Тура жолға бастайтын себептерді іздестіру керек

Құран, бір жағы, күпірге ұрындыратын және тура жолға тосқауыл болатын жайттардан сақтандырса, екінші жағы, ақиқатқа жетелейтін себептерге ынталандырады. Яғни иманға кедергі келтіретін тәкаппарлық, менмендік, жалған намысқойлық, мақтаншақтық, қасарысу, менсінбеушілік, дүниеқоңыздық пен надандық сияқты қылықтардан ұзақ тұруды үйрете, отырып, оқу, ойлану, іздену, ғибрат алу, алды-артын аңдау, жақсы уағыз-насихат тыңдауды, ізгі жолмен жүруді насихаттайды. Құранда екі жерде «дәнекер» сөзі өтеді. Олардың біреуі – «Маида» сүресінің 35-аяты. Онда: «Әй, иман еткендер, Аллаһтан қорқыңдар. (Құран мен Жаратылыс кітабын оқып, өздерін тануға тырысқандар!) Жаратушыларыңның алдында әдепті болыңдар және Оған жақындауға дәнекер іздеңдер (Үлкенді-кішілі нәпсілік, шайтани қалауларыңа қарсы, сыртқы дұшпандарға қарсы) жиһад етіңдер (күресіңдер). Сонда ғана аман қаласыңдар», – делінген. Тағы басқа аяттарда да «Біздің жолымызда жиһад етушілерді Біз де міндетті түрде жақсы жолдарымызға саламыз»[1], «Кімде-кім Аллаһты шын жүректен құрметтеп Оған қарсы шығудан қорқатын болса, (Аллаһ) оған (қиындықтан) шығар бір жол жаратады»[2], – деп айтылған.

Демек, жүрегінің түбіне терең бойлап, Аллаһ тағалаға тәуекел ете отырып, рухани толысып жетілген пенделерін Аллаһ тағала ешқашан адастырмайды. Тасаууфшылар, кәміл адамдар – бәрі де Аллаһ тағалаға жақындататын істерге құмартып, Ұлы Жаратушыға бет түзеген. Игілікті істерде Аллаһ тағала олардың көретін көзі, еститін құлағы, ұстайтын қолы болған.[3] Яғни, олар Аллаһ үшін көрген, Аллаһ үшін естіген және Аллаһ үшін жүрген. Аллаһ тағала да оларды қорғаған: жаман жолдарға итермелейтін нәрселерді көрсетпеген, естіртпеген және аяқтарын басқа жолдарға басқызбаған.

Дәл қазіргі уақытта да мұсылмандар арасындағы дінге демеу бергендерді, Аллаһ пен Оның елшісін (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таныту үшін аянбай тер төккендерді Жаратушы Ие, иншаллаһ, қадам бастырған тура жолынан адастырмайды, қателестірмейді, күнәға батырып азапқа душар етпейді.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзінің ғибратқа толы ғұмырында ақтық деміне дейін әрдайым осы тура жолға шақыру міндетін ақ-адал атқарып шықты. Аллаһ тағала өзінің сүйікті Елшісін (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ең жақын туыстарыңа ескерт!»[4], «Ескерт, насихат ет!»[5], «Саған әмір етілгендерді анықтап түсіндір!..»[6] – деген зілді бұйрықтарымен имандылыққа шақыруға құлшынтты. Міне, бүкіл ауыртпалықтарға төтеп беруі, зорлық-зомбылықтарға төзе білуі, түлкі жағалы бұ дүниелік ұсыныстарға көз қиығын да салмай, өзінің міндетін, Құранда айтылғандай, өзін қинайтындай дәрежеде[7] бар қажыр-қайратымен атқарып шығуы, өзі серуендеген жәннат бақшаларын үмбетін құтқару үшін, оларды да сол жерлерге алып бару үшін тастап шығып, қауымның арасына қайта оралуы – бәрі де Пайғамбарымыздың өзінің дағуасына[8] деген шынайы ынта-ықыласының таңғажайып үлгі-өнегелері!..

