СОҢҒЫ ЕЛШІНІҢ ПАЙҒАМБАРЛЫҚ МІНДЕТІ

Барша болмыс атаулы белгілі бір міндет үшін жаратылған. Бірақ  күллі тіршілік иелерінің өз ішінен бір басшыға бағынатыны қызықты-ақ. Мәселен, құмырсқаны патшасыз, араны жетекшісіз, балықтар мен құстарды басшысыз елестету қиын. Сол сияқты адамзатқа да Аллаһ тағала пайғамбарларын жіберген.

Жаратылысты зерттеп, ондағы құбылыстарды зерделеу арқылы Аллаһ тағаланың бар екеніне адам баласы ақылмен көз жеткізсе де жаратылу мақсатын, қайдан келіп, қайда кетіп бара жатқанын, қалай құлшылық жасау керек екенін пайғамбарларсыз біле алмайды.

О бастағы жаратылу мақсұтына сай жүріп-тұруды адамдарға тек пайғамбарлар ғана үйретіп келген. Егер адамзатқа пайғамбарлар жіберілмегенде, адамды жаратудың еш мәнісі болмас еді. Ал, мақсатсыз жарату – Аллаһтың заңына қайшы келмек, өйткені Ол еш нәрсені де бекерге жаратпаған.

Пайғамбарлар – адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін, оларға дұрыс өмір сүрудің қағидаларын үйретіп, әділдік пен адалдыққа негізделген қоғам құруға шақыратын тәлімгерлер.

Пайғамбарлар – жаратылыс тылсымын айшықтайтын, пенделерге «адам – ғалам – қасиетті кітап» үшеуінің арасындағы тығыз байланысты түсіндірушілер.

Пайғамбарлар – Хақтың көмегімен жаратылыстың сырын терең игерген, адамдардың материалдық әрі рухани мәселелерін шешетін, ғасырлар бойы жалғасатын адамдық жолын салып, мұғжизаларымен мәдениет пен ғылымның дамуына жол көрсететін ұлы ұстаздар.

Олар – әр пайғамбар кетісімен артынша қайта бұзылған адамзатты тура жолға шақыратын жолбасшылар. Бұның барлығы Аллаһ тағаланың шексіз мейірімінен туындағаны анық.

Міне, осындай иләһи мақсаттар мен уахиды адам санасына жеткізетін елшілеріне, әсіресе, адамзаттың ұстазымыз әрі шапағатшымыз – ардақты Елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең үлкен куәгер – Аллаһ тағаланың өзі. Ал, ғалам сарайының жезтаңдай Бұлбұлының) үнімен жеткен Құран кітап та – пайғамбарлықтың, барша пайғамбарлар мен соңғы  елшінің ең үлкен куәгері.

Барша пайғамбарды және «пайғамбарлық» қызметті осы қысқа тақырып шеңберінде қарастырып шығу мүмкін емес, сондықтан пайғамбарлар мен иләһи кітаптарды және Ұлы Жаратушыны бізге түсіндірген пайғамбарлар Сұлтаны – Мұхаммедті (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түсіндіру арқылы барлығын да түсіндірген әрі түсінген боламыз. Егер оның пайғамбарлығын адамдар түсініп мойындаған болса, онда ол жеткізген ақиқаттар да артық дәлелдеуді қажет етпейді.

Аллаһ тағалаға иман ету – мәңгілік бақытқа кенелудің кілті. Алайда адам баласы Аллаһ тағаланың бар екенін мойындай тұра пайғамбарды мойындама-йынша беймаза әрі  бақытсыз күй кешеді. Адамзат бүкіл жан-тәнімен «Мухаммәдун Расулуллаһ»[1] деген кезде ғана өмірдің мәнсіздігінен құтылып, жүрегіне бақыт ұялайды.


[1] Мұхаммед – Аллаһтың елшісі (ауд.).

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.