Пихокинезия

Фетхуллаһ Гүлен: Пихокинезия

Рухтың бар екенін дәлелдейтін құбылыстың бірі – психокинезия. Психокинезия (psychokinesis) – зейін арқылы материяға тікелей әсер ету күшін зерттейтін өте кең, ауқымды сала.

Адамның денесінен бөлініп шығып, адамның өзіне, жан-жануарларға, өсімдіктерге және заттарға әсер ететін күш – «биоплазмалық энергия», материялық тітіркеніске әсер ететін күш – «психометрия», сондай-ақ магнитизм, гипноз және осы секілді тәсілдермен жасалатын емдеу ісі, көз тию, сиқыршылық, дуалау секілді құбылыстар, йога, факиризм секілді ұғымдардың барлығы психокинезияға жатады. Сонымен қатар, жын мен шайтанның жасайтын немесе жасаттыратын іс-әрекеттерін де осы категорияға жатқызып, зерттеуге болады.

Бұл тарауда психокинезияны егжей-тегжейлі талдамаймыз, өйткені негізгі тақырыптың өрісінен көз жазып қалуымыз мүмкін, сондықтан психокинезияның ерекшеліктерін жеке-жеке талдап, саралап жатпастан, осы салаға қатысты бірнеше мысал келтіре отырып, жалпылама шолу жасаймыз. Сайып келгенде, психокинезияның барлық салалары метафизикалық болмыстар туралы мәлімет беріп, осы бөлімде алға тартқан ойларымызды қуаттайтын мықты дәлел болып табылады.

а) Пышақ пен шанышқының майысуы

Осы тақырыпқа қатысты мына бір оқиғаны баяндай кеткенді жөн көрдік:

«Мыңдаған даниялық жексенбі күндердің бірінде сағат 13.00-де «Биллед-Бладет» атты апталық журналды қолға алып, алдарына пышақ, шанышқы секілді металл заттар қояды. Лондонда тұратын 28 жасар Израйльдік Ури Галлердің өзіне тылсымнан берілген таңғажайып қабілетінің журналда жарияланған адам айтса сенгісіз бір тәжірибесін оқып, оқырмандар да алдарындағы шанышқы мен пышақты майыстыруға немесе сындыруға бел буады.

Біраз уақыт өткенде «Биллед-Бладет» журналына телефон шалушылардың қатары ұлғайып, осы бағыттағы телефон желісі ауыр жүктен тоқтап қалады, өйткені мыңдаған оқырман сағат 13.00-де Ури Галлердің тәжірибесімен әрекетін жасап, нәтижесінде шанышқы мен пышақтарының майыса бастағанын баяндау үшін журнал редакциясына жабыла телефон шалған болатын.

Осы оқиғадан бір апта бұрын Ури Галлер Дания телеканалдарының біріне шыққанда да дәл осы жағдай қайталанған еді. Мұнымен қоймай, Галлер миллиондаған телекөрерменнің алдында бір пышақ пен қайшыны майыстырғаны белгілі. Оның бұл қасиеті туралы ғылыми зерттеулер жүргізіп, тәжірибе жасаған Американдық «Stanford Research Insitute» мекемесінің мамандары болған жайттың шындық екенін мойындайды. Тіпті онымен бірге жасалған сеанстардың бірінде Галлер тылсым ерік күшінің қуатымен Бразилияның бір қаласында қыдырып жүргенін, қайта есін жиғанда қолында Бразилия ақшасы тұрғанын да мәлімдеген».

ә) Қимылдайтын үстел

Ресейде тылсымтанушы Нэля Михайлованың биолог ғалым Е. Наумовтың алдында жасаған бір тәжірибесі сол сәтте камераға түсіріледі.

Бұл тәжірибеде Н. Михайлова алақанын компастың үстінен 15 см биіктікте көлденеңінен ұстап, қолымен компастың үстінде шеңбер сызып, қимылдата отырып, көзін компастың бағыттауышынан айырмайды. Осы сәтте қан қысымы 250-ге дейін көтеріліп кетеді. Компастың көрсеткіші біраз уақыттан кейін дірілдеп, сағат тіліне кері айнала бастайды. Сәлден кейін пластикалық қораптағы мыстан жасалған жиһаз да шыр айналады.

Е. Наумовтың бақылауымен Н.Михайлова жүргізген келесі бір тәжірибеде сіріңке таяқшалары үстел үстінде шашылып тасталады. Н.Михайлова көз алмай қадалып, алақанын үстелдің үстінде ұстап тұру арқылы сіріңке таяқшалары қимылдап, бір-бірімен араласып, ақыр соңында үстелдің үстінен жерге шашылып түсе бастайды.

