АКМЕ-ОЙ ҰСЫНУШЫ ТҰЛҒА


«Фетхуллаһ Гүлен кім?» деген сұрақты маған жиі қоюда. Сұраққа жауап  беру үшін, алдымен адамның өзі не айтарын анықтап алуы керек. Олай болмағанда қарадан қарап күнәға батуға болады. Адам туралы әншейін сөз айта салуға болмайды, оның үстіне Фетхуллаһ Гүлен секілді есімі әлемге кең тараған тұлға туралы. Маған қойған сауал сияқты, мен де біршама білімді, көргені мол деген адамдарға Ф.Гүлен туралы талай сұрақ қойдым. Енді сол алған жауаптарымды, оның жазған кітаптары мен мақала-сұхбаттарын және оның ағартушылық саласында атқарып жатқан істерін жинақтай келе, осы азамат туралы бірер сөз айтуға құқым бар деймін.

Біріншіден, Ф.Гүленді көріп, кездесіп сұхбат-таспасам да, оның атқарып жүрген ағартушылық ісімен он шақты жылдан бері таныспын. Ол Қазақ елінің барлық дерлік қалаларында ашылып, жемісті қызмет атқарып жатқан қазақ-түрік лицейлері. Бұл оқу орындарында жүздеген қазақтың қыздары мен ұлдары білім алып, бүгінде мемлекет, қоғам істерінде қызмет атқаруда. Қазірде жүздеген шәкірттер білім алуда. Бұл лицейлерде Қазақ еліндегі этнос өкілдерінің балаларының бәрі тегіс білім алуына ешқандай шек жоқ. Сондықтан лицейлерде орыс, татар, т.б. этнос өкілдерінің ұл-қыздарын көруге болады. Оқу жүйесі, тәртіп-тәрбиесі қоғамның көңілінен шығуда. Бұл оқу орындарын тәмамдаған жеткіншектер төрт тілді меңгеріп шығуда, олар: қазақ, орыс, түрік және ағылшын. Бұл жақсылық нышаны. Оқу жүйесінде біз аңғарған діни сабағы, соған сай ашық діни тәрбие жоқ. Себебі, Қазақ елінде оқу-ағарту жүйесі зайырлы. Бұл қалып осы оқу орындарында негізінен сақталған, сондықтан да халық балаларын осы оқу орындарына беруге ынталы. Бұл жағдайды Түркияның премьер-министрі Реджеп Ердоганмен кездескенде де айттым, осы лицейлерде оқып жүрген шәкірттер жаратылыстану мамандықтары бойынша әлемдік деңгейдегі әртүрлі олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болуда.

Бұл құптарлық іс. Және айтарым, осы оқу орнын тәмамдаған жастардың дені жоғары оқу орындарына еркін орналасуда, яғни сынақтан сүрінбей өтіп, студенттер қатарына қосылуда. Міне, осындай ағартушылық өріс ашқан адам, ол Фетхуллаһ Гүлен. Оның бұл ізгілікке бағытталған ісін қалайша қолдамасқа. Мұндай мектептер әлемнің көптеген елдерінде қанат жайған екен. Бұрын-соңды мұндай жағдайды естімеппін. Мұндағы мақсат не деген сауал еріксіз әркімнің санасына ұялайды.

Мақсат, адамзат баласына игілікті істі атқару.  Бұл Биік Идея. Ф.Гүлен  мырза сондай биіктікке шыққан адам. Бұл істе оны қолдаушы Жаратушыдан басқа екі күш бар, бірі іргелі тарихы терең, әлемдік саясатта өзінің нық орны бар, аса қуатты мемлекет Түркия. Ф.Гүлен мырза осы қасиетті Түркияның асыл азаматы. Бұл ел өз азаматын қадірлей білетін, саналы саясат жүргізе алатын, әлем таныған мемлекет.

Екінші күш, ол Түркия елінің іс басындағы азаматтарының игілікті де мағыналы мәселелер төңірегінен шыға келетін ынтымақ-бірлігі. Түркияға әлденеше рет барып жүріп, оған әбден қанық болдым. Әрине, үлкен ел болған соң әртүрлі пиғылды жандар, топтардың болуы табиғи жағдай, алайда игілікті, ізгілікті іс төңірегінде топтаса алатын азаматтардың болуы Ф.Гүлен мырзаның ойлаған ойын іс жүзіне асыруға мүмкіндік беріп отырған кемелді шаруа. Бұл өнеге тұтарлық жағдай, әрі елдіктің белгісі. Кемелді елдің атқарар істері осындай болмақ.

Екіншіден, Фетхуллаһ Гүлен мырза идеясының негізінде Еуразия аймағының журналистері мен жазушыларының бастауымен халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасы құрылды. Бүгінде оның құрамында 16 ел өкілдері бар. Жылына әлденеше рет осы елдерде іс-шаралар үзбей өтілуде, оның басшылары болып Әзірбайжан халқының белгілі жазушысы Анар, Түркия елінің көрнекті ғалымы Ілбер Ортайлы, Ресейдің белгілі ғалымы Ростислав Рыбаков, бүгінгі таңда қазақ халқының көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин мырза басшылық жұмысында. Бұл платформаға әр жылдары заманымыздың көрнекті жазушысы, белгілі әлемдік деңгейдегі қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматов, қазақтың мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев т.б. қатысты.

Диалог Еуразия Платформасының мақсаты да ізгілікке, татулыққа, бірлікке негізделген. Бұл жаңаша тәртіппен өмір сүру талабынан туған ізденіс. Тарихта ілгеріде не болмақ? Егер татулыққа бастайтын тың жол іздемей, ескі ізбен жүре берсек не болмақ? Өткен тарихтан не іздесең, бәрін табуға болар, бірақ болашаққа қажеттісі адамзатқа ортақ құндылықтар жүйесі емес пе? Ендеше, олар қандай? Осы мәселелер «Диалог Еуразия» Платформасының әр мәжілісінде әр түрлі қырларынан, кемелді әңгімелерге тақырып болуда. Бұл ізгіліктің  нышаны емес пе? Қазақтың ақыны, ойшылы Абай «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» - деген ХІХ ғасырдың екінші жартысында әлемдік деңгейдегі биік ой ұсынып еді, сондықтан адам баласының татулығы деген қазақ халқында, түрік халқында терең тарихтан келе жатқан асқақ идея.  Бірлесіп, ақылдасып отырып кеңес құрсақ ізгілікті істерге өріс ашпаймыз ба? Әрине, ашамыз, ол үшін ақ ниет, ізгі тілек, бір-бірімізді түсінуімізге ынта қажет. Міне, Диалог Еуразия Платформасының жұмысының мақсаты. Бұл да Ф.Гүлен мырзаның адамшылық туралы үлгі боларлық ойларынан туындаған жағдайлар.

Мемлекеттер арасында дипломатиялық қарым-қатынастар болады, оның өзінің механизмдері бар. Біздің министрлер, министрліктердің мемлекеттік тұрғыдан атқаратын жұмыстары болады. Диалог Еуразия Платформасы – мемлекеттік емес ұйым, бұл халықтық ұйым. Халықтың зиялы бөлігі бір-бірімен араласқысы, сөйлескісі, бірін-бірі білгісі, түсінгісі келеді. Бұл соған жасалып отырған мүмкіндік. Зиялы қауым өкілдері бір-бірімен араласып, сұхбаттасып отырса, ол тамаша емес пе? Тіл деген адамды адам етіп тұрған қуат. Тіл адамға не үшін берілген, қарым-қатынас үшін берілген. Білім адамға не үшін керек, оны екіншіге беру керек. Ой не керек, екіншімен бөлісу керек. Бұл қоғам осы үшін құрылған. Осы мәселеге орай Фетхуллаһ Гүлен есімін ерекше айтуымыз керек. Қазір ол кісінің кітаптары жер-жерде, облыстарда таралып жатыр, қазақшаға аударылып жатыр, орысшаға аударылған. Бұл үрдіс бола бермек. Оның еңбегімен танысқандардың «Фетхуллаһ Гүленнің тілі тартымды, сөзі мағыналы екен», - деген сөздерін естіп жатырмын. Ф.Гүленнің идеясы осы Қазақстанға таралып жатыр. Ол ағартушылық бағыттағы өнер мен білімге негізделген мұсылмандық. Ф.Гүленнің оқылып, таралып жатқандығының мәні сонда. Бұл кісі білімді, ғылымды, мәдениетті теріске шығармайды, бізге керегі де сол. Кейбір исламдық ортодокстар білімді, ғылымды, мәдениетті теріске шығаруда. Олай болмайды, ондай жағдай болған. Ондай жағдаймен біз алға баса алмаймыз. Бізге исламның осындай ағартушылық бағыттағы жолы ұнайды, сондықтан Ф.Гүленнің идеясы таралуда. Қазіргі кезде Қазақстанда бір қажеттілік бар, ол зиялы қауым мен дін насихаттаушыларының арасында көпірдің болуы. Өйткені, зиялы қауымсыз дін өз бетімен болмайды, зиялы қауымның қоғамда әсері үлкен. Демек, зиялы қауым мен дін жұмысындағы адамдар ортақ сөз тапса,  біздің қоғамға қазір осындай шаруа керек.

