АДАМЗАТ ОЙЫНЫҢ ОРТАҚ МҰРАТЫ


«Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйінерге жарар ол...»
Абай

Адамзат тарихы әр дәуірде, әр кезеңде өздерінің ой-парасатымен, білік-білімімен, кемеңгерлік болмысымен, берісі ұлт дамуына, әрісі әлемдік құнды-лықтарымыздың молаюына орасан үлес қосқан тұғыры биік тұлғаларға бай.

Жерүсті өркениеттерінің арғы-бергі тарихына көз жүгіртер болсақ, сол тұғырлы тұлғалар адамзат баласына ортақ сауалдарға жауап іздеу арқылы өз ұлтының көкейкесті мәселелерін жалпыадамзаттық таным мен талдау биігіне көтеріп отырған. Соның нәтижесінде ұлттың ойлау шеңберінің шек-шекарасы кеңейіп, оның әдебиеті мен өнерінің, ғылымы мен білімінің, бір сөзбен айтар болсақ, рухани кеңістігінің абырой-беделі әлемдік сипатқа ие болған.

Бұл, бірінші кезекте, ұлт пен ұлт ойының даралануын танытса, екінші кезекте, тұлғаның ғаламдық ойлау биігіне көтерілгенін аңғартады. Сондай тұлғалардың өмір, қоғам, заман, адам, ғалам хақындағы толғаныс, пікірлерін жан-жақты танып, зерттеп, зерделеу арқылы біз тұлғаны жаратқан халықты танимыз, уақытты, уақыт тудырған объективті, субъективті факторларды, қоғам мен заманның кескін-келбетін дәйектер тарихи ақиқаттарды танимыз.
Айталық...

Біздің дәуірімізге дейінгі ондаған ғасырлардың адамзат дамуындағы орнын анықтар бағзы Қытай мен Үнді мемлекетінің, ежелгі Мысыр мен Бабыл елінің, ертедегі Грекия мен Римнің, көне Түркі мен Парсы жұртының пайда болу, гүлдену кезеңдерін зерттеумен қатар, бүгінгі ұрпақ сол іргелі мемлекеттердің тарих айдынында сақталып қалуына орасан үлес қосқан тарихи тұлғалар жайлы да мол мағлұмат алғылары келеді. Шынында да, Конфуций ұстанымдары мен ертедегі Үндінің философиялық тұжырымдарын, Гомердің ғажайып дастандары мен Аристотельдің бай мұраларын, Заратуштраның өмір, қоғам хақындағы толғамдары мен Анахарсистің (Анарыстың) өлмес сөздерін; Герадоттың ұлы тарихы мен Кай Юлий Цезарьдің тарихи жазбаларын, т.т. ерте дәуірдің көрнекті тұлғаларының шығармаларымен түбегейлі таныспай тұрып, олардың дәуірі жайлы толық мағлұмат алу мүмкін бе?!
Әрине, мүмкін емес...

Немесе адамзат ойының дамуы мен өркендеуін жаңа дәуір басы мен орта ғасырдағы «Шығыс  жұлдыздары» атанған Рудаки, Сағди, Хафиз, Хайам, Науои, Физули, Фирдоусисіз, әлем екінші Аристотель деп мойындаған отырарлық ұлы бабамыз Әбу-Насыр әл-Фарабисіз, Түркістаннан шығып, күллі Ислам әлеміне аты мәшһүр болған Қожа Ахмет Иассауисіз, түркі жұртының ардақтысына айналған кемеңгер Мәулана мен адамзат ойының кеңістігін сахаралық салқар кеңдігімен толықтырған данышпан Абайсыз, т.т. сол сияқты Батыс пен Шығыс өркениетінің өрелі тұлғаларынсыз қалай елестетуге болады?!
Әрине... Елестету қиын...

Бұл Шекспир, Сервантес, Байрон, Бальзак, Гете, Гейне, Шиллер, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Достоевский, Хемингуэй, Шолохов, Әуезов, Айтматов, Ясунари, т.т. тәрізді әлем әдебиетінің алыптарымен жақсы таныс қазіргі кезеңнің көзі ашық, көкірегі ояу адамдары үшін жаңалық болмасын білеміз...

Кітапхана сөрелері жетімсіреп, интернет дейтін ақпараттың сұрапыл көзі сана мен жадыға үздіксіз «шабуыл» жасап жатқан бүгінгідей жаһанданудың жойқын дәуірінде біреуді бір нәрсе айтып, таңданту оңай емесі белгілі. Оның үстіне ғасырлар жаратқан құндылық атаулыны қайыра екшеуге салып жатқан жұмбағы мен сыры мол жиырма бірінші ғасыр көбімізге, бейнелеп айтар болсақ, оқылмаған қалың кітап секілді... Мінезі қандай? Сұранысы қандай? Күні кеше ғана әлемді тітіренткен державалық елдердің тарих аренасындағы орнының ауыса бастауы жаңа мүдделер қайшылығын тудырып отырғанына қалай көз жұмуға болады?! Басқасын былай қойғанда, жер есімді ортақ үйіміз шиеленіскен мақсат-мүдделердің қара қайшысына қайта түсе бастағаны нені білдіреді?! Неден сақтануымыз керек? Ненің алдын алуымыз керек? Өз мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбайтын әлгі әлемдік алпауыттардың қолдан қақтығыс жасап, діндер мен діндердің, мәдениеттер мен мәдениеттердің, өркениеттер мен өркениеттердің арасына өрт салуға ұмтылып отырғанын қалай жоққа шығарамыз?
Иә...

Көктен түскен төрт  кітаптың ешқайсысы да адам баласын имансыздыққа тәрбиелеп, қылмысқа, қантөгіске итермейді. Он сегіз мың ғаламды сағат, сәт сайын елегінен өткізіп, жұмыр бас пенденің ойы мен санасын сынға салып отырған Ұлы Жаратушы алдында бәріміз бірдейміз. Бір діннің екінші бір дінді жоққа шығармауы тиіс. Бір өркениеттің екінші бір өркениетті мансұқтауы қылмыспен пара-пар саналуы керек. Кез келген мәдениеттің ұраны Имандылық болғанда ғана жер үстінде үйлесім орын теппек. Ұлы Абайдың сөзімен айтқанда, жер бетін жайлаған бүгінгі Адам-Ата Хауа-Ананың ұрпағы «атаның баласы болмай, адамның баласы болу» міндетін мықтап түсінер кезеңге келді. Қатары күн санап көбейіп, жердің асты-үстіндегі тіршілікті қамтамасыз етер табиғи байлық көздерінің сарқылуға бет алуы, рухани дағдарысқа қоса, экологиялық азу, жүдеу мәселесінің етек алуы алты миллиардтан асып жығылған адамзатты ойлантып отырғаны айдай ақиқат...

Алла Тағала адам баласына жер есімді жұмаққа бергісіз ғажайып қоныс берді, өмір берді, ақыл-парасат берді. Иә, ақыл-парасат! Бұл – жұмыр басты пенденің ең ұлы қазынасы, ең ұлы байлығы! Дүниені игеру мен сақтаудың басты құралы да осы ақыл мен парасат. Орнымен, көзін тауып, жұмсай алсақ, Алланың адамға берер ырыздығы ешқашан ортаймайды. Ал көзін тауып жұмсай алмасақ, Аллаға өкпе айтпауымыз керек... Айналып келгенде, өсу де, өшу де адамның өзіне байланысты. Күшке сену, билікті адамды жұмсау мен қоғамды қайырып отырудың құралы деп ұғу – шолақ ойдың жемісі. «Әлемді сұлулық сақтайды» дейді орыстың ұлы жазушысы Федор Достоевский. Бұл мәселенің бір жағы ғана. Әлемді сақтау үшін әуелі Адамды сақтауымыз керек. Адамды сақтаудың жолы – ақыл мен парасат!
Міне... Даму мен өркендеудің қанат жайған ұлы мекені – қасиетті қара жер қазіргі таңда осындай күрделі, қиын мәселелермен бетпе-бет келіп отыр.

Бұл – екінің бірі білетін ақиқат.

Бұл – екінің бірінің ұйқысын қашырған уақыт шындығы.

Бұл – алуан-алуан қиын да қиянатшыл мінезімен тұрлаулы тарихтың еншісіне айналған жиырмасыншы ғасырдың бізге аманат етіп қалдырған күрделі мәселелері... Күрмеуі қиын күрделі мәселе оң шешімін күтеді. Ондаған елдің жүздеген ойшылдары мен мыңдаған қайраткерлері осы орайда «атын арытып, тонын тоздыруда». Бүгінгі адамзат ойын алаңдатып отырған қиындық пен қиянатқа қарсы әрекет жасау жолдары мен тәсілдерін ұсынушылар қатары күн санап молаюда.

Солардың бірі, бірегейі – қазіргі таңда есімі алты құрылық арасын бөліп жатқан ой мен сана, дін мен дін, өркениет пен өркениет, тіл мен тіл алшақтығын өзінің қайраткерлік бітімімен, қаламгерлік дарынымен, ойшылдық терең қарымымен, адамгершілік пәрменімен, ізгілік пен имандылыққа шақыратын тұлғалық болмысымен жеңіп келе жатқан, жер үсті тұрғындарына атымен бірге аңызы қоса жайылған заманымыздың үлкен ойшылы Фетхуллаһ Гүлен.

Фетхуллаһ Гүленнің айтқандары мен жазғандары бүгінде Кіші Азия түбегінен шырқай көтеріліп, Азия, Еуропа, Америка құрлығының ұзына бойын кезіп жүр. Осы бір өмір сүруді адамдар арасына дәнекер болу, ізгілік үшін күресу, рух тазалығы мен жан тазалығын қамтамасыз етер ұстанымдарға арнау деп ұғатын қайсар жанның бар ғұмыры туған халқының көз алдында келеді. Фетхуллаһ Гүленнің өмір жолы – Батыс пен Шығыстың күнгей көлеңкесін қатар көріп, екі түрлі өркениеттің додасына қатар түсіп келе жатқан түрік бауырларымыздың өмір жолы. Тамыры мен тегі ғасырлар қойнауына кетер үлкен жүректі азаматтың таза түркілік болмысынан екі ғасыр тоғысының еркін ойлы, білімге кенен, мінезге бай кескінін көреміз. Арғы-бергі дәуірлердегі тұғырлы тұлғаларша әріден толғап ой айтар, әрі теолог, әрі философ, әрі ақын, әрі журналист, әрі ұстаз Ф.Гүленнің біз білетін тағдыры – жеңіл деуге келмейтін, өзін үлкен-үлкен мақсаттарға арнаған кескекті жанның тағдыры. Ф.Гүлен шығармаларын оқып, Ф.Гүлен ойларынан сусындаған оқырманның бұл тоқтамға иланары күмәнсіз. Үлкен мақсат қашан да үлкен байлам мен үлкен ойдан бастау алады.

Ғұлама жанның бала кезі заманында жарты әлемге ықпалын жүргізген Осман империясының орнында пайда болған Түрік Республикасының қалт-құлт етіп қатарға қосыла бастаған жылдарымен тұспа-тұс келеді. Оның, өз сөзімен айтқанда, заманы, туған ортасы, өскен қоғамы аса күрделі болды. Батыс жұрты «қиық ай» мен «крест жорықшыларының» сандаған ғасыр жан алысып, жан беріскен қанды майданын әлі толық ұмыта қоймаған, сондықтан да «түрік» деген бір ауыз сөздің салқыны саналардың біразын аяздай қаритын өткен ғасырдың 40-50-ші жылдары осы бір қоңторы мінезді түріктің шалғай ауылында туып-өскен бозбала имандылыққа жетелер ұстаным мен тегеурінді мақсатты киелі кітап – қасиетті «Құран-Кәрімнен» табады. Жас жігіт кісілік асыл қасиеттерді барынша бойына сіңірген, соның нәтижесінде иләһи ақиқатты адамдар жүрегіне мінсіз жеткізген Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбармен (с.ғ.с.) тілдеседі. Пайғамбардың мына Ұлы Жаратылыс пен жер үсті тіршілігі хақындағы ойларына қанығады; Оның дәуірбөлгіш, яғни ескі кезеңді тұйықтап, жаңа кезеңге жол ашар тарихи тұлға екеніне көзі жете түседі...

Соғыс сұрапылын көзімен көріп, елуінші жылдардағы азап-мехнаты шаштан асар қасіретті кезеңді жан-тәнімен сезінген ұрпақтың өкілі ретінде Ф.Гүлен адам баласын «құдайсыздық дертінен» құтқарудың бірден-бір жолын осы Ислам алдындағы тазалық пен діндер арасындағы келісімнен, сондай-ақ ғаламға имандылық нұрын себер адамгершілік харекеттерден іздейді. Ф.Гүлен өз ұстанымдарын сол өткен ғасырдың соғыс зардабы сана атаулыдан ұзай қоймаған кездің өзінде әуелі адамзаттың рухани дағдарысын сейілтуге, сөйтіп барып, өз ұлтын өркениет өрісіне алып шығуға бағыттайды. Ф.Гүленнің жалқы мақсаттар қорығына қамалмай, жалпының қамын көбірек ойлайтын идеялары мен ұсыныстары өз кезінде өз замандастарына бірден ұнай қойған жоқ.
Бұл өткен ғасыр ақиқаты еді...

Бұл «халық санасына кім көбірек ықпал етуі тиіс» тәрізді бедел үшін жүргізілер майданның көрінісі-тұғын.

Дүниені күшпен, қарудың қаһарымен бағын-дырудың күні өткенін, әрі бір ұлттың екінші бір ұлтқа, бір діннің екінші бір дінге, бір мәдениеттің екінші бір мәдениетке тізе батыру жолымен ықпал жүргізудің де келмеске бет алғанын ашып айтқан үлкен гуманист Батыс пен Шығыс арасына диалог көпірін орнатуды ойлады. Бұл идеялардың өмірге келген тұсы, қарап отырсақ, әлемде қарулы қақтығыстардың, нәсілдік кемсітулердің, нашақорлықтың, кедейлік секілді өркениет өрісін тарылтып, қоғам дамуына көп кедергі келтірер қиын жағдайлардың асқынып тұрған кезеңі болатын. Әлем екіге бөлініп, екі лагерь арасындағы ымырасыз күрес немен аяқталарын білмей, дүние дел-сал күй кешіп тұрған тұста айтылған осы бір «рухани дағдарыстан шығу» мен «құдайсыздықпен күрес» идеялары ойы сергек жандарды өзіне жалт қаратып, ұйқыдан оятқандай болғаны анық.

Ресми ақпарат көздерінің айтуына қарағанда, Ф.Гүлен қаламынан туған шығармалар қазіргі таңда 60-тан асып жығылады. Бұл шығармалар өзінің жазылу үрдісі мен үлгісі жағынан, жанрлық өрісі тарапынан әралуан. Қазіргі заман тынысын аңғартар көркем шығармалар, мақалалар, сұхбаттар, теологиялық терең толғаныстар, монографиялық іргелі еңбектер. Үлкен жүректі азаматтың ойының кеңістігін, кеңдігін танытар әлемнің әртүрлі басылымдарында жарық көрген дүниелерінен замантанудың, қоғамтанудың, адамтанудың соны үлгісін көруге болады.

Ф.Гүлен ойлары өзінің озықтығымен, айтылу үлгісінің жаңашылдығымен дараланады. Әрі қарапайым, әрі терең, әрі оқырман жүрегіне тез жетіп, көңіліне тез қонақтар ұғынықты баяндау үлгісінде өрнектеледі. Адам баласына ортақ құндылықтарға тән кең өрістен көрінеді. Әрбір қарапайым пенденің санасын қозғайды. Ой түюіне көмектеседі. Ортақ ойға, ортақ мүддеге жетелейтін осынау жалпыадамзаттық концепцияға негізделген ғұлама жанның қанатты идеялары бүгінде 130-дан астам елге еркін жайылып отыруы тегіннен-тегін болмаса керек.

Өз басым осыдан он екі жыл бұрын Ыстамбул қаласында құрылып, бүгінде әлемнің біраз еліне қанат жайған Диалог Еуразия Платформасының жұмысына қызу араласа бастағалы Ф.Гүлен идеяларын ой сүзгісінен жан-жақты өткізіп келемін. Әуелгі кезде Жерорта теңізінің ақ толқындарына кеудесін тосқан бейбітшілік дейтін киелі ұғымның шашылған шағын аралдарындай елестейтін «диалог орталықтарының» қарлығаш-қанат ұсыныстары келе-келе Еуропа мен Азияның айдынды кеңістігіне еркін қанат қаққан ақиық қырандардай көзге түсе бастады. Төркінінде «қырғынға жол бермеу керек», «күш көрсету – келмеске кеткен құрал», «адамзатты апат пен кесапаттан сақтаудың жалғыз жолы – диалог», «келісу мен келісім» тәрізді ұрпақ санасын білік пен білімге, сабыр мен төзімділікке шақыратын Платформа жұмысына қазіргі таңда жиырмаға тарта елдің бетке ұстар зиялыларының жұмыла араласуы әлгі идеялардың өміршеңдігін аңғартады.

Ф.Гүлен ұсынар өмірді тәртіпке келтіру мен дүниені реттеудің қарапайым ғана жолы қазіргі аса күрделі, тұрмыс кешу мен өмір сүрудің аса қиын заманында әрі өтімді, әрі нақты болып көрінері шүбәсіз. Ф.Гүлен қазіргі заман мен қоғам ауруын емдеудің жолын: бірінші, надандық пен қараңғылық азабынан арылудан; екінші, жоқшылық пен кедейшілік дейтін кесапатпен құтылудан; үшінші, жікшілдік, топшылдықпен ымырасыз күрестен іздейді.

Уақытқа қойылған анық, дәл, нақты диагноз. Кез келген адамның санасына саңылау тауып өтетін өмірлік ұсыныстар. Өз басым бір дәуірдің ауасын қатар жұтқан замандасы ретінде Ф.Гүленнің ойлары мен өз ойымның үндестік тауып жатқанына қуанамын. Менің ара-тұра күнделік жазып, ой-толғаныстарымды қағаз бетіне түсіретін әдетім бар. Осыдан жеті жылдай бұрын (16.09.2003 ж.) күнделігіме мынадай бір ойлар түсіпті: «Адамды ақылынан айыру үшін көп тер төгіп, қиналудың керегі жоқ... Кеше американдық бір атақты миллионер екі мыңдай адамды алаңға жинап, жасанды үрлегіш мылтықпен доллар шашқан... Е, Құдіреті күшті Жаратушы! Мен әлгі бірін-бірі таптап, бірін-бірі жаншып талапайға түскен, ақшаға таласқан алаңдағы адамдарды көріп отырып, қатты күйзелдім, шошындым. Сұмдық-ай! Не деген қасірет! Өркениетті надандық! Адамды ақылынан айырған әлгі миллионерден гөрі мен дәл осы сәт ана ақша үшін бірін-бірі жұлып жей жаздаған, ақыл-естерінен айырылған алаңдағы ессіз жұртқа қарап отырып, іштей налыдым. Ашуландым... Ашындым... Қоғамымыздың көңіл ауанына, өміріне, ақиқатына тым ұқсас осы бір сәт менің  жан дүниемді әлем-тапырақ етті...
Адамдарды ойладым...

Ақыл-ойсыз өмір сүріп, ғұмыр кешіп, өз тамырына өзі балта шауып жатқандарды ойладым...
Не істеуге болады?!
Адамзат қайда барады?!
Жер дөңгелеп, қайда кетіп барады?
Біз қайда барамыз?!».

Жүрегімді қақырата жарып шыққан осы бір сөздер төркінінен Ф.Гүлен айтқан әлгі уақыт дертін анықтайтын диагнозды сезінгендей болдым. Бұл жәй үндестік пе? Жоқ. Бұл, шамасы, мені мазалаған ойларға ғұлама кісінің аузымен айтылған өмір, қоғам, уақыт хақындағы жауаптың үндестігі болуы тиіс деген тоқтамға келдім.
«Сабыр түбі – сары алтын» дейді қазақ халқы. «Сабырлы жетер мұратқа» дейді тағы да біздің ой мен сөзді серік еткен дана жұртымыз. Осы тұрғыдан келгенде, Ф.Гүлен ұсынар іргелі ойлардың Диалог Еуразия Платформасының алтын арқауына айналуы, алты құрлық белдеуі мен ендігін жайлаған мыңдаған ғасырларға созылар тарихы, тағылымы бар адамзат баласының ақыл-парасатының жаңғыра жалғасуы, сабырға жүгініп, төзімділікке бет бұруы біздің ертеңге деген сенімімізді бекітеді.

Ф.Гүлен айтқан заман ақиқаты – қай-қайсымыздың да жүрекпен сезініп, оймен тоқып келе жатқан өмір ақиқаты. Әлемді құтқару – адамды құтқару, адамның жанын, ойы мен парасатын құтқару!..

Түркі жұртының бүгінгі таңдағы ой әлемінің туын биік көтеріп, өркениеттер мен өркениеттер арасына көпір болып жүрген заманауи тұлғаның оқырманына берері мол.
Әлемдік өлшем биігіне келтірген осынау ой жауһарларымен қара орман қазақ оқырманы да таныса бастады. Фетхуллаһ Гүленнің «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар» деген іргелі еңбегі мен әлем жұртшылығына жақсы таныс өзге де туындыларының қатарында талантты жас қаламгер Мәлік Отарбаевтың тәржімасымен «АнАрыс» баспасынан жарық көргелі отырған «Баян» кітабының да алаш оқырманы үшін орны бөлек. Жазылу үлгісі өзгеше, берер тәлімі мол. Әсіресе кітап қаламгер қауымының ойынан шығар деген үміттеміз. Аталмыш жинақта «Әдебиеттің құдіреті», «Тіл мен ойдың тереңдігі», «Өлең ақиқаты», «Жүрек пен рух көкжиегі» тәрізді мақалалар әдебиетші қауымның діттеген жерінен шығуы мүмкін. Автор «Баян – әлем кітабының мәні мен рухы, болмысы мен тынысы, түр-түсі мен реңі, өрнегі мен бейнесі. Сонымен қатар, ол – Хақ жолы – Ислам ақиқатының мөрі, қылышы және қаламы. Алтынның құнын зергер парықтаса, Баянның қадірін сөз көсемі сөзгер біледі» деп, ең асыл сөздің, ең жауһар жәдігердің өзі Алланың Сөзі екенін білдіреді. Онан әрі өнерді өмір деп ұғар қаламгер-ойшыл «Біздің дүниеде әр пайғамбар – сөз көсемі, ал әр әдебиетші – сол көсемдерден шашылып дарыған сәуленің бір-бір көлеңкесі» деген бұрын-соңды айтылмаған жаңа ой сорабын алға тартады. Кішкентай өзгерістен үлкен, өрелі ой тоқып, әр құбылыстың табиғаты мен жаратылысынан ғаламдық сипат іздеуге ұмтылатын үлкен ақын, көрнекті дінтанушы, кемеңгер ойдың иесі Сөз өнерінің адам өміріндегі орнын, қоғамдағы беделін осылай бағалайды.

Біз жаһандану дейтін жанға тыныштық бермейтін, жойқын мінезді дәуірде өмір сүріп отырмыз. Жаһандану ақпарат пен байланысқа кең жол ашқанымен, адамдар арасына ой арқылы, жүрек арқылы орнығар байланысты тарылта бастаған бүгінгідей техногенді дәуірде «Баян» авторының осы бір «әттеңіміздің» орнын толтырар рухани азық ұсынуы – ортақ олжамыз.

Сонымен... Берісі – түркі халқының даңқты перзенті, әрісі – адамзаттың ортақ тұлғасы – Фетхуллаһ Гүленнің еңбектері қазақ жұртына жол тартып отыр. Біз мұны ұлт мерейі мен мәртебесін асқақтатар киелі тәуелсіздігіміздің жарқын көрінісі деп бағалауымыз керек. Ф.Гүлен шығармалары, сөз жоқ, бауырлас екі халық арасындағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бедерінде ойсырап келген рухани байланыстың орнын толтырар, екі елге де тиімді, екі елге де пайдалы, тарихи тағылымы мол шара. Өйткені бұл еңбектер – оқырман жанын тазартар, байытар қазыналы туындылар. Ғаламның тұтастығымен жер есімді планетаның бір бүтін екенін ой арқылы толғатып, жүрек арқылы өткізудің жөні бөлек екенін сезіну, жаратылыс пен Жаратушы арасындағы тылсым сырға ден қою жұмыр бас пенденің ұрпақ, ұлт, адамзат алдындағы жауапкершілігін күшейтері хақ.

«Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін», дейді халқымыз. Адамзат баласының жаңа дәуірін жүрегі мен ойы арқылы өткізе отырып, өркениет өрісін кеңейтуге ұмтылған кенен ойдың иесі,  түрік жұртының тұлғалы перзенті Ұлы Дала оқырманымен аман, абыройлы қауышқанын тілейік!
Алла ой биігінен кездесуге жазсын!

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.