Жер бетіне рақымдылық - сыйлаған Пайғамбар

Аллаһ елшісінің рақымы мен мейірімі Оның фәтәнатының (Пайғамбарымызға тән ерекше парасаттылық) басқа бір тереңдігін аңғартады. Онда терең құпия жасырынған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Аллаһтың рақымы мен рақымдылығының жер бетіндегі теңдесі жоқ өкілі ретінде өзінің ақыл-парасатын, дара қабілетін, мейірімі мен кеңпейілділігін бейне бір тіршілік нәріндей пайдаланып, барлық көңіл сарайының төрінен орын алып, тақ орнатқан. Негізінде, адам баласын ел сүйіспеншілігіне бөлейтін осы мейірім мен ыстық ықыласқа жетер ештеңе жоқ. Міне, Аллаһ Расулы ішкі нәзіктігі мен мейірім-шапағатын, ғажайып қабілеті мен фәтәнаты арқылы рақым мен мейірім ретінде көрсетіп өз орнына жұмсай білген. Бұл да оның пайғамбарлығының ерекше бір дәлелі саналады.

Аллаһ Оны күллі әлемге рақым етіп жіберген. Ол Хақ рақымын паш етіп, барша ғаламды нұрға бөлеуде. Бейне бір Ол сахарадағы мөп-мөлдір бұлақ, кәусар хауыздай. Ыдысын қолына ұстаған әркім сол хауыздан қанып ішіп, торсықтарын толтырып алуда. Иә, көңілі қалаған әрбір пенде одан шөлі қанғанша іше алады.

Аллаһ елшісі мейірімге шөлдегендерге мейірім сыйлады. Ол өз мейірімділігі арқылы адамдарды жәннатқа шақырады. Мейірімділік Аллаһ елшісінің қолындағы сиқырлы кілт еді. Тот басып, ашылмастай көрінген барлық құлыптарды сол сиқырлы кілтімен ашып, әрбір көкірекке бір-бірлеп иман шырағын жаққан. Аллаһ осы алтын кілтті, барлық адам баласының арасынан таңдап алған асыл рухты хазіреті Мұхаммед Мұстафаға (с.ғ.с.) тапсырған. Өйткені адамзат арасында аталған қасиетті кілтті алуға ең лайығы Мұхаммед (с.ғ.с.) еді. Аллаһ аманатты әрқашан оған ие бола алатын жандарға береді. Адамдарға аманат етіп берген жүректің кілттерін де сол істі ең жақсы білетін екі әлем Сардарына берген. Хақ Тағала Ахметті (с.ғ.с.) әлемдерге рақым етіп жіберіп, Ол да осы рақымдылықты өзіне лайықты түрде ұстап, өте орынды бағалаған.

Екі әлем Сардарының рақымдылығы жалпыға бағышталған. Және адамзатқа ғана емес, барлық болмысты қамтып келе жатқан, қамти берер сүйіспеншілік. Аллаһ Елшісінің рақымынан күллі мұсылмандар нәр алады. Өйткені Ол – мұсылмандарға «Рауф» (Өте жұмсақ) және «Рахымды» (Ерекше мейірімді). Ол – шынайы жүрек иесі һәм аса мейірімді. Сардардың өкілдік еткен рақымдылығынан мұсылмандармен қатар кәпірлер мен екі жүзділер де игі көрді. Осы рақымдылықтан тіпті Жәбірейіл періштенің өзіне де үлес бар. Бұндай рақымдылықтың кеңдігінен шайтанның өзі оған үмітпен қараған кездер болған.

Пайғамбардың рақымдылығы санаулы адамдар мен жамағатқа ғана арналмаған. Бүгінгі таңда кейбір діни ағымдардың өкілдері бұл түсінікті адамдарды алдау үшін пайдаланатындығы белгілі. Олардың бұндай әрекетінің сізді шағу үшін денеңізге қарай ирелеңдеп жақындаған жылан мен өрмелеп қонышыңызға кірген шаяннан қандай айырмашылығы бар? Аллаһ Елшісіндегі сүйіспеншілікті «гуманизм» деп аталған бұндай сүйіспеншілікпен теңеу жөн емес. Исламдағы сүйіспеншілік ұғымы басқа да ұғымдар сияқты бұл дүние мен о дүниенің өзара тепе-теңдігіне құралған.

Хазіреті Мұхаммед (алейһиссәлам) Аллаһтың жақсылығы ретінде өз сүйіспеншілігін әлемдегі барша жаратылыстарға арнаған. Алайда біз айтып өткендей Оның орасан мейірімі мен терең рақымы кітап беттерінде ғана қалып кеткен жоқ. Қайта көп өтпей-ақ мейірімділік пен жанашырлық іс жүзінде көрініс тапты. Пайғамбарымыздың өмірінен сөз жүзінде ғана айтылып іске аспаған жайтты көрсету мүмкін емес. Ол барлық жағынан сөздің емес, істің адамы болатын.

Аллаһ елшісі осы бір шексіз рақым міндетімен келген-ді. Ол – «Мәнһәлу’л-аз­бу’л-мәуруд», яғни, бал­дай кәусар судың қайнар бұлағы. Кімде-кім Оған зерде шелегін батырса, одан рақым табады да, қолынан тіршілік нәрін ішкендей мәңгілік рухани өмірге бет алады.

Әттең-ай, осы кәусардың басында тұрған жандар Оның қадірін білсе ғой, шіркін!

Айтқан сөздерімізді жалаң тастамау үшін, бірнеше мысал беруді жөн көріп отырмын. Бірақ одан бұрын мына мәселені де айтпай өте алмаспыз.

Адамдардың арасында кейбір іске шебер болғандар басқа іске келгенде, керісінше, әлдеқайда артта қалып жатады.
Мысалы, білікті қолбасшы майдан алаңында жолы болғыш болғанымен, майданнан тыс былайғы өмірде игі қасиеттерге ие бола алмайды. Тіпті мұндай адам сезімталдық, мейірбандық секілді игі қасиеттерден жұрдай нағыз қанішер адамға айналуы мүмкін. Өйткені оның адам өлтіруден жүрек жылуы өшіп, кімді құрбан етсе де, сезімі селт етпейтін күйге жетеді.

Бір саясаткер саясатта өте табысты делік. Бірақ ол кез келген уақытта шындықтан бас тартып, адамдардың құқына құрметсіздік көрсетуі мүмкін. Яғни, саяси алаңда табысқа жету үшін туралықта, мәрттікте артқа қарай кетуі мүмкін. Бұл – бір жерде көкке қарай шарықтаса да, басқа жерде төмен құлдырау деген сөз.

Және өзін позитивизм ағымына салып, барлық нәрсені тәжірибеге сүйеумен беріле іс атқарған адамға көз салсаңыздар, жүрегі мен рухы тым солғын тартқанын байқайсыздар. Тіпті ақыл жағынан Эверест шыңына көтерілсе де, рухани ғұмырға келгенде, Өлі теңіз секілді шыңырауға құлағандар бар.

Барлық нәрсені материямен түсіндіруге тырысып, ал уахи қисынына келгенде, рух әлеміне сенбейтін көкірек көзі соқыр қаншама адамдар бар.

Бұдан аңғаратынымыз: пенделер үшін өмір таразысының екі басын тең ұстау – қиынның қиыны. Яғни, адамдардағы кейбір керағар сипаттар, бір-біріне қарама-қарсы әрекет етуде. Бір қасиеті жетіліп көркейіп жатса, келесі бірі мұқалып, мүжілуде.
Алайда Аллаһ елшісі үнемі үйлесімдікті сақтады. Ол - кемел стратег болумен қатар, өте мейірімді әрі ерекше бауырмал жан. Ол өмірлік істерде тәжірибені де негізге алды, сондай-ақ ішкі рухани тереңдікке де жетті.

…Меккенің азат етілуіне дейін дұшпандарының Оған көрсетпеген қорлығы қалмаған еді. Өзіңіз ойлап қараңызшы! Сізге қарсы бойкот жариялап, сізді үйіңізден, отырған жеріңізден шығарып, шөлдің ортасы­на апа­рып тас­тай­ды.

Артынша сізге ауыр тиетін келісім шартты Қағбаның жиегіне іліп былай дейді:
«Қуылған мына адамдармен саудасаттық жасауға, олардан қыз алып, қыз беруге қатаң тыйым салынады...»

Және басыңыздағы осы бір ауыр жағдай үш жылға созылады. Жақындарыңыздың өздері де сізге қол ұшын бермей, сіз сол жерде ағаштың жапырақтарын, шөпшалам жеп күн кешесіз. Әлсіздер мен кәрілеріңіз аштыққа төтеп бере алмай өліп кетеді де, сіз өзге жұрттан ешқандай да адамдық қасиет не бауырмалдық, не жанашырлық көре алмай қамығасыз. Бұл да аз болғандай өз отаныңыздан қуғанда, басқа аймаққа жер аударыласыз. Тіпті ол жерде де тыныштық көрмей, түрлі қулық пен сұмдықтарға душар болып, күнде қоқан-лоққыға тап боласыз. Содан кейін Бәдірде, Ухудта, Һандақта олармен шайқасып, ылғи өмірдің тауқыметін тартасыз. Тіпті Қағбаны зиярат ету секілді елдің бәріне ортақ құқықтан мақрұм қаласыз. Бұдан да жаманы: ең ауыр шарттарды қабылдап, кері қайтасыз. Кейіннен Аллаһ жарылқап, үлкен бір әскердің қолбасшысы болып Меккені азат етіп, сол жерді басқарасыз. Сол кезде олармен арақатынасыңыз қалай болатын еді? «Барыңдар, бәрің де азатсыңдар, бүгін сендерге тағар кінә жоқ» дей алатын ба едіңіз? Мен өз басым, егер Одан осы тамаша үлгіні алмағанымда, ешқашан бұлай кешіріммен қарай алмас едім. Сірә, барлығыңыз да осы ойды бөлісетін шығарсыздар деп ойлаймын. Бірақ Ол үстінде сауыты, басында дулығасы, қолында қылышы, қорамсақта жебелері – бес қаруын асынып алып, астындағы атын қамшылап Қағбаға қарай жол тартып бара жатқан сәтте де мейірім-шапағат қаһарманы болатын. Меккеліктерден: «Менен қандай нәрсе күтесіңдер?» – деп сұрады. Барлығы да бірауыз­дан: «Сен кеңпейілді жанның баласысың. Сенен кеңпейілділік қана күтеміз!» – деп жауап қатты.
Оның да осы сөзі хазіреті Жүсіптің бауырларына айтқан: «Бүгін сендерге тағар кінә жоқ. Аллаһ сендерді кешірсін. Ол – рақымдылардың ең Рақымдысы», – сөзімен дөп келген еді.

Ол өмірінде ешқашан жоспарсыз, алдын-ала шарасыз әрекет етпейтін еді. Алдын-ала шара мен тәуекелді біртұтас етіп әрекет еткен өзге жанды дүниені төрт айналсаңыз да таппайсыз.

Сөз басында айтып кеткеніміздей, Хақ Пайғамбар мұсылманға да, кәпір мен екіжүздіге де бірдей мейірімі түскен, рақым үлгісі болатын. Мұсылман Одан ұдайы рухани нәр алады. Өйткені Ол «Мен мұсылмандарға өздерінен де жақынмын»,– де­ген еді.
Негізінде, тәпсіршілер «Пайғамбар мұсылмандарға өздерінен де жақын тұрады», – аятына сүйеніп: «Аллаһ Елшісі мұсылмандарға өз жандарынан да артық» дейді. Бірақ дұрысында бұл жердегі екі мағына да бір-біріне жақын. Біз Оны өз жанымыздан да артық жақсы көреміз. Аллаһ Елшісі өзіне терең сүйіспеншілік көрсеткендіктен бізді де дәл солай сүйеді. Ол – аса рақымшыл жан.

