ПАЙҒАМБАР – СӨЗ КӨСЕМI, ӘДЕБИЕТШI – СОНЫҢ КӨЛЕҢКЕСI

Сөз басында бiрден айта кететiн нәрсе, адамға баға беру оңай шаруа емес. Әсiресе, парасаттылық пен зияткерлiк тұрғысынан келгенде, ол тiптi күрделi. Өйткенi, бiр қалыпта сiресiп қатып қалған адам болмайды. Өмiр бойы белгiлi бiр әрекетте, қозғалыста жүрген адам өмiр бойы өзгерiске түсiп отырады. Әрине, уақыт тынысына қарай, қоғамның мiнезiне байланысты, өзi өмiр сүрiп отырған ортаның сұранысы мен талабы тұрғысынан... Жеме-жемге келгенде өзге тұрмақ, адам өзiн-өзi түбегейлi түсiнбейдi, жете бiлмейдi. Адам табиғаты сондай. Сондықтан бiреуге не жақсы, не жаман деп бiржақты баға беру қиын, әрi қисынсыз. Рас, бәзбiр адамдардың жақсы жақтарын, адами қасиеттерiн ол бақиға аттанған соң ғана дауыстап айтып жататынымыз бар. Түсiнгенге ол да адамның жақсы қасиеттерi кейiнгiлерге үлгi-өнеге болсын, жақсылықтың жаршысы болсын деген iзгi ниеттен туындаған болуы керек. Шындығында, ол да түбегейлi бағалау емес. Себебi, бiр кезде бiздiң мынау нағыз парасатты адамның iсi деп бағалағанымыз соңынан бiр-ақ сәтте парықсыз мiскiннiң iсiне айналып кетуi бек мүмкiн. Немесе, керiсiнше – мынау нағыз парықсыздықтың амалы деп түйгенiмiз, уақыт өте келе нағыз парасаттылықтың шыңына айналып шыға келуi ғажап емес.

Мен мұндай ойға неге келдiм? Өйткенi, бiздiң бүгiнгi әңгiмемiздiң кейiпкерi Фетхуллаһ Гүленнiң қайраткерлiк тұлғасы жөнiнде бiр-бiрiне қарсы келетiн, бiрiн-бiрi терiске шығаратын қайшылықты пiкiрлер көп. Басқа жақты бiлмеймiн, не нәрсеге де өте сақ қарайтын қазақ ортасында ол туралы ой-пiкiрлер әлi күнге ала-құла, пiсiп жетiлмеген десе болады. Бiрақ, бүгiнгi таңдағы Ислам әлемiнiң ең беделдi өкiлi саналатын қайраткердiң тұлғасын бiздiң әрқайсымыз өзiмiзше ашып, өзiмiзше танып-бiлуге мiндеттiмiз деп ойлаймын. Оқырман «өзiмiзше» деген сөздi текке ерекшелеп алып отырмағанымызды түсiнiп отырған болар. Заманымыздың ең iрi ойшылы, әлеуметтанушысы, дiн уағыздаушысы ретiнде мойындалған тұлғаны тек хрестоматиялық қасаң аяда, немесе бiреудiң терең зерттемей шала-шарпы жазған мақалалары арқылы ғана танып-бiлу қай жағынан алғанда да бiзге рухани азық бола алмайды.

Қалай десек те, парасаттылық пен зияткерлiктiң түп қазығы iшкi рухани байлыққа байланысты, тектi қасиетке тиесiлi. Оған лайықты баға сын сағатта, жауапты кезеңде берiледi.
Фетхуллаһ Гүлен есiмi бертiнге дейiн қайсыбiр шығыстанушылар мен дiнтанушылар, философтар мен тарихшылар болмаса, жалпы бұқаралық аудиторияға кеңiнен таныс емес едi. Тек тәуелсiздiктен кейiн ғана, дәлiрегi үшiншi мыңжылдықтың басы кезiнде оның аты дүркiрей шығып, есiмi әлемге  әйгiлi бола бастады. Ал, өз басым оның атына қаныға бастағаныма екi-үш жылдың ғана көлемi болды. Ұлыбританиялық «Prospect» және американдық «Foreign Affairs» журналдары 2008 жылы бiрлесiп әлемдегi ең беделдi зияткерлердi анықтау мақсатында жер жүзiндегi 500 мыңдай адам арасында сауалнама жүргiзген едi. Осы сауалнама күтпеген нәтиже бердi. Рейтинг нәтижесi бойынша, алғашқы ондыққа тек мұсылмандар ғана енген. Соның iшiнде Түрiк халқының азаматы, Ислам дiнiнiң уағыздаушысы Фетхуллаһ Гүлен бiрiншi орынға лайық деп табылған. Ұмытпасам, «Батыс пен Шығыс тек «дөңгелек үстел» басында отырып қана келiсiмге келе алады» деп түйетiн Ф.Гүлен мырза 2001 жылғы 11 қыркүйектегi АҚШ елiндегi әлемдiк терроризмге жаңа бетбұрыс әкелген лаңкестiк әрекеттен кейiн iле-шала Ислам дiнiнiң оған ешқандай қатысы жоқ екенiн мәлiмдеп, Усама бен Ладендi жеккөретіндігін жеткізген болатын. Мiне, оның есiмi маған осы кезеңнен бастап таныс.

Дегенмен, бiздiң төменде сөз еткелi отырған тақырыбымыз Ф.Гүленнiң қайраткерлiк тұлғасы емес, дiни-моральдық, адами-пәлсапалық идеяны биiкке көтерген ойшылдығы туралы болғандықтан, әңгiме тiзгiнiн солай қарай бұрғанды жөн көрдiк...

Әрине, Фетхуллаһ Гүлен туралы сөз аз жазылып жүрген жоқ. Оның iшiнде мұсылмандар да, мұсылман еместер де, түрiктер де, түрiк еместер де баршылық. Мысалы, бұл қатарда Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институтының директоры В.Рыбаковты, заңгер-профессор Л.Сюкияйнендi, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын-драматург Н.Оразалиндi, Әзiрбайжан Жазушылар одағының жетекшiсi, атақты ақын Анарды, академик Ә.Нысанбаевты, Джорджтаун университетiнiң (АҚШ) профессоры Д.Эспозитоны, Ресей Мұсылмандар Қауымының басшысы Р.Гайнутдиндi, Баспасөздi дамыту институтының (Ресей) директоры О.Карабанованы, Киев Ұлттық университетi «Украинтану» орталығының директоры В.Сергийчукты, тағы басқа танымал жазушылар мен ғалымдарды атап өтуге болады. Бiрақ, менiң пайымдауымша интеллектуалдық даңқы осыншама биiкке көтерiлген мұндай адам туралы қанша жазылса да артықтық етпейдi деп ойлаймын. Өйткенi, өзi жөнiнде қанша сөз болса да, оның буына мастанып, еш уақытта ауа жайылмағанын айтпағанда, танымал болған соң, өзiнен өзi «аяққа оратыла» беретiн пендешiлiкке алаңдамастан, қайта өз iшiне өзi терең үңiлiп, өз кеңiстiгiн өзi кеңейтiп, өмiрдiң қатпарлы, қайшылықты тақырыптарын ойда тиiсiнше қорытып, өзi айтқандай «бiртұтас ағзаның және оның әр бөлшегiнiң ишарасы мен мән-мағынасын қалыптастыратын ең маңызды фактор» ретiнде қажымай, қайраткерлiкпен жетiлдiрумен жүргендей. Бұған «Баян» атты кiтабын оқығанда көзiм анық  жеттi.

