Ф. Гүлен еңбектеріндегі этномәдени мәселелер

Фетхуллаһ Гүлен

Қазақстанның XXІ ғасырда өркениетті әлемнен орын алып, дамыған елдердің деңгейінде болуына ықпал ететін бірден-бір құдірет-білімді, тәрбиелі, ақыл-парасаты мол ұрпақты жетілдіру. Қазіргі кезде Қазақстан сияқты мемлекеттің алдында тұрған міндет біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру және мемлекетті құрушы негізгі ұлттық озық дәстүрлерімізге сүйене отырып, жастар санасына туған халқының дүниетанымына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, әлемдік деңгейдегі өркениет құндылықтарын тиімді пайдалана білетін ұлттық рухты сіңіру, туған халқының мемлекеттік тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, салт-дәстүрін меңгере білуге баулып, оны қалыптастыру.[1]

Бүгінгі таңда қоғам дамуының заңдылықтарын өзгертіп, әлеуметтік және халықаралық қатынастарды жаңа сапаға өткізетін саяси-әлеуметтік, экономикалық құбылыс болса, екінші жағынан әрбір ұлттық мемлекеттің рухани мәдениетіне ықпал ететін, әлсіз мәдениеттердің үстем мәдениеттердің ықпалында қалып қоя тын процесс деп атауымызға болады. Қоғамда белгілі дәрежеде әр мемлекеттің өз зерттеу бағыттары мен бағдарламасы болмаса, онда сол мемлекеттің әлемдегі орны да белгісіз, және сол үрдіске сіңісіп, өз құндылықтарын жоюы мүмкін емес.

Қазіргі заманда дүние жүзінде үш мыңға жуық ұлттар мен халықтар өмір сүруде, олардың әрқайсысы белгілі бір мәдениеттің, ұлттық салт-дәстүр мен көзқарастық-психологиялық ерекшеліктерге ие. Және де осылардың әрбіреуі дүниежүзілік мәдениеттің құндылықты құрылымдық жүйесіне қайталанбас үлес қосты және қосуда. Әлемдік және ұлттық мәдениеттердің қатынастары тұтастық пен бөліктің қатынастары болып табылады. Шын мәнісінде, әрбір ұлт өз бойына жалпы адамзаттық қасиеттерді өзіндік сара жолмен жинақтап, әлемдік тарих ағымында ерекше құбылыс ретінде орын алады, сол қасиеттердің жан-жақты дамуын қамтамасыз етеді.

Ұлт белгілі бір территорияда экономикалық өмірі, тілі және мінез-құлқы негізінде біріккен, адамдардың тарихи қалыптасқан қауымдастығы болып табылады және бұл ұлт өзіндік ерекшелігі бар мәдениет пен оны құрайтын адамдардың өзіндік саласымен бекітіледі.

Мәдениет адамзаттың қоғамдық-практикалық іс-әрекеттерінде жасалатын материалдық және рухани құндылықтар жиынтығы ретінде этнос шеңбері дамып, формасы жағынан әр уақытта ұлттық болады.[2]

Қазақ халқы, алдымен, этнос болып құрылып, заман уақытына жауап бере отырып, ұлт болып қалыптасқанын тарих хронологиясынан белгілі дүние. Этнос болып құрылудың, бірқатар ғалымдардың айтуынша, екі шарттары бар:

- Эволюциялық шарт – қандас адамдардан құралатын қоғам (немесе қауымдастық) этнос бола алады;

- Жағдайлық (құралдық) шарт – этнос болып құрылудың басты себебі тарихи жағдайларға және талаптарға байланысты.

Әр ұлттың тілі мен дінінен басқа өзіне тән этностық ішкі құрылымы түріндегі иммунитеті болады, бұл құрылым мемлекеттік әкімшілік – аумақтық бөліністің ең төменгі сатысын қалыптастырады. Аталмыш бөлініс негізінен отырықшы сипатты халықтарда кеңістік-материалдық ресурс бойынша, ал көшпелі қоғамда адам ресурсы бойынша жүзеге асады. Көшпелі қазақ (қазіргі қазақ үшін ауыл болғанымен) үшін өзінің жеті аталы руы мемлекеттік құрылымның негізгі мәйегі еді. Тіпті, қазақ руына қосылмайтын қожалық және төлеңгіттік институттардың өзі де белгілі бір дәрежедегі сословиелік мемлекеттік құрылымның рулық көрінісі болатын. Қазақ құрылымының бұл төменгі деңгейінің беріктігі сонда, қазақ уды да, суды да руымен ішетін. Бұл құрылымның бір өзі көшпелі ортада қазіргі жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқару (дұрысы - меңгеру) аталатын институттарды айырбастап келген. Кез келген қазақтың қазақтығы оның белгілі бір рулық етенелікке тиістілігімен өлшенетін. Тіпті, қазаққа кірген басқа кірме жұрттардың өзі де өзіне сай «аспан алып», руын жасақтайтын. Алайда, қазақтың рухани иммунитетін жоюға бағытталған кеңестік идеологияның қазақтың сүйегінен өткені сондай, қазір бұл турасындағы әңгіме ұлттық антитақырып деңгейіне жетті, яғни қозғауға болмайтындай самоцензура қалыптасқан. Ал, біз тарихтың мұрағатына айналған рулық бөліністі аңсамасақ та, қайта қалпына келтірмесек те, қазақ үшін жаһандану алапатына этностық деңгейде қарсы тұрарлық қауқарды қанша жасырсақ та, жеті аталық туыстық қарым-қатынастан ұлттық иммунитеттің ұшығын көреміз. Бұл туыстық шетелге шашыраған қазақтардың өмірі арқылы сынақтан өткен бүгінгі ең тиімді этностық құрылым болып отыр.

