Исламда жұмысшылар құқығы және жұмыс беруші мен жұмысшы қарым-қатынасы

Фетхуллаһ Гүлен: Исламда жұмысшылар құқығы және жұмыс беруші мен жұмысшы қарым-қатынасы

1. Ислам дініндегі құқық түсінігі

а) Құқық түсінігі

Ислам – «сулх» (бейбітшілік), есендік және тыныштық, Аллаһ пен елшісінің айтқандарына бағыну, мойынсұну, амандық, сенімді жолға түсіп, бақытқа бөлену, барша адамға тіпті күллі тіршілікке қауіпсіздік танытып, ешкімге, ешбір нәрсеге жайсыздық тудырмау деген мағынаны білдіреді.

Ислам діні – Аллаһ тағаланың әмірлерінен бастау алып, Расулаллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тарапынан насихатталған және жүзеге асырылған, басқалардың да дін жолымен өмір сүруінің негіздерін қамтитын иләһи дін болып табылады. Осы дінге шынайы сенім артып, өз өмірінде түгелдей жүзеге асырған кісі мүмин немесе мүслим деп аталады. Ислам дінінің ішкі мазмұны иманға, имани дүниетанымға негізделсе, сыртқы мәні мойынсұну мен ізгі амалға сүйенеді. Ата-бабаларымыз бұл дінді «адамдарды өз ықтиярымен жақсылыққа бастайтын иләһи заңдардың жиынтығы» ретінде сипаттаған. Міне, осынау серпінді күш өмірде жүзеге асырылу деңгейіне қарай дүние мен ақыретте айтулы мән иеленеді.

Қазіргі таңда кең ауқымда қолданылатын «хақ» сөзі ақиқат, шындық және әділет мағыналарын берумен қатар, адамның бір нәрсеге толықтай ие болуы және соған билік етуі деген мағынаны да білдіреді. Жалғанның, бұрыстың антонимі де «хақ» деп аталады. Жеке тұлға тұрғысынан алғанда, әрбір адамның өз нәсібі мен үлесі де хақ деп айтылады. Біз көтерген тақырып тұрғысынан хақ (құқық)[1] дегеніміз – заңды билік тарапынан жеке тұлғаларға таңылған, басқалардың құқығына зиянын тигізбей қалағанынша қоғамдық қатынастарда өз мүддесін жүзеге асыру, материалдық-рухани қажеттіліктерін қамтамасыз ету құқығы болып табылады.

Құқық ұғымы сырттай қарағанда тек жеке және заңды тұлғаларға тиесілі болып көрінгенімен, шын мәнінде барша хақтың иесі Аллаһ тағала. Алайда, Аллаһ осы құқықтарға өкілдік етуді адамдарға аманат ретінде берген. Бұл құқықтар кейбіреулерде белгілі бір мүдде, құзыреттілік, енді бірінде аталған мүдделерден пайдалану немесе құзыретті қолдану құқығы ретінде жүзеге асады. Аллаһ белгілеген құқықтар адамның Хақ тағалаға құлшылық міндеті мен қоғамдық құқықтарды түгел қамтиды. Мүліктік құқықтар, еңбек құқықтары, ой мен іс-әрекет еркіндігін қамтитын хақтар жеке тұлғаның азаматтық құқықтары деп аталады. Ал мүдде, пайда, мәміле тұрғысынан жеке адамға да, қоғамға да қатысты құқықтар «ортақ құқықтар» деп аталады. Жалпы бұлардың үкімдік ерекшеліктерін фиқх ғалымдары жоғарыдағыдай түрлі терминдермен атағанымен, түптеп келгенде бұлардың барлығы Аллаһ құқықтары екені даусыз.

Ислам діні бойынша адамдар жарық дүниеге еркін болып келеді. Барлық адамдар құқықтық тұрғыдан бір-бірімен тең саналады. Ой еркіндігі, сөз бостандығы, ар-ождан еркіндігі адам баласының өзгермейтін табиғи құқықтарына жатады. Нәсіліне, жынысына, ұлтына, тілі мен діни айырмашылығына қарамастан, барлық адам теңдей құқыққа және мүмкіндікке ие. Мұндай құқықтар адам табиғатының рух пен тән секілді қос қырын қамтитын басқа да үлкенді-кішілі құқықтарды, сонымен қатар белгілі кезеңнен кейін пайда болатын түрлі құқықтарды қамтиды.

Құран кәрім өзіне тән иләһи сарынмен адам құқықтарына айрықша мән беріп, бұлардың қорғалуына қатысты ескертулер жасаған. Сонымен қатар, құқықтардың жүзеге асуы мен орындалуының арнайы механизмдерін де бекіткен. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөзімен де, ісімен де Құранда айтылатын құқықтық мәселелерді нақтылай түскен. Аллаһ елшісі барлық азаматтық және қоғамдық құқықтар Аллаһтан бастау алатынын ескертіп, құқықтардың қорғалуы мәселесіне асқан ыждағаттылық танытты.

Иә, Ислами түсінік бойынша, бүкіл құқықтар Аллаһтың ерік күшінен бастау алады және Аллаһ тарапынан адам баласына аманат етілген нығмет. Осынау иләһи нығметтер адам баласына алғаш жаратылған кезден бастап тарту етілген. Бұл құқықтар адамдар тарапынан күшпен алынбайды, сатылмайды, азайтылмайды, көбейтілмейді, өзгертілмейді, дүние-мүлікке айырбасталмайды. Ешбір билік иесі құқықтарды өздігінше бекіте де, белгілей де алмайды. Құқықты ешбір билік сатылатын тауар сынды бағалай алмайды. Адам құқықтарының сақталуын бақылайтын да адамның өзі және тұтас қоғам. Ізгілік үстемдік құрған қоғамдарда құқықтың сақталуына жауапты лауазым иелері әрдайым құқықтық жауапкершілікті терең түсініп, құқықты қадірлеп, қастерлеген. Осының өзі ізгілікті қоғамдарда құқықтың сақталуының ең басты кепілі болып саналған.

ә) Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адам құқықтарына деген құрметі

Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) (аләйхи әкмәләтут-тахая) Мәдинаға хижрет етіп келгеннен кейін қаладағы түрлі сенім мен ой-пікірді ұстанатын ағымдармен, түрлі этникалық топтармен «Мәдина уәсиқасы»[2] атты келісім-шарт жасайды. Аллаһ расулы кейіннен осы келісімге адалдығынан айнымай, барлық міндеттемелері мен шарттарын мүлтіксіз орындаған. Мәдина уәсиқасында діни, нәсілдік, әлеуметтік дәрежесіне қарамастан, барлық адамның теңдей құқықтарға ие екені жарияланып, адам құқықтарына кепілдік берілді. Осылайша, алыс-жақын баршаның ойында Мәдина қаласы «Мәдина Мунәууәра» яғни, амандық, есендік өлкесі деген түсінік қалыптасып, қала үлкен абыройға кенелді.

Негізінде Пайғамбарымыздың жасаған келісім, мәмілелері тек Мәдина уәсиқасымен немесе сол дәуірде орын алған бірнеше белгілі оқиғамен шектелмейді. Аллаһ елшісі (әләйхи әкмәләтут-тахая) бүкіл өмірінде үнемі адам құқықтарын барынша қадірлейтін. Ол құқықты сақтаудың үлкен-кіші істердің баршасын қаперден тыс қалдырмай, құнттап отырған. Сүйікті Пайғамбарымыз кішігірім мәселелер еленбесе, үлкен мәселеге айналатынын терең пайымдағандықтан, үлкен-кіші деместен, барлық құқықтың сақталуына жіті мән берді. Үлкен құқықтардың аяққа тапталуын Аллаһтан қорқу сезімінің күшімен алдын алып отыруды насихаттайтын.

Адамзаттың шамшырағы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бақилық болардан сәл бұрын қажылықта он мыңдаған адамнан тұратын үлкен жамағатқа қоштасу құтпасын жасайды. Ол осынау құтты жамағат арқылы қияметке дейін келетін болашақ үмбетіне Исламдағы құқықтық мәселелерді тағы бір пысықтап, тұжырымдап береді. Шын мәнінде Аллаһ елшісінің «Уәдә» құтпасында айтқан әрбір сөзі адам құқықтары тұрғысынан өз алдына дербес, маңызды бір құжат сипатында еді.

Сөз Сұлтаны (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сол күні Аллаһ құқығынан бастап, отбасылық құқықтарға дейін барша мәселені ортаға салып, бейне бір өзінің пайғамбарлық міндетінің мәні мен мазмұнын тереңнен толғай түсіндірген еді. Оның құтпасында ең үлкен құқық – Аллаһ құқығы екеніне баса назар аударылған. Аллаһ құқығынан кейін дәрежесіне қарай барлық құқықтарды жіпке тізгендей атап шығып, кейбір кішігірім құқықтардың өзін ишаратпен болсын меңзеп көрсетуге күш салғанын байқаймыз. Оның құтпасының ең алғашқы сөзі: «Аллаһтан қорқыңдар. Оған қарсы келуден сақтаныңдар» деп басталады. Артынан Аллаһқа бойсұнудың қажеттігін айтады. Негізінде Аллаһқа иман келтіріп, мойынсұну адам құқықтарын қорғаудың ең басты кепілі, әрі орындалуын қамтамасыз ететін серпінді күш. Ал, Аллаһқа иман мен Аллаһтан қорқу сезімі болмаса, басқалардың құқығын бұзбау, жалпы құқықтық сананың кәміл түрде орнығуы өте қиын.

Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Уәда құтпасында отбасы құқықтарына да айрықша тоқталып, отбасы мүшелерінің бір-бірлеріне деген жауапкершілігі мен міндеттерін атап көрсетеді. Өз сөзінде Аллаһ расулы әйелдердің Аллаһтың аманаты екенін, әйелдердің құқығына асқан ыждағаттылықпен қарау керек екенін еске салады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қоғамның тірегі болып саналатын жанұяда бақыт пен үйлесімнің орнауы үшін, отбасы мүшелерінің бойында Аллаһтан қорқу сезімінің орнығуының маңызын айрықша атап өтеді. Осылайша, құтпасының соңында жергілікті жахилия (Исламнан бұрынғы надандық дәуірі) әдет-ғұрыптарына негізделген қоғамдық жүйенің тамырына балта шабылғанын паш етті.

Аллаһ елшісі Уәда құтпасында мал, жан, ақыл-ой, дін мен ұрпақты қорғауға қатысты тұжырымды сөз айтып, осы саладағы құқықтарды пысықтай түсті. Аллаһ елшісінің айтқандары мұсылмандарға бұрыннан да мәлім мәселелер еді. Алайда, құтпа жасалған жер, құтпаны айту тәсілі мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөзіндегі қоштасу сарыны мәселеге басқаша сипат беріп, адамдардың көңілінде тыңнан естілгендей терең із қалдырған еді. «Ей, адамдар! Раббыларың біреу. Барлығың Адамның ұрпағысыңдар. Адам болса топырақтан» деп үндеу тастағанда, бүгінгі таңдағы адамзаттың үлкен дерттерінің біріне де назар аударады. Біле-білгенге Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) парасат тұнған дана сөздерімен мүминдер үшін нәсілшілдік пен этникалық кикілжіңдерді шешудің алтын кілтін ұсынады.

Бүгінгі таңда әлем елдерінің көпшілігі адам құқықтары мәселесінде әлі де болса мүшкіл жағдайда екені белгілі. Ал, Ислам діні ғасырлар бұрын қылмыс пен жаза мәселесінде құқықтың үстемдігін орнықтырып, алтын қағидаларын белгілеген. Мәселен, нақты дәлелденбесе ешбір адам қылмыскер болып саналмайтынын (кінәсіздік призумпциясы), сезікті адамның өзін-өзі қорғау құқығына кепілдік берілуі, ықтималдылық негізінде ешбір адам жазаға тартылмайтынын, адамға күш қолдануға тыйым салынғанын, адам құқығының қадір тұтылып, қастерленетінін, билік иелерінің құқыққа бас июге міндетті екендігін, ешқашан күшпен құқық бұзушылыққа жол берілмейтінін жариялап, баршаны құқықтық жауапкершілікке шақырады. Осылайша, Аллаһ елшісі әрдайым құқықты қадір тұтатынын тағы бір рет паш етті.

Пайғамбарымыздың құқық мәселесіндегі осынау ыждағаттылығы еңбек құқығында да көрініс тапты. Ислам діні жұмысшыларға да көптеген құқықтар танып, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы қарым-қатынасты әділ түрде тәртіпке келтіретін бірқатар нормалар белгілеген.Төменде осыларға жеке-жеке тоқталамыз.

2. Исламда жұмысшылар құқығы

Ислами құқықтық терминологияда жұмысшы – басқа бір кісіге тиесілі қандай да бір жұмысты немесе қызметті жалақымен атқаруға міндеттеме алған кісі деген мағынаны білдіреді. Басқалай айтқанда, заңмен рұқсат етілген белгілі бір жұмысты жұмыс берушімен арадағы келісім бойынша, өз еңбегін ақылы негізде жалға бере отырып атқаратын кісіні жұмысшы деп атайды.

а) Құрандағы еңбек және еңбекші түсінігі

Жалақы негізінде жұмысшы жалдау немесе жалақыға жұмысшы ретінде еңбек ету Құран кәрімде, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннетінде және сахабалардың ижмағында[3] бар. Құран Кәрім мен сүннетте Исламнан бұрынғы иләһи діндердің жалақыға жұмыс істеу және жұмыс істеткізу тәсілдерінен мысалдар келтіріледі. Кейбір тұстарда тікелей үкім айтылып, бұл мәселеге айрықша тоқталған.

Құранда хазірет Мұсаның (а.с.) өзіне пайғамбарлық берілмей тұрып Мысырдан шығып, Мәдиән аймағына барғаны баяндалады. Сол жерде қой-ешкілерін суғарып жатқан апалы-сіңлілі екі қызды кездестіреді. Хазірет Мұса әлгі қыздарға мал суғаруға көмек береді. Осыдан кейін қыздардың бірі әкесіне барып: «Әке, мына кісіні жұмысшы ретінде қолыңа ал. Өйткені, жұмсайтын адамың осы кісі секілді қуатты әрі сенімді болуы керек»[4] деп, әкесінен Мұсаны (а.с.) жұмысқа алуын өтінгені баяндалады. Осыдан кейін хазірет Мұса (а.с.) апалы-сіңлілі екі қыздың әкесінің (хазірет Шуайб (а.с.) болуы мүмкін) қолында он жыл жұмыс істейді. Хазірет Мұса (а.с.) сол үйдің қойларын бағып жүріп, Шуайб пайғамбардың дәріс алқасында пайғамбарлықтың тылсым сырларын да үйренген болуы мүмкін. Кейіннен осы парасатты қыздардың бірі Мұса (а.с.) пайғамбардың құдай қосқан қосағына айналады. Осы жерде апалы-сіңлілі қыздардың бірі Мұсаның (а.с.) жұмысқа алынуын қалағанда, бір жұмысшының бойында болуы тиісті екі сипатты атап өткен. Осы екі сипат жұмысшының міндеттемесі мен жауапкершілігі тұрғысынан маңызды өлшем болып табылады. Бұлардың біріншісі: берілген жұмысты атқара алатындай күш-қуаттың, қабілеттің болуы; екіншісі: сенімділік пен адалдық.

Құранда Қызыр (а.с.) мен Мұса (а.с.) пайғамбардың сапары баяндалғанда да жалақыға жұмыс істеу мәселесіне ишарат бар. Олар жолда бір ауылға соғады. Сол жерде Қызыр (а.с.) жығылғалы тұрған бір дуалды қайта түзетіп қояды. Алайда, осы үшін дуалдың иесінен жалақы талап етпейді. Осыны байқаған хазірет Мұса (а.с.): «Қаласаң осы ісің үшін жақсы жалақы алуыңа болар еді»[5] дейді.

Ислам ғұламалары осы және басқа да аяттарды негізге алып, бір кісінің басқа бір кісіге жалақыға жұмыс істеуінің шариғатқа қайшы емес екенін тұжырымдап, Құрандағы жоғарыда аталған мысалдарды дәлел ретінде келтірген.

Құран кәрімде: «Енді таразыны дәл тартыңдар, адамдардың құқықтары мен жалақыларын кемітпеңдер, халыққа әділетсіздік жасамаңдар»[6] делінеді. «Сонан соң айырылған жұбайларыңмен арадағы қатынастарың үзілгенде, сендер үшін балаларыңды емізетін болса, ақыларын төлеңдер. Араларыңдағы ақы мәселесін заңды негізде ғұрыптарға сәйкес көркем түрде сөйлесіп нәтижелендіріңдер. Егер анасының баласын емізе алмауы салдарынан қиындыққа душар болсаңдар, мұндайда әкесі жалақысын бере отырып, басқа бір емізетін әйел табады»[7]деген секілді аяттарда да жалақы мәселесіне қатысты үкімдер айтылған. Осы жерде жоғарыдағы аяттың тақырыбымызға қатысы болмаса да, өте маңызды бір қырына қысқаша тоқтала кеткенді жөн көрдік. Баланы асырау, бағып-қағу ең алдымен әкенің міндеті болғандықтан, жұбайлар айырылған жағдайда анасының өз баласын емізгені үшін әкесінің оған ақы төлеуге міндеттелуі адам құқықтары (әсіресе әйел құқықтары) тұрғысынан өте маңызды ислами мәселе болып табылады.

Басқа бір аятта Хақ тағала баршаны дүние және ақырет игілігі үшін еңбектеніп, қажыр-қайрат көрсетуге үндейді. «Адам өз еңбегі мен қажыр-қайратының нәтижесінен басқа ешбір нәрсеге қол жеткізе алмайды»[8] деп, адам тек еткен еңбегінің ғана нәтижесін көретіні айтылады.

