МӘУЛАНА ЖӘЛАЛЕДДИН РУМИ

Тұңғиық сыры мен сарыны, терең ойы мен өрісі, шынайы ғашықтығы мен толқуы әрі адамзатқа берген уәделері арқылы сан ғасырларды аттаған ағзам жандар санамызда сайрап тұра бермек. Заман мұндай қасиетті тұлғалардың болмысын ескірте алмайды. Түрлі-түрлі уақиғалар мен құбылыстар киелі бояуларына күйе жаға алмайды. Заманауи ағымдық өзгерістер біздерге мирас болып қалған ақиқаттарды жоққа шығара алмайды. Жүздеген-мыңдаған жылдар бұрын ғұмыр кешіп өтсе де, олардың ой-пікірлері, таным-талдаулары, пайым-түсініктері, рухани игіліктері мен түрлі қоғамдық мәселелерге қатысты айтқан сөздері жадымызда мәңгі орын алмақ. 
Мәулана Жәлаледдин Руми де осы ағзам жандардың бірі. Сан ғасырлар өтіп кетсе де, бүгінгі таңда ол біздерді естіп-тыңдап, біздермен сырласып, әрқайсымыздың басымызда кездесетін сансыз мәселелерге шешімін ұсынып отырғандай, оның жан дауысы естіліп жатады. Ол ертеде жер басып өткен биіктердің бірі болатын. Бірақ, сегіз ғасыр өтсе де, әлі күнге дейін жүректерімізде мәңгілікке тірі болып қалған биік парасат иесі. Оған Руху Саидил Әнғам Хазірет Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың мәңгілік өшпес нұры жұғып, күні бүгінге дейін ол – әртүрлі тарихи жағдайлардың толқынында шуағын шашқан  жарық жұлдыз. Ол әулие-әнбиелердің ішінен таңдалған және махаббат пен ғашықтықтың дертімен өртеніп, жалындаған жандардың – саңлақ сардары. Ол жансыз жандардың көкіректеріне өмір ақиқатын сарнаған Исрафил (ғ.с) періштенің сыбызғысындай, көктемнің лебізіндей, сиқырлы өзендей жан-жүйеге құйылған – өмір кәусары. Ол өмір жолында тәй-тәй басып жүргендерге нұр-шуақ және пайғамбардың нағыз мұрагері еді.
Жәлаледдин Руми Аллаһқа деген беріктігімен белгілі және адалдыққа арқа сүйеп, өзгелерді де Аллаһтың ақ жолына шақырған шыншылдардың шыңы еді. Ол әр уақытта Аллаһқа деген ғашықтығымен жалындаған және айналасында жүргендерге сүйіспеншілік нұрын ұялатып, оларды да жанартаудай жалын  атқызып, көз тартқан терең дүние. Аллаһты тану (мағрифатуллаһ), Аллаһты сүю (мұхабетуллаһ) және Аллаһқа ғашық болу сияқты ақиқаттармен бірге, Аллаһқа деген қорқынышы мен ұлық құрметін нағыз тақуалықтың тұмарындай жан-дүниесінде сақтады. Ол баршаны Хақ Тағала мен мына жалған өмірден кейінгі бақилық  құтты мекенге шақырған әуезді үннің сырнайшысы еді. Ол Аллаһтың разылығына сыйынып, жазылған туындылар мен тәмсілдердің авторы. Өмір сүрген өз кезеңіне ағуалағанымен, оның Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ырғағымен айтылған әрбір сөзі ғасырлар бойында жүректермен үздіксіз табыса бермек. Өз кезеңіне сай серік жандарға айтып, үйреткенімен бірге, бұл күнде оның тәмсілдеріне құлақ салғандарды да дықсыз ескерте білген сиқырлы саз иесі еді. Аллаһ Румидің  иығына өте маңызды міндет жүктеп, сол міндетке сай оны қол жетпес биіктерге самғатты. Ол – жүрегі иләһи нұрмен нұрланып, болмысы – даналықпен көмкерілген, сыры – иләһи бояумен боялып, көзі – дара сәулелі асыл жан...
