ДІН ТАЗАЛЫҒЫ

Бәріміз де тазалықтың қажетін білеміз. Баршамыз да сенімнің керектігін сезінеміз. Қазір дін туралы көп ойлайтын болдық. Бұрын, несін жасырайық, дінді топырақты өлімде еске алатынбыз. Бүгін  “желкемізде ажал тұрғанын” сәт сайын аңғаратын болдық. Бір шындықтың басы ашық: байырғы заманнан осы күнге дейін  “ақырзаман”,  “ажал” ұғымдары өмірдің қадір-қасиетін, иманның киесін – жалпы ар тазалығы мен сенім тұрақтылығының тепе-теңдігін сақтау мен сақтандыру орайында жиі әуезеленген.

ХХ ғасырдың рухани ойшылы Фетхуллаһ Гүлен былай дейді: «Кез келген адам табиғаттың әр бөлшегі мен құбылысынан Жаратушының белгісін көре алады. Себебі бүкіл тіршілік атаулы Жаратқан Иеміздің әмірімен жоқтан бар болғаны анық. Адам баласы белгілі бір жерге дейін осы дәлелдер арқылы жол тартады, яғни олар адамның қолынан жетектеп, есікке дейін алып келеді. Алайда ішке кіре алмайсыз. Одан әрі ихсан сырының тылсым әлемі басталады. Өмір бойы іздеген ғайып табылып, ар-ұждан Жаратушысының үнін естиді»[1].

Әлбетте, мұндай таным дәрежесіне асыл дін һәм діни таным ғана жеткізеді.
Толстой, Шәкәрім танымы тұрғысынан келсек, елді рухани пәктікке жұмылдырған дін – дін де, ақ-қараны шатастыртқан  “дін” – сандырақ.
Таза діннің шын негізін
Ұстаған бір пенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ
Дін тазасын діннен ізде
Дін шатағын сынға сал.
Анық айна өзіңізде,
Айда ақылды қаттырақ
Шала дінді пән де таппас,
Дін тазасын ой табар.
Еркін ақыл тіпті адаспас,
Кезсе кірсіз жарқырап...

Мұны айтқан – Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы. Ол бұл ойын 1924 жылы қағазға түсіріпті. Осы ағартушы ақын бір өлеңінде елді алдап, иманын сатқан намазхан молдадан тасқа табынса да, арға ұйыған адам артық дейді. Бұра тартса, бүгінгі “тәңіршіл-бұрханшыларға” бұл пайым оңтайлы-ақ көрінер еді, алайда осы тұста қажы-ақынның шын мәнінде нені көксегенін білу қиын емес. Шәкәрім “Мұсылмандық шартында” бүй дейді:  “Ей, достар, зинһар кәпір болатұғын істерден қатты сақтану керек. ... Құмалақ салған, жауырын жаққан, бір нәрсені ырым қылған – бәрі солардың жолдасы. Бәрінен де аулақ болу керек. Осындай нәрселер адамды жаман үйретіп, не болса соны әдейі қылғызып, бейне бір сондайдан бір білім қасиет шығатындай көріп тұрады. Тастың үңгірін, жалғыз ағашты әулие деп, мал түнетіп әлем байламақ – бәрі сондай жаман іс”.

Жалпы дінге қатысты пікір-пайымдарды таразылауда біз тарихи тұлғаларымыздың танымына табан тіреп жатамыз. Бұл ақыл-ой тәжірибесіне, дәстүрге адалдықты танытса керек. «Ислам, – дейді біздің заманымыздың білімдары Фетхуллаһ Гүлен, – күллі жаратылыстың діні. Бұл – күллі әлем Алланың заңына бағынады деген сөз»[2]. Олай болса, дүниедегі үйлесімділіктің бұлжымас заңы бар. Әрбір қоғам, ұлт соған қалай қол жеткізді немесе қол жеткізуге тырысуы керек – мәселе осында.