ә) Пайғамбарымыздың сүннетінде еңбек және еңбекші түсінігі

Ислам дінінде Ұлы Жаратушы алдындағы құлшылық борыштарын атқарған адамның еткен еңбегінің өзі ғибадатқа айналады. Сондықтан да, дінімізде жұмысшылардың еңбегіне өте үлкен мән беріліп, қадірленеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ешбір жан өзінің маңдай терімен тапқан табыстан әлдеқайда адал табысқа қол жеткізе алмайды» деген еді. Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһтың елшісі болғанына қарамастан, өзінің маңдай терімен күнкөрісін қамтамасыз еткен Дәуіт пайғамбарды (а.с.) үлгі ретінде көрсеткен[9]. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) балаларының нәпақасын табу, әке-шешесінің қажеттіліктерін немесе өзінің күнкөрісін қамтамасыз ету үшін үйінен жұмыс істеуге шыққан кісінің үйіне қайта оралғанша Аллаһ жолында болатынын айтқан. Сонымен қатар, ешкімге қол жаймау, әке-шешесі мен бала-шағасының жұртқа телміріп, тіленбеуін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеген кісінің әрбір қадамында бір ғибадат сауабы жазылатынын сүйіншілеген.

Бір күні Аллаһ расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) саңлақ сахаба хазірет Муазбен амандасып тұрып: «Уа, Муаз! Қолдарың күстеніп кетіпті» дегенде, хазірет Муаз: «Рас айтасыз уа, Аллаһтың елшісі! Жер аударып осымен бала-шағамның нәпақасын тауып жүрмін» дейді. Сонда адамзаттың асыл тәжі ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барша жұмысшылардың еңбегі мен маңдай терін қадірлеу қажеттігін паш еткендей хазірет Муазға разы кейіпте: «Мұндай қол жаһаннам отына күймейді» дейді.

Бірде Мәдинада Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларының арасында отырғанда, олардың жанына жап-жас жігіт қайыр сұрап келеді. Әлгі жігіт өзі де, бала-шағасы да аш екенін айтып, отырған жамағаттан көмек сұрайды да шығып кетеді. Ол кеткесін Аллаһ елшісі жігіттің үйіне хазірет Алиді (р.а.) жібереді. Хазірет Али әлгі кісінің үйінде балалардың үстіне жабатын бір алаша мен бір табақтан басқа еш нәрсе жоқ екенін біліп қайтады. Осыдан кейін Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Алиге жігіттің үйіндегі алаша мен табақты базарға апарып сатып, орнына бір арқан алуын тапсырады. Хазірет Али Аллаһ елшісінің айтқанын орындағасын Пайғамбарымыз арқанды әлгі кедей жігітке беріп: «Тауға шығып отын жина. Сөйтіп, жинаған отыныңды базарда сат. Қырық күнге дейін үйіңе келме. Бала-шағаңның қажеттіліктерін біз өзіміз өтейміз» дейді. Қайыршы жігіт қырық күннен кейін тапқан табысымен Аллаһ елшісінің алдына келеді. Пайғамбарымыз жігітке сол ақшамен Мәдинада бір дүкен аштыртады. Осылайша, жігіт өз күнін өзі көретіндей жағдайға жетеді. Осы оқиғадан кейін Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сіздің біріңіздің арқанын иығына асып, таудан отын жинауы, содан кейін оны арқалап, базарға апарып сату арқылы өз күнін өзі көруі, басқаларға барып тіленуінен әлдеқайда қайырлы»[10] деген екен.

Расул Әкрамның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жұмысшы-лардың құқықтарының қорғалуы, жалақыларының кемітілместен уақытында төленуі, олармен жақсы қарым-қатынас жасау мәселесінде көптеген насихаттары бар. Пайғамбарымыздың насихаттарын реті келгенде жан-жақты талдайтынымызды білдіріп, осы жерде екі хадис шәріпті еске сала кетумен шектелмекпіз. Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірде: «Қолындағы жұмысшысын барынша қолданып, жұмысын жасатып алғасын оның жалақысын толықтай төлемеген адамға Аллаһ тағала арғы дүниеде жау болады»[11] дейді. Тағы бір құдси хадисте Аллаһ тағала: «Қиямет күнінде үш түрлі адам қарсылығыма душар болады. Олар менің атымды айтып өтірік ант-су ішіп әділетсіздік жасайтын адам, азат адамды сатып, ақшасын жейтін адам, жұмысшыға жұмыс істетіп, жалақысын бермейтін адам»[12] деген екен.

б) Жұмысшыларға қатысты жалпы үкімдер

Ислам ғұламалары жұмысшыларды жеке және ортақ деп екі сыныпқа бөліп қарастырған.

1. Жеке жұмысшы (әжри-хас) – келісім-шарт негізінде белгіленген мерзімде және бекітілген бір жалақыға тек қана бір жұмыс берушіге жалданып жұмыс істейтін кісіге айтылады. Жұмысшы сол уақыт аралығында тек өзінің жұмыс берушісіне ғана бағынышты болып, басқа жұмыс беруші үшін жұмыс істей алмайды. Жеке жұмысшы іс берілген жағдайда міндетін дереу атқару үшін жұмыс орнында әрқашан сақадай сай дайын тұруға тиісті. Ол жұмыс орнында ешбір жұмыс істемесе де жалақысын алады. Айлық жалақыға жалданған қызметкер, маусымдық ауыл шаруашылығы жұмысшылары, құрылыс шеберлері және мемлекеттік қызметкерлер осы категорияға кіргізілген.

2. Ортақ жұмысшы (әжри-муштәрәк) – дәрігерлік, бухгалтерлік, тігіншілік немесе ағаш ұстасы сынды ешкімге бағынышты емес еркін кәсіптік жұмыспен айналысатын адамдарға айтылады. Бұлар тек бір ғана жұмыс берушіге емес, бірнеше жұмыс берушімен келісім-шарт негізінде міндеттемелер алып, жұмыс жасай береді. Алайда, алған міндеттемелерін орындамайынша, жасаған жұмысы үшін жалақы ала алмайды. Мұндай жұмысшылар істеген жұмыстарына қарай жалақы алады.

Ислам құқығы бойынша, жұмысшыға оның әлі келмейтін шамадан тыс ауыр жұмыстар жүктелмейді. «Аллаһ тағала ешбір адамды шамасы жетпейтін ісі үшін жауапқа тартпайды» деген аят еңбек құқығы тұрғысынан мүминдерге иләһи аһлақты паш етіп, адамдарға тек шамасы келетін істерді ғана міндет-теу қажеттігін ұқтырады. Ардақты Пайғамбарымыз осы мәселеге қатысты бір хадисінде: «Жұмысшылар – сендердің шаруаларыңды тындыратын бауырларың. Аллаһ оларды сендердің қол астарыңда жұмыс істет-кізуде. Қаласа, сендерді олардың қол астында жұмыс істеткізер еді. Ендеше, жұмысшыларыңа өздерің жегенді жегізіп, өздерің кигенді кидіріңдер. Оларға шамасы келмейтін жұмысты жүктемеңдер. Егер ауыр жұмыс берсеңдер, өздерің де көмектесіңдер»[13] деп, мұсылмандардың жұмысшыларға қалай қарау керек екенін айтып кеткен.

Адамдарды шамасы келетін жұмыстардан ғана жауапты көру, әрбір адамның өзіндік жағдайын, шамасын қаперге алу Ислами түсініктің алтын қағидаларына жатады. Осындай түсінік балалар құқығы мәселесінде де айқын байқалады. Ислам еңбек құқығы балаларды жұмысқа жегуге тыйым салған. Балалардың ең бірінші кезекте білім алуы қажет екенін білдіріп, тек осы мақсатта ғана белгілі бір жұмыстарды жасатқызуға рұқсат еткен. Балалар әке-шешелерінің және басқарушылардың рұқсатымен белгілі бір өнерді үйрену мақсатында ғана жұмысқа алынады. Осы мәселеге қатысты Ислами түсініктің тағы бір терең қырын айта кеткенді жөн көрдік. Ислам еңбек құқығы бойынша, әке-шешесі өздеріне тиесілі жұмыс орнында жалақы төлеу шартымен өз балаларын жұмыс істеткізе алады. Алайда, балалары өздеріне тиесілі жұмыс орнында өз әке-шешелерін жалақыға жұмыс істеткізуіне тыйым салынған. Өйткені, Ислам діні кәмелетке толған және мүмкіндігі жеткілікті жандарға өз әке-шешелерін бағып-қағу міндетін жүктеген.

Ислам еңбек құқығы бойынша жұмысшыға денсаулығына қауіп төндіретін жұмыстар істеткізуге де тыйым салынған. Өйткені, Аллаһ алдында бір кісінің өмірі барша адамдардың өмірі сынды қадірлі саналады[14]. Ендеше, қауіпсіздігіне анық көз жеткізбейінше, жұмысшыны жердің терең қатпарларында жұмыс істеткізуге болмайды. Обал-сауапты білетін ешбір мұсылман біле тұра жұмысшыны осындай қатерлі іске салмайды. Негізі мұндай мәселелер бойынша шешім қабылдау, жұмыс берушінің құзырына жатпайды. Жұмыс орындарындағы жұмыс түрлерінің адам өміріне қауіп төндіріп-төндірмейтінін бақылау және тексеру мемлекеттік мекемелердің міндетіне жатқызылған.

Ислам құқығы бойынша, жұмысшы жұмыс орнында және жұмыс уақытында намаз, ораза сынды парыз ғибадаттарын еркін атқару құқығына ие. Фиқһ ғалымы Ибн Абидиннің пікірінше, жұмыс беруші жұмыстың қауырттығына байланысты жұмысшыны парыз намаздарында мешітке жібермей, жұмыс орнында оқуын талап етуге хақысы бар. Алайда, жамағатпен оқылатын жұма және айт намаздарында бұлай ете алмайды. Жұмыс беруші жұмыс уақыты кетеді деген сылтаумен жұмысшының ғибадатына кедергі болмауы қажет. Діни міндеттерін еркін атқаруы үшін жұмысшыға мүмкіндік беруге тиісті. Ал, жұмысшылар жұмыс берушінің ғибадат атқаруға түсіністікпен қарап, төзімділік танытуын теріс мақсатта пайдаланбай, құлшылығын орындап, өзіне жүктелген міндетін адал атқаруға тиісті.

