Перзент сүю құштарлығы

Фетхуллаһ Гүлен: Перзент сүю құштарлығы

Иманды кісілердің Құдайдан жалынып-жалбарынып перзент тілеуі дұрыс па? Сәби сүйе алмау жұбайлардың күнәларының кесірінен бе? Құдайдан сәби тілегенде қандай жайттарға мән беру қажет?

Жауап: Мүминдер үшін отбасы – қоғамның мәйегі, ұлттың ұйытқысы. Отбасы – жұмыртқа басып шығаратын аппарат та, тән құмарлығын қанағаттандыратын құрал да емес. Отбасы – өте киелі қоғамдық институт. Оның қасиеті мен киесінің басты нышаны – ақ неке. Исламда жұбайлардың бас қосуының заңды рәсімі саналатын «неке» ұлттың іргесін бекем етіп, шаңырағын шайқалтпайтын алтын қазық болып саналады. Жұбайлардың мақсат-мұратсыз қалай болса солай бас қосуы, некенің түпкі мәні мен мақсатына қайшы келеді. Сондықтан ұлы дініміз некенің асыл мақсатын айқындап берген.

Қажеттілікке қарай талап ету

Отбасын құрудың негізгі мақсаты – Аллаһты разы қылатын, сүйікті пайғамбарымыздың мерейін үстем ететін ізгі ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Құран кәрім мен хадис шәріптерден пайғамбарлардың және ізгі құлдардың Хақ тағаладан қайырлы ұрпақ тілеп, жалбарынғанын көреміз. Өйткені, ізгі ұрпақ отбасын құрудың жемісі саналады.

Ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Үйленіңдер, көбейіңдер. Өйткені, қиямет күнінде сендердің көптіктеріңмен мақтанамын» деген хадисі және некеге қатысты өзге де ақыл-кеңестерінен отбасын құрудағы мақсат үмбеттің көзайымы болар нұрлы ұрпақ тәрбиелеу екенін байқаймыз. Адамзаттың мақтанышы Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптігімен мақтан тұтатын ұрпақ қандай болмақ? Біздің ойымызша, олар Аллаһтың разылығына бөленуді асыл арманына айналдырып, өмірлері дінмен біте қайнасқан нағыз ізгілер. Ендеше, ұрпақ тәрбиесіне аса ыждағатты, көзі ашық, көкірегі ояу мүминдер адамзаттың шамшырағы ардақты Пайғамбарымызды риза қылатындай ізгі ұрпақ тілегені жөн.

Шын мәнінде, перзент сүю Аллаһтың адам баласына деген айрықша тартуы. Жұбайлардың бір-біріне Аллаһтың нығметі, сонымен қатар аманаты. Ал отбасының жемісі саналатын бала да Хақ тағаланың адамдарға берген айрықша нығметі әрі аманаты. Ендеше, адам баласының Ұлы Жаратушыдан сәби тілеуі табиғи әрі қалыпты жағдай. Дегенмен, нығметтің үлкендігіне қарай талап-тілектің де мәнді, мағыналылығы құба-құп. Мәселен, өмір де – үлкен нығмет. Адамзаттың жол бастаушысы (аләйһу әкмәләтут таһая): «Раббым! Өмір мен үшін қайырлы болса, маған өмір бер. Ал, егер өлім мен үшін әлдеқайда қайырлы болса, онда берген аманатың – жанымды ал!» деп дұға еткені белгілі. Осы арқылы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне иманнан кейінгі ең үлкен нығмет саналатын өмір тілегенде де «қайырлы болса» деген шартпен дұға ету қажеттігін үйреткен.

