АҚИҚАТ АЙНАСЫ – ЖАРАТЫЛЫС

Бұл әлемдегі әрбір құбылыс пен зат атаулы – Хақ ақиқатын көрсететін айна, Ол туралы сөз ететін ділмар тіл және Оны дыбыстандыратын әуен. Адам, зат және тұтас жаратылыстың үні мен үнсіздігі, қозғалыс пен тынышсыздығы, болмысы мен жетістігі арқылы үнемі Оны тілге тиек етеді, Оны айғақтайды. Ол туралы болмыс-бітімімен сөз етеді, Оны мән-мағыналарымен тұспалдайды және Оның болмысының нұрынан тамған тамшысының тігісі, өрнегі және оюларымен бір-бір көлеңкесі іспеттес... Көре алмайтындар мейлі көрмей-ақ қойсын; алайда, көрегендік қабілетіне жетіп, әрбір заттың өзегінде Оның құдіретін көріп сезе білгендер бұған қоса тағы нені көреді десеңші, Оның  шуақтай шашыраған иләһи есімдерінен қандай сыр мен сарындар естиді деші... Егер Оған көңілдің терезесі әрдайым ашық, көздер де зер сала қараса (бұл әр адамда бір деңгейде болмауы мүмкін), мейлі қай жерде, қай уақытта болсын жаратылыс кітабына қарап, оны мұқият оқи бастасақ, жер бетінің көркем көрмесін аралап, оны тамашаласақ, онда барлық нәрсенің түпкі астарын қиялмен құйылғандай көреміз және осы рухани әрі метафизикалық ауанда елжіреп ләззаттанамыз. Жаратылысқа Жаратушы тұрғысынан қарамағандар немесе қарай алмағандар оның тылсымын, мағынасын және мазмұнын ұқпайды да сезбейді... әсемдік пен сұлулығын, үйлесімділік пен жарасымдылығын, сыр мен сарынын, бет-жүзі мен келбетін сезбейді... оның арғы жағы мен астарында жатқан ниетін, еркін, хикметін байқамай қалады... осылардың барлығынан рухқа құйылған нұрды, ілім мен хикметті, махаббат пен сүйіспеншілікті, ғашықтық пен ынтызарлықты да еш уақытта сезе алмас.
Әйтпесе, барлық зат өзінше таңғажайып сырға бөленіп жаратылады емес пе; табиғат бәйшешектей құлпырады... Күн шапағы төбемізден мейірлене шуағын шашады... Сұлу самал маңдайымыздан сипап, бетімізді өбеді... Ескен желден жұпарлы иіс аңқиды.
Иә, қалыпты көзқарастағы адамның назарында жанды және жансыз барлық нәрсе өз сыр-сипаты, бет-келбеті арқылы Оны көрсетеді; бізге күлім қаққан ымымен Оны тұспалдайды; әрбір бояуы Оның мағына дүниесінен салынып шыққан сұлу суреттерді паш етеді; бізге қарағанда көз тоймайтын көрікті көкжиектерді ашады және рухымызда жан тебірентер әсем дыбыстардан құралған алуан хорларды тыңдатқызады. Ғашықтық пен сағыныш сезімдері оянғандай күллі жаратылыс көз алдымызда гүлдей жайнап құлпырады, кейде біз де сол әдемі ырғаққа елігіп тербелеміз, көкжиегіміздің кеңдігіне қарай басымыз айналады және әр тыныс-демімізде Оны еске аламыз. Көргеніміз айқындала түскенде, көкжиегімізде туған сан алуан түстерді, айналамызда жаңғырған дауыстарды бұдан да тұнық естіп, ерекше сезінеміз; әрбір нәрсенің тілін толық білгенге дейін әрбір әрекетке бұдан да ерекше мән беріп, әрбір дауысты басқаша түсіндіреміз: Жан-жағымызда өсіп жайқалған ағаштардан бастап, жоғарыда қалықтап ұшқан құстарға дейін, табанымыздың астында көзге әрең көрінетін жәндіктерден бастап, айналасына үрей туғызатын биік болмыстар; тұтас заттық дүниеден бастап, жаратылыс шежіресінің қол-аяғы, көз-құлағы, тілі ретінде жаратылған адам баласына шейін әркімнен, әр нәрседен және әр заттан құпия белгілі немесе белгісіз әртүрлі хат-жолдаулар алып, өзімізше бұларды оқуға, жұмбағын шешуге тырысып, одан шама-шарқымызша ары қарай терең ықыласқа салынып, тіпті де, өзегімізге қарай ашылып, тағы бір мәрте қанаттанып (бұған жеткен жандар қандай бақытты десеңші!), жалғасып барып, сонау әр нәрсенің ар жағына қарай көз тігеміз немесе тіге аламыз.
