Ұмытшақтық және оның дауасы

Фетхуллаһ Гүлен: Ұмытшақтық және оның дауасы

Сұрақ: Не себепті адамда есте сақтау қабілеті нашарлайды? Ұмытшақтықты жеңіп, есте сақтау қабілетін күшейту үшін не істеу қажет?

Жауап: Есте сақтау қабілеті деп – адамдағы жаттау, білгенін көкейге түю және есінде ұстау қабілеті айтылады. Сонымен қатар, кісінің түйсінген, ұғынған және үйренген нәрселерін жадында сақтап, реті келгенде еске түсіруін де есте сақтау қабілетіне жатқызуға болады. Медициналық зерттеулер бойынша, адамның миында миллиондаған нейрон (жүйке жасушалары) орналасқан. Хақ тағала кітапхана сөрелеріндегі том-том кітаптардағы мәліметті жадында сақтап, ретімен қолдану үшін миға нейрондарды орнатқан. Түптеп келгенде, есте сақтау қабілеті дегеніміз – нейрондарда сақтаулы тұратын мәліметтерді қажетті жағдайда қолдану үдерісі болып табылады.

Зейінділер мен ұмытшақтар

Шексіз Құдірет иесі Ұлы Жаратушы миға үйрену және есте сақтау функциясын орнатып, айрықша қабілетте жаратқан. Алайда, Хақ тағала Өзінің мінсіз жарату құдіретіне бірқатар материялық себептерді перде етіп, бүркемелеген. Мәселен, мидың таңғажайып құрылымы, жүйке талшықтары және сан миллиондаған жасушалардың атомдары аса ауқымды мәліметті сақтау қабілетіне ие. Зейіннің мүмкіндігін ұтымды қолдана білетіндер көргенін, естігенін, оқығанын жылдам жадында сақтап, тез үйреніп алуы Хақ тағаланың құдіретін бүркемелеген перде іспетті.

Расында да адамгершілік қасиеттер қастерленіп, сана-сезім уланбаған дәуірлерде ел арасынан зейінімен дүйім елдің таңдайын қақтырған алып тұлғалар шықты. Мәселен, хазірет Әбу Хұрайра (р.а.) бір естігенін екінші рет қайталаттырмай бірден жаттап алатын. Зәйд ибн Сәбит Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әмірімен он бес - жиырма күн ішінде хаттарды аудара алатындай және жауап жаза алатындай деңгейде ибрани тілін үйренген. Осы сынды бір естігенін дереу жадында сақтап, ешқашан ұмытпайтын жүздеген сахаба бар еді. Әсіресе, табиғиндар[1] мен тәбәи-табиғиндар[2] өмір сүрген дәуірде зейіні ашық, орасан күшті есте сақтау қабілетіне ие адамдар өте көп болды. Ахмед ибн Ханбәл түрлі рауилардан жеткен мағынасы бір, рауиы әртүрлі сахихы, хасаны, әлсізі бар жалпы саны бір миллион хадис мәтінін жатқа білген. Ол қырық мың хадистен тұратын әйгілі «Мүснәд» атты кітабын үш жүз мың хадис арасынан іріктеп, құрастырған.

Өкінішке орай, замана керуені алға ілгерілеген сайын адамдардың зейіні мен есте сақтау қабілеті де нашарлай түсті. Кісі қысқа ғана мәтінді жиырма рет қайталап оқыса да, есіне сақтай алмайтын мүшкіл жағдайға жетті. Қарапайым ғана мәліметті жаттап, үйрену қиынға айналды. Сананың ластануынан, ой-пікірдің құнарсыздануынан, жүректің кірленуінен есте сақтау қиындап қана қоймай, білген нәрсенің өзін тез арада ұмытып қалатын сумилық пайда болды. Адам баласы бүгін үйренгенін ертеңге жетпей ұмытып қалатын жағдайға ұшырады. Бүгінгі таңда зейінінде мін жоқ, ұмытшақтық дертіне шалдықпаған адам табу қиынның қиыны. Өз зейініне өзі көңілі толмаушылық барлық дәуір адамының басынан өткен. Дегенмен, бүгінгі жағдайдың жөні бөлек. Мәселен, табиғиндардан бір кісі бір парақты бір рет оқығанда жадына жаттап ала алмағаны үшін уайым жегені мәлім. Ал, бүгінгі адамдар бір мәтінді отыз рет оқыса да, есіне сақтай алмайтынын және білген мәліметтерінің өзін тез ұмытып қалатынын айтып зар илеуде.