Осы орайда ескеретiн нәрсе, Ф.Гүлен философиямен, не болмаса әдебиеттану, тiлтану, табиғаттану мәселелерiмен арнайы шұғылданбаған. Алайда, өзiнiң әдебиет пен тiл, поэзия мен әйел табиғаты, Жаратқан мен жаратылыс, сұлулық пен ақиқат туралы толғанысты танымдық еңбектерiнде, сұхбаттарында көркем ойға байланысты тұщымды ой-пiкiрлерi мен тұжырымдары ешкiмдi бей-жай қалдырмайды. Нақтылай түсетiн болсақ, Жаратылыстың баяны, әдебиеттiң мән-мағынасы, өлеңнiң ақиқаты, тiл мен ойдың адам өмiрiнде алатын орны мен мақсат-мiндетi, сұлулық пен көркемдiктiң сипаты, жан-дүниесiнiң iнжу-маржандары арқылы мәңгiлiкке қанат жайған әйел – ана бейнесi сияқты көптеген мәселелердi қамтиды. Кiтапты қолыма алғанда басыма келген бiрiншi ой: «Кiтап неге «Баян» деп  аталды?» Шынында да, неге?
Бiздiң бұл ойымызды Ф.Гүленнiң өзi былай түсiндiредi:

«Жаратылыстың әу бастағы жоспары Рақымы шексiз Алланың ғылымы мен iлiмiне, ал сәулетi Оның баянына тиесiлi... Сондықтан баян – құдiрет қаламының ұшынан болымсыздыққа тамған сияның алғашқы тамшысы. Жаратушы мен жаратылыстың арасындағы сырлы қарым-қатынасты анықтап, қалыпқа салып отыратын үйлестiрушiсi... Тек ғылым мен iлiм қайнар көзiнiң және баян белсендiлiгiнiң арқасында қазiргi қалыбына түскен адамды ағуалап-насихаттап тұратын уағыздаушысы...
...Әр нәрсенiң түпкi мәнiнде ақиқат жатады. Сол ақиқатты адал жеткiзетiн тiлi және хикметке толы баяны... Бiздiң пайымдауымызша, баян болмаған жағдайда, болмыс пен тiршiлiк тым-тырыс, оқиғалар үнсiз, әлем қозғалыссыз сұлық қалар едi...»

Мiне, Ф.Гүлен бiр жағынан кiтап неге «Баян» аталды, оның мән-мағынасы, түпкi мiндет-мақсаты қандай болу керек деген сауалдардың жауабына аз-кем тоқталса, екiншi жағынан өзiн теолог-ғалым ретiнде танытып отыр. Қай нәрсе болса да, әсiресе Жаратушы мен жаратылыс арасындағы ағлақ (көркем мінез) iлiмi жайындағы ойлары, әйтпесе сол туралы танымдық зерттеу дүниелерi болса да, ақиқат тұрғысынан адал жеткiзетiн тiлi мен баяны болуы керек. Өйткенi, тiл мен баян болмаса болмыс жоқ. Болмыс болмаған тұста болымсыздыққа жол ашылар едi. Бұл ненi бiлдiредi? Бұл кiтап авторының ойсыз, дәмсiз, құрғақ сөздерден «құрақ көрпе» құрап шығармай, кәдiмгi ғылыми принциптi ұстанып отырғандығын бiлдiредi.

Келiңiз, бiр сәт мынадай қиялға ерiк берiп көрейiкшi.
Әрбiр жанды тiршiлiк иесi, немесе әрбiр жансыз жаралған зат сөйлей алады дегенге сенесiз бе? Сөйлесе, қалай сөйлейдi? Өзiн-өзi қалай таныстырады, қалай мәлiм етедi. Иә, мұндай қиял адамның шектеулi ақыл-ойына бiрден сыймайтын да шығар. Құй сенiңiз, құй сенбеңiз әрбiр жанды-жансыз зат сөйлеуге қабiлеттi. Бабамыз әл-Фараби орта ғасырдың өзiнде аспан денелерiнiң де өзiндiк үн шығарып, сөйлесе алатынын дәлелдеп бердi емес пе. Бiрақ, Ф.Гүленнiң ұғымында бәрi де зат пен оқиғаның өзiндiк ерекшелiгiмен үн қатуына, дыбыс шығаруына, баян қалыбында тiлдесе бiлуiне байланысты. Бiле-бiлсеңiз, бұл мәселелер де Жаратушы мен жаратылыс арасындағы ғылыми өзегi бар проблемаларға жатады. Ф.Гүленнiң өз ойларынан үзiндiлер келтiрейiк:

«Негiзiнен салыстырмалы құндылықтар ортасынан орын алған баян – бiздiң жанымыз бен өзегiмiз. Бiз барлығымыз бiр-бiр тiлдiң иесi болсақ, ал тiлдердiң жаратылыс мақсаты – баян;
 ...Ақиқаттың өзегiнде жатқан Хақты мойындап, болмысты симфония оркестрi секiлдi үндестiрiп отырған – баян;
...Әрбiр нәрсенiң негiзiндегi мәннiң жасырылған дидарын ашып, оған өзiн-өзi таныстырып кетуiне мүмкiндiк туғызатын – баян;
...Ой-толғау қазыналары қақпаларының құлып-тарын ашатын жалғыз кiлт болса, ол да баян;
...Бiр кiндiктi айналып жүретiн ұлан-байтақ әрекет пен қозғалыстың қызыл түймесi – баян;
...Жаратқанның пәрменiмен... жаралған адам баласының алтын тағы – баян; қаламы – баян; қылышы баян; сұлтандықтың негiзгi заңы да – баян!..
...Баршамыз мына жалғанға келерде, көзiмiздi баянмен аштық. Баян – бесiк жырларын тыңдап өстiк. Егер бiр арнаға салынған болсақ, ол да баянның ықпалы. Бұдан былай бес күндiк өмiрiмiз жалғасатын болса, ғылымға сүйенген баянмен дем тартып, өмiр сүремiз. Өлетiн болсақ, iлiм мен баянның жоқтығынан жан тәсiлiм етемiз...
...Баян – әлем кiтабының мәнi мен рухы, болмысы мен тынысы, түр-түсi мен реңi, өрнегi мен бейнесi. Сонымен қатар, ол – Алла жолы – Ислам ақиқатының мөрi, қылышы және қаламы.
...Бiздiң дүниеде әр пайғамбар – сөз көсемi, әр әдебиетшi – сол көсемдерден шашылып дарыған сәуленiң бiр-бiр көлеңкесi...
...Ата-бабамыздың жан-дүниесiнен... мирас болып қалған құндылықтардың ең құндысы баян десек, ол мән-мағыналардың ғана түсiнiктемесi, сөздердiң ғана дыбысы, белгiлi мақсат-мұраттардың ғана сөз қалыбы емес, сондай-ақ ойымыздың айшықталған тiлi, сезiмдерiмiздiң тербетiлген әуезi, жүрегiмiздiң жалындаған қайраты, Алламен арадағы сұхбаттасқандағы  тiлмашы, үмiтiмiздiң алтын қанатты құсы...

...Осы мақсаттарды қамтыған баян... жанартаудай атқылай жөнелгенде, ақыл мен қисынның оянуын, рухқа қайрат бiтуiн, сөздердiң  сиқыры қалай туындағанын жеткiзедi...»
Баянға берiлген осы анықтамалардан Фетхуллаһ Гүленнiң тiлдердiң жаратылысы мен олардың өмiрiмiзде алатын орны, әдеби әрекет пен қозғалысты не деп түсiнетiнiн, оны қалай бағалайтынын көруге болады. Ойшылдың өзi айтып отырған «Бiз барлығымыз бiр-бiр тiлдiң иесi болсақ, ал тiлдердiң жаратылыс мақсаты – баян» деген сөзi тек тәрбиелiк-танымдық мәнде емес, кең мағынада түсiнiлуге тиiс. Өйткенi, мұнда тiлдердiң жаратылыс мақсатын түсiндiру ғана емес, әртүрлi мәдениеттiң өкiлдерi болып саналатын адамдардың әртүрлi тiлдерге ие болғанына қарамастан,  ақиқаттың өзегiнде жатқан Хақты мойындау баяны жатыр. Оны ашатын жалғыз кiлт болса, ол да – баян екенi, сондықтан оған бөлiп-жарып қарауға болмайтынын туралы сөз болып отыр. Сол себептен де Ф.Гүлен «баян – әлем кiтабының мәнi мен рухы, болмысы мен тынысы», – дейдi. Осыдан барып, «Алла жолы – Ислам ақиқатының бiрден бiр мөрi, қылышы, және қаламы» болып табылатын баян мен сөз өнерiнiң өздерiнiң iшкi заңдылықтары болатынын дөп басады. Былайша айтқанда, «өмiр сүрсек ғылымға сүйенген баянмен дем тартамыз, өлетiн болсақ сол iлiм мен ғылымның ада болғанынан жан тәсiлiм етемiз», – осы мәселе анық аңғарылған. Расында да солай: ғылым мен iлiмдi ойдың өзегi деп алсақ, ғылымы мен әдебиетi жоғалған қоғам көп кешiкпей тоқырауға ұшырайтыны анық. Бiздiң соңғы кезде интеллектуалды ұлт тәрбиелеу жөнiндегi көп қырлы мәселеге қатты көңiл аударып жатқанымыз сондықтан. Қалай десеңiз де, өз заманынан озып туған ғалымдар мен интеллектуалдар, әдебиетшiлер қоғамды өзгертiп, болашаққа секiрiс жасай алады. Осы мақсаттан қарағанда Ф.Гүленнiң «Бiздiң дүниеде әр пайғамбар сөз көсемi, әр әдебиетшi – сол көсемдерден шашылып дарыған сәуленiң бiр-бiр көлеңкесi» деген сөзi, еш күмәнсiз, дау туғызбайтын қағида деуге болады.

Сөз «әр әдебиетшi Пайғамбардың бiр-бiр көлеңкесi» дегеннен шығады.  Кiтаптың  парақтарын бiрiнен соң бiрiн асықпай аударыстап отырып, қарадан қарап мынадай ойға да берiлуiме тура келген. Егер осы кiтапқа енген дүниелер Алла Тағаланың қалауымен бұлаққа айналып кетер болса, онда олар баянның рухымен жер астынан қайнап шыққан, даланың жаннат құрсағынан жаратылған мөп-мөлдiр, тап-таза кәусарға айналар едi. Айналар едi де, сол мөп-мөлдiр, тап-таза кәусар бұлақтың былдыры сiңген жерлердiң бәрiнде түп-түгел қылтиып-қылтиып «раушан гүлдер» шығар едi. Ол биiк поэзияға ұласар едi. Егер тау өзенге айналса, сонау биiк таудан ылдиға құлаған сарқырама судың күркiрi сияқты айналаны жаңғыртып тұрар едi. Егер телегей теңiз болып толқыса, қиян-кескi айқас үстiндегi ақ жалды алып арғымақтардың дүбiрi секiлдi түйдек-түйдек болып ойқастап жүрер едi. Ал, егер шетсiз-шексiз мұхитқа айналса ше? Онда мына дүниенiң бәрiн әрi-сәрi әрекетке түсiрiп, одан әрi ауыр қозғалысқа ұластырып, аспан астын аңсары асқақ бiр сарынға толтырар едi. Неге дерсiз? Өйткенi, мұндағы дүниелер даурықпа-дарақылардың өзiн бей-жай қалдырмайтыны былай тұрсын, қалғыған сананы қайта оятып, қоғамға деген самарқаулықты, селқостықты, немқұрайлықты, немкеттiлiктi селт еткiзiп, сосын шымырлап қана сiңетiн, сiңе отырып нұрландыратын, сәулелендiретiн, ақыр аяғы қайраттандыратын, жiгерлендiретiн бiтiмi бөлек дүниелер.