Ендеше, мына әлем және әлемнің ішіндегі тіршілік иелері мұндай дәрежеге жеткен жанға мағынасы өте терең, құнды кітаптай көрінеді; мына сиқырлы дүние сарайы ғаламат көрмеге айналады; мынау шытырман оқиғаға толы өмір ақырет сапарындағы тізбектелген үзік оқиғалар сияқты және осыны көп оқыған көкірегі ашық жандар сезе алады; сөйтіп өмір бойы жүрек пен рух көкжиегінде жүзетіндей болады. Жаратылыс пен жаратылыстың арғы жағы ұжданға ашыла білгенше, оның ішіндегі мағрифат пен махаббат та одан ары терең бір ғашықтық пен қызығушылыққа айналады. Енді ол әрбір нәрседе Оны сезеді, Оны естиді және әр нәрсені, әрбір затты Онымен байланыстырып жатады. Өмір оның назарында бұрыннан да сұлу болып көрінеді; әрбір нәрсе үн мен тілді өзгертіп, одан әрі сиқырлы келбетке айналады және бүкіл сыртқы ойлардың үстіне жоғарылаған рух сол сәтке дейін қабығы аршылмаған жасырын жұмбақтарға бет бұрады...
Расында, тән мен материяның шегінен шыққанымызда бүкіл жаратылыс өлшемін өзгерткен сияқты көрінеді, өзімізді де сый-сыяпатқа толы әлемнің ішінде кезіп жүргендей көреміз, сезінеміз және оқиғаларды өзгеше түсіндіреміз; әрбір секунд сайын тыныс алған ауаны; әр уақытта «Ол!» (Аллаһ) деп, сылдырлаған өзендерді; желмен солқылдай бұралып қисайған, қимылдаған сәтінде де бізге ең нәзік әуеннен сыңғырлаған әндер сыйлаған өсімдіктерді, ағаштарды, әрбір түнде бізге бөлек бір ән сыйлаған жұлдыздарды; шығысы мен батысы бір тылсым заңдылыққа арқа сүйеген және бізге әрбір күн, әрбір түн сайын құтты мереке алып келген ай мен күнді... сондай-ақ, иманның көңіл терезесін сыпырып ашқан қасиетін рухымызбен тазарған жүрек лүпілімізбен сеземіз. Сан қилы таусылмас ғажап сұлулыққа толы мына керемет тіршілікті әрдайым тамашалағанымызда, өзімізді ғаламат ғашықтық пен ынтызарлық ағысына бөлеп, рақаттана сиқырлы уақыт ішінде жүзіп жүргендей, үнемі әлгі Сүйіктілердің Сүйіктісінің сағыныш сарайына бет алғандай боламыз. Бет алғанда да, Оның жол бойына қаз-қатар тізбектеп қойған ишаралардан шоқтай жайнаған ләззат алып, кездестірген жанды-жансыздармен Мәжнүнше сырласып, ишаралар мен ишара еткендерге шын жүректен сәлем беріп, саяхатымызға аманат болған сағат, минут және секундтарды, ниет және иләһи ойлармен мәңгілікті еске алуға жететіндей терең тұңғиыққа бойлап, мына пәни өмірді жаратылыстың арғы жағындағы дәлізге айналдыра аламыз.
Негізінен, мына дүниенің көңілге қайрат пен қайрандық беретін барлық сұлулығы тек біздің ниет пен назарымыз арқылы, Сүйіктінің де көзқарасы арқылы ғана ашылады, пайда болады, мәңгілікке жол тартады және еш уақытта сөнбейтін күн келеді, рух көкжиегімізде түрлі-түсті болып туа бастайды және лапылдап жана бастайды... Расында, біз әрдайым дәмін татып сезген мына өмірдегі жемістердің шын мәніндегі дәмі мен ләззатын Сүйгеніміздің бізге мән беруінен сеземіз. Айналадағы жаратылыстың бізбен орнатқан қарым-қатынасын, бізге деген әлгі ыстық ықыластары мен ұзақ жолға шыққан достарының бір ғана Сүйіктісімен құрған байланыстарын сезінудің арқасында түсінеміз. Содан кейін, Оған деген сүйіспеншілігіміз, ынтызарлығымыз бен жақындығымыздың жылылығын сақтай алғанымызша, әр нәрсемен және әркіммен мына шын жүректі қарым-қатынас ұдайы жалғаса бермек. Себебі, бүкіл ғашықтық, ынтызарлық сезімдері мен байланыстары тек Оған ғана қатысты; ал, Ол – махаббат тағының бірегей патшасы. Әр нәрсе әртүрлі үні мен мәнері арқылы Оны сөз етеді, кездестіргендерге Ол туралы айтады және құлағымызға Оның сүйіспеншілігі туралы сыбырлап жатады. Біз де жол бойы кездестірген адамдар мен заттарды Оның құрметіне сыйлап жақсы көреміз. Егер осы жолдардың бойында көзімізді әманда ашып жүрген болсақ, онда бұл Одан бірдеңе көруіміз үшін, ал егер де құлағымызды үнемі тігіп жүрсек, бұл да Одан бір сөздерді есту үшін. Әсілінде, бұл Оның қақы, біздің де қарызымыз; иә, егер бір сөздің өзі Оған сүйенсе, ол сөз құнды болмақ; әртүрлі ой-пікірлер Оған есіктерін ашып, қарсы алып жатса, онда олар үнемі қадірлі болмақ; әрбір қадам мен белсенділік те Оған жету үшін бағытталған болса, онда шын мақсатына қарай бет алған деген сөз.
Негізінде, біздер бұл дүниеге басқа бір әлемге дайындалу үшін жіберілгенбіз; дінге шақыру мәселесіне келгенде, ол да мұндай бір әлемге шақырудың белгісі. Бұған иланғандар өз сезімдері, ойлары, ниеттері және бүкіл қам-қарекеттері арқылы үнемі әлгі шақыруды қабыл еткендерін, қабыл алу керектігін және жаратылыстың арғы жағындағы ілтипаттарға, ықыластарға лайықты болу үшін мына сынақ алаңында және мына жалғанда өмір сүріп отырғандарын біледі; біледі және көз алдарында әрқашан да Хақ болмысының нұры, көңілдерінде Оған иланудың ғажайыбы және қиялдарында тоқтаусыз Раббыларына қарай құтты жүздесу қалауымен жүреді... Иман, ислам және ихсан  арқылы азықтанып, мағрифат  арқылы иленіп, ғашықтық пен ынтызарлық сезімдері арқылы икемделіп жұқара түсіп... үнемі бақытқа бөленіп, әрқашан да таңдайын қағып, жол бойы Оның пәрмендерін тыңдай отырып, кездестірген әркімнен және әрбір нәрседен Ол туралы сұрайды және жүреді әлгі Мәужүді Мечхулге  қарай, әлгі Ғайбу Шахадат  Патшасына қарай, тіпті, мақсатына бек байланған іспетті... Жол қаншалықты жалғасады, асыл мекенге қашан жетуге болады, құтты жүздесу қай уақытта туады демей, бұдан да асқан ықыласты армандауы, мейір-шапағатқа мұқтаждығы, беріктік ойы, үнемі ынта-ықыласпен әрекет етудегі табандылығы және бұдан да зор тамашалау ынтызарлығымен мына мағрифат саяхаттың аяқталуын қаламайды. Сапар шегуде бұрынғыдан да жақсы көреді, сәттіліктің күлімдеген келбетін, өмірдің арғы бетін, иманның сырын көреді және барлық нәрседен бөлекше хат-жолдаулар алады; әрбір қадамда жаңа дауыспен құстардай қанаттанады; миғраж жасағандай ылғи да биікке көтеріледі; беймәлім бір мекенге жетеді, танымайтын бір әлемде серуендейді; әркімге және әр нәрсеге сәлем береді; оларға ризашылығын білдіріп жатады және табиғаттың соңғы көрінісіне жақындайды... Гүл-бәйшешектерді иіскеп, кездестірген әр нәрсемен, әркіммен әңгімелесіп; нұрмен, көлеңкемен сұхбаттасып; Оның иелігінде орын алған әрбір дауыстан, әрбір сөзден, әрбір тілден, әрбір көріністен әуендерді тыңдайды...
Енді ылғи Онымен бірге болудың уақыты туды және бұдан кейін өз-өздерінен арыла бастайды. Олардың көзқарастары бүтіндей өзгереді; тікенектер гүлдей көрінеді, зәһарды балдай... және жұпыны, жыртық киім киген қандай таңғажайып сайыпқырандармен танысады десеңші... және кім біледі, әртүрлі сұлулықтарға күн сайын қанша рет бастары айналып, қанша мәрте иләһи сый-сыяпаттар арқылы жүректері дүрсілдеп жататынын; қандай сыр сарайларына кіріп, қандай ілтипаттарды көріп тамашалайды десеңші... Әртүрлі айналарда Оның дидарының түрлі сәулелерін көріп тамашалаған сайын жүректің қаны тартылатындай болады, тамыр өзгеше соғады да, соққан сайын Оны ғана еститін болады. Негізінен, естілу Оның қақы, есту және естіп сезуге тырысу біздің міндетіміз әрі жетістігіміз. Міне, осындай бір міндеттің байыптылығы мен осы жетістіктің ләззатының құрметіне мына ұзақ жолдар қаншалықты машақатты болса да, жолаушылар үшін Фирдаус бақшаларын аралап жүргендей ғана болады және жан-жаққа шашылған Оның ишаралары мен тұспалдарының арқасында қауіпті болып көрінген арақашықтықты жүріп өту, рақаттана тыныс алу саяхатына айналады; биік белестер құтты кездесудің қанаттандырған сезімі арқылы бір-ақ сәтте өтеді және жүру машақаты да сезілмейді. Иә, қажет болса, жол мәңгілікке жалғассын, олар шаршамайды. Шаршағаны былай тұрсын, жолдың аяқталуын қаламайды олар.
Сүйіктісіне жетіп, Оны көруді армандаған осы рухтар заттықтың кішілігінен және дүниенің тарлығынан шығып, өмірлерін ылғи да иман мен ілімнің кең де түрлі-түсті жазирасында гүлдендіріп, Оның жеке шүлен тартқан ілтипаттарымен азықтанып, көркейіп жатқандарын біледі. Әрбір тамашалаған затты Оның бір хаты мен мөріндей көріп сүйеді, сүйіп маңдайларына тигізеді және үнемі рухани ләззаттардың бақшасында жүреді. Әрбір жеткен мағрифат пен махаббат шыңдарын соңғы аялдайтын төбе деп санайды; «Аллаһ Ұлы!» деп, дауыстап тағзым етеді, «Әлхамдулилләһ» алғыстарымен қарыздар екендіктерін тілге тиек етеді; алайда, екі қадам жүргенде, жаңа бір сыйлыққа тап болады және өздерін ерекше бір мағрифат пен рухани ләззаттар сарайынан іздеп көреді. Әр жеткен мекенде әлгі Сұлулардың Сұлуын тым ерекше көріп сезеді, тағы бір мәрте ғашықтық сезімі кеудесіне сыймай, шаттанып айқайлайды және өзге мекенге қарай бет алып жүреді. Жүрген жолдың бойында сұлулардың ізінен сұлулар түседі; алайда, Оның дидарының сәулесі және рухтардағы тамашалау ләззаты еш уақытта таусылмайды.
Көріп сезгендер үшін ғашықтық пен ынтызарлық осы жолдың бойында, дарияны тұспалдаған тамшы-тамшы құтты кездесу де. Тамшыдан дарияны, ал тозаңның түйірінен әлемдерді көргендер, кім біледі, ары қарай жаратылыстың арғы жақтарында қандай сұлулықтарды кездестіреді және өмірінде бұрын естімеген дауыстарды естиді десеңші... Себебі, «Бұл әлем бір айна, барлығы Хақпенен мәңгі» және жаратылыстың мақсаты – осы ғаламат кітапты оқып, екшеп сұрыптау, адам болудағы хикмет те осы.
Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.