Сананың ластануы

Зейінді әлсіретіп, ұмытшақтыққа жол ашатын көптеген факторлар бар. Мамандар мұндай факторлар ретінде миға қажетті оттегі, глюкоза және басқа да қоректік заттардың жетіспеуінен туындайтын стресс пен депрессия, ағзадағы қуат көзінің сарқылуы салдарынан мидың функциясының бұзылуы, миды толыққанды қолданбау, кейбір жайларға әсіре бас қатырып, осының салдарынан мидың кейбір бөліктерінің қолданылмай сал боп қалуы, жүйесіз ойлану сынды жайларды атайды. Сонымен қатар, адам физиологиясы мен денсаулығындағы түрлі ақаулар да зейіннің нашарлауына жол ашады. Әсіресе, егде тартқан кісілердің өзге ағза мүшелерінің нашарлап, шаршайтыны сынды жас ұлғайған сайын мидың да бірқатар функциялары нашарлай бастайды.

Осы жерде айта кететін тағы бір жайт, Ислам ғұламалары көп ұйықтау салдарынан мидың қалыпты қызметі бұзылатынын алға тартады. Әсіресе, қомағайлықпен көп тамақ жеудің зейінге кері әсер ететініне, таң атқаннан кейінгі «кәрахат» уақытында ұйықтау мен «харамға қараудың» ұмытшақтыққа сеп болатынына айрықша назар аударады. Олар ақыл-ой мен сана-сезімнің тұнығын лайлайтындықтан, пайдасыз істерден, қажетсіз мәліметтерден, бос сөз, бөстекі әңгімелерден, қай-қайдағы қиялдардан бойды аулақ салу қажет деп есептеген. Тіпті, ғалымдар ойды он саққа ұрындырып, зейінді пайдасыз мәліметтерге толтырудан сақтану үшін, мазарлардағы жазуды да оқымауға кеңес берген. Бүгінгі жарнама бильбордтары, автокөлік номерлері, теледидардағы түрлі бағдарламалар, газет-журналдардағы түрлі хабарлар зейін үшін мазардағы жазулардан әлдеқайда қауіпті. Сана-сезімнің тұнығын лайлап, жүректі жаралайтын, ақыл-есті мешеу ететін толып жатқан қоғамдық індеттермен біте қайнасып өмір сүріп жатқан бүгінгі адамдар зейінін кірлетпес үшін мазарлардағы жазулардың өзіне назар аудармауға тырысқан ата-бабаларымыздың ыждағаттылығын байыбына барып түсінуі қиын. Сондықтан, ата-бабаларымыз бұл мәселеге өздерінің парасат биігінен назар аударып, соған сай өз-өздеріне сын көзбен қарағанын ұмытпау қажет.

Менің ойымша, адамның зейінін нашарлататын ең қауіпті індет – нәпсіқұмарлықты қоздыратын факторлар. Бүгінгі таңда отбасы мен қоғамдық орта жастардың жақсы тәлім-тәрбие алуына тиісті жағдай жасай алмай отырғаны жасырын емес. Қоғамдық өмірді жайлаған түрлі теріс пікірлер адам санасын кірлетіп, рухын жасытуда. Бүгінгі адамдардың зейін-зердесін теледидар бағдарламалары, интернет, компьютерлік ойындар, шым-шытырық хабарлар, саяси айтыс-тартыстар, спортшылар мен өнер адамдарының тұрмыстық өмірінің бүге-шігесі, сенсация тудыру үшін ойдан шығарылған түрлі қауесеттер, өтірікті шындай қылып көрсететін көзбояушылық пен аяр қылықтар жайлаған. Онсыз да әбден әлсіреген зейін-зердені, ақыл-ойды осы аталған факторлар шырмауықтай шырмап тастаған. Адам бойындағы нәпсіқұмарлық сезімдер қозып, бойындағы ізгі қасиеттер өшуде. Осының салдарынан бүгінгі адамдардың оқып-тоқуы, үйренуі, тереңнен толғап ойлануы қиындап, зейін-зердесі құлазыған қу тақырға айналып барады. Өкінішке орай, бүгінгі адамдар харам нәрсені тыңдау, сөйлеу, қарау сынды күнәлардың шеңгелді қыспағында рухани тұрғыдан әлсіреп бара жатқаны ащы шындық.

Харам және ұмытшақтық

Тақуа кісілер харамға қараудың ұмытшақтыққа жол ашатынына үлкен мән берген. Олар жыныстық сезімдерді қоздыратын түрлі көріністерге қараудан адамның есте сақтау қабілеті әлсіреп, құлдырайтынын алға тартқан. Бірде имам Шафиғи ұстазы Уақи ибн Жәррәһқа есте сақтау қабілетінің нашар екенін айтып мұң шағады. Шоқтығы биік алып ғұлама Уақи ибн Жәррәһ имам Шафиғиға кішігірім күнәлардың өзінен бойды аулақ ұстауға кеңес беріп: «Ілім – иләһи нұр. Хақ тағала күнәһар пендесін ілім нұрына бөлемейді» деген екен. Имам Шафиғи мәтінді алғашқы ретте емес, екінші немесе үшінші рет оқығанда ғана жаттайтынына, есте сақтау қабілетінің нашарлап бара жатқанына уайым жеген еді. Осыған қарап, имам Шафиғи сынды алып ғұламаны күнәһар адам ретінде пайымдау үлкен қателік боларын ескерте кеткен жөн.

Үлкен ғұламалар да осы ғасырда адамдардың ашық-шашық жүруді әдетке айналдыруы салдарынан, ұмытшақтық індеті асқына түскенін тілге тиек еткен. Тартынбай, қымсынбай харамға қарай беретін адамдардың Құраннан көкейге түйгендерін ұмыта бастайтынын айтқан. Сонымен қатар, «Ақыр заманда хафыздардың көкірегінен Құран сөгіліп алынады» деген хадистің астарлы мағынасын да осы бір індетпен байланыстыра қарастырудың қажет екенін білдірген.

Адамзаттың шамшырағы Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетінің харамға қарамауы үшін көптеген ескертулер жасаған. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Ислам үстемдік құрып, әйел мен еркек арын кіршіксіз пәк ұстайтын алтын дәуірде қажылық уақфасын жасап Арафаттан қайтып келе жатып, атының артына мінгестіріп алған хазірет Аббастың ұлы Фазылды айналасындағы әйелдерге көзі түспеуі үшін, басын оңға бір, солға бір бұрып отырған еді. Иә, бұл нағыз ізгілік дәуірінің үстемдік құрған шағы болатын. Қала берді қажылық кезі екенін де қаперде тұту қажет. Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) атының артына мінгізіп, басын бірде оңға, бірде солға бұрып отырған кісі – ар-намысын асқақ ұстағаны баршаға мәлім хазірет Фазыл сынды асқар таудай алып тұлға еді. Осындай қасиетті айда, осыншалықты рухани ортада Аллаһ елшісі хазірет Фазылдың назарына көлденең бір көрініс пен қиял еніп, жүрегіне шайтанның зәрлі оғы қадалмауы үшін, басын бірде оңға, бірде солға бұрып отырғанында үлкен ғибрат бар. Осыған қарап сүйікті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл мәселедегі асқан ыждағаттылығын көреміз.