Міне, Жәлаледдин Руми Хақтық танымның Темірқазығындай – жарқыраған күн, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хақиқи жолының шуақтарымен мыңдаған, жүз мыңдаған адамдарды пәруанадай шыр айналдырған әулие-шырақ, шынайы кемелділікке қарай бет бұрғандардың айнымас жол басшысы, Құран Кәрімдегі ұлы ақиқаттардың тәпсіршісі, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ғашықтығы мен махаббатының жалынды тілмашы һәм Жаратушыға жаратылғандарды ғашық еткен сұлу сөздің сахибі еді. Оның көңіл күйіне еніп, сезіміне бөленгендер шексіз бақытқа кенеледі. Оның көзқарасы арқылы Құранның аяттарына зер салғандар пайғамбардың заманына көшіп кеткендей қапелімде өзгеше күй кешеді. Айналадағы жамағат-жұрт Хақ аяттарының түсіндірмесін тыңдаған кезде ішкі дүниелері жарқырап, «Аллаһ!» дегенде, көк жүзі қарс айырылып, аспаннан нұр төгілгендей болатын.
Шығыстың әзіз оғланы – Жәлаледдин Руми Аллаһты ес-түссіз сүйетін және күндіз-түні еске алатын. Қылыует пен жылыуетте (жападан жалғыз қалғанда) және әр уақытта Аллаһқа деген махаббат пен ғашықтықтың жалынымен өртеніп отыратын. Пәнилік ұғым атаулыдан толығымен арылып, жүректегі ғашықтық пен Жаратқанға қауышудың сағыныш отымен біте қайнасып, жанартаудай бұлқынып, доп-домалақ алаулы допқа айналғандай болатын. Іштей кәуаптай қуырылып-пісіп жатса да, ешкімге еш уақытта арызданбай, керісінше, алаулап жануды – ғашықтықтың парызы, ойбайламауды да – жанқиярлықтың, адалдықтың әдебі деп есептейтін. Оның түсінігінде, «сүйемін» дегендер отындай бытырлап жану керек және мұны достықтың, жақындықтың белгісі деп білу керек. Сондай-ақ, шынайы махаббатқа ояу жандар аз тамақтанып, аз ұйықтау керек, сөйлеген кезде тек қана Құдай туралы әңгіме-дүкен құру керек және ылғи да Жаратушының жаратқанына «тамсана» таңғала қарау керек. Тіпті, ол бір сөзінде «Ғашық болған адамның ұйықтағанына таңғаласың, оған ұйықтау - әдепсіздік!» деген екен. Бір кезде ол Аллаһтың Дәуіт (ғ.с) пайғамбарға «Ей, Дәуіт! Өздері ұйқыға батып мені ойламайтын, содан кейін ғашықпын деп шыққандар өтірік айтады!» деген сөзді ел-жұртқа айтып отырғанда, «Қараңғы түскенде ғашықтар естерінен айырылады», деген екен. Міне, ол өз аузынан шыққан дәл осы сөзіне сай берік өмір сүрді.
«Диуани Кәбірдегі» жанартаудың атқылауындай лақылдаған сезімдері мен толқуларын мына бірнеше мысалдар арқылы жеткізуге болады:
«Қол-аяқсыз мүгедек жүрегімде Ұлы Жаратушының махаббатына қарсы тұратындай күш қалмағандықтан, Мәжнүндей күйіп-жанып отырамын. Күні-түні ғашықтық бұғауының бір ұшын шайнап өтемін. Сүйіктінің қиял түсі көрінгенде, қанға малынғандай боламын. Мен есімнен айырылғандығымнан Ұлы Жаратушы Иемді жүрегімнен ытқып құйылар ыстық қаныммен былғап қоямын ба, деп қорқамын. Негізі, сен ғашықтық дертімен күйіп-жанып өткен мына ғашықтың түндері туралы перілерден (періштелерден) сұрауың керек... Бүкіл әлем ұйқы құшағында. Тек, жүрегін Аллаһқа сыйлаған мына мен ғана ұйқының не екенін білмеймін. Көздерім түн баласында жұлдыздарды санайды. Оған (Аллаһқа) деген махаббатым ұйқымды қашырып жібергені соншалық, ол енді қайтып оралмайтын тәрізді...»
