Бүліктер

Омар (р.а.) өмір бойы осындай алдын-алу қиын бүлік шығуынан қорқатын. Бір күні мешітте дүйім жұрттың арасында отырған кезде:  «Бұл жерде Аллаһ елшісінің бүлік жайлы хабарларын естіген жан бар ма?», – деп сұрайды. Хузәйфа: «Мен бармын», – деген соң, Омар (р.а.): «Сен батыл адамсың, айт», – деді. Ол: «Адамның бүлігі отбасында, дүниесінде, өзінде, баласында және көршісінде. Бұларға ораза ұстау, намаз оқу, садақа беру, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю кепіл болады», – деді. Омар: «Жоқ, оларды сұрап тұрғам жоқ. Теңіз толқынындай ірі бүліктер жайында сұрап тұрмын», – деді.

Хузәйфа: «Омар! Олардың саған ешбір қатысы жоқ. Сені мен оның арасында жабық есік бар», – деді. Омар (р.а.): «Бұл есік ашыла ма, әлде қиратыла ма?» –  деп сұрады. Хузәйфа: «Қиратылады», – деп жауап қатты. Омардың жүрегі дір етті; еріндері кемсеңдеген күйі: «Онда ол есік қайта жабылмайтын болғаны», – деді[1].

Сахабалар кейіннен: «Омар әлгі есіктің өзін меңзеп тұрғанын білетін бе еді?» – деп сұрағанда, Хузәйфа: «Иә, білетін, тіпті кешегі өткен түнді анық білгендей білетін», – деп жауап қайырды.

Ол өзі бұл ғұмырдан кетісімен, Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) үмбетінің бірлігі ыдырап, түрлі бүлік пен жамандық атаулы ішке ақтарылатынын, үмбет арасында пікір қайшылықтары белең алып, жат ағымдардың пайда болатынын жақсы білетін...

Омар (р.а.) мұны сезді. Өйткені оның хабарын екі әлем Шырағы Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өзі алдын  ала айтқан болатын.

Сол күн туғанда айтқандары айдай келді.

Омар (р.а.) отқа табынушының қанжарынан қаза болды. Омарды жаралағандар Ислам бірлігінің жүрегіне де қанжар сұққандай еді. Олар оңтайлы сәтті қапы жібермеді.   Омар (р.а.) қалай көз жұмды, солай бүліктер бейне сел боп ақты да, Ислам әлемін шайып кетті. Әлбетте, бұл – адам айтқысыз ауыртпалық еді. Бірақ осы оқиғалар өз тілімен бейне бір көк жүзіне жұлдыздардан «Ләә-иләһә-иллаллаһ, Мухаммадур-расулуллаһ»[2] деп жазғандай, Пайғамбардың туралығына айқын дәлел еді.



[1] Бухари, Саум, 3; Муслим, Фитән, 26-27.
[2] Аллаһтан басқа құдай жоқ, Мұхаммед – Аллаһтың Елшісі (ауд).


 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.