Бұл – ақыл-ой мен қисын сүйіспеншілігі. Осы сүйіспеншіліктің сезім жағы болса да, негізінде, сезімнен де басым мағрипат ерекшелігі мен қисын тереңдігі. Егер адам осыларға жете алса, онда сол сәттен-ақ бұлар тұла бойын баурап алып, тамырларын тереңге жаяды да, адам ерекше күйге бөленеді. Ал одан кейін әлгі адам Мәжнүннің Ләйласын іздегеніндей, жүрген жерінің бәрінен Аллаһ Елшісін іздейді де тұрады. Қашан да Оған деген терең сағыныштың ыстық сезіміне оранып, есімін есіне алған сәтте жанары жасқа тола бастайды. Әрі Онсыз өткен өмірін қасірет санап, айдалада аңызақта уілдеген желдей дауыс салып, ғұмыр бойы сыбызғыша зарлайды да тұрады, зарлайды да тұрады.

Иә, Рақым Пайғамбар бізге өзімізден де жақын. Қалайша жақын болмасын, біз көбіне нәпсімізден жамандық көреміз. Алайда Сүйікті Пайғамбарымыздан ылғи да жақсылық, мейірім-шапағат және адамгершілік қасиеттерді ғана көреміз. Ол – Аллаһ рақымдылығының өкілі. Әлбетте, бізге бізден әлдеқайда жақын болуы да заңды.

Ол: «Мен мұсылмандарға өздерінен де жақынмын», – дейді.

Мына аятқа көз салып көріңдер: «Пайғамбар мұсылмандарға өздерінен де артық тұрады» (Ахзаб сүресі, 6-аят) деген соң сөзін әрі қарай жалғастырды: «Кімде-кім артына дүние-мүлік қалдырса, ол ағайын-туысына. Бірақ кімде-кім артына қарыз немесе бала-шаға қалдырса, олар менің мойнымда».

Бұл хадистің астарына үңілу үшін мына оқиғаны айта кетейік.

Бір күні мәйіт шығарылып, оған жаназа намазы оқылу керек болды. Аллаһ Елшісі жиылған қауымнан: «Мұның қарызы бар ма?», - деп сұрады. Халық: «Иә, Аллаһтың Елшісі, көп қарызы бар!» – деп жауап қайтарды. Аллаһ Елшісі сонда: «Сендер бауырларыңның жаназа намазын оқыңдар, мен қарызы бардың намазын оқи алмаймын»,–деді. Бірақ бұл жағдай оған қатты ауыр тиді. Сол кезде Аллаһтан осыған байланысты жоғарыда айтып өткен аят келді. Кейіннен Аллаһ Елшісінің жағдайы түзелген кезде: «Оның жақыны менмін. Қарызы бар жандар маған келсін», – деді.

Дүние мен ақыретте Аллаһ Елшісінің мұсылмандарға өздерінен де жақын болуы – рақымдылық. Оның осы бір рақымдылығы мәңгі бақи жалғаса береді.

Ол – екіжүзділер үшін де рақым. Екіжүзділер осы бір шексіз рақымның арқасында дүниеден азап көрмей өтті. Мешітке барып, мұсылмандардың арасында жүріп, мұсылмандардың пайдаланған нәрселерінен пайдаланды. Аллаһ Расулы олардың көбісінің ішкі жай-күйін, жеке-жеке аттарына дейін біле тұра, олар жайлы ешкімге тіс жармады. Тіпті олардың аттарын Хузәйфаға (р.а) айтқан да болатын. Риуаят бойынша, сол үшін де хазіреті Омар (р.а.) Хузәйфаны бақылап, Ол оқымаған жаназа намазды өзі де оқымайтын.

