«МУХАСАБА» ЖӘНЕ МУХАСАБА ҚАҺАРМАНДАРЫ

«Мухасаба» деген не? Мухасаба қаһармандары жайлы нақты мысалдар келтіре отырып түсіндірсеңіз.

Мухасаба сөзінің мағынасы «есептесу», «есеп айырысу», «адамның өзін-өзі жауапқа тартуы» дегенді білдіреді. Ал, діни терминологияда мұсылман адамның жақсы-жаман әрбір амалын, сауабы мен күнәсін таразылай отырып, оңды істеріне шүкір етіп, қателіктеріне кешірім тілеп, тәубе етіп, өкініш білдіріп, түзелуге, қайтадан сүрінбеуге бекінуін, сондай-ақ тура жолда тайсақтамай, тайғанақтамай, нық жүруге талпынуын айтады.

Адамзат қоғамы мухасаба сезімі мен ұғымын шын мәнінде Ислам арқылы таныды. Ислам руханиятынан мақұрым жандар мухасаба немесе өз-өзін бақылауды болмашы есеп беру деп түсінуден әрі аса алмаған. Әсіресе, кейбір діни ағымдар мен философиялық мектептер адам тәңірмен теңеспеуі үшін міндетті түрде күнә жасауы тиіс деген сұмдық пікірді алға тартады. Мұны азғырушы әзәзілдің пікірі демеске лажың жоқ. Сондай-ақ, қиыр шығыстық кей нанымдардағы рухтардың бір тәннен екінші бір тәнге қонақтап ұдайы көшіп-қонатыны[1] туралы көзқарас хикметке, әділет пен ынсапқа еш жанаспайды. Ал Ислам дінінде: «Сендердің ойлап шығарғандарың да, әһл-и кітаптың ойынан шығарғандары да шындық емес; кімде кім бір жамандық жасаса, (міндетті түрде дүниеде не ақыретте) жазасын тартады және ол Аллаһтан басқа ие де, медеткер де таба алмайды»[2] деп, мәселенің анығын белгілейді. Кейбір арғы-бергі кітап иелерінің өздерін жаннаттық деп санап, барлық күнәміз дінбасыларымыздың мойнына жүктеледі деуінің ешқандай негізі жоқтығы секілді, жан бір денеден екінші денеге қонақтап, үнемі ауысып отырады деген пайымдар да қате.

Бұл пікірлердің қай-қайсының да адамзатқа берері жоқ. Ақиқат тірегі Исламда «Кімде кім бір жамандық істесе, жазасын тартады»[3], «Ешбір күнәһар басқа біреудің күнәсін арқаламайды»[4] және «Адамға өз ісінің өтеуі ғана тиесілі»[5] деген аяттарда әр мұсылманға еңбектену міндеттелетіндігі, ал табысқа кенелту Аллаһтың қалауына байланысты екендігі баса айтылған. Иә, шынтуайтында солай, алда Аллаһтың әркімді еңбегіне сай марапаттайтын сәті де туады.

Мухасаба қаһармандары жайлы

а. Адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы – Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)

Енді мухасаба сұлтаны деген атауға лайық нағыз қаһармандардың өмірлерінен мысалдар келтіре отырып, ойымызды нақтылай түсейік. Терең мухасаба жайында сөз қозғағанда ең әуелі есімізге адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оралады. Үмбетіне үлгі болған Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Менің білгенімді білсеңіздер, аз күліп, көп жылар едіңіздер», яғни «жылы төсекте алаңсыз ұйықтауға, ауыздарыңызға салған бір қасық тағамды шайнап жұтуға, тіпті бір жұтым су ішуге жүректеріңіз дауаламас еді» деген. Жауапкершіліктің осыншалықты ауыр екендігін терең сезінген бір сахаба «Әттең-ай, адамнан гөрі бұталып кете баратын ағаш болғанымда ғой» деп, күйзелген екен.

Екі дүниенің нұры Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жеке өмірінің әрбір сәтін терең мухасабамен, әр аттаған адымын ұдайы ақыл мен жүрек елегінен өткізуді әдет қылған. Сонымен қатар, жалпы адамзатқа арнаған сөзін алдымен өзінің ең жақындарына айтып, өзгелерге әзірлеген ескертпелерін әуелі өз туыстарына жеткізген. Бір күні бар ағайын-туыс, жақын-жұрағатын жинап оларға туыстық жақындықтарына қарай тіл қатқан. Әуелі алысынан бастап соңында ең жақын туыстарына былай деп өсиет айтқан: «Уа, Кағб ибн Мүррәнің ұлдары! Уа, Әбдіманаптың ұрпағы! Уа, Әбдімүтәліп ұрпағы! Нәпсілеріңді Аллаһтан сатып алуға тырысыңдар. Себебі, мен ақыретте сендер үшін ештеңе де істей алмаймын». Яғни, жеме-жемге келгенде әркім өз басына (өз амалдарына) жауап беретінін, қолымен істегенін мойнымен көтеретінін айтып жар салған. Иә, «Әркім (ақыретте) істеген ісінің тұтқыны орнына ұсталады»[6] деген аятта айтылғандай әр адамның нәпсісі тұтқын тәрізді. Адам еңбектеніп, табыс тауып, оны Аллаһ жолында жұмсау арқылы нәпсісін азат ете алады. Аллаһ расулы Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдымен өзіне ең алыс рудан бастап бірте-бірте ет жақындарына айтқан ескертуі осыған дәлел:
«Әй, Аллаһ расулының әпкесі Сафия! (Сен де нәпсіңді (өз басыңды) құтқарудың жолдарын қарастыр) өйткені ақыретте саған да көмектесе алмаймын!».

