ГҮЛЕН ГУМАНИЗМІ

Кешегі кеңес тұсында идеологиялық режимнің тар шеңберінде құрсалған қазақтық ой-пікірдің еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жан-жақты ізденіске түсіп, сырт елдердің (оның ішінде түрк тектес мемлекет-тердің) саяси-экономикалық, қоғамдық және мәдени дамуының өрісін байқастап зерттеуі – табиғи құбылыс. Сол арқылы қазақтардың да ой-пікірі өсіп, әлемдік дамудың сырларын түсінуге мүмкіндік алды. Пайдалысын тәуелсіздіктің игі мақсаты үшін жұмсауға жетті. Осындай рухани құндылықтардың ішінде көрнекті түрік ойшылы, ақын-жазушы, дінтанушы ғалым Фетхуллаһ Гүлен шығармалары елеулі орын алады.

Ф.Гүлен есімі қазір әлем халықтарының көбіне таныс. Ол дүниежүзілік дамудың мүмкіндіктерін пайдалану жайындағы жаңа идеяларымен көпке танылды және ірі қоғам қайраткері ретінде мойындалды. Өткен жылы Американың «Foreign policy» журналы әлемдегі ең танымал интеллектуал ретінде Фетхуллаһ Гүлен есімін бірінші атады. 2004 жылы

«Руханият» Ассоциациясы оған «Халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісім» үшін сыйлығын берді.

«Халықтар арасында тәуелсіздік пен төзімділік идеясын насихаттағаны» үшін ол ЮНЕСКО-ның жүлдесіне ие болды. Түркияда құрылған халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасы, оның органы «da Қазақстан» журналы Ф.Гүлен идеясын әлемдік көлемде насихаттауға және таратуда үлкен жұмыс жүргізіп отыр. Осының арқасында Ф.Гүлен идеясы халықаралық азаматтық қозғалысқа айналды. Ф.Гүленнің қазірдің өзінде алпыс бес кітабы, жеті мыңнан астам мақалалары көптеген халықтар тілдеріне аударылып тарады. Соның ішінде қазақ тілінде «Баян», «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар», «Иман аясында», «Ақырет ақиқатына сенім», «Ғасыр тудырған күмәндар» (екі том) т.б. еңбектері жарық көрді. Оның өлеңдеріне жүзден аса музыка шығарылып, альбомдар басылған. Осылардың өзі-ақ қоғамдық дамуды дүниежүзілік көлемде жаңарту идеясын таратып жүрген қайраткер ғалымның әлем халықтары алдындағы орасан еңбегін айқын танытады.  

Ф.Гүлен – ірі дінтанушы ғалым. Оның жаңа идеялары, негізінен, Ислам діні уағыздарына, оның бас кітабы – Құранға сүйеніп айтылған. Сол арқылы ол әлем халықтары арасында мұсылмандықты насихаттап, оның адамды құрмет тұтатын, бейбітшілік сүйгіш саясатын жақтайтын, адамдық жақсы мінез-құлық көріністерін мақтан тұтатын ойларын алға ұстайды, дамудың жаңа жағдайында оларды жаңартып ұсынады. Әрине, мұсылмандық ой-пікірлер негізінде туған Ф.Гүленнің жаңа көзқарасын толық талдау, сараптау менің міндетім емес, әрі оған менің шамам да жетпейді. Менің мамандығым да басқа. Сондықтан Ф.Гүленнің жалпы адамзат қоғамына пайдалы деген кейбір ойлары жайындағы өз түсінігімді білдірсем, жетер деген ойдамын.

Ең алдымен, Ф.Гүлен – қазіргі әртүрлі көзқарасқа құрылған, бірін-бірі тыңдамай, халықаралық жағ-
дайды шиеленістіріп отырған қоғам тіршілігіне наразылығын ашық білдіруші. Ол адамдарды төзімді болуға, кешірімділікке, қақтығыстарды болдырмауға шақырады, терроризмді айыптайды. Оның ұғымындағы әлем бірлікке, ынтымаққа, сүйіспеншілікке, бірін-бірі түсінуге негізделген қоғам болуға тиіс. Талас-тартыс кезінде тек менің айтқаным ғана дұрыс деп қасарыспай, ортақ келісімге жол табуға тырысу керек.

