КӨҢІЛДЕ КҮМӘНДІ ОЙ ҚАЛМАС

Фетхуллаһ Гүленнің
«Ғасыр тудырған күмәндар»
кітабын оқыған соң жазылған жыр

Күндер батарын білеміз, таңдар атарын,
Жоғалған сәттің сеземіз жанға батарын.
Сүйенген иең қаншама мықты болса да,
Адамға емес, ей, мүскін, Аллаға табын!

Санаңды сансыратпасын сайрандап елес,
Ақылың – сабыр, жүрекпен ойлан да кеңес.
Ұлағат болар ұлылық көптік етпейді,
Ұлының бәрі бірақ та пайғамбар емес.

Қай әрекетің сірә да қалар ма тегін,
Зардабы жойқын болады жаман қатенің.
Жүрегіңе иман ұялат, қарсы алар сонда
Мәңгілік бақыт ордасы – барар мекенің.

Қалпына келмес сан сәулет қайтадан бұзса,
Бейбіт өмірді ақындар аңсар абызша.
Адамзатқа сын – ақ жолмен адаспай жүру,
Қисаю оңай ілкі сәт шайтан азғырса.

Ізгілік, иман – өмірден тапқан расым,
Адамзат көшін сол екен баққа бұратын.
Алланың басқа салғанын көтеру де ерлік,
Сен қалай болсаң – дәл солай басқарыласың.

Жаратушының жар қылып жанға аманатын,
Көңілге шуақ себер жыр сан жазар ақын.
Шапағат тарап Пайғамбар хадистерінен,
Күллі адамзатқа дарысын Алладан рақым!

Аллаға сенген бас иіп ұранға дара,
Пайғамбар өтті сандаған ұлан далада.
Жер үсті пейіш төріндей гүлденер еді,
Бағынса барлық ақыл-ой Құранға ғана.

Айналып бара жатқандай жаз елес күзге,
Болымсыз сауық-сайранға мәз емеспіз бе?!
Гүленге бір сәт жүгінсек артық болмас-ау,
«Ғасыр тудырған күмәндар» аз емес бізде.

Ислам діні иманды тамшылатқанда,
Санаға құйып тұрады таң шуақты Алла.
Жаратылыстың құпия әлеміне енсең,
Гүленнен жауап табасың сан сұрақтарға.

Шөлдесе сана біліммен суармай болмас,
Ғылым мен білім мәңгілік сыңар ғой жалғас.
Ғаламның тылсым сырына құлаш ұрғанда,
Гүленді оқысаң көңілде күмәнді ой қалмас.

Мүлгіген ми мен сананы оятпадың ба –
Желеу бар онда адасып, саяқ қалуға.
Насихат ұғып Гүленнен, Құранға бас қой,
Бағытың анық – Құранның аяттарында.

Сенімнің түсі кіршіксіз секілді ақ кілем,
Жаратушының берері жасыл бақ кілең.
Ниетің түзу болса егер имани нұрды,
Санаңа құйып береді
Фетхуллаһ Гүлен!
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.