Пайғамбарымыздың дұғаларының қабыл болуы

Әнәс ибн Мәлік (р.а.) баяндауда:
Жұма күні Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хұтба оқып жатқанда, бір адам келіп:
– Уа, Расулуллаһ, жаңбыр жаумағалы көп болды. Аллаһқа дұға етсеңіз, – деп өтінді.
Расулуллаһ дереу дұға оқыды. Сол сәтте жаңбыр жауа бастады. Қатты жауғаны сонша – малмандай су болып үйімізге әрең жеттік. Келесі жұмаға дейін жаңбыр толастамады.
Әнәс айтады:
– Келесі жұмада әлгі кісі ме, жоқ басқа біреу ме еді орнынан тұрып: «Уа, Расулуллаһ, мына жаңбырды бұрып әкету үшін Аллаһқа дұға етсеңіз, бізге енді жаңбыр жаумаса екен», – деді. Сол кезде Расулуллаһ:
– Аллаһым, бізге емес маңайымыздағыларға жауғыза гөр! – деді.
Әнәс айтады:
– Ант етейін, өз көзіммен көрдім: сол сәт бұлттар оңды-солды ыдырап, Мәдинаға емес жаңбыр алыс-жақын маңайдағыларға жауа бастады[1].
Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) баяндауда:
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аллаһым! Мына екі адамнан (Әбу Жәһил мен Омар ибн Хаттаб) Сенің құзырыңда Саған қайсысы сүйікті, сонымен Исламның абыройын көтере гөр!», – деп дұға оқыды.
Таңертең хазірет Омар Расулуллаһтың құзырына келіп, ниет білдіріп, мұсылман болды.[2]
Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) баяндауда:
Пайғамбар әжетханаға кірген еді. Оған дәрет алатын суын дайындап қойдым.
Мұны кім қойды? – деп сұрады. Ибн Аббас: «Мен», – дедім. Сол кезде: «Аллаһым, оны дінде фақиһ (терең білімді) ет», – деп дұға оқыды. Пайғам-барымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл дұғасының қабыл болғандығы айдан анық. Өйткені ибн Аббас «Хабрул-уммә»(Үмбеттің білімпазы), «Тәржүманул-Құран» (Құранды аударушы) лақаптарымен танынып әрі жас кезінде-ақ хазірет Омардың ғалымдар кеңесіне мүше болған[3]. Ал, «Мүснәд» кітабында Пайғамбарымыздың мынадай дұғасы бар: «Аллаһым, оны (ибн Аббасты) діннің тереңдігіне ынтық ет және оған тәуилді (Құранның тәпсірін жасауды) үйрет»[4].
Әнәс ибн Мәлік (р.а.) баяндауда: Мені шешем Расулуллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жетектеп әкеліп: «Уа, Расулуллаһ! Ұлым Әнәсжанымды әкеліп өзіңізге тапсырдым. Қызметіңізде жүрсін. Балама бір дұғаңызды арнасаңыз», – деді. Сол кезде: «Аллаһым! Мұның ырысын молайтып, бала-шағасын көбейт», – деп дұға етті.
Әнәс айтады: «Уаллаһи, дәулеттімін. Балаларым мен немерелерімнің саны жүзге жетіп қалды»[5].
Әнәс ибн Мәлік (р.а.) айтады: Бір күні Расулуллаһ апайым Үммү Харамның үйіне келді. Апайым оған дастархан жайды. Біраздан кейін Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сәл көз шырымын алды. Сосын күліп оянды. Үммү Харам:
– Уа, Расулуллаһ! Неге күлгеніңізді айтпас па екенсіз? – деп сұрады. Расулуллаһ:
– Түсімде үмбетімнен бір топ адамның таққа жайғасқан патшалар сияқты телегей теңіз үстінде кемелеріне жайғасып, шеру құрып Аллаһ жолындағы шайқасқа кетіп бара жатқаны көрсетілді, мен соған күлдім, – деді.
Үммү Харам:
– Уа, Расулуллаһ, дұға етсеңіз, мен де сол теңіз қаһармандарының қатарына қосылсам, – деді. Расулуллаһ Үммү Харамға дұға оқып, бет сипады. 
(Әнәс ибн Мәлік айтады:) Шынында да, Үммү Харам Муғауия ибн Әби Суфиан Сирияның әкімі болған кезде, оның қол астында жасақталған бір теңіз шайқасында (Кипр) кемеге мінді және теңізден құрлыққа шыққан кезде шайқас жолында көлігінен құлап шейіт болды[6].


[1] Бұхари, Истисқа 7; Мүслім, Истисқа 1.
[2] Тирмизи, Мәнәқиб 18; Ахмәд ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 2/95.
[3] Бұхари, Ілім 17; Ууду 10; Иътисам 2; Мүслім, Фәдәил 138; Ибн Хажар, әл-Исәба, 4/141-151.
[4] Ахмәд ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 1/266.
[5] Мүслім, Фәдәилус-сахаба 143.
[6] Бұхари, Жиһад 3; Мүслім, Имара 160, 161.


Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.