Мәдениет – бұл жүйе, оның құрамындағы элементтер – бұл бірнеше ғасырлар бойы сол территорияда мекендеген халықтардың өмір сүру әдет-ғұрыптары мен салттары және дәстүрлері. Ал бұл элементтердің кейбіреулері уақыт заман талаптарының сұранысына сай болмай ұмытылып немесе негізін сақтай отырып, қайта жаңғырады.

Кез-келген халық немесе ұлт өзінің тек экономикалық, әлеуметтік, даму дәрежесімен ғана емес, сонымен қатар өмір сүру салтымен, тұрмысымен, тіл дәстүрімен, өзінің мәдени байлықтарымен, психологиясымен, мінез-құлық қалыптастыру мәселесінің негізгі бастауы халықтық педагогика Қазақстан қоғамының жаһанданушы әлемдік қоғамдастық талаптарына тез бейімделіп, жаңа сапалық дамуы арқылы озық дамыған елдердің қатарына кешікпей келіп қосылуы адамдарға қойылатын талапты түбірімен өзгертті.

Осы орайда Фетхуллаһ Гүлен тіл мәселесіне ерекше назар аударды. Ол: «Тіл – мәдениеттің басты серіппесі мен негізгі қозғаушы күштерімен тепе-тең. Қоғам тіл мен пікірге қаншалықты бай болса, соншалықты қабырғалы әрі қайратты болып саналады. Кісі өз ана тілін неғұрлым жақсы меңгеріп, басқалармен де еркін тіл табыса білсе, соғұрлым өз болмысы мен өмірінің мәнді өтуіне алғышарт жасай алады. Негізінен, тіл – адамның тіршілік пен өмірдегі оқиғаларға деген көзқарасын, біртұтас ағзаның және оның әр бөлшегінің жарасы мен мән-мағынасын қалыптастыратын ең маңызды фактор. Қай тұрғыдан алғанда да тіл мәдени өмірімізде шешуші рөл атқарады»– [3] деп біледі.

Ойын ары қарай: «Тіл – сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы болуы­мен қатар, өткендегі олжаларды бүгінгі күнге, ал бүгінгі пайымдарымызды келешекке жеткізу үдерісінде де өте маңызды дәнекерлік міндет атқарып ке­леді. Қабырғалы ел ата-бабадан мұра болып қалған және қазіргі уақытта жаңа синтезге, жаңа бейнеге, жаңа кейіптерге айналып үлгерген біртұтас зерделі, аңсар-мұратты, ғылыми жетістіктер мен байлықтарды игере алатын құдіретті тіл арқылы ғана мәңгілік тұрақтылығын сақтай алады. Себебі халқы қай деңгейде тілдің бай қорымен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі; қай деңгейде ойласа, сол аяда сөйлейді», - деген терең тұжырымдармен жалғастырады.

Ғалымның ойынша, сол халық үшін тілдегі әрбір сөз – қымбат. Сол тілде айтылып, бізге жеткендердің барлығы да сақталуы қажет. «Бізге өткеннен аманат болып жеткен біртұтас тарихи және ұлттық құндылықтарымыз міндетті түрде ұлт мүддесіне қызмет етуі тиіс». Олай болмаса, «сөйлесетін аузы мен ойлайтын миы жоқ қоғамның орнына ылғи да өзгелер сөйлейді және ойлайды».

Тілдің де өмір сүру заңдылықтары бар. Ең алдымен, оған еркіндік керек. Еркіндігі болмаған тіл қанат жайып өркендей алмайды. Мұны Кеңес өкіметі кездеріндегі қазақ тілінің халінен анық көруге болады. Содан кейін барып, сол тілдің өзегі боларлық негізгі заңдылықтарын сақтап, тілбұзарларға қарсы күресіп, оның дұрыс жолда дамуына барлық жағдайлар туғызатын қамқорлық жасалынып оты­руы керек. Бұл турасында Ф.Гүлен: «Иә, тіліміздің тіл болуы өзегі мен рухын сақтап, кез келген сөзді жеткізуде қиналмай, онымен өз ойының еркін айтылуына байланысты… Бірде-бір ұлт ана тілін ешқашан ғылымнан шет қалдырмау керек және жеке ептілікпен ғылымдар санатында зерделеп, ғылым саласында көпшіліктің қызығушылықпен жалықпай зерттейтін терең тақырыбына айналдыруы тиіс» – деп жазады.

Ф.Гүленнің сөздерімен сабақтастырайық: «… әр ел әуелі өзінің ұлттық және діни қайнар көздерін негізге алып, әрдайым соларға назар аударуы керек. Өзіндік ұлттық сана мен рух өзегін алға тартып, оны негізгі құрамдастай қабылдауы керек. Тіпті олар әдеби сезімдерін және көркем ой қабылдауларын суреттеуде мызғымас арқау болу керек деп ойлаймын. Сол кезде өз әдебиетінің рухына ешқандай зиян тимейді және өз сезімдерін, ойларын, шабыттарын үндестіргенде, зат-амалдарға да зәру болмайды. Міне, дәл осылайша өзінің мәдени құндылығын арқау қылған соң, өз заманына сай анықтау яки талдау жасауы оның кеңеюінде, тереңдеуінде және әлемдік деңгейге қарай қадам басуында, ешқандай қолайсыздық пен ың­ғай­сыздық болмаса керек». Тағы бірде ол «әдебиет – ұлттың бол­мысы мен ой-пікірінің, рухани ой-ілімнің көркем айнасы» деп жазады.

Ғалым әдебиетті томаға-тұйық­тықтан сақтандырады. Әрбір ұлт адамзаттың бір бