Фетхуллаһ Гүлен шығармашылығындағы имандылық идеясы

Фетхуллаһ Гүлен

Түрік жазушысы Фетхуллаһ Гүленнің шығар-машылығы Ислам дүниетанымының шеңберінде қазіргі замандағы адам баласының жан әлемін нұрландыру, рухани жетілдіру бағытында жүзеге асып отыр.

Ислам дінінің қасиетті кітабы болып табылатын Құран сүрелеріне негізделе отырып, адам баласын нұрлы жолға бағыттайды. Сөйтіп, адам баласының рухани әлеміне үлкен медеу береді. Өмірдің қиындықтарына кезіккен кез келген адам баласы көңіліне қандай да бір демеу, сүйенішті қалайды. Бұл – табиғи құбылыс. Ал қазіргі уақытта жан күйзелісіне тек ересек адам ғана емес, ес білетін, сана-сезімі енді қалыптасып келе жатқан жас жеткіншек те ұшырап отырғандығы – мойындарлық құбылыс болып отыр. Сонымен қатар, 2001 жылы 11 қыркүйектен кейін Ислам дініне – экстремизм діні деген қара күйенің жағылғаны баршамызға белгілі. Бұл, әрине, әділетсіз пікір болып табылады. Себебі, үшінші дәстүрлі әлемдік діннің негізінде Алла тағалаға құлдық ете отырып, барша адамзаттың арасында (мұсылмандардың арасында ғана емес) тек сүйіспеншілікті, сыйластықты, имандылықты дәріптеу позициясы ғана жатыр. Сондықтанда экстремистік дін деп қаралау тек іші тар, белгілі бір мақсат-мүддені көздеп отырған тұлғалардың, топтардың іс-әрекеттінен туындайды.

Ф. Гүлен Алла тағалаға сүйіспеншілік арқылы адам бойындағы махаббат, өзара сыйластық, төзімділік, қайырымдылық сияқты ізгі қасиеттерді насихаттайды және дәріптейді. Себебі, нарықтық қатынастарға негізделген қоғамда тек шынайы адами қасиеттер ғана жалпы адамзатты сақтап қалуға негіз болмақ. Жазушының пікірі бойынша, өзін өзі айқындау және өзін өзі жетілдіру Аллаға жол арқылы және ішкі рухани дүниенің үндестігі арқылы жетуге болады. Ол былай деп жазады: «Махаббат өзінің мәні бойынша адамның дүниеге келген сәтінен бастап, оның жанының маңызды бөлігін құрайды. Алайда, ол шынайылыққа тек Аллаға деген махаббат арқылы ғана ие болады» [1, 71 б.].

Алла тағала адам баласын жаратқанда белгілі бір мақсатпен жаратқаны – белгілі. Яғни, адам баласы дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап, әртүрлі қиындықтарға, сындарға кездесіп отырады. Бұл – қалыпты. Себебі, адам баласы өмірдің қазанында шынайы пісіп-жетілуі тиіс, сөйтіп, оның ерік-жігері шыңдалады, ақыл-парасаты жетіледі, күш-қайраты молаяды. Ал оған апаратын бірден-бір жол, Ф. Гүлен бойынша, Жаратушыға деген махаббат, барлық адамзатқа деген сүйіспеншілік болып табылады. Махаббат арқылы барлық нәрселер танылады, махаббатсыз Ақиқат жасырынды болып келеді, тіпті, ақыл-парасаттың өзі махаббатсыз құнсыз болып табылады. Махаббатсыз – бұл дүние қараңғы, тек махаббат қана дүниені сәулелендіреді. Бұл жерде Гүленнің ойы атақты сопы Жалаладдин Румимен ұштасып жатқандығын айта кеткен жөн. Руми былай деп кеңес береді: «Өз ақыл-парасатыңды махаббатқа құрбандыққа шал, бұдан сен тек ұтасың. Ақылсыз адам сол адам – өз ақыл-парасатын асқақтаған адам». Ф. Гүлен пікірінше, махаббатта адам баласы барлық кесірлі дүниелерден тазарады, оның ұяты жұмсарады. Махаббат адам баласының бойынан адамгершілікті тудырады. Сондықтанда махаббат тек өзі ғана болып қоймайды, сонымен қатар, ол – барлық қайырымдылықтардың анасы. Ол жақсылыққа, сұлулыққа және жетіліске бағытталған жолды тазартады. Ол адамды өмір ұсақ-түйектерінен жоғары көтереді.

Адам баласы қалай адамгершілік баспалдағымен көтеріле алады? Ф. Гүлен фәнаға өнегелі жетілуге деген маңызды жолдардың бірі – адам баласы бойындағы нәпсіқұмарлықтарды тежеу және басқару деп есептейді. Нәпсі құмарту – бұл адам баласы бойындағы хайуандық бастама. Әр уақытта әр адам баласы өз нәпсісін басқарып отыру қажет. Себебі, нәпсімен күрес еркіндік үшін күрес болып табылады. «Махаббат материалдық немесе рухани әсемдікке ұмтылыстан тұрады. Материалдық сұлулыққа деген махаббат тәндік болса, рухани сұлулыққа деген махаббат рух пен ар-ожданға тән келеді» – деп жазады кемеңгер жазушы [1, 103 б.]. Яғни, махаббат адам баласында ашу, жек көрушілік, көре алмаушылық, жала жапқыштан және т.б. кесірлі нәрселерден босатады. Махаббат – адамды адам етеді, ол бізді рухани және ұнамдылық тұрғыда емдейді. Себебі, адам баласы – бұл барлық жағдайларда махаббатқа тұрарлық дүниедегі жалғыз тірі жан иесі. Әрбір адам баласының бойында белгілі бір кемшіліктер болады, бірақ бұл бізге адам баласын жақсы көруге, оның бойынан жақсылықты көруге кедергі болмайды. Өйткені, жақсы мен жаман, жақсылық пен зұлымдық, қайырымдылық пен кесірлі іс ешқашанда таза күйде кездеспейді. Сондықтанда осы жайды есте сақтау және әрбір адамның бойынан жақсылықты, сұлулықты таба білу қажет.

