Өлгеннен кейін тірілгендер

а) Уағалейкумсәлем Абдуллаһ

Ыспарталық ұстаз Мұстафа Эфенди дүние салғанда, ұстаздың туған-туыстары мен жақын-жұрағаты және барлық шәкірттері жаназаға жиналады. Осы кезде Адбуллаһ Эфенди деген ұстаз: «Ассалаумағалейкум Мұстафа эфенди» дегені мұң екен жағы матамен таңылып, кебінделіп жерде жатқан Мұстафа Эфендинің мәйіті басын көтеріп: «Уағалейкумсәлем Абдуллаһ», – дейді. Сөйтіп, бір апта өмір сүріп, екінші рет қайтыс болған екен.

ә) Қаруын бермеген шейіт

Мазарларда орын алған өлілерге қатысты түрлі таңғажайып жағдайларды да осы жерде атап өтуді жөн көрдік. Мұндай таңғажайып оқиғалар да материядан тыс метафизикалық болмыстардың бар екенін айғақтайтын аса маңызды дәлелдер қатарына жатады.

Бірінші дүниежүзілік соғыста Анадолыда шейіт қаны тамбаған жер қалмайды. Олар дін үшін, отан үшін, намыс үшін еш ойланбастан шыбын жандарын қиып, періштелермен иық түйістіретіндей биік дәрежеге жетті. Абырой-беделге молынан кенелгені соншама – Мехмет Акиф оларға қатысты: «Мұншалықты абыройға тек Бәдірдің арыстандары ғана ие еді», – деп жырлайды.

Әрине, ақынның Бәдір шейіттерімен салыстырған өлеңі ақындық тебіренісі мен сезімдерінің буырқанысынан туған. Десек те, сол кездегі шейіттердің шын мәнінде сахабалардың дәл артында сап түзейтіндей даңққа бөленгенін де мойындау қажет. Жағдайдың өте ауырлығы мен қиындықтарға қарамастан шыбын жанын шүберекке түйген осынау абзал жандардың Аллаһ алдында үлкен абыройға бөленетінін үміт етеміз. Шын мәнінде, Құранда шейіттер жайында «Аллаһ жолында өлтірілген жандарға өлілер деп айтпаңдар, олар тірі, бірақ сендер мұны түсінбейсіңдер»[1] делінген.

Жақын достарымның бірі шейіт болған жауынгерге қатысты өз басынан өткен мына бір оқиғаны айтқаны есімде. Оқиғаны досымның өз аузынан тыңдайық.

«Егіс алқабына соқа салып жүріп, соқаның қатты бір затқа тигенін байқадым. Аңдап қарасам, адамның мәйіті. Айналасын ұқыптап аршып, мәйітті шығарып алдым. «Мехметчик» (Түркияда әскерлер «мехметчик» деп құрметпен аталады. «Мехметчик» сөзі – «Мұхаммедтің (с.а.с.) әскері деген мағынаны білдіреді. – Ауд.) үстіндегі киім-кешегімен етбеттеп жатыр екен. Қолындағы қаруын да сығымдап, қатты ұстағанын байқадым. Қаруын алу үшін қанша талпынсам да, бәрібір бермеді».

Осы әңгіменің жалғасында екінші бір таңғажайып оқиға тағы да орын алады. Әлгі қаруын сығымдап ұстап, бермей қойған әскер мәйітінің жанына сол әскерге уақытында командир болған қарт әскерді алып келеді. Командир бір кездері өзінің қарамағында болған әскерді танып, есімін атап тұрып, қаруын табыстауын бұйырады. Сол сәтте әскер мәйітінің қолы жұмсарып, жанындағылар қаруын алады.

