ЖАЗА БАСПАУ ЖОЛДАРЫ

Кейде ақылға салып біржақты шешім қабылдай алмай әрі-сәрі күй кешіп, қолға алған ісіміздің оң нәтижесін көре алмай жатамыз. Бұл неліктен? Жоқ әлде ол үшін илхам[1] керек пе?

Ақыл – ақиқатты табуға апаратын жолдардың бірі, алайда ақылды ғана басшылыққа алу жеткіліксіз. Өйткені ақыл уахиға жүгінгенде ғана жалаң күйден арылып, Аллаһты тану жолында адастырмайтын темірқазыққа айналады. Барша адам баласының, әсіресе біз секілді қатардағы жандардың жаза баспауы мүмкін емес. Негізінде қатардағы жай адамнан бастап әулие, әбрар[2], мұқаррабин[3], асфияларға[4] дейін барлық адам баласының қателік жіберген кездері кездескен. Әнбиә, мүрсәлин деп аталған пайғамбарларда да ұсақ жаңсақтық, жеңіл-желпі сүріну ұшырасқан. Мұны әрдайым қаперде ұстаған жөн.

Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Әрбір адам баласы қателік жасайды. Қателік жасағандардың ең жақсысы – тәубе етушілер, яғни жіберген қатесі үшін өкініш білдіріп, қателікке ұрындырған жайтты ендігәрі болдырмауға тырысқандар», – дейді. Бұдан «өз басым судан таза, сүттен ақ, ешқашан қателікке ұрынбаймын» деудің өзі  үлкен қателік екенін аңғарған жөн.

Сауапты істің басы-қасында жүрген кісінің өзі «мен сүрінбеймін» демеуі тиіс. Өйткені, бұл перғауын-дық тәкаппар мінезден сыр байқатады. Бұндай мінез түбі қателікке ұрындырмай қоймайды. Себебі, өзін қателеспеймін деп есептеу аңдаусызда көп қателікке соқтырады. Бұндай түсініктегі адам көбіне қателікке ұрынады, сөйте тұра алданады. Жасаған қателіктері мен жіберген кемшіліктерін керісінше сауапқа санап «мен қателік жасамаймын» деп өзін де, өзгелерді де сендіруге тырысады. Сондықтан әрбір адам «сауап үшін» деп істеген ісінде де қателесуі мүмкін екендігін ескеріп, барынша ықтияттылық танытқаны жөн.

Істеген іс, атқарылған шаруаның көлемі ұлғайған сайын, қателікке ұрынбау да қиындай түседі. Алайда, жан-жақты ойластырып, сақтық шараларын орындау арқылы қателіктерді барынша азайтуға болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, әуелі Құран мен сүннет, көреген ақыл, айналадағы жағдаяттарды дұрыс пайымдау туралыққа бастайтын негізгі жайттар. Демек осы үшеуін тұтас қарастырғанда ғана дұрыс нәтижеге қол жеткізе аламыз. Сондықтан тәжірибе мен ақылдың түйген нәтижелерін дұрыс қорыту, Құран мен сүннетті терең зерделеп, одан түйгенді саралау қажет. Әбден екшелген мәліметтерді жүрекке сіңіргеннен кейін қол жайып: «Уа, Аллаһ тағалам, қате қадам басқыза көрме, көңіліме мәнді нәрселер ұялат, әр ісімде дұрыс шешім қабылдауды нәсіп ет!» деп жалбарыну керек. Егер көкірек көзіміз бітеу, тәжірибелерден бейхабар, Құран мен сүннеттен алыс өмір сүрсек, ғұмыр бойы жаза басып, жаңылудан көз ашпаймыз.

Өмірде асқан білгірлік, данышпандық, терең ой, сұңғылалықты, зор пайымды қажет ететін аса маңызды істер бар. Мәселен, біз Ислам жолында қызмет ету мақсатымен бір шаруаға кірістік делік. Әуелі күні бұрыннан оның нәтижесі жан-жақты таразыланғаны жөн. Берер пайдасы қандай, залалы жоқ па дегенді ойлау керек. Бұған балама бірнеше істі де қатар жос-парлау артық емес. Істің оң-солы ажыратылып, бағыт-бағдар айқындалғаннан кейін татымды жемісі бар деген шаруаға тәуекел еткен дұрыс. Ал «Мына істен де оң нәтиже алуымыз мүмкін, осыны да бір көрсек» деген солқылдақ оймен әр істің басын шалу, меніңше, мәселеге жүрдім-бардым қарау әрі Исламға жасалған қиянатпен тең.

Маңызды істерде туындауы мүмкін кемшіліктерге жол бермей алдын алудың бірден бір әдісі – мәселені көпшіліктің талқысына салу. «Ақыл – көпте» демекші, жалғыздың шеше алмаған күрмеуі көпшілік болып біріккенде сөзсіз шешім табады. Кез-келген жеке-дара ойшылдың ақылы қауымның, елдің, ұлыстың алдында кішік. Негізінде биік сана дәрежесіне жеткен тұлғалар көп ойланып жатпастан, шешімді дер кезінде қабылдай біледі. Бірақ қаншалықты данышпан болса да адам бәрібір ақылдасуды, көпшіліктің пікіріне құлақ қойып, мәселені ортақ талқыға сала білуді әдетке айналдырғаны жөн. Себебі Құран барлық істі кеңесіп шешуді бұйырған. Ендеше, кеңесу қателіктердің алдын алуда таптырмас тәсіл екені даусыз. Шынында да қажет жағдайда бір мәселе жайында жүз адаммен ақылдасудың өзі көптік етпейді, бұл тұста қабылдаған шешімнің ұтымдылығы маңызды.

Осы негіздерге сүйеніп атқарылған істе қателік барынша аз кездескенімен мүлдем қате жібермеудің қиын екені тағы белгілі. Егер ешбір қателіксіз іс жасау мүмкін болғанда, Пайғамбарымыздың ізбасарлары Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли және Халид ибн Уәлид (р.а.) сияқты даналардың билігі тұсында-ақ барлық мәселелер тігісі жатқызылып оңтайлы шешілер еді.

Өмір тәжірибелерден тұрады. Байыптай қарасақ, хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзіне пайғамбарлық қырық жастан кейін келген. Өзге пайғамбарларға да бұл міндет сол жаста берілді ме, кім білсін?! Мысалы, Нәбиіміз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) он жасында алғаш рет сауда ісімен танысып, сауда ісіне араласып, оның қыр-сырын сол кезде-ақ бүге-шігесіне дейін меңгеріп алған. Бірақ соншалықты ақылдылығына, зейінділігіне қарамастан пайғамбарлық міндет қырық жасында берілген. Мұнда да бір даналықтың бар екені рас. Кейбір ғалымдардың айтуынша, қырық жастан кейін адамның ақыл-санасы толысып, пендешілік түйсіктерден арыла түседі. Ендігі жерде ол тән қалауынан гөрі жанның дегеніне көнеді. Рух пен жүрек талабын орындай жүріп, даналыққа бет түзейді.


[1] Илхам – Аллаһтың жүрекке құятын шалқыған шабытты сезімді, мазмұнды ойды жүрекпен қабылдау. Ауд.
[2] Қайырымдылықта, турашылдықта, иманына берілгендікте алдына жан салмаған игілер, садықтар. Ауд.
[3] Аллаһқа жақындықта әулие дәрежесіндегі жандар. Ауд.
[4] Жүрек пен ұждан тазалығы жөнінен алдына жан салмаған кәміл иман иесі тақуалар. Ауд.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.