Қазақ ұлттық ұйысу мен ағаруды күн тәртібіне қойған ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында дін мәселесі болғанмен, діндер мәселесі жоқ еді. Патша өкіметінің қанша жерден қылышынан қан тамса да, мұсылман – мұсылман, христиан – христиан, мәжуси – мәжуси-тін. Әрине, діндер мәселесі сып-сипа жоқ еді деу де артық шығар. Біздіңше, оның нышаны ғана болды. Өмірлік бір мысал келтірейік. Қайраткер Әлихан Бөкейханның әйелі – Елена Яковлевна Севостьянова. Ол омбылық оқығанның қызы-тын. Сондықтан Е.Я.Севостьянова өз дініне, діліне адал боп қалды. Ел сөзіне қарағанда, Әлиханның шешесі ұлына: «Мойнында кресі бар әйеліңді ауылға әкелуші болма!» – деп, қатты ұрысқан. Сондықтан Ә.Бөкейхан еліне соғарда орыс әйелін (біреулер  «оның арғы тегі – орыстанған сыған» деседі) Семейге тастап кетіп жүрген... Тағдырға шара бар ма, ұлт мұңын жанымен түсінген азамат «тең құрбы» табам деп, қиналды ма, жоқ жаза басты ма – мұны бір алла біледі. Біздің білетініміз: осы Елена Яковлевна Әлиханға болашақ жолы ауыр ашылса да, ұрпақ ізін жалғастыратын Сергей атты ұл және  «қазақ» десе қоң етін кесіп беруге бар абзал жан боп өскен, кейін елшіл тұлға – Смағұлдың жары Елизавета есімді қыз сыйлады. Ә.Бөкейханның ұлтпен байланысқан тамырының әсері ме екен, әлде ұятының күштілігі ме екен, ел ортасында Сергей – Үгідай, Елизавета – Зейнеп аталды. Сөз жоқ, Е.Я.Севостьянова бұра тартса, өзге діннің тар ұстанымымен шектеушілікке барса, Ә.Бөкейханның қайраткерлігіне зиянын да тигізер еді, балаларын (әсіресе, Елизаветаны) тамырсыз да қылар еді. Абыройына қарай, олай болмады. Ол маңдайын иіскемеген енесінің – Әлихан анасының мысын сезінгендей боп өмірден өтті. Осы деректерден соң есімізге Фетхуллаһ Гүленнің «Ниса» сүресінің 19-аятына сүйене отырып айтқан «Отбасылық байланыстарды қорғау мәселесінде әйелінен гөрі еріне көбірек жауапкершілік жүктеледі» деген сөзі еске түседі[2]. Түрік ғұламасы тағы да былай дейді: «Ашығын айту керек, «діни төзімділік» түсінігі өз бастауын исламның бұлжымас қайнар көзінен алады»[3].

Ал, енді Ахмет Байтұрсынұлына тұрмысқа шыққан орыс қызы (Александра) Ислам дінін қабылдап, ресми атын да Бадрисафа деп өзгерткені мәлім. Бұл жерде, әрине, әңгіме екі қайраткердің  “қатынға мықтылығы”, не  «әлсіздігі» турасында емес, қарапайым отбасы жағдайында діндер мәселесінің туындағанында болып отыр. Әрине, Алаштың екі тұлғасының отбасылық өмірінде олардың қағидатшылығы (принципі), елшілдігі һәм тазалығы үлкен рөл атқарды. Екеуі де жұбайларына қазақ ұлтын, мұсылмандықты сыйлата алды. Осы ретте бүгінгі заманның ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің мына пайымы ақылға сыйымды: «Осы мүбәрак әлем жеке бас пайдасын ойлаудан бас тартып, өзгелердің бақыты үшін өмір сүруді мұрат тұтқан, риясыз пәк жандардың арқасында өз орнын табады.

Міне, сол кезде жаһанның шығысы да, батысы да мұсылмандарға құлақ асатын болады»[4].

Отбасын ұлт аясымен астастыра қарағанда, бір жағынан отаршыл империяның ашқарақтана өңмендеуінің, екінші жағынан қауқарсыз мәдениеттің қауқарлы мәдениетке жеңілуінің әсерінен қазақ ішіне рухани сенім тайталасы ене бастады. Бұл тайталасты реттейтін діни күш бізде тым әлжуаз еді. Сонымен бірге дамуға бет алған ұлт дамыған ұлттардан көп нәрсе үйренетінін ескерсек, осы кезеңде алаш жұртында байқалған өзін-өзі сақтау инстинкті (түрлі жойылудан іштей сақтану) мен қилы орынды-орынсыз қорқу елді көбіне аулақтануға қарай қамаған. Бұған бірер мысал келтіруге де болады. Айталық, қайсыбір молдалар кезінде Ә.Бөкейханды орысшыл, тіпті  «дінге жат» деп, халыққа қарсы қоюға дейін барған. Мұндай пиғыл қайраткер Мемлекеттік І Думаға сайланар тұста (1905-1906) көп байқалған. Әрине, онсыз да қоян жүрек боп қалған халық  «кәпірден» сақтанады. Бірақ кешікпей (әсіресе, «Қазақ» шыққанда) ел кімнің кім екеніне көзі жетті. Сөйте тұра қаймана жұрттың болмысын, қабылдауын ескеріп діннің мәнін түсіндіру, орынсыз таласты мәмілеге келтіретін хақтың жолын көрсету, бір сөзбен айтқанда,  «Мұсылман мен кәуірдің Арасын өтіп бұзып дінді ашу” (Қазтуған) – күн тәртібінде тұрды.