Сафия (р.а.) – Хамзаның (р.а.) туған әпкесі, Аллаһ расулы «менің хауариім (жәрдемшім)» деп атаған Зүбәйірдің анасы, Қағбаны залым Хажжаждан қорғау жолында шейіт болған Абдуллаһ ибн Зүбәйрдің әжесі еді. Бәрінен бұрын, ол Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әпкесі (әкесінің қарындасы) болатын. Мұншалықты жақындығына қарамастан Пайғамбарымыз оған ақыретте азапқа ұшырамас үшін аянбай еңбектену керектігін, әйтпесе көмегі тимейтіндігін ескерткен. Тіпті, көзінің қарашығындай қадірлеген сүйікті қызы Фатимаға да: «Ей, Мұхаммедтің қызы Фатима! (Сен де нәпсіңді құтқарудың жолдарын қарастыр) өйткені ақыретте сен үшін де ештеңе істей алмаймын» деп, әркімнің ертең өзі үшін жауап беретінін, сондықтан тірліктің әр сәтін бағамдай білудің қажеттігін білдірген.

Әйтпесе, ол «Фатима – менің бір бөлшегім» деген Аллаһ расулының аяулы қызы, жәннат әйелдерінің қастерлісі емес пе еді?! Кейінгі дәуірлерде дүниеге келетін әулиелердің басым көпшілігі соның ұрпақтарынан тарағаны да бәрімізге мәлім.

Ислам әр адамға осындай үлкен жауапкершілік пен міндет жүктей келе, әркімнің орындауға тиісті амалдарын белгілеп, кітап иелерінің ойдан шығарған қияли сөздеріне алданбауды бұйырады. Әрбір пенде маңдай терімен, қайрат-жігерімен осы дүниеде неге қол жеткізсе, арғы дүниеде Аллаһтың құзырына сол жиған-тергенімен шығып, таразыға түскен амалдарының нәтижесіне қарай я жұмақтың төрінен, я болмаса тозақтың түбінен орын алады.

Құран мен сүннет арқылы Ислам әркімге белгілі бір жауапкершілік артады. Қоғам ішіндегі рөлі мен орнына қарай әрбір адамның атқаратын міндеттері бар. «Сіздердің әрқайсысыңыз бақташысыздар, барлығыңыз да өздеріңізге бағыныштыларға жауап бересіздер. Мемлекет басшысы өз қол астындағыларға жауап береді. Ер кісі жанұя басшысы ретінде әйел, бала-шағасы мен отбасына жауап береді. Әйел ошағының басшысы ретінде отбасындағы дүниелерге жауап береді. Қызметші қожайынының мал-мүлкінің қарауылы, ол да жауапсыз қалмайды. Әрбір адам белгілі бір нәрсеге басшы, қарамағындағыларға жауап беруге міндетті» деген хадисте әр адамның нақты жауапкершілігі бар екендігі белгіленіп көрсетілген. Олай болса, басқалардан бұрын Хақты таныған, ақиқатқа бойлаған, иман келтірген кез келген адам, мейлі ол оқушы, мұғалім немесе кәсіпкер болсын, айналасындағыларға жауапты. Иманды кісі қолындағы бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жүрген жерінде ақиқатты түсіндіріп, өзі тыныстаған саф рухани әлемге оларды да тартып, алдымен Аллаһты және пайғамбарды танытуға, иман ләззатын таттыруға, Ислам дәнін себуге барын салуы тиіс. Сонда ғана бір кездері осы абыройлы міндетті жауапкершілікпен атқарған сахабалар мен олардың ізбасарларын құрметтеп, қадірлегеніміз тәрізді болашақ ұрпақ та имандылық туын биіктеткен еңбегіңізді тарихта алтын әріптермен жазары хақ.

Адамзаттың рухани оянуының негізін қалаған сахабалар адамзат тарихындағы алғашқы жаһилияны жойып, жарқын өмір орнатқан. Ал, бүгінде төрткүл дүние дін Исламнан хабар, хал үстінде жатқандай қараңғылық кезеңін бастан өткеруде. Мұны құдды адамзат тарихының екінші жаһилиясы десе де болғандай. Осы надандық қамытын жеңген Пайғамбар бастаған жалынды сахабалары Әбу Бәкір, Омар, Осман және Әлилер (р.а) сынды бүгінгі заманның өз Әбу Бәкірлері, Омарлары, Османдары және Әлилері болуға тиіс. Бұлар Пайғамбарымыз ғұмыр кешкен бақыт ғасырының алып тұлғаларындай болмаса да, соларға ұқсаған терең тақуа, асқан ықылас, үлкен сабыр танытып, жүрген жерлерінде мейірім шуағын шашып, нық адымдармен ілгерілей түседі. Осы сүйіспеншілік қаһармандарының қажырлы еңбектері арқасында діннен, иманнан мақұрым қалған халық серпіліп, ес жиып, қуарған далаға жаңбыр жауғандай нұрға бөленері хақ. Алайда, мұндай ақиқат жолын таңдағандардың бірден-бір ұстанымы – Аллаһ берген несібе мен нығметтердің қадірін біліп, ешкімді алаламай баршаға бірдей құшақ жайып, баршаға бірдей сүйіспеншілік көрсету болғаны дұрыс.

ә. Хазірет Әбу Бәкір (р.а.)

Нәбилер сәруары (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Әбу Бәкір (р.а.) жайлы хадистерінде: «Адамдар арасынан дос таңдауым керек болса, мен міндетті түрде Әбу Бәкірмен дос болар едім. Сіздердің бауырларыңыз Әбу Бәкір – Аллаһтың досы» немесе «Сен менің Кәусар бұлақ басындағы және үңгірдегі жолдасымсың» деген.