Ислам діні жахилия[15] кезіндегі қалталы бай-шонжарлар мен тайпа басшыларының астамшылдық және тоғышарлықпен жұмысшылар мен құлдарды қанауға негізделген әділетсіз қоғамдық жүйесін жойып, Аллаһтың әмірлеріне негізделген әділ әлеуметтік жүйе орнатты. Мұсылмандық түсінікте байлық та, кедейлік те адам үшін сынақ болып саналады. Сондықтан, Ислам діні жұмысшылардың қаналуына әсте жол бермейді. Осылайша, белгілі бір мағынада тапсыз қоғам түсінігін қалыптастырған. Мұсылман қоғамында жұмыс берушілер жұмысшылардан жоғары қандай да бір әлеуметтік статусқа немесе қоғамдық құрметке ие емес. Жұмысшыларды жұмыс берушілерден төмендететіндей түсінік мүлдем болмаған. Өйткені, Исламда үстемдік тек тақуалықта деген қағида нық орныққан. Кімнің бойында Аллаһтан қорқу сезімі басым болса, құлшылық пен ізгі амалда басқалардан ілгері кетсе, міне сондай жандар ең үлкен құрметке лайықты деп есептелген.

Ислам құқықшылары адамдар жұмыс таппаған жағдайда, мемлекет оларға жұмыс тауып беруге, күнкөрісін қамтамасыз ететіндей еңбек жағдайларын қалыптастыруға міндетті екенін айтқан. Мемлекет бір жақтан қайыршылықтың алдын алып, парақорлыққа, пайызға және құмар ойындарына тыйым салып, осындай әлеуметтік кеселдерді түп тамырымен жойып отыруға тиісті. Енді бір жағынан қоғамда жатып ішер тоғышарлықтың белең алуына жол бермей, адамдардың еңбек етуіне, өнер табуына тиісті жағдайлар қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға тиісті деп саналған. Сонымен қатар, аурулардың, қарттардың, панасыздардың және әлеуметтік жадайы өте төмен топтардың күнкөрісін қамтамасыз ету де мемлекеттің міндетіне жатқызылған.

3. Жалақы

Жалақы – жасалған іске немесе қызметке төленетін ақы, еңбегі мен маңдай терінің өтемі деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір ақы үшін жасалатын жұмыстың мақсаты мен нәтижесі де жалақы деп аталады.

а) Жалақы теориялары

Жалақыны белгілеудің өлшемі, қалай төленетіні, жалақы төлеудің мерзімі бүгінге дейін экономистердің ең өзекті тақырыптарының бірі болып келді. Осы мәселе төңірегінде көптеген жалақы теориялары қалыптасты.

Батыстық экономист ғалым Адам Смитт «Еңбекке деген сұраныс капиталдың ұсынысына тәуелді» деп, өз теориясын осы қағидаға негіздеген. Тағы бір батыстық экономист ғалым Рикардо еңбекті «тауар» ретінде бағалап, жалақының нарықтағы еңбек ұсынысына қарай белгіленетінін алға тартқан. Джон Стюарт Милль жалпы ұлттық табыстан жұмысшылардың жалақыларына айырылған қаржылық қорды жұмысшылардың жалпы санына бөлу арқылы жалақы мөлшері анықталатынын алға тартып, «жалақы қоры теориясын» қалыптастырған. Ал, батыста пролетариат мүддесіне негізделген жалақы теориясының негізін қалаушы Карл Маркс «Пайда – жұмысшының жалақысынан ұрланған жұмысшы ақысы болып табылады. Жалақыны еңбек белгілейді. Сондықтан, өндірілген өнімдердің барлығында қосымша құн мен жалақы стандарты болуы қажет» деген ойды ортаға тастады.

Батыс әлемінде ең көп қолдау тапқан жалақы теорияларының бірі – «маргиналды тиімділік теориясы» болып табылады. Бұл теория бойынша жалақы мөлшері өндіріске үлес қосқан ең соңғы жұмысшының маргиналды тиімділігіне қарай белгіленеді. Яғни, маргиналды (жалпы өндірістік қатынастарда кенже қалған ең соңғы) жұмысшы тарапынан қамтамасыз етілетін өнімнің артуы, жалақы мөлшерін белгілейтін фактор болып табылады. Басқалай айтқанда, еңбектің тиімділігі артқан сайын жалақы да арта түседі. Дегенмен, осы теорияда айтылғандай жалақы төлеу негіздері практикада жұмысшының мүддесіне шешілмеген. Жұмысшылардың көпшілігі ең төменгі жалақы мөлшерінде еңбекақы алып отырған. Тіпті, ең төменгі жалақының өзі азайтылып көрсетіліп, жұмысшыларға жоғары жалақы төленгендей жалған көрсеткіштерге сүйенушілік белең алып, жұмысшылар алған еңбекақысымен қарын тоқтығын ғана місе тұтқан.

Батыста пайда болған тағы бір оптимистик жалақы теориясы «келісім теориясы» болып табылады. Бұл теория бойынша жұмысшылар ұйымдаса отырып, түрлі кәсіподақтарға бірігуі қажет. Осылайша, жұмыс берушіге қарсы алып күш ретінде қалыптасып, онымен тең дәрежелі мәмілеге түсіп, келісім жасау арқылы жалақы мөлшерін белгілеуді қолдайды.

Сырттай қарағанда аталған оптимистік жалақы теориялары теріс мақсатта қолданылмаса, жұмысшы мен жұмыс берушінің мүддесін теңдей көздейтін секілді көрінеді. Алайда, маргиналды тиімділік теориясы бойынша жалақының мөлшері еңбектің тиімділігіне байланысты болғандықтан, жалақы мөлшерін жұмыс беруші белгілейді. Сондықтан, жағдайды жұмыс беруші өз мүддесіне ыңғайлап қолдануына жол ашық. Ал келісім теориясында жалақы мөлшерін белгілеуде жұмысшылар басты рөл ойнайтындықтан, белгілі деңгейде жұмыс берушінің мүддесі зиянға ұшырауы мүмкін.

Ал, бүгінде жағдай мүлдем басқаша. Дамыған елдерде жұмыс берушілердің жұмысшыларға деген адамгершілік қарым-қатынасы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған. Әрине, ең адасқан мәзхабтардың өзінде белгілі мөлшерде ақиқаттың тамшысы болатыны сынды аталған экономикалық теорияларда да бірқатар ақыл-қисынға, адамгершілікке, ізгілікке сай жайттардың бар екені рас. Алайда, адам баласы ойлап тапқан ешбір жалақы жүйесі Исламдағы жалақы жүйесінің деңгейіне жете алмағанын нық сеніммен айта аламыз.

ә) Исламда жалақы

Жұмысшылар бүгінге дейін іздеген асылын капиталистік немесе либералды жүйелерден де, ұжымдық немесе коммунистік жүйелерден де таба алмады. Батыста жұмысшылардың өмір сүру деңгейі бұрынғыға қарағанда едәуір жақсарғанымен, бәрібір нарықтағы сұраныс пен ұсыныс факторы белгілейтін мөлшерге сәйкес келмейді. Мұндай жүйелерде сұраныс пен ұсыныс механизмін реттеудің тетігі түгелдей мемлекеттің немесе ірі қаржы иелерінің қолында болғандықтан, жалақы стандарттарын белгілеуде жұмысшылардың айтарлықтай ықпал ету мүмкіндігі жоқ. Жалақы стандарттарын белгілей алмайтындықтан, жұмысшыларда төленген ақшаға місе тұтудан басқа шара жоқ. Мұндай жүйелердің барлығында жұмысшылардың құқығы аяққа тапталуда. Бұл кейбір жүйелерде көзбояушылықпен жасалса, енді бірінде ашықтан-ашық жұмысшыларға озбырлық көрсетілуде.

