ДАРА ДАНА


Түріктің белгілі қоғам қайраткері, дінтанушы ғұлама ғалым Фетхуллаһ Гүленнің есімі қазір төрткүл дүниеге кеңінен танымал. Ағылшынның «Prospect», американың «Foreign Affairs» басылымдары жүргізген «Әлемдегі ең ықпалды интеллектуал адам кім?» деген сауалнама бойынша көпшілік дауысты алып, ең атақты жүз адамның тізімін бастауы көп нәрсені аңғартса керек. Оның діни арқаумен көмкерілген еңбектерінде қазіргі заманның қоғамдық өмір, философия, тәрбие беру сияқты аса зәру мәселелеріне қатысты аса құнды пікірлер айтылды. Сондықтан да Ф.Гүленге деген қызығушылық арта түсіп, оның еңбектері араб, ағылшын, испан, қытай, неміс, орыс, француз сияқты әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Нәтижесінде Ф.Гүленнің ғылыми бағытын қолдаушылар көбейіп, оның идеяларын жүзеге асыруды мақсат тұтқан қоғамдық-ағартушылық козғалыс жұмыс істей бастады.

Қазақ баспасөзі беттерінде жариялана бастаған сұхбаттары, ол туралы жазылған мақалалары арқылы Ф.Гүлен Қазақстан жұртшылығына соңғы жылдарда таныла түсті. Оның еңбектері, ол туралы таныстыру, зерттеу мақалалары қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шығып жатыр. Ф.Гүлен осы саладағы еңбектері арқылы қазіргі заманғы аса көрнекті дінтанушы ғалым ретінде танылып отыр. Ғұламаның бұл тараптағы еңбектері осы сала мамандарының арнайы зерттеулерін қажет етеді. Сондықтан да біз ғұламаның қоғамдық өміріміздің әлеуметтік мәселелері хақында, әдебиет, өнер жайлы айтқан кейбір пікірлері төңірегінде ғана әңгіме өрбітпекпіз.

«Баян» жинағына ғалымның әр кездерде жазған әдеби-философиялық ой-толғаулары еніпті. Енді біз осы кітапты тілге тиек ете отырып, Фетхуллаһ Гүлен жайлы әңгімемізді жалғастыра түсейік.

Сонымен, Фетхуллаһ Гүлен кім? Оның әлемге танымал болуының сырлары қандай? Еңбектерінің бізге қатысы бар ма? Қатысы болса, несімен қажет, несімен құнды? Осы сауалдар төңірегінде ой қозғау үшін ол туралы әлемдік ауқымда айтылған кейбір пікірлерге құлақ салайық. Ол туралы Түркияның экс премьер-министрі Бүлент Ежевит: «Ф.Гүлен – ой өрісі өте кең адам», «Ф.Гүлен бізге Құдай мен адамға деген сүйіспеншілікті қамтитын сопылық тұжырымдағы сабырлы  ислам жайында ескертеді»;

Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Виталий Шеремет: «Мұхаммед Фетхуллаһ Гүлен – Ислам әлемінде өзіндік әдеби келбеті, биік беделі бар жан. Ол өз өмірі мен шығармашылығы арқылы сенімде таңдау құқығы бар, сөйте тұра өзге сенімдегі кісілермен түсінісуге тырысып, диалог құрудың қандай таңғажайып нәтижелерге жетелейтінін ұғындырады. Әлемдік өркениеттің қазіргі жаңа кезеңі соны пікірлер мен тың сөздерді талап етеді. Жаратушының  таңдауымен Ф.Гүлен соларды бүгінгі біздің беймаза өмірімізге жеткізуші»;

Ұлыбританияның Лордтар палатасының мүшесі, Лорд Ахмет: «Фетхуллаһ Гүлен – заманауи көзқарастағы ислам ғалымы. Ол бастаған қозғалысты бақылай отырып, одан бейтарап қала алмаймыз. Бұл қозғалыс – Шығыс пен Батыстың арасындағы шыңыраудың үстінен салынған жалғастырушы көпір»;
Америкадағы Чикаго университетінің профессоры Марша Хермонсен: «Ф.Гүлен – рухани ұстаз, көріпкел және лидер»;

Нидерландияның интеграция министрі Эберхард ван дер Лаан: «Ф.Гүленнің қозғалысы – бейбітшілік пен диалогты, ислам мен басқа діндердің, қазіргі заманғы басқа да ілімдердің бірге өмір сүру қажеттілігін жақтайтын қоғамдық қозғалыс»;

Германиялық доктор Райнер Херман: «Фетхуллаһ Гүлен – диалогтың адамы. Ол – террорды емес, диалогқа көпір іздеп жүргендердің естуге тиіс ақыл үні»;
Грекия православ шіркеуінің патриархы Ворфаломей: «Өзінің сабырлылық пен өзара түсіністік тұрғысындағы баяндамаларымен Ф.Гүлен барлығымызға үлгі болып табылады, ал ең ұлық идеяларымен ол – күллі адамзатқа үлгі»;

Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану инсти-тутының директоры, академик Ростислав Рыбаков: «Ф.Гүлен адамзат баласының бұдан да жоғары, сапалы деңгейге көтерілгенін қалайды. Ол үшін жағдай пісіп-жетілді, күш қолданудан бас тарту қажет деп біледі. Бұл тұрғыдан келгенде, ол Ганди сияқты»;
Ресей Жоғары экономика мектебінің профессоры Леонид Сюкияйнен: «Ф.Гүлен – интеллектуал, ойшыл, қаламгер және халық көсемі. Ол өз шығармашылығында проблемаларды саясатпен байланыстырмай көтереді»;

Америкадағы Кин университетінің профессоры Чарльз Нельсон: «Фетхуллаһ Гүлен ұсынған жоғары адамгершілік үлгісі, оның принциптері бізді адамзат игілігі үшін жанкештілікке баруға дейін қызмет етуге шақырады».

Ал, Ресей Либералдық демократиялық партия-сының лидері атышулы Владимир Жириновский өз әріптестерін: «Біздің интеллектуалдарымыздың өзі Фетхуллаһ Гүленді білмейді. Бізді тек Түркияның туристік жерлері ғана қызықтырады. Онда болған жағымсыз жәйіттерді ғана әңгімелеуге құмармыз. Ал, ұлы философ және ойшылдың бізге аса пайдалы боларлық ойлары біздерге әлі күнге дейін жетпей жатыр»[1],  – деп жазғырыпты.

Ал енді әлемдік ауқымда осыншалықты биік пікірлер туғызып жатқан Фетхуллаһ Гүленнің өзін тыңдайық:

«Жер шарын түгел жайлаған надандық, пайымсыздық пен ғапылдық күштері арқылы ылғи да тоқырау кезеңінен өтіп жатқан сияқтымыз. Басы барлар көп жағдайда селқос, басы жоқтар белгісіз бір уақытта жоғалтқан бастарын іздеумен әлек, ал парасат иелері қысым мен құрметсіздіктен азап шегуде; басты міндеті қоғамға тәлім беру, көкірекке ілім нұрын құю және ең биік адамдық өреге бағыттау болып саналатын ақпарат құралдары (массмедиа) бедел жинау үшін не істемейді; әрбір тақырыпқа ашық, үнемі қараңғы нәрселермен иттей ырылдасады; ырылдасады да әлемнің ар-намысын аяққа таптайды; күн сайын жаңа үлгі, жаңа пішінде үрей туғызып жатады; хаққа жатпайтын суреттеу мен көрсетілімдер арқылы кіршіксіз таза сана-сезімді ластап, нәпсіқұмарлыққа жетелейді... Қоғам күн сайын қиямет белгілерімен бірге жатып оянады; оянады да Сүрдің дауысын күтіп отырғандай қобалжиды... Тыныштық пен үнсіздігіміз кәдімгідей қиялға айналады... Бүгінгі күнге дейін көңілге медет болған ұлттық рух пен ұлттық ой-санамыз жаралы арыстандай... Қазірге шейін үзілмеген үмітіміз бықсыған оттай... Ерік-жігеріміз құм болып, табандылықтан жұрдаймыз. Және қоғам болып, қорқыныштан үнемі үрейленеміз. Өз-өзімізден жиреніп, алыстап кеткеніміз соншалық, сірә, өз рухымыздың өресін білмейміз, сөйте тұра рухымызды таразылап, оған үңілгіміз де келмейді-ау!.. Рухымыз ешқашан дәл бүгінгідей аш болған емес. Қазір ше, түрлі саз-ішектерден әртүрлі әуездер мен дыбыстар шығады; бізді адам ғып қалыптастырған рухымыздың үнін тыңдай алмай келеміз; кім екенімізді, қайда тұрғанымызды, не үшін өмір сүріп жүргенімізді байқамағандай, таңдай қағамыз; жо-жоқ шошимыз, тіпті есеңгіреп қаламыз. Сенім мен сананың негізінде орын алатын ақыл мен рухымызды баттасқан кірден тазарта алғанымызға дейін мына өлім тілейтін бейшаралықтан сақтануымыз мүмкін емес сияқты деп ойлаймын»[2].