Шайтанның зәрлі оғы

Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Назар (харамға қарау) шайтанның улы оқтарының бірі» деп, осынау рухани апаттан сақтану қажет екенін білдірген. Әуелі хазірет Алиге (р.а.), сосын күллі үмбетіне қарата: «Уа, Али, бірінші рет көзің түсіп кетсе жауапты емессің, әдейілеп екінші рет қарасаң сен үшін күнә жазылады» деген еді. Харамға әдейілеп қарамағандықтан, алғашқы назарда кінә болмаса да, екінші рет қайталап назар салудың күнә ретінде жазылатынын ескерткен. Осылайша, харамға жетелейтін жолды әу бастан бекітіп, күнәнің жасалуына мүмкіндік бермеуге күш салған. Осыған қатысты ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Аллаһ тағаланың: «Кімде-кім Менен қорыққаны үшін харамға қараудан бас тартса, жүрегін иман шаттығы мен ләззатына молынан кенелтетінім сонша, көңілінің терең түкпірлерінде оның рақатын сезінетін болады» деген сүйінші хабарын жеткізіп, мұсылмандарды харамға қарамауға ынталандырады.

Харамға қарау ақыл-ойды сан-саққа ұрындыра-тынын, есте сақтау қабілетін әлсіретінін білетін жан зәру бір іс немесе имандылық жолында қандай да бір қызмет атқару ниеті болмаса, селдей боп күнә аққан көше мен көпшілік орталарға ат басын бұрмағаны абзал. Көпшілік орындарға барған күннің өзінде миналанған алқапта жүргендей әрбір қадамын абайлап басып, шайтанның шабуылдарына қарсы аса мұқият болуы керек. Мұның екі жолы бар: біріншісі көшеге немесе көпшілік орындарға шықпай тұрып, жүрекке азық болатын, көзге жас үйіретін, рухани сезімдерімізге серпін беретін кітаптар оқу керек немесе уағыз тыңдау қажет. Екіншісі, көпшілік орындарға мүмкін болса жалғыз шықпай иманды, тақуа достарды ерте жүрген дұрыс. Алайда, адам мұншама қам жасап, күнәдан сақтанса да, көшенің аты көше. Адамға ұрымтал тұстан соққы беріп, ойламаған жерден күнәға батырып, жүрегінің тұнығын шайқауы әбден мүмкін. Мұндайда дереу сәждеге бас қойып, тәубе етіп Хақ тағалаға бет бұру қажет. Иншаллаһ, намаз, ораза, садақа, дұға сынды ғибадаттар білместікпен, еріксіз жасаған күнәларымыз үшін кәффәрат болады деген үміттеміз.

Негізінде, адамның харамға қарар-қарамасы өз ықтиярына байланысты. Кез-келген кісі қаласа осы бір күнәнің алдын алып, сақтана алады. Кішкене сабыр сақтаса, күнә саналатын харам көріністерге көзін тарс жұмуы аса қиындық тудырмаса керек. Назарымыз ауған жиренішті бір көріністі жадымыздан өшіру анау айтқандай ауыр іс емес екені белгілі. Назар оғы алғаш қадалған сәтте адам жүзін бұрып, екінші қайта қарамауына күші жетеді. Харам көрініске көз жұму адамға уәжіп амал жасағандай сауап боп жазылатынына үміт артып та күнәдан іргені аулақ салуға болады. Алайда, назарын сол заматта басқа жаққа аудармай, харам көрініске қайта-қайта назар салу кісіні күнәнің ұйығына қарай батыра түседі. Ал енді көзбен көргендерін қиялымен қоздыра түссе, буырқанған теңіз толқынының жағалаудан алыстатқанындай, тізгіннен түгелдей айрылары анық. Мұндайда жағалауға қарай қанша қарманғанмен, кері қайту өте қиын. Бір ақын: «Бүлікшілдік дариясына желкен аштым, жағалауға қайта шығуға дәрменім жоқ» деп налыған екен. Иә, күнә дариясы жағалаудан ұзақтаған жанды тулаған толқындары арасында тұншықтырып, ізге қайтуына мүмкіндік бермейтінін әрқашан қаперде ұстаған жөн.

Есте сақтау қабілетін күшейтетін факторлар

Есте сақтау қабілетін нашарлататын факторлармен қоса, оны күшейтетін факторлар да баршылық. Мәселен, салауатты өмір салтын ұстану, жүйелі жұмыс істеу дағдысы, жүйелі ойлану және миды дұрыс жұмыс істеткізу сынды факторларды атауға болады. Кейбір мамандардың «Ми көп жұмыс істегеннен шаршайды» деген көзқарасы мүлдем қате. Ми көп жұмыс істегеннен емес, дұрыс жұмыс істемегеннен немесе мүлде жұмыс істемегеннен шаршайды. Керісінше, ми жұмыс істеген сайын дамып, жетіле түседі. Күн өткен сайын толысып, кемелденеді. Еңбек ету миды мешеу қылмайды, керісінше ойсыздық, бейқамдық, ғапылдық, жұмыс істемеу миды сорлатпақ. Қолданылмаса кез-келген нәрсенің тотығып, шіритіні сынды есте сақтау қабілеті де дұрыс қолданылмаса істен шығады.

Бір өкініштісі, күн санап қарыштап дамып жатқан техника мен технология да адамның миы мен зейінін мешеу қылуда. Бүгінгі мектеп оқушылары электронды есеп құралдары мен компьютерлерге иек артып, қарапайым есеп кестесінің өзін жаттай алмайтын күйге жетті. Мұндай «дайын асқа тік қасық» деген түсінік мидың түрлі бөлімдерінің белсенді қызмет атқаруына кедергі келтіреді. Әрине, адам техника мен технологияның мүмкіндіктерін мейлінше пайдаланғаны дұрыс. Дегенмен, белгілі бір тепе-теңдіктен айрылмау қажет. Мәселен, қарапайым істерде компьютерге иек арту дұрыс емес. Әйтпесе, есте сақтау қабілетіміз шыңдалып, шынықпайды. Бір жағынан компьютерлерді есте сақтау үшін көмекші құрал ретінде пайдалана отырып, екінші жағынан компьютерлерге зейінімізді шынықтырып, шыңдай түсетін арнайы бағдарламалар енгізген жөн. Адам кез-келген нәрсені жаттап алудан бұрын соны үйренуге мән бергені абзалырақ. Алайда, кейбір маңызды мәліметтер мен мәтіндерді жаттап алудың миды шынықтыру тұрғысынан өте пайдалы екенін де ұмытпаған жөн.

Мамандар кейбір тағам түрлері мидың жұмысына жақсы әсер етеді деп есептейді. Мәселен, таңертең-гілік ас миға өте пайдалы. Таңғы асқа дағдыланбаған кісілердің бір нәрсеге зейін қою қабілеті төмендей бастайды немесе мүлдем жойылады. Ұмытшақтықты жеңіп, есте сақтау қабілетін күшейту үшін құрамында мидың негізгі қуат көзі глюкозаға бай кептірілген жүзім сынды тағам түрлерін тұтынған жөн.

Хифыз[3] намазы

Ғұлама-ғалымдардың бірқатары есте сақтау қабілетін күшейтіп, ұмытшақтықты жеңу үшін күн сайын кейбір дұғаларды қайталап оқып отырған. Сонымен қатар, күнде таңертең дәні бар кептірілген жүзімнің жиырма бір түйірін жеуді дағдыға айналдырған. Тақуа кісілер есте сақтау қабілеті нашар, тез жаттай алмайтын жандарды бір хадисте айтылған төрт рәкәттық намаз оқуға және артынан арнайы дұға жасауға кеңес беретін.

Бірде хазірет Али (р.а.) Аллаһ елшісіне келіп Құранды жадында сақтай алмайтынын мұң етіп: «Құранның көкейіме қонар түрі жоқ. Оны жадымда жаттай алар емеспін» дейді. Сонда сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хазірет Алиге: «Жұма күні түннің үштен бірінде ұйқыдан тұр. Бұл періштелер куә болатын сәт. Осы кезде жасалған дұғалар қабыл болады. Егер осы уақытта тұра алмасаң түннің бастапқы кезінде немесе ортасында тұрып, төрт рәкат намаз оқы. Бірінші рәкатінда «Фатиха» мен «Ясин» сүресін оқы, екінші рәкатында «Фатиха» мен «Духа» сүресін, үшінші рәкатта «Фатиха» мен «Сәждә» сүресін, төртінші рәкатта «Фатиха» мен «Мүлік» сүресін оқы. «Әттәһиятты» бітірген кезіңде, Хақ тағалаға жақсылап хамд айтып, шүкіршілік жаса. Маған және басқа да пайғамбарларға сала-уат айт. Еркек–әйел барша мүминдер үшін Аллаһтан мағфират (кешірім) тіле. Содан кейін мына дұғаны оқы» деп кітаптарда «Хифыз дұғасы» деп аталатын дұғаны оқуға кеңес береді.

Хазірет Али бес немесе жеті түн бойы аталған намазды оқып, дұғасын жасайды. Сосын келіп: «Уа, Аллаһтың елшісі! Мен бұрындары төрт-бес аяттың өзін жаттай алмай әлек болатынмын. Қазір қырық аятқа дейін жаттай аламын. Аяттарды құдды Аллаһтың кітабы көз алдымда тұрғандай еркін оқимын. Бұрындары бір хадисті естіп, оны қайталасам да жаттай алмай қиналатынмын. Қазір хадистерді естіп, оларды риуаят еткенде бір әріптің өзін ұмыт қалдырмайтын болдым»[4] деген екен.

Қорыта айтқанда, есте сақтау қабілеті Хақ тағаланың адам баласына тарту еткен ең үлкен нығметтерінің бірі. Бұл қабілет күллі дүниені сыйдыратындай ауқымды мәліметтерді қамтитын ғаламат мүмкіндікпен жаратылған. Есте сақтау қабілеті үшін шүкір ету керек. Сондықтан осынау қабілетті жаратылыс мақсатына сай жөнімен қолдану маңызды. Жөнімен қолдану үшін санада рухани сілкініс жасап, көзді харамнан сақтау қажет. Пайдасыз бос нәрселерді тәрк етіп, жүйелі ойлану, қажетті мөлшерде ғана ішіп-жеп, артық ұйқыдан бойды аулақ салған жөн. Пікір өрбітіп, миды бар қуатымен жұмыс істеткізу, дамытып, жетілдіру керек. Бойдағы мін мен келеңсіздіктерді дұға мен зікір арқылы тазартып, есте сақтау қабілетін толыққанды қолдана білу үшін «Хафызы-Зулжәләл»[5] болып табылатын Аллаһқа бет бұруға тиістіміз. Ең берекелі уақыт саналатын сәһәр[6] сәттерін ұтымды пайдаланып, дұға-тілегімізді іспен дәлелдеп, талмай, тынбай еңбек ету қажет.

[1] Сахабалардың көзін көрген ұрпақ
[2] Табиғиндардың көзін көрген ұрпақ
[3] Есте сақтау
[4] Тирмизи, Даауат, 114.
[5] «Хафызы-зулжәләл» – жаратқандарын бәле-жаладан, қауіп-қатерден қорғаушы Ұлы Аллаһ деген мағынаны білдіреді (Ауд).
[6] Таң намазының алдындағы түннің соңғы бөлігі

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.