеніне көзім жетті. Қазір қазақ-түрік мектеп-лицейлерінде бір орынға 10-20 бала құжат тапсырады, ең үздіктері оқуға түседі, өйткені, онда білім беру сапасы жоғары. Ұстаздарын «абыла» дейді, олар өте инабатты, кішіпейіл адамдар, мінездері жібектей. Қазіргі Түркия өз елін біліммен, парасатпен өркендетуді қолға алған. Біз лицей ұстаздарының жастар тәрбиесіндегі қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз, өрлеп, дами берсін.

Жастарға мұсылмандық, имандылық пен инабаттылық туралы сөз болғанда Юсуп мырзаның Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысып, зауытты басқарып жүргенде өзінің куә болған мына бір әңгімесі ойға орала береді. «Бірде зауыт ішінде келе жатсам бір жігіт өзіне қарсы келе жатқан қызға қолын жүгіртіп, әбес қылық көрсетті, - деді ол. - Мен оларды тоқтатып «бір-біріңді танисыңдар ма?» деп сұрадым, танымайды екен. Сонда мен жігітке «әйеліңе, не анаңа, не қарындасыңа біреу солай істесе, сен жақсы көрер ме едің?» деп сұрадым… Содан бухгалтерді шақырып алып, әлгі жігітті сол бойда жұмыстан шығартып жібердім». Байқаған адамға бұл үлкен тәрбие. Өйткені, қызды құрметтеген ата салтымыздан айырылып кеткендер үшін, батыстың бейбастақ қылықтарына бой үйреткендер үшін мұндай батыл шара да керек екеніне ешкім таласа алмас.

Юсуп мырза Қазақстанда ұзақ жылдар бойы жұмыс істегендіктен оның әр сөзінен біздің елімізге деген ілтипат, туысқандық ықылас анық байқалып тұрды. «Мен Алматыда, Жамбылда, Шымкентте, Түркістанда болдым. Балаларымыз арасында достық қатынас орнауда. Осы жас ұрпақтың арқасында байланысымыз жақсаруда. Біз бабалар арманына енді қол жеткіздік. Мен бірде 1991 жылы Қазақстанда Алматыдағы халық жиналған орталық алаңға келсем, - дейді ол,- егемен Қазақстанның көк байрағы бірінші рет көтерілгелі жатыр екен. Сонда мен туға қарап көзіне жас алып тұрған қазақтарды көп көрдім. Тәуелсіздік туының желбірегені талай ұрпақтың арманы екенін жүрегіммен сезіндім. Осы тебірертер сәтті сол бойда бейнекамераға да түсіріп алғанмын».

ТҮРІК БАЙРАҒЫ НЕГЕ ҚЫЗЫЛ?

Біздің бала кезімізден әрқайсымызда, жалпы, Шығыс елдерінің байрақтары негізінен көк, жасыл, сары түстес бояумен өрнектелетіндігі жөнінде түсінік қалыптасқан. Ал, пәленбай жылдық тарихы бар түрік елінің жалауы не себепті шымқай қызыл түсті? Мұның да мәні бар.

Түркі тарихында Мұстафа Кемалдың алар орны ерекше. ХХ ғасырдың алғашқы 30 жылдығындағы Түркияның өсіп-өркендеу кезеңіндегі тағдыр-талайы осы кісінің есімімен тікелей байланысты. 1915-20 жылдар аралығындағы түрік билігіндегі тайталас, ескі мен жаңаның арасындағы бітіспес күрес Мұстафа Кемал секілді ұлы тұлғаны тарих сахнасына шығарды. Кейін Ататүрік атанған бұл кісі Түркияның өркениет жолымен өркендеуіне, саясаттағы, экономикадағы, руханияттағы іріп-шіріген ескілікті қатынасты түбірімен жоюға бас болып, осы жолда бүгінгі тілмен айтқанда көп векторлы саясат ұстанды. Енді осының мәніне үңілейік.