Жәлаледдин Румидің ғашықтық пен толқуға, махаббат пен қайғыға толған өлең жинағының рухы сығылса, одан әр уақытта осындай махаббат пен ынтызарлықтың ынтық сыңсулары, қауышу мен үміт сынды сезім тамшылары мөлдіреп, төгіліп тұрады. Руми өмірін осы махаббат жолына арнап, оған кәміл сеніп, әманда Аллаһқа деген ғашықтығын, сезімін тілге тиек еткен. Осынау селдей сезімімен Аллаһқа бет бұрып қана қоймай, оның салиқалы сұхбатын тыңдауды бақыт деп санайтындарды да өз қатарына қосқан. Расында, ол өзіне көк жүзінен ұсынылған берекелі де жомарт дастарханынан және күн жайнауының ішінде жүргендерге кесек-кесек шуақтан татқызуды адалдықтың парызы деп білген.
Ал, енді оның жеті қабат көк жүзіне жасаған саяхатына зер салалық:
«Ғашықтықтың пырағы ақылды да, көңілді де тым ұзаққа алып кетті. Қайда апарғанын менен сұрама. Ақылды да, көңілді де арғы жаққа алып кетті. Содан бір жерге жеттім. Ол жерде ай да, күн де жоқ. Жеткен жерім біздің дүниеге мүлде ұқсамайтын таңғажайып бір дүние...»
Бұл саяхат – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар Миғражының көлеңкесіндегі баспалдағымен көк аспанды шарлаған саяхаты емес пе? Сүлейман Челебидің сөзімен айтқанда: «Бұл сәтте мекен де, жер жүзі де жоқ». Көріп сезгені, қарап тигені көздің бұрын-соңды көрмеген, құлақтың естімеген, ақыл мен қисынына қонбаған жеке шүлен тартылған Аллаһтың ілтипаты. Бұл әрбір тұлғаға нәсіп болмаған ғажап сый. Ол барды, көрді, татты және пәнидің ақылына сыя білетінінің барлығын білді. Көрмегендер біле алмайды, татпағандар сезе алмайды, сезгендер де көбінесе сыр бермейді, сыр берсе де, оны әр адам түсіне алмайды. Галиптің сөзімен айтқанда:
«Құдайдың күнінде сәуле бар,
Көкке түссе, аспан тар!»
Жәлаледдин Румидің бүкіл болмысқа деген сүйіспеншілігі мен адам баласына деген құрметі оның иләһи ғашықтығының кескіні еді. Жаратылысынан басы айналып, ғашық болған Хазірет Пір барлығына құшақ жайып, махаббатпен жаратылған әрбір жәндікпен сұхбаттасып, төс қағыстырған. Әрине, бұл терең сезімдер – тұңғиықтағы інжу-маржандар Аллаһқа деген ғашықтықтың көз қарықтырар сәулелерінің сілемдері ғана.
Көмескі, бұлдыр-бұлыңғыр, ғаярсынып жазылған сөздерім жарық жұлдызды анық суреттей алмай тұрғанын білемін. Бұл мені мен оның арасындағы алшақтықтың айғағы. Әйтпесе, тамшы дарияны қалай суреттемек?! Тозаңның түйірі күнді қалай сипаттамақ?!
Солай болғай, алайда, бір-ақ сөз, бір-ақ сөйлем арқылы мәңгі жарықтықтың пәни дүниеге келгенін қайтадан бір мәрте «Жәлаледдин Руми» дегім келеді. Хазірет 1207 жылы әлеуметтік, саяси және әскери дағдарысы белең алып отырған Азия құрлығындағы Балх қаласында дүниеге келеді. Әкесі шейх Мұхаммед Бахауддин Сыддиқи Хазірет Әбу Бәкірдің әулетінен тараған оныншы ұрпағы. Марқұм Тахирул Мәуләуидің айтуына қарағанда, Румидің анасы пайғамбардың ұрпағынан тараған мүбәрак шежіренің жемістерінің бірі еді. Әкесін таныған ел-жұрт Пайғамбардың мұрагері және хақ жолындағы ер екенін біліп, оны «Ғұламалардың Патшасы» деп атаған екен. Қасиетті кісілердің тағдырдың тәлкегіне түскеніндей, ол да тұрған жерінен қудаланып, көшуге мәжбүр болады. Сондықтан да, туған жері – Хорезм өлкесінен айырылып, ұзақ жолға шығып, бірнеше жерлерді мекен еткен: Хижазда бір мезгіл қалып, Шамға дейін жеткен. Мұхиддин Ибн Араби іспетті ғұламалармен кездесіп, олардың салиқалы сұхбатына қатысқан. Алты-жеті жасқа келген Жәлаледдин Руми де бұл сұхбаттардан тыс қалмай, әулиелердің нұр-сәулесіне шомылып, баталарын алады. Қиын-қыстау кезеңге тап болып, туған жерінен ажырап жер аударылғанымен түбінде қандай игіліктер мен жақсылықтарды көретінін Құдайдан басқа кім біліпті? Жазмыштан озмыш жоқ. Алайда, бұл көшке әулет жай ғана жер аудару деп қарамаған, себебі, бұл көш – Хазірет Ибраһим (ғ.с), Хазірет Мұса (ғ.с) және Хазірет Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) пайғамбарлардың хижра көші еді. Сондықтан да, Құдайдың жазғанына разы болып, қайта хижра арқылы салиқалы ғұламаларды көріп сұхбаттасқанына қуанды.