Мұсылман кісінің иман және оның жемісі саналатын «яқин»[1], «мағрифат» [2], «ықылас» және «ихсан»[3] сынды Аллаһтың разылығына бөлейтін жайттар болмаса, ешбір ісінде әсірелікпен, «әйтеуір бер, құдайым» деген қасарысқан түсінікпен тілек тілеуі дұрыс емес. Мүмин Аллаһтың разылығына бөленуді, Оның разылығына бөленудің ең басты жолы саналатын Аллаһтың ұлық есімін төрткүл дүниеге паш етуді табандылықпен талап етіп, тілек тілеуіне болады. Бірақ, бұдан басқа мәселелерде Аллаһтан бір нәрсені қадала сұрау дұрыс емес. Иә, тек Аллаһтың разылығына бөлену мәселесінде ғана қанағатсыз талап-тілекке рұқсат етілген. Ал енді, өмір, жұбай, ұрпақ немесе басқа да нығметтерді Аллаһтың разылығына бөленуді талап еткендей, табандап сұрауға болмайды. Адам көбіне перзентті болу құштарлығымен Құдайдан табандап тілек тілеп, артынан осы үшін опық жеп жатады. Кез келген жан үйленіп, шаңырақ көтеруді, бала сүюді негізгі мақсатына айналдырмай, өмірлік қажеттілік ретінде көріп, соған сай ғана тілек тілегені абзал. Бұл мәселеде байсалдылық қажет. «Қалай да тілегім орындалсын» деген пиғылдан бойды аулақ ұстаған жөн. Үйлену, бала сүюді ешқашан Аллаһ разылығына бөленумен немесе Аллаһтың ұлық есімін күллі жаһанға паш ету сынды адамның екі дүниедегі бақыты үшін зәру қажеттілік саналатын өміршең мәселемен бірдей көрмеген жөн.

Жасанды ұрықтандыру және құдайдан перзент тілеу

Дінімізде барша нығметтер секілді сәби сүю де Аллаһтың айрықша нығметі саналады. Осыған қатысты Хақ тағала: «Көк пен жердің иелігі Аллаһқа тән. Ол қалағанын жаратады. Қалағанына қыз, қалағанына ұл береді. Немесе қыз бен ұлды қатарынан егіз береді. Қалағанын бедеу қалдырады. Ол барлық нәрсені анық біледі. Қалағанын жасауға құдіреті жетеді»[4] делінген. Иә, «Халиқу Кәрим»[5] Аллаһ тағала қалағанына қыз, қалағанына ұл, кейбіреулерге жалғыз, енді біреулерге егіздеп, үшеулеп, төртеулеп бала береді. Ал, кейбір жандарды бедеу қалпында қалдырады. Аллаһ тағала барлық нәрсені белгілі бір себептерге байланысты етіп жарататыны сынды, баланың да дүниеге келуі бірқатар себептер мен шарттарға тәуелді. Кісі Құдайдан сәби тілеу сынды ең табиғи қалауының орындалуы үшін тиісті шарттарды жасап, содан кейін Мусәббибул-әсбаб[6] болып табылатын Аллаһқа жалбарынып, қайырлы нәтиже тілеуі қажет.

Ғылым мен технология қарыштап дамыған бүгінгі таңда табиғи жолмен сәби сүйе алмайтын жұбайлар үшін басқа да балама тәсілдер бар екені белгілі. Түркия діни істер жоғарғы алқасының мүшелері, Ислам әлеміндегі беделді ғалымдар жасанды ұрықтандыру арқылы сәби сүюге болады деп пәтуа берген. Бұл пәтуаға сүйенсек, ұрықтанудың негізгі үш элементі: сперма, аналық жұмыртқалық және жатыр саналады. Осылардың үшеуі де некелі жұбайларға тиесілі болса, жасанды ұрықтандыру арқылы перзентті болуға діни тұрғыдан ешбір шектеу қойылмайды. Дегенмен, бұл тәсіл табиғи жолмен сәби сүйе алмайтын жұбайлар үшін, ем мақсатында ғана қолданыла алады. Ал, енді жасанды ұрықтандыру барысында жоғарыда аталған сперма, аналық жұмыртқалық немесе жатыр жұбайларға тиесілі болмаса, мұндайға діни тұрғыдан рұқсат етілмейді. Жеке өз басым бұл пәтуаға ықтияттылықпен қарауды жөн санаймын. Алайда, бұл менің субъективті құлшылық түсінігім, субъективті ұстанымым. Ал енді жалпы көпшілік жұрт аталған іргелі мекеме мен беделді ғалымдардың пәтуасын негізге алып, осы тәсілді ем ретінде қолдануына, әрі іс-әрекетпен жасалатын дұға ретінде пайымдауына құрметпен қараймын. Сондықтан, осы тәсілді қолданушыларға қарсылық танытпаймын.