Бұл жолдар экономикалық, рухани дағдарыстан есін жия алмай жатқан бүгінгі таңдағы адамзат қоғамының жалпы рухани бейнесі дерлік. Мұны оқыған әр оқырман өз есінде орын алған келеңсіздіктер жайлы айтылып жатқандай сезінеді; ойлары бір жерден шығып жатады. Мына тіршіліктің жағымсыз жақтарынан қажып, күдер үзе бастаған оқырман өзімен пікірлес, мұңдас, жақтас тапқандай болады. Ф.Гүленнің мықтылығы оның қоғамда болып жатқан құбылыстарды жіті байқап, өзектілерін іріктей саралап, әрбір адамды толғандыратын өткір мәселелерді батыл көтеріп, көптің көңіліндегі күпті ойларды қозғай білуінде дер едік.

Ф.Гүленнің пайымдауынша, мұндай қиындықтар адамзат тарихының өн бойында жиі кездесіп отырған. Мәселе сол қиын жағдайлардан дұрыс жол тауып,  жүре  білуде.

Адамдардың бақытты ғұмыр сүретін қоғамы ежелден арманға айналған. Қазақтың ұшқыр қиялы өмір сүруге қолайлы барлық жағдай бар «Жерұйықты» өмірге әкелді. Небір ойшылдар адамдардың бақытты тұрмыс-тіршілік кешетін қоғамының қаңқасын ойша құрып, утопиялық болжамдар елес берді. Маркстің, Энгельстің, Лениннің еңбектерінде барлық адамдар бірдей тең құқылы өмір сүретін коммунизмнің ғылыми негіздері жасалып, ол жүзеге асқандай да болған. Адамзат қоғамының даму болашағы деп жүрген социалистік жүйенің де шаңырағы ортасына түсіп, бүкіл әлем дағдарысқа ұшырады. Экономикалық, рухани құлдыраудың үстіне ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар күшейді; Батыс пен Шығыстың, Ислам мен Христиан діндерінің арасындағы текетірес қауіпті жолға түсті. Әлемдік лидерлер, ойшылдар жер жүзін шарпыған келеңсіз құбылыстардың бетін қайтаратын амалдарды, бет түзейтін тура жолды бірігіп іздей бастады. Міне, осындай бір қысылтаяң кездерде Шығыстан, түркі әлемінен Фетхуллаһ Гүленнің адам баласын әлеуметтік апаттан сақтап қалуға ұмтылған даусы шықты.

«Бұл кезеңде нәпсіміз рухтың тағын тартып алды... Жүрегімізге шайтан ұя салды... Құдайдың орнын әумесер жандар басып алды... Ар-намыс табанға тапталды... Ұят пен ар намыссыздыққа ұласты... Құрметсіздік кім көргеннің табиғатына жұқты... Бүкіл атырап жағымсыздық пен сүйкімсіздіктің жәрмеңкесіне айналды... Әдептілік, сыпайылық бұрынғылардың құнсыз жолы мен тәсіліндей етіп көрсетілді... Опа, адалдық, отансүйгіштік әуелі рухтарда ұмыт болды; содан соң сөздіктерден өшірілді...
Дүниежүзін сұрапыл дағдарыс діңкелетті... Адамзат күйзеліспен... қорқынышпен өмір сүруде. Күңгірт болашақты болжау неғайбыл. Бейбітшіліктен айрылған қоғам аянышты оқиғалардан көз аша алмай, құр айқайдан ештеңе өнбеді... Залымдар дүниені қара түнекке айналдырды... Зұлымдыққа душар болған жандар үмітсіздіктің қара батпағына белуардан батты... Ластанған қолдар мен жиіркенішті жүздердің саны шексіз. Хақтан қорықпайтын мейірімсіз жандар өте көп... сондай-ақ бітпес қылмыстар...»[3],  – деп жар салған Ф.Гүленнің жан-айқай даусына әлем құлақ түре бастады. Құлақ түрді де ол тағы да не дейді екен деп, назар аударғанда, адамзат баласын имандылыққа, саналылыққа, ынтымақтастыққа, сабырлылыққа шақырған парасатты үнін естіп, үмітсіздіктің қараңғылығында жылт етіп жанған шырақты көргендей болды.

Фетхуллаһ Гүлен – қоғамда өріс алып жатқан келеңсіздіктерді көре білуші, сынаушы ғана емес, оны жоюдың, яғни қоғамды дендеген түрлі әлеуметтік аурулардан арылудың жолдарын да көрсетуші. Оның аты адамзат қоғамын тоқыратып, азғындыққа апарған әлеуметтік кеселдерді дәл анықтап, оны емдеу амалдарын дәл тапқан емші ретінде шықты. Ол – қаншама байлыққа бөгіп, сән-салтанатқа оранған қоғамның іштей іріп-шіріп, құрдымға батып бара жатқанын алғаш аңғарып, одан шығудың тура жолдарын тұңғыш рет көре білген көріпкелдердің бірегейі. Фетхуллаһ Гүлен: «Ұзақ жылдардан бері бойымызға сіңіп, сана-сезімімізді ластаған, адамдар «адамдық қалыбынан» шығарған әлгі келеңсіздіктерден арылып, ұлт ретінде исламмен рух тұңғиығымыздағы інжу-маржанға айналған өзіндік табиғатымызды, мінезімізді, пәктігімізді қайтадан табуымыз мүмкін болмақ», – деп жар салды. Оны қолға ұстағандай етіп, көрсетіп те берді. Ол – «мына бір-бірімен аралас байлықтарымыздың, рух пен көңілімізден тасып жатқан иләһи жақсылықтар мен сый-сыяпаттарға толы қазынамыздың сырлы кілті – иманымыз және оның әр уақытта жанды болып қалуының негізгі сыры – ізгілікті амал мен ынта-ықыласымыз»[4].

Адамзат қоғамын да тұтас бір организм ретінде қарастырсақ, оның да өзіндік ерекшеліктері, «физиологиясы», даму заңдылықтары бар. Соның ең бастысы – әрбір қоғамдық құрылыстың материалдық және рухани негіздері. Қоғамдық даму барысында оның осы екі жағының қатар жүріп отыруы – аса маңызды. Осы екеуінің арасындағы үйлесімділік, тепе-теңдік жойылған жерде түрлі ауытқушылықтар орын алады. Рухани байлық материалдық жағынан қамтамасыз етіліп отырмаса, ол халық аштықтан, жалаңаштықтан қырылып, колының қысқалығынан жақсы ойларын жүзеге асыра алмай, керек десеңіз жер бетінен жойылып кетуі де мүмкін. Ал материалдық молшылық рухани негізде жасалмаса, ол адам баласын тек қана жеке басының қамын ойлаған, өзге не болса, сол болсын, өзімде болса жетеді деген өзімшілдік азғындыққа апарып соқтырған, адамзат баласының ғасырлар бойы бойына жинақтаған асыл адамгершілік қасиеттерін аяққа таптаған, «адам адамға – қасқыр» деген түсінік орнаған, хайуанданған қоғамға айналады. Қазіргі адамзат қоғамының дамуында өмір сүрудің мәні байлықта, қандай жолмен болса да дүние жинау өмірдің мақсаты деп ойлап, дүниеге бас июшілік, басқаның барлығын ұмытып, дүние қуушылықтың өріс алып кеткені бар жаманшылықтың кілтипанына айналып отыр. Ф.Гүлен қоғамдық дамудағы келеңсіздіктің барлығын руханияттың ақсап жатқандығынан көреді.

Ф.Гүлен адамзат қоғамының негізі руханиятта деп біледі. Рухани тамырдан қол үзгеннің болашағы бұлыңғыр. Қазіргі заманның басты трагедиясы да осымен байланысты: «...осы келеңсіздіктердің кесірінен ұлттық рухымыздың тамыры кесілді... Ынтымағымызбен бірге өмір сүру мәдениетімізге үлкен жік түсті... Қоғам мүшелері жібі үзілген тәсбих моншақтарындай жан-жаққа шашылып кетті... Оның үстіне оңымыз бен солымызда жасанды топтасулар пайда болды... Олардың арасында өшпенділік пен дүрдараздық белең алып, бір-бірін итше талады. Уақыт өткен сайын қоғам былығып бұзылды және әлгі нұр шашқан жүздер түсін суытып ызбарланды...»[5]. «Енді жат тәрбиемен бұзып алған өзіміздің өскелең ұрпағымыз өз құндылықтарын сайқымазаққа айналдырып, ұлттық рух пен ұлттық ойдың тамырына балта шауып, бөгде сөздермен былғап жатыр»[6]. Бұл жерде Ф.Гүлен бүгінгі таңда қоғамымызда орын алып жатқан былық-шылықтардың барлығын адамдардың дұрыс тәрбие алмауынан көріп отыр. Тәрбие ұлттық дәстүрдің, рухани құндылықтардың негізінде болуы керек. «Жат тәрбие» адамды ғана бүлдіріп қоймайды, ұлтты бұзады, бүкіл адамзат қоғамын азғырады дегенді меңзеп отыр.

Ұлттық тәрбие, мәдени мұра – рухани өмірдің негізгі қайнар көзі. Өзінің өткенінен бас тартып, жүрер жолынан адасып, өзгенің жолын қуған ұзаққа бара алмайды. Өзгенің жақсысынан үйрене, өзіңнің жаманыңнан жирене отырып, өз жолыңмен жүру – өмірдің заңы. Ф.Гүленнің еңбектерін оқи отырып, осындай ойларға ересіз.

Шындығында да адамзат баласының болашағы осы тәрбиеге байланысты. Тәрбие дұрыс болса, адам қоғамы да дұрыс өмір сүреді. Дұрыс болмаса, бұзылады. «Тәрбие – тал бесіктен» дейді халық. Кезінде М.Әуезовтің «ел боламын десең бесігіңді түзе, халық боламын десең қалпыңды түзе» дегені де сондықтан.

А.Байтұрсынов еліңнің ертеңін бүгінгі мектептен көресің деген екен. Қазақтың ұлы ақыны М.Жұмабаев «Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты»[7],  – деп жазған. Түрік әлемінің шығысында осыдан бір ғасырдай бұрын айтылған осы бір ойлар күні бүгінге дейін өзінің құнын жойған жоқ. Түркі әлемінен шыққан ұлылардың ұлы пікірлерімен үндесіп жатқан Фетхуллаһ Гүленнің идеялары бұл мәселенің уақыт өткен сайын өткірлене түскендігін айқындайды.

Тәрбие дене тәрбиесі және рухани тәрбие болып, жіктеледі. Дене тәрбиесі адам тәнінің, ал рухани тәрбие жанының сау болып өсуін қамтамасыз етеді. Адамның жаны – аса күрделі құбылыс. Жанды тәрбиелеудің адамгершілік, этикалық, эстетикалық, діни, саяси сияқты көптеген қырлары бар. Тәрбиенің осындай барша түрлері белгілі бір ұлттық рухани құндылықтарға негізделіп жүргізілгенде барып, өз жемісін береді. Ф.Гүлен ойларының құндылығы сонда, ол жеке адамның тәрбиесін ұлттық, жалпы адамзаттық тұтастықта алып қарайды. Дұрысында шын мәніндегі ұлттық тәрбие жалпы адамзаттық құндылықтарға қайшы емес, керісінше, соның ажырамас бір бөлігі. Бізде осы бір аса маңызды, нәзік мәселенің байыбына онша бара бермей, оны бір-біріне қарама-қарсы қоюшылық, ұлттық тәрбиенің күні өткен деп тарихтың тастандысына айналдырғысы келетіндердің де бар екені – ащы да болса шындық.

Әлемдік мәдениет, адамзаттық құндылықтарды ғана мойындап, өз ұлтын менсінбейтіндердің шығуы – ұлт үшін, қоғам үшін аса қауіпті. Туған ұлттың тілін, сол арқылы жасалған рухани құндылықтарын тәрк етуі, өзгенікіне табыну, соны бүкіл адамзаттық өркениеттің жетістігі санап, оған ұмтылу, сонымен өмір сүру – бүгінгі космополитизмнің көрінісі. Сондықтан да мұндай құбылыстарға жол бермей, жалпы адамзаттық құндылықтардың бір бөлшегі болып табылатын ұлттық тілде, ұлттық рухта тәрбиелеу тәрбие жұмыстарының аса маңызды міндеті болмақ. Ф.Гүленнің еңбектерінде тәрбиелеудің осы сияқты өзекті мәселелеріне нақтылы жауаптар таба аласыз.

Имандылық – адам баласының бойындағы асыл қасиеттердің жиынтығы. Адам неғұрлым иманды болса, сол – нағыз адам. Қазақ имансыз адамды хайуанға теңеген. Адамгершілігі кем адамды «имансыз» атаған. Адам үшін «имансыздан» ауыр сөз болмаған. Ф.Гүлен қоғам дұрыс болуы үшін оның мүшелері де дұрыс, яғни иманды болуы керек деп санайды. Қазіргі заманда «иман» сөзі дінмен тікелей байланысты. Ал дін дегеніміз, «адам өмірінің өзгермейтін әрі мәңгілік аспектілеріне қатысы бар, іштей сезінетін құбылыс»[8]. Яғни, дін адамның рухани өмірінің негізгі бір құрамдас бөлігі бола отырып, оның мына жалғанда тура жолда жүруіне, бұзылып кетпей, адам болып ғұмыр кешуіне көмектеседі.

Ф.Гүленнің мына бір мың құбылған заманның құпия сырларын, мәңгілік заңдылықтарын аша түсуіне көмектескен де осы – дін. Дін – коммунистердің айтуындай, сананы улайтын апиын емес, керісінше, адамдардың қатыгез өмірді түсініп, өзіне лайықты бақытты өмір сүруіне көмектесетін, күш-қуат, жігер беретін, рухтандыратын ұлы күш. Дінсіз, имансыз адамдардың, Құдайдан қорықпағандар үйлесімді ғұмыр кешуі екіталай.

Ғұламаның пікірінше, «дін – дін мен ғылым, пәни өмір мен ақырет әлемі, табиғат пен Құдайылық кітаптар, материалдық пен руханилық жан мен тән секілді кереғарлықтарды табыстырады. Ол ғылыми материализмді тежеп, ғылымды өзінің шынайы орынтағына жайғастырып, ежелден келе жатқан қақтығыстардың алдын алады». Ал «Ислам – қоғамның басын біріктіретін дін. Ол әлемдердің Жаратушысы, Раббысы, Қорғаушысы және Басқарушысы болып табылатын бір Аллаға иман етуге негізделген. Ислам – күллі жаратылыстың діні. Бұл дегеніңіз, күллі әлем Алланың заңдылықтарына бағынады деген сөз, олай болса, әлемнің барлық кішкентай бөлшектеріне дейін «мұсылман» болып табылады және Аллаға мойынсұнады, Оның заңдарына бағынады»[9]. Ол Ислам дінінің адамдардың өзін қоршаған ортамен үйлесімділікте өмір сүруге үндейтін өміршең дін екендігін дәлелдейді. Ең бастысы ол басқа барлық діндерді мойындайды, «күллі пайғамбарларды және тарихи кезеңдердегі әр түрлі адамдарға түскен қасиетті кітаптардың ешқайсысын жоққа шығармай, түгелдей растайды». Ислам діні бойынша, адам мейлі мұсылман болсын, болмасын, ол Алланың заңдылықтарына бағынатын «әлемнің бір түйір бөлшегі». Сондықтан да жер бетіндегі адамдар бір-біріне жат емес, керісінше, тікелей байланысты. Бәріміз Алла Тағаланың құлымыз. Пайғамбарымыз: «Ей Алланың құлдары, бір-бірлеріңе бауыр болыңдар!» – деген. Сол себепті де Ислам діні жер бетіндегі тыныштықты қалайды, адамдардың бір-бірімен тату-тәтті өмір сүруін тілейді. «Мұсылмандық – әділдік діні, оны дұрыс тарату керек».

«Жалпы адамзаттық өркениет құндылықтарының мән-маңызы артып отырған бүгінгі күнде адамзат өз проблемаларын тек бірлікпен ғана шеше алады. Және де кез келген бірлік пен өзара түсіністік диалогтан бастау алады»[10]. Ал диалог дегеніміз – адамдардың бір-бірімен араласуы, араласа отырып түсінісуі, түсінісе отырып жақындасуы, жақындасудың татулыққа, ынтымақтастыққа, бауырластыққа ұласуы. Ислам діні осыны қолдайды.

Соңғы кездерде Батыста «Адамдарды Жаратушысына бағыттауға тиісті жаратылыстану ғылымдары керісінше, имансыздықты жая түсуде. Бұл тенденция Христиан дінінің ықпалы басым Батыста күштірек болғандықтан мұсылмандар мен христиандар арасындағы диалогқа аса қажеттілік туып отыр»[11],  – деп жазады ғалым. Ол өз ойларын ары қарай: «Түрлі дін өкілдерінің арасындағы диалогтың мақсаты – рухани бірлік пен келісімді жүзеге асырып, сонымен қатар діннің бесаспаптық қасиетін қолдау болып табылады. Дін барлық сенім түрлерін қамтиды, әрі оларды табыстыра отырып, үлкен талпыныспен алға жылжиды. Олар өз Пайғамбарлары арқылы сүйіспеншілік, өзара сыйластық, сабырлылық, кешірімділік, мейірімділік, адам құқығы, бейбітшілік, бауырмашылдық және еркіндікті ұлықтайды»[12],  – деп айқындай түседі.

Батыс пен Шығыстың, Ислам мен Христиан дінінің арасындағы түрлі қайшылықтардан туындап отырған түрлі текетірестерді реттеудің жолын ұсынған Ф.Гүленнің бұл пікірлерін өмірдің өзі алға шығарып, өміршеңдігін көрсетіп отыр. Бұл жанды ойлар қағазға жазылған, жұртшылықтың құптаған күйінде ғана қалып қоймай, өмірде жүзеге асып жатыр. Ф.Гүленнің идеяластары құрған «Диалог Еуразия» қоғамдық қозғалысы жер бетінде тыныштық орнату жолында қыруар жұмыстар атқаруда.

Ф.Гүленше, өмір – Алланың адамға деген үлкен сыйы, әл-Фараби адам өмірге бақытты болу үшін келеді депті. Ал сол өмірдің мәнін түсініп, жақсы ғұмыр кешу, бақытты болу – адамзат баласының басты арманы. Небір ұлылар осы бір бақытқа қол жеткізудің жолдарын іздеп, басын қатырған. Ұлы Абай бұл турасында «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» депті. Шындығында да өмірдің мәні – алдымен, Алланы сүйіп, содан соң өмірді, бүкіл адамзатты сүйіп, адал өмір сүру; айналаңдағылармен шынайы қарым-қатынаста болып, адамдық таза болмыста болу, т.б. Міне, сонда ғана барып, адам өзін қоршаған қоғаммен үйлесімділікте бақытты ғұмыр кеше алады.

Тағы да ұлы Абай: «Махаббатсыз – дүние бос, хайуанды оған қосыңдар», – десе, Ф.Гүлен де: «Сүйіспеншілік – адам тұлғасының ең маңызды бөлігі. Бұл – кез-келген күшті тойтарып, оны жеңе алатын ұлы қуат әрі толассыз нұр. Сүйіспеншілік адам жанын көктерге шарықтатып, оны мәңгілікке дайындайды. Сүйіспеншілік арқылы мәңгілікке қол жеткізгендер өзгелермен өз ләззатын бөліседі. Олар осы үшін бүкіл ғұмырын арнайды, кез-келген қиындыққа төтеп бере алады»[13],  – деп, бұл ойды тереңдете түскен. Ф.Гүленнің пайымдауынша, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында сүйіспеншілік басты роль атқарады. «Осындай мол сүйіспеншілікке ие болып, өз бойындағы бүкіл өшпенділік пен қатыгездікті тамырымен қоса жоя алғандар – адамзаттың нағыз қаһарманы». Адамдар бір-біріне кешіріммен, мейіріммен, сүйіспеншілікпен қараса ғана түсінісе алады. «Адам жүрегіне бастайтын жол сүйіспеншілік арқылы іске асады».

Ф.Гүленше: «Ғашықтық – асыл сезім, баға жетпес інжу». Ғашық адам махаббатсыз өмірді өмір санамайды. «Махаббатсыз өткен күндер әуестік желі айдап әкеткен қоңыр күздің қураған жапырақтарындай...»[14]. Ол «шын мәніндегі ғашықтық – төзімділік пен адалдық қасиетімен тереңге бойлаған ғашықтық» деп біледі. Шын сүйген – сүйгенінің құлы. Сондықтан да Алланы сүйіп, оның құлы бола алғандар қандай қиындықтар болса да төзіп, жеңіп, адал өмір сүріп, «Иманын мағрифатпен безендіріп», бақытты ғұмыр кеше алады.

Ислам дінінің негізгі қағидаларының бірі – қайырымдылыққа Ф.Гүлен ерекше мән береді. Адамдардың бір-біріне қайырымдылығы, мейірбанды-лығы адам бойындағы ең бір асыл қасиеттер. «Жалпы адам жаратылысынан қайырымды болып табылады. Және осы қасиет өмірге деген пікірі мен көзқарастары мүлде бөлек өзге адамдармен болатын қарым-қатынастарда да көрініс табуы керек. Бір-біріне деген қарсылық пен жеккөрушілік емес, керісінше бір-біріне деген түсіністікке асығу, бір-бірімен жақынырақ танысу – адамзатаралық қарым-қатынастың негізі.»[15] 

Ф.Гүлен тәрбие жұмысының басты мақсаты саналы азаматтарды дайындау деп біледі: «Қандай да бір ұлттың өркендеуі мен құлдырауы жас буынның рухы мен санасына, алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Жастардың тәрбиесін дұрыс жолға қойған қоғам дамуға бейім болса, олардың тәрбиесіне мән бермеген ұлттардың құлдырауы заңдылық»[16]. Жан-жақты жетілген, білімді, рухани жағынан бай саналы адам ғана салауатты өмір сүріп, өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарды дұрыс түсініп, тура жолды таба алады. Абайша айтқанда, «толық адам» – тәрбие жұмысының басты идеалы. Сондықтан да Ф.Гүлен тәрбие мен білім беру ісін бір-бірінен ажыратпай, тұтас қарастырады. Оның ойынша, білім мен тәрбие – егіз. Тәрбие жеткіліксіз болса, ол адам қаншалықты білімдар болғанымен де, білімін халық игілігіне жаратпай, жеке басының қамын күйттейді. Ал ұлттық рухта тәрбиеленген адам ұлт қызметшісі бола алады да басқа тілде, басқа рухта өскендер халқына шын мәнінде адал қызмет ете алмайды. Сондықтан да тәрбиелі ғалым ғалым да, тәрбиесіз ғалым – залым. Керек десеңіз, тәрбиесіз ғалым халқына, адамзатқа зиян, апат әкелуі де мүмкін. Ф.Гүленді тыңдайық: «Ғасырымызда адамзатқа төніп тұрған қауіп бұрынғыдай надандықтан емес, қайта білімдіден келіп отыр. Сондықтан білімдінің білімін біржақтылықтан құтқару үшін оған міндетті түрде руханиятты қосу керек, рухани құндылықтардағы имани, ахлаки тәлім-тәрбиемен ұштастыру керек. Яғни, білімділер сол біліммен бірге руханият саласында да тоғышарлықтан аулақ жүруі тиіс. Сонда елдің елдігі, ұлттың ұлылығы сақталады»[17].

Фетхуллаһ Гүлен білім берудің қазіргі заманға сай, өмірге жақын, тиімді болуына ерекше мән береді. Мақсат оқыту ғана емес, мақсат – оқушыға үйрету, білдіріп шығару. Сондықтан да ол мектептегі басты тұлға – мұғалімге үлкен талаптар қойды. Суретшінің ақ қағазға кез-келген суретті сала алатыны сияқты мектеп табалдырығын аттаған оқушының болашақ тағдыры да ұстаз қолында. Ұстазын тапқан жас таланттың ұшары биік.

Ф.Гүленнің осы ойларын оның ізбасарлары ойдағыдай жүзеге асырып жатыр. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде Ф.Гүленнің мектептері ашылған. Қазақстанда 28 қазақ-түрік лицейі, Сүлеймен Демирел атындағы университет жұмыс жасайды. Қазақ-түрік білім қорының демеушілігімен ашылған қазақ-түрік лицейлерінің білім беру саласында жеткен жетістіктері республикамызға аян. Мектеп оқушыларының республикалық пәндік олимпиадаларында жүлделі орындардың 60-70 пайызына дейін қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары иемденіп жүргенінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. Халықаралық олимпиадалардан да осы лицейлердің түлектері олжамен оралып жүр. Бітірушілер түгелдей дерлік жоғары оқу орындарына, оның ішінде шетелдердің атақты университеттеріне түсіп, үкілі үмітті ақтауда. Осы жетістіктердің барлығы да сапалы білім, саналы тәрбиенің жемістері болса керек.

Бұл жерде мына бір мәселеге тоқтала кеткен жөн. Қазір әлемдегі ғылымның 80 пайыздайы ағылшын тілінде екен. Яғни, ағылшын тілі ғылымның тіліне айналған. Осыны ескере отырып, қазақ-түрік лицейлеріндегі негізгі жаратылыстану пәндері 6-шы сыныптан бастап ағылшын тілінде жүреді. Ал шет тілін оқытуды 6-шы сыныптан бастау себебі ғылыми жағынан негізді. Ғалымдардың анықтауынша, баланың ойлау жүйесі 12-13 жасқа дейін қалыптасып, өмір сүруіне қажетті білімдердің 70 пайыздайын осы кезеңде алады екен. Ғасырлар бойы қалыптасқан ойлау жүйесі, дүниетанымы ген арқылы ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалпы адам баласының даму негізін, ұлттық болмысын айқындайды. Яғни, өмірге келген әрбір бала тұқым қуалап жалғасып жататын ұлттық ойлау, дүниетаным жолымен тәрбиеленсе, ол тез жетіледі. Ал басқа тілде тәрбиеленсе, ол баланың бойындағы бұрыннан тұқым қуалап жалғасып келе жатқан ойлау жүйесімен қайшылықта болып, оның ойлау қабілетінің дамуында тежелу болады. Ал негізгі ойлау жүйесі ұлттық негізде қалыптасқаннан кейін барып, басқа шет тілдерді оқытса, тез игеріп кететіндігін өмір дәлелдеп жатыр. Осыны ескерген Жапония, Түркия сияқты елдерде балаларды бастауыш сыныптарда тек ана тілінде ғана оқытып, шет тілдерін содан кейін барып қолға алып жүр. Мұның нәтижелері жаман емес екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Ал енді осыған қоса, жалғанды жайпап келе жатқан жаһандану үдерісінің тілі ағылшын екендігі тағы бар. Сонда біздің қазақ-түрік лицейлерінде ағылшын тілінде білім беріп жатқанымыз жаһанданудан қамымызды жасаудың орнына есігімізді ашып тастап, жайылып жастық болып жатқандық емес пе? Мұндай сауалдардың туа бастауы да – заңдылық.

Бұл жерде ескерерлік мынадай жәйіттер бар. Біріншіден, Фетхуллаһ Гүленнің пікірлері қазіргі сұрапыл жаһандану басталғанға дейін, онда да Америкада емес, Түркияда өмірге келді. Екіншіден, бұл қозғалыстың бастауында тұрған адам – саясаткер емес, діни адам. Дін болғанда да бүкіл Батыс болып, бүкіл Христиан болып, қарсы соғысып жатқан Ислам дінінің өкілі. Ал қозғалыстың басты қағидалары исламдық құндылықтарға негізделген. Сондықтан да Христиан дініндегілердің исламдық негіздегі қозғалысты толықтай қолдай қоюы да екіталай. Осы жерде екі жақты, яғни Батыс пен Шығысты татуластырамын, қоғамдық дамудың тура ортақ жолына саламын деп шарқ ұрып жүрген Ф.Гүленнің екіжақты сынның ортасында жүргенін де айта кеткен жөн. Шығыстағылар оны батысшыл деп жазғырса, Батыстағылар оған исламшыл деп қарайды. Солай болғанымен де, бұл жолдың дұрыстығына көзі қарақты, саналы адамзаттардың көздері жетіп, әлемдік ауқымда қатары көбейіп келеді.  

Дегенмен де, жоғарыдағыдай айтылған пікірлердің қазақ-түрік лицейлерінің жемісті жұмыстарына көлеңкесін түсірмеу жағын да ойластырғанымыз жөн. Ол үшін алдымен, қозғалыстың қағидаларынан шықпай, дұрыс жұмыстар жүргізу маңызды. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды», «Қой көрмеген қойды қуалап жүріп өлтіреді» дегендей, бізде қазір ағылшын тіліне деген ұмтылушылық ерекше, тіпті «мода» болып бара жатыр. Тек ғылымның ғана емес, қазіргі заманғы халықаралық қатынастар тіліне айналып жатқан ағылшын тілінде оқытатын қазақ-түрік лицейіне дарынды балалардың көптеп келуінің бір сыры осында. Орыс мектебінен қазақ тілін білмей шығатын болса, қазақ-түрік лицейін бітірушілер қазақ тілін жетік білумен бірге орыс, ағылшын, түрік тілдерін де қатар меңгеретіндігі – бұл мектептердің заманға лайық жұмыс істеп жатқандығына дәлел болса керек. Десек те, жер-жерлерде ашылып, жұмыс істеп жатқан жоғары оқу орындарында ағылшын тілін үйретеміз деп, істің барлығын ағылшындандырып жіберіп жатқандары да жасырын емес. Бұған «үш тіл – үш тұғырың» деген әлі де ойласып барып шешерлік мәселелері баршылық тұғырнаманың да салқыны тиюде. Сонымен, ағылшын тілін үйренейік, өйткені бұл бүгінгі заман қажеттілігі. Әйтсек те, Қазақстандағы барлық оқу орындарында тәрбие жұмыстары түгелдей ұлттық құндылықтар негізінде қазақ тілінде, ал ұлттық, идеологиялық сипаты бар қоғамдық пәндер қазақ тілінде жүргізілуі керек деп білеміз. Сонымен бірге Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін қатал сақтап отыру да міндет. Ф.Гүленнің тағлымы бізге осылай дейді.

Мемлекеттер мен мемлекеттің, халықтар мен халықтың арасындағы құндылықтардың маңызы артып отырған бүгінгі заманда жаһандану үдерісі күшейе түсуде. Жаһанданудың жақсы жақтарын тиімді пайдалана білу – қазіргі таңдағы аса маңызды міндеттердің бірі. Ф.Гүленнің анықтауынша, «Жаһанданудың ең басты күші болып саналатын коммуникация мен көлік салаларындағы қарқынды дамудың арқасында мемлекеттер мен халықтың арасындағы шалғайлық лезде жақындай түсті. Бір-бірінен өте шалғай тұратын елдер көршіге айналады. Бірақ, бұл процесс біртекті халықтар не жергілікті мәдени құндылықтар жойылып кетеді дегенді білдірмейді. Керісінше, болашақта да бұл әрбір ұлт пен ұлыстарға тән өзгешелік сақтала береді, бірақ енді олар қақтығыстарды туындатушы ретінде емес, керісінше, ортақ адамзаттық бірлікті құрайтын әлемнің түрлі халықтары толықтыра түсетін бөлекше күш ретінде болады»[18]. Бұл – жаһанданудың жақсы жақтары.

Өткір ұстараны дұрыс ұстай алмаса, ол адам өз қолын өзі кесіп алуы мүмкін. Сол сияқты жаһанданудың жақсы жақтарын ғана көріп, байқамаса, орны толмас өкініштерге апарып соқтыратыны да әрдайым есте болғаны жөн. Бұл хақында Ф.Гүлен: «Әрине, жекелеген мәдениеттер жаһанданудың жойқын ықпалына қарсы өзін-өзі қорғау рефлексін ұсынады және өз құндылықтары, ежелгі салт – дәстүрлерін сақтап қалуға тырысады. Бірақ егер жекелеген мәдениеттердің бұл қарсылығы ғалымдар, ойшылдар, жазушылар мен діни қайраткерлер тарапынан реттеліп, заман ағымына бейімделіп отырмаса, оның соңы біржақтылыққа да ұласып кетуі мүмкін. Ал мұның салдары аса қауіпті, демек, бұл мәселеде қол қусырып отыруға болмайды», – деп, пікірін ашық айтып, сақтандырады да. Яғни, жаһандану халықтардың тілін, мәдениетін, жалпы құндылықтарын құрметтеу жолымен жүрмей, өктемдік, күштілік мінез танытса, «мұның салдары аса қауіпті», ондай жағдайда «қол қусырып отыруға болмайды» дегенді қадап айтып отыр. Демек, жаһандану аз ұлттарды, оның мәдениетін жұтуға бағытталмауы тиіс, керісінше ұлттық мәдениетттерді байыта түсуі тиіс. Өз тілін білмеу, өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш тұтпау, ұлттық құндылықтармен өмір сүрмеу, ұлтынан жерігендіктің, сатқындықтың белгісі, ал қазақ қауымында жиі көріне бастаған маргиналдық құбылыстың ұлтқа төне бастаған қауіптің хабаршысы екендігі әрбір ұлтжанды саналы азаматтың есінде болғаны абзал. Жаһандану салдарынан тіліміз бен діліміздің әлсірей түсуінен қазақ халқының ұлт ретінде дами түсуіне кедергі келтіріп жатқан көптеген келеңсіз құбылыстарды дер кезінде көре біліп, оларды дұрыс жолға салып реттеп отыру – бүгінгі таңдағы қазақ қауымының алдында шешуін күтіп тұрған басты міндет. 

Адамзат қоғамының даму бағыты – өркениет. Бізде сол өркениетті әркім өзінше түсінеді. Көпшіліктің түсінігінше, ол материалдық байлыққа кенелу, байлық болса, бәрі де шешіледі. Шындығында да солай ма? Ф.Гүленді тыңдайық: «Өркениет – байлық, жалған сыпайылық, тән құмарын қанағаттандыру және нәпсінің азғындыққа салынуы емес. Ол көңіл байлығы, рух нәзіктігі, терең парасаттылықпен өзгелерге деген құрметтен тұрады»[19].

Демек, өркениетке қоғамның материалдық жағынан да рухани жағынан да қатар үйлесімді дамуы арқылы жете аламыз. Қазіргі адамзат қоғамының дамуында осы үйлесімділік бұзылған: Батыста қыруар материалдық байлық шоғырланса, Азия, Африканың кейбір елдерінде аш-жалаңаштық орын алуда. Батыста өмірдің мәні деп байлық қуудың салдарынан рухани құндылықтар құлдырап кетсе, Шығыста осыны сақтап қалу материалдық жағынан аса қиындықтарға тап қылды. Фетхуллаһ Гүлен болашақтың өркениеті Батыстың ғылыми жетістіктері мен Шығыстың гуманитарлық этикасының синтезі негізінде жасалады деп біледі. Ф.Гүленнің арманы – осы арасы алшақтап бара жатқан Батыс пен Шығыстың арасын руханият арқылы жалғастыру, бұзылған жолдарды, көпірлерді қалпына келтіру, сөйтіп адамзат қоғамын соғыстарға соқтыратын теріс пиғылдардан арылтып, бірлікке бастайтын ынтымақтастыққа, тыныштыққа қол жеткізетін сара жолдарға түсіру.

Қандай да бір халық болмасын, оның ұлттық тұрмыс-тіршілігінде тіл шешуші рөл атқарады. Бұрын айтып келгеніміздей, тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл дегеніміз – адам. Адамның адам болып жүргенінің өзі осы тіл арқасында. Сол сияқты тіл дегеніміз – ұлт. Ұлттың ұлт болып өмір сүруінің басты шарты – осы тіл. Бұл турасында ақын Мағжан тамаша айтқан: «Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде жасай алған емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін, бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмаққа тиісті»[20].

Тілдің ұлт өміріндегі аса маңызды орны жайлы халқының ертеңгі қамын ойлаған талай тамаша қоғам қайраткерлері жеріне жеткізе айтқан пікірлері кейінгі ұрпақтардың есінде. Солардың бірі қырғыз елінен шыққан заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов: «Халықтың мәңгі ғұмыры – тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін – ұлы», – депті. Сондықтан да әрбір ұлт өзінің болашағы жайлы істерін, күресін, тілін, сол тілде жасалған рухани құндылықтарды дамытудан, соған кең өрістер ашудан бастаған. Тіл мәселесін дұрыс шеше алмаған талай халықтар тілі жойылып, сонымен бірге өзі де тарих сахнасынан шығып кеткен. Сондықтан да ертеңін ойлаған халық барлық уақытта да тілін көзінің қарашығындай сақтап, тілі күшейгенде күшейіп, әлсірегенде әлсіреп отырған.

Ұлт өміріндегі осы бір аса нәзік мәселеге Ф.Гүлен де ерекше назар аударыпты. Ол: «Тіл – мәдениеттің басты серіппесі мен негізгі қозғаушы күштермен тепе-тең. Қоғам тіл мен пікірге қаншалықты бай болса, соншалықты қабырғалы әрі қайратты болып саналады. Кісі өз ана тілін неғұрлым жақсы меңгеріп, басқалармен де еркін тіл табыса білсе, соғұрлым өз болмысы мен өмірінің мәнді өтуіне алғы шарт жасай алады. Негізінен, тіл адамның тіршілік пен өмірдегі оқиғаларға деген көзқарасын, біртұтас ағзаның және оның әр бөлшегінің жарасы мен мән-мағынасын қалыптастыратын ең маңызды фактор. Қай тұрғыдан алғанда да тіл мәдени өмірімізде шешуші рөл атқарады»[21],  – деп біледі. Ойын ары қарай: «Тіл – сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы болуымен қатар, өткендегі олжаларды бүгінгі күнге, ал бүгінгі пайымдарымызды келешекке жеткізу үдерісінде де өте маңызды  дәнекерлік міндет атқарып келеді. Қабырғалы ел ата-бабадан мұра болып қалған және қазіргі уақытта жаңа синтезге, жаңа бейнеге, жаңа кейіптерге айналып үлгерген біртұтас зерделі, аңсар-мұратты, ғылыми жетістіктер мен байлықтарды игере алатын құдіретті тіл арқылы ғана мәңгілік тұрақтылығын сақтай алады. Себебі, халқы қай деңгейде тілдің бай қорымен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі; қай деңгейде ойласа, сол аяда сөйлейді», – деген терең тұжырымдармен жалғастырады.

Ғалымның ойынша, сол халық үшін тілдегі  әрбір сөз – қымбат. Сол тілде айтылып, бізге жеткендердің барлығы да сақталуы қажет. «Бізге өткеннен аманат болып жеткен біртұтас тарихи және ұлттық құндылықтарымыз міндетті түрде ұлт мүддесіне қызмет етуі тиіс». Олай болмаса, «сөйлесетін ауызы мен ойлайтын миы жоқ қоғамның орнына ылғи да өзгелер сөйлейді және ойлайды».

Тілдің де өмір сүру заңдылықтары бар. Ең алдымен, оған еркіндік керек. Еркіндігі болмаған тіл қанат жайып өркендей алмайды. Мұны кеңес өкіметі кездеріндегі қазақ тілінің халінен анық көруге болады. Содан кейін барып, сол тілдің өзегі боларлық негізгі заңдылықтарын сақтап, тіл бұзарларға қарсы күресіп, оның дұрыс жолда дамуына барлық жағдайлар туғызатын қамқорлық  жасалынып отыруы керек. Бұл турасында Ф.Гүлен: «Иә, тіліміздің тіл болуы өзегі мен рухын сақтап, кез келген сөзді жеткізуде қиналмай, онымен өз ойының еркін айтылуына байланысты... Бірде-бір ұлт ана тілін ешқашан ғылымнан шет қалдырмау керек және жеке ептілікпен ғылымдар санатында зерделеп, ғылым саласында көпшіліктің қызығушылықпен жалықпай зерттейтін терең тақырыбына айналдыруы тиіс»[22],  – деп жазады.

Ғалым тілдің дамуын ұлттың дамуымен тікелей байланыстырады. Тіл мен ой бір нәрсенің екі жағы сияқты. Сондықтан тіл белгілі бір ұлттың ұлттық ойы мен сана-сезім дәрежесін де аңғартады. Тіл дамымаса, сол ұлттың ойы да дамымайды, демек ертеңін ойлауға тиісті ұлт болашақ даму жолдарын дұрыс анықтай алмайды, не істеу керектігін жаңаша ойлап, шеше алмайды. Сондықтан да тілді дамыту дегеніміз – ұлтты дамыту деген сөз, оның келешегін ойлау деген сөз. Олай етпеген, яғни тіл мен ойға өріс бермеген ел «уақыт өткен сайын өмір сүру қабілетінен айырылады». «Ана тілінің түп-тамырына балта шаппаған және тілге осы деңгейде кеңдік пен серпінділік танытқан елдер ұдайы өзіндік үні бар, емін-еркін сөйлейтін және терең ой қозғайтын ең серпінді қоғамға айналады, басқаша болуы мүмкін емес»[23] екендігін өмір дәлелдеп отыр.

Ф.Гүленнің тіл, сол тілде жасалынған рухани құндылықтар, оның қоғам өміріндегі орны жайлы көзқарасы мана бір жолдардан анық көрінеді: «Бір жағынан, жаңа әрекеттер арқылы  ұлттық рухымыздың түп-тамырын белгілеп, бұларға сүйенуге, тіпті олардан асып кетуге күш салып отырғанда, екінші жағынан, өмір сүру үшін жаңару, жеміс бере білу үшін де үнемі жалындап тұру идеалымен көңілдеріміз – рух пен мағыналық түп-тамырларымызда, көздеріміз келешектің керемет көкжиектерінің арғы беттерінде өмір сүруді және жаңалық ашуды «болмаса болмайды» деген өлшемдегі бір қағидатты қабылдап, еш уақытта сарқылмас бір құштарда іңкәр сезіммен тіршілік етуіміз керек, сонда ғана өмірімізді толық арнаған келешек ұрпақтарымызға ғибратты ғұмыр сыйлай алмақпыз»[24]. Демек, ұлттық даму ұлттық құндылықтарға негізделіп жүргізілсе ғана өз жемісін береді.

Ф.Гүленнің қазақ тілінде шыққан бір кітабы «Баян» аталған. «Баян» сөзі қазақта да тура осы мағынасында. Ғалымның айқындауынша, «Барлығымыз – бір-бір тіл, ал тілдердің жаратылыс мақсаты – баян. Ең үлкен ақиқаттың өзегінде жатқан хақты мойындап, бар болмысты осы тұрғыдан симфония сияқты үндестіріп отырған, дыбысқа салып, әрбір нәрсенің негізіндегі мәннің жасырылған дидарын ашқан және оған өз-өзін таныстырып кетуіне мүмкіндік туғызған да – баян. Ой-толғау қазыналары қақпаларының құлыптарын ашатын бір ғана кілт – баян, кіндікті айналып жүретін ұлан-байтақ әрекет пен қозғалыстың қызыл түймесі – баян, патша мәртебесінен тіршілікке араласу қабілетімен жаралған адам баласының алатыны тағы – баян, қаламы – баян»[25]. Бұл жерде адам баласы баяндауының мақсаты мен қызметі, құдіреті мен қыр-сырлары жанды сөзбен жарқырай көрінген. «Баян» деп отырғаны – сөз өнері, яғни белгілі бір ойды, оқиғаны ауызша немесе жазбаша түрде баяндай білу.

Ғалымның сөз өнері жайлы пікірі аса маңызды: «Осы уақытқа дейін баянның жеткен шыңына ешкім шыға алмаған және ешбір қолбасшы одан зор қаруға құзыры жүрмеген. Біздің дүниеде әр пайғамбар – сөз көсемі, ал әр әдебиетші сол көсемдерден шашылып дарыған сәуленің бір-бір көлеңкесі... Ата-бабаларымыздың жан-дүниесінен сабақтасып-толғасып келген, олардан мирас болып қалған құндылықтардың құндысы баян – мән-мағыналардың ғана түсініктемесі, сөздердің ғана түсініктемесі, сөздердің ғана сөз қалыбы емес, сондай-ақ, ол – ойымыздың айшықталар тілі, сезімдеріміздің тербейтін әуезі, жүрегіміздің жалындар қайраты, Алламен арадағы сұхбаттастық тілмашы, үміттеріміздің келешекке қарай ұшырған алтын қанатты құсы. Осы мақсаттарды қамтыған әлгі баянымыз көк жүзіндегі шетсіз, жер бетіндегі жанды, жібектей жұмсақ, ана құрсағындай аялы өзгешелігімен, өзіне ғана тән екпін-емеурінімен жанартаудай атқылай жөнелгенде, ақыл мен қисынның оянуын, рухқа қайрат бітуін, сөздердің сиқыры мен сөздің қалай туындағанын жеткізеді. Содан кейін дініміздің ұлылығын, ұлтымыздың байлығын, көсемдеріміздің күрес пен талпыныстарын, ұлттық айла-амалымызбен үнемі біздерге айтып отырады»[26].

Көркем әдебиет – баянның, бізше айтқанда, сөз өнерінің, шебер баяндаудың шыңы. Ф.Гүленнің «Әдебиеттің құдіреті» атты мақаласы тұтастай осы мәселенің қыр-сырларын айқындай түсуге арналған. «Назым мен қара сөз арқылы түрлі күй-жайға байланысты айтылған, яки, жазылған көркем өлшемді, ырғақ пен тілдік ережеге сай сөздер не осы сөздерді зерттеп, саралайтын ілім – әдебиет. Әдебиеттің мәні – негізінен тәрбие, ізет, көркемдік арқылы нәзіктікке сүйеніп, бір қалыпқа жетуге саятын «әдеп» түбірінен тарайды. Мұнымен қоса, көбіне ол – тұрмысы, өмір сүру қалыбы, дүниетанымына қатысты рухани өмірдің жаңа сараларын ашуға себеп болған салиқалы амалы»[27],  – деп, әдебиеттің анықтамасын, атқару қызметін дәл айқындаған.

Ф.Гүлен әдебиеттің теориясына бармайды, оның философиялық мәніне қоғамдағы аса маңызды атқарар қызметіне, рухани өмірде алар орнына қатысты құнды пікірлер айта алған: «Әдебиет – адамзаттың арғы тарихынан бері сұрыпталған ақпарат жиынтығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің, кешегі уақытты бар тереңдігімен және байлығымен, барша ауқымымен бүгінгі күнде де сезе білудің, өткен шақтағы және қазіргі кезеңдегі ақиқаттың қос өлшемдегі кеңістігі, сондай-ақ келешегі де оның салыстырмалы тереңдігі ретінде ләззәт ала білудің ең маңызды жолдарының бірі».

Ал, сөз өнерінің асылы саналатын «Өлең – ақиқат пен махаббатты арқалаған сезімнің тілі; ғашықтық, тентек қиял, мұң-қайғы мен қуаныштардың үні, тіршілік пен тіршіліктің арғы жағын сезу, түйсіну және мұндай ақиқаттарды таразылап отырудың ашық немесе жабық, тікелей немесе жанама түрде шыққан сөйлемшесі»[28].

Өлеңнің жаны – лирика, яғни түрлі ойлардың «адамның ішкі иірімінде екшеліп, судан буланып, «шыққа» айналуы, содан соң мөп-мөлдір жаңбыр тамшылары іспетті нәзік сезімдер мен сөздер арқылы ақ парақтар бетінде өрнек табуы». «Асылында, өлең – ұжданның айнасы». «Жақсы өлеңде  сөз сұлулыққа құрылуы керек». «Тілмен арақатынасы жасанды асыра сілтеуге ұрынған, сөзбен сурет сала алмаған өлең – өлең емес».

Ғалым өлең сөздің ішкі иірімдеріне тереңірек үңіледі. Өмірлік ақиқаттардың шынайы жырлануын өлеңнің басты қасиеті санайды: «...шынайы өлең – адамгершілік, сезімдердің түсінігі, көңілдердің өз табиғатына сәйкес үні мен дыбысы, адам, әлем және Алла арасындағы қарым-қатынастың (ашық немесе жабық) либреттосы, композициясы мен әні, жер бетінен бастап үркер жұлдызына дейін жалғасатын ақиқаттардың және олардың әрқайсысы тұспалдап отыратын бір-бір көлеңкесі, әрбір заттың сезімдеріміз бен ой-пікірлерімізге түскен кескін-келбеттің сөз пішіні мен фотосуреті, ғашықтығымыз бен құмарлығымыздың әр түрлі шектерден шертілген жүректің әні және берік иманымыз, үмітіміз, ерік-жігеріміз, сұлулығымыз, ғашықтығымыз, сағынышымыз бен іңкәріміз»[29]. Сонымен бірге «өлең – әр уақытта дерлік қоғамның бет-бояуын, ұлттық рух пен мәдениетін білу, тану, сақтау және тарихтың әр түрлі кезеңдерін бір-біріне байланыстыру» міндеттерін атқарған.

Сөз – белгілі бір ұлттың ұлттық тілінің көрінісі болғандықтан, сөз өнерінің де ұлттық сипаты бар. Сондықтан да әдебиеттің басты қасиеті – оның ұлттығында. Көркем әдебиет дегеніміз – белгілі бір ұлттың тілінде көрініс тапқан сол ұлттың автопортреті. Әдебиетінен сол ұлттың тұрмыс-тіршілігі, арман-мүддесі неғұрлым шынайы көрініс тапса, ол соғұрлым – құнды. Ойымызды Ф.Гүленнің сөздерімен сабақтастырайық: «... әр ел әуелі өзінің ұлттық және діни қайнар көздерін негізге алып, әрдайым соларға назар аударуы керек. Өзіндік ұлттық сана мен рух өзегін алға тартып, оны негізгі құрамдастай қабылдауы керек. Тіпті, олар әдеби сезімдерін және көркем ой қабылдауларын суреттеуде мызғымас арқау болу керек деп ойлаймын. Сол кезде өз әдебиетінің рухына ешқандай зиян тимейді және өз сезімдерін, ойларын, шабыттарын үндестіргенде, зат-амалдарға да зәру болмайды. Міне, дәл осылайша өзінің мәдени құндылығын арқау қылған соң, өз заманына сай анықтау, яки, талдау жасауы оның кеңеюінде, тереңдеуінде және әлемдік деңгейге қарай қадам басуында, ешқандай қолайсыздық пен ыңғайсыздық болмаса керек»[30]. Тағы бірде ол: «Әдебиет – ұлттың болмысы мен ой-пікірінің, рухани ой-ілімнің көркем айнасы», – деп жазады.

Ғалым әдебиетті томаға-тұйықтықтан сақтан-дырады. Әрбір ұлт адамзаттың бір бөлшегі болған-дықтан да, оның әдебиеті де басқалармен бірге қатар дамуы, жақсысынан үйрене отырып, жетіле түсуі – өмір заңдылығы. Бұл турасында, Ф.Гүлен: «Шынында, ұлттық сана, ұлттық мәдениет негізге алынып, соның қайнар көзі де нақтылана түсіп, қателікке жол бермеудің алдын алғанда, әлемдік құндылықтарға селсоқтық таныту – кең ауқымды тарылту, өсіп келе жатқан өскінді тежеу, тірі жанды өлтіру, қызғандырып құмарландыру жағдайынан алып келіп, қызғану мен құмарлану пәстігіне құлдырап құлап түсу деген сөз», – дейді.

Ойшылдың мына бір сөздерінен қоғамның рухани жағынан дамуында әдебиеттің айрықша роль атқаратындығын көреміз: «Әдебиет болмағанда, даналық өзінің салтанатты тағына ие бола алмас еді, философия бүгінгі күнге жетпес еді, шешендік өнер біздің қажеттілігімізге жауап бере алмас еді. Алайда, даналық, философия мен шешендік сөздер өз салаларындағы «құнсыз байлықтарын» түгесілмес қазына етіп, әдебиеттің жолына жайып салып, оған мәңгілік ғұмыр сыйлаған»[31]. Иә, қоғамды әдебиетсіз бір сәтке көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Халықтың ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында жүріп жасаған, бізге сөз өнері арқылы жеткен рухани құндылықтарының бәрі жоқ болып, бір-бірімен қырқысқан, алдаспандары жарқылдап, қару-жарақтары сықырлаған жойқын соғыстардың ғана елесі қалған болар еді. Ал сол қырқыстардың адамдардың бір-біріне аш көздігінен, бір-бірінің байлығын, жерін тартып алу ниеттерінен, яғни адамдардың бойындағы рухани қасиеттердің жетіспеушілігінен, бір-бірімен тіл табыса алмауы салдарынан туындап отырғаны белгілі.

Ф.Гүлен «сөз патшалары» – ақындар мен жазушыларды аса құрметтеп, еңбектерін жоғары бағалай отырып, олардың алдына бүгінгі күн тұрғысынан үлкен міндеттер жүктейді: «... әдебиетшілер сөз сөйлеу шеберліктерін және көркем өнер қабілеттерін үнемі хақ пен жақсылықтың әміріне бағындырып, шәкірттері болып саналатын бұқараны дұрыс жолдан адастырмай, жалғандықтан бойын аулақ ұстау керек. Ел-жұрттың кіршіксіз ойын лас қиялдарымен былғамай, нәпсіқұмарлықты суреттеп, Алланың құлдарын еш уақытта тән құмарлықтарынан құтыла алмас, азаттыққа жете алмас «тәннің құлдары» болуға ынталандырмауы керек»[32].

Әдебиеттің қоғамда атқарар тәрбиелік, танымдық сияқты сан-алуан қызметтерінің ішінде, адам жанын нәзіктілікке, сұлулыққа тәрбиелеуі аса маңызды. Жаны нәзік,

өмірдің бар-болмыс құбылыстарын, өнер туындыларын жанымен түсініп, сұлулығын сезініп, содан рухани ләззәт ала білген – нағыз тәрбиелі, жаны сұлу адам. Ал сұлулықты сезіну – адамға ғана тән оның бойындағы аса биік қасиет. Ф.Гүленше айтқанда: «сұлулық – көзіміз бен жан-дүниемізді жаулаған, рухымызда қуаныш пен келісім сезімдерін оятқан, содан жалғасып ары қарай ішкі дүниемізде әсемдікке айналып үлгерген және бізге суретттеп беруге оқиға соқпағын ең қызық дәуренді, балғын-балауса сәттерді туғызып отырған мән, мағына, мазмұн және сурет салуы эстетикалық негіздер, не болмаса, осы негіздердің бір бөлігін тамашалатқан ішкі әлеует»[33].

Сұлулық – аса күрделі категория. Оның сан қырларын саралап зерттейтін – эстетика. Бұл мәселеге Ф.Гүлен ислам діні тұрғысынан келіп, өзіндік тұтас бір концепция ұсынған: «... әрбір көркем бейне, немесе зат Хақ Алла Тағаланың нұр сипатының, сұлулығының айнасы және жаңғырығы. Жан-жүйеміздегі келісім, сүйіспеншілік, әлей және қуаныш сезімдерін оятқан әрбір көрініс пен сурет, әрбір ырғақ пен мақам, әрбір үн мен дыбыс, әрбір үйлесімділік пен жарасымдылық, әрбір әуен мен сарын – сол сұлулардың сұлуы Алланың көрініс табуы»[34].

Ғалымның пайымдауынша, біз Алла Тағала жаратқан сұлу әлемнің ішінде жүрміз, соны сезінеміз. Сол сұлу әлемнің ішінде жүрген адам да – сұлу. Өйткені «адамның өзі осынау күллі сұлулықтың соңғы нүктесі іспеттес... Кескін-келбетімен, зат-мағынасымен, физика метафизикасымен, ой характерімен, ақыл иманымен жаратылған адам – нағыз «ғаламат нұсқа»[35] .

Ал осы сұлу әлемде жүріп «сұлулықтарды сезініп, ләззәт алудың сиқырлы кілті – иман». Сондай-ақ иманға жетудің, имандылықтың жолдары да сұлу.  Сұлу жолға түскендер де, «сұлуларға ергендер де сұлу болады». Шын сұлулықты «рух әлемін тазартқандар» ғана сезіне алады. Ал, сұлулық бізді өзімізден асырып, кемелдікке көтеру және материяның тар қабығынан құтқарып, қайнар көздің кең кеңістігіне жеткізу үшін жаралған»[36].

Иә, Ф.Гүленді сұлу өмірдің, мына заманның құрдымға қарай құлдырап бара жатқандығы, ертегідей сағымға айналған өткендегі сұлу өміріміздің өнегесі, ғасырлар бойы жасалған рухани інжу-маржандарымыздың аяққа тапталуынан азып бара жатқан адамзат қоғамының бүгінгі жай-күйі – бәрі-бәрі толғандырады. «Бір кездері біз қоғам ретінде дүние жүзінің тап-таза мөлдір, өнегелі және көреген ұлттарының бірі едік; тіптен кейбір кезеңдерде ең алдыңғы орындарды иеленіп едік»[37],  – дейді ол. Ал қазір ше?

Бүгінгі заманның толғақты мәселелері гуманист ғалымның жанын мазалайды. Осы ойлардың шешімін түркілік, исламдық құндылықтар негізінде іздеген Ф.Гүлен бұл күндері әлемдік руханияттың биігіне көтеріліп отыр. Адамзат баласын ұлтына, нәсіліне, дініне қарай бөлмей, бәрін тең көріп, бауыр санайтын, барлығына да тек жақсылық тілеп, соған жетудің ортақ, сара жолын ұсынып отырған Ф.Гүленнің өміршең идеяларының салтанат құра беретіндігіне сенім мол. Өйткені Ф.Гүлен ұсынып отырған әлем – адамзат қоғамының заманалар бойы жасаған рухани қазынасы негізінде адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігіне, түсіністігіне, қарым-қатынасына, тыныштықта қатар өмір сүруіне қарай құрылған, кімнің болса да ойынан шығатын біртұтас бейбіт қоғам.



[1] «Диалог Еуразия» (da) журналы, 2009, №28, 45 бет.
 
[2] Фетхуллах Гүлен. Баян. Алматы, 2009. 131-133 беттер.
 
[3] Сонда, 137,154 беттер.
 
[4] Сонда, 136 бет.
 
[5] Сонда, 136 бет.
 
[6] Сонда, 115 бет.
 
[7] Мағжан Жұмабаев.  Шығармалар, 2-3 том, Алматы, 1996. 224 бет.
 
[8] Ф.Гүлен. Очерктер, мақалалар, пікірлер. А., 2008, 21 бет.
 
[9] Сонда, 27, 30 беттер.
 
[10] Сонда, 126 бет.
 
[11] Сонда, 30 бет.
 
[12] Сонда, 30 бет.
 
[13] Сонда, 42 бет.
 
[14] Фетхуллах Гүлен. Баян. Алматы, 2009. 54 бет.
 
[15] Ф.Гүлен. Очерктер, мақалалар, пікірлер. А., 2008. 125 бет.
 
[16] Ф.Гүлен. Ғұмырлық өлшемдер, А., 2009
 
[17] Сонда, 79 бет.
 
[18] Ф.Гүлен. Очерктер, мақалалар, пікірлер. А., 2008. 127 бет.
 
[19] Ф.Гүлен. Ғұмырлық өлшемдер. Алматы, 2009.
 
[20] М.Жұмабаев. Шығармалары,2-3 том, Алматы, 1996, 289 бет.
 
[21] Фетхуллах Гүлен. Баян. Алматы, 2009. 25 бет.
 
[22] Сонда, 28 бет.
 
[23] Сонда, 29 бет.
 
[24] Сонда, 30 бет.
 
[25] Сонда, 6 бет.
 
[26] Сонда, 8-9,12 беттер.
 
[27] Сонда, 14 бет.
 
[28] Сонда, 57 бет.
 
[29] Сонда, 62 бет.
 
[30] Сонда, 19 бет.
 
[31] Ф.Гүлен. Ғұмырлық өлшемдер. А., 2009.
 
[32] Фетхуллах Гүлен. Баян. Алматы, 2009. 23 бет.
 
[33] Сонда, 31бет.
 
[34] Сонда, 31-32 беттер.
 
[35] Сонда, 37 бет.
 
[36] Сонда, 42 бет.
 
[37] Сонда, 134 бет.


Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.