Тіпті Аллаһ тағаланың да Әбу Бәкірге (р.а) «Мен оған разымын, ал ол маған разы ма екен?» деп сауал жолдағаны жайлы сенімді деректерде баяндалады. Пайғамбарымыздың адал серігі, нағыз досы, пайғамбарлардан кейінгі адамдардың ең қастерлісі, көзі тірісінде жұмақпен сүйіншіленгендердің тұңғышы, адалдық сипатының иесі, алғашқы халифа Әбу Бәкір де (Аллаһтың разылығына бөленгей) – мухасаба қаһармандарының алдыңғы қатарында. Әбу Бәкір Сыддық (р.а) адам болып жаратылған соң адамша өмір сүруді үлкен жауапкершілік деп біліп, әр қадамын абайлап басқан. Бұған оның өмірі куә. Бірде ол ағаш бұтағында қонақтап отырған құсқа қарап: «Ей, құс, сен қандай бақыттысың! Мен сенің орныңда болуды қатты қалаймын. Бұтақтан бұтаққа қонып, мәуесін шоқып, қарның тойғанда кете барасың; істеген ісіңе есеп те бермейсің, жауап беруді ойлап та жатпайсың, жазаға да тартылмайсың!» – депті. Бұл Әбу Бәкірдің өз ісіне, адамдық болмысына аса ыждағаттылықпен, жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді.

Әбу Бәкір (р.а) дүниеге адам болып келгені үшін шүкір етіп, адам болып өмір сүрудің жауапкершілігін сезінуде алдына жан салмаған.

Терең мухасабаның адамы Әбу Бәкірдің тағы бірде: «Уаллаһи, билләһи, осыншалықты жауапкершілік жүктелген адам болып жаратылғаннан гөрі түйе жейтін жантақ немесе иесі бордақылап бауыздаған қошқар болсамшы!» деп күйінгеніне куә боламыз.

Сірә, Әбу Бәкірдің (р.а) бұл сөзі адамның кей-кейде басынан өткеретін ерекше рухани күйзеліс жағдайына байланысты айтылса керек. Себебі қаиетті Құран Кәрімде: «Біз ақиқатында адамды асқан сұлу бейнеде жараттық»[7] делінген. Ендеше, адам – мәуелі ағаштан, жан-жануарлардан, тіпті періштелерден де қастерлі жаратылыс. Адамның өн бойына күллі әлемнің қасиет-тері жинақталып, жалпақ жаһанның ерекшеліктері сыйдырылған. Алайда, мухасаба сезімінің зіл батпан ауырлығы кәміл мұсылман Әбу Бәкірдің өзін жоғарыдағы сөздерді айтуға итермелегендей.

б. Әділеттің рәмізі Омар (р.а.)

Өз-өзіне есеп беруде биік өреге жеткендердің бірі – өмірінің әр сәтін терең жауапкершілікпен өткізген, осы дүниеде-ақ жұмаққа баратындығы белгілі болған екінші халифа Омар (р.а) еді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Омар (р.а) жайлы да: «Егер менен кейін пайғамбар келсе, ол міндетті түрде Омар болар еді», «Аллаһ хақты (ақиқатты) Омардың тіліне және жүрегіне салған» немесе «Көктегі күн Омардан қайырлы ешкімге шуағын төккен емес» деген секілді хадистері бар.

Жер бетінде әділеттіліктің рәмізіндей саңлақ сахаба Омар Фаруқтың (р.а) жауапкершілігі мен әр ісіне есеп беру сезімінің тереңдігі де біздерге әрдайым үлгі. Әділет шырақшысының артында қалған мына бір нақыл сөздер көзі ашық, көкірегі ояу жандарға ой салары хақ:
«Нағыз есеп айырысу күні келмей тұрғанда өз-өздеріңізбен есептесіңіздер! Махшар таразысына
бармастан бұрын, нәпсілеріңізді есепке тартып көріңіздер!».

«Уаллаһи, дүние тола алтыным болса, Аллаһтың азабы келмей тұрып бәрін елге таратып беріп, азаптан құтылуға асығар едім».

«Ең жақсы адам – маған кемшіліктерімді айтқан адам».

«Егер Ефрат өзенінің жағасында бір түйе жоғалса немесе бір қой суға батып өлсе, Аллаһ есебін менен сұрайды деп қорқамын».

«Егер Раббымның рақымдылығы болмаса, менің де, анамның да жағдайы мүшкіл».

«Тырнақтай дән болып жаратылғаным жақсы еді! Тіпті мүлде жаратылмай-ақ қойғанымда ғой! Анам мені дүниеге әкелмей-ақ қойғанда ғой! Мүлде ұмытылып кеткенім жақсы еді!».

«Егер көктен «Ей, адамдар! Бәрің тозаққа, араларыңнан тек қана біреуің жұмаққа кіресіңдер!» деген дауыс естісем жаннатқа баратын жалғыз жан мен бе екен деп үміттенер едім, немесе «Ей, адамдар! Барлығың жаннатқа барасыңдар, араларыңнан тек бір ғана кісі жаһаннамдық» десе сол жаһаннамға лайығы мен емес пе екем деп қорқар едім».

Өмірінің ақырғы күндерінің бірінде Омар (р.а.) далада отырып қатты мұңайып: «Уа, Аллаһ тағалам! Мен қартайдым, маған қарасты ел де, жер де көбейді. Сенің әмірлеріңе нұқсан келтірмей тұрғанымда аманат жанымды ала гөр!» деп тілек тілеген.

Әбу Лүлүнің қолынан мерт болардан бір-екі күн бұрын жасаған осы дұғасы қабыл болғандай әділеттің рәмізі Омар артынша-ақ өмірден озған. Омар (р.а) осы тілегінде Аллаһтан аманат жанын алуды, жауапкершіліктен босатуды сұраған. Негізінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Сіздерден ешкім күйзелген сәтінде өзіне өлім тілемесін. Егер ауыртпалық жанына батып, қатты қиналса: «Уа, Раббым! Мен үшін өмір сүру қайырлы болса ғұмыр бер, ал өлім қайырлы болса, жанымды ал!» дегені жөн»,– деп, Аллаһтан тікелей өлім тілемеуге шақырады. Алайда, жоғарыда баяндалған оқиғадан Омардың (р.а) жауапкершіліктің ауырлығын терең сезінгендіктен өзіне өлім тілегенін көреміз. Намазға ғашық Омар бамдат намазын оқып жатқанда, Муғира ибн Шубаның құлы Әбу Лүлүнің қолынан өлімші жарақат алып, соның салдарынан шейіт болған.

Пайғамбарлар сәруары (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күйзелген не сәл жабырқаған сәттерінде Біләлге (р.а.): «Уа, Біләл, жан құмарымызды бір тарқатшы!» дейтін. Хазірет Біләл бұл сөздердің нені тұспалдайтынын жақсы білетіндіктен, бірден азан шақырып, жамағатты тегіс намазға жинайтын. Себебі, намаз – мүминнің дертінің дауасы. Намаз мұсылманның жан-дүниесін рахатқа кенелтеді. Омардың (р.а) да өзіне жолбасшы Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сияқты намазға деген махаббаты айрықша болатын. Ол намаз оқып тұрғанда аяттардың мағынасына терең бойлаған сайын кейде өз-өзін ұстай алмай егіліп жылайтын, дауысы тіпті соңғы саптағыларға дейін естілетін. Кейде намазда бір аятты соңына дейін оқып бітіре алмай, талып қалған кездері де аз болмаған. Ондай сәттерде бірнеше күн бойы үйінен шықпаған соң, жұрт оны науқас деп біліп жағдайын сұрауға асығатын. Бұл мысалдар Аллаһтың кәламын (сөздерін) жан-жүрегімен түйсініп, оқыған нағыз мухасаба адамын танытады.

Бірде Омар (р.а.) бамдат намазында «Юсуф» сүресін оқып тұрып «Мен қайғы-қасіретім мен күйзелістерімді тек қана Аллаһқа айтып шағымданамын»[8] деген аятқа келгенде, өзін-өзі ұстай алмай еңкілдеп жылаған күйі рүкуғқа иіледі. Аяттағы сөздер, негізінде, Яқуб пайғамбардан қалған сөздер болса да, Яқуб сияқтылар әлі де бар еді, әрдайым бола береді де. Омар (р.а) да солардың бірі. Ауыр жауапкершілікті арқалаған бұл терең ойлы тұлға оқыған әрбір аятта меңзелген мәселені жан жүрегімен сезінгендіктен көз жасына ерік беретін, сахабалар да оған қосыла жылайтын-ды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, қанды қол Әбу Лүлү оның осындай сәтін пайдаланып, бүйіріне улы қанжарын сұғып алады. Омардың (р.а) ішек-қарны сыртқа ақтарылып түседі. Ажалмен арпалысқан соңғы сәттерінде де Омар (р.а) Аллаһқа жақындығына, тақуа-лығына көлеңке түсірмеуді ойлап, ұлы Абдуллаһты халықтың өзі жайлы пікірін біліп келуге жұмсайды. Абдуллаһ әкесінің тапсырмасымен сыртқа шығып, үй-үйді аралап, Омардың басына келген жайттан жұртты құлағдар етіп, олардың әкесі жайлы ойларын сұрайды. Қай үйге барса да, жұрттың бәрі келісіп алғандай: «Қапыда кеткен қайран, Омар-ай! Сенен шынымен айрылып қалғанымыз ба?!» деп, жақсы жанның орны үңірейіп қалғанына қимастықтарын білдіріп, қамығып, қапаланады. Сонда Омарды жоқтап жылағандардың қатарында хазірет Айша (р.а.) анамыз да бар еді. Барша халық Омардың бауырына сұғылған қанжардың дін Исламның бауырына түскен жазылмас жарақат екенін сол сәтте ұққан еді. Сол қанжардан тамған қан қиямет-қайымға шейін мұсылмандар арасында бітпейтін ұрыс-керістің, дау-жанжалдың бастауы сияқты болды. Ал Омардың жоқтаушысының есебі жоқ-тын.

Ұлы Абдуллаһ қайтып келіп, әкесіне халықтың оны қазірден бастап қайғы-мұңға батып, жоқтай бастағанын жеткізеді. Сонда әл үстінде жатқан хазірет Омар өзіне қастандық жасаған адамның кім екендігін сұрайды. Мұсылман емес ирандық мәжуси екенін естігенде «Аллаһ тағалаға мың да бір шүкір» дейді. Мұның себебі, терең мухасаба адамы Омардың «бәлкім, білместікпен бір мұсылманның ақысын жеген шығармын, соған ашуланып келіп мені өлтіргісі келген шығар. Мұндай жағдайда ол мұсылманның ақысын жегенім үшін әрі ашуын қоздырып қолын қанға малуына себепші болғаным үшін жауаптымын» деген қаупі бар еді. Ақтық сәтінде де жауапкершіліктен, адалдықтан ауытқымаған, Аллаһқа берер есебінен сәл де болса жаңылып кетпеуді ойлап уайымдаған Омар (р.а) жанының ауырғанын елемей, өзін өлтіруге ұмтылған қаскөйдің мұсылман болып шықпағанына шүкіршілік етеді. Себебі, ол қарамағындағы барлық мұсылмандарға жауапты екенін жақсы білетін.

Хазірет Омардың аса мұқияттылығына өмірден озар алдындағы мына бір оқиға арқылы да көз жеткізе түсеміз. Ол көз жұмар алдында ұлы Абдуллаһты Айша анамызға (р.а) жұмсап, дүниедегі айрылмас достары Адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы пайғамбарымыз (с.а.с.) бен Әбу Бәкір Сыддық (р.а) жерленген жердегі бір адамдық бос орынға жерлену үшін рұқсат сұрайды. Өзі Пайғамбарымыз «үмбетімнің ғалымы» деп атаған Ибн Аббастың (р.а.) тізесіне басын қойып, көңілі күпті күйде Айша анамыздың (р.а) жауабын күтеді. Біраздан соң ұлы Абдуллаһ жүгіріп келіп, хазірет Айшаның: «Негізінде мен ол жерді өзіме сақтаған едім, бірақ өзімнің қалауымнан гөрі Омардың тілегін артық санадым», – дегенін сүйіншілей жеткізеді. Бұл жауапты естіген халифа Омар (р.а): «Аллаһқа шүкір, ең үлкен қалауым осы еді. Бірақ, сонда да мен өлген соң мәйітімді сол жерге апарып тұрып, тағы бір рет рұқсат сұраңдар. Егер рұқсат берсе, сол жерге көміңдер, болмаса мұсылмандар зиратына жерлеңдер», – дейді.

Хазірет Омар ұлы Абдуллаһты күтіп жатқанда, көңілі қатты толқып, еңкілдеп жылап, талықсып кетеді. Сонда қасында отырған Ибн Аббас (р.а.):
«Ей, халифа! Сенің жаннатқа барарыңа күмәнім жоқ. Себебі сен ақиқатты танып, мұсылмандықты қабылдадың. Бірде Пайғамбарымыздың бір жағына сені, екінші қапталына Әбу Бәкірді алып тұрып: «Біз қиямет күні дәл осы қалпымызда тірілеміз» дегенін, тағы бірде «Әр пайғамбардың көкте және жерде екі-екіден уәзірлері болады, менің де көкте екі, жер бетінде екі уәзірім бар. Көктегі уәзірлерім – Жәбірейіл мен Микайыл, ал жердегілер – Әбу Бәкір мен Омар» дегенін өз құлағыммен есіттім. Расулуллаһтың әрқашан сізді осылай танығанына да шүбәм жоқ.

Тұңғыш халифа Әбу Бәкір де саған өте разы еді, сол себепті де өзінен соң халифалыққа сені лайық көрді. «Омар сияқты қатал адамды халифалыққа ұсындыңыз, ертеңгі күні мұның есебін сұраса не деп жауап бересіз?» – дегендерге, ол еш іркілместен: «Сендер мені қорқытпақсыңдар ма? Раббым менен мұның мән-жайын сұраса «Аллаһым! Мен сол үмбеттің арасынан ең қайырлысын халифа етіп тағайындадым» деймін»,– деген.

Маңдайыңа бұйырып, сен көп қалалар тұрғыздың. Алауыздықтың жойылуына да Аллаһ сені себеп қылды. Сені себеп қыла отырып Жаратушымыз мұсылмандарға сансыз нығметтер берді. Ұзақ жылдар бойы пайғамбарға жолдас болдың. Халифалық құрдың, әділдікті ту етіп, міндетіңді абыроймен атқардың. Енді, міне, ауыр жарақат алдың. Аллаһтың құзырына шейіт ретінде бармақсың. Өз деңгейіңде сыддық бола білдің. Қара қылды қақ жарған «Фаруқ» сипатын иелендің. Жер бетінде әділетті жақтап, «Әділет – биліктің негізі» ұстанымын жария еттің. Оны қалың жұртқа мойындата білдің. Әлем әділдікті сенен үйренді. Барлық салада жеңіске қол жеткіздің. Тек шейіттік мәртебесі қалып еді, Аллаһтың құзырына шыққанда кемшін тұсым болмасын деген оймен шейіттікті де құшақ жая қарсы алдың...», – деп жұбатып, көңілін демейді.

Ибн Аббас (р.а.) сөздерін аяқтауы мұң екен, Омар қуаныштан жүрегі жарылардай алабұртып одан айтқандарын тағы бір қайталауын өтінеді. Ибн Аббас өтінішін орындаған соң, халифа Омар: «Сен махшар күні де мен жайлы осыларды баяндап, куәлік етесің бе?», – деп сұрайды. Ибн Аббастың «Әрине!» деген жауабы өлім аузындағы Омарды (р.а) балаша қуантады. Омардың (р.а.) ішкі есептегі тереңдігі сонда, ол көзі тірісінде жұмақпен сүйіншіленгеніне немесе істеген істеріне емес Пайғамбардың бауырының (көкесінің ұлы) махшардағы куәлігіне осыншалықты ден қойған.

Мисуәрден келіп жеткен риуаятта, Омардың жараланған сәтте «Уаллаһи, билләһи, есепсіз қазынам болса, Аллаһтың азабы келмей тұрып барлығын садақа ретінде таратып беріп, құтылуға тырысар едім» дегені айтылады.

Бұл айтулы тұлғалардың алыптығы сонда – олар әрбір басқан қадамдарына, сөйлеген сөздеріне аса жауапкершілікпен қарап, өздеріне есеп беріп отырған. Үлкен жеңістерге қол жеткізгенде де, алдарынан күллі әлем қақпалары айқара ашылғанда да кішіпейілділіктеріне зәредей нұқсан келтірмеген.

Әттең, дәл қазіргі байғұс ахуалымызға, сахабалар дәуіріндегі ұлы керуенге ілесе алмай кеш қалғанымызға, өз міндетін абыроймен атқарып өмірден өткен аға ұрпақтың ізінен көз жазып қалғанымызға, Хақтан ажырап жалғыздық тартқанымызға, Құраннан алыстап кеткенімізге, әлемге ізгілік нұрын шашқан шапағатты Ислам дінінің бейбітсүйгіштік, адамгершілікті әспеттейтін асыл қасиеттерін паш ете алмағанымызға өкініш білдірмедік. Орны толмас қасіретімізді жан-жүрегімізбен сезіне алмадық, ештеңе болмағандай күйбең тірлікке алданып жүре бердік. Ең өкініштісі, әлі де арамызда осылай алданып жүргендер аз емес.

Иә, рухымызды жігерлендіріп, еркімізді жанып, кедергілерге мойымай, хазірет Омар айтқандай «О дүниедегі шын есеп айырысуға бармай тұрып өз-өзімізбен іштей есептесіп, махшар таразысына тартылмай тұрып нәпсілерімізді есепке тарта алсақ» ертеңімізге нық, сенімді қадам жасарымыз анық.

в. Мейірім мен мухасаба кәусары Айша (р.а.) анамыз жайында

Мухасабаны терең түйсінгендердің бірі әрі бірегейі – әйел затының жұпар иісті гүлі Айша анамыз (р.а.) еді. Ол бір күні Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қасында отырып, өз-өзінен өксіп жылап жібереді. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) одан мұнша мұңаюының себебін сұрағанда: «Жаһаннам есіме түсіп жыладым. Айтыңызшы, қиямет-қайымның қорқынышты сәті орнаған кезде отбасыңызды ойлай аласыз ба?», – деп сұрайды. Бұл сауалға мейірімділік пен сүйіспеншіліктің өкілі, Пайғамбарлар сәруәрі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Уа, Айша! Ақыретте біреу біреуді ескеруге мұршасы келмейтін үш жер бар:
Махшарда таразы басында, амалдарының ауыр немесе жеңіл басқанын көргенге дейін;
Амал дәптерлері таратылған кезде, оның оңынан, солынан немесе артынан берілгенін білгенге дейін;
Қыл көпірден өткенге дейін»,
– деп жауап қайтаруы арқылы осы үш жерде ең жақындарына да қарай алмайтынын айтып, Айшаға (р.а) өз басын қазірден бастап ойлау қажеттігін ескерткен.

Айша анамыз пайғамбардың зайыбы, Әбу Бәкірдің сүйікті қызы әрі күллі мұсылмандардың анасы бола тұра, ақыретте жауап беретінін ойлап, уайымға беріліп жылаған. Пайғамбарымыз дүниеден озғанда, жасы небәрі жиырмадан жаңа асқан еді. Сегіз-тоғыз жасар шағында бүкіл әйелдерге тәлімгер әрі тәрбиеші ретінде адамзаттың асыл тәжі хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бақыт отауының босағасын аттаған. Ол толассыз уахи түскен ортада өскендіктен мұсылман үмбетінің бас тәрбиешісі ретінде де қияметке дейін әйелдерге қажетті жөн-жоралғылардың басым көпшілігін кейінгілерге жеткізген тұлға еді. Аллаһ расулы хазірет Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қиямет күнінде Айша анамызды (р.а) да ойлауға шамасы келмейтінін айтып, оған өз басының қамын жасауы керектігін ескерткеніне қарағанда Айша анамыздың уайымдауы бекер емес-ті. Оның үстіне «Үмбетім! Үмбетім» деп үмбетінің игілігін тілейтін мейірім мен шапағат пайғамбарының мұны арнайы ескертуі көп дүниенің парқын ұқтырады.

Жоғарыдағы хадисте баяндалғандай аталған үш жерде адам атаулының бәрі бірдей «Аллаһ тағалам, бізге амандық бер! Сен бізге амандық бермесең халіміз мүшкіл» деп жанталасады. Пайғамбарлар да осылай жалбарынумен болады.

Бухаридің хадис топтамасына түсіндірме жазған ғалым Қасталани өз еңбегінде он жеті сахабаға айрықша тоқталады. Бұлар әрдайым құлшылықта кемшін тұстарымыз бар деген оймен, әрбір әрекетінде жеті өлшеп бір кесіп, иманға нұқсан келмесін деп мұқият өмір сүруге тырысып өткен. Соған қарамастан олар «осы мен екіжүзді емеспін бе?» деген күдіктен де арылмаған. Сол мухасаба қаһармандары арасында хазірет Омар мен Айша анамыз да бар. Олар мендей пақырдың дәріптеуіне әсте мұқтаж емес, дегенмен, бұл әзіз тұлғалардың кәміл иманды жандар болғанына шүбәміз жоқ. Бірақ, олар ақырын жүріп, анық басқан үлгілі ғұмырлары арқылы бізге о дүниедегі шын есеп айырысу сәті келмей тұрып, өзімізді іштей есепке тартуымыз керектігін меңзеп, жөн сілтеп кеткен.

Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін барша жан ертең Аллаһқа есеп беретіндігін ойлап әрбір қадамын анық басуы үшін бойға иман нәрін сіңіріп әрі мухасаба сезімін жан жүрегімен түйсінуі керек. Пайғамбарымыз бен тұңғыш иман қаһармандары ғұмыр кешкен бақыт ғасырында орын алған мына бір оқиғаны еске алып көрейікші:
Бір күні хазірет Омар мешітке асығып бара жатқан бір баланы тоқтатып: «Шырағым, сендей кішкентай балаларға намаз парыз емес қой, мешітке сонша асыққаның не?», – деп сұрайды. Сонда әлгі бала жұлып алғандай: «Уа, мүминдердің әміршісі! Мен қалай асықпайын, кеше ғана өзім құралпы көршіміздің бір баласы қайтыс болды..», – деп жауап берген екен.