Ойдан ой туады, ойды ой жетелейдi. Фетхуллаһ Гүленнiң аса iрi интеллектуал – бiлiмдарлығын сөз еткенде, жалпы әдебиет туралы және жазушы шығармашылығы жөнiнде, оның мiндет-мақсатына қатысты, сондай-ақ туындының тiлi мен көркемдiгiне, рухы мен сипатына байланысты бiлдiрген ой-пiкiрлерi мен тұжырымдары да маңызды. Фетхуллаһ Гүлен интеллектуалдығының маңызы сонда, ол әдебиет туралы не айтса да, ең алдымен оның өзiнiң ұлттық топырағында тамыр сап, ұлттық сана, ұлттық болмыс, ұлттық мәдениет дәстүрiнен құнар тартып, соның қайнар көзiнде пiсiп-жетiлуi керек деген идеяны жақтайтындығында. Ф.Гүленнiң өзiн тыңдап көрелiк:
«...Назым мен қарасөз арқылы күй-жайға байланысты жазылған көркем өлшемдi – әдебиет деп атайды...

...Ырғақ пен тiлдiк ережелердi, осыған сай сөздердi зерттеп, саралайтын iлiм – әдебиет. Әдебиеттiң мәнi – негiзiнен тәрбие, iзет, көркемдiкке сүйенетiн «әдеп» түбiрiнен тарайды. Мұнымен қоса, тұрмысқа, өмiр сүру дағдысына, дүниетанымына қатысты рухани өмiрдiң жаңа сырларын ашуға себеп болған салиқалы амалы деп те атайды. Ал, мұндай мағынаны меңзейтiн «әдептiлiктiң» зерттеу-зерделеу орны – ағлақ кiтаптары және сопылық жинақтар.
...Бұл – ақиқат пен ғылымға құштарлықтың көзi.

...Әдеби ой-сана дегенде, ненi түсiнетiнiмiздi, әрi ненi түсiну керектiгiн бiлу аса маңызы.
...Сөз бен жазудан бас тартқанымызда, олардың орнын ым, мимика, ишара, дыбыс және өзге де амал-құралдар алмастырады. Бiрақ, бұлардың барлығы еш уақытта сөз бен жазудың орнын толтыра алмайды. Себебi, әдебиет бiртұтас қоғамның әртүрлi ұлттық сипаты, бейнесi, ортақ қазынасы, келешек аманаты, ұлттық сананың күзетшiсi.
...Әр ел әуелі өзінің ұлттық және діни қайнар көздерін негізге алып, әрдайым соларға назар аударуы керек. Өзіндік ұлттық сана мен рух өзегін алға тартып, оны негізгі құрамдастай қабылдауы керек. Тіпті, бұлар әдеби сезімдерін және көркем ой қабылдауларын суреттеуде мызғымас арқау болу керек деп ойлаймын. Сол кезде, өз әдебиетінің рухына ешқандай зиян тимейді және өз сезімдерін, ойларын, шабыттарын үндестіргенде, жат амалдарға да зәру болмайды.
...Ұлттық сана, ұлттық мәдениет, ұлттық ойға селқостық таныту – бiртұтас қоғамның ауқымын тарылту, iзбасар өскiннiң рухын тежеу, тiрi организмдi өлтiру, қызғаныш пәстiгiне құлдырау деген сөз. Бүгiнгi дамыған елдердегi жағдайдар осы мәселенiң ең жанды мысалдарына толы.
...Әдеби ой-санасы тоқырауға ұшыраған ұлт – өмiр сүру белсендiлiгiнен айырылады...»

Мiне, Фетхуллаһ Гүлен назым мен қарасөздiң көркем өлшемi – әдебиет дегенiмiз не, ол ненi зерттейтiн iлiм деген мәселелерге айрықша көңiл бөлген. Қарасөз бен көркем ойдың құпиясын бiраз аша түскен. Сонымен  бiрге сөз бен жазудың, содан шығатын әдеби ой-сананың әртүрлi ұлттардан тұратын бiртұтас қоғамға қатынасы, оның ғылым мен ақиқат арсындағы балансы сияқты зерттеушiлер көп бара бермейтiн жәйттердi де бiршама сөз етедi. Сондықтан да ол әдебиетшiлдiктi «ақиқат пен ғылымға құштарлықтың көзi» деп бағалайды. Әсiресе, ол кiсiнiң әдебиет бiртұтас қоғамның  әртүрлi ұлттық сипаты, ортақ қазынасы, қоғамдық ар-ожданның аманаты, ұлттық сананың күзетшiсi деген ойлары бүгiнгi «еуропацентристiк идеямен» қаруланған әдебиет теориясының кейбiр қағидаларына сыймайды. Бұл пiкiр шығарманың ойы, идеясы, рухы оның ұлттық колоритiне тiкелей байланысты деген теориялық тұжырымды ашық қоштайды. Бұл тұжырымға қарсы дау айтушылар бұрын да көп едi, қазiр де қосылмаса, азайған жоқ. Әрине, оның жөнi бар. Жөнi бар дейтiн себебiмiз, қандай шығарма болсын, мейлi ол кең тынысты роман, повесть, мейлi поэма, дастан, мейлi әңгiме, лирика болсын, нағыз шығарманың түпкi ойы, идеясы, рухы ең әуелi өзiнiң алтын қазығы – ұлттық колоритiне табан тiреуi керек. Ф.Гүленнiң өзi айтқандай, жазушылар әдеби сезiмдерi мен көркем ойларын суреттегенде, ең әуелi өзiндiк ұлттық санасы мен рух өзегiн алға қоюы тиiс, керек болса оның барлық симпатиясын бойына сiңiрiп қабылдауы керек. Шындығында сол кезде әдеби ойдың рухына ешқандай зиян келмейдi, жазушы өз сезiмдерiн, ойларын, мақсат-мүддесiн қағазда үндестiргенде жат амалдарға зәру болмайды. Сөйтiп шығармадағы шындықты объективтi пiшiнде көрсеткенде ешқандай қолайсыздыққа кезiкпей, қайта анағұрлым ашық, анағұрлым айқын формада көрiнедi. Ондай кезде әдебиеттанушылардың өздерi ойлап тапқан толып жатқан кiтаби әдiс-тәсiлдердiң бәрi әлсiз қалар едi. Өйткенi,  творчестволық әдiс-тәсiлдiң қай-қайсы да жасанды, кiтаби емес, шынайы, табиғи болуы керек. Ал, сөз сол әдiс-тәсiлдердiң қызметшiсi ғана.