б) Досына көмекке келген шейіт

Селжук (Осман мемлекетінен бұрын Анадолыға билік жүргізген мемлекеттің атауы) дәуірінде Анадолыны азат етуге қатысқан саяхатшылардың бірі (сол дәуірлерде қандай да бір елге алдымен саяхатшылар сол өз пікірлерін таратып, кейінгілерге әлеуметтік-мәдени алғышарттарды қалыптастыратын еді. Саяхатшылардан кейін «акынжы» (рыцар) тобы, одан кейін әскери күштер келіп, әлгі елді өз қол астына өткізетін болған) мынадай жағдайды баяндайды:

«Византия елінің аумағында жүрген едім. Жолда мен секілді жас саяхатшыға жолықтым. Әлгі кісі бірге саяхат жасауды ұсынды. Мен оның ұсынысын қабыл алып, жолымызды ары қарай бірге жалғастырдық. Жолшыбай алдымыздан кішігірім Византиялық әскери жасақ шықты. Византиялықтармен қарулы қақтығысқа түстік. Қақтығыста жанымдағы досым шейіт болып, жападан-жалғыз қалдым. Дегенмен өліспей-беріспей соғыса бердім. Ақыр соңында дәрменім қалмай әлсірей бастадым. Дұшпан әскері мені жерге жығып алып, өлтіргелі жатқанда бағана шейіт болған досым орнынан атып тұрып «Аллаһ жолында өлтірілгендерге өлілер деп айтпаңдар»[2] деген аятты оқып, мені өлтіргелі жатқан дұшпан әскерін сұлатып салды. Оның шейіт болған жерінен қайта тіріліп тұрғанын және аятты оқығанын өз көзіммен көрдім. Осылайша ажалдан құтылып кеттім, бірақ әлгі досым шейіт болған жерінде қалды».

г) Барлық нәрсені дәл көрсететін еді

Диарбакыр қаласындағы кен орнында болған апатты жағдайда өлген бір әйел төрт сағаттан кейін қайта тірілген. Оқиға барысы былай өрбиді:

«Ешбір сырқатым жоқ еді. Кешке қарай басым ауыра бастады. Ертесі түске қарай сағат 12 шамасында басымды көтере алмай талықсып кеттім. Алғашында саусақтарымды шоқпармен ұрғандай сезімде болдым. Есімді жиған сәтте саусақтарым қатты ауырып тұрды. Талықсып кеткен сәтте қасымнан марқұм болған барлық туыстарымды байқадым. Олар мені биік бір қыраттың басына алып шығып, айналаны бақылатты.

1954 жылы өлген қайыненемді есіктің алдында байлаулы тұрған доңыз кейпінде көрдім. Неліктен мұндай халге түскенін сұрадым. Қайыненем: «Фәни дүниеде қонақ күтуді суқаным сүймегендіктен осындай халге түстім», – деп жауап берді.

1959 жылы өлген Хулки Сел деген адам фәни дүниеде жетім ақысын жегені үшін мойнына шынжыр байланып, ауыр азап шегіп жатты. Ал жеті жасында өлген ұлымды жап-жасыл нудың ішінде, жеміс ағашының түбінде алма теріп жүргенін көрдім.

1960 жылы өлген Ариф Данышман деген кісі әлі өмірден озбаған Шериф Харман деген кісіден бір қап бидайды қарыз алып, қайта бермегені үшін азапталғанын байқадым. Ариф Данышман: «Ұлыма айтып бар, қарызымды төлесін», – деп маған ант-су ішкізді.

Оның айтқаны рас екен. Бір кеніште жұмыс істейтін ұлы Фахри Данышман әкесінің қарызын қайтарып береді.

Осы саяхаттан қайта оралатын сәтімде маған: «Сенің балаларың әлі жас екен. Екі жылдан кейін дүниеден өтіп, осы жерге келесің» делінді».

