Диалог – бұл уақыт күттірмейтін қажеттілік

Дінаралық диалогта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізу үшін біз өткен өкініштерімізді ұмытып, сөз, ой-пікір таласын қоя тұрып, жалпыға ортақ бастамаларға күш салуымыз керек. Батыстың көзқарасы өзгерді. «Ислам – Мұхаммед өркендеткен, Ибраһимнің діні» деген Мэссиньонның сөзіне ой жүгіртіп көріңіздер. Ол ислам дінінің постхристиандық әлемдегі позитивті, тіпті елшілік қызметіне сенді, себебі «Ислам – сенім діні. Бұл Аллаһқа деген философиялық сенім діні емес, керісінше Ибраһимге, Ысқаққа, Исмаилға, біздің Жаратушымызға деген сенім діні. Ислам – Құдіретті Жаратушының ұлы құпиясы». Демек, бұл жерде Мэссиньон Құранның құдіретін мойындап, Мұхаммедтің пайғамбарлығына деген шынайы сенімін білдірген.

Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға деген батыстың көзқарасы да біршама жібіді. Батыстың Чарльз Дж.Ледит, Ирен М.Далмаис, Л.Гардет, Норманн Даниэль, Мишель Лелонг, Х.Мориер, Оливер Лакомб және Томас Мертон сынды христиан дін өкілдері ислам діні мен Пайғамбарымызды жылы қабылдап, диалогтың іс жүзіне асуын қолдап отыр.

Бұл диалогтың басталуында белсенділік танытқан католик шіркеуі Ватикандағы екінші Шіркеулік Кеңесте бұл мәселеге өз көзқарастарының өзгергенін байқатты. Кеңестің екінші бөлігінде Папа Павел VI төмендегідей пікір білдірді:
«...Келесі бір жағынан алғанда католиктік шіркеудің көзқарасы, христиандықтың таным көкжиегінен асып жатыр. Ол Тәңірді бір және жалғыз Жаратушы, Даналықтың бастауы мен Тағдырдың Жасаушысы деп білетін тұжырымға негізделген өзге діндерге қарай бағытталған. Бұл діндер Аллаһқа қалтқысыз әрі адал құлшылық жасайды...

Қазіргі қоғамдағы шынайы өркениет зәру болып отырған дін мен Жаратушыға деген құлшылықтың мәнін сақтап қалу үшін, адамға сыйланған тәңірлік құқықтардың мүлтіксіз қорғаушысы болуға шіркеудің өзі қол сыбана кірісуге дайын екенін тағы нықтай түседі.

Жалпы қарым-қатынас атаулының өрісі барынша тарылған мына заманда адамдар өз табиғатындағы құпия жайттардың шешімін діннен күтеді. Адам деген кім? Оның өмірінің мағынасы мен мақсаты қандай? Жақсы амал деген не? Күнә деген не? Бастауы неде және қайғырудың мақсаты қандай? Шынайы бақытты қалай табуға болады? Өлім деген не және өлгеннен кейін жасаған амалдарыңды таразылайтын Ең Ұлы Соттың мәні қаншалықты? Болмыстың бас-аяғы неге тұтастай құпия?

Шіркеу өз жамағатын христиандар сияқты сену мен өмір сүруге ғана емес, сонымен қатар ол басқа дін өкілдерімен танысып, жағдайларына ортақтасу арқылы араласып жұмыс жасау, олардың рухани-моральдық және қоғамдық мәдени құндылықтарын дамыту жолында да селқостық танытпауға шақырады».

Папа Иоанн Павел ІІ өзінің «Үміт табалдырығының белесінде» атты кітабында мұсылмандар Аллаһқа керемет мұқият түрде құлшылық етеді деп мойындайды. Ол бұл жөнінде өз оқырмандарына, христиандарға мұсылмандардан үлгі алуды меңзейді.
Материализм идеологиясына қатысты ислам дінінің беріктігі мен бүгінгі әлемдегі рөлі батыс бақылаушыларын таңғалдырды.

Осы жайында Е.Х.Джержи былай дейді: «Өз-өзіне деген құрметінде, шынайы діни құлшынысы мен берекеттігінде, нәсілшілдік пен марксистік идеологияға қарсы күрестегі бірлігінде, эксплутацияны қатаң сынға алуында, ақиқат жолынан адасқандар мен қансыраған жаралы адамзатқа дінді насихаттауда ислам қазіргі әлемде өзінің ұлық міндетін түсіне отырып, әрекет етеді. Сан түрлі діни-шариғилық нәзік мәселелердің шырмауында қалып, жолдан таймаған және уақыттың ауыр догмалық шарттарына жаншылмаған бұл ұлық міндетті түйсіну исламның шынайы имандылық пен сенімділік қайнарынан бастау алады».

Мұсылмандар мен христиандар бір-бірімен он төрт ғасырға жуық күрескен. Батыс исламның алапат әскери күшін әлі ұмыта қойған жоқ. Бүгінгі күндегі мұсылмандардың түрлі қарсылық әрекеттері мен Батыстың наразылығының ешкімге де пайдасы жоқ. Біздің ғаламат үлкен ауылымызда Батыс жер бетінен исламды жоқ етіп жібере алмайды, ал мұсылман елдерінің әскерлері Батыспен соғыса алмайды. Солай бола тұра, екі жақтың да бір-бірінен белгілі бір деңгейде пайдалы тұстарын алу мүмкіндіктері бар. Батыс елі ғылыми-технологиялық, экономикалық және әскери шеберлікті меңгерсе, ислам түп тамыры Қасиетті Құран мен сүннеттен табылатын шынайы әрі тірі рухани дәстүрдің негізін қалайды.

Дін Құдайсыздық пікір тарапынан жасалған аяу-сыз қысымға душар болды. Мұсылмандар ислам дінін саяси идеология, экономикалық жүйе шеңберімен немесе Батыс пен өзге діндерді тарихи қалыптасқан көзқарас тұрғысынан қарастырып, соған орай оларға өз қарым-қатынасын жүйелеумен ғана шектеп қоя алмайды. Исламды саяси идеология ретінде қабылдайтындардың пікірі көбіне олардың жеке бастарының наразылығы мен өшпенділігінің әсерінен туындап жатады. Біз мұндай тәжірибелердің аяғын тұсаулап, жасаған амалдарымызды дін ретінде исламға негіздеуіміз керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шынайы мұсылман адамды сипаттағанда, оның қасында өзге жандар әлемдегі ең сенімді өкілдің жанында тұрғандай өздерін қауіпсіз сезінетін жан деп анықтап берген.

Мұсылмандар идеологиялық немесе саяси пайым-даулар тұрғысынан әрекет етіп, ислам жамылғысын жамылуды, қарапайым тілектерін ұлық идеяға балау-ды тоқтатулары керек. Осының салдарынан бүгінде Батыста ислам діні жайында шектеулі, жалған түсінік қалыптасты. Мәселен, американдық университеттерде ислам діні – саяси жүйе ретінде ұсынылып, оны саясаттану мен халықаралық қатынастар факультетінде оқытады. Осыған ұқсас пайымдауларды батыстық мұсылмандар мен мұсылман емес азиялықтардың, африкандықтардың араларынан да кездестіруге болады. Бұл жердегі бір таңқаларлық жайт, көптеген адамдар исламның жалауының астында бола тұра, аталған үлгідегі пайымдаулардың қолшоқпары болып, ол пікірлерді одан сайын күшейте түсуде.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.