Нэля Михайлованың айтуынша жастық шағында қатты ашуланған бір сәтінде өзінің осы қасиетін байқап, қалаған заттарын аяқ-қолын қимылдатпай-ақ алуға, оларды өзінің жанына келтіруге машықтанады.

1904 жылы полковник А.Х.Дэвис тылсымдық қасиетке ие Эусапия Палладиноны Наполидегі вилласына шақырады. Күннің жарық мезгілінде алты адамның көз алдында жасалған тәжірибеде полковник еменнен жасалған шкафка сүйеніп бақылап отырады. Эусапия бөлменің қақ ортасындағы мәрмәрдан жасалған үстелге қолын соза бергенде үстел ауыр, әрі көлемді болғанына қарамастан жұрттың көз алдында қимылдай бастайды. Тіпті осындай қимылдарымен жай-жай полковниктің қасына дейін жылжып келеді. Осы сәтте Эусапия құдды ескерткіш секілді қолдарын үстелге қарай созып жіберіп, көздері бір нүктеге қадалып, қимылсыз, қарекетсіз қатып қалған еді.

Мұндайларға онша сене бермейтін полковник не істерін білмей шылымын тұтатады, бірақ аяқ астынан үйдегі жиһаздардың шабуылы басталып, шкаф пен үстелдің арасында қысылып қалады. Полковникті құтқару үшін төрт қызметкер әрекеттеніп көргенімен ешбір нәтиже болмайды. Соңында тылсым қабілетке ие маманның үстелді алыстан кері итеруімен полковник босаған екен.

б) Алақанның жұмбағы

Американдық геология ғылымының профессоры Дэнтон «Заттардың рухы» атты кітабында өзі жүргізген психометриялық тәжірибелерді баяндайды. Дантонның айтуынша, оның қарындасы Анна Дантон Кридж қолындағы хат иесінің жағдайын, түр-әлпетін, көздерінің түсін, мінез-құлқын дөп басып айтып берумен қоса, қолына ұстаған металл немесе тастың пайда болған дәуірін, сол дәуірде өмір сүрген жан-жануарлардың түрлерін панорамалық мәлімет түрінде баяндап бере алатын қасиеті болған.

Психикалық қабілеттің бір түріне жататын психометрия тәжірибелері кез келген затқа қатысты ешбір оқиғаның немесе естеліктің жоғалып кетпейтінін және барлық оқиғалардың табиғатта хронологиялық тәртіппен фотосурет күйінде тіркеуге алынып, жадыда сақталатынын көрсетеді.

в) Өлген ананың лебізі

Швейцариялық емші Эрнест Капп ақыл-есі кем науқастарды емдеумен айналысатын. Бірде дәрігерлердің бірі арнайы ауруханаға шақырып, өте қауіпті науқас әйел туралы жеке ойын білмек болады. Әлгі әйел мемлекеттік психикалық ауруханалардың біріне жіберілмек екен. Капп бөлмеге кіргенде, науқастың жемтігіне ұмтылайын деп тұрған жолбарысша жиырылғанын көреді. Жанындағы медбике тыныштандырғыш дәрі егуге сақадай-сай дайын тұр екен. Медбике науқастың қолынан матап ұстап, уколды салуға бекінгенде Капп бұлай жасамауын, өзін науқаспен оңаша қалдыруын өтінеді. Медбике Капптың айтқанын екі етпей, шығып бара жатып төтенше жағдайда басатын қоңыраудың қайда екенін көрсетіп кетеді. Капп науқас әйелмен оңаша қалып, көздерін жұмып, қажетті емді өзіне білдіруі үшін Құдайға дұға етеді. Сол жақ құлағынан марқұм болған анасының ырғақпен сөйлеген дауысын естиді. Анасы немісше өлең айтады. Капп «Бұл Германия емес, Америка ғой» дей жаздайды. Әлгі дауыс белгілі бір ырғаққа құралған сөзді қайталаумен болады. Өзі де әлгі өлеңді ыңылдап немісшелеп қайталайды. Науқас әйелдің қалшылдағанын көріп, Капп «Қазір маған ұмтылады» деп алаңдағанымен әлгі өлеңді тоқтамай айта берді. Өлеңнің екінші шумағы біткенде, науқас бақырып жылай бастайды. Артынан немісшелеп «Сен Аллаһтың маған жіберген періштесі болсаң керек» дегенді айтып салады.

