Ғайыпты алдын-ала білу

Фетхуллаһ Гүлен: Ғайыпты  алдын-ала білу

Адам баласының танымдық қабілеті материялық әлеммен қоса, метафизикалық әлемді де қоса қамтитындай жан-жақты, сан алуан, кең салалы, сондықтан Аллаһтың білдіруімен адам баласы тылсым саналатын ғайып әлемін де біле алады.

Болашаққа қатысты оқиғалар ғайып деп есептеледі. Ғайыпты Аллаһтан басқа ешбір болмыс біле алмайды. Алайда осы қағидадағы «Ғайыпты тек Аллаһ біледі» деген сөз «Аллаһ тағала ғайыпты ешкімге білдірмейді» деген мағынаға келмейді, себебі, Құран аятында бұл мәселе анық айтылып, Аллаһ тағала бірқатар жағдайларда ғайыпты басқаларға білдіретіні жазылған. «Ғайыпты білуші – Аллаһ. Оның сырын ешкімге ашпайды, бірақ разы болған елшілеріне білдіреді, өйткені Аллаһ өзінің елшісінің алды-артына күзетші қояды» – делінген.[1] Бұлайша алдын-ала болашақты білу – пайғамбардың Аллаһ атынан сөз сөйлегенінің дәлелі және пайғамбардың мұғжизасы болып саналады.

Кейде Аллаһ тағала өзінің әулие құлдарының көкірек көзін ашып, оларға өзгелер көре алмайтын тылсымды көрсетеді. Кейбір адамдардың табиғаты осындай сезімдерге және қабілетке ашық келеді. Тіпті кейбір көріпкелдердің өзінде осындай қасиет болады. Мұндайлар табиғатын шыңдап, талмай еңбектену арқылы Хақ тағала бойына дарытқан қабілетті жарыққа шығарып, болашаққа қатысты жайттарды алдын-ала сезуі мүмкін. Алайда бұлардың ешбірі ғайыпты абсалютті түрде білу деген мағынаға да келмейді.

Абсолютті түрде ғайыпты білу тек Аллаһқа ғана тән. Пайғамбарлардың, әулиелердің және көріпкелдердің ғайыпты білуі күллі ғайыпты білумен салыстыруға келмейді. Осы шектеулі түрде білудің өзі «Алламул-ғуйуб» деп аталатын ғайыпты жалғыз-дара білуші Хақ тағаланың рұқсат етуімен жүзеге асады. Әйтпесе, адам баласының шектеулі танымдық қабілетімен жай кезде ғайыпты біле алуы, өткенмен қоса болашақтың да оқиғаларын түгелдей білетіндігін өрсетеді.

Құран кәрім – ғайыптан хабар беру арқылы адамзаттың назарын аударған мұғжиза кітап. Ешбір әулиенің немесе ешбір көріпкелдің ғайыптан хабар беру мәселесінде Құранмен бой таластыруы мүмкін емес, өйткені Құран «Әзәл» (бастауы жоқ, мәңгілік) және «Әбәд» (ақыры жоқ, мәңгілік) сұлтаны Хақ тағаланың сөзі және Құран жеткізген хабарлар «әзәл» және «әбәдтан» бастау алады.

Осы тұрғыдан алғанда, ардақты Пайғамбарымызға (с.а.с.) да аракідік ғайып ілімі нәсіп болған. Оның осындай нығметтерге бөленуі пайғамбарлығының мұғжизасы ретінде саналады. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өз дәуірінің тұғырынан өткен мен болашаққа қатысты көптеген мұғжиза хабарлар айтқанын бірнеше мысалмен өрнектей түсуді жөн көрдік.

Пайғамбарымыздың ғайыпты білуі

Құран кәрім Пайғамбарымызға (с.а.с.) түскен мұғжиза кітап болғандықтан, Аллаһ елшісінің Құран арқылы жеткізген барша ғайып хабарлары оның пайғамбарлығын айғақтайды. Осымен қатар, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғайыптан хабар берген хадистеріде бар. Біз көбіне осындай мұғжизаларын тілге тиек етеміз, өйткені бүгінде телес- тазия ретінде айтылып жүрген жағдайды бұдан мың төрт жүз жыл бұрын сүйікті Пайғамбарымыз айтып кеткен.

