МӘҢГІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ШЫРАҚШЫСЫ


Әрбір пенденің жаратылыс міндетінің ыңғайына қарай құдай қосқан кәсібі де бар болғандықтан ба екен, қайдам, бірден жақсы дүние көре қалсақ, әдебиет пен өнерге қатысты дүниені іздейміз. Бұл енді әбден сүйекке сіңген әдет, сөз өнерін ар‑намысымыздай көретін мінез ғой баяғы. Мұндағы меңзеп отырғаным соңғы кезде қазақ жұртшылығына һәм зиялы ортаға тәп‑тәуір танылып үлгерген түріктің аса парасатты ғалымы һәм ойшылы һәм діндары Ф.Гүлен кітаптарын қарастырғанда да бірден әдебиет пен өнерді, өнер мен әдебиетті іздедім. Біз болсақ, оқығанымыз да, тоқығанымыз да сәт сайын бақылауда болған жүйенің азаматтары болып қалыптастық, мына Анадолының азат ұлдары өнер деген асылға қалай қарайды екен? Бізді қызықтырғаны осы болды.

Қолыма ертерек түскен еңбектің аты «Ғұмырлық өлшемдер», таяуда түскен кітап «Баян» деп аталған екен. Екеуі де өз елімізде, қазақ тілінде тәржімеленіп баспа бетін көрген дүниелер. Ф.Гүленнің пайымы, жалпы жаратылыс жайлы, тіршіліктің түрлі қырық қатпарлы, шырмауықтай шырмалған заңдылықтары жайлы ой‑толғамдары, нақты түйгендері осы кітаптарда молынан көрініс тауыпты. Өнердің ілкі мақсатын айтқанда ғалым мынадай пайымдаулар жасайды: «Өнер – дамудың рухы және адамның асыл қасиеттерін шыңдайды. Оның аса қуатты мүмкіндігін уысынан шығарып алған бейбақ дарындар денесінің жартысы жансызданып қалған сал адамдай өмір сүреді», «Адам өнер арқылы уақыт пен кеңістіктен қара үзіп, қалаған бағытына құстай ұшып, жұлдыздай ағады».  

Тағы бірде өнердің өз мақсатын басып озып дамылдайтын жерін, яғни нәтижесін былайша айшықтайды: «Адам баласының жан сарайын жауқазынға айналдыратын, ішкі тереңдігін бейнелейтін бірінші «сурет» – өнер. Иә, өнердің арқасында ең терең сезім мен ойлар, таңқаларлық жаңалықтар, ең шынайы тілектер таспаға жазылғандай жазылып, бейне бір мәңгілікке айналғандай болады», «Өнердің иманмен серіктес болуының арқасында емес пе, осы керемет әлемнің салтанатты, көркем ғибадатханалары, көкке сұғынған мұнаралары, әрқайсысы өз алдына ізгі хабар ұсынған мәрмәрдағы әдемі түстер мен мотивтері, жазу өнерінің алтынмен өрнектелген тамаша туындылары, ескірмейтін кестелер және көбелек қанаттары сияқты әсем нақыштарымен көз тоймас әсем түстер мен заттардың көрмесіне айналғаны».
Ал әдебиет жайлы ғалым не дейді:

«Әдебиет мағыналы болғанда әдебиет. Сондықтан айтылған сөздердің қысқа әрі нұсқа, бірақ аса бай және терең мағыналы болуы маңызды. Мұны кейбіреулер бұрынғылардың түрлі классикалық әдеби тәсілдерінен іздесе де, менің ойымша, оны шалқар шабыттан туған көркем ойлардан, болмысты түгелдей құшағына бөлей алған кең қиялдардан, дүние мен ақыретті бір ақиқаттың екі жүзіндей көре алған иманды және сарапшы рухтардан іздеу керек», «Кез келген шындық әуелі адамның рухында бір негіз ретінде пайда болады. Сосын ол «сезіледі». Содан соң сөзбен, қаламмен, басқа да құралмен жан бітіп, асылданады және нүкте-нүкте, сызық-сызық болып өнер объектісінде немесе бүтіндей бір өнер туындысы ретінде көрініс табады. Осындай туындының уақыт пен кеңістіктен тыс деңгейге көтерілуі толығымен сенім мен иманның ақиқаттың ақ жүзіне қаншалықты ынтық болуына байланысты».

Мұндай кесек тұжырымдардан кейін еріксіз ойға қаласың...