«Дін саналы тіршілік иелеріне бағытталған. Демек дінге адамдар өз қалауымен мойынсұнады. Дін адамның еркі мен қалауын елеусіз қалдырмайды. Оған тосқауыл да жасамайды. Керісінше, ол ізгілікке шақырады. Ізгілік болғанда да шынайы ізгілікке үндейді», – деп жазады Фетхуллаһ Гүлен[5].  Ендеше, тайталасқан ХХ ғасыр басында ұлт оқығандары «білім – Батыста» дей отырып, «кәпір» болып бағаланған дүниелерді қалай қарапайым жұртқа зерделете алды? Осы бағыттағы Алаш зиялыларының алғашқы таңдаулы еңбегі – Әлихан қаламынан туған «Дін таласы» атты аударма дер едік.

«Дін таласы», немесе «Сурат кофеханасы» атты әңгіменің түпнұсқасы француздан алынған. Оның авторы – Бернарден де Сен-Пьер. Французшадан орысшаға аударған – Лев Толстой. Әлихан осы орыс нұсқасын тәржімалаған. Бүгінгі қазақ ғылымына белгілі дерек: Ә.Бөкейхан мұны алғаш «Сурат кофейнесі» деген атпен және бірсыпыра мәтіндік түсініктерімен «Дала уалаятының газеті» басылымының 1900 жылғы 10-11-сандарында жариялаған. Осыдан соң біршама мәтіндік өзгерістермен әрі жаңа атпен  («Дін таласы») «Қазақ» газетінің бастапқы үш нөміріне бастыртқан. Әлеуетті ұлт баспасөзінің қоғамдық-саяси мақала-лардан өзге «Дін таласы» аудармасымен ашылуы – ел зиялыларының дінге деген көзқарасының қандайлығын айқын аңғартады. Осы көзқарасты Исламды меңгеріп барып басқа діндердің жайымен танысқан Шәкәрім мына өлең жолдарына сыйдырған:

Ақылмен нанбай иман жоқ,
Ойлаудан ақыл тыйған жоқ.
Талай дінді тексердім,
Ешбірі миға сыйған жоқ.
Тамам діннің түбі бір,
Боянған, бұзған салып тұр,
Бір орынға жиған жоқ.

«Хақиқат нұрдың жарығын көрген» ақын, әлбетте, бар дінді бір жерге жи демейді, хақ жолымен анығын тауып, танығын тастап, сау ақылыңмен («Сау ақыл – менің иманым») сарапта, байыпта дейді. Гуманист-қайраткер Ә.Бөкейхан осы ойды жаңаша қырынан дамытып: «Бостандық, теңдік, туысқандық – 18 ғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған – Франция жұртының саяси ерлері. Осы үш түрдің бәрі біздің Шариғаттан (Құран), Інжілден, Будда оқуынан, Л.Н.Толстой философиясынан табылады, көзі ашық талапты ер ізденсе», – деп жазады.

