Періштелер мен жындардың Пайғамбарымызға көрінуі және онымен сөйлесуі

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) баяндауда:
Әкем Омар ибн Хаттаб (р.а.) былай деді:
– Бір күні Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жанында болған кезде, кенеттен қасымызға ақ киімді, қою қара шашты бір кісі келді. Түрінен оның жолаушы екенін не жолаушы емесін айыра алмадық. Біздің арамыздан оны таныған ешкім болмады. Келген кісі пайғамбарымызға тізесін түйістіре отырды. Қолын пайғамбарымыздың санына қойды. Содан соң Расулуллаһтан «Ислам, иман, ихсан және қиямет-қайым» жайында сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сұрақтарына жауап берді. Сұрақ-жауаптан соң ол кісі тұрып кетіп қалды. Мен біршама күтіп тұрдым. Соңында, Расулуллаһ маған:
– Ей, Омар! Әлгі сұрақ қойған кісінің кім екенін білемісің? – деді.
– Аллаһ және Елшісі біледі, – дедім. Расулуллаһ:
– Ол – Жәбірейіл (а.с.). Сендерге діндеріңді үйретуге келген еді, – деді.[1]
Сағд ибн Әби Уаққас (р.а.) баяндауы бойынша:
Ухуд соғысы күні Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оңында және солында екі адам көрдім. Үстерінде ақ киім бар еді. Барын салып шайқасып жатты. Оларды бұған дейін де, бұдан кейін де көрмедім. (Бұл екі кісі деп отырғаны: Жәбірейіл мен Микайыл періштелер (аләйһимас-сәлам))[2]
Муаз ибн Рифаа Бәдір соғысына қатысқан әкесі Рифаа ибн Рафиден риуаят етеді. Әкесі былай деген:
Бәдір соғысы кезінде бір уақытта Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келді де:
– Араларыңызда Бәдірге қатысқандарға қалай қарайсыздар? – деп сұрады. Расулуллаһ:
– Біз оларды мұсылмандардың ең абзалы ретінде санаймыз, – деді. Немесе осыған ұқсас бір сөз айтты. Жәбірейіл (а.с.):
– Біз де періштелерден Бәдірде болғандарды періштелердің ең абзалы деп есептейміз, – деді.[3]
Ахмад ибн Ханбал өзінің «әл-Мүснәд» атты кітабында Ибн Мәсудтан (р.а.) Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Ләйләтул-жин» оқиғасында жындарға Құран Кәрім үйреткенін риуаят етеді[4].


[1] Бұхари, Иман 37; Мүслім, Иман 1.
[2] Бұхари, Мағази 18; Либас 24; Мүслім, Фәдәил 46-47.
[3] Бұхари, Мағази 11.
[4] Ахмад ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 1/455.


Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.