«Адам болудың ең басты шарттарының бірі барлық тіршілік атаулыға мейірімділік таныту болып табылады. Мейірімділік пен жанашырлық адамға ерекше шабыт сыйлайды».

«Кешірімділік те ең ұлы құндылық. Кешірімге ие болу – пәнденің тәубасына келіп, іштей тазаруға, бастапқы болмыс бітіміне қайта оралуға тырысуы».

«Зұлымдық пен кекшілдік жер бетін талан-тараж алаңына айналдырды. Біз кімде кім тауқыметке ұшырап, сол  үшін құрдымға кететін болса, онда оларға ең алдымен мейірімділік пен кешірімділік танытуымыз қажет».

«Әлемді өзгертемін дегендер, ең алдымен, өзін өзгерткені абзал, яғни ішкі жан дүниесін түрлі кесір мінезден, кекшілдіктен, өзімшілдіктен арылтып, игі қасиеттермен безендіруі керек».

«Диалог негізі» деген мақаласында Ф.Гүлен осылай дейді.

Ф.Гүлен әлемдегі әлеуметтік аурулардың бастылары деп негізгі үшеуін атап көрсетеді: «Олар – кедейлік, надандық, және талас-тартыс кезінде өзімдікі дұрыс дейтін сыңаржақтық». Күштеуді әрқашан жоққа шығарады. «Ислам терроризмді жақтамайды және кез келген террорлық қызметті айыптайды», – дейді ол «Foreign policy» журналына берген сұхбатында. – «Шын мұсылман терроршы болмайтынын, ал терроршы мұсылман еместігін мен ылғи айтып жүрмін. Терроризм – ең ауыр қылмыс. Террор жасаушыны тозақтың оты күйдіретіні Құранда айтылған. Мұндай мінездер мұсылмандардың ғылым мен технологиядан артта қалғанынан  туады. Ислам әлемі ішкі жікшілдіктен, демократияға қарсылықтан, адам  құқын бұзудан, бостандық идеясын сақтамаудан ылғи да зардап шегіп келеді».

Осы мақсатпен Ф.Гүлен елді біріктіретін, түсіністікке бастайтын шаралардың бәріне қолдау жасайды. Ол дінаралық байланыстарды жақсарту үшін тілге келу, келісу қажеттігін алға тартады. Ол үшін дін атаулыны сыйлау, бірін-бірі кеміту дегендерді жоққа шығаруды ұсынады. Бәріміздің құдайымыз – бір. Құдайға шын сену халықтарды біріктіруі керек дейді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев әртүрлі дін басшыларын жинап екі рет съезд өткізгенін ол шын ниетімен мақұлдады. Дін басшыларының екінші съезінен кейін ол «Казахстанская правда» газетіне сұхбат беріп, онда: «Бұл съезді ұйымдастырушы Нұрсұлтан Назарбаев біздің дәуірімізде адамзаттың ортақ игіліктері өскенін көрсетті. Қандай да болса, бірлесіп қызмет ету, өзара түсінісу екі жақтың диалогы арқылы шешілетінін дәлелдеді», – деді. Бұл жағдайлар дүниежүзілік шиеленіске жаны ауыратын үлкен ойшылдар мен қайраткерлердің осы мәселе жөніндегі үндестігін байқатады. Олар Батыс пен Шығыстың ғылыми жетістіктері негізінде бейбіт  жаңа қоғам құру қажеттігін көрсетеді. Әлемнің материалдық және рухани тіршілігін бірлесе пайдалануды, адамға қызмет ететін құндылықтар мен мәдениет тудыруды жақтайды. Халықтың рухани-әлеуметтік өмірі мен интелектуалдық өсу деңгейін үздіксіз жаңартып отыруды қолдайды.

Гуманист Гүленнің «Әлем тұтастай алғанда материалдық қиындық көріп отырған жоқ. Осындай жағдайда миллиондаған халықтың аштан қырылуы көңілге қонбайды. Әділетсіздіктен талан-таражға түсіп отырған материалдық игіліктер, қайырымдылық қорлары шын мұқтаж адамдарға берілуі керек» дейтін  де пікірі бар. Бұл идеяның іске асуы үшін ол қоғамның интеллектуалдық деңгейін көтеру, заңның, әділдіктің үстем болуы керектігін айтады. Оның ойы бойынша, заң елдің бәріне бірдей қызмет етуге тиіс. Мемлекеттің тұрақсыздығы мен күші басқарушылардың әділдігі мен ақылдығына байланысты. Мемлекет пен үкімет халық сеніміне әдеттегі чиновниктер сияқты емес, адалдықпен, шыншылдықпен, тазалықпен қарауы керек. Қоғамның ілгері басуына интеллект үнемі көмектесе бермейді. Қоғамды жікке бөлетін көзқарас ұлтты жоюға бастайды. Атаққұмарлық, көзге түсуге тырысушылық адам жүрегін жаралайды, рухты әлсіретеді.

Ф.Гүлен өзі – қарапайым, кішіпейіл адам. «Мен ешқашан таңдаулылардың қатарында болуға, біреулер сияқты көрнекті орында көрінуге тырысқан емеспін. Мен – құдайдың қарапайым құлымын, адамзат қоғамының кішкентай ғана мүшесімін. Құранда «адам құдайды танып, оған қызмет ету үшін жаратылған» делінген. Құдайға қызмет етудің бір жолы – қан төкпей-ақ, күштеу қолданбай-ақ дүниені жөндеу, жаңарту», – дейді. Сондықтан да ол адами құндылықтарды дәріптеп, руханияттың байлығын өсіру үшін күресуде.

Әлемде осындай көзқарастың үстем болуы үшін жаңа ұрпақ тәрбиелеу мәселесі – Ф.Гүленнің көтеріп жүрген проблемаларының елеулісі. Ол қоғамның үздіксіз жаңарып отыруы жас буынның келешегімен байланысты деп есептейді. Ол үшін қоғамның интеллектуалдық деңгейін көтере беру, білім беру саласын жетілдіру, гуманизациялау керек. Ф.Гүлен мектептері мен оқу орындары осы жүйедегі бағдарламалармен жұмыс істейді. Тәрбие сабақтары сонымен бірге баспа ұйымдары, баспасөз, телеарна, радио бағдарламалары арқылы жүргізіледі. Жеке меншік оқу орындарында оқитын тұрмысы төмен отбасылар балалары үшін шәкірт ақы тағайындау шаралары жүзеге асады. Ол үшін Ф.Гүленнің басшылығымен «Жазушылар мен Журналистер Қауымдастығы» құрылған.

Ф.Гүлен жастарға жаңа білім беру мен тәрбиені дәстүрлі құндылықтармен тығыз байланыста жүргізу керек деп есептейді. «Тарихтан түбегейлі қол үзудің өзіндік қатерлері бар. Дәстүрлі құндылықтардан қол үзген жастардың тәрбиесіне материалдық табыстан өзге барлық құндылықтардан алшақтау қаупі төнеді. Идея мен сезімдердің тереңдігін, ойдың айқындығы тәрізді материалдық құндылықтар, мәдениет немесе руханилықтың қабілетін бағалау, көбінесе қазіргі заманның оқу орындарында ескерілмейді. Олардың білім беру әдіс-тәсілдері жаһанда нарықтық жүйе үшін жаппай функционалистерді тәрбиелеп шығаруға ғана негізделген», – дейді ол.

Ғалымның айтуынша, мұндай студенттер жұмыс тауып кеткенмен, шынайы адами еркіндікке жету жолында рухани тұрғыдан толық қалыптаспаған жан болып шығады. Үйретілген, бірақ білімсіз адамдармен жұмыс істеу оңай. Білімсіздік әділдіктен тайып кетуге жол береді және адам құқын мойындауға да, басқаларға түсіністікпен қарауға да кедергі жасайды. Әлеуметтік әділдікке жету үшін, ең алдымен, жан-жақты білім керек. Білімді адам ойлап істейді, қоғамдық әділдікті, адам құқын және толеранттықты ұстанады.

Білім алудың жаңа жүйесін қабылдау ұсынысын бере отырып, Ф.Гүлен «Жандары діни нұр мен рухани тазалыққа бөленген, санасы жаратылыстану ғылымын сіңірген, көкірек көзі ашық адамдарды тәрбиелеу» идеясын көтереді. Ол білімде руханилық пен адамдықтың бірігуін қалайды. Сонымен бірге адами және рухани құндылықтар өз уақытының қоғамдық талаптарына сай болуы керек деп санайды.

Ф.Гүленнің еңбектерінде білімге қатысты кейбір ұғымдар мен терминдер үнемі қайталанып отырады. Оның біріншісі – руханилық пен рухани құндылықтар. Бұл терминдерді ол кең мағынада қолданады. Руханилыққа діни оқулармен қатар этика, логика, психологиялық саулық пен эмоциалды ашық-жарқындықты қосады.

Екінші бір жиі кездесетін термин – мейірімділік пен толеранттық сөзі. Бұл білім берудің мақсатын айқындауға қолданылады. Онда оқушылар бойына «бұлжымайтын қасиеттерді» дарыту көзделеді.

Тағы да бір жиі қолданылатын термин қатарына «Мәдени және дәстүрлі құндылықтар қажеттігі» туралы ұғым кіреді. Бұған берген түсінігінде Ф.Гүлен мұны «иртижа» мағынасында («ескішіл», «фундаменталист» мағынасында) түсінудің қателігін ескертеді. «Менің мақсатым – ертеңгі күнге ғана емес, мәңгілікке арналған. Елімнің болашағын ойлайтындықтан, ол үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға бармын. Мен өз жұмыстарымда, сөздерімде, жасаған істерімде кертартпалыққа ешқашан шақырған  да, жол берген де емеспін. Бірақ Аллаға деген сенімді, құлшылықты, рухани құндылықтар мен басқа да адам табиғатына тән уақытша шектеулерге бағынбайтын нәрселерді «иртижа» деп ешкім де атай алмайды», – дейді. Мәдени және дәстүрлі құндылықтар ретінде Түркияда ғасырлар бойы жиналған мол даналықтың қазынасын  атайды.

Өз ойын Ф.Гүлен: «Білімге талпынып, алған білімі арқылы басқаларға пайда тигізсе, шынайы адам – сол. Білім алуға талапсыз пендені адам қатарына қосудың өзі қиын. Егер білімді адам өзін-өзі әрқашан жетілдіріп, жаңартып отырмаса, басқаларға үлгі көрсете алмаса, онда ол адам деген атқа лайық бола алмайды», – деп қорытады.

Ф.Гүлен еңбектерінде адамның рухани толысуына ықпал ететін категориялар ішінде әдебиет, өнер, тіл, ой, сұлулық пен әйел табиғаты, жүрек пен рух сияқты ұғымдар мен түсініктер кең орын алады. Оларды автор «жаратушы мен жаратылыстың арасында үйлесім таба қатысып жататын сырлы қарым-қатынасқа» балайды. «Баян» деген образға «Әлем кітабының және Шариғат фытрийенің (күллі әлем тәртібін сақтап, белгілі бір режимде әрекет еткізіп отырған Алланың заңы) мәні мен рухы, болмысы мен тынысы, түр-түсі мен реңі, өрнегі мен бейнесі», «мән-мағыналардың ғана түсініктемесі, сөздердің ғана дыбысы және белгілі мақсат-мұраттардың ғана сөз қалыбы емес, ол – ойымыздың айшықталар тілі, сезімдеріміздің тербейтін әуезі, жүрегіміздің жалындар қайраты, Алламен арадағы сұхбаттастық тілмашы, үмітіміздің келешекке қарай ұшырған алтын қанатты құсы», – деген ұғымды сыйдырады. Қанатты сөздермен, романтикалық сезім күйімен өрнектелген адам өміріндегі әдебиет пен тілдің, рухани күш беретін ұғымдардың түсінігі осылай анықталады.

Ф.Гүлен әдебиетті де, өнерді де, тілді де өзі күйттеген тәрбие мәселесімен тікелей байланыста қарайды. Сөйте отырып, олардың көркемдік сипаттарын жоққа шығармайды.

«Әдебиеттің мәні, негізінен, тәрбие, ізет, көркемдік арқылы нәзіктікке сүйеніп, бір қалыпқа жетуге саятын «әдеп» түбірінен тарайды» десе, оның тілмен қатынасын айқындап, «қай деңгейде болсын, бұл күнде баршамыздың қолданып жүрген асыл тіліміз – ұрпақтан ұрпаққа жетіп көкейімізде сақталып, баршамыз  мойындайтын, сөзден сурет салатын ақын мен прозаиктердің ортақ талпыныстарының жемісі», – дейді. «Тіл – мәдениеттің басты серіппесі мен негізгі қозғаушы күші. Ұлттың қауқар – әлеуеті және қуаты тіл мен ойдың қозғаушы күштерімен тепе-тең. Қоғам тіл мен ой-пікірге қаншалықты бай болса, соншалықты қабырғалы, әрі қайратты болып  саналады. Кісі өз ана тілін неғұрлым жақсы меңгеріп, басқалармен де еркін тіл табыса білсе, соғұрлым өз болмысы мен өмірінің мәнді өтуіне алғышарт жасай алады», – дейтін де бағалы пікірі бар.