Осы орайда, жұбайлардың сәби сүйе алмауды өмірінің ең өзекті мәселесіне айналдыруы, талап-тілекте әсірелікке салынуы, құлшылық әдебіне сай келмейтінін де айта кеткен жөн. Иә, дұғаның тылсым күші бар екені рас. Шынайы көңілден жасалған дұғаны Хақ тағала қабыл етіп, себепсіз-ақ берем дегенін беретіні және рас. Ұлы Жаратушы себептер тұрғысынан мүмкін емес жағдайдың өзін болдыруға құдіреті жетеді. Ол қалағанына қалауынша нығмет береді. Аллаһ тағала сәби сүйгісі келген жандардың шынайы көңілден жасаған дұғаларын жауапсыз қалдырмайды. Алайда, кейбір жұбайлардың дұға-тілекте әсірелік жасауы салдарынан, тілегі керісінше орындалуы да ғажап емес. Мәселен, Құдайдан табандап бала тілеу нәтижесінде нағыз бұзақы, анархист, әке-шешесін зар жылатып, қан қақсататын ұрпақ сүю қаупі бар екенін ұмытпаған жөн. Тіпті, шыдамы таусылған әке-шеше бір күні: «Бұдан да өліп көзі құрыса» деп тілек тілеуі де ғажап емес. Сондықтан, жұбайлар сәби сүйе алмауды өздері үшін бақытсыздық ретінде пайымдамай, қайта Аллаһ тағаладан өздері үшін қайырлы нәтиже тілегені нұр үстіне нұр болмақ.

Хазірет Зәкәрия (а.с.) да Хақ тағаладан бала сұраған. Алайда ол: «Шексіз нығметіңмен сондай бір ұл нәсіп ет, ол маған да, Жақып әулетіне де мұрагер болсын. Оны разы болатын құлдарыңнан ете гөр, уа, Рабб!»[7] деген еді. Құран кәрімде хазірет Зәкәрия мен хазірет Ибраһим пайғамбарлардың (а.с.) құдайдан тек ұрпақ сүюді ғана емес, пайғамбарлықтың ауыр жүгін арқалайтын мұрагер, ізгі мирасшы тілегендері айтылады. Олардың дұғаларына «мәфхуму мухалиф» яғни, керісінше мағынасынан қарасақ: «Уа, Рабб! Егер қайырсыз, опасыз ұрпақ болса, оны қаламаймыз» дегендерін байқаймыз.

Құран Кәрімде Құдайдан бала тілеуге қатысты аяттарда екі мәселеге баса назар аударылған. Бұлардың біріншісі және ең маңыздысы: осынау нығметті беретін «Мусәббибул-әсбаб» және «Халиқу Кәрим» болып табылатын Хақ тағала екендігіне қатысты ақиқат. Екіншісі, баланың ізгі әрі қайырлы ұрпақ болуы үшін тілек тілеу. Осы себептен, кез-келген әйел немесе ер Құдайдан жар немесе ұрпақ тілегенде Рахманның ізгі құлдары сынды: «Уа, нығметі шексіз Раббымыз! Бізге көзіміздің, көңіліміздің көзайымы болатын пәк жар және таза ұрпақ нәсіп ет, біздерді шынайы тақуаларға жолбасшы ете гөр!» дегені жөн. Бұл дұға «Фурқан» сүресінің 74-аятында айтылады. Осы аятта балалар үшін «қуррәтул-айн» сөзі қолданылған. Бұл сөз көздің қарашығындай қадірлі, көз айым, көңілдің шаттығы деген мағыналарды білдіреді. Бұл әке-шешесінің мерейін өсіріп, жүзін жарқын қылатын, дүниеде де, ақыретте де көңілін шаттыққа бөлейтін, әрқашан тақуалықты ту ететін қайырлы ұрпақ тілеудің көрінісі.

Муқаррабиннің баламен сыналуы

Жаратушыдан қандай болсын әйтеуір бір жар немесе бала тілеу дұрыс емес. Отау құруға ниеттенген әйел мен ер бір-бірінің түріне, әдемілігіне, үсті-басына, киім-кешегіне, тектілігі мен байлығына ғана емес, рухани әсемдігіне, ар-намысы мен жан дүниесіне, мінез-құлқының көркемдігіне мән беру арқылы дұрыс таңдау жасамақ. Алайда, осындай жағдайдың өзінде «қайткенде де тілегім орындалсын» деген әсіре ойға берілсе, бүгін не ертеңгі күні, өздері немесе балалары осы әрекеттерінің кесірін көреді.

Өйткені, отау құру мен сәби сүю, осы үшін Құдайдан тілек тілеу аса байсалдылықты қажет ететін өміршең мәселелер. Бұл істе әсірелік жасамаған жөн. Мал-мүлік, шен-шекпенде ғана емес, жұбай таңдау мен ұрпақ мәселесінде де тілекте әсірелікке бару, барша игіліктен мақұрым қалуға түрткі болады. Әсіресе, саналы ғұмырын Хақ жолына арнаған ізгілік жаршылары Аллаһ тағаламен араларындағы ықыласты қорғау үшін мұндай мәселелерде аса байсалдылық танытуға мәжбүр. Шаңырақ көтеріп, отбасын құруда әрбір қадамын абайлап басу өте маңызды. Әрқашан Ұлы Жаратушыға сыйынып, барлық нәрсенің ең қайырлысын тілеу керек. Осы бағытта қажетті шарттарды түгелдей орындап, борыштарын атқарғаннан кейін шынайы көңілмен Аллаһқа тәуекел етіп, маңдайға жазғанына шын көңілден ризашылық білдіру ғана қалады.

Адамның жүрегіндегі мағрифат (Аллаһқа деген таным) тереңдігі оның бойында жауапкершілік түсінігінің орнығуы үшін, ең негізгі алғышарт болып саналады. Сондықтан әулие кісілер «Хасанатул әбрар сәийатул муқаррабин» яғни, «әбрар[8] үшін сауап саналатындар муқаррабин[9] үшін күнә» деген қағиданы ұстанған. Бұл ұстаным Құдайдан жар немесе бала тілеуде де өте маңызды өлшем. Қатардағы жай адам Құдайдан зар еңіреп бала тілегені үшін жауапқа тартылмауы мүмкін. Алайда, жан дүниесін Аллаһтан басқа барлық нәрсеге жабық ұстауға мәжбүр саналатын муқаррабин мұндай талап-тілектен міндетті түрде есепке тартылады. Тіпті, «қурбат» (Аллаһқа жақындық) дәрежесіне қарай жазалануы да мүмкін. Осы тұрғыдан Ибраһим мен Зәкәрия пайғамбарлардың сәби сүюге деген талап-тілектері ғибратты мысал болса керек.

Шындығында, осынау құтты пайғамбарлардың Құдайдан бала сұрауын күнәдан пәк текті бір әулетке өкілдік ететін ізгі ұрпақ ізденісі ретінде пайымдау ең дұрысы. Өйткені, пайғамбарлар ұрпақты тек перзент сүю үшін қаламайды. Олар артта қалдыратын пайғамбарлық міндетті өздерінен тарайтын тап-таза перзенттері арқылы жалғасын табуын қалаған. Сондықтан пайғамбарлардың бұл мәселедегі талап-тілектері де пайғамбарларға тән сипатта өрбіген. Дегенмен, мына мәселені де айта кеткен жөн. Біз секілді қарапайым адамдар үшін осындай талап-тілектер дін дағуасы ниетінде болса, үлкен ізгілік, биік мәртебе болып та саналуы мүмкін. Алайда, аталған екі пайғам-бар – муқарраббин болып саналады. Ал, муққаррабин үшін мұндай талап-тілектер, Аллаһқа жақындықтары және дәрежесіне қарай белгілі бір дәрежеде дүниелік қалау ретінде саналуы да бек мүмкін.

Хазірет Ибраһим мен хазірет Зәкәрия Аллаһтан ізгі ұрпақ тілеп, пайғамбарларға тән ұлы ниетте болса да, сырттай қарағанда дүниелік бір нығметті қалағандықтан, екеуі де балаларымен өте үлкен сынақтарды бастан өткерген. Хазірет Ибраһим (а.с.) бәлкім қалауын ішінде сақтағаны үшін, баласын айдалаға тастап кетуге және белгілі бір жасқа жеткенде, оны бауыздауға әмір алды. Алайда, Аллаһқа деген берік тәуекелінің арқасында бұл сынақтан өтіп, Исмайылды құрбан қылып бауыздаудан соңғы сәтте босатылады. Хазірет Зәкәрия (а.с.) Құдайдан ашық түрде бала тілегені үшін, тек пайғамбарлар ғана шыдай алатын аса ауыр сынаққа душар болады. Ақырында, өзінің де, баласының да мүбәрак бастары шабылды.

Қайырлы игілік тілеу

Аллаһ сақтасын, осы айтқан пікірмен пайғамбар-ларға баға беруден мүлдем аулақпыз. Оларды бағалау біз секілді қатардағы адамның ісі емес. Өз басым олар туралы жаман ойға жетелейтін ең кішігірім бір сөздің өзін әдепсіздік деп санаймын. Олардың бейкүнә бір тілектері үшін, осыншама үлкен сынақтарды бастан өткеруінің өзі олардың ұлылығының өзгеше бір айғағы емес пе? Бұл олардың қол жеткізген «қурбат» (Аллаһқа – жақындық) көкжиектерін паш етсе керек. Алайда, осы мәселеге қатысты иләһи шындық бар, Аллаһ тағаланың өзгермес бір сүннеті (заңы) күшінде. Негізі, Хақ тағаланың разылығы мен «Илә-и кәлимәтуллаһ» яғни, Аллаһты төрткүл дүниеге танытудан басқа барлық мәселеде табандап тілек тілеу дұрыс емес. Бұл мәселе Құран кәрімде кейде ашық, кейде астарлы түрде ишарат жасалады. Өзіміз көріп, естіп, оқып жүрген мыңдаған оқиғадан да мұндай әсіре талап-тілектің адамның сау басына сақина екенін байқауға болады.

Аллаһ тағала қай мәселені қаншалықты талап ету керектігін және қандай мәселелерде тойымсыздық танытуға болатынын белгілеп көрсеткен. Бала мәселесінде адам байсалды болуы қажет. Егер табандап тілек тілесе, арманы керісінше орындалуы ғажап емес. «Қалай да тілегім орындалса екен» деген ниетпен тілек тілеген ата-аналар көбінесе балаларынан көптеген қорлық-құқай көреді. Кейбір балалар денсаулығының кемістігімен, енді бір балалар арсыздығымен, қасиетсіздігімен ата-анасын зар илетеді. Ал енді бір балалар жүрек пен ақыл-ойы азғындап, кейбірі арсыз, ұятсыз өмір салтымен ата-аналарына у ішкізеді.

Құран кәрім балалардың үлкен нығмет екенін айта отырып, олардың ата-ана үшін сынақ екенін де ескерткен. «Біліп қойыңдар, мал-мүліктерің мен балаларың сынақ қана. Нағыз сый-сыяпат ақыретте Аллаһ тарапынан беріледі»[10] деген жерде де балалар үшін «фитнә» деген сөзді қолданған. Құран кәрімде түрлі мағыналарда қолданылатын «фитнә» сөзі аталған аятта «сынақ себебі» деген мағынаны білдіреді.

Иә, бала бала ретінде жамандық емес. Алайда, бала ата-ана үшін үлкен сынақ. Дүние-мүлік сынды бала-шаға да адамның жүрегін басқа жаққа аударып, оны күнәға және бәле-жалаға ұрындыруы мүмкін. Ендеше, адам мал-мүлікке, бала-шағаға немесе басқа да дүниенің өткінші нығметтеріне алданып, ақыреттегі үлкен сыйдан мақұрым қалмаудың қамын ойлауы қажет. Қаншама ата-аналар осы дүниеде балаларының кесірінен қан жылап, балаларын көрген бетте: «Қап, сені тапқанша тас тапсамшы» деп опық жейді. Ақыретте осындай өкінішке душар болмас үшін, «Әйтеуір бір перзенті болсам» деген әсіреліктен бойын аулақ ұстап, байсалды қалпынан жазбағаны жөн. Аллаһтан дүниелік бір нығмет тілегенде «Уа, Раббым! Мен үшін ең қайырлысын нәсіп ет!» деп дұға жасаса, нұр үстіне нұр болмақ.