Бiздiң бұл ойымызды Ф.Гүленнiң мына сөздерi құптайды. «Ұлттық сана, ұлттық мәдениет негізге алынып, соның қайнар көзі де нақтылана түсіп, қателікке жол бермеудің алдын алғанда, әлемдік құндылықтарға селқостық таныту – кең ауқымды тарылту, өсіп келе жатқан өскінді тежеу, тірі жанды өлтіру» дейдi ол кiсi. Рас сөз. Мәселен, жер бетiнде саяси-әлеуметтiк болмысы, шаруашылық-мәдени типi әр алуан мемлекеттер бар. Олардың әрқайсысы жеке-жеке тұрып, бүгiнгi нақтылы өмiр аясындағы қоғамдық ахуалдың бiртұтас көрiнiсiн құрайды. Бiрақ, мемлекет бiр ұлтты болғанымен, қоғам көп диаспоралы екенiн бәрiбiр жоққа шығара алмаса керек. Ал, қазiргi жаһандану деп аталып, барлық мәдени-рухани болмысымызға жаппай орныға бастаған үрдiс кезiне ұлттық реңктiң тым алашұбарланып бара жатқаны өз алдына, барлық ұлттық атаулыға тән сөздер мен ұғымдарды ығыстырып бара жатқанын қаламасақ та мойындауға тура келедi. Басқасын былай қойғанда, ұлтты ұлт ететiн iргетасы, төлтума мәдениеттiң темiрқазығы болып табылатын мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң бүгiнгi тағдырына бiр сәт ден қойып көрiңiзшi!.. Бұл мемлекет құрып отырған ұлттың ой-санасына, ұлттың мәдениетiне, ұлттық болмысына, тiптi ұлттық идеясына, яғни ұлтқа қызмет етуiнiң iс жүзiндегi көрiнiсi. Егер осылай жалғаса беретiн болса, ұлттың тiлi шұбарланады, ой санасы көмескiленедi, рухы солады, «аспанға мұрты шаншылып тұрып сөйлейтiн» еңсесi басылады, ұлттық патриоттық сезiмi сөнедi, ақыр аяғы бiртұтас қоғамның ауқымын құрап отырған төлтума мәдениеттiң iргетасы қопарылады. Ұлт үшiн iстелiп жатқан iс-әрекеттiң бәрi зая кетедi. Бiздiң кiтабын талдап отырған кейiпкерiмiздiң сөзiмен айтқанда, әдеби ой-санасы тоқырауға ұшыраған ұлт, қанша жерден қайраттанып, көп күш-жiгер жұмсап қарсыласса да, өмiр сүру белсендiлiгiнен айырылады. Бұл – тарихтың сан мәрте дәлелденген ащы шындығы.

Ф.Гүленнiң әдебиетшiлерге қойып отырған мына бiр талабына тоқталмасақ, арымызға сын. «Әдебиетшiлер, – дейдi ол, – сөз сөйлеу шеберлiктерi мен көркем өнер қабiлеттерiн үнемi Хақ пен жақсылықтың әмiрiне бағындырып, шәкiрттерi болып саналатын бұқараны дұрыс жолдан адастырмай, жалғандықтан бойын үнемi аулақ ұстаулары керек». Менiңше, бұл айту керек болған соң, айтыла салған сөз емес, астарында үлкен мән жатыр. Алдымен, жазушы өзiнiң бойын жасандылықтан, жалғандықтан, өтiрiк сөйлеуден аулақ ұстау керек. Себебi, оның миссиясы тек шығарма тудыру емес, не болмаса адамды тәрбиелеу емес, шын мәнiнде оның жан-дүниесiн тазарту, ой-өрiсiн жетiлдiру, санасын сауықтыру туралы болып отыр. Бұл әдебиеттiң эстетикалық және эмоциялық талаптары. Екiншiден, қалың бұқараны әдебиетшiлердiң шәкiрттерi деп көрсетедi. Шындығы – осы! Бұл еш күмәнсiз, дау тудырмайтын аксиома. Шығарма эстетикалық ләззат сыйлаумен бiрге, танымдық қызмет те атқарады. Яғни адам шығарма арқылы өзiнiң болмысын таниды. Жақсы шығарма, не ұтқыр ой оның өмiрге көзқарасына, ақылына, сезiмiне ықпал етедi. Сөйтiп, оқырман автор әлемiнен бөлек, өз қабiлетi мен iшкi мәдениетiне, алған тәрбиесiне байланысты басқаша әлем жасайды. Мiне, ендi ол шығарма, не ой әдебиетшiнiң мүлкi емес, бұқаралық мүлiкке айналып отыр. Бұдан шығатын бiр ақиқат – оқырман әрқашан автордың шәкiртi болып қалатындығы. Үшiншiден, әдебиетшi үнемi көркем сөйлеуге дағдылануы керек. Өзiнiң бүкiл табиғи қабiлетi мен шеберлiгiн осы мәселеге жұмсауға тиiс. Өйткенi, әр нәрсенiң түпкi негiзiнде ақиқат жатады, әр ақиқаттың өзегiнде бейнесi жасырылған Хақтың мәнi бар. Ал, салиқалы амалдан, әдептіліктен туған әр көркем ой, соның сұлу дидарының бiр-бiр кескiнi, бiр-бiр жаңғырығы десек, әдебиетшiнi әдебиетшi ететiн не нәрсе деген мәселеге кеп тiрелемiз. Бұл мәселе бүгiнде өте актуальдi. Өйткенi, әдебиетшiнiң жеке тұлғасы мен шығармашылық тұлғасы арасында түрлi қарама-қайшылықтардың болатыны бесенеден белгiлi. Сондықтан әдеби ой-сана дегенiмiзде, ненi түсiнетiнiмiздi, әрi ненi түсiну керектiгiн бiлу аса маңызды, бiрақ сол түсiнгенiмiздi шәкiрттерге қалай жеткiзу, қандай әдiс-тәсiлмен қандай рухта жеткiзу одан да маңызды. Гәп осында.

Әдебиет туралы сөз болғанда, ұлттық тiл мен ой-сананың тереңдiгi жайындағы мәселенi айналып өте алмаймыз. Өйткенi, бұлар да әдебиеттану мен әлеуметтанудың өзектi проблемаларына жатады. Ал, Фетхуллаһ Гүленнiң тiл тазалығы мен ой тереңдiгiне байланысты айтқан пiкiрлерi мен тұжырымдарында бүгiнде теориялық мәнi бар өте қызық мәселелер қамтылған. Бiрер мысалдар келтiрейiк.