Иә, Ислам ұсынған жалақы жүйесімен адам баласы ойлап тапқан ешбір жалақы теориясы иық түйістіре алмайды. Ислами жалақы жүйесін жете түсініп, оның артықшылықтарын көру үшін, Ислам діні біртұтас қарастырылып, дұрыс пайымдалуы қажет. Өйткені, жалақы мәселесі, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынастардың бір бөлігін ғана құрайды. Жалақы мәселесін басқа мәселелерден бөлек, жеке-дара қарастыру оң нәтиже бермейді. Сондықтан, жалақымен бірге басқа да екі жақты құқықтар мен жауапкершіліктер зерделеніп, жалақыны аталған үлкен жүйенің бір бөлігі ретінді қарастырған жөн. Тіпті, бұл мәселені Исламның қоғамдық, экономикалық өмірге қатысты негізгі қағидалары мен институттарын да қамтитындай кең көлемде қолға алып зерттеу артық болмас деген ойдамыз. Негізі жұмысшы жалақыларының мөлшері аят пен хадистерде тікелей анықталып, белгіленбеген. Заман мен шарттардың үздіксіз өзгеріс үстінде болатынын ескерсек, бұған қажеттілік те жоқ. Дегенмен, аят пен хадистерде жалақы мөлшерін белгілеуде әділдікті негізге алған бірқатар өлшемдер берілген. Атқарылатын істің сипаты, жұмыс істелетін уақыт, аймақтың экономикалық шарттары, жұмысшының қабілеті жалақыны айқындау барысында маңызды факторлар болып саналады. Ислам діні жалақы мөлшерін белгілеуде аталған факторларды қатаң басшылыққа алатын қағидаларды белгілеген. «Енді өлшемді, таразыны дәл тартыңдар, адамдардың ақылары мен жалақыларын кемітпеңдер, халыққа әділетсіздік жасамаңдар» деген аятты, адамның осы дүниеде жасайтын зәредей жақсылығының қарымын ақыретте көретіні, зәредей жамандық істесе, оның да міндетті түрде жазасын шегетіні жайындағы ескертулер Ислам ахлақын паш етеді. Осындай алтын қағидалар жұмысшылар құқығының қағидаларында да көрініс тапқан. Мұсылмандардың жалақы түсінігін осы тұғырдан қарастырып, зерделеу қажет.

Ислам дінінде атқарылатын түрлі іс пен кәсіп үшін жалпы жалақы мөлшерлері белгіленбейді. Бұл келісім-шарт жасасу барысында тараптар арасында өзара келісіммен белгіленеді. Осылай болмаса еңбек келісім-шарты жарамсыз болып, жұмысшы жұмыс істейтін күндері үшін қосымша жалақы алуға құқылы саналады. Басқаша айтқанда, жалақы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы келісімге байланысты. Алайда, әуел бастан тараптар арасында келісім жасалмаса, «әжри мисл» яғни, қосымша жалақы беріледі. Мұндай жалақы дәл сондай істер үшін төленетін орташа жалақы стандарты мен ғұрыптарға қарай сол саланың мамандары тарапынан белгіленеді. Негізінде, бұл жүйе жұмысшының мүддесі үшін өте тиімді. Әрі жұмыс берушінің де мүддесі ескеріліп, әділетсіздікке ұшырауына жол берілмейді.

Ислам құқығы бойынша жалақының мөлшері белгіленгенде жұмысшының өз басы мен қарауындағы кісілердің күнкөрісін, ішіп-жемін, киім-кешегін және білім алу сынды негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ететін деңгейде болуына баса мән беріледі. Осы аталған шарттардың орындалуына мұқият назар аударған ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Қандай да бір кісі бізге жұмысшы ретінде жалданатын болса, егер паналайтын баспанасы жоқ болса, өзіне бір үй алсын, бойдақ болса үйленсін, қызметшіге мұқтаждығы болса қызметші алсын, мініс көлігі жоқ болса, мініс көлігін алсын. Кімде-кім осыларға қанағат етпей бұдан да көп нәрсе қаласа, ол кісі аманатқа қиянат жасайтын немесе ұрлыққа беттейтін кісі болуы мүмкін»[16] деген.

Осы хадисте атап көрсетілген жұмысшылардың өмір сүру стандарттары жалақы мөлшерінің қандай болуы қажеттігін көрсетеді. Хадисте айтылған шарттар бойынша, жұмысшы алатын жалақысына ақылға қонымды уақыт ішінде үй алу, бойдақ болса үйлену, мініс көлігі жоқ болса автокөлік сатып алу мүмкіндігі қарастырылуы қажет. Қазіргі уақыттағы бірқатар Ислам құқықшыларының пәтуасына сүйенсек, жалақы мөлшерін белгілеуде жұмысшы жоғарыда аталған шарттар мен механизмдерді еркін қолданатындай қаржылық мүмкіндікке ие болуды талап ете алады. Негізі жұмысшының өндіріске қосатын үлесі мен еңбегі жоғарыда аталған шарттарды түгелдей қамтамасыз етуге жетеді.

Экономикалық өмірде тұтыну өнімдерінің бағасын ұзақ уақыт бойы тұрақты ұстап тұру мүмкін болмағандықтан, еңбекке берілетін жалақы мөлшері де бір қалыпта сақталып қала алмайды. Сондықтан, діни өлшемдер тұрғысынан әділ түрде жалақы белгіленгеннен кейін хадисте аталған стандарттар негізінде жалақы мөлшері де инфляция мен тұтыну өнімдерінің қымбаттауына қарай кезең кезеңмен көтеріліп отырылуы қажет.

б) Жалақы айырмашылықтары

Исламдағы жалақы жүйесінің тағы бір ерекшелігі жалақы айырмашылықтарына қатысты өзіндік ұстанымдары болып табылады. Негізі Хақ тағала адамдарды әртүрлі қарым-қабілетпен жаратқан. Адамдардың қарым-қабілеті олардың жасайтын істерінде де көрініс табады. Бұл қалыпты, табиғи жағдай. Ендеше, адамдардың қарым-қабілетіне қарай жалақы алуы да қалыпты жағдай саналады. Жасалатын істер бірдей еңбек пен бірдей қабілетті қажет етпейді. Дәл осы секілді еңбек үдерісіндегі тәуекел деңгейі де бірдей бола бермейді. Сондықтан да, түрлі саладағы жұмысшылардың теңдей жалақы алуының мәні жоқ. Мәселен, құрылыста істейтін қатардағы жұмысшы арнайы бір білімге немесе қабілетке ие болуы шарт емес. Алайда, құрылыс саласының инженері немесе құрылысты мәрмармен, паркетпен, керамикамен қаптайтын мамандар өзінің арнайы қабілетімен, кәсіби біліктілігімен ғана өз ісін атқара алады.

Негізі бұл дүние адамның кәсіби қарым-қабілетін шыңдап, дамытатын мекен болып саналады. Исламда адамдардың қарым-қабілетін дамыту үшін еңбегіне қажыр-қайрат көрсеткеніне қарай, сый-сыяпат беру қағидасы бар. Құран кәрімнің: «Адамға өз еңбегінің нәтижесі ғана бұйырмақ» деген аяты қарым-қабілеттің дамытылуына орай, айрықша қарым-қатынас жасау қажеттігін меңзейді. Исламның жалақы немесе еңбекақы мәселесіндегі басты қағидасы осындай түсініктен бастау алады.

Исламдағы иләһи жүйе ой мен дене қуатына атқаратын еңбегі мен бейнетіне қарай, сыяпат жасауды басты өлшем етіп алады. Сондықтан, хазірет Омардың қабілеті мен парасаты жай қара жұмысшының қабілетімен тең саналмайтыны анық. Жалақы да олардың қабілетіне қарай әртүрлі мөлшерде төленуі әбден орынды. Күндіз-түні тыным таппай жұмыс істейтін адам мен бірнеше сағаттық жұмыстан кейін шалқасынан түсіп жататын кісіге бірдей жалақы төлеу әділетсіздік болса керек. Осы себептен барлық адамға теңдей жалақы төлеу түсінігі адам табиғатына жат саналып, әлемнің ешбір жерінде жүзеге де аспады, қолдаушы да таппады.

Адамдарға қарым-қабілеті мен бейнетіне қарай жалақы төлеу аса өзекті мәселе. Алайда, ислами түсінік бойынша, ең төменгі санаттағы жалақы да жұмысшының адам секілді өмір сүруіне жететіндей мөлшерде болуы шарт. Жалақы мөлшерінің көптігі адамдардың өз істеріндегі қабілеті мен тәжірибесіне қарай айқындалады.

4. Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынас

Басқа кісінің жұмысын белгілі бір ақыға жалданып атқаратын кісі «жұмысшы» деп аталса, қолында қаржысы, жұмыс орны бар, жалақыға жұмысшы жалдайтын және олардың жұмыс істеу тәртібін белгілейтін кісі «жұмыс беруші» деп аталады. Жұмыс беруші жеке тұлға болумен бірге қор, компания немесе мемлекет сынды заңды тұлғалар да бола алады.

Жұмыс беруші мен жұмысшылардың тап ретінде қалыптасуы қоғамдағы экономикалық қатынастардың күрделене түскен кезеңдерінде пайда болған Батыс елдеріне тән құбылыс. Өндірістік қатынастарда еңбектің жалдануы, жұмысшы мен жұмыс беруші ұғымдары Ислам қоғамдарында да болған. Алайда Исламда жұмысшылар табы, пролетариат, олигархтар, буржуазия ұғымдары мүлдем болған емес.

Мұсылман қоғамы үшін таптар арасындағы бітіспес қайшылық, қақтығыс пен күрес ұғымдары мүлдем жат. Өйткені, Ислам қоғамындағы жұмысшы-жұмыс беруші қатынастары діни бауырластыққа, барша «өз қарауындағы отарға жауапты шопан жауапкершілігі» қағидасына, адамның жасаған зәредей жамандығының немесе жақсылығының нәтижесін арғы дүниеде міндетті түрде көретіндігіне қатысты сенімге негізделіп, осындай моральдық түсінікті алдынғы орынға қояды. Сондықтан, мұсылмандар үшін жұмысшы ұғымының таптық, әлеуметтік астары жоқ. Исламның әділдікті ту еткен қоғамдық жүйесінде адамдар өмір бойы жұмысшы немесе жұмыс беруші деңгейінде қала бермейді. Кеше ғана еңбекші ретінде жалданған жұмысшы араға біраз уақыт салып, үлкен қаржысы бар дәулетті кісі бола алады. Кешегі жұмысшы біраз уақыттан кейін еңбек пен қаржының үлескері (мударабә), шаруашылық бірлестіктің қатысушысы (музараа) сынды басқа серіктермен ортақ жұмыс орнын құрып, жұмыс беруші дәрежесіне жете алады.