«Әнфал» сүресінде «Аллаһ еске түскенде іштей қобалжитын, аяттар оқылғанда иманы артып, Раббыларына тәуекел ететіндер – міне мүминдер осылар»[9] делінген. Иә, шынында да, нағыз мүминдер Аллаһтың аты аталған жерде жүректері өрекпіп, көңілдері толқып, қобалжиды. Аллаһтың аяттарын естігенде олардың имандары арта түседі, аяттардың мағынасын түйсініп бірде қобалжыса, артынша оның берекетімен шаттыққа кенеледі. Иманның нәрін татқан мүминдер «Иман тәсілімге (Аллаһқа бағынуға), тәсілім тәуекелге, тәуекел болса екі дүниенің бақытына жеткізеді» деп сеніп, соған барынша қам-қарекет жасайды. Сахабалардан бастап нағыз мүминдер осы жолдан жаңылған емес. Олар Аллаһтың аяттарын естіген сайын көңілдері өрекпіп, үрейленетін. Оған төменде келтірген мысалдар толық дәлел.

е. Хабашстандық (Эфиопиялық) сахаба

Хазірет Әнәс былайша баяндайды: Бір күні Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Егер олай істей алмасаңдар – әрине мұны істей алмайсыңдар – онда отыны адам мен тастан құралған, кәпірлер үшін әзірленген тозақ отынан қорқыңдар!»[10] деген аятты оқыды да, артынша былай деді: «Жаһаннам қып-қызыл болып қызарғанға дейін мың жыл, ағарғанға дейін мың жыл, содан соң қарайғанға дейін тағы мың жыл жанды. Содан соң ғана үздіксіз от лаулап тұратын түнекке айналды».

Ол сөздерін бітірмей жатып, алдыңғы қатардағы тыңдаушылардың арасынан қара нәсілді зәңгінің солқылдап жылап жібергенін естиді. Сол арада көктен Жәбірейіл періште түсіп, пайғамбардан жылап отырғанның кім екенін сұрайды. Пайғамбарымыз «Ол Хабашстаннан келген бауырымыз» деп, ол жайлы жылы лебізін білдіреді. Сонда Жәбірейіл Аллаһ тағаланың «Ғиззатым, Жалалым және ғарыш үстіндегі мәртебемнің ақысы үшін, менен қорқып жылаған құлымды жәннатта қуанышқа бөлеп, жүзін жарқын етемін» дегенін жеткізеді.

ж. Әнсарлар арасынан шыққан есімі белгісіз қаһарман

Сахаба Хузайфадан (р.а) келіп жеткен мына оқиғаға көз жүгіртіп көрелікші. Бірде әнсар мұсылмандарының ішінде бір жас жігіт ұзақ уақыт үйінен шықпаған күйі есеп күнінің қиындығын ойлап күндіз-түні жылаумен болады. Ақыр аяғы ауру меңдеп төсекке таңылады. Оның күннен-күнге нашарлап бара жатқанын естіген Пайғамбарымыз науқастың көңілін сұрай келеді. Аллаһ расулын (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көре сала жан-дәрмені қалмай орнынан тұрған жігіт, Пайғамбарымыздың құшағына құлай кетеді. Аллаһ расулы қолдарын жазғанда әлгі жігіт тұрған жерінде тіл тартпай жүріп кетеді. Сүйікті пайғамбарымыз оның жансыз денесінен көз айырмай терең толғаныспен: «Бауырларыңызды жерлеудің қамын жасаңыздар. Өзін Аллаһ құзырында сезінуден туған қауіп пен қорқыныштан жүрегі жарылып кетті. Құдіретті әрі ұлы Аллаһтың атымен ант етемін, Аллаһ бұл жігітті жаһаннамнан сақтады. Адам баласы үміт еткеніне ұмтылып, қорыққанынан қашады» деген.

Мухасаба жамағаты

Ардақты Пайғамбарымыз бен парасатты халифалардың бақыт ғасырында қоғамдағы жауапкершілікті ер-әйел, бала-шаға, халық болып жаппай тереңнен сезіне білген ерекше қоғам қалыптасқан еді. Ол қоғамда өмір сүрген жандардың қай-қайсысының да жүрегі Аллаһтан қорқу, Аллаһты сүю және мухасаба сезімдеріне толы болған. Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз намазға тұрғанда құлшылыққа берілетіні соншалық, кеудесінде диірмен тартылып жатқандай әсер беретін. Дәл осындай құрмет пен үрей, сезімталдық жас-кәрі демей сахабалардың бәрінде кездескен.

Аллаһтан түскен «Ей, иман келтірген мүминдер! Аллаһтан шын қорқыңдар (тақуалықты ұстаныңдар) бұл дүниеден мұсылман күйлеріңде өтіңдер (мұсылман болып өліңдер)»[11] деген аятты естігенде Хақ жолындағы бұл жандар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрместен құлшылыққа беріледі. Жоғарыдағы Аллаһ баянын олар «Әл-қуатыңызға қарай емес, Аллаһтан қаншалықты қорқып, қаншалықты беріліп сыйлау әрі сүю керек болса, солай жасаңдар» деген мағынада қабылдаған. Құлшылыққа берілгендіктері соншалықты, сан рет намазға жығылудан маңдайы мен тізелеріне шор біткен.

Бұл жағдайдың «Бақара» сүресіндегі «Аспандағы және жердегілер тегіс Аллаһтың иелігінде. Көңілдеріңдегіні жария істесеңдер де, жасырын істесеңдер де, Аллаһ оның есебін сендерден сұрайды. Аллаһ кешіргісі келгенін кешіреді, жазалағысы келгенін жазалайды. Аллаһтың барлық нәрсеге құдіреті жетеді»[12] деген мағынадағы аят түскенде орын алғандығы жайлы айтылады. Бұл аятты естіген мүминдер қатты қобалжып, үрейленеді. Артынша көңілдеріндегі қорқынышты Пайғамбарымызға былайша жеткізеді: «Уа, Аллаһтың елшісі! Бізге намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, жиһад жасау сияқты міндеттер жүктелді. Бұл жауапкершіліктерімізді қолымыздан келгенше орындауға тырысамыз, айтар уәжіміз жоқ. Алайда, мына соңғы аят бізді сары уайымға салды. Себебі, мұнда айтылғанға сай бола алмауымыз мүмкін. Қаламасақ та ойымызға түрлі жайттар оралады, оған тұсау салу тым қиын».