Айрықша бір клэрвоян (clairvoyance) қасиетіне ие Капп науқас әйелдің тұла бойын жайлаған ауыр абцессия бұлтының бірте-бірте тарай бастағанын байқайды. Орнынан тұрып, алақанын науқастың денесіне қойып тұрып, шүкіршілік жасайды. Науқас әйелдің кейіннен Каппқа айтуынша оның күйеуі өңеш рагына шалдығады. Ол айықпас дертке тап болған күйеуін күтеді. Бір күні науқастың бөлмесіне кіргенде күйеуінің қанға боялып жерде жатқанын көреді. Ауру азабына шыдамаған күйеуі өз-өзін бауыздап өлтірген екен. Міне, сол кезден бастап әйелді күйеуінің қарасы басыпты. Бірнеше минуттан кейін Капп дәрігер мен күтушіге жоғары шығып, науқасты қарауларын өтінеді. Дәрігер науқас әйелдің сырқатынан құлан-таза айыққанын көріп, ауруханадан шығарады».

г) Батыстағы адамдардың күйзеліске түсуінің себептері

Жаман рухтар мен аруақтар адамдар үшін жақсылық әкелген емес. Адамның осал тұсын байқаған сәтінде шабуылға бастайды. Адамды зиянға ұшыратуға барын салады, сондықтан жаман аруақтар мен жындардың кесірінен сақтану үшін Аллаһ тағалаға сиыну қажет. Аллаһ тағалаға сиынған жандарға ешбір жын немесе жаман аруақ зиянын тигізе алмайды.

Бүгінгі таңда батыстағы адамдардың көпшілігі рухани тұрғыдан жұтаңшылыққа ұшыраған. Мұны қаласаңыз «жындылық» деп атаңыз немесе бұдан жұмсақтау атауға тырыссаңыз да, бәрібір нәтиже өзгермейді. Батыстағы адамдардың көпшілігі рухани тұрғыдан емделіп жатқан науқастар категориясына кіреді. Айталық, Германияда осы мақсатта бөлінген мемлекеттік қаржының сомасының өзі-ақ көп жайды аңғартады. Алайда осыған қарамастан бұл мәселенің шешімін табатын түрі байқалмайды.

Скандинавия елдерінде қырықтан асқан адамдардың 10 пайызы жыл сайын өз-өзіне қол жұмсауда. Өзіне қол жұмсау өткінші бір індеттің әсерінен болуда. Мұндай жандар өлімнен 10-15 минут ертерек ауруханаға жеткізілсе болса, бұлардың барлығының «жындылық» синдромына шалдыққанын оп-оңай анықтауға болар еді.

Жындар мен жаман рухтар адамдағы осал тұстарды пайдаланып, ерік-жігері әбден әлсіреген кейбір жандардың рухтарын қараңғылықпен, үмітсіздікпен тұмшалайды. Көзі ашық ғалымдарымыз жағдайдың не себепті қоғамдық дертке айналып отырғанын пайымдаса, қазіргідей материалистік сыңаржақтықтан бәлкім сол кезде құтылуы мүмкін еді. Алайда ғалымдар мәселе өздігінше шешіледі деген қате ойға бой алдырып, шындықты көре алмады. Осының нәтижесінде қоғамда үмітсіздік жайлап, рухани күйзеліс белең алуда. «Нәжістер нәжістерге»[1] деген аятта айтылғандай азғындыққа бой алдырған жандарға жаман рухтар үйірсектеп, пәлекет болып жабысады.

Батыста жайлаған паранойя мен азғындық астарында осынау шындықтың жатқаны рас. Ал бірақ ізгілікті ту етіп, рухын кір шалмаған таза жандардан құралған елдерде адамдар жан дүниесі түрлі жын-ойнақтан таза болады. Рухани дүниесі асқар таудай асқақ ізгі тұлғалар осындай орталарда қалыптасады. Әрине, бұл мәселеге реті келгенде арнайы тоқталамыз.

ғ) Транс халіндегі іс-әрекеттер және оның әсері

1931 жылы Адана қаласындағы (Түркия) доктор Бэдри Рухселманның үйіне қарама-қарсы тұрған М. Эфендинің үйіне белгісіз біреулер тас лақтыра бастайды. Үйді қорғау үшін айналаға тегіс полиция қызметкерлері орналастырылғанына қарамастан бәрібір тас боранға бөгет бола алмайды. Тіпті еш толастамастан минутына 15-20-ға жуық тас атқыланып жатты. Бэдри Рухселманның айтуынша, тас көбіне М. Эфендинің бақша жақ дуалынан борап жатты. Атылған тастар үйдің цементтен құйылған шатырына баяу соғылғанына қарамастан, өте өткір әрі қатты дыбыс шығаратын. Тастарды қолға алғанда құдды кірпіш күйдіретін пештерден шыққандай ыстық еді.

Осы жағдай қырық күнге дейін жалғасады. Бір күні М. Эфенди қатты үрейленіп үйінен атып шығады.