1919 жылдың 4-11 қыркүйегінде атақты бүкілтүріктік Сивасс конгресі шақырылып, онда Өкілетті комитет құрылды. Бұл былайынша айтқанда Түркияның тұңғыш уақытша үкіметі еді. Ал оның төрағасы Мұстафа Кемал болды. Бірақ бұл жағдай сырт көз оккупантшы елдерді де, солардың мүддесіне сай қызмет етіп отырған Сұлтан Мехмед VІ-шының ашу-ызасын тудырды. Сөйтіп, ол жас кемалистерді басуға әскер жібереді. Алайда, олар кемалдықтардың жағына шығып кетеді.

1919 жылы 27 желтоқсанда Мұстафа Кемалды Анкара халқы зор қуанышпен қарсы алады. Ал 1920 жылдың қаңтарында Ыстамбұлда жаңадан Парламент құрылып, Түркияның тәуелсіздігі жарияланады. Мұның бәрі, әрине, ағылшын үкіметінің ашу-ызасын тудырмай қоймады. Сөйтіп, осы жылдың 16-мартында британдықтар түрік астанасына басып кіріп, Парламентті тарқатып жіберді. Жүз елуден аса саяси қайраткерлер тұтқындалып, жер аударылды. Ал Мұстафа Кемалдың өзі сұлтанның бұйрығы бойынша бүкіл әскери шенінен, марапаттарынан айырылып, өлім жазасына кесілді.

Алайда, ұлт үшін дара туған дарынды қолбасшы, кемеңгер, қайраткер Мұстафа Кемал 1920 жылы 23 сәуірде Анкара қаласында Түркияның ұлы ұлттық жиналысын құрып, сонда сөз сөйледі. Осы Парламенттің төрағасы болып та Мұстафа Кемал сайланды, сөйтіп елде қос өкімет орнады. Міне, осындай жағдайда сұңғыла саясаткер Ататүрік Германиямен және Советтік Ресеймен шұғыл байланыс орнатты.

Тәжірибелі неміс офицерлері түрік армиясына әскери машықтану ісінен көмек көрсетті. Ал Советтік Ресей болса сол кездердің өзінде үлкен ақша саналатын он миллион теңге көлемінде қаржы берді. Ал бірқатар орыстың әскери қолбасшылары Түркияға келіп мұндағы, ұрыс алаңдарындағы стратегиялық мақсаттардың айқындалуы жолында нақты жәрдем берді. Тарихшылардың айтуына қарағанда Ресейдің осы бір қолжәрдеміне Мұстафа Кемал ризашылығын білдіріп, өз елінің мемлекеттік туының түсін КСРО-ның туы түстес етіп белгіледі. Олардан бір айырмашылығы байрақта орақ пен балға емес, ислам символы - жарты ай бейнеленді. Бұл да болса ел басшысының көрегендігі еді. Ол өзінің бір қанаты мұсылман әлемімен тікелей байланысты екендігін ешқашан естен шығарған жоқ!

Бір ғасырға жуық уақыт бойындағы түрік елінің тағдырындағы талайлы белестерде асқақтай көтерілген осы ал қызыл ту түріктерді отаншылдық пен патриотизмге тәрбиелеуде айрықша роль атқарып келеді. Түркияның қай қаласына барсаңыз да түріктердің желбіреп тұрған Ай-жұлдызды қызыл туын жиі байқайсыз. Бұл сол елдің рухын асқақтатын да, арқаландыратын да айбыны іспетті. Әсіресе, Ыстамбұлдың ең биік көрнекті жеріндегі асау желмен арпалысып тулаған алып туды көрсеңіз! Шіркін, бізде, Астана мен Алматыда осындай алып ту ілінсе ғой деген ой жылт ете түсті.

Сол ойымызды тап басқандай, жақында Елордада болған Астана Күні мерекесінде осындай алып Ту көкке көтерілген кезде кеудесін қуаныш кернемеген қазақ жоқ шығар! Тұғырда биіктігі 111 метр жалаусапта көлемі 15х30 метр келетін еліміздің ең үлкен Туы рухыңды көтеріп, «Менің елім» деген мақтаныш сезімін ұялатады. Елдің елдігін жалпақ әлемге паш етіп тұратын Туымыз биіктей түссін!

БАҚ- ТЫҢ БАҒЫ МЕН БАБЫ – БІЛІКТІ БАСҚАРУДА

Ыстамбұлға қайта оралғасын Түркия Жазушылар мен журналистер қауымдастығында кездесу болды. Жазушылар мен журналистер қауымдастығының президенті Мұстафа Ешил, Қауымдастықтың төрағасы, «Диалог Еуразия» Платформасының тең төрағасы (Платформаның тағы бір төрағасы Қазақстан Жазушылар одағы төралқасының басшысы Нұрлан Оразалин), жазушы әрі ақын Харун Токак, Платформаның хатшысы Исмайл Тас, «Саманйолы» («Құс жолы») телеарнасының басшысы Иллаз Дүрак және тағы басқа түрік ақын-жазушылары қатысты. Аталған Платформа аясында түрік-қазақ қаламгерлері арасындағы байланысты нығайту мәселелері сөз болды. Қазақ жазушыларының кітаптарын түрік тіліне аудару жөнінде келелі әңгіме қозғалды. Бұл орайда атқарылып жатқан істер бар екені қуантады, бірақ ұлы Абайдың, Мұхтар Әуезовтің шығармаларын түрік оқырмандарына таныстыру қажеттігі айрықша айтылды. Түрік әріптестер өз сөздерінде Гүлен шығармаларында айтылатын идеялар Абай мен Мұхтардың идеяларына сәйкес келеді, олардың айтар ойлары ортақ, бәрі бір тілде сөйлеген деген тұжырым жасады.

Осы бас қосуда «Қазақ газеттері» ЖШС атынан сөз алып, ойымызды білдірдік:

- Сіздер «Диалог Еуразия» Платформасы туралы айттыңыздар. Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары арасында көп мемлекеттерге қарағанда тығыз байланыс орнаған. 90-шы жылдардың бас кезінде «Заман Қазақстан» газеті бізде шыға бастады. Осы жолы Ыстамбұлдағы «Заман» газетінің редакциясында боламыз. Өйткені, бұл біздің мамандығымызға қатысты маңызды мәселенің бірі. Осы басқосуға «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты «Ана тілі» газетінің бас редакторы да қатысуда. Тәжірибе алмасу, осында бар тәжірибені бізге, біздегі барды сіздерге жалғастыру өте құнды нәрсе. Бұл үрдіске, «Заман Қазақстан» газетімен қатар біздің елімізде шығатын «da Қазақстан» журналы да үлес қосады деп ойлаймыз. Оның бас редакторы Мәлік Отарбаев мырза біздің делегацияны бастап келіп отыр. Біз Алматыда аталған басылымдардың ұйымдастырған бірнеше дөңгелек үстелдеріне қатыстық. Оның зиялы қауымға пайдалы жақтары көп болды деп ойлаймын. Алдағы уақытта осындай үрдіс жалғаса беретіні анық. Ал біздегі «Қазақ газеттеріне» қарайтын басылымдар қазақ оқырмандарына арналғанымен, ондағы басылымдар үш тілде – қазақ, орыс және түркінің бір тармағы ұйғыр тілдерінде шығады. Мұның бәрі ортақ мәселеде үйлесімділікке жеткізер жол деп білеміз.

Біздің осы сапарымызға орай екінші мәселеге тоқталайын. Гүлен ақсақал идеясы қалай жүзеге асырылып жатыр, міне, соны көзбен көрудеміз. Қазақстанда ашылған 28 мектеп-лицейдің түпкі негізінде не жатыр деген мәселені ұғындық, осындай адами құндылықтардың әсерін көзбен көріп, терең сезіндік. Қазіргі жаһандану заманында адамдар арасындағы психологиялық тайталасу күрт өскен. Менің ойымша, Гүленнің негізгі идеясы құнды. Кезінде Маркс, Энгельс, Ленин шығармаларын оқыдық. Ленин өзінің шығармаларында Гегельді, Плехановты сынайтын тұстары аз емес екені белгілі. Тәуелсіздік жылдары Плехановты, Гегельді, Конфуцийді сан қырынан таныдық. Ал Гүленнің шығармаларын Мәлік Отарбаев бауырымыз «Баян» деген атпен қазақ тіліне аударды. Біз Фетхуллаһ Гүленнің идеясымен, шығармашылығымен қазақ және орыс тілдерінде әр жылдары шыққан кітаптары арқылы жақсы таныспыз дей аламыз. Бұл сапар кітаптан алған әсерді, ойларымызды толықтыра түскені анық.

Екі ел арасындағы саясат осындай халықтық дипломатиямен жалғасады. Гүлен бастамасы – халықтық дипломатияның бір көрінісі. Бұл бірі-бірімен тығыз байланысты. Осындай дәнекер болғанына мен өзім басым қуаныштымын. Мен тоқсаныншы жылдар ішінде республикалық «Халық кеңесі» газетінде бас редактор болғанымда Тұрғыт Өзалмен де, Демирелмен де кездесіп, сөйлестім. Алла қаласа Гүленмен де жүздесіп қалармыз. Үлкен саясатта айтылар әңгіме бір басқа да, мына халықтық дипломатияда айтылар мәселе бір басқа. Себебі, жаһан жүрегін баураған сәулелі ойдың шуағы ізгі ниетті әрбір жан иесін баурайтыны сөзсіз. «Диалог Еуразия» Платформасы Қазақстан мен Түркия арасында рухани құндылықтарды жалғауда, қаламгер арасындағы байланысты жақсартуда игі істерді қолға алған, енді оның жақсы жалғасын табуын тілейміз.

«Саманйолы» («Құс жолы») телеарнасында болғанымызда түрік журналистерінің телехабарларды тарату тәжірибесімен таныстық. Мұнда алты арна жұмыс істейді екен. Арамыздағы атақты тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы мен белгілі киногер Доқтырхан Тұрлыбек өз әріптестеріне техникалық мүмкіндіктерге байланысты сұрақты түйдектетіп қойып алды. «Нұреке, бізден қалай екен?» дейміз телеарна жұмысын жөнді білмейтін қалғандарымыз. «Жақсы, мына бір тұсы бізден артық емес, ал мына әдістері мен техникалық мүмкіндіктері жоғары» деп қысқа жауап қайырды. Тікелей хабар жазатын студияға түрік әріптесімен жайғасып отырып алған Нұрекең «Қолтаңбаны» бастап кетуге шақ қалғандай әсерде болдық. Жалпы алғанда, «Саманйолы» телеарнасы ақиқатты айтатын Түркиядағы ең беделді арналардың бірі екен.

1990-шы жылдардың бас кезінде «Заман-Қазақстан» газетін шыққаны белгілі. Ал оның Түркиядағы бас мекемесі – «Заман» газетіне бардық. Онда «Жиһан» хабар агенттігінің бас директоры Абдулхамид Биллиджин қазақстандық қонақтарды жылы шыраймен қарсы алды. Айта кетелік, «Заман» газеті 850 мың данамен күн сайын шығады. 13 мемлекетте тілшісі бар, төрт тілге аударылады. Басылымның безендірілуі, материалдардың қамтылуы жоғары деңгейде.

Осы орайда Абдулхамид Биллиджин мырзаның біздердің қойған сауалдарымызға берген жауабын қамтитын қысқаша сөзін келтіре кеткен жөн:

«Газет жарнамадан, газетті сатудан түскен қаражатқа шығады. Саясат туралы қанша пікір айтылса, сонша пікірді жазамыз. Бір проблемаға әртүрлі көзқарас беріледі. Газетті шығару технологиясы жоғары, оның ең соңғы үлгілері қолданылады.. Маман кадрларымыз шетінен білікті, тәжірибелі. Түркияда газетті басып шығаратын 5 орталық баспахана бар.