Бұл хабардың баршасы да нағыз мұғжиза дерлік. Аллаһ елшісі (с.а.с.) мұның барлығын өзінің іліміне сүйеніп айтпаған. Аллаһ елшісі адам баласы ретінде мұндай ғайып әлемін өздігімен білуі мүмкін емес, дегенмен оның он төрт ғасыр бұрын айтып кеткен хабарларының барлығы шындыққа айналды. Мұғжиза оқиғаларды материялық тұрғыдан түсіндіре алмаймыз. Ендеше, Аллаһ елшісі ғайыптан жеткізген хабарлардың барлығы айна-қатесіз шындыққа айналуы бір жағынан метафизикалық болмыстардың бар екендігінің қуатты дәлелі болып табылады.

Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ғайыптан жеткізген ақпарларын екі топқа бөліп қарастырған жөн. Біріншісі, өзі өмір сүрген дәуірге қатысты ғайыптан хабар жеткізіп, кейіннен көзі тірісінде бұлардың айна-қатесіз жүзеге асуы; екіншісі, таяу және алыс болашаққа қатысты айтқан хабарлары және бұлардың уақыты келгенде бірте-бірте шындыққа айналуы. Аллаһ елшісінің (с.а.с.) осы тәріздес хабарлары өте көп, әйткенмен барлығын айтып шығу мүмкін болмағандықтан, бір-екі мысал беріп қана өтеміз.[2]

а) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өз дәуіріне қатысты ғайыптан хабар айтуы

1. Сенің әкең – Хузафа

Бухари мен Мүслимнің хадис кітаптарынан бастап бүкіл хадис кітаптары бірауыздан төмендегі оқиғаны жеткізеді. Бірде Аллаһ елшісі мінберде тұрып, ғайыптан білген бірқатар хабарларын айтып жатты. Сол сәтте бір нәрсеге ашулы секілді көрінді. Сөзінің арасында «Бүгін маған қалаған сауалдарыңды қойыңдар» деп айтып салды. Осыны айтуы мұң екен, жұрт жамырап сұрақ жаудырды, Аллаһ елшісі жауап берді. Дәл сол сәтте бір жас жігіт орнынан тұрып «Уа, Аллаһтың елшісі, менің әкем кім?» – деп сұрады.

Бұл жас жігіттің тегі туралы ел арасында өсек-аяң көп болатын. Әкесі деп жүрген адамның өз әкесі емес екенін айтып, жігітті мұқататындар табылатын. Осының салдарынан жігіт ел алдында еңсесін тік ұстап жүре алмайтын. Аллаһ елшісінің бүгінгі жағдайын пайдаланып, жас жігіт елдің алдында көкейдегі сауалын сұрап қалуды жөн көрді. Осылайша, кейбір қара ниетті жандардың табалауынан құтылғысы келді. Аллаһ елшісі оның сұрағына: «Сенің әкең – Хузафа», – деп жауап береді. Осыны естіген жігіттің көңілі орнына түсіп, жұрттың өсегінен құтылатындығын ойлап, Пайғамбарымызға риза болады. Иә, Абдуллаһ ибн Хузафатус-Сәһми (р.а.) даңқты, әрі ақ жүректі сахаба еді...

Аллаһ елшісі (с.а.с.) мінбердің үстінде қатулы кейіпте өзіне қойылған сұрақтың барлығына жауап берді. Ғайыптан білдіріліп жатқандай сұрақтарға мүдірмей жауап беруде еді. Аллаһ елшісінің неліктен ашуланғанын дөп басып білу қиын, бірақ осы тұста хазірет Омар (р.а.) ардақты Пайғамбарымыздың ғайыптан жеткізген хабарларына шүбәсіз сенетінін білдіріп: «Біз Тәңір ретінде Аллаһтан, дін ретінде Исламнан, пайғамбар ретінде хазірет Мұхаммедтен (с.а.с.) разымыз», – дейді. Хазірет Омардың өте мағыналы, әрі тауып айтқан сөзі Аллаһ елшісінің қатулы кейпін жұмсартып, көңілін орнына түсіреді.[3]