Ислам олардың кім екенін әшкерелеп, жұртқа жария етпеді. Олар әрқашан мұсылман арасында болып, шексіз күпірлері шүбәға, күдікке айналды. Сондықтан да олардың дүние ләззаттары да түгелдей ащы болмады. Өйткені жоқ болып кететініне сенген адамның дүниеден ләззат алуы мүмкін емес. Бірақ «мүмкін ақырет бар шығар» деген үмітпен күпірлері күдікке ауысқанда, сірә, өмір сонда ғана түгелдей ащы болмайтын шығар. Міне, осы жағынан Аллаһ Елшісі екіжүзділерге де белгілі бір деңгейде рақым жасаған еді.

Кәпірлер де Рақым Пайғамбардың мейірімінен мақұрым қалмаған. Аллаһ бұрынғы өткен ұлт пен елдерді күпір мен қарсылық білдіргендері үшін түгелдей жермен-жексен етсе, Аллаһ Елшісінің пайғамбарлығынан кейін түгелдей жермен-жексен етуді тоқтатты. Сондықтан да адамдар осындай бір азаптың түрінен құтылды. Бұл да кәпірлер үшін дүниедегі үлкен рақымдылық еді.
Бұл тақырыпта Аллаһ Тағала хабибіне былай дейді: «Сен олардың арасында болған кезде, Аллаһ оларға азап етпейді. Және олар кешірім сұрап, тілеу үстінде болған кезде де Аллаһ оларды азаптаушы емес» (Әнфәл сүресі, 33-аят).

Пайғамбарымыздың құрметіне Аллаһ түгелдей жоқ етуді тоқтатты. Хазіреті Мәсих (Иса): «Егер азап ететін болсаң, олар – Сенің құлдарың» (Мәида сүресі, 118-аят) дегенде, Пайғамбарымыздың Аллаһ алдындағы қадір-қасиетіне көз салыңыздар! Аллаһ Оған: «Сен олардың арасында болған кезде, Аллаһ оларды азаптамайды», – дейді.

Яғни, Сен жүректерінде тұрған кезде, Аллаһ оларға азап етпейді. Сен жер бетінде еске алынып, ауызға алынған кезде, яғни адамдар Сенің жолыңда жүрген заманда, Аллаһ оларды жермен-жексен етпейді.

Кәпірлердің Аллаһ Елшісінің рақымдылығынан шапағат көруіне: «Мен лағынет етуші емес, рақым етуші етіп жіберілдім», – деген Рақым Пайғамбардың жүрек жарды сөздері еді. Яғни, мен барша жұртқа Аллаһтан рақым болып келдім. Адамдардың басына қайғы мен қасірет жауғызу үшін немесе қарғыс айтып лағынет сұраушы адам етіп жіберілмедім. Аллаһ Расулы ең үлкен Ислам дұшпандарының да ылғи тура жолға түсуін тілеп, көп жүгірген.

Хақ Пайғамбар әкелген нұрға Жәбірейіл де малынған. Бір күні Пайғамбарымыз Жәбірейілден былай деп сұрайды: «Сен үшін де Құран рақымдылық па еді?» Жәбірейіл былай деп жауап береді: «Иә, Аллаһтың Расулы! Өйткені мен де соңымның не болатынын ойлап қатты қорқатын едім. Мен жайында «Көкте оған мойынсұнылады, уахилер оған аманатқа беріледі» аяты түскеннен кейін, көңілім орнына түсіп, жаным жай тапты».

Және басқа хадисте екі дүние Рақымы былай дейді:
«Мен Мұхаммедпін, Мен Ахметпін, Мен Муқаффи (ақырғы пайғамбармын), Мен Хашырмын. (Менен кейін Қиямет болады. Сондықтан менен кейін ешқандай пайғамбар келмейді). Мен тәубе және рақым пайғамбарымын».