Доктор Бэдри Рухсельман бұл оқиғаның барысын былай баяндайды:

«Бақшаға ең бірінші мен кірдім. Кірген бетте бір жас қыз көзіме түсті. (Бұл қыз М. Эфендинің марқұм болған әйелінен туған қыз еді). Әлгі қыз жартылай транс күйінде екен. Бақшадағы тамақ ішетін үстелдің жанындағы орындықта еңсесі түсіп, жанары солғын тартып, айналадағы жағдайдан хабары жоқ жандай оғаш күйде отырды. Шынын айтқанда, есі ауып кеткендей көрінді. Оқиға одан ары былай өрбіді.

М. Эфенди тас бораған үйін тастап шыққаннан кейін үйдің төрт бөлмесінің үшеуін есіктерін сыртынан құлыптап, күнделікті тұрмыстық керек-жарақ заттарын сақтайтын бөлмені қойма ретінде қолданғандықтан, құлыптамай ашық тастап кетеді. Есігі ашық қалған жаңағы бөлменің ішінде зәйтүн майының бөшкелері, май құятын табақтар, ішіне ұсақ-түйек заттар салынған шиша және қыштан жасалған құмыралар, т.б. ыдыстар қойылған екен. Бөлмедегі ыдыстар астан-кестең болып төңкеріліп, құмыралар аударылып, қалай болса солай шашылып жатты. Үйдің артқы бетіндегі көшеге қарайтын терезелердің әйнегі сынып, қирағанын естідім.

Дереу жоғары қабаттағы бөлмеге барып, есікті бұзып-жарып аштық. Сырт жақ бетіне қалқаншалар орнатылған терезенің әйнектері сырттан емес, іш жақ беттен сына бастағанын түсіндік. Сақтықпен аңдап басып, төменгі қабаттағы қоймаға кірдік. Алайда жаңа сырттан естілген қираған әйнек дауыстарының бұл қоймадан шықпағанын сол кезде аңғардық. Бір-екі шишаның сынығы мен төгіліп жатқан майларды байқадым. Мұнымен қоса бөшкелер мен бірді-екілі ыдыстардың да шашылып жатқанын көрдім. Бұл бөлмеге менімен бірге М.Эфендиден басқа ешкімнің кіруге батылы бармады. Бақшада да ешкім қалмапты. Ауладағы қыз әлі сол транс халінен айыға алмай мең-зең болып отыр. М.Эфендиге қызды дереу үйден шығаруын талап еттім. М.Эфенди сыртта тұрған жолдастарының бірінен қызды үйіне алып кетуін өтінді. Қыздың бақшадан шығуы мұң екен, әлгі оқиғалардың барлығы сап тиылды.Біз бұл қыздың транс халімен байланысты оқиға екенін ұқтық.

д) Таза рухтар мен жаман рухтар

Таза рухтар адамдар арасында руханиятты қорғау міндетін атқарса, азғындаған жаман рухтар адамдарға зиянын тигізу үшін бар күшін салады. Задында, рух шақыру сеанстарына үйір келетін жандардың шақыратын рухтары да көбіне осындай жаман рухтар яки жындар болып табылады. Ал енді пәк әрі таза рухтардың мұндай сеанстарға келуі мүмкін емес.

Фахреддин Разидің осыған қатысты «Жаман рухтар шақыруларға дайын тұрады, ал таза, пәк рухтар шақырғанға келе салмайды»[2] дегені белгілі.

Ардақты Пайғамбарымыз бен өзге де пайғам-барлардың рухтары мұндай шақыруларға ілтипат жасап келуі мүмкін емес. Имам Раббани, Абдулқадыр Гейләни, Мұхиддин ибн Араби сынды алып ғұламалардың рухтарын да мұндай тәсілдермен шақыру мүмкін емес. Ал жаман аруақтар кез келген шақыруға жан ұшырып жетіп келеді. Жындардың ішіндегі жамандары да мұндай шақыруларды жауапсыз қалдырмайды.

Аталған жаман рухтар мен жындар шын мәнінде адамдарға қастық ниетте болады. Күллі жамандықтың астарында осылардан келген зардаптар бар. Мінез-құлқы, ерік-күші және жан дүниесі өте әлсіз адамдарға әсер етіп, оларды өзіндік жаман мақсаттарына қолдануда. Осындай тұзаққа ілінген жандардың аянышты халін медицина білімі «паранойя», «шизофрения» т.б. атау беріп, айдар таққанымен, бәрібір емдей алмайды. Расында да, түрлі жындану оқиғасының астарында жаман жындар мен азғын аруақтар тұр. Бір қызығы, мұндай сырқаттар көбіне дұға оқу арқылы жазылып кетіп жатады.

[1] «Нұр» сүресі, 24/26
[2] Фахреддин Рази, Мәфатихул-ғайб, 13/144-145; 30/148

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.