Хақ тағала базбір адамдарды «Ата-и иләһисіне»[11] бөлеп, иләһи тарту жасайды. «Ата-и иләһи» қандай да бір себепке немесе заңдылыққа тәуелді емес. Бала көп адам үшін «Ата-и иләһи» болумен қатар, Аллаһ тағаланың белгілі бір хикметпен адамға перзент бермеуінің өзі түсіне білген жанға үлкен игілік. Өйткені, адам үшін ненің қайырлы, ненің қайырсыз екенін тек «Алламул-ғуюб»[12] Аллаһ тағала біледі. Соңғы уақытта бір кісі жаныма келіп баласы жоқ екенін айтып мұңын шақса, «әттең бұл мәселеде әсірелік танытпаса қандай жақсы болар еді» деген сезім ішімді кернейді. Алайда, әлгі кісінің ішкі сезімдері мен перзент сүюге деген құштарлығын сезінсем, оның көңілін қалдырып, көңіл-күйін бұзбау үшін «Иншаллаһ, біз дұға етейік, сіз де Хақ тағалаға сыйыныңыз. Аллаһ сізге қайырлы перзент нәсіп етсін» деумен ғана шектелемін.

Перзентке айналған күнәлар

Тақырыптың басында «Балалардың болмауы жұбайлардың қателіктері немесе күнәларының кесірінен бе?» деп сауал қойылған еді. Жалпы алғанда, адамның бір перзентке зар болуы қандай да бір қателікке, күнәға байланысты емес. Қайта керісінше, адамның қателіктері мен күнәлары перзент күйінде көрініс тауып, дүние мен ақыретте әлгі адамның басына бәле болуы әбден мүмкін. Кейбір мүминдер көптеген күнәға батқандықтан, сол істеген күнәлары перзентінің шектен шыққан базбұзарлығы күйінде алдынан шығады. Істеген күнәларының кесірінен перзенті азғындыққа салынып, осы өмірде әлгі адам үшін үлкен сынаққа айналып жатады. Перзенті адасушылыққа бой алдырса, кез-келген пенде үшін заққум ағашы (жаһаннамда өсетін ағаш) сынды ақыретте басына сор болып, опық жегізеді.

Бүгінде мыңдаған жастар әке-шешелерін сорлатып, елдің берекесін қашыруда. Азғындаған жастар көбіне өз жағдайларының парқына да бара алмайды. Олар батпақта малтығып жатқанын да сезбей, осындай азғындыққа еті үйреніп, қалыпты жағдай деп ойлап, алаңсыз өмір сүруде. Мұндайда қасірет тартатын тағы да ата-ана. Ата-аналар тереңнен қаузаса, балаларының өз күнәларының кесірінен осындай жағдайда жүргенін түсінген болар еді. Құдайдан зар еңіреп жүріп тілеп алған перзенті азғындық жолына түсіп ақыретке көшсе, ата-ана үшін нағыз қасірет сонда болмақ. Өйткені оның ақыреттегі жағдайы да аяныш тудырмақ.

Сондықтан, перзент сүйе алмау әке-шешенің күнәлары үшін берілген жаза емес, қайта керісінше азғындаған ұрпақ – әке-шеше күнәларының жазасы саналмақ. Өз басым көптеген мүмин адамдардың перзенттерінің шектен шығушылығын осы бір иләһи хикметпен байланыстырамын. Тіпті, мүминнің күнәлары жиылып бір ұрпақ ретінде көрініс табатынына сенемін. Негізінде, иман еткен адамдар қателіктері мен кемшіліктерінің парқына барып, олардың кәффәратын өтеп, тәубе етсе, жаман перзент түбінде қайырлы ұрпаққа айналады. Мүминдер істеген күнәларының бірқатарының жазасын осы дүниеде балаларының кесірінен тартады. Осылайша, ақыретке едәуір тазарып кетеді.