«Дін таласы» әңгімесінің мақсаты – діни таласқа нүкте қою, адамдарды бір-бірін сыйлауға жұмылдыру. Шығармаға Үнді жеріндегі Сурат қаласында, кісі келім-кетімі көп кофеханада өткен елеусіздеу ғана оқиға өзек болған. Бәрі де жүйесіз оқудан миы шатасқан парсы оқымыстысының қызметшісінен (құл, мәжуси) «Құдай бар ма?» деген сұрағынан өрбиді. Құл «құдай» деп мойнындағы ағашты көрсетеді. Әңгіме-таласқа мұны жарымес санаған брахман, иаһүди, католик, протестант, мұсылман-түрік араласады. Бәрі де  “менің дінім мықты” деп, бой бермейді. Пәтуаға келмей, улап-шуласады. Таласқа тек «конфуций мәзһабындағы бір қытай» ғана араласпайды. Даурыққан топ енді «жөнін сен айт!» деп осыған жүгінеді. Қытай: «Менің байқауымша, адамдарды дін турасында бір ынтымаққа келтірмейтін – жалғыз-ақ намыс» дей отырып, аспандағы күн туралы тәжірибесіз, надан түсініктен ғылыми түсінікке дейінгі көзқарастарды басынан кешкен оқиғамен сабақтастыра ғибрат айтады. Сөйтіп келіп, бұл кейіпкер бүй дейді: «Күллі дүнияға сыймайтын ұлығ тәңіріні һәр жұрт өзінің ғибадатханасына қамағысы келеді. Оған адам салған ғибадатханалар қандай болғанымен жетер ме? Ғибадатханалардың үлгісін адамдар құдай жасаған дүниядан алмай қайдан алды? ... Бірақ көктей салынған күмбез бар ма? Теңіздей су сауыты бар ма? Тәңірінің ізгілігін ыспаттайтын құдай өзі дүнияға шашқан нығыметіне жететін мадақ сөз бар ма? Адамның жүрегіне жазып қойған құдайдың өз кітабындай шариғат кітабы бар ма? Жақын үшін жанын пида ететін ерлікке жететін құрбандық бар ма? Құрбандық қабыл болуына ізгі адамның шын ықылас-көңілінен артық орын бар ма? Неғұрлым құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын, құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болуының мағынасы: рақметін көріп, рақымды болмақ, мейірбандығын көріп, мейірімді болмақ. Біреудің көзі соқыр, біреудің көңілі соқыр. Көзі соқыр жарықты көрмей, күн жоқ дер, яки күнге көзі жетпей, көріп отырған шамын күн деп білер; көңілі соқыр – қылықты айырып құдайды танымай, құдай жоқ дер, яки қолына ұстап, көзімен көріп отырған ағашын құдай деп білер. Қай соқырлық та болса – кемшілік. Бірақ соқырлығының бейнетін һәркім өзі көреді...».
Бернарден де Сен-Пьердің ақыл һәм сезім қаза-нында қайнап шыққан, Л.Толстой мен Ә.Бөкейханның пәк жүрегіне құйылған асыл сөз, таза ой – осы.

Біз аударма-әңгіменің тууын «Қазақ» мақсатымен тоқайластырдық. Әлихан осы өреде тәржіма соңында: «Басқалар да Толстой көзімен қараса, осы күнгі  Балқанда судай ағылып-төгіліп жатқан қанға орын табылмас еді», – деп ескертіпті. Бұл ретте оның 1913 жылы жазған мына пікірі жоғарыдағы сөзбен сабақтасып жатыр: «Балқан соғысы... білімсіздіктен емес. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес – мінезден... Жақсы мінезге тоқтаған адам аз».

Көрсеқызарлық, өзгені қор көру, халықты «адал» боп алдап, аярдың қылығын істеу әлемдік саяси сахнадан күні бүгінге дейін түскен жоқ. Толстой мен Әлихан алаңдауы, қамығуы қазір де өткір күйінде тұр.

Алаш зиялылары «Қазақтың» беташар санында «Дін таласын» жариялау арқылы өздерінің ақиқатқа, тазалыққа, теңдікке адалдығын аңғартты. Осы газет діні бөлек болса да, ділі таза қаншама адам туралы (мысалы: Потанин, Семенов, Мечников, Скалозубов, Обнинский, Жан Жорес, Геловани, Риканов, Гладич, Дзюбинский, Волков, Виноградов, Шишкин, т.б.) кісілікті пікір білдірген. Патша отаршылдығы тұсында Петерборда отырып қауқарсыз қазақ жұртына болысқан орыс зиялыларын біз қазір білеміз бе, жоқ па? Білмесек, «Қазақ» бетіне үңілейік. Таза дін мұнарасынан қарасақ, милләт-мәзһабы өзге болса да, әлсізге жақтасқанның ісі – имандылық. Осы орайда Фетхуллаһ Гүленнің әдемі бір сөзі бар. Ол былай дейді: «Дін – біртұтас, мынауысы қолайлы, анауысы көңіліме жақпайды дейтіндей бөлшектеуге келмейді. Басқаша айтсақ, адам ағзасы сияқты біртұтас жүйесі болмаса, оны дін деп айтуға ауыз бармайды»[6].