Бүгінгі біздің һәм оқып һәм оқытып жүрген ізгілік ғылымдарындағы қасаңдық қасқиып алдыңнан шығады. Ислам ғалымының мәселенің түпкі нәтижесін, тоқетерін сөз еткені жан азығы өнер екенін жеп‑жеңіл түсіндіргені санаңды сәулелі айдындарға самғатады. Ұлттық әдебиетіміздің және оны танып білудің түп-тамыры бесаспап ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұраларынан басталады. Ол өзге де ғылым салаларымен қатар, жалпы көркемөнер, оның ішінде сөз өнері туралы ғылыми түсінікті алғаш рет қолданғаны бесенеден белгілі. Атап айтсақ, “Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері”, “Ғылымдар энциклопедиясы”, “Өлең кітабы”, “Өлең өнерінің қағидалары туралы”, “Поэтика және поэтикалық ойлау”, “Поэтикалық шығармалар түрі” т.б. Аристотель дегенде, алдымызға жан салмай өнер дүниесін сөз еткенде, өз ғұламаларымызды ауызға алмайтын әдіснамамен жетілдік. Мәселенің қасиетін айтудың орнына ол туралы мыңдаған анықтаманы оқытуда да алдымызға жан салмадық. Советтік, соцреалистік тәсіл бізге әлі күнге дейін соны үйретуде. Қазіргі жастарға жаңа оқулық жазылып үлгірген жоқ. Сананы улаған әдіснамалар сол бағзы әдетінен танбауды. Бұл тұрғыда ашығын айту қажет жастар рухани түрмеге қамалуда. Алайда оларды кім қамауда ұстасын? Сананы құрсаулау нендей жүйенің қолынан келсін? Соңғы кездері руханият дүниесі біздің заман үшін аса күрделі болып келген методологиялық сауалдардың тігісін сау еткізіп сөгіп, нақты шешімін беруде. Сондай ғұлама ғалымның қатарына өз басым Фетхуллаһ Гүленді атар едім.

Өзегінен ажыраған ғылымымыз бүгінде қайта тірілуде. Өзінің шынайы негізін іздеуде.

VІІІ ғасырда Түрік қағанаты құлағаннан кейін түркі тілдес тайпалардың мәдениеті, өнері, әдебиеті және тілінің тарихи дамуы мен өркендеуінің негізгі орталығы қазақ даласы болғаны мәлім еді баршамызға. Бірақ мұның бір ғана әттеген‑айы түгесілмейтін болып алды. Байлықты байлық деп бізге білдірмеді. Ата дініміз исламның таралуы төл танымыздың тынысын тарылтты деп жазу һәм жаздыру модаға айналды. Мұндай масқараға біз әбден көнбіс болып та алдық. Ғалымдар да көнбіс болып алғандай сыңай танытады.
Өзегімізден ажыратты дегеннен шығады М.Хорезми, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Райхан Бируни, Әбуғали Ибн Сина, Ә.Фирдоуси, Рабғузи, М.Қашқари, Қ.А.Иассауи, О.Хайям, Ж.Баласағұни, А.Жаухари, Ысқақ әл-Фараби, Жанақ әл-Қимақи сынды ғұламаларымызды жүйелі оқытар кез жетті емес пе?! Аталған ғұламалардың барлығы мұсылман екендігі біздің санамызға әлі жетпегендей. Абай еңбектері солардан нәр алса өзгесі қайда қалмақ. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген Абай, «жаратылыс мақсаты баян» деп отырған бүгінгі Ф.Гүлен – барлығы бір тәспінің тастарындай емес пе?!

Ф.Гүлен өзінің «Баян» атты кітабында әдебиеттің мақсаты жайлы аса заманауи тұжырым жасайды. Бұл ең алдымен «өнерді тек қана өнер үшін» деп қана шектелетін пайым емес. Жаратылыс тылсымдарын тану, одан ғибрат алу – міне өнер мен әдебиеттің ілкі мақсаты. Ф.Гүлен пайымдары бізге осыны баян етеді. Баян дегеніміз не? Әдебиет дегеніміз не? Сөз өнері дегеніміз не? Бұларды тәспінің тасындай бірлікте жетелейтін нендей мақсат?

Бұл сауалдарға кітапта былай деп жауап берілген: «Ой-толғау қазыналардың есік құлыптарын ашатын бір ғана кілт – баян, кіндікті айланып жүретін ұлан-байтақ әрекет пен қозғалыстың қызыл түймесі – баян, патша мәртебесімен тіршілікке араласу қабілетімен жаралған адам баласының тағы – баян, қаламы – баян, қылышы – баян және сұлтандықтың негізгі заңы да баян». Иә, әлбетте, әлбетте... Өзімізге тосын көрінгенмен, рухымызға туысындай көрінген мұндай түйінді сөздер – қазақ сөз зергерлерінің баға жетпес байлығы ғой...

Автор: «Барлығымыз – бір-бір тіл, ал тілдердің жаратылыс мақсаты – Баян» дейді. Ал мұның қай жағынан алып тарата айтсаң да таусылмас қазына екеніне бір ғана басы ашық мәселе бар: ол осы ойшыл еңбектеріндегі шабыт пен қайнардың көзі – ол иман ауылынан сусындаған ондағы мәңгілік құндылықтардың шексіз баяны. Осы себепті өз басым Ф.Гүленді – мәңгілік құндылықтардың шырақшысына теңер едім...

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.