Олардың бұл сөзі Аллаһ расулының жанына қатты батты, іле сахабаларына: «Сендерге дейін ғұмыр кешкен әһл-и кітап өкілдері сияқты «Бәрін де естідік, бірақ наразымыз!» демекпісіңдер?! Бұл жөн емес. Одан да былайша дұға жасаңдар «Естідік те мойынсұндық! Уа, Раббымыз, біз сенің кешіріміңе сыйындық. Қайта оралып барар жеріміз – Сенсің».

Пайғамбарлар сәруарының осылай деуі мұң екен артынша Аллаһтан төмендегі аяттар келді: «Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілген кітапқа сенді, мүминдер де сенді. Олардың барлығы Аллаһқа, Аллаһ-тың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына сенді. Олар «Аллаһтың пайғамбарларын алаламаймыз. Біз (үндеуіңді) естідік, және (әміріңе) мойынсұндық. Раббымыз, Сенен кешірім тілейміз. Қайта оралып барар жеріміз – Сенсің» дейді. Аллаһ ешкімді шамасы жетпейтін іске мәжбүрлемейді. Кімде кім жақсылық жасаса сауабын өзі көреді, жамандық қылса сазайын өзі тартады. (Олар былай дейді:) Раббымыз, біз ұмытсақ немесе жаза бассақ, жазаламағайсың. Раббымыз, бізден бұрынғыларға жүктегеніңдей бізге ауыр жүк жүктемегейсің! Раббымыз, бізге шамамыз келмейтін ауыр жүк (міндет) артпағайсың! Бізді кешіргейсің, жарылқағайсың! Бізді мүсіркегейсің! Сен біздің Иемізсің! Кәпірлер қауымына қарсы бізге медет бергейсің!»[13].

...Жарылқа бізді, Жаратқан!

Осы аяттардан қуат ала отырып, сөзімді мынадай дұғамен бітіргенді жөн көрдім:
Уа, раббымыз! Осыдан он төрт ғасыр бұрын жіберген субхани әмірлеріңді біз де естідік, естісімен мойынсұндық. Алғашқы толқынға кешірім жасағаның сияқты, бізді де кешіре гөр! Уа, Сұлтан раббымыз, бәріміз өзіңнің құзырыңа барамыз! Сен – ең жоғары мәртебелі Сұлтансың! Сен – басы мен соңы жоқ шексіздіктің әміршісісің! Бізді мына жойқын уақыттың ығына жығылудан, надандық пен адасушылықтан сақта!

Уа, Жаратқан! Жаңсақ басып жаңылған болсақ, жазаға тарта көрме! Бұрынғыларға жүктегеніңдей ауыртпалықты бізге жүктеп, әліміз жетпейтін нәрсемен сынай көрме! Бізге мейіріміңді төгіп кешіргейсің! Сен біздің Жарылқаушымызсың! Қасиетті Құранда «Өйткені Аллаһ имандылардың панагөйі (жәрдемшісі)»[14] деп баяндадың. Сен біздің қамқоры-мыз – Иемізсің, біз сенің еркіңдегі құлдарыңбыз.

Біз, кемелдікке ұмтылған мүминдер ретінде Өзіңе құлшылық жасауды бәрінен артық қоямыз. Намазымызда «Фатиханы» оқыған сайын күніне кемінде қырық рет құлшылығымызды мойындап: «(Раббымыз!) Саған ғана құлдық ұрып, Сенен ғана медет тілейміз»[15] деп ант үстіне ант береміз. Жұрт құлшылықтан қашса, біз Раббымызға құлшылық етуді бақыт деп білеміз. Тағы да құл екенімізді мойындай отырып, құлшылық борыштарымызды мінсіз атқару үшін Өзіңе жалбарынамыз. Әлсіздігімізді, дәрменсіздігімізді мойындай отырып, құдіретіңе сыйынамыз.

Уа, Раббымыз! Жоғарыда аты аталған мухасаба қаһармандары сияқты бізге де терең мухасабаны түйсінуді, міндеттерімізді абыроймен атқаруды нәсіп ете гөр! Әмин!


[1] Автордың реенкарнацияға қатысты кең көлемді мәліметі үшін қараңыз: «Ғасыр тудырған күмәндар - 1». 63-бет, «Көкжиек» баспасы. А. – 2009.
[2] «Ниса» сүресі, 123-аят.
[3] «Ниса» сүресі, 123-аят.
[4] «Әнғам» сүресі, 164-аят; «Исра» сүресі, 15-аят; «Фатыр» сүресі, 18-аят; «Зумәр» сүресі, 7-аят; «Нәжім» сүресі, 38-аят.
[5] «Нәжім» сүресі, 39-аят.
[6] «Мүддәссир» сүресі, 38-аят.
[7] «Тин» сүресі, 4-аят.
[8] «Юсуф» сүресі, 86-аят.
[9] «Әнфал» сүресі, 2-аят.
[10] «Бақара» сүресі, 24-аят.
[11] «Әли Имран» сүресі, 102-аят.
[12] «Бақара» сүресі, 284-аят.
[13] «Бақара» сүресі, 285-286-аяттар.
[14] «Мұхаммед» сүресі, 11-аят.
[15] «Фатиха» сүресі, 5-аят.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.