Баспасөзде адалдықты ұстанамыз. Басқа газеттер жалған сөйлесе, оны сынай отырып өзімізде мақала жариялауды міндет санаймыз. Әрі ондай мақалаларды жинап кітап етіп шығару тәжірибесі жолға қойылған. Менеджмент жоғары деңгейде дамыған.

Біздің басылым баспасөзге жазылу бойынша Түркияда бірінші орын алады – 1 миллионға жуық оқырман бар. Газет алдымен қалаларға жеткізіледі, онда өзіміздің газет тарататын фирмалар бар. Фирмалар баспасөзге жазылуды ұйымдастырады. Газетті оқырманға жеткізу, олармен кездесу, пікірлесу жақсы жолға қойылған. Оқырмандар да газетке жазылуға көмектеседі. Өзі ғана оқып қоймайды, басқалардың оған жазылуына қолұшын береді. Баспасөзге жазылу ешкімге міндет болмаса да азаматтарымыз саналы түрде елі үшін осындай игі істерді атқарады. Басшылар, біздер, бәріміз болып газеттің беделін көтеру үшін оның басы-қасында жүреміз. Аудандарға шығамыз, тұрғындармен кездесеміз. Біздің газет Түркияның бұқаралық ақпарат құралдары арасында бірнеше мәрте бірінші орын алды. Ең мықты журналистер бізде десем артық айтқаным емес. Штаттан тыс авторларымыз бар. Белгілі бір тақырыпқа орай тапсырыспен жаздыртатын авторлар да болады. Оларға қаламақы береміз. Халықтық мәселе жазатын журналистер бар.

Біздің газеттің көптеген елде меншікті тілшілері жұмыс істейді.

Жарнама, өзімізді насихаттау қалыптасқан. Газетімізде халқымыз туралы, елдегі экономикалық жағдай, демократиялық жүйе, адамдардың үлгілі болуы және т.б. тақырыптар жазылады. Адамдардың жүріс-тұрысына, білім деңгейіне, тұрмысына қарай мемлекеттің қандай екенін білесіз. Мемлекетті басқару жүйесі, демократиялық жүйе, мәдениет, халықтың тұрмысы қай елде болсын ерекше рөл атқарады.

Бір айта кететін жәйт, әлемдік медиада, зиялы қауымда шыдамсыздық та бар, егемендік алғанына 20-30 жыл болған елді Германия, Швеция, Швейцария деңгейінен көргісі келеді, не ондай елдер бірден сондай болғысы келеді. Оған уақыт керек. Дамыған елдердің шыдамсыздығы сонда жатыр.

Түркі тілдес халықтар арасында байланыс орнату өте маңызды. Әр елде ашылған лицейлердің орны ерекше. Мен Қазақстанға барғанда ондағы оқитын оқушыларға қызыға қараймын. Олар көп тілді үйренеді, тіл арқылы мәдениетті үйренеді. Төрт тілді (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) меңгерген. Өскелең ұрпақ арасында түркі тілдес халықтар достығын, қарым-қатынасын жақсартуға журналистер үлес қосады. БАҚ-тар арасындағы байланысты нығайту аса маңызды мәселе. Бұл үшін қалам иелері ізгі ниетпен жұмыс істеу керек. Кейде қателіктер болса, оны да ізгі ниетпен жазу керек.

Бізде дос шындығын айтады деген сөз бар. Өнер, спорт саласында көптеген жұмыстар күтіп тұр.