Үшіншіден, Фетхуллаһ Гүлен ойшыл, нақты айтсақ, ислам ойшылы. Оның қаламынан шыққан біршама еңбектері қазақ тіліне аударылып, жұртшылыққа ұсынылды. Менің біліп-танысқаным мына еңбектері: «Ақырет ақиқатына сенім», «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед пайғамбар», «Иман аясында», «Ғасыр тудырған күмәндар», «Баян». Соңғы көркем аударылған еңбегінен бір мысал.

«Баян – құдірет қаламының ұшынан жоққа тамған сияның алғашқы тамшысы. Жаратушы мен жаратылыстың арасында үйлесім таба қабысып жататын сырлы қарым-қатынасты айқындап, тезге салып отыратын да сол баян. Жер жүзі тозаңынан түйірімен, топырағымен, суымен, лай-балшығымен иленіп, қалыпқа түскен адам – тек ғылым мен ілім қайнар көзінің және баян белсенділігінің арқасында әлем патшасы мен мына дүние мешітінің жын мен адамды мінберден ағуалап-насихаттап тұратын уағыздаушысы болу сынды биіктерден мәртебеге, тіпті, одан да өрлеп аршының асқарына көтерілді».

Осыдан 15-20 жыл бұрын ислам ойшылы деген өзгелер арасында бірден күдік сезімін оятар еді. Құдайға шүкір, адамзат мұндай қарама-қарсы ойлау жүйесінен бірте-бірте арылып келеді. Жаңа заманда жаңаша ойлау, жаңаша өмір сүру дегеніміз адам-заттың ортақ құндылықтарына мойынсұнуда шығар деген ойдамын. Әркім өз діни сенімінде қала отырып, өзгелерді қабылдай алатын дәрежеде болса, қара жер бетінде, бәлкім бейбіт заман орнар ма еді, қайтер еді. Адамзатқа ортақ құндылықтар, бейбіт өмір сүру ой-санасы Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуіне негіздеме болды.

І Съезд 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде, ІІ Съезд 2006 жылдың 12-13 қыркүйегінде, ал ІІІ Съезд 2009 жылдың 1-2 шілде күндері болып өтті. Айта кететін жай, әлемдік және дәстүрлі діндердің ІІІ съезіне шақырылғандар ішінде Фетхуллаһ Гүлен мырза болды, өкініштісі, ол кісі денсаулығына байланысты қатыса алмады. Дінаралық форум қатысушылары қатарынан әлемдегі ірі конфессия басшылары, танымал саясаттанушылар, халықаралық ұйым өкілдері табылды. Қазақстан басшысының шақыруына буддизм, индуизм, иудаизм және ислам, православ, католик, протестант, конфуцилік және басқа да дін өкілдері үн қатты.

Дінаралық диалог идеясы осы жылдар барысында айтарлықтай қолдау мен дамуға ие болды. Егер 2003 ж. І Съезге 17 делегация қатысса, 2006 ж. ІІ Съезге 20 елден 43 делегация, ал 2009 жылғы форумға 35 елден 77 делегация ат салысты.

Форумға қатысушы ықпалды халықаралық институттар шеңбері де кеңейіп келеді. Олардың қатарында Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық жөніндегі ұйым, БҰҰ мәдениет мәселесі жөніндегі ұйымы, «Ислам конференциясы» Ұйымы бар. Сонымен қатар, Съезд жұмысына барлық жаңа конфессия өкілдері (тұңғыш рет ІІІ Съезде синтоизм, даосизм, зороастризм өкілдері қатысты), жаңа елдерден (Польша, Индонезия, Пәкістан, Палестина) діни қауым өкілдері қосылды.

Діндердің бейбіт өмір сүруі, экстремизмнің таралуына қарсы әрекет – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басты мәселелері.

Жаһандану және халықаралық байланыстың ары қарайғы дамуы жағдайында ғаламдық геосаяси тенденциялар, сондай-ақ көрші аймақтардағы, әсіресе ТМД, Орталық Азия және Таяу Шығыстағы оқиғалар Қазақстанның ахуалына әсерін тигізетіндігі айқын болды. Кейбір көрші елдерде әлеуметтік-экономикалық қиындықтар туындап жатқанын ескере отырып, дінаралық қатынастар саласындағы саясатты құру кезінде аталған факторға көңіл аударып, экстремистер мен лаңкестердің елімізге енуіне жол бермейтіндей шаралар мемлекет пен қоғам тарапынан үнемі жүргізіліп отыру қажеттілігі бар.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаңаша ойлаудың үлгісін ұсынып отыр, сондықтан біз Ф.Гүлен мырза идеясын да осы тұрғыда қабылдай аламыз. Мұндай ізденістер әлемнің әр елдерінде жүруде, шынында бұдан өзге жол болуы мүмкін бе?
 
Мен Ф.Гүлен мырзаға ұзақ ғұмыр тілеймін, адам-затқа акме-ойлар ұсына білетін, мұндай адамдар таза ауа сияқты – қажеттілік.
Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.