«Тiл – мәдениеттiң басты серiппесi, негiзгi қозғаушы күшi. Ұлттың әлеуетi мен қауқар-қуаты тiл мен ойдың қозғаушы күшiне тең.
...Қоғам – тiл мен ой-пiкiрге қаншалықты бай болса, ол соншалықты қабырғалы, қайратты болып саналады.
...Адам ана тiлiн неғұрлым жақсы меңгерсе, соғұрлым өз болмысы мен өмiрiне алғышарт жасай алады.
...Тiл – бiртұтас ағзаның және оның әр бөлшегiнiң ишарасы мен мән-мағынасы.
...Халық ана тiлiнiң бай қоры мен көркемдiгiн қай деңгейде сақтап сөйлесе, соғұрлым өрелi ойлайды, қай деңгейде ойласа, сол аяда сөйлейдi.
...Сөйлейтiн ауызы мен ойлайтын миы жоқ қоғамның орнына ылғи да өзгелер сөйлейдi, өзгелер ойлайды.
...Ойлаған нәрсесiн ана тiлiнде жеткiзе алмаған бейбақтар – өз әлсiздiктерiнiң тұтқындары. Мұндайлардың өзгелерге мысқалдай пайдасы жоқ.
...Тiл де өзге ғылым салалары сынды өз нарқы бар феномен. Керек болса бәрiнен де маңызды. Сондықтан одан еш уақытта шет қалуға болмайды. Бiрде бiр ұлт ана тiлiн ешқашан ғылымнан шет қалдырмауы керек және жеке ептiлiкпен ғылымдар санатында зерделеп, көпшiлiктiң қызығушылықпен жалықпай зерттейтiн терең тақырыбына айналдыруға тиiс».

Бұл жолдарда Фетхуллаһ Гүлен бүгiнгi таңда да ең өзектi болып отырған мәселелердi тiлге тиек еткен. Әсiресе, қазақ қоғамында осы проблема шегiне жетiп, қатты ушығып тұрғанын мойындау керек. Яғни, ол жеке дара «мәдени феномен» аясынан асып, жалпыхалықтық мәнге ие болып отыр. Бұл ретте айтарымыз, қазақ тiлiнiң жалғыз құтқарушысы бүгiнгi жер басып жүрген ұрпақ болатынын терең сезiнетiн мезгiл жеткен сияқты. Сондықтан тiл туралы қоғамдық ой қозғауға, арғы-бергi тәжiрибеге сүйенiп, өресi жеткенше пiкiр бiлдiруге кiм-кiмнiң болсын еркi бар. Көретiн көз, тыңдайтын құлақ болса, Ф.Гүлен ойлары мен тәлiмi де көп нәрсеге көз жеткiзедi. Осы тұста кейiпкерiмiз бiз үшiн маңызды мәселенi көтередi. Ол – қоғамның қабырғалы, күштi болуы тiл мен ой-пiкiрге тiкелей байланысы туралы мәселе. Яғни, тiл мен ой-пiкiрге бай қоғамның болашағы баянды, келешегi жарқын деген сөз. Өйткенi тiл де басқа жанды нәрселер сияқты тiрi организмге жатады. Өзiн тұтынатын қоғаммен бiрге дамиды, сол қоғаммен бiрге құрдымға құлауы да мүмкiн. Анығырақ айтсақ, тiл тұтынған сайын жетiледi, қайралады, ұшталады, тұқыртқан сайын кетiледi, майысады, шаң басады. Шаң баспау үшiн, «құр тобырдың дүрмегiндегi қисынның құлына» айналмауы үшiн қоғам тiлдi барлық байлығы мен көркемдiгiн сақтап тұтынуы керек. Тiлдiң неғұрлым көркемдiгiн сақтап сөйлесе, ұлт соғұрлым өрелi ойлайды. Өрелi ойлай алатын ұлттың қорғаныс иммунитетi қандай рухани шабуылға да дайын болатыны өзiнен өзi түсiнiктi шығар деп ойлаймын. Сондықтан, кез келген жеке индивид өз ана тiлiнiң тағдырына немқұрайлы қарауына болмайды. Қайта оған жеке бiр ептiлiкпен, көпшiлiктiң қызығушылығын тудыратын сондай бiр салқынқанды тереңдiкпен қатысулары керек. Ойшыл Ф.Гүлен айтқандай, сөйлейтiн ауызы жоқ қоғамның орнына ылғи да басқалар сөйлемес үшiн, ойлайтын миы жоқ қоғамның орнына ылғи да өзгелер ойламас үшiн... одан ешкiм де ешқашан да шет қалмауы тиiс. Мiне, Ф.Гүлен ойларының бiзге беретiн тәлiмi осындай, маңызы одан да жоғары.
Ендiгi бiр ерекше назар аударатын жағдай – Ф.Гүленнiң  сөз өнерiнiң iшiнде адам жанына барынша жақын келетiн өлең, оның өмiрдегi алатын орны жайында айтқан ойларына қатысты. Алдымен қаламгердiң өзiн сөйлетiп алайық.

«Өлең – ақиқат пен махаббатты арқалаған жүрек пен сезiмнiң тiлi; ғашықтық, құштарлық, тентек қиял, мұң-қайғы мен қуаныштардың үнi; тiршiлiктiң  өзiн ғана емес, арғы жағын сезiну, түйсiну, ақиқаттарды таразылап отырудың ашық немесе жабық, тiкелей  немесе жанама түрде шыққан сөйлемшесi.
...Әркiмнiң ұжданы, көңiл терезесi, сезiм бұлқынысы әртүрлi болғандықтан, олардың таным тереңдiгi, оқиғаларға көзқарасы, санада қалыптасқан түсiнiгi, сөз бен әуенi де әртүрлi болатыны табиғи құбылыс.
...Өлеңнiң негiзi «кәламы нәпсi»[1].
...Адамның жан-жүйесiнде қалыптасып, қою бұлттар iспеттi жоғарыға қарай жөңкiлiп аспандамаған ұйқастар – өлең емес, жасанды сөздер ғана.
...Шынында, ұжданның жемiсi ретiнде адамның рухында пiсiп-жетiлмеген сөздер мен сарындар қаншалықты әсем болып көрiнсе де, тiптi сыртқы ұйқасымен таңдай қақтырса да, бәрiбiр бос көпiрме мылжың сөз болмақ.
...Асылында, өлең – ұжданның айнасы; алғашқы мәтiн мен жазбасынан пайда болған сөз, бiрақ тiл емес. Бiрақ, ол тiлдiң дамуына мiндеттi түрде ықпал етiп отырады.
...Сөз – сұлулыққа құрылуы керек, ал ғашықтық – сол сұлулықтың шынайылығына деген iңкәр сезiмi ғана...
...Әйтсе де, өлеңнiң жеке түсi жоқ, бiрақ оның әрбiр реңк–түстен жұққан сызықтары бар...
...Ақындарды жаратылыстың арғы жағындағы мағына мен мазмұнның бұлбұлдары деп санауымызға болады.
...Ал, ақындар санасы, ұғымы, болмыс көкжиегi мен мiнезiне қарай көңiлдiң, iшкi түйсiктiң және сезiмдердiң тiлiмен жоғарғы ақиқаттарды жаңа бiр қырымен ашады, түсiндiредi, дыбыстандырады.
...Шынайы өлең – шабыт ағашының бұтақ-тарындағы Жәннат гүлдерi iспеттi...
...Иә, өлең санада пiсетiн ой-пiкiрдiң жемiсi, сондай-ақ тiл аспаптарымен дыбыстандырылатын әуен, бiрақ оны шынайы тереңдiкке жеткiзетiн және оған шынайы түстер сыйлайтын тек ақынның сенiмi, пайымы, мәдениетi, махаббаты, талғамы және ой-ниетi...»
Ф.Гүленнiң осы тұжырымдары бiр қарағанда, бұрын әр-әр жерде айтылған белгiлi жайттар секiлдi көрiнедi. Егер оған тереңiрек үңiлiп, iшкi мәдениет, ар-ождан тұрғысынан мән беретiн болсақ, бұрын-соңды кездеспеген тың ойларды да аңғарамыз. Шындығында, поэзия – бұл қоғамның тынысы. Яғни, қоғам қандай болса, поэзия да сондай. Өйткенi, ол қоғамның тынысы ғана емес, оның ар-ұждан арқылы сәулеленуi де. Ал, ақын өзiн қоршаған қоғамдық құбылыстардан тыс өмiр сүре алмайды. Оған кейде ашық, кейде жасырын, кейде тiкелей, кейде жанама түрде әсер етiп отырады. Оның iшкi үнi ұлттық салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, мәдениет пен дiнге тәуелдi. Сол себептi әр ақын қалай десеңiз де, өзi өмiр сүрiп отырған ортаның мiнезiн суреттейдi, мұңы мен мұқтажын жазады.
Сондықтан да ақын жанды ойшыл: «...шынайы өлең – адамгершiлiк сезiмдердiң түйсiгi, көңiлдердiң өз табиғатына сәйкес үнi мен дыбысы, адам, әлем және Алла арасындағы қарым-қатынастың (ашық немесе жабық) либреттосы, композициясы мен әнi, жер бетiнен бастап үркер жұлдызына дейiн жалғасатын ақиқаттардың және олардың әрқайсысын тұспалдап отыратын бiр-бiр көлеңкесi, әрбiр заттық сезiмдерiмiз бен ой-пiкiрлерiмiзге түскен кескiн-келбетiнiң сөз пiшiні мен фотосуретi, ғашықтығымыз бен құмарлығымыздың әртүрлi iшектерден шертiлген жүректiң әнi және берiк иманымыз, үмiтiмiз, ерiк-жiгерiмiз, сұлулығымыз, ғашықтығымыз, сағынышымыз бен iңкәрiмiз» дейдi. Сол себептi де сөз өнерiнiң iшiнде поэзияны адамдардың жанына барынша жақындатып «сөздiң сұлтаны – өлең сөз» деп тұжырымдайды. Өйткенi, өлең ең алдымен адамдар жайын суреттеу, оның iшкi жан дүниесiн, сыртқы әлеммен қатынасын көркем бейнелеу емес, ол iшкi iшектерден шертiлген жүректiң әнi. Жүректен айтылған сөз ғана жүрекке жететiнiн Ф.Гүлен де дөп басады.

Кiтап авторының сұлулық пен жан тазалығы, иман сәулесi, Жаннаттың кiршiксiз таза кескiнi, сонымен бiрге әйел табиғатына қатысты ойлары да ерекше. Төменде бiздiң санамыздағы көркем бейне мен осы көркем бейнеден сұлулықты сезiнiп, одан ләззат алудың жолдарына байланысты және оған әйелдiң қатынасы жайлы Ф.Гүленнiң азды-көптi пiкiрлерiн әркiм өзiмiзше таразылап көрелiк. Ол былай дейдi:

«Бiздiң санамыздағы әрбiр көркем бейне немесе зат – Хақ Тағала нұр сипатының, сұлулығының айнасы және жаңғырығы. Жан жүйемiздегi келiсiм, сүйiспеншiлiк, әлей және қуаныш сезiмдерiн оятқан әрбiр көрiнiс пен сурет, әрбiр ырғақ пен мақам, әрбiр үн мен дыбыс, әрбiр үйлесiмдiлiк пен жарасымдылық, әрбiр әуен мен сарын – сол Сұлулардың Сұлуының сипаттарының көрiнiс табуы деп бiлемiз; сезiмдерiмiз үнемi Оның қатып-сенбейтiн сұлулық сәулесi арқылы көрiктендiрiлетiндіктен, өзiмiз ылғи да сол сұлулықтың алқасына қосылып, жамандықтар мен қиямет-қайымның туғызған дүлей дауылдарына алтын күректей үнемi қарсы беттен соғып, көктемде туған жаңа сезiмдермен өмiр сүремiз...
...Осы сұлулықтарды сезiнiп ләззат алудың сиқырлы кiлтi – иман. Иман – көкжиегiмiздi жарқыратқан сәуле және үмiттiң қайнар көзi.
...Шын мәнiндегi сұлулық Хақтiкi. Кiршiксiз кемелдiлiк те Хаққа ғана тән және бұл ерекшелiк Оның бет-бейнесi. Бiртұтас тiршiлiк – Оның әртүрлi көрiнiстегi бiр-бiр айнасы, әрбiр зат пен оқиғаның жүзiнде тамашалап отырғанымыз мағына, мазмұн, сән-салтанаттылық пен тартымдылық та (айналардың қабiлетiне қарай) Оның сұлулығының шөкiмдей нұры және болмыстың нәзiк сәулесi...

...Ал, адам осынау күллi сұлулықтың соңғы нүктесi iспеттес... Пайғамбардың күйеу баласы Хазiрет Әлидiң сөзiмен айтсақ, «Оның бойында әлемдер мен жаһандар жасырылған және оның болмыс-бiтiмi перiштелерден де асқан...
...Бiздiң санамызда құнды сұңғаттай орын алған әйел – ең алғашқы жаратылыс құбылысының асыл қазынасы әсем бояуы, адамдық әлемiнiң ең берекелi тiрегi, үйiмiздегi Жәннат сұлулығының кiршiксiз таза кескiнi, тiршiлiк пен мәңгiлiктiң ең дәйектi кепiлi...
...Әйел, әсiресе анаға тән қасиетке ие әйел – аспан әлемiндей шексiздiкке жетелейтiн өте терең әлем және көңiлiндегi жұлдыздар сияқты отты сезiмдердiң, ой-пiкiрлердiң жалындап тұратын түйсiк пен мейiрiмдiлiк шуағы...
...Ауадағы элементтердi бiр-бiрiмен салыстырып, «азот оттегiге қарағанда құнды» немесе «оттегi азотқа қарағанда пайдалы» деп, ойлау қаншалықты әбес болса, әйел мен еркектi де дәл осылайша салыстыру соншалықты орынсыз. Әйел мен еркек жаратылыс пен тiршiлiктегi миссиясы тұрғысынан алғанда бiр дененiң бiр-бiрiне мұқтаж екi жағы iспеттес...