Тәубе есігі қияметке дейін ашық. Өйткені Аллаһ Расулы – тәубе пайғамбары. Оның үкімі де қияметке дейін жалғасады.
..Ол кейде жылаған бала көрсе, жанына барып бірге жылайтын. Зарлаған ананың қасіретін жүрегінде сезетін. Міне, Әбу Һурәйраның риуаят еткен хадисі мен Оның дастан болған мейірім-шапағаты: «Мен намазға тұрып, оны ұзақ уақыт оқығым келеді. Сосын бір баланың жылаған даусын естимін. Анасының ол үшін жаны сыздайтынын біліп, намазды тез оқып бітіремін.»
Аллаһ Елшісі намаздарын өте ұзақ оқитын. Әсіресе, нәпіл намаздарды ұзақ оқитыны сонша, сахабалардың тағаты таусылатын. Міне, Ол осындай бір намаз оқу ниетімен намазға тұрып, содан кейін намаз кезінде бір баланың  жылағанын естіген сәтте, дереу намазын тездетіп бітіруге тырысатын. Өйткені ол кездері әйелдер де Аллаһ Елшісінің артында тұрып намаз оқу үшін жамағатқа қатысатын. Пайғамбарымыз жылаған баланың анасы мешітте болуы мүмкін деген оймен, намазды тездетіп, осылайша аналардың көңілін мазасыздықтан арылтатын. Ол барлық мәселеде осындай мейірім-шапағат иесі еді. Бір баланың жылауы көңілін қатты босатып елжіретіп жіберетін. Бірақ Ол осы бір шексіз мейірім-шапағатына қарамастан, тепетеңдікті қатты сақтайтын. Мысалы, Оның сол бір терең мейірімі ешқашан діни жазаларды іске асыруға кедергі болмайтын. Хақ Пайғамбар жазаның түрі қандай болса да, оны сөзсіз іске асыратын.

Бірде Муқаррин тайпасының бірі өз қызметшісін таяққа жықты. Қызметші әйел жылап Аллаһ Елшісіне келді. Пайғамбарымыз қызметшінің иесін шақырып алып: «Оны жазықсыз ұрдың. Не оны азат ет немесе босат, жөніне кетсін»,–деді. Иә, осы жазықсыз таяқтың есесі ақыретке қалатын болса, онда ол жердің таяғы өте қатты болатын еді. Сондықтан да ақыретте жәһәннам азабынан құтылу үшін, таяқтың есесі үшін қызметші азат болуы тиіс.

Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) ағайын - туыстарына ғана емес дос-жарандарына да үлкен сүйіспеншілік танытатын.

Хазіреті Айша анамыз айтады:
Са’д ибн Убәда науқастанды. Аллаһ Елшісі бұл адал досының көңілін сұрауға бет алды. Қасына біраз сахабалары ерді. Қасына барғанда, Са’д ибн Убәданың өте ауыр халі жанына қатты батып, шыдай алмай жылап жіберді. Оның жылағанын көріп, жанындағылардың да көңілі босап, көз жастарына ие бола алмады. Осы жылауын басқаша жорамалдамаулары үшін Пайғамбарымыз: «Аллаһ ешқашан да көздің жасы мен жүректің мұңы үшін азап етпейді. Бірақ мынау үшін азап етеді»,– деді де тілін көрсетті.»

Жетімдерді қамқорлық еткендерге берген бағасы Оның қандай мейірім-шапағат тұлғасы болғанын көрсетуге жетпей ме?
Қараңыздар, не дейді: «Мен және жетімге қамқорлық көрсетуші жәннатта мына екеуі секілдіміз», – деп, қатар тұрған екі саусағын көрсетіп, жетімге қамқорлық еткен жандар өзіне жұмақта қаншалықты жақын болатынын білдірді.

Бұл ишарат бейне бір Аллаһ Елшісі жетімге қамқорлық еткендер мен менің арама жәннатта ешкім кіре алмайды дегендей еді.
Оның дархан мейірімі жан-жануарларды да қамтитын. Жоғарыда бір әйелдің мысық үшін қалай жәһәннамға кіргенін және әдепсіз бір әйелдің итке су беруі арқылы  жәннатқа кіргенін айтып өткен едік. Және бір оқиғаны да еске салып, осы мәселені тиянақтайық.

