БІР ХАЛЫҚТАН – БАР ХАЛЫҚҚА

Фетхуллаһ Гүленнің есімін естісем болды әлемді шарлап ұшып жүрген ақ кептерлер қосыны елестейді. Ақ көгершіндер алысқа самғайды. Олар елді, жерді, ұлтты, тілді талғамай талмастан қияндарға қанат сілтеп кете барады. Бір кездегі бір ғана түрік халқының перзенті бүгіндері бүкіл дүниеге ортақ ұл, азамат бола бастады. Барша әлеммен әдемі диалогқа көшті. Ғалым, қоғам қайраткері Фетхуллаһ Гүлен бір жүрегімен бүкіл адамзатты сүйеді, ол – бүгінде Түркияның ғана емес, барша әлем азаматы.

«Даңқ қуған адамның жүрегін тәтті у жайлайды да рухани күшінен айырады» деген ойлы сөздер оны ешқашан бағыт алған жолынан тайдырып көрген емес. Ол мұсылманның баласы болып қана қоймай, дүниелік өркениет дәрежесіне көтеріліп, жұмыр жерді қалай тұтас көре білсе, бүкіл адамзатты бір адамның баласындай сезінеді. Ол діндерді жатсынбайды, жақындастыратын, туыстыратын жағын іздейді, соған талпынады. Діндердің ділін, тілін, жүрегін ұғуға тырысады.

Фетхуллаһ Гүленді мен ұлы ақындардың қатарына апарып қойған болар едім. Себебі, ол өмір өзендерінің ағысы мен табиғат толқындарын тамаша түсінеді. «Әрдайым күзгі жапырақтар құлап жатқан кезде қолдарымнан ажыратқандай ауырлық сеземін» деп тек ақын ғана айта алады. Пушкинге әжесі Арина Родионовна қалай әсер етсе, Фетхуллаһ Гүленге де әжесінің ықпалы орасан болса керек. Әжесі бүткіл қыстаққа Құран оқып беріп отырған, әкесі де білімдар кісі болса керек. Кейін діни ілімдерімен қатар ғылымның басқа тарауларымен де танысып бойлап барған, әсіресе, көркем әдебиет пен сопылық ілімдермен айналысады. Ел, жер аралап қарапайым халық алдында дәрістер оқиды. Жас ұрпақты бірлікке, адалдыққа, достыққа, даналыққа баулиды.

Фетхуллаһ Гүлен бұл жағынан маған Үндістанның ұлы гуманист ақыны, жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Рабиндранат Тагорды еске түсіреді. Ол да өзінің туған жері Шантикиленде жас балғындар үшін өнер мектебін ашып, талай таланттарды тәрбиелеп шығарды ғой. Фетхуллаһ Гүлен де байлық, даңқ қумай жастарды өмірге, өнерге, адамзат баласын сүюге шақырады. Бұл әрекетінің ешқандай бояма саясатпен қатысы жоқ.

Бүгінгі аласапыран заманға, жаһандану заманына, ұлы өркениетке Фетхуллаһ Гүлендей таза, биік, парасатты ғұламалар қажет-ақ, амал не жетіспейді. Фетхуллаһ Гүлен ұлы үмітке апаратын әрекеттерді уағыздаушы, таратушы адам. Үмітсіздік адамзаттың қолын байлайды, сондықтан өркениеттер бір-бірінің қолдарынан ұстап алға жылжуы тиіс дейді ол. Бүгінгі адам өзінің дүниеге не үшін келгенін білуі қажет. Алла Тағала бізге дұрыс жол таңдауға көмектессін дейді данышпан.

Миды ғылым жарығы сәулелендіріп, ал жүректі сенім шырағы жарқыратып тұрса нұр үстіне нұр. Адамзаттың түпкі мән-мағынасы жамандықпен күресіп, жақсылық жасап өту. Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасырдың ағынан қара бояулары басым болып отыр. Осы басымдықты жеңіп, ақ бояуларды көбейту үшін Фетхуллаһ Гүлен секілді ірі тұлғаларға зәруміз, біз оларсыз өмір сүре алмаймыз. Біз жүріп келе жатқан жолдарда ғұламалар жағып жүретін шамшырақтар болмаса адасып кетуіміз кәдік. Бір-бірімізге деген сеніміміз, үмітіміз, ілтипатымыз болмаса күйреу көпірінен бір-ақ шығамыз. Біз кейде өзімізді шыңырау құдықтың түбіне түсіп кеткендей сезінеміз. Құтқарушыларды іздеп жоғары қарап алаңдаймыз. Сол қиын сәттерге біздерге қарай созылған қуатты қолдар болмаса құдық түбінде шіріп құрып кетуіміз мүмкін. Сондықтан біз пенделерге самал, сәуле іздейміз, талпынамыз, ізденеміз.

Фетхуллаһ Гүлен діндер арасындағы диалогты бекерге алға тартып отырған жоқ. Материалдық пен рухани дүниенің үйлесімі, тұтастығы адамдар арасындағы татулық жоқ жерде белгілі бір нәтижеге жету мүмкін еместігін дәлелдейді. Махаббатты, тыныштықты, ағайын ауызбірлігін, кешірімді, ізгілікті, рухани кемелдікті, мейірімділікті жырлайды. Мұның бәрін ол Құранға сүйеніп айтады. Ал, ислам болса бұдан он төрт ғасыр бұрын диалогқа шақырған еді.

Адам жүрегіне апаратын ең тіке, әрі қысқа жол махаббат бекеті арқылы өтеді. Фетхуллаһ Гүлен сондай иланымы, иманы мол жолды кешіп келе жатқан әлем азаматы, ол исламның дүниежүзілік діндердің алдына шығатынына сенеді. Гете, Бернард Шоу, Толстой, Пушкин де сондай сеніммен өткен еді. Өйткені, исламда өшпенділік пен дұшпандыққа орын жоқ. Кім өз қателігін мойындап, ізгілік істерге ұмтылса, Алланың мейіріміне бөленеді. Ислам – шыдамдылық пен махаббат діні, ендеше мұсылмандар ешқашан терроршы болған жоқ, болмайды да. Махаббат шын мәнінде біздегі сенімнің солмайтын гүлі және жүрегіміздегі мәңгі патшалық символы дейді Фетхуллаһ Гүлен бір сұхбатында. Сәтсіздіктердің алдында бас имеңдер және анархистерге жол бермеңдер, қандай жағдай болмаса да үмітті жоғалтпаңдар, үмітсіздік – мойынға түскен тұзақ, ол тұншықтырып өлтіріп жіберуі мүмкін дейді данышпан.

Фетхуллаһ Гүленнің «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар» деп аталатын кітабы ғалымның үлкен жүрегінен өтіп барып, Алла Тағаланың ең ізгі, сүйікті, таңдаулы елшісі Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) ислам діні жолындағы жанқиярлық еңбектерін әлемге паш етеді.

«Үлгі тұтар көркем мінез – Алла Тағала көрсеткен көркем мінез. Ендеше, адамның көркем мінезді болуы – Алла көрсеткен көркем мінезден алуы, осыған талпынуы» деген осы кітаптағы ұлағатты сөздер тікелей Фетхуллаһ Гүленнің гуманистік әрекеттеріне, адамгершілігіне, адамзатқа деген  сүйіспеншілігіне, көркем мінезіне де қатысты айтылған сөздер екені хақ. Бұл жүректерге жол тапқан бірден бір ұлы кітап екені шындық. Фетхуллаһ Гүленнің өзі әртүрлі діндердегі халықты жарастырумен, татуластырумен келеді, оның ғибратқа толы ғұмыры соны дәлелдеп береді. Майкл Харттың «Адамзат тарихындағы ұлы жүздік» атты кітабында Хазірет Мұхаммед Пайғамбардың есімінің бірінші орын алуы таңғажайып құбылыс дер едік. Олай болса, Фетхуллаһ Гүленнің дінтануға, исламтануға қосып жүрген телегей теңіз еңбегі бүгінгі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысында орасан зор роль атқаратындығында шәк жоқ. Мыңдаған қазақ оқушыларының қуанышына арналған «Ғаламның Рахым Нұры – Мұхаммед Пайғамбар» кітабы қазақ көркем ойының және бір жайсаң биікке көтерілуіне керемет саты болып отыр.

Түріктің ғана ойшылы, ақылманы болып қана қоймай Шығыс пен Батысты деңгейлі, дарқан диалогқа шақырып жүрген сүйіспеншіліктің, ізгіліктің, махаб-баттың Елшісі Фетхуллаһ Гүлен американдық Майкл Харттың, «ұлы жүздігіндегі» бірі болуға бірден бір лайықты данагөй адам деп білемін.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.