Мұндай оқиғалар сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дәуірінде де болып отырған. Мәселен, қызы өзенде суға кетіп өлгенін айтқан бір сахабаны Аллаһ елшісі қатты аяп, жанына тағы да біраз сахабаны ертіп алып, өзенге келеді. Аллаһ елшісі оқиға болған жерде суға кеткен қыздың есімін атап шақырады. Сол кезде қыздың «Ләббәйк, уа, Аллаһтың елшісі» дегені естіледі. Аллаһ елшісі қыздың қайта оралуды қалап-қаламайтынын сұрағанда, қыз өзі жүрген әлемге дән риза екенін айтып, қайта оралуды қаламайтынын жеткізеді».[3]

Хазірет Әнес(р.а.) былай дейді: «Жалғыз ұлы бар қарт әйел бар еді.Бірде ұлы кенеттен қайтыс болып кетті. Қарт әйел бұған қатты қайғырып, Аллаһқа дұға етіп: «Уа, Раббым! Сенің разылығың үшін, пайғамбарыңа (с.а.с.) мойынсұнып, һижрет жасап осы жерге дейін келдім. Менің жалғыз ұлыма сол ардақты Елшінің құрметіне кешірім ет!» – деп жалбарынады. Оқиғаны хазірет Әнес былай жалғастырады: «Әйелдің дұға етуі мұң екен, жаңа ғана өлген бала орнынан тұрып, бізбен отырып ас ішті».[4]

ғ) Қолдың киесі

Франциядағы Арл округының Понтде-Кран елді-мекенінде тұратын Мадам Мансонның қолының киесі бар еді. Бұл әйелдің адамдар мен жан-жануарлардың ауырып тұрған жеріне алақанын басып, кеселінен құлан-таза айықтырумен қоса, жануарларды, балықтарды және көкөністерді алақанының астында ұстап тұрып, мумияға айналдырып жіберетін қасиеті болатын. Ол көбіне астма, гаймарит, құлақтан ірің ағу, ірің кернеген ісік аурулары, кіші дәретке шыға алмау, Мальта безгегі, психологиялық ауытқушылықтар, экзема, ревматизм, жатыр аурулары, сегіз көз (құйымшақ) және түбіркүлез ауруларын емдейтін.

Медициналық мекемелерде емделе алмаған науқастар Мадам Мансонға келетін. Мұндайлардың 80 пайызы дертінен құлан-таза айғып кетсе, 20 пайызы ғана ауруына шипа таппай қайтады екен.

Мадам Мансон емдеген науқастардың арасында Мадам Алэрманың көру қабілетінен мүлдем айырылған Одетта деген қызы бар еді. Дәрігерлер аурудың жазылып кетуі мүмкін еместігін айтып, ем жасаудан бас тартады. Мадам Мансонға келген Одетта бірнеше сеанстан кейін-ақ көру қабілетіне қайта қауышады.

Дәрігерлер емдеуден бас тартқан келесі бір науқас – ішек ауруына шалдыққан Мадам Пинет болатын. Ол өз басынан өткендерді тілшілерге былай баяндайды:

«Мадам Мансон алақанын ішіме және бүйіріме басуы мұң екен ақ тер, көк тер болып терлей бастадым. Алақаны күйдіріп-жандыратындай ыстық екен. Аяқтарым сырқырып, құрт-құмырсқа өрмелегендей қышып, тұла-бойым қалшылдап дірілдей бастады. Осы жалғыз сеанстан кейін-ақ сырқатымнан айығып кеттім».

Мадам Мансонның сеанстарынан жазылып кеткен емделушілердің ішіндегі ең ерекшесі төмендегі науқастың оқиғасы еді.

«Нимэс қаласынан бір кісі Мадам Мансонға келіп, сіңлісінің бірнеше сағаттан бері ессіз жатқандығын, келе алмауына байланысты суретін алып келгенін айтады. Мадам Мансон суретті қолына алып, біраз уақыт тесіле қарайды да, қайтарып беріп: «Үйіңізге барғанша сіңліңіз ауруынан айығып, есін жияды», – дейді. Расында да, әлгі әйел үйіне барғанда, сіңлісінің сырқатынан құлан-таза айығып кеткенін көреді».

[1] «Бақара» сүресі, 2/154
[2] «Бақара» сүресі, 2/154.
[3] Қады Ияз, әш-Шифа, 1/279; Хафажи, Шәрһуш-шифа 3/106
[4] Қады Ияз, әш-Шифа 1/279-280

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.