Тек адамгершілік қасиеттер ғана емес, сонымен қатар, Аллаға деген махаббат ақыл-парасат, даналық пен танымның негізі болып табылады. «Предназначение мудрости состоит в том, чтобы освещать пути ведущие к Аллаху и духу. И освещает она их так, что иногда путник видит в зеркале образ самого Творца, а иногда постигает Творца пожет постичь и Его творения. И в зависимости от того насколько тверд и чист его взор, каждый из этих двух методов может привести его к добру и абсолютным благам» [1, 92 б.]. Философтың пікірі бойынша, әрбір адамның алғашқы да маңызды міндеті – бұл өзін өзі және өзінің нұрланған мәні арқылы Құдіретті Жаратушыны танып білу.

Ф. Гүлен міндетті түрде даналықты Ислам дінімен байланыстыра отырып, материалистік философияны жоққа шығарады. «Материалистік философияны даналықпен шатастыру – бұл философияны да, даналықты да білмейтіндіктің көрінісі» [1, 94 б.]. Жазушының көзқарасы бойынша, даналық немесе Ислам философиясы адам баласының ойын адасушылықтан құтқарып, рухты тазарта отырып, оның ар-ұятының шам-шырағы болып орнайды. Бұл жарық бар дүниеге нұр сыйлап, болмыстың ақиқаттылығын және әсемдігін анықтайды. Даналық нұры жүрекке қонып, имандылықты тудырады. Иманы бар тұлға, халық, ұлт жаны таза және адал, имандылық субъектіні күнәдан алыс ұстайды немесе тазартады. Осы үрдісте адамзат өз болмысынан тәрбиелі деген категорияны бойынан қалыптастырып, нық орнықтырады.

Тәрбиеліліктің маңызы бұл өмірде өте зор. Өйткені, әр ұлттың болашағы мен бақыты дені мен рухы сау, иман жүзді, тәрбиелі келешек ұрпаққа байланысты. Бұл жайында Ф. Гүлен былай айтады: «Если не привить нынешним поколениям, хотя бы одну искорку любви к Создателю, то вопреки всем попыткам просветить их умы современными знаниями и культурой, они так и останутся далекими от совершенства и никогда не смогут преодолеть свое физическое существо» [1, 75 б.].

«Адамгершілік пен ізгі қасиетерге сүйенбейтін және ақыл мен ар-ұжданнан нәр алмайтын өркениеттің ғұмыры да қысқа» – деп есептейді Ф. Гүлен. Қазіргі таңда материалды құндылықтар басым түсіп, шынайы адамдық қарым-қатынастар сауда-саттық, прагматикалық қатынастарға айналды. Соның нәтижесінде, қазіргі қоғамда агрессия, терроризм, расизм, нацизм, шовинизм сияқты кереғар жағдайлар орын ала бастады. Философ бұл көріністерге, заманауи ахуалдарға тойтарыс бере алатын иманды, төзімділікке, өзара сыйластыққа, сенімге негізделген қоғамды қалыптастырудың қажеттілігін атап өтеді. Осы орайда Ф. Гүлен жастар тәрбиесіне ерекше назар аударады. Ол, бойында интеллектуалды сауаттылықты шынайы руханилықпен, даналықты өмірлік белсенділікпен, адал еңбекті жауапкершілікпен ұштастыра білетін болашақ ұрпақтан үлкен үміт күтеді.

Адамдар өздерін бұл дүниеге алу үшін емес, керісінше, осы дүниеге қызмет ету үшін келгендігін, бұл әлем – сынақ әлемі екендігін ұмытпағаны жөн деп есептейді. Сондықтан, жалпы адамдық құндылықтар шайқалып тұрған кезде, әлемді соғыс пен табиғат апаттары жаулаған кезде адамдар бір-біріне деген шынайы иманды сезімдерін алға қойып, бірлікте сабырлық пен төзімділік, қанағат пен өзара сыйластық танытуы қажет.

Тәрбиелілік немесе әдептілік адам баласын жаман ойлардан және іс-әрекеттерден сақтайды, оған жол бермейді. «Араб тіліндегі «адаб» сыпайлылық пен тәрбиелілік ұғымдарын сипаттайды. Кең мағынада бұл түсінік шынайы сеніммен біріккен рухтың табандылығын білдіреді. Сонымен бірге, бұл ұғым рухани кемелділікке жету мағынасын да бейнелейді» [2, 214 б.]. Сондықтан иманды ұрпақты тәрбиелеу сенім, Аллаға деген сүйіспеншілік, рухтың беріктігіне негізделуі керек.

Әдебиет:
[1] Гюлен Ф. Критерии или огни в пути[[сокр. перевод с турецкого. Под общ. ред. акад. РАЕН В.Шеремета. А., 2006. – 231 с.
[2] Гюлен Ф. Сомнения порожденные веком. А., 2010, – 400 с.

Ж. Қаңтарбаева, Қ.И.Сәтпаев ат. ҚазҰТУ аға оқытушы
И. Кунтуова, Қ.И.Сәтпаев ат. ҚазҰТУ аға оқытушы

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.