ҚАРА ТҮНЕККЕ НҰР ШАШҚАН АППАҚ АЙ

Дүниежүзін сұрапыл дағдарыс діңкелетті... Адамзат күйзеліспен... қорқынышпен өмір сүруде. Күңгірт болашақты болжау неғайбыл. Бейбітшіліктен айырылған қоғам аянышты оқиғалардан көз аша алмай, құр айқайдан ештеңе өнбеді... Залымдар дүниені қара түнекке айналдырды... Зұлымдыққа душар болған жандар үмітсіздіктің қара батпағына белуардан батты; «көмек беріңдер!» деп айқайлағандардың нендей көмек сұрайтындары беймәлім. Ластанған қолдар мен жиіркенішті жүздердің саны шексіз, Хақтан қорықпайтын мейірімсіз жандар өте көп... сондай-ақ, бітпес қылмыстар... Біз бұлардың қайсыбірін айта бермекпіз... ал, Рамазан айы тағы бір мәрте көкжиекте толған айдай толықсып, күлімдей жетіп келеді. Сәулесі қазірдің өзінде көкжиегімізге сән беріп жатқандай және уақытша болса да, көңілімізде рахат сезімі ұялайды.
Адамдар тұрпайы сезім мен жабайы сананың әсерінен қаншалықты ластанып жатса да, әр Рамазан айы мейірімге толы шуақты сәулесімен оларды тазартып жатады; жүректі кірден арылтып, қабілетіне қарай рухына нұрдан шуақ шашады, сондай-ақ, шын ықыласымен өзіне баурайды. Көкжиегімізді тұманнан сейілтеді. Көңіліміздің мәңгілікке деген махаббатын оятып, өзіндік әуез-әуенімен құйылады. Тұншыққан санамыздағы арам ойымызды, ырысты жаңбыр тамшыларымен шайып, қобалжыған жүректі тыншытып жадыратады.
Рамазан әр туған сәтінде көк жүзінен түскен сақина  іспетті әлгі аспани түсімен, нұр балқытқан сәулесімен сәнге бөлеп, рухымызға өз ғажаптығын сездіреді. Оның бізге бір ай бойы берген бақыты сондай шадыман, сондай таңғажайып – ол келгенде төбеміз көкке жеткендей қуанамыз, қимай қоштасамыз, артынша сарғая сағынамыз... және ол көңілімізде әманда жаны бардай ұялайды... қайтып оралуын жыл бойы аңсаймыз. Әлқисса, ораза, ауызашар, тарауих намазы  арқылы сүйегіміз оған үйреніп қалады; сондықтан оның қайта келуіне көбісі таңғалмайды, қайта кетуіне де... Алайда, оның тек қана рухымызды жарқырататын аспани болмысы мен сұлулық әлемі нендей керемет: нәпсімізді ауыздықтайтын, көңілімізді ысып жалтырататын, сезіміміздің пәктігін сақтайтын және бізбен қауышқан сайын саф таза әсем келбетімен санамызды оятатын Рамазан, еш уақытта ескіріп тозбайды, түсін жоғалтпайды, бұлдырап ғайып болмайды және адамдарды қажытпайды; керісінше, үнемі көктем самалымен аймалайды, содан қимай, жаутаңдағанымызға қарамай, бізбен қоштасады.
Иә, ол жыл сайын көктің бір сыры мен сиқыры ретінде туып басымызға құйыла бастағанда, бұдан бұрынғы келу барысына ұқсамайтын өзге бір қырымен көрінеді. Бізге ол әрдайым ерекше және тылсым сезіледі, сонымен бірге, біз оған ғашық болғандай ынтыға талпынамыз. Негізінде ол келгенде, ай мен күн бір-біріне ұласып, маусымнан маусымға ауысып, үнемі ерекше ауан қалыптастырады; көңілімізде маусымдардың ауасы, түсі мен өрнегі арқылы туады: Кейде Рамазан әлгі аспани жылылығын қыстың қақ ортасына салып жібереді; кейде шілденің шіліңгір ыстығымен сіңісіп, бізге ерік-жігеріміздің қақын өтеуді еске салады және табандылыққа шыңдайды, рух пен жүрегімізге көрегендікті бағыштайды; кейде кербез көктемнің көк гүлдеріне қонады және бізге «қайта тірілу» жырларын жырлайды; ал кейде қоңыр күздің қайғысын аспани күлімдеген қуанышымен түйреп өтіп, бізді мына дүниенің тарлығынан, мәңгілік әлемінің шексіз бақытына қарай жетелейді.