Бір жорықтан қайтып келе жатқан кез болатын. Тынығу үшін оңаша жерге тоқтаған кезінде сахабалардың кейбірі бір құстың ұясын көріп, ұядағы құстың балапанын алып қызықтай бастады. Дәл осы кезде аналық құс келіп, балапандарын олардың қолында көрісімен, шырылдап айналып ұша бастады. Аллаһ Елшісі осыны көрісімен, қатты ашуланып, сахабаларға қолындағы балапандарын тез ұяға қоюларын әмір етті.

Иә, Оның рақымы барлық жан-жануарларды да қамтитын. Негізінде, Аллаһ бұдан бұрын өткен пайғамбарлардың бірін құмырсқа ұясы үшін қатты ескерткен жоқ па еді?

Өйткені бұл пайғамбар әдейі я байқаусызда құмырсқаларды өртеген еді. Бірақ артынша дереу Аллаһтан сөгіс естіген-ді. Осы секілді оқиғаларды бізге жеткізген Аллаһ Елшісі өзіне лайық емес әрекет жасауы мүмкін бе? Кейіннен Оның үмбетінен «құмырсқаны да баспайтын мейірімділер» атанған ұрпақ өсіп жетілген. Өйткені олар жолдағы құрт-құмырсқалар аяқ астында қалмасын деп сақтық жасап, жүрген кездерінде аяқтарына қоңырау тағып жүретін болған.

Не деген ғажап десеңізші! Бұл не деген ауқымы кең мейірім-шапағат үлгісі! Оның мол рақымынан құмырсқалар да құр қалмаған. Құмырсқаны да басуға қимаған бұл адамдар басқа кісілерге қиянат жасауы мүмкін бе? Ондай қатыгездікке баруы әсте мүмкін емес!

Бірде Минада жүрген кезде, сол жердегі тастардың арасынан бір жылан шыға келді. Сахабалар көре сала, дереу жыланға ұмтылды. Бірақ жылан дер кезінде қашып үлгерді.

Осы көріністі алыстан бақылаған Аллаһ Елшісі: «Ол сендердің, сендер де оның кесірінен құтылдыңдар», – деді.

Бұл жерде Аллаһ Елшісі сахабалардың да сол қылығын кесір деп бағалады. Өйткені өлтірілетін улы жылан болса да, оның әлем жүйесінде өзіне лайық орны бар еді. Мұндай орынсыз әрбір өлім экологиялық тепе-теңдікті бұзып, қалпына келтіре алмайтын ақау әкеледі. Негізінде, егін шаруашылығы үшін құрт-құмырсқаны жойып жіберу экологиялық тепе-теңдікті бұзатын қылмыс саналады. Бірақ қазір осындай қылмыстар ғылымда көптеп жасалып жатыр.

Ибн Аббас былай дейді:
«Аллаһ Елшісімен бірге бір жаққа кетіп бара жатқан болатынбыз. Бір адам соятын малдың аяқтарын байлап, көзінше пышағын білеп жатқанын көрдік. Сол кезде Аллаһ Елшісі ол адамға жақындап барды да: «Оны бірнеше рет өлтіргің келді ме?» – деді. Бұл оған айтылған ескерту болатын (яғни, пышақты көзінше қайрама дегені).

Абдуллаһ ибн Жәфар (р.а) айтады:
«Аллаһ Елшісі бірнеше сахабамен бірге бір бауға кірді. Баудың бір шетінде өте арық бір қатпа түйе тұрған болатын. Ол түйе Аллаһ Елшісін көрісімен, жанарынан мөлтілдеп жас аға бастады. Екі әлем Рақымы дереу түйенің жанына барды. Біраз уақыт түйенің жанында тұрды. Содан кейін түйенің иесін шақырып алып, оған жақсылап қарауын қатаң ескертті».

Бүгінгі таңдағы гуманистердің арман еткен сүйіспеншілік пен мейірімділіктерінен әлдеқайда зау биіктегі мейірім-шапағатқа ие болған Аллаһ Расулы осындай әлемдік рақымын да бөлекше парасат пайымы арқылы әр түрлі астамдық пен кемістіктен сақтап отырған.