«Сұлулық – көзіміз бен жан-жүйемізді жаулаған, рухымызда қуаныш пен келісім сезімдерін оятқан, содан жалғасып, әрі қарай ішкі дүниемізде әсемдікке айналып үлгерген және бізге суреттеп беруге оңайға соқпаған ең қызық дәуренді, балғын балауса сәттерді туғызып отырған мән, мағына, мазмұн және сурет сынды эстетикалық негіздер, не болмаса, осы негіздердің бір бөлігін тамашалатқан ішкі әлеует...»

«...Әрбір көркем бейне немесе зат – Хақ Алла Тағала нұр сипатының, сұлулығының айнасы және жаңғырығы».

«Сұлулықтарды сезініп ләззат алудың сиқырлы кілті – Иман».

«Ғашықтық – біртұтас, қайнаған тіршіліктің ортасындағы адам баласының «ішкі куәлігі...». Шын  мәніндегі ғашықтық – білтесі бітпейтін шырақ шамнан тұтатылған, жер мен көкті, шығыс пен батысты да асқан, заман мен мекеннен жоғары, сондай қасиетті бір жарық немесе қып-қызыл шоқ».

Ф.Гүленнің өз ұғымы мен түсінігін қысқа сөзбен қорытқан осы бір анықтамалар адам сезімі мен ой-күйінің негізгі шындығын дәл басады. Олардың адамды игі мінез-құлыққа, сезімталдық пен ойшылдыққа баулуда, тәрбиелеуде маңызы үлкендігі даусыз.

Ф.Гүленнің әйел туралы көзқарасы ерекше тоқтауды керек етеді. Мұсылман ортасында онша жоғары бағалана қоймайтын әйел туралы Ф.Гүлен аса құнды пікір айтады. «Әйел, әсіресе, анаға тән қасиетке ие әйел, аспан әлеміндей шексіздікке жетелейтін өте терең әлем және көңілінде жұлдыздар іспетті отты сезімдердің, ой-пікірлердің жалындап тұратын түйсік пен мейірімділік шуағы. ...Жан дүниесінің інжу-маржандары – сана-сезімі арқылы мәңгілікке қарай қанат жайған әйел бірде бір ұстаздың жеткізе алмаған ақиқаттарын үйретіп, рухани дүниемізді байытып отырады... Ол отбасында темірқазық іспетті үнемі бір орында айналып жүреді... Жан дүниесі жадыраған әйел – мейірімділіктің бейнесі, ал мейірімділік оның жаратылыс болмысынан туады. Егер осы асыл табиғат әртүрлі сұрқия күштердің батпағына былғанбаған болса, онда ол айналасына үнемі мейір-шапағатын төгіп, мейіріммен ойлайды, мейіріммен сөйлейді, мейіріммен елжірейді және өмір бойы жанында жүргендерге мейіріммен сүйсіне қарап, әрбір жанға шоқ-шоқ мейір гүл шапағаттарын сыйлайды... Нәзіктік пен шын адамгершілігін сақтап, әрқашан да мұң-қайғыға төзіп, сабыр сақтайды... Әрдайым сұлу жандарды ғана көріп, тек сұлулықпен ғана қоян-қолтық араласқысы келеді» деген сөздерге Ф.Гүлен өзінің бүкіл ойын сыйғызған. Бұл пікірлерде адам сүйетін, оларды бағалайтын  ұлы жүректің үні жатқанын көру қиын емес.

Осы айтылғандар Ф.Гүленнің өз заманының ойшылы және бүкіл жан дүниесімен адамзатқа тыныштық пен бақытты өмір тілейтін үлкен жүректі азаматтығын, гуманистігін айғақтайды. Ол жеке проблемаларды оңашаландырмай, солардың әлемдік дамуға ететін ықпалын тұтас күйінде зерттеуге ден қояды. Келешекке сенеді, сол сенімін іске асыру жолындағы қажымас қайраткер екендігін көрсетеді.

Ғалымның бүкіл гуманистік тұлғасы мен көзқарасы осы танымда жатыр.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.