Өзіне тас боратып, үсті-басын қанға малшынтатынын білсе де, Таифке барып Хақ Тағаланы уағыздауы[9], істемеген жамандығы қалмаған адамдарды, әсіресе, Меккені азат еткенде: «Барыңдар, азатсыңдар!»[10] – деп кешіруі және сарабдал сахабаларына шайқастың ең шешуші сәтінде дұшпанның басын алғалы тұрғанда, әуелі дұшпанын «иман мен Исламға» шақыруды тапсыруы[11], сондай-ақ «Ей, Әли, сенің себепкерлігіңмен бір кісінің тура жолды табуы жер жүзінде үстіне күн көзі түскен барлық нәрседен жақсы», басқа бір риуаятта, «иен дала толған қой мен түйелерден де абзал»[12] – деп тәлім беруі және осыған ұқсас тағы қаншама оқиғалар мен хадис шәріптер – бәрі тура жолға мұрындық болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Дәнекер болған жан сол істі істегендей сауап табады. Бұл туралы Сөз Сұлтаны: «Кімде-кім бір сүрлеу жол салып, ізгілікті іске дәнекер болса, осы жолда жүргендердің сауаптары сол жолды салғанға да бірдей беріледі; жаман және күнә жолын салғандарға да сол жолда жүргендердің күнәларына тең күнә жазылады»[13], – деген.

Бір мешіт салсаңыз немесе салдыртсаңыз, сол мешітте намаз оқығандардың сауабына тең сауап сіздің амал дәптеріңізге де жазылады. Дәл сол секілді мешітке көңілі ынтық ұрпақ тәрбиелеп өсіру жолында тер төксеңіз, осы мақсатта білім ордаларын салсаңыз, мұқтаж шәкірттерге шәкіртақы, кітап-дәптер алып берсеңіз, осы білім беру ісіне сіз де үлес қоссаңыз, онда тәрбиелеп шығарғандарыңыздың алатын сауаптарына тең сауап сізге де беріледі амал дәптеріңіз ешқашан жабылмайды. Жүрегінде иманы бар, көзі ашық көкірегі ояу, әке-шешесінің айтқанын екі етпейтін, отаны мен халқына адал қызмет ететін абзал азаматтарды тәрбиелеп шығару жолында басқан әрбір қадамыңыз, ғибадат пен дәнекерлік үшін мұра етіп қалдырған әрбір амалыңыз сіз үшін ақырет азығы ретінде мәңгілік бақытқа жетуіңізге дәнекер болады.

Дәнекер болуды нәсіп еткен және осы дәнекерлікті жаратқан бір Аллаһ екенін ешқашан естен шығармау керек. Біреу біздің иман келтіруімізге, оны күшей-туімізге және ғибадат атқаруымызға дәнекер болуы мүмкін. Ондайда дәнекер болған адам «Егер менің арқамда сен намаз оқымайтын едің, иманның не екенін ұқтың, мен үйретпегенде, сені намазға жыққан да менмін», – деуі өте қауіпті, бұл үлкен қателік. Бұған біздің де «Иә сен болмағанда, мен күпірліктен арылмас едім, ғибадат дегенді білмес едім», – деп ойлауымыз да сондай ірі ағаттық.

Оның орнына тура жолға дәнекер болған кісінің былай ойлағаны жөн: «Мен кіммін? Мен ешкім емеспін. Қолынан түк келмейтін, мұқтаждығы басынан асатын әлсіз, дәрменсіз біреумін. Мені осындай сауапты іске себепкер еткен Құдайға мың да бір шүкір! Мен болсам-болсам қураған жүзімнің сабағы болармын. Қупаған сабақтан тәтті шырынға тола баданадай жүзімдерді жаратқан Раббымның құдіретіне шек бар ма?!».

Ал біреудің дәнекерлігімен тура жолды тапқан кісі де: «Жаратқан Ием менің әлсіздігім мен зәрулігімді көріп, бір қызметшісімен маған өте бағалы сыйлықтар жібергенін көре тұра, қызметшісіне рахмет жаудырып, құрметімді аямай, сыйлықтарды қызметші берді деп ұғуым, әрине, Ұлы Патшама деген әдепсіздік болады. Шүкіршілігімді Аллаһ тағаланың Өзіне білдіргенім дұрыс» – деген пікірде болса жөн.

