НЫҒМЕТТЕРДІҢ ҚАДІРІН БІЛУ

Бұрынғылармен салыстырғанда қазіргі мұсыл-мандар Аллаһ тағаланың нәсіп еткен игілік-терінің қадіріне қаншалықты жетіп жүр?

Мұндайда танымал түрік шайыры Хаялидің халық арасында қанатты сөзге айналып кеткен «Қайран балықтар-ай, суда өмір сүре тұра судың не екенін білмей өтерсіңдер-ау!» деген өлең жолдары еске түседі. Бұл өлең жолдарында айтылғандай иман келтіріп, Құранның ақиқаттығына сенген кейбір замандастарымыздың бұрынғылардың бастан өткерген қиындықтарын білмегендіктен қазіргі күні Аллаһ тағаланың нәсіп еткен нығметтерінің қадірін сезінбей жүргендігі шындық.

Барша мүминдерді кінәлаудан аулақпын, дегенмен ғапылдықпен ғұмыр кешіп жүргендер де арамызда жеткілікті. Аллаһ тағала барша бауырларымызға иман дариясынан нәр татуды, ар-ұжданымызбен оның қадірін сезінуді нәсіп етсін деп тілеймін!

Нығметке лайық бола білу – өте маңызды. Аллаһ тағаланың иман бұйыртуы, иман келтіргендердің мәртебесін арттыруы – кез келгенге бұйырмас бақ, үлкен несібе деп білемін. Ал, осы иман нығметін жан-тәніңмен сезіне отырып, «Уа, Жаратушы ием, бергеніңе мың да бір шүкір!» деп сәт сайын Аллаһ тағалаға құлдық ұру – одан да зор нығмет дер едім.

Атеистік идеология үстемдік құрған елдерде халық дінсіздіктің азабын тартты. Мұсылмандар рухани жағынан қатты құлдырап, имансыз, мұнарасыз, азансыз қалып жапа шекті. Аллаһ тағаласыз, пайғамбарсыз, Құрансыз өмірдің мәнсіз, бос екенін пайымдады. Әлі де зорлық-зомбылықтан түбегейлі арылмаған елдер жоқ емес. Сол бір аумалы-төкпелі кезеңнің барлық ауыртпалығын көріп өскен ұрпақ та небір теперішті бастан кешті. Мұндай елдерде жеке адамға табынушылық секілді шектен шыққан жағдайлар, әділетсіздіктер жиі орын алды. Ол ортада жамағатпен бірге мешіттерде ғибадат жасау тұрмақ, өз үйіңде отырып намаз оқып, құлшылық жасау мүмкін емес-ті.

Бұл елдер мүмин деген атқа лайық, тым құрығанда, бір адамға зәру еді. Ол елдерде дін қоғамнан аластатылды. Әсіресе жастар діннен бездірілді. Мұсылмандық парызын орындауға тырысқандар азапталып, қарсылық көрсеткендер абақтыға қамалып, итжеккенге айдалды. Сібірдің сірескен аязы – кім кімге де үңірейген ажал апанындай еді.

Ол шақта қарапайым халыққа адам құқы, еркіндік пен бостандық туралы сөз қозғау мүмкін емес еді. Себебі, барлық билік тұтас қоғамды билеп-төстеген аз ғана топтың қолында болды. Ауыр азап күн сайын күшейіп, ұлттық сана-сезім құлдырап, өскелең ұрпақтың дінге деген көзқарасы төмендеді. Құдайсыздықтың ызғары ескен бірқатар елдерде халық иманнан жұрдай тобырға айналып үлгерді. Мұсылмандықтың мәні, рух беруші қуат көзі азан дауысы көп жерлерде естілмейтін жағдайға жетті. Дін жайлы сөз ету қылмыс саналып, бір ауыз сөзі үшін абақтыға тоғытылғандар аз болмады.

Осылайша діннің қуат-күші әлсіреп, атеизм кең етек жайды. Биліктің тізгінін қолына алған ниеті бұзықтар  Жаратқанды жоққа шығарып, діннің тамырына балта шабуға тырысты. Өз пиғылдарын жүзеге асыру үшін сұрқия жоспарлар құрды. Өзгелерді езіп-жаншып, тұншықтырып отырды. Ғасырлар бойы келе жатқан ата-баба мұрасын табанға таптап, ойдан шығарған негізсіз дүниені насихаттап, жұртшылықты адастырды.

Иә, бір кездері үмбеттің басынан бақ тайып, тар заманға тап болғаны қалай ұмытылмақ? Айналамызда ешкім қалмай бәрі бізді тастай қашқан күндерді, Құран мен дінді үйрететін бір де бір мектептің қалмағанын да көрдік. Ол кезде Аллаһтың атын атап, Құран үйрету – өлімге бас тігумен барабар еді. Әйгілі ғұлама Мухиддин Ибн Арабидің «Мусамаратул-әбрар» атты шығармасының мына бір тұсы – менің де айтар ойымның өзегі іспетті:

«...Бір күні Әбу Бәкір (р.а.) Әлиге (р.а.) былай депті: «Уа, Әли, сен ол кезде мүлдем жас бала едің, біз бір адамға дінді түсіндіру үшін өлімге бас тігіп, тәуекел ететінбіз. Бізге өшпенділікпен пышақ қайрағандарды көргенде, үйден шыққан сайын қайтып аман оралатынымызға көзіміз жетпейтін. Жолымызды торуылдайтын дұшпандарымыздың көптігіне қарамастан ақиқат жолында қаймықпадық. Сол кездері басымызды бәйгеге тікпесек, бүгінгі бейбіт күнге жете алмас едік».

Әбу Бәкірдің (р.а.) осы сөзінен алғашқы мұсылмандардың қаншалықты қиындықтарды бас-тан өткергенін байқауға болады. Тарихта оқиғалар қайталанып жататынын ескерсек, мұндай кесірлі кекшілдіктің қанша рет орын алғанын, әлі қанша алдымыздан шығарын кім білсін?! Адамзат қоғамы қай заманда да «Әбу Жахил мен Әбу Ләхабтардан» қорлық көрді. Шайтан да қиямет қайымға дейін алауыздық отын үрлеуден танбайтыны белгілі. Бұндайда ізгілік пен әділдікке жақ мұсылманның міндеті – алауыздықпен күресіп, бейбіт өмірге ұмтылу.

Кезінде «тарихым», «атамұрам», «мәдениетім» деп рухани құндылықтарды дәріптеу үлкен тәуекелді қажет етсе, бүгінде ол зорлықтың бәрі артта қалды. Қазіргі бейбіт өмірді ғасырлар бойы ұйқыда жатқандардың қайта тірілуі, ес жиюы десек қателеспейміз. Әсіресе бүгінгі жас ұрпақты өз басым қиямет-қайымда Исрафил періштенің сұрға үрлеуімен қайта тірілген жандарға ұқсатамын. Мәселеге осы тұрғыдан қарай отырып, мен сіздерге Әбу Бәкірдің Әлиге (р.а.) айтқанындай, былай дегім келеді:

Сіздер әсемдік пен әдемілік орнаған тұста дүниеге қадам бастыңыздар. Бүгінгі таңда әлемде толайым тыныштық толық орнамаса да, өткен замандағыдай зорлық-зомбылық, абақты, азап, қуғын-сүргін жоқ.

Біз бүгін сансыз нығмет пен несібеге кенеліп өмір сүрудеміз. Олай болса, осыны саналы түрде сезініп, шүкіршілік етуге міндеттіміз.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.