Гүлен ақсақал Түркия мақтанышы. Әрине, жалпы түрік мектептері, «Заман» корпорациясы және диалог мекемелері Гүлен пікірлерін жақсы білу керек. Ол кісінің пікірлері, жаңаша пікірлері, көшбасшылығы маңызды орын алады, оның бейбітшілік идеясын ұсынуы өз жемісін беруде, бұрын бізге жау болып көрінген Ресейде ашылған мектептерде қазір орыс пен түрік балалары бірге оқиды. Түркі әлемінде көптеген игі іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Гүлен - біздің «Заман» газетіміздің бас жазушысы. Оның мақаласы әр жұма сайын шығып тұрады. Ол корпорацияны басқаруға қатыспайды, әрі құрылтайшылар арасында оның есімі де жоқ. Бірақ корпорация басшылығы, ұжым оған зор құрметпен қарайды».

ЫСТАМБҰЛДА «ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» ҚОЙЫЛАДЫ

…Біз осы сапарда екі ел арасындағы достық қатынастың жақсы жолға қойылғанына талай мәрте көз жеткіздік. Ыстамбұлдың қақ ортасындағы қазақ-түрік мәдениет қауымдастығы орналасқан ғимараттың ауласындағы көгалда қазақтың киіз үйі тұр. Қасындағы бір қабатты ғимараттың үстінде Қазақстанның желбіреген Туы да көзге оттай басылды. Қауымдастыққа түрік азаматы, біздің елімізде, дәлірек айтсақ, Жамбыл облысында түрік лицейінде біраз жыл ұстаздық етіп келген Мәуліт Өзкиши басшылық етеді. Өзі қазақша сайрап тұр, бізді алдымен әсем безендірілген киіз үйге бастап, ондағы қауымдастық жұмысымен таныстырды, одан кейін әсем ғимаратқа келдік. Қазақ елінің мәдениетін насихаттауда көп жұмыстар істелген, мұнда қазақ тілін оқыту курсы ұйымдастырылуда. Сондай-ақ Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін сахналауға дайындық басталыпты. «Қазақ шайсыз, машина майсыз жүре алмайды» деп әзілдеген Мәуліт бізді кәдімгі шайға шақырды. Дастархан басында да қазақы қалжың араласқан көңілге қонымды әңгіме өрбіді.

Осы сапарда Қазақстандағы түрік лицейлеріне қаржылай көмек көрсетіп келе жатқан түрік кәсіпкерлерінің «Ивилд» қауымдастығындағы және Фатих университетіндегі кездесулері де өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Біз қайда барсақ та түріктер жылышыраймен қарсы алды, өздерінің қазақты бауыр тұтатыны көзқарастарынан, сөйлеген сөздерінен, іштарта сөйлеуінен айқын аңғарылып тұрды. Кей жерде тілмәшсіз-ақ бір-бірімізді түсіністік. Біздің жігіттер «енді бірер апта болсақ, түрікше сайрап кетуіміз мүмкін-ау» деп әзілдеп қояды. Біздің делегацияны бастап жүрген Салих Ақчай, Мәлік Отарбаев, Мәуліт Өзкиши кезектесіп аударма жасайды. Мәлік ініміздің түрікше өте жақсы сөйлейтінен болса керек, бір кездесуде түріктердің өзі оны түрік екен депті, ол қазақпын дегенде таңқалғандарын көрдік. Ал Салих пен Мәуліт қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрін, тарихын, әдебиетін жақсы білетіндіктерін көрсетті. Журналистердің уытты тілі мен өткір қалжыңдарынан олар табан астында сөз тауып, сытылып кетіп отырды. Қазақстандағы түрік лицейінің алғашқы түлектерінің бірі Мәлік Отарбаев өзінің білімділігімен, біліктілігімен бізді де, түріктерді де тәнті етті. Әріптесіміз Нұрдәулет Ақыш айтқандай, жас ұрпаққа білімді ғана емес, инабаттылық тәрбиені қоса берудің маңызы ерекше екенін осы бауырымыздан-ақ байқауға болады.

Жұмабек КЕНЖАЛИН,
Самат ИБРАИМ.
Алматы – Ыстамбұл – Измир – Ыстамбұл – Алматы

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.