а) Еңбек пен капиталдың күресі

Еңбек пен жалақы, еңбек пен капитал тақырыбы әлеуметтік төңкерістер тарихында өте өзекті мәселелер болып саналады. Әлемдегі төңкерістердің шығу төркіні еңбек пен капиталдың күресіне қатысты өрбіген. Өйткені бай-шонжарлардың кедейлерді еңбегін де ақтамайтын аз ақшаға жұмыс істеткізуі, ірі қаржы иелерінің еңбекшілер мен қызметкерлерді жалшылықта ұстауы үлкен төңкерістерге жол ашқан. Иә, социализм немесе большевизм кейпінде әуелі Ресейді сергелдеңге салып, сонан соң бүкіл әлемді жайлаған еңбек пен капитал арасындағы бітіспес күрес бай мен кедейдің арасында өшпенділік өртін қоздырғаны соншама, мұның арты әлеуметтік төңкерістермен бір-ақ аяқталды. Таңның атысынан күннің батысына дейін тиын-тебен үшін бейнет шеккен кедейлердің жүректерінде, банктері арқылы миллиондап ақша табатын ірі қаржы иелеріне өшпес ыза мен кек жиналды. Осының нәтижесінде әлемнің түкпір-түкпірінде халықтық толқулардың ақыры бітіспес таптық күреске алып келді.

Таптық сана мен таптық күрестің дау-дамайы шын мәнінде өте қарапайым мәселеден яғни, «капитал маңызды ма әлде еңбек маңызды ма?» деген сұрақтан бастау алады. Тап күресінің тарихында бүгінге дейін осы сұрақ дау-дамайдың басы болды. Негізі ислами түсінікпен қарағанда, әуел бастан бұл мәселе дұрыс талқыға салынбағаны көрініп тұр. Сондықтан, таптық пікірталастар тұйыққа тіреліп, арты күреске ұласты.

Экономикалық жүйелердің кейбірі капиталдың маңызын аса жоғары бағалап, «Капиталсыз еш нәрсе болмайды» деп еңбекті, адамның бейнетін екінші орынға қояды. Мұндай көзқарастағылар үшін еңбекшілер басын қатерге тігіп, жерасты кеніштерінде жұмыс істесе де, тунелдерде дем жетіспей бейнет шексе де, қолынан орағын тастамай егістік алқаптарында тер төксе де, тау қопарып, тас уатса да бәрібір еңбектің маңызы мен рөлі шектеулі. Еңбекшілердің жалақысы капиталдың өрісін ашу тұрғысынан ғана маңызды. Яғни, жалақы жұмысшыға берілетін садақа тәрізді. Мұндай жүйеде капиталға табынушылық түсінігі үстемдік құрып, капитал бейне бір пұтқа айналдырылған. Таптық күрестің шығу тарихына көз жүгіртсек, барлық дауға осындай түсініктің себепкер болғанын байқаймыз. Бүгінгі таңда көптеген елдің шырқы дәл осы себептен бұзылып жатқаны жасырын емес.

Капиталистік жүйелерге қарсы қалыптасқан социалистік жүйелерде керісінше еңбекке табыну-шылық белең алып, «еңбексіз еш нәрсе болмайды» деп, жаңа «пұт» ойлап табылған. Мұндай түсінікте капитал тек қанаудың құралы деп саналады. Ал, капитал иелері – еңбекшінің қанын соратын «паразит».

Осы аталған екі жүйенің екеуі де бір-бірімен бітіспес қарсылыққа, полярлануға бет алды. Нәтижеде, соңғы ғасырларда адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен ауқымдағы таптық күрестер мен әлеуметтік төңкерістер көрініс берді. Көптеген елдердің шырқы бұзылып жаппай анархия белең алды. Бертін келе әлемнің кейбір елдерінде жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында ұжымдық келісім-шарттар жасасу, ереуілдер мен жаппай еңбек наразылықтарын өткізуге мүмкіндік жасау арқылы таптық қайшылықтар бәсеңдетіліп, бірқатар бітім жолдары ойлап табылды. Дегенмен, таптық сана-сезім үстемдік құрған қоғамдардағы осындай өткінші шешімдер ушыққан әлеуметтік жараларды жаза ала ма? Әлде одан бетер асқындырып, жазылмас жараға айналдыра ма? Мұның нәтижесін уақыт көрсетеді.

ә) Ислами қағидалар тұрғысынан еңбек пен капитал қарым-қатынасы

Исламның экономикалық қағидалары тұрғысынан қарағанда, еңбек пен капитал адамның жаны мен тәні секілді бір бүтінді құрайды. Бұл өмірде жан мен тән бір-бірінен ажырамайтын бірегей құбылыс бола отырып, жанның бірқатар артықшылықтары бар екенін де айта кеткен орынды. Ислами экономикалық түсінікте еңбек – жан, ал капитал – тән саналады. Тәннің жанға бағынатыны секілді капитал да еңбекке тәуелді болып саналады. Капиталдағы тәртіп, жүйе, үйлесім, белсенділік, жылдамдық еңбекке байланысты екенін ұмытпаған жөн.

«Бүгінгі капитал – кешегі еңбектің нәтижесі» деген Маркс еңбек пен капитал қарым-қатынасының бір ғана қырын атап көрсеткен. «Бір қыры» дейтін себебім, капиталдың барлық түрі еңбектің нәтижесі деген байлам дұрыс емес. Өйткені, адам өз болмысы мен өмір сүріп жатқан қоғамын жан-жақты зерделесе, көптеген игіліктерге ешбір еңбексіз тегін қауышқанын көреді. Қала берді, адам баласы көп жағдайда ешбір бейнетсіз Хақ тағаланың нығметтеріне бөленіп отыратынын да естен шығармау қажет.

Негізі, Маркстің «Бүгінгі капитал – кешегі еңбектің нәтижесі» деген пайымы белгілі бір тұрғыдан алғанда шындық. Өйткені, Аллаһ тағала: «Адам еңбегі мен бейнетінің нәтижесінен басқа ештемеге қол жеткізе алмайды. Еңбегінің нәтижесін міндетті түрде болашақта көреді. Еңбегінің қарымы өзіне толықтай қайтарылады»[17] деген. Тіпті, Құранның осынау мұғжиза сөзіне иман тұрғысынан пайым жасасақ, капиталдың астарында еңбек бар екендігіне қатысты ақиқатты көреміз. Ендеше, ең маңызды фактордың еңбек, ал капитал еңбекке бағынышты екенін айта аламыз. Алайда, біз капиталды тұтастай жоққа шығарып, мән-маңызынан айырып, еңбекті пұтқа айналдырудан да аулақпыз.

Еңбек пен капитал мәселесін Батыстағы экономикалық жүйелер бірі ары тартып, бірі бері тартса да, Ислам екеуін бір арнада тоғыстыра білген. Әрбір тіршілік иесінің өз құқын анықтаған. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жұмысшы жалдаған кісі әуел бастан беретін жалақысының мөлшерін айтып білдірсін»[18] және «Жұмыс істеткен кісінің жалақысын маңдай тері кеппей тұрып беріңдер»[19] деп, бір жағынан еңбектің мәнін әспеттесе, енді бір жағынан капитал иесінің құқығын ескеріп, жұмыс беруші құқығының аяққа тапталуының харам екенін білдірген.

Адамзаттың асыл тәжі сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кейде ғибратты әңгімелер арқылы маңызды мәселелерге үмбетінің назарын аударатын. Осындай ғибратты әңгімелердің бірінде мүмин жұмыс берушілердің қол астындағы жұмысшының еңбекақысын айналымға салып көбейтіп, оны да капитал иесі етуге ынталандырған. «Үңгір оқиғасы» деп аталатын хадис шәріпте мынадай жағдай баяндалады.

«Бірде үш кісі түнеу үшін бір үңгірді паналайды. Олар іште отырғанда, таудан қопарылып түскен үлкен тас үңгірдің аузын бітеп қалады. Әлгі кісілер қанша талпынса да, тасты орнынан қозғай алмай әуре-сарсаңға түсіпті. Амалы таусылған үш кісі ақыр соңында тастың домалап кетуі үшін Аллаһтың алдында қабыл болар деп сенім артқан ізгі амалдарын себепкер қылып тілек тілейді. Бірінші кісі әке-шешесіне өте жақсы қарағанын себепкер етіп, дұға жасайды. Екіншісі, харам іске беттеп, өз абыройы мен басқа бір қыздың абыройын айрандай төгудің алдында тұрғанда Аллаһтан қорыққаны үшін сол істен бас тартқанын дұғасына дәнекер қылады. Екі кісінің тілегімен үгірдің аузын жапқан тас аз да болса жылжиды, бірақ бәрібір үш жолдас шығып кете алмай дал болады. Сол кезде үшінші кісі былай деп дұға етеді: «Раббым! Қол астымда бір жұмысшы ұстаған едім. Басқа жұмысшыларға бергендей оған да өз жалақысын бердім. Алайда, ол менің бергенімді азсынып: «Мынауыңды алмаймын» деп, кетіп қалды. Онымен жалақы ретінде бір қойға келіскен едік. Ол кетіп қалғасын жалғыз қойының өсіп-көбеюіне айрықша жағдай жасадым. Біраз жылдан кейін әлгінің жалғыз қойы бір отарға айналды. Бір күні баяғы кісі үйіме келіп, менен өз ақысын талап етті. Оған өзі алмай кеткен бір қойдан тараған отарын көрсетіп: «Міне, мынаның барлығы сенің ақың» дедім. Әлгі адам: «Мен секілді кедейді бұлай келеке етпе» деп реніш білдіргенде: «Келеке етіп тұрғам жоқ. Сол кезде алмаған қойың өсіп, өніп, көбейді. Енді барлық қойыңды айдап кет!» дедім. Әлгі кісі қуанышы қойнына сыймай, бір отар қойды алдына салып айдап кетті. Раббым! Осы амалды Сен үшін ғана жасадым. Егер осы ісімнен разы болсаң, үңгірдің аузын аша гөр!» деп дұға етеді.

Осы дұғаның жасалуы мұң екен, үңгірдің аузындағы тас домалап кетіп, үш кісі сыртқа шығады»[20].

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осы оқиға арқылы қоғам өмірінде бақыт пен ізгіліктің кепілі болатын үш негізгі мәселеге назар аударады. Қарттарға құрмет көрсетіп, әке-шешені аялап бағудың, өз абыройы мен өзгенің абыройына дақ түсірмеудің және жұмысшылардың құқықтарын қорғап, тіпті жұмысшыны бір серіктес ретінде көріп, оның да капитал иесі болуы үшін жағдай жасаудың маңыздылығын көрсетеді.

Қорыта айтқанда, Ислам капиталға да, еңбекке де айрықша мән беріп, бірқатар қағидалар белгілеген. Еңбекші бойындағы барлық күші мен қабілетін салып, өз жұмысын адал атқаруы қажет. Ал, жұмыс беруші еңбекшілердің құқықтарын қорғап, атқарған істерінің жалақысын толыққанды түрде дәл уақытында төлеуі қажет. Ислам дінінде жұмысшылар жұмыс берушіге немесе керісінше жұмыс беруші жұмысшыларға қиянат жасаса, қарсы тарап дәл солай қиянатпен қарымта қайтаруы дұрыс емес. Құрандағы «Ей, иман келтіргендер! Хақты жақтап, бар күштеріңмен барлық істеріңде әділдікті жүзеге асырыңдар және әділдікті ұстанған куәлар болыңдар. Бір қауымға деген іштеріңдегі ыза мен кек сендерді әділетсіздікке ұрындырмасын. Әділ болыңдар, тақуалыққа ең лайықты іс-әрекет осы. Аллаһқа қарсы келуден сақтаныңдар. Өйткені, Аллаһ жасаған барлық істеріңнен хабардар»[21] деген аятты түсіне білген барша мүмин жұмысшы болсын, жұмыс беруші болсын Аллаһтан қорқуы қажет. Ислам діні мұсылмандарға осындай түсінік пен ұстаным арқылы рухани бағыт көрсетіп, капитал мен еңбек арасында үзілмес алтын арқау құрады.

б) Ислам қоғамындағы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынас

Ислами түсінік бойынша, жұмысшы мен жұмыс беруші бір дененің ағзалары тәрізді өзара тығыз байланысты. Дене мүшелерінің бір-бірімен текетіреске түспейтіні сынды жұмысшы мен жұмыс беруші арасында тайталас пен өшпенділік жоқ. Өйткені, жұмысшы да, жұмыс беруші де кәсіптік этикаға сай өз борышын атқарып, бір-бірінің құқығын бұзбауға баса мән береді.

Жұмысшы өз ақысын маңдай тері құрғамай тұрып алады. Жұмысын адал атқарады. Бойындағы бар күш-қуатын салып жұмыс істеп, жұмыс берушінің құқығын бұзатын әрекетке әсте бармайды. Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) насихаттарына зер салсақ, ең жақсы табыс – берілген жұмысты жан-тәнімен орындап, жұмыс берушіні құрметтей отырып, қол жеткізген табыс болып табылады. Мұсылман жұмысшы жасаған ісін Аллаһқа, пайғамбарға және барша мүминдерге ұсынатындай етіп сапалы орындайды. Мұндай түсініктегі кісінің жұмыс берушінің құқығына кереғар әрекеттерге баруы мүмкін емес. Жұмыс уақытында уақытын босқа өткізуі, бойындағы бар күшін салмас-тан немкеттілікпен жұмыс істеуі де мүмкін емес. Өйткені, ол барлық ісі бойынша ақыретте жеке-жеке міндетті түрде сұралатынына сенеді.

Мұсылман жұмыс берушілер қол астындағы жұмыс істейтіндерді өзінің бауырлары ретінде қамқорлық танытады. Өзі жеген астан олардың ішіп-жеуін, өзі киген киімнен киінуін қамтамасыз етеді. Оларға шамасынан тыс жұмыс жүктемейді. Жұмысшы бауырларының құқықтарын Аллаһтың құқығы ретінде қарап, олардың аузынан жырып алып жеген әрбір түйір астың өзіне харам екенін жақсы түсінеді. Жұмыс беруші ең алдымен жұмысшының құқықтарының сақталуына мән беріп, олардың жұмыс тәртібін белгілі бір күнтізбеге қоюы қажет. Егер жұмыс беруші қол астындағы жұмысшысына дәл өзінің өмір сүру стандарттарына сай ақы төлей алмаса, онда жұмысшыны өзіндік шарттарымен жұмысына ортақ (серіктес) қылады.

Исламда еңбек жағдайының шарттарын жақсарта түсу үшін еңбекшілердің жұмысты жаппай тоқтату арқылы ереуіл жасауы немесе жұмысшыларға қысым көрсету үшін жұмыс берушінің локаут[22] жасауы құпталмайды. Өйткені, ереуіл тек өндіруші мен тұтынушыларға ғана емес, жұмысшыларға да кері әсерін тигізетін жағдай. Көп жағдайда ереуіл жасап, жұмысты тоқтатқан жұмысшылардың өздері зиян шегіп жатады. Локаут жағдайында да өндіріс тоқтап, жұмыссыздық белең алады. Ереуіл мен локаут нәтижесінде екі жақты мүдделерге нұқсан келіп, аса күрделі әлеуметтік-экономикалық дағдарыстар, тіпті қақтығыстар пайда болады.

Әлбетте, қоғам болғасын адамдар арасында бірқатар келіспеушіліктердің кездесетіні заңды құбылыс. Сондықтан, құқықтары бұзылған тараптардың арыз-талабын қарайтын құзырлы орындардың болуына қажеттілік туындайды. Ислам қоғамында осы салада «Хисбә» атты құрылымдар қызмет атқарған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өмір сүрген дәуір-ден бері қызмет атқарып келе жатқан «Хисбә» жалпы алғанда «жақсылықты әмір етіп, жамандықтан тыю» функциясын атқаратын қоғамдық институт. «Хисбә» екінші халифа хазірет Омар дәуірінде толықтай қалыптасып, қоғамдық татулықты қамтамасыз ететін іргелі мекемеге айналды. Бұл мекеме қоғамдық татулықты қамтамасыз ету, зәру қажеттілік болып саналатын азық-түлік және басқа да тұтыну өнімдерінің халыққа қол жетімді арзан бағамен жетуін қамтамасыз ету, осы мақсатта саудагерлер мен кәсіпкерлердің іс-әрекетіне бақылау жүргізу, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы мәселелерді шешу секілді міндеттерді атқарған.

Батыс елдерінде биліктің озбырлығын тежеу үшін билікті бір қолға емес, (атқарушы, заң шығарушы және сот билігі) бірнеше тармаққа бөліп, осы тармақтардың бір-бірін тежеп отыруы арқылы қоғамдық татулықты қамтамасыз ету көзделді. Ал, Ислам діні қоғамдағы билік өкілдері арасында тепе-теңдік пен өзара үйлесім механизмдерін орнатып, баршаның мүддесін бір арнада тоғыстырудың қоғамдық жүйесін қалыптастырды. Экономикалық өмірде жұмыссыздықты жойып, өндірістің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуді басты мақсат етті. Осы мақсаттағы экономикалық іс-шаралар барысында қоғамдағы түрлі тараптар арасында келіспеушіліктер орын алса, ислами түсінікпен мәселенің шешім жолдарын ұсынып отырды. Бір тараптың келесі бір тарапты қанауына, озбырлық жасауына, осылайша қоғамдық татулықтың бұзылуына жол бермеді. Қоғамда қожайын-құл, қызметкер-жұмысшы, бай-кедей деген жікшілдікті болдырмады. Осылайша, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар арасында жақындық, бауырластықты қамтамасыз етті.

Мұсылман қоғамда халық мемлекетті әрдайым қадір тұтып, ел өз басшыларына адалдықпен мойынсұнады. Ал ел басшылары өздерін халықтың қызметшісі ретінде көрмек. Олар күш пен қуатты, сөз бен салмақты өктемдіктен емес, мейірімді әкедей ізгілік пен әділдіктен іздейді.

Осындай тәрбие негізінде бүкіл қоғамда ізгілік түсінігі үстемдік құрады. Сүйіспеншілік пен адамгершілік ең басты құндылыққа айналып, қоғамда төзімділік пен келісім рухы нығаяды. Осындай ортада адамдар азғындықтан, қатыгездіктен, арсыздық пен озбырлықтан бойларын аулақ ұстайды. Ізгілікті ту етіп, рухани құндылықтарды қастерлейтін кемел тәрбиемен сусындайды.

Мұндай кемел кісілер басқа дінді ұстанатын азшылық, балалар, ауру кісілер, жолда қалғандар, жұмыссыздар сынды қоғамдық топтардың құқықтарын қорғауда ұзақ мерзімді әділ шешімдер қабылдап, жәрдем ету қорларын құрып, оларды қолдап, демеп отырады. Осылайша, әлсіздің, панасыздың мұң-мұқтажын орындауға күш салады.

Исламда бай мен кедей арасында татулық пен тепе-теңдікті нығайтатын бірқатар қоғамдық, әлеуметтік тетіктер бар. Зекет, садақа, құрбан, кәфарат, хибә (бағыш), қарыз беруді осыған жатқызуға болады. Иә, бай мен кедейді бір-біріне жақындататын осындай әлеуметтік тетіктер дұрыс жолға қойылса, қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар арасында өшпенділік те, қақтығыс та орын алмас еді. Неше түрлі әлеуметтік төңкерістерге де негіз қаланбас еді. Мұсылмандар қоғамда баршаның құқығын мұқият сақтап, бейне бір Аллаһтың қызметкерлері сынды уақыты келгенде зекеттері мен садақаларын мұқтаж жандарға жеткізіп отырған. Сондықтан да, Ислам қоғамында бір топтың есепсіз байлыққа батып, енді бір топтың аш-жалаңаш қалуы мүмкін емес. Өйткені, мұсылмандар адамзаттың ең ардақтысы Мұхаммед Мұстафаның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан бізден емес» деген насихатын берік ұстанып, күнделікті өмірде осы қағиданы бұлжытпай орындайтын еді.

Мұсылмандар өздеріне жүктелген діни борыштарды атқарумен ғана шектелмей, жиған-терген дүние-мүліктерінде өзгелердің де ақысы бар екенін ешқашан қаперден тыс қалдырмаған. Басқаларға көмектестім деп паңдану, тәкаппарлық таныту мұсылмандарға жат қылық. Олар бергенін міндетсініп маңғазданбастан мұқтаж жандардың қажеттілігін қамтамасыз етіп отырған. Өйткені, осылай жасауды құлшылық борыш ретінде түсінген.

Ислам дінінде жұмыс берушінің озбырлық жасауына, ақша мен дүние-мүліктің соңын қуып, тек қара басының қамын күйттеуіне жол берілмеген. Бүкіл халық ретінде жақсы күнде де, жаман күнде де бірге болу, қиындықты да, қуанышты да бірге көру түсінігі нық орныққан. Сондықтан да, хазірет Әбу Бәкір (р.а.) бар дүние-мүлкін халқының игілігі үшін жұмсады. Ең алғашқы халифа болғанына қарамастан, дүниеден өткенде артында жалғыз жейдесі қалып, сол жейдемен кебінделіп, жерленді. Хазірет Омар (р.а.) алып мемлекеттің басшысы бола тұра, ел ішінде жоқшылық белең алған тұста ел қатарлы сірке суына нан батырып жеп күнелтті. Ол халифа мен қызметшісінің жалғыз түйені кезектесіп мінуін таңқаларлық амал деп қарамады[23]. Олар осыншалықты дәрежеде қарапайым бола білді. Әбу Убайда ибн Жаррах (р.а.) өзі басқаратын армия аштыққа ұшырағанда, өзі де қатардағы әскерлер сынды бір-екі құрманы талғажау ететін. Хазірет Әбу Зәрр (р.а.) бірде қолындағы бір көйлектік матаны екіге бөліп, бір жартысымен өзіне, келесі жартысымен қол астындағы жұмысшыға көйлек тіктірген. Осының себебін сұрағандарға Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хадисіндегі: «Олар сендердің қарауларыңа берілген бауырларың. Жеген тамақтарыңнан жегізіңдер, киген киімдеріңнен кидіріңдер, тағаты жетпейтін жұмыс жүктемеңдер, ауыр жұмысқа салсаңдар, оларға көмектесіңдер» деген сөзбен жауап беретін.

Бұлардың барлығы утопия емес, тарихта болған шындық. Қатыгез жаудың аяусыз шабуылдарына қарамастан, сан ғасырлар бұрын мүлтіксіз жүзеге асқан иләһи жүйенің көрінісі. Иә, әл-Фараби «Мәдинатул-фазыл» (Қайырымды қала) атты еңбегінде утопия айтқаны белгілі, Платон да утопия жазушысы саналады. Алайда, бақыт ғасырында Мәдинада жүзеге асқандар утопия емес шындық еді. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өте қысқа уақыт аралығында ізгілікті ту еткен қала мәдениетін құрды. Егер бүгінгі мұсылмандардың жағдайы осы айтқандарымызға сай келмесе, онда кемшілікті Исламнан емес, дінін білмейтін немесе оны өмірде жүзеге асырмайтын мұсылмандардың бойынан іздеу керек.

Ислами түсінік бойынша ой-пікірде, дүниетанымда, ақидада тура жолды ұстанбағандықтан экономикалық мәселелердің де шешімін табуы, белгілі бір тұрақтылықпен ілгері басуы мүмкін емес. Еңбек пен капитал қарым-қатынасында да осыны байқауға болады. Әрбір адам үнемі Аллаһтың бақылауында екенін жан-жүрегімен сезініп, әрбір ісін осындай түсінікпен жасауы жұмысшы мен жұмыс беруші қарым-қатынасын да дұрыс арнаға салады. Жұмыс беруші жалақы бергенде, жұмысшы өзіне жүктелген міндетті атқару барысында әрқашан Аллаһтың бақылауында екенін естен шығармайды. Міне, сонда ғана еңбек пен капитал екеуі де тиісті мән-мағынаға қауышып, қанаушы-қаналушы қайшылығы түгелдей жойылады. Мұндай қоғамда жұмыс беруші жұмысшыға бауырындай қарап, онымен отбасының бір мүшесі сынды ізгі қарым-қатынас жасайды. Ішіп-жемінде, киім-кешегінде, барлық мұқтаждықтарында қолынан келген көмегін аямайды. Ал жұмысшылар жұмысына және қожайынына адал қызмет атқарады. Оның ойында жұмыс берушіге, жалпы капиталға деген өшпенділік мүлдем болмайды. Жұмыс берушінің қамқорлығын маңдай терімен ақтайды. Осы адалдығымен Хақ тағаланың разылығына бөленетінін білгендіктен, нағыз шаттыққа бөленіп, ғибадат ниетімен, айрықша құлшыныспен, жігермен аянбай еңбек етеді.

[1] Осы жердегі хақ сөзі қазақ тілінде көбіне құқық ретінде қолданылады. Сондықтан, осы жерден ары қарай жеке және заңды тұлғаларға қатысты хақ сөзін құқық ретінде қолдануды жөн көрдік (Ауд).
[2] «Уәсика» – араб тілінде құжат деген мағынаны білдіреді
[3] «Ижмағ» – кез келген бір мәселеде Құран мен сүннеттен шешімін таппаған жағдайда сол мәселеге қатысты сахаба-лардың өзіндік шешімдері, пәтуалары, ұстанған жолдары. Ижмағ, Ислам құқығында Құран мен сүннеттен кейін үшінші қайнар көз болып саналады.
[4] «Қасас» сүресі, 28/27.
[5] «Кәһф» сүресі, 18/77.
[6] «Ағраф» сүресі, 7/85.
[7] «Талақ» сүресі, 65/6.
[8] «Нәжм» сүресі, 53/39.
[9] Ибн Мажә, Тижарат, 1.
[10] Бұхари, Ижарә, 12, 15.
[11] Бұхари, Ижарә, 10.
[12] Бұхари, Ижарә, 12, 15.
[13] Мүслим, Иман, 38, 40.
[14] «Маида» сүресі, 5/32.
[15] Ислам дінінен бұрын араб қоғамында үстемдік құрған надандық дәуірінің атауы
[16] Ахмад ибн Ханбәл, Мүснәд, 4/299.
[17] «Нәжм» сүресі, 53/39-41.
[18] Нәсәи, Әймән уән Нузур, 44.
[19] Хәйсәми, Мәжмауз-Зәуайд, 4/97.
[20] Бұхари, Буйу 98; Ижарә 12; Әбу Дәуіт, Буйу 29.
[21] «Маида» сүресі, 5/8.
[22] Локаут – кәсіп иелерінің кәсіпорынды жауып, жұмысшыларды жаппай жұмыстан шығаруы
[23] Хазірет Омар (р.а.) Қудусқа (Йерусалим) барғанда алып мемлекеттің халифасы бола тұра қызметкерінің ақысын жемеу мақсатында жалғыз түйені қызметшісімен кезектесіп мініп барған.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.