Бір баланың орнына мыңдаған шәкірт

Перзенттің болғаны – жақсылық, болмағанын – жамандық деп біржақты түсіну дұрыс емес. Адам уақыты жеткенде дін рұқсат еткен шеңберде отбасы құрады. Содан кейін «Әл хайру фи махтарахуллах» яғни, «қайырлы нәтиже тек Аллаһ тағаланың ықтиярында (таңдауында)» деп, Хақ тағаланың қалауының әрқашан ең дұрыс, ең берекелі, ең сауапты және ақырет тұрғысынан ең қайырлы таңдау екендігіне сеніп, Аллаһтың қалауына шын көңілден ризашылық таныту қажет. Егер отбасында міндетті түрде балалардың шүлдірлеген дауысын естіп, Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мақтаныш тұтатын үмбетін тәрбиелеп өсіргісі келсе, онда дін талабынан шығып кетпей, перзент сүюдің қамын жасауына әбден болады.

Осы тақырыпқа қатысты Гандидің басынан өткен бір оқиғаны тілге тиек ете кеткенді жөн көрдім. Гандидің өмірбаянын оқып, терең кісілігін, мағыналы ғұмыр кешкенін байқадым. Сол жылдары мұсылмандар мен үнділер арасындағы жанжал әбден қызған тұста үнді балаларының бірі қақтығыстарда қаза табады. Өлген баланың әкесі мұсылмандардың бір баласын өлтіріп, кек алатынын айтып, ант етеді. Осыны естіген Ганди әлгі кісіні жанына шақырып, неліктен жазықсыз бір баланы өлтіргісі келетінін сұрайды. Әлгі кісі: «Олар менің баламды өлтірді. Мен де олардың бір баласын өлтіріп, өшімді аламын» деп жауап береді. Сонда Ганди: «Біреуді өлтіру сенің өліп кеткен балаңды қайта тірілте ме? Балаңның орнын толтырғың келсе, олардың бір баласын асырап ал, оны өз балаңдай етіп бауырыңа бас және жақсылап тәрбиеле» деп парасат тұнған насихат айтады.

Иә, егер перзент мәселесінде жүректегі құштар-лығыңызды тізгіндей алмай қатты қиналсаңыз, діндегі рұқсат шеңберінде бала асырап алып, оған жақсылап тәрбие беріп, үлкен азамат, яки азаматша етіп өсірсеңіз де болады.

Жалпы өмірде баласыз өткен адамдар аз емес. Мәселен, имам Нәуәи сынды заңғар тұлғаның еш перзенті болмаған. Алайда, Хақ тағала оларға өз балаларынан он есе адал қызмет ететін мыңдаған шәкірт нәсіп етті.

Қорыта айтқанда, иманды кісілер әйел болсын, еркек болсын, Құдайдан перзент тілегенде, әсірелікке салынбауы қажет. Зар еңіреп Құдайдан перзент тілесе де, ізгі әрі тақуа бала сұрауы қажет. Жұбайлар балалы болудың тиісті шарттарын орындап, дұға еткеннен кейін Хақ тағаланың ықтиярына ризашылық танытып, барлық мәселеде айтатын «Раббәнә атина фид-дуния хасәнәтән уә фил ахирәти хасанәтән» яғни, «Уа, құлдарына шексіз нығмет сыйлаушы Раббымыз! Біздерге осы дүниеде де жақсылық пен ізгілік бер, ақыретте де жақсылық пен ізгілік бер»[13] дегені абзал.

[1] «Яқин» – күдіксіз, күмәнсіз кәміл иман келтіру.
[2] «Мағрифат» – Аллаһ туралы таным, ілім.
[3] «Ихсан» – барлық істе Аллаһты көріп тұрғандай немесе өзі көрмесе де Аллаһтың оны көріп тұрғанын сезіну
[4] «Шуғра» сүресі, 42/49-50.
[5] «Халиқу Кәрим» – барлық нәрсені молынан беруші, аса дарқан, шексіз жомарт Аллаһ тағала.
[6] «Мусәббибул-әсбаб» – барша себептерді жаратушы Аллаһ тағала.
[7] «Мәриям» сүресі, 19/6.
[8] Әбрар – ізгі құлдар, діндар адамдар.
[9] Муқарраббин – Аллаһ тағалаға жақын болған Хақ достары
[10] «Әнфәл» сүресі, 82/8
[11] «Ата-и иләһи» – Аллаһ тағаланың айрықша нығметі, ерекше тартуы
[12] Ғайыпты білуші, ғайып Өзіне түгелдей аян Аллаһ тағала
[13] «Бақара» сүресі, 2/201

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.