...Алла әйелдi басқаға емес, еркекке жұп қылып жаратқан. Адам Хауасыз, Хауа Адамсыз өмiр сүре алмайды. Бұл жұп Жаратушының тiлмаштары сияқты, осы заңдылыққа сай қосылған... екi дене бiр рух болып, бiр ақиқаттың бөлек-бөлек екi ұшындай болып...»

Мiне, Фетхуллаһ Гүлен адамзаттың ұлы құндылықтары болып табылатын Ақиқат, Мейiрiм  және Сұлулық жайлы осылай тұжырымдайды. Әрине, оның мәдениет, әдебиет, рухани және дiни құндылықтар, олардың интеллектуалдыққа қатысы, тағы басқа толып жатқан қоғамдық-әлеуметтiк ойлары тым-тым көп екенiн айтпасқа болмайды. Бұлардың бәрiне бiр ғана мақалада тоқталып жату мүмкiн емес. Оларға жеке-жеке мақала арнап, арнайы зерттеу қажет. Тек осы орайда ерекшелеп айта кететiн нәрсе, Ф.Гүлен әдебиет пен ғылымды иләһи iлiм мен дiни құндылықтан бөлiп қарамайтындығы, бiртұтас мән мағынада қарастыратындығы. Ақиқатына жүгiнсек, бұлай ойлау мен түсiндiру әдебиет үшiн  басты шарт болмаса да, бiздiң пайымымыз бен танымымызға бiршама жақын келетiндiгiн айта кету парызым деп есептеймiн. Оның үстiне оның ой-тұжырымдары қазақ топырағында дүниеге келген озық ойшылдар Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Иассауи, Жамал Қаршы, Абай, Шәкәрiм ойларымен үндесiп жатыр.

Ф.Гүлен өзiнiң шығармаларында әлеуметтану тұрғысынан келгенде, өте қызық, әрi теориялық мәнi бар, бүгiн қоғам бетпе бет келген мәселелердi шешудiң де жолдарын қарастырады. Бұл тұста оның басты қаруы – сенiм! Қандай жағдайда болмасын, Сенiмдi жоғалтып алмау керек деп санайды ол. Оның пiкiрiнше, үмiтсiздiк – бұл көшкен құмның сусылы сияқты, ол бүкiләлемдiк даму жолына көлденең тұрып алатын болса, жеңiске деген сенiмi мен жiгердi өлтiредi. Осылайша Ф.Гүлен қазiргi «құм көшкiнi арасындағы апақ-сапақ материализмнен» қалай шығудың жолын көрсетедi. «Қазiр жаңа тұрпаттағы адамзат баласы өзiнiң Жаратушысын iздеуге кiрiстi. Ендi өзiнiң жаралу миссиясындағы мақсатты бiлгiсi келiп жүр» деп түсiндiредi оны Фетхуллаһ Гүлен. Расында «Адам не үшiн туылады? Оның бұл өмiрге келгендегi мақсаты не? Адам не үшiн өмiр сүредi, не үшiн өледi?» дейтiн сияқты сауалдар кiм-кiмдi болса да бейжай қалдырмасы анық. Ф.Гүлен мырза мұндай сұрақтарға былай деп жауап берер едi: «Адамзат баласы бiр  жолдың екi айрығына келiп тiрелдi. Бiрiншiсi – құрдымға қарай жетелейдi, екiншiсi – үмiт пен құтқаруға апарады. Алла Тағала, бiзге дұрыс жолды таңдауға нәсiп етсiн!». Осы орайда тағы бiр ой: Фетхуллаһ Гүленнiң айтуына қарағанда, ХХI ғасырда бiз моральдық құндылықтарымыздағы «ғасыр тозағын» сiлкiп тастайтын жаңа рухани  өрлеудiң куәсi боламыз. Бұл ғасыр төзiмдiлiк пен толеранттылық және әртүрлi мәдениеттер мен өркениеттер арасында бұрын-соңды болмаған келiсiмге қол жеткiзетiн өзара түсiнiстiк дәуiрi болып тарихта қалады екен. Несi бар, Ф.Гүленнiң бұл тұжырымдары адамзаттың өз табиғатына да, бүкiләлемдiк даму заңдылығына да қайшы емес.

Кiтапты оқып отырғанда, басыма келген тағы бiр ой, менiңше, Фетхуллаһ Гүлен жаңа идеялар мен теориялық тұжырымдардың, оны түсiндiрудiң авторы емес, ол адамдардың көкiрек көзiн ашудың ұстазы, оларды сендiре бiлудiң бiлгiрi. Бiр сөзбен айтқанда, бiз жылдар бойы, тiптi ғасырлар бойы жанымызда, тап қасымызда жүрген жақсы адамдарды, тамаша қасиеттердi көрмеуiмiз, сезiнбеуiмiз мүмкiн. Мiне, Ф.Гүленнiң идеялары соны көруге, түйсiнуге үндейдi. Бiр сәт назар аударыңызшы: ... адамдардың көзiн ашу!.. Қандай келiстi сөз. Бiрақ, адамдардың көзiн ашу мәселесi түсiнiсудiң алғашқы қадамы ғана. Екiншiсi, бұдан да күрделiрек. Ендi бiр-бiрiнен тұрғын орны, мәдениетi алшақ адамдарға бiр-бiрiне қол ұшын созуды үйрету керек. Бiрақ, қалай? Сенiм арқылы. Көкiрек көзiне сенiм ұялату арқылы. Қасындағы адамдардың көзiне төменшектемей ашық қарау, оның жарқын дауысын есту қандай бақыт! Бұл ретте ең бастысы өзiңдi түсiндiруге емес, бiрiншi кезекте өзгенi түсiнуге күш салу керек. Өйткенi өзгенi түсiну жаныңдағы адамның көзiн ашу және жүрегiне үңiлу дегендi бiлдiрсе керек.

Мiне, Фетхуллаһ Гүлен ойларынан алатын тағлымның бiр парасы – осы! Оны мен өз пайым – байыптауыммен айттым.

 


[1]    Алланың шынайы сипаты. Құдайдың күллі ерік-жігері мен құдірет сипаттары іспетті, басы мен соңы шексіз Алламен мәңгі сипат. Бұл сипатта дауыс пен әріп жоқ. Алла Тағала нәпсі кәламымен сөйлейді. Бұған дәлел – келәмы лафзы, соның ішінде Құран сөзі. Құран – Алланың сөзі (Келамулла). (Анықтаманы берген Имам Биргиуи).

 


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.