Дүниенің аса күрделі түйінін шешер жол, Ә.Бөкейхан айтқандай, біздің діни құндылықтардан да табылады. Айталық, діні басқа туыспен қатынас туралы, рухани талас жөнінде әл-Бұхари жинаған «Хадистерде» («Сахих әл-Бұхари») не делінген? Асма ас-Сыдық Мұхаммед Пайғамбардан: «Анам пұтқа табынушы еді, енді сол кісімен қарым-қатынас жасауым керек пе?» – деп сұрапты. Пайғамбарымыз: «Иә, араласуға тиіссің», - деп жауап қайырыпты. Сондай-ақ Айша Мұхаммед Пайғамбардың мына сөзін жеткізген: «Расында Алланың адамдар ішінде ең жек көретіні – таласта мәмілеге келмейтіндер». Ал енді Әбу Хурайра жеткізген мына ақпар тіпті құнды: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бүй деді: «Аллаға, ақырет күніне иман келтіргендер көршісіне зиян тигізбесін; Аллаға, ақырет күніне иман келтіргендер қонағына құрмет көрсетсін; Аллаға, ақырет күніне иман келтіргендер жақсы сөз сөйлесін әйтпесе үндемесін!». Міне, осындай рухтағы діннен біреулер өшпенділік, жамандық іздеп әуре... Олар білсе дейміз-ау: хақ пен ақ бір сөз екенін, «хақы» (хұқы) дегеннің де түбірі – хақ екенін.  «Право» дегенді жаратқанның тазалығына балаған діннен жамандық күтуге бола ма?..

Жалпы қазіргі дінаралық татулық, сыйластық мәселесі Исламда әлімсақтан бар. Дін тарихын мұқият зерттеген Фетхуллаһ Гүлен: «Тарихқа көз салар болсақ, мұсылман елдерінде яһуди мен христиандар әрдайым терезесі тең өмір сүргендігі белгілі. Батыс зерттеушілері мойындағандай, христиандар мен яһудилер өз елі мен жерінде дәл мұсылман еліндегідей жайлы өмір сүрмеген. ... Олардың өз мектептері болатын, салт-дәстүр, ғибадаттарынан бастап өздерінің барлық діни құндылықтарын сақтап келген»[7]. Түрік ойшылы қазіргі белгілі топтар исламға жауып жүрген «догматизм», «деспотизм мен теократия», «фундаментализм», «құқық шектеушілік» сияқты жалаларға байланысты да ақылмен тойтарыс берген. Мұны «тойтарыс» дегеннен гөрі «қате түсініктерді түзеткен» деу дұрыс шығар. Мысалы, «Батыстық дін тұжырымдамасы ғылым мен сенімді бөліп қарастырады. Ал, исламда олар керісінше бірін-бірі толықтырып отырады. Құран әрбір адамды өзінің сана-сезімін, ойлау қабілетін толықтай пайдалануға шақырады», «Исламда ресми шіркеулік иерархиялар да, шіркеулік жүйелер де жоқ», «Фундаментализм дінде фанаттық әрі догматтық жолды ұстануды білдіреді. Оның исламмен еш байланысы жоқ», «Ислам қағидаттарында шектеушілік деген жоқ. Сырт салт-дәстүрмен келген белгілі қоғамдардағы шектеушілікті ислам діні ұстанымымен шатастыруға болмайды» т.б. Ф.Гүлен пайымы қай аудиторияның болсын көкейіндегі сұрағына жауап береді деп ойлаймыз.

Әлемге танымал түрік ойшылы дінге, рухани танымға қатысты қайшылыққа көбіне-көп мұсылмандардың өзі себеп болып, содан опық жеп жататынын да айтады. Рас, орынсыз таластан, өкінішке қарай, Исламды тұтынатын елдер құралақан емес. Діндер таласы болып жатса түсінікті-ау, ал бір дін ішіндегі алалыққа не дерсің. Құранда  “сен – сунитсің, сен – шеитсің” деп бөлу жоқ, олай болса Исламды бөріге жем қылған – жаһилдік, туысты жат көру, ақылды сыйламау демеуге шараң қалмайды. Әріге бармай-ақ қояйық, туысқан Түркиядағы бүтін исламды “ит талағандай қылған” ханифит, шафит (суниттер), алевит, кызылбаш, нусайрит (шеиттер), бекташи, мевлеви, мелами, халвети, байрамы, рифаи, жеррахы, накшибенди, тиджани, сулейманджы, ышыкчы т.б. ағымдар туралы не айтуға болады? Сондай-ақ мұнда не дін екенін түсініп болмайтын езид пен бехаизм бар[8].  Әне бір жылдары сол елге діни қуат жинаймыз деп жастарды аттандырдық. Өз бетімен барғандар және бар.Енді ойлайсың: оларды мынаның қайсысы  “ағартты” екен деп. Естуімізше, Қазақстанда Құбыланы (Қағба) қабылдамайтын, намазды өзінше “оқып”, күні-түні бас шайқайтын бірер діни топ бар көрінеді. Осыдан бірер жыл бұрын «Біз Құранға ғана сүйенеміз, Хадис, тәпсірді керек етпейміз» деген де ағым пайда болды. Осыдан кейін «рухани қауіпсіздік мәселесі құр сөз боп қалмаса игі еді» дейсіз. ХХ ғасыр басында өмір сүрген Түркістанның қалам қайраткері А.Фитраттың бір драмалық шығармасында батыстық кейіпкер: «Біз исламды қабылдап, Құбыланы өзгертеміз», – деуші еді. Соның кері келгені ме?..

