Алдын ала сезу қабілеті (хиссу қабләл-вуқу)

Метафизикалық болмыстарға қатысты жасалып келген зерттеулер дәл бүгінгідей емес. Метафизикалық болмыстардың қыр-сырын білуге деген қызығушылық қай кезде де болған. Мұның өзі адам баласының әрқашан материялық таныммен ғана шектеліп қалмағанын көрсетеді.

Ерте дәуірлерден бері кейбір адамдардың ақылға сыймайтын тылсым қабілетке ие екені туралы ел аузында әңгіме көп тараған, дегенмен мұндай қабілет көбіне кен орындары мен жерасты су көздерін іздестіруде, бірқатар ауруларды емдеу ісінде, қылмыскерлерді, ұрланған мүліктің қайда екенін табуда, ұрылардың ізін кесуде және із-түссіз жоғалып кеткен адамдардан хабар алуда жарайтын. Қазіргі таңда бұл мәселеге қатысты көзқарас пен ұстанымдар мүлдем өзгерді. Метафизикалық құбылыстарға деген оң көзқарастың қалыптасуы бұл саланың мәнін арттыруда.

Кез келген адамның басынан тылсым жайлар өтіп жатады. Мәселен, қандай да бір оқиғаның болатынын алдын-ала сезу немесе бір адам туралы сөз қозғалған тұста сол кісінің кіріп келуі, алғаш рет кездесіп тұрған адамды немесе орын алған оқиғаны бұрыннан көрген секілді сезімнің болуы, жанындағы адамның не ойлап тұрғанын іштей оқу, бір пікірді бірнеше адамның бір мезетте тілге тиек етуі секілді оқиғалар баршаның басынан өтіп жатады, бірақ осындай әдеттен тыс жұмбақ жайларға көп адам таң қалғанымен себебін іздеп, астарына үңілмейтіні өкінішті.

Осыған қарамастан әлгіндей сырлы оқиғалар мен жұмбақ жайлар адамды бірқатар ақиқаттарға жетелейді, өмір туралы, жаратылыс туралы терең ойланып, саналы ғұмыр кешуге үндеуде.

Өмірінде бірқатар тылсым оқиғаларды басынан өткерген жандарда ең көп кездесетін телестазияның бір түрі «хиссу қабләл-вуқу», яғни алдын-ала сезу қабілеті де метафизикалық болмыстардың бар екенін айғақтайтын дәлелдердің бірі.

Орын алатын жағдайды алдын-ала сезуге қатысты өмірде болған мыңдаған оқиғаны мысал ретінде келтіре аламыз, дегенмен мұсылмандар арасында болған бірқатар оқиғаны жеткізумен шектелуді жөн көрдік.

Аллаһ елшісі бұл дүниеден озғаннан кейін жаны жібектен жұмсақ ардақты анамыз Фатима (р.а.) осынау таудай ауыр қасіретке алты ай ғана шыдады. Әкесінен айырылу ол үшін көктегі күннің семіп, жұлдыздардың сөнгеніндей қасірет әкелді. Ол үшін өмір тас түнек зынданға айналды. Өмірінің соңғы екі айында төсек тартып жатты.Тұруға дәрмені жетпейтін ауыр сырқат тұла-бойын меңдеген еді.

Аллаһ елшісінің (с.а.с.) ардақты жарларының бірі Үммү Сәләмә (р.а.) анамыз хазірет Фатиманың жанынан бір елі ажырамай, сүйікті пайғамбардың көзіндей боп артында қалған осынау абзал жанды көзінің қарашығындай мәпелеп, күтумен болады. Фатима анамызды айналып, толғанып барын салып қызмет етті. Бәлкім, осы арқылы Аллаһ елшісінің рухын риза қыламын деген ниеті болды ма, кім білсін? Осыдан ары қарайғы оқиғаны ардақты анамыз Үммү Сәләмә былай жеткізеді:

«Өмірінің соңғы күні болатын. Жанары бұрынғыдай жалындап, қуанышы қойнына сыймай тұрғандай көңілді көрінді. Осындай сәттердің бірінде: «Енді қайтып орнымнан тұра алмаспын. Маған ғұсыл дәрет алғызыңдар», – деді. Айтқанын екі етпей орындадым. Сосын маған күлімдеп қарап: «Сәлден кейін дүниеден озамын, сүйікті әкеммен қауышамын! Мені екінші рет қайталап жуындырмасаңдар да болады», – деді. Осыны айтқаннан кейін бірнеше минуттан кейін осынау нұрлы жан көз жұмды»[1].

Хазірет Фатима анамыз (р.а.) өмірден озатынын айтып жатқанда, өлімнің тартылыс шеңберіне әлі де болса, ене қойған жоқ еді. Тіпті өмір мен өлімнің арасындағы өліара кеңістікте де емес еді. Өзінің сәлден кейін өмірден озатынын байсалды түрде айтқанына қарап, өлім анамызға қаншалықты жылышырай кейіппен келді екен деп білмекке ынтыға түсесің.

Осыған ұқсас бір оқиғаны Тахири-Мәуләуи былай баяндайды: «Искип елді мекенінен Атыф ұстазбен түрмеде бір камерада болдық. Ертеңгісін Атыф ұстаздың сот отырысы бар еді, сондықтан тынбастан айтатын сөзін дайындаумен болды. Таңға жақын төсегінен тұрып, түнімен дайындаған сөзін жыртып, лақтырып тастады. Неге бұлай жасағанын сұрап едім, маған былай жауап берді: «Бүгін түнде түсімде Пайғамбарымызды (с.а.с.) көрдім. Маған: «Атыф, әлі бізге қауышқың келмей ме?» – деді. Мен оған: «Әрине, барғым келеді, уа, Аллаһтың елшісі», – деп жауап бердім. Енді өзімді қорғап ақтала берудің жөні жоқ деп ойлаймын, өйткені басқа өмірге бастайтын сапардың нышанын байқадым. Енді Аллаһ елшісіне қауышатын боламын», – деді. Шынында да, айтқаны айдай келді. Сол күні болған сот отырысында Атыф ұстазға өлім жазасы беріліп, бірнеше күннен кейін үкім орындалды.Искифтік Атыф ұстаздың түс арқылы Аллаһ елшісімен (с.а.с.) байланыс құруын, өлетінін хабарлап, нәтижесінде сотта ақталудан бас тартқанын қалай түсіндіруге болады? Мұның ешбірін материалдық заңдылықтармен дәлелдеу мүмкін емес.

Тағы бір мысал бере кетейік.Хазірет Фатих Сұлтан хазірет Әйюб әл-Ансаридің (р.а.) қабірін табуды қатты қалайды. Фатих Сұлтан үшін осынау сахабаның қабірін табу арманға айналады. Осы арманына қауышу үшін ұстазы Ақшәмсиддинге сахабаның қабірін тауып беруін өтінеді. Ақшәмсиддин сұлтанның өтінішін жерге тастамай, рухани сезімдерінің көмегімен Әбу Әйюб әл-Ансаридің қабірінің қай жерде екенін анықтайды.

Осы орайда хазірет Әбу Әйюб әл-Ансариге (р.а.) қатысты басымнан өткен бір оқиғаны баяндай кетуді жөн көрдім. Біраз жыл бұрын хазірет Әбу Әйюб әл-Ансаридің қабірінің басына барған болатынмын. Осы бір ардақты сахабаның дәл сол жерде жатқанына қатысты бойымды керемет сезім кернегені соншама – жаннаттың иісі дерлік тамаша жұпарды анық сезіндім. Осы бір ғажап иістің әсерінен біраз уақытқа дейін айыға алмадым. Құдды асқар таудай алып сахаба маған: «Иә, осы жердемін!» – дегендей болды. Ішімнен «хазірет Ақшәмсиддин сахабаның қабірін дәл тапқан екен» деп ой түйдім.

Хазірет Ақшәмсиддин мен менің ғажап иісті сезінуім өмірде нақтылы болған оқиғалар, бірақ бұлар материяның заңдылықтарымен мүлдем айғақталмайтын жайт.

[1] Хәйсәми, Мәжмауз-зәуәйд, 9/210-211

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.