Біз ай мен күннің шығысы мен батысы және қозғалысына қарай Рамазанның да қай уақытта келетінін білеміз; бұл мүбәрак ай бізге керемет сый-сыяпаттар алып келеді: өмірімізді бастан-аяқ өзгертеді; ішіп-жегенімізге, жүріс-тұрысымызға етене араласады, таным тереңдігімізге қарай бізді руханилерге  ұқсатады және осы құбылыстарымен көңіл көктемімізге гүл егіп, мәңгілік әлемінің алауын жағып, Жаратушыға деген адалдық сезімін дыбысқа салады.
Жыл сайын Рамазанда аспан жерге түскендей болады: Көше шырақтары, мұнаралардың шарапаларын орап алған жарықтар, мұнаралардың арасына ілінген жазулы шамдар, тұс-тұстан жанып сөнген отшашулар бізге аспандағы жұлдыздар мен метеориттерді еске салатын сияқты; соншалықты жұқарған, жұқарып, біржола тазарған және періштедей кінәсіз кейіпке айналған мүминдердің  мешіттің ішіндегі әлгі терең хал-ахуалы, түні бойы жасаған ғибадаттары және сәресі мен ауызашарлары көңілімізде руханилермен бірге жүрген сияқты сезім қалдырады. Жүрек пен рух көкжиегіне көкірегі ашық мүмин әр сәресіні ішкенде, ерекше мәз-мейрам болады, әр ауызашарында көңілі басқаша толқиды, әрбір тарауихті ерекше бір рухани ләззатпен оқиды және жан-жағында көріп тамашалаған барлығына түс әлемінің көрінісі деп ойлайды. Қай кезде де өзіндік көл-көсір мейір-шапағатымен келетін мүбәрак Рамазан айы, оның ауанында тыныстап, кәусар суына малынған әрбір жанға мейірін төгетіндігіне уәде бергендей, дін және діншілдікпен қандай болсын байланыс құрғандарға түрлі әсерін тигізіп жатады: Ол өзіне сай сиқырымен мүминнің көңіл шегін өзгертеді, оның табиғатына өз бояуын жағады, шын жүректен сенгендерге жаратылыстың арғы жақтарда жатқан ашық немесе жабық сырларын сездіреді және адамдарға заттықтан асқан әртүрлі жаратылысқа айналуға жол ашады. Оның келуімен адам сезімі ұдайы ақыретті ауанды аңсайды. Жаратылыстың арғы жақтағы сезімі ең керемет иістер іспетті бірден жан-жаққа сіңісіп кетеді. Бір ай бойғы мына қымбатты құтты уақыт бізге өмірімізде естімеген ең терең жырларын оқиды және иман мен ғибадат (бұлар әлгі үнсіз жырлардың негізгі құрамдастары) қол ұстасып, көрегендігімізге ілім салаларынан асқан және көріп тамашалағанда, көңіл қанбайтын сондай сиқырлы көкжиектер ашып жатады.
Күннің әр уақытында түрлі толқындар бойындағы шуақтары тұтас затпен байланыс құрғандай, Рамазан айында да көк жүзінің арғы жағындағы әлемдері жермен, жер азаматтарымен, әсіресе, мүмин көңілдерімен әрбір сәтте түрлі ықпалдар тигізіп жатады; періште әлемдері күн шуағынан да жылы биік рух, терең мағына, бір тылсым күш береді; хаққа ашық көңілдерге өзіндік күшін сездіріп, тылсымы терең рухани байлықтарын көрсетеді. Соның арқасында дүние мен ақырет қаз-қатар орналасады; біреуінен екіншісіне құлшылық пен ғибадат, ал екіншісінен біріншісіне қайыр мен береке алма-кезек ауысады. Мұндай жағдай адамның төтенше терең қиял мен сезімін оятады, дүниеде ешбір нәрсе соншалықты сұлу һәм соншалықты тылсым бола алмас. Кейде ғибадатханалардағы үндер балауыз шамдардың жарығына араласып, бастан төмен қарай құйылғанда, баршамыздың жүрегімізді лүпілдетіп, көзімізді шағылыстыратын сондай бір тылсым күй пайда болады, осы ғажайып күйден еш уақытта ажырағымыз келмейді. Ажырасақ та, жүрегіміз осы ауанда қалып қойған сияқты дүрсілдей береді, дүрсілдей береді...
Біз Рамазандағы әрбір күнді мейрам қуанышындай қарсы алып, үйге, жұмысқа және ғибадатханаға барғанымызда, үнемі оның жылылығын сезіп, ақырет әлеміне қарай сапар шегуді армандаймыз, кейде ғибадатханаға қарай жүгіріп, Раббымызға жақындауға тырысып, дұға мен баталар арқылы ізгілікке бейімделіп, тәуба келтіріп, кешірім тілеу арқылы рухани ластанудан арылуға тырысамыз; күндіз-түні Хақ алдындағы әрбір тұрысымызды айрықша бір «тазалану сәті» ретінде қабылдап, өмір сүрудің қағидасын өзгертетіндей боламыз. Осылайша, өміріміз ешкім білмейтін жұмбақ күйден құтылады; жұпардай хош иісімен дем алдырып, шексіз ләззатымен бойымызды баурап, көрген сайын сұқтандыра берер ғажап сұлулыққа қарай көтереді. Әсіресе, азанның әлгі жан-жақты ұйытқан дауысы, мешіттердің жүректің тереңдігінде ұялайтын ауаны, ер мен әйелдің, қарттар мен жастардың қатысатын тарауих намаздарының жеке ырғағы Рамазанды «сәхли мүмтени»  қандай бір ғажапқа жеткізеді десеңші... оны толық сезе білгендер жержүзін мекендесе де, көк жүзіндегі тұрғындарымен бір сапқа тұрып бөліскендей тым ерекше терең ойларға шомып, естерінен айырылады...
Рамазанда ғибадатханалар (кісілердің ішкі дүниелеріне байланысты) сондай терең ақыреттік ауанға орап алады, жамағат ол жерде мұнаралардан жоғарылап самғаған дауыстары Хазірет Біләлдің  (р.а) көмейінен төгілгендей тыңдайды; имамды нағыз наиб (өкіл) және халифтік  үлесімен мәртебе ретінде қабылдайды; оң-солында отырған жұртқа Пайғамбарды (с.ғ.с) көрген құтты құлдар сынды қиялға шомдырады, қан тамырына дейін толқи түседі, көз жастарын төгіп, жан-жүйесі босайды және өзін Жәннаттың қақпасында тұрғандай сезінеді.
Әйткенмен, мен қазіргі уақытта мұндай сезімнен және осы тұрғыдағы ойдан алыспын. Тұрған жерімде мен білетін осындай бірде-бір ғибадатхана жоқ, мұхиттан салқын жел еседі, ал бұл мекеннің азаматтары ақыреттік көзқарастарымен өте суық келеді. Бұл жерде мұнаралардың әлгі сиқырлы дауыстарын есту мүмкін емес; намазханалар мен ғибадатханалар біздегідей түрлі-түсті және тірі жанды емес; тіптен, адамдар бір-бірінен алыстап ажыраған. Сондықтан да, мен туған жерімнен алыс болсам да, әлгі біздің үнемі ақыретпен үндескен мешіттерімізді, оларды лық толтырған Хақтың адал құлдарын, олардың бойына сіңген тақуалығын, құрмет-қуанышын ойлап, бір сәт қана «біздің» Рамазанымызды еске алып, өзімді жұбатуға тырысамын. Сезіп отырғандаймын, мешіттің аузы мұрнынан шыға сірескен жамағаттың әлгі мөп-мөлдір иманға толы дауыстарын; тарауих намаздарында оқылатын «салату сәлемдерді» , бұларды міңгірлеген дауыстардағы шын пейілділік пен шын жүректілікті. Кейде өмірімдегі әлгі бұрынғы күндерден қиял кеңістігіме орналасқан суреттер жаңадан жандана түсуде; осы тұста мен де көзімді жұмып, сезімдеріме көңіл бөле бастаймын; өзімді дәрет алатын орынның қасында, не болмаса періштелер іспетті сапқа тұрған әлгі жаны жайсаң адамдар арасында, болмаса, мінбеде немесе михрабта отырғанымды қиялдап, ол жерде болып жатқан оқиғалар туралы әңгімелеймін... Айтамын және кейде ғибадатханадан, кейде мұнаралардан самғай түскен әлгі кіршіксіз таза да мөп-мөлдір дауыстардан, сөздерден, ол жердегі түрлі көріністерден және бас айналдырар құбылыстардан үлесімді алу үшін сол бір сезімге қайта үңіліп жатамын...
Аман-сау қалғанымша, рухани сұлулығы мен ғажап ой-өріске көтерілген әлгі күндер мен түндерді үнемі үздіге ойлаймын; қиялды жаһанға тән әлгі «Аллаһтың күндерінің» сыйлаған сезім мен ғашықтығы арқылы, қазір тұрған жерімде қараңғылық толығымен орап алғандай және жан-жағым тым-тырыс, тірі жан жоқ осы қасірет пен сағыныш сәттерін, не болмаса, жалғыздық сәттерін жарқыратуға бар күшімді салып, қай мағынада болса да, дайым пәк сезімдермен теңіздей көбіктенген әлгі қасиетті уақыт тілімінің бір күні міндетті түрде қайта келетінін үнемі сағына күтемін.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.