Осы жерде мына мәселені де айтакеткен жөн: Шүкіршілік етіп, тура жолға салған Аллаһтың өзі екенін ұғыну тура жолды табуға дәнекер болған адамға құрмет көрсетпеу керек дегенді білдірмейді. Бұл мәселеде де Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйреткен өлшемдерден аспай, тепе-теңдікті сақтауымыз керек. Мысалы, тура жолға түсудің ең үлкен дәнекері болған Пайғамбарымызды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм), дәріптегенде яһудилер мен христиандардың өз пайғамбарларына жасағандай,  тым асырып, Оны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «улуһият»[14] мәртебесіне шығармау керек. «Абдуһу уә расулуһу»[15] дегеннен-ақ, бүкіл адамзаттың Оған (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) борыштар екенін ұғып, «Борыштар Оған бүкіл адамзат, уа, Жаратқан Ием, бізді махшарда осы сөзімізбен қайта тірілт» деп жалбарынудан тартынбауымыз керек. Өйткені Пайғамбарымызға сүйіспеншілікпен өтпеген өмір – өмір емес. Құранша айтсақ, бәлкім, сонша ақиқаттарға қарамастан, Оны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жүрегіне алқа қылып тақпағандарға және өмірлерінде жол көрсетуші етіп санамағандарға әрі Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алып келгендерін өмірлерінің сәні мен мәні деп есептемейтіндерге – қабірдегі өліктерге қарағандай қараған дұрыс болса керек.

Әрине, адамның о бастағы таза табиғатының кейіннен бұзылып-бұзылмайтыны, өмірінде алдынан шығатын жайттарға өз ықтиярымен қандай таңдау жасайтындығын алдын-ала тағдырда жазылуы – жақсылық пен жамандықты Аллаһ тағала жарататындығы мәселесінен өзгеше емес. Адамның өз ықтияры араласқан барлық жерде Аллаһ тағала жақсылықты да, жамандықты да жаратады. Алайда кейде «ата» заңдылығымен жамандықты жаратпайды. Өйткені Оның жамандық атаулыға разылығы жоқ. Соған қарамастан, адам өз ықтиярымен теріс жолды таңдап тұрып алса, разылығы болмастан, жамандықты да жаратады. Өйткені мына жалған дүние – сынақтың, күрес пен құлшылықтың мекені. Оның үстіне жамандықтың жаратылуы емес, оған пейіл білдіру жамандық екенін, біздің жаман деп есептеген көп нәрседе көптеген жақсылықтар бар екенін, мәләкүт (ішкі) жағымен барлық нәрсенің жақсылық пен хикмет шеңберінде болып жатқанын, соған байланысты жамандықтың жаратылуын жаман деуге болмайтынын да жоғарыда айтып өткенбіз.


[1] Әнкәбут сүресі, 29/69.
[2] Талақ сүресі, 65/2.
[3] Бұхари, Риқақ 38.
[4] Шұғара сүресі, 26/214.
[5] Ғашия сүресі, 88/21.
[6] Хижр сүресі, 15/94.
[7] Қараңыз: Кәһф сүресі, 18/6; Шұғара сүресі, 26/3.
[8] «Ұлы мақсат, қызмет» деген мағынада (ауд.).
[9] Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-ниһая, 4/168.
[10] Ибн Хишам, әс-Сиратун-нәуәууия, 4/55; Ибн Кәсир, әл-Бидая уән-ниһая, 4/344.
[11] Мүслім, Жиһад 3; Әбу Даууд, Жиһад 82.
[12] Бұхари, Жұма 29; Жиһад 102, 143; Фәдәилус-сахаба 9; Мағази 38; Либас 38; Әтғима 1; Мүслім, Фәдәилул-Құран, 32, 34.
[13] Мүслім, Зәкәт 69; Ибн Мәжә, Мұқаддима 203.
[14] «Құдайлық» деген мағынада (ауд.).
[15] Оның құлы және Оның елшісі (ауд.).

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.