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мешітте болашаққа және ғайыпқа қатысты көптеген мәліметтер айтуына мешіттің ішін лық толтырған мыңдаған сахаба куә болады. Барша сахаба Аллаһ елшісінің (с.а.с.) айтқандарына риясыз көңілмен иланып, үнсіздіктері арқылы «Әл-хаққ! Дұрыс айтасың, уа, Аллаһтың елшісі» деген еді.

2. Әрқайсының орнын дәл көрсеткен еді

«Кутуби-Ситтә» атты еңбектегі бір хадисте сахабалар былай дейді: «Бәдірде Аллаһ елшісі соғыс стратегиясын нақтылап, майдан болатын алаңды аралап жүреді. Бірде көздері ғайып пердесінің артына қарай үңілгендей, құдды болашақты көріп тұрғандай күйге енді. Кейбір жерлерге қолымен ишарат жасап, мына жер Әбу Жәһилдің өлетін жері, мына тұста Шәйба өледі. Мына маңда Уәлид ажал құшады. Мынау пәленшенің, мынау түгеншенің... дегенді айтады. Хадисті жеткізген сахаба соғыстан кейінгі жағдайға қатысты ант ішіп мынаны жеткізеді: «Аллаһ елшісі (с.а.с.) кім қай жерде қандай күй кешетінін айтқан болса, оның айтып берген жерлерінде кейіннен әлгі адамдардың мәйіттері жатты».[4]

Адам айтса сенгісіз мұндай оқиғалар бүгінгі күннің адамдары үшін ақиқатқа ишарат жасайды. Аллаһ елшісінен 14 ғасыр кейін дүниеге келген біздер еріксіз: «Рас айтасың, уа, Аллаһтың елшісі! Сен тек шындықты айттың!» – деп қайран қаламыз.

3. Біраздан кейін осы жерге бір адам келеді

Ахмәд ибн Ханбәлдың «Мүснәд» атты кітабында төмендегі хадис баяндалады: «Бірде Аллаһ елшісі (с.а.с.) сахабаларымен бірге мешітте отырады. Аллаһ елшісі сөз арасында: «Қазір осы жерге жүзі нұр шашқан бір адам мына есіктен келіп кіреді. Ол – Йеменнің ең абзал тұлғасы. Оның маңдайында періштенің ізі тұрады», – дейді. Шамалы уақыт өткеннен кейін ардақты Пайғамбарымыз айтқан есіктен бір адам келіп, Аллаһ елшісінің алдында тізе бүгіп тұрып мұсылман болғанын жар салады. Жүзінен нұр тамған, сұлу әрі әдептіліктің жарқын үлгісіндей болған осынау сахаба – Абдуллаһ ибн Жәрир еді».[5]

ә) Аллаһ елшісінің таяу және алыс болашаққа қатысты айтқан ғайып хабарлары

1. Фатима анамыздың дүниеден озатынын айтуы

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с.) дүниеден өтуіне жол ашқан сырқатының әбден меңдеген тұсында нәзік болмысынан бастап түр-әлпеті, жүріс-тұрысына дейін әкесінен айнымайтын Фатима анамызды жанына шақырып, құлағына бір нәрсе айтып сыбырлайды. Әуелі Фатима анамыз салған жерден егіліп жылай бас- тайды. Оның егіл-тегіл жылауына қарап, Аллаһ елшісі өзінің дүниеден озатынын айтқанын білу қиын емес еді.

Сәлден кейін Аллаһ елшісі оның құлағына тағы да бір нәрсені сыбырлап айтады. Бұл жолы Фатима анамыз қатты қуанғаны соншама – құдды жаннаттың барлық қақпасы осынау абзал анамызға айқара ашылғандай күйге енеді. Осы жағдайды Айша анамыз (р.а.) байқайды. Біраз уақыт өткесін Айша анамыз осының себебін сұрағанда, Фатима анамыз ол Аллаһ елшісінің өзіне ғана ашқан құпия сыры екенін, сондықтан айта алмайтынын білдіреді.

Аллаһ елшісі дүниеден озғаннан кейін Айша анамыз осы жайды қайтадан сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Алғашқыда маған өзінің таяуда дүние салатынын айтты. Осыны естіп егіл-тегіл жыладым. Екіншісінде Аллаһ елшісі отбасы мүшелерінен өзіне ең бірінші қауышатын жан мен болатынымды айтып сүйіншіледі. Осыны естіп қатты қуандым»[6], – деп жауап береді.

Иә, айтқанындай-ақ Фатима анамыз Аллаһ елшісі дүниеден озғаннан кейін алты айдан кейін өмірден өтіп, сүйікті Пайғамбарымыздың ғайып хабары айна-қатесіз жүзеге асады.

2. Хазірет Хасанның өз құқығынан бас тартуы

«Кутуб-ситтә» ғұламалары бірауыздан жеткізген бір хадисте Аллаһ елшісі құтпа оқып тұрып, хазірет Хасанға (р.а.) қарата: «Бұл менің ұрпағым – Хасан. Ол сәйид. Аллаһ тағала ол арқылы екі жамағатты бір-бірімен татуластырады»[7], – дейді.

Иә, расында да, хазірет Хасан жібектен жұмсақ көркем мінезімен Аллаһ елшісінің ұрпағы екенін әрдайым паш ететін. Күндердің күнінде үмбет арасында алауыздық тудырмау мақсатында өзіне тиесілі халифалық пен салтанаттан бас тартып, сәйидтік (пайғамбар ұрпағы) абыройын асқақ ұстай білді. Осылайша арада 25-30 жыл уақыт өткенде, Аллаһ елшісі айтқан сөз шындыққа айналды.

Хазірет Алиден (р.а.) кейін Әмәуилер хазірет Хасанды өздеріне қарсылас ретінде көрді. Алайда бейбітшілік пен тыныштықтың жақтаушысы болған хазірет Хасан өзінің барлық құқықтарынан бас тартатынын жария етіп, бір-бірімен соғысуға беттеген Исламның екі әскери күшін шайқасу қасіретінен сақтап, татуластырған.

Осы орайда мына мәселеге баса назар аударғым келеді: Аллаһ елшісі Хасанға қатысты осы оқиғаны айтқанда, хазірет Хасан әлі бүлдіршін бала еді. Бәлкім, сол кездері Аллаһ елшісі айтқан хабарды түсінетіндей жаста болмауы да мүмкін. Хазірет Хасан Аллаһ елшісі осылай айтты екен деп, оның сенімін ақтайын деген оймен емес, керісінше, Аллаһ елшісі оның осылай жасайтынын білгендіктен ғайыптан хабар берген.

[1] «Жын» сүресі, 72/25-26
[2] Аллаһ елшісінің ғайыптан хабар жеткізуі туралы қараңыз: M. Fethullah Gülen, İnsanlığın İftihar Tablosu Sonsuz Nur, 1/138-172
[3] Бұхари, Илим 28,29; Мәуәқит 11; Тәфсир 5,12; Фитән 15; Иғтисам 3; Мүслим, Фәзәил 134-138
[4] Мүслим, Жиһад 83; Жаннат 76; Әбу Дәуіт, Жиһад 115; Нәсәи, Жәнәиз 117
[5] Ахмед ибн Ханбәл, әл-Мүснәд 4/359
[6] Бұхари, Мәнәқиб 25; Фәзәилу асхабин-нәби 12; Истиғзан 43; Мүслим, Фәзәилус-сахабә 97-99; Ибн Мажә, Жәнәиз 64
[7] Бұхари, Фитән 25; Сулх 9; Фәзәилу-асхабин-нәби 22; Мәнәқиб 25; Дарими, Суннә 12; Тирмизи, Мәнәқиб 25; Нәсәи, Жұма 27

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.