Бізде  “тұнығынан су ішу” деген ұғым бар. Шәкәрімнің  “Дін тазасын діннен ізде” деген ойы да осыған саятын секілді. Негізінен ислам дінін тұтынатын елдер осыны ойлауы керек емес пе?! Бұл туралы түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүлен былай дейді: «Ислам әлемі... Ондай әлем жоқ. Жеке мұсылмандық деген ғана бар. Әлемнің жеке аймақтарында жеке мұсылмандар бар. Олар бөлек-бөлек, бір-бірінен алшақтаған. Мен өз басым Құран мен Хадистің анықтамасына сай нағыз мұсылмандарды көріп отырған жоқпын. Өзгелермен бірлік құра алатын, мәселелерін бірге шешетін, ғалам туралы ой-пікір өрбітіп, онда да Құранды басшылыққа алатын, артықшылығын дөп басып, болашақ үшін жоба жасай алатын, ондағы өз орнын анықтай білетін мұсылмандар болмайынша, мен мұсылман әлемі бар деп айта алмаймын. ...Сондықтан әзірге мұсылмандықты жалпы мәдениет мағынасында ғана айтуға болады»[9].  

Енді осылай кете береміз бе?
Бұған бүгінгі қазақ зиялылары да бас ауыртады. Елінен алыста, Америкада ғұмыр кешіп жатқан Фетхуллаһ Гулен де осы үшін қам жейді. Ол: «Мұсылман елдерінде ар-намысынан арылған, өзін-өзі ұстай білмейтін, өзгелерді жанына жуытпайтын, қабағы қату, тұйық мінезді адамдар пайда бола бастады. Ондай адамдар өздерінің ұйымдарын өз мақсаттарынан жоғары қойды. Мұндай тар ойлаушылық дәруіштер мекенінде, монахтар тұратын жеке бөлмелерде, өкінішке қарай, медреселерде де болды. Негізі бұның бәрі әрбір аймақтағы беделді адамдар арқылы өзгертіліп, жаңартылуы керек» дейді[10].  Мұнда, сөз жоқ, ойшыл діни парасат пен сарабдалдықты айтып отыр. Жалпы, Ф.Гүлен еңбектерінде дін тазалығы мен діндегі тазалыққа бастайтын негіздер туралы көп айтылған.
Сонымен, ғасырдан-ғасырға жеткен асыл дініміз дәл бүгін қоғам үшін айрықша ұстаным мен тұжырымдаманы талап етіп тұр. Әлем бейбітшілікке, өзара сенімге, дамудың тұрақтылығы мен зерделілігіне ұюы тиіс. Кешегі Шәкәрім, бүгінгі Фетхуллаһ Гүлен айтқан «дін тазасы» деген – осы. Біз тазарған сайын ғаламдық үйлесімділікте боламыз және әлем ғимаратын сәулелендіруге үлес қосамыз.


    
[1]    Ф.Гүлен. Иман аясында, 2008, 16 бет.
    
[2]    Ф.Гүлен. Очерктер, мақалалар, пікірлер. Алматы, 2008 жыл, 27 бет.
    
[3]    Сонда, 102 бет.
    
[3]    Сонда, 120 бет.
    
[4]    Ф.Гүлен. Ғасыр тудырған күмәндар. І том. 2009, 120 бет.
    
[5]    Ф.Гүлен. Ғасыр тудырған күмәндар. ІІ том. 2009, 81бет.
    
[6]    Сонда, 84 бет.
    
[7]    Сонда, 69 бет.
    
[8]    «Турецкая Республика». Москва: Наука, 1990, 23-30 стр.
    
[9]    Ф.Гүлен. Очерктер, мақалалар, пікірлер. Алматы, 2008 жыл, 148 бет.
    
[10]    Сонда, 148 бет.


 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.