Сонымен, жылжыған жылдар бұл әулетті Ерзинжан қаласына алып келеді. Ал, тағдыр Караманға қарай тартып әкетеді. Содан, Руми біраз уақыт «Халауие» медресесінде дәріс алып, Шам-Халеб медресесінде ислам ғылымын жетік үйреніп, жазу өнері сабақтарын тәмамдағаннан кейін ілім мен сопылықтың жаңа орталығы – Конияға оралады. Зымыраған заман ағымымен Қожа Шемседдин Самаркандидің қызы Гауһар Хатунмен үйленеді. Артынан «Ғұламалардың Патшасы» лақабымен белгілі болған әкесі дүниеден озады. Содан кейін, Сеид Бұрханеддин Тирмизидің қарамағында «сейри сүлүкке» (нәпсіні тәрбиелеу жолындағы рухани саяхат немесе жүріс) бастайды. Ол Рүкнүддин Зеркубидің ұсынысымен Конияға келген Шәмс Тебризимен кездеседі. Сонымен, жаңа тереңдіктегі иірімдерге жан дүниені ашу үдерісі жалғасады. Енді ол бүкіл дүниеге өзіндік тереңдігімен танымал Қожа Мәулана! Негізі, қысқартып берген шежірелік анық аудармалар – Румидің өміріне иненің жасуынан қарап, суреттегеніміз және Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың рухына адал да берік жандардың өмірлерінен алынған кішкентай көріністері ғана.
«Шәмстің көзін ашқан Мәулана ма, әлде, жамалы жан тебірентер жәннатқа Мәулананы жетектеген Шәмс пе? Құдайдың шыңында жатқан махаббат пен ғашықтықтың ақиқатына кім кімді жеткізген?» деген сауалдармен пікірталастарға түсіп, кіршіксіз таза және пәк жандар туралы көмескі баға бергім келмейді. Тіпті, мұндай зор тақырыптар біз сияқты пақыр жандардың сөз ететін әңгімесі емес. Алайда, кім біледі, сірә, былай айтып жеткізу де жөн шығар: Бір кездерде екі терең жандар екі өзен сияқты бір-біріне құйылып, жеке басымен жетуге мүмкіндігі жоқ шыңдарға бір-бірінің қолдауымен жетіп, Аллаһты тану, Аллаһты сүю және Аллаһқа ынтызарлықпен ғашық болу сынды биік сезімдердің шыңына шығып, өз кезеңіне жеткізе білгендей, бүгінгі күнге дейін ұласқан жарқын дүниелерді шашып, мәңгілікте есте қалмақ.
Алғаш әкесінің тәлім-тәрбиесін алған Мәулана Жәлаледдин Руми пайғамбарлар мен сахабалардың, әулие-әнбиелердің өмірбаяндарын қызыға оқитын. Әулиелердің Аллаһқа  жақындығы мен құлшылығы оны ғашықтық пен ынтызарлықтың бұғауына байлайтын. Ол Аллаһпен байланысын үзбей құлшылықтың жолында жалындап жүргеннің өзінде халықтан алыс кетпей өмір сүрген және ешқашан өз-өзін олардан жоғары ұстамаған. Пайғамбар тарапынан тағайындалғандай «насихат жолындағы темірқазық» іспетті, тіпті, о дүниеге аттанғанның өзінде қалдырып кеткен туындылары арқылы жақсылықты қай жерде болмасын айтып жүруді міндеттеген сирек тұлғалардың бірі болатын.
Сопылар хазірет туралы мүрид, дәруіш, шейх деген атаулар тағып дұрыс түсінбеген сыңайлы. Ол діннің негіздері – Құран кітабын, Сүннет жолын және саңлақ сахабалардың амалдарын өзінің жеке ыждаһатымен үйреніп, осы меже-өлшеулерге сүйеніп жаңа тәсілдер мен жүйелер қалыптастырған, сондай-ақ, өзіне ғана тән үнімен һәм замандастарына, һәм кейінгілерге мінсіз таза мөлдір бұлақтай сусындатқан дара адам еді. Ол Аллаһқа ғашық ынтызар жан. Аллаһқа ғана емес, өзіне жалбарынғандардың көкірегіне Аллаһты сүюдің ақиқат шуағын төккен. Егер оның Диуани өлеңдерінің мәні мен рухы сығылса, онда көк жүзін кезген қою қара бұлттан жаңбыр жауғандай Аллаһқа және Аллаһтың Елшісіне деген махаббаты теңіздей тербеліп, арнасынан асып-төгіледі. Оның рухы жырлаған және Хусамеддин Челеби тарапынан кітапқа айналған жинағы «Мәснәуи» бүкіл дүниені тазартқан нөсер жаңбыр іспетті жан дүниемізді жуып-шайып, махаббат сезімін оятатын ең қымбатты туындылардың бірі. Ал, «Диуани Кәбір» жинағы хазіреттің ғашықтық пен ынтызарлығын анық паш ететін құнды дүние.
«Мәснәуидегі» ой-сезім ойлануға мүмкіндік беріп, түйсіктен асырмай тамаша мәнермен баяндалған. Ал, «Диуани Кәбирге» келер болсақ, ол балқыламалардың қайнағанындай, әр адамның ішіне сіңе бермейтін ерекше құндылық. Мұқият қарағанда, өте терең тақырыптармен Аллаһтың жолында пәни болу, Аллаһтың жолында мәңгі бәқи қалу, Аллаһпен бірге болу сияқты сопылық түсініктерге сүйеніп, құтты мекеннің шексіз және мол мүмкіндіктерін өзгеше толқу сезімі арқылы баулиды. Міне, «Диуанидегі» жалын атқан жанартауды еске түсірердей әсер алғандар ерекше махаббат пен қауышу сезімдері арқылы жан дүниесі түршігеді. Хазіреттің әр кісіге ашылмайтын сиқырлы өлеңдерінде ақыл кемеліне жеткендігі, адамдық қалыбынан шығып кеткендігі және періште сипаттағы түр-түстердің көлеңкесімен қыдырғанын байқайсың.
Хазірет Мәулана медреседен бастап барлық исламдық-сопылық мектептерден нәр алып, сусындап өскен. Аллаһқа жақындап, жетілген... өз ауқымында аспандап, әулиелік кеңістікте жұлдыздай жарқыраған. Расында, ол қол жеткен дәрежесіне дейін көтерілген және аялдайтын жерде тоқтай білген қайсар жігіт еді. Көргенін дұрыс талдаған, естігенін адал бағалаған, Аллаһқа мойынсұнуды әсте әлсіретпеген және құтты мекеннен самалдай есіп жеткен нұр-шуақты ақиқаттарды сақтап, бекерге жария ете бермеген. Бұрынғы ізашарлары сынды иләһи аманаттарын өлең тілімен дыбысқа салып, ырғағын жоғалтпай жыр жолдарына айналдырған.
Өзге қаламдардың шамасы келмейтін оның айтқан сөздерін тыңдап, жазғанын оқыған ақыл иесінің өзегіне құйылған өзіндік әуезі тәрізді.
Хазірет Мәулана жаратылысынан жұқа келген, өте сезімтал, мейірімділігі аналардан да асып түскен өз кезеңіндегі Мұхаммед (с.ғ.с) Рухының кескіні еді. Оның осы ерекшеліктерін «Мәснәуи», «Диуани Кәбир», сондай-ақ, жазған хаттарына, отбасылық қарым-қатынастарына, достарымен қоян-қолтық араласуына куә болғандар дәл Пайғамбардың ізбасар-мұрагерін көргендей ерекше толқыған күй кешіп, өзара «Зәликә фадлұллаһи ютиһи мәң йәшә» деп күбірлесіп, маңдайымен жерді ұрып, шүкіршілік ететін.
Ол өмір бойы өзгелердің әдепсіз әрі дөрекі қылықтарына душар болып, зәбір-жапа шекті. Алайда, өз басы еш уақытта қарымта қайтарудан, тұрпайы жауап беруден аулақ болып, ешкімді ренжітпеді. Хақ Тағаланың сыйы мен ырыс-нығметін бүкіл әлемге жар салғанда, оның дауысы үнемі өктем еді. Ал, өзге хал-ахуалына қарағанда, ол ылғи да кішіпейіл, ибалы, жүзі жылы және барлығына құшағын кең жаюға дайын болатын. Менмендік, қияңқылық, шірену және дөрекі қылық іспетті «месауи ахлақ» деп саналатын жағымсыз мінездер еш уақытта оның бойынан табылмаған. Шырағын жаққан досы Хазірет Шемс Тебризиді ұстаз ретінде қабылдап, оған сый-құрмет көрсетіп, мүрит және халифасы Салахаддин Зеркұбқа «тақсырым, патшам..» деп атап, Хусаметтин Челебиге тағзым етіп, еске алады және отбасы мүшелеріне Пайғамбардың (с.ғ.с) отбасы – «әхли бейттей» көріп құрметтейді. Мәжіліс өткізгенде, Пайғамбардың (с.ғ.с) мәжілісі сияқты баршаға ашық және ең артта сап түзегендердің өзіне жақын тұратын. Тіпті, қылышын қынабынан суырған жау-дұшпандардың өзі еріксіз оның мейіріммен ашқан құшағына қарай ұмтылатын. Бір мәрте сол ортаға кіргендер ажырап кетуді еш ойламайтын. Хазірет Пір жәннаттың жаратылысынан ризық-несібе көріп, сырлы әлеммен  қарым-қатынасы болған адам. Алайда, адамдарға осы ғаламат мәртебені сездірмейтін дәрежеде үнемі ықыласы терең кішіпейіл еді: адамдардың ішінде адам болып, олармен бірге ішіп-жеп, Аллаһ пен өзінің арасындағы сыр-құпияларды мүмкіндігінше ішке бүгіп, иланған ақиқаттарды жүзеге асырған ұстаз ретінде үнемі өзгелердің жан дүниесіне ізгілікті ұялатудың жолдарын іздеді. «Жананмен (Сүйікті, Дидары Сүйкімді Аллаһ) сұхбат» деп әманда бар назарын Аллаһқа ғана аударып, «ғашықтық», «ынтызарлық», «ессіздік», «тартымдылық» деп, рухында атойлап тұрған сезімі мен толқуы күндей жарық ақиқаттарды өзгелерге де жеткізуге асықты және сиқырлы ортаға қосылғандардың бәріне шынайы адам болуды көрсетті. Дүние мен мал-мүлікке қызықпады, оны еш іздемеді де. Ырысын тапқанда, өзіне жетерлік мөлшерде пайдаланып, артығын өзгелерге беретін. Таппай қалған жағдайда, «Құдайға шүкір! Бүгін үйіміз Пайғамбардың (с.ғ.с) үйіне ұқсады», – деп реті келгенде сабырды місе тұтып, шүкіршілікпен өзге мекеннің төңірегінде көк жүзіне ұмтылған пәруанадай ұшып жүретін. Садақа мен зекетті алмайтын. Ел-жұртқа қарыз болып қалмау үшін кейде таршылыққа тап болып, аш қалып пақыршылыққа түсетін. Алайда, еңіреп аһ ұрмайтын, қасиетті қызметін әртүрлі сый-сияпат тілеп кірлетпейтін.
Хазірет Мәулана Жәлалледдин әр-Румидің зүхді (нәпсіқұмарлықтан арылып ғибадатқа бет бұруы), тақуалығы, иффәті (ар-намыс пен тазалығы), исметі (бейуаздығы), ел-жұрттың  көмегіне зәру болмауы және толығымен ақыретке сай ғұмыр кешуімен қатар ой-өрісі, махаббаты, ғашықтығы мен ынтызарлығы арқылы өмір бойы биіктігін жоғалтпай жасаған әулиелік аспанында ұшып жүретін қыран құстардың бірі еді. Ол Аллаһты үсті-үстіне жалын атқан ынтызарлықпен сүйгендей Аллаһ тарапынан сүйілгеніне де иманы кәміл-ді. Бұл өмірі жоғалтпайтын сенім сезімі, яки, қастерлеу мен қорқуы да емес, бұл – имандылық және жауапкершілік көкжиегі еді. Сондықтан, Хазірет мұны «тахдиси нығмет» (Құдайдың басына қондырған бақ пен құты үшін алғыс айту мақсатымен насихаттау және шақыру) есебінде сезген. Бұған Ұлы патшаның сый-жақсылығына, бітпес шексіз қазынасына «шақырушы» десек те болады.
Оның ішкі дүниесіндегі ғашықтық сарқырама іспетті ерекше ағыспен, өзгеше толқынмен құлап ағады. Оның мұндай сүйіспеншілігі мен сенімділігі адам жаратылысындағы иләһи тартылыс пен шарықтауға алып келеді де, ол үшін Құдайға баратын жолдардың бәрі бірінен кейін бірі ашыла береді. Сондай-ақ, ол ғашықтықтың бал шарабын ұрттап, көп жағдайда сүйіспеншілікке құштарлығы артып, құшырланып отыратын. Тек қана Оны (Аллаһты) көруде, тек қана Оны білуде, тек қана Оны сезуде, тек қана Оны тілге тиек етуде, әр ісі мен сөзін Оған ғана байланыстыруында ақпейілді болғаны соншалық, тіпті, бір сәттің өзінде жанары өзгеге бұрыла қалса, сол отырған жерінде жылай жөнеледі. Әрқашанда қасиетті достықтың бақытына бөленуге және қуанышына кенелуіне жанын беріп, һәм сүюші, һәм сүйікті болу ынтызарлығымен елгезектік танытып, асыл уақытын сол ғашықтықтың жолында сарп етіп, елтіп өтетін.
Хазіреттен бұрын да осы тұрғыдан рухани ләззат алып, өмір сүрген бірталай ғашықтар өтті. Дегенмен, сезгендерін әуенге салып, (әсіресе, «Диуани Кәбирдегі» мәнерге қарай) әр ой-толғанысын батылдықпен жеткізу тұрғысынан бағалағанымызда, Мәулананың өзгелерден шоқтығы биік екені айдан анық. Әлқисса, келмеске кеткен кезеңдерден бастап, пайғамбар (с.ғ.с) дәуіріндегі саңлақ сахабаларға дейін «жалпы қасиет» тұрғысынан Хазіретті салыстырғанда, кіршіксіз және мінсіз бірталай жандар өмірден өткен, алайда, «жеке қасиетке» келер болсақ, ол биіктердің арасындағы асқар тұлға еді. Осы тұрғыдан оны бұл алқаптың жалғыз сүйіктісі және дидарлысы деп санауымызға әбден болады. Сондықтан да, ол бұл жөнінде ең көрікті, тіпті, салиқалы жандарға із қалдырған және ғашықтық жолымен ел-жұртты Дидарлылардың Дидары Аллаһ Тағалаға жетелеген саңлақ жолсерік еді. 
Кез келген адам үшін Женабы Хақты шын көңілмен сүю және Оны үнемі терең ғашықтық-ынтызарлықпен еске алу биік мәртебе. Ал, бұдан да биік мансап болса, ол – адамдағы ғашықтық, ынтызарлық, иләһи тартылыс пен ізгілікке шақыру сезімдері жалғыз Оның (Аллаһтың) жеке ілтипаты екенін түсіне білуде. Хазірет Мәулана әр дем алған сайын Оны ғана ауызға алып, сондай-ақ, бұл жағдайды Оның жеке ілтипаты мен назары деп білетін. Бұл мәртебеге ой-өрісі жетпегендер мұны түсіне алмауы мүмкін. Дегенмен, «Туындылардың нұр-шапағаты қабілетке қарай бағаланады / Сәуірдің жаңбырынан қабыршақ дүр шығарады, жылан у шығарады» демекші, ішкі дүниенің дені көкейден бұрқанып шыққан сөздің ниеттерге қалып болғанындай, иләһи сый-сыяпат пен шексіз қазынаның да (қалыпты жағдайларда) шақырушысы-мәзіншісі екеніне шүбә жоқ.
Кейбіреулер Женабы Хақтың кіршіксіз тазалығы мен қасиеттілігі тұрғысынан Мәулананың Оған деген ғашықтығына жылы қабақ танытпаған және «кәміл адамның» Аллаһтың махаббатына бөленуін де мәнсіз деп бағалаған. Көптеген адал жандар іспетті Хазірет Мәулана адамдық ғашықтықтың ең жоғарғы мәртебелерінде әлемнің Көсеміне лайықты түрде ғашық және ынтызар болуды батыл жеткізіп, кейінгілерге де талдауға мүмкіндік туғызатын иләһи ғашықтық зәліттес мирас қалдырды.
Одан кейін келген сопылар мен молдалар, мұндай ұқсастықпен кей уақытта сол дәруіш мешітінде ойналған әуенді, қамысты сырнайды және әртүрлі аспаптарды да үнемі мінеп отырған; «Сема» (Мәуләуи биі) орындаушылардың қимыл-әрекеттерін сынаған және әртүрлі жаза тартқызған. Алайда, Хазіреттің өз жорамалының тура екендігіне ешқандай күмән болған емес. Егер болған жағдайда мұндай нәрселерден баз кешер еді... міндетті түрде безер еді.
Негізінен, Мәулананың дін рухына шын жүректен беріктігі және Мұхаммед пайғамбарша (с.ғ.с.) әдептіліктің кіршіксіз өкілі болуы өзгелерге артық нәрсені айтуға мүмкіндік бермес деп ойлаймын. Елжіреуі мен дінге деген құрметі және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар сүннетінің тірі-жанды тәпсіршісі болудың өзі бүгінгі күнге дейін көпшіліктің оны қабылдауы үшін жетіп артады.
Мәулана хош көңіл және ыстық ықыластың адамы еді. Шарапатты шариғат заңдылығына нұқсан келтірмеу үшін жасаған амалдары мен айтқан сөздері тек ақ жүректен ғана шығатын. Діни өмірді өмір қылып қалыптастырғанда да, өзгелерге діни ғұмыр жасау жолдарын көрсеткенде де, қамыс сырнайды үрлегенде де, сема биімен пәруанадай айналғанда да, әманда күрсініп сыздаған сырнай және диірмен тас еді. Қайғы-қасірет тартпаған оны түсінбес, надандар оның сезгенін сезе алмас. Ол: «Мұң-зардан елжіреген, егілген жүрек сұраймын, Оған деген іңкәр сезімімді және дерттерімді ашып айтайын» деп, Сүйікті Досқа жақындаудың дәмесін әуенге салды.
Негізі, өзіме мәртебесі биік Мәулана сынды ірі тұлға туралы сөз қозғаудың реті келмес еді. Ұзақ уақыттан бері сыйлап, араласып келген досымыздың өжет мінез танытқанына жоқ дей алмадым. Өз басымнан асып кететін іске батылдық жасап, білек сыбана кірістім. Бүгінгі күнге дейін ол туралы жүздеген-мыңдаған жазбалар жазылды. Бұл тақырыпта сөз иелері – сол жазбалардың авторлары, айтатындарды олар айтуы керек еді. Дегенмен, бұл мен сияқты жай ғана адамдардың сөз қозғауына тосқауыл қойған жоқ. Меніңше болған іс осы.
Сірә, бұдан бұрын ләм-мим демей, Шефик Жан мырзаның жазған «Мәулана: Өмірі, Кісілігі және Пікірлері» атты асыл туындыға тәуекел етуім керек еді. Кеш болса да, құнды тақырыпты өресіз ой-пікірлеріммен тарылтпау үшін және бұлыңғырламау үшін соңғы нүктемді қойып отырмын.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.