Ол кеңпейіл бола тұра, ешқашан жамандықтарға кешіріммен қарамаған. Өйткені Ол қылмыскерге, не болмаса қатыгез бір тағыға көрсетілетін кеңшіліктің мыңдаған кінәсіз жандардың құқын аяқ асты ететіндігін жақсы білетін.

Осы арада бір шындықты айта кетейік, бүгінгі таңда жасалып жатқан небір әділетсіздіктер өткен барлық дәуірдегі жасалған әділетсіздіктерден әлдеқайда басым түседі. Өткен тарихымыздағы дұшпандарға деген кеңпейілділіктің елді неге айналдырғанын бәріміз де жақсы білеміз. Сүйіспеншілік пен мейірімділік орнымен көрсетілмесе, жеке адам үшін де, қоғам үшін де қауіпті зардаптарға бастауы мүмкін. Алайда, Аллаһ Елшісінен мұндай жайды көру еш мүмкін емес.

Ол адамдарды елден ерек сүйетіні соншалық – тіпті өзінің жанын да аямайтын еді. Құран Кәрімнің жиі-жиі Оның аптыққан, асыққан көңілін басып отыруы – соның айғағы.

Құран: «Олар Құранға сенбеді деп қатты таусылғаның сонша – күйзелістен өзіңді жеп бітіре жаздайсың» – (Кәһф сүресі, 6-аят) дейтін.

Негізінде, Оны пайғамбарлық ауаны баурай бастаған сәттен-ақ, Ол дереу қараңғы үңгірге бой жасырмап па еді?! Ең алғашқы уахи да сол жерде түсті. Иә, Оның жалпы адамзатқа деген сүйіспеншілігі жаратылысынан бері бар еді.

Оның сабыры да ақылына сай болатын. Осы арқылы асуы мүмкін еместей көрінген қаншама биіктер төменде қалды, қаншама қатып-аяздаған мұзтау жүректер мен мұзды мұхитты рухтар сол бір Сабыр Күнінің алдында еріп, жүректеріне мейірім мен иман шуағын теліп, һидаятқа, тура жолға жетті. Егер Оның мұншалық сабыры мен шыдамы болмаса, Әбу Суфиян, Икрима және басқа да көптеген жандар Исламға кіре алатын ба еді?

Хақ Пайғамбар шын мәнінде күллі әлемге жіберілген рақым болатын.

Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) өмірі жайлы еңбектерде Пайғамбарымызға жан-жақты сипаттама берілген. Ол физикалық тұрғыда қаншалықты кәміл болса, рухани тұрғыда да соншалықты асқақ болды. Аса қадірменді Әли (р.а.) Мұхаммед Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) былай деп еске алады: «Аллаһ Елшісі адамдардың ішінде ең жомарттардың бірі болатын. Жүрегімен – ақ көңіл, пәк; сөзімен – ең әділетті; ол өзін сондай табиғи ұстайтын оның қасында бір сәт отырсаң, өзіңді ешқашан ыңғайсыз сезінбек түгілі, керісінше ең жақын дос-құрбыңмен бірге отырғандай боласың. Бірақ ол сондай биік рухани күштің иесі, ешкім еш уақытта оның дәрежесіне жете алмаған. Ол өз ортасында аса қарапайымдылығымен ерекшеленді, біреуді кемсітіп сөйлеуден аулақ болды». Оны көрген әрбір пенденің жүрегі махаббатқа толатын.

Адамзат оған дейін немесе одан кейін келген ешкімді дәл мұншалықты жақсы көрді деп айта алмаймыз. Жүрегінің төрінен орын тепкен мұсылмандар әрқашан:
Неге біздің жүрегіміз сені қалады?
Неге сенің жүзің күн сияқты нұрланады?
- дейді.

Иә, ол солай. Ол – бүкіл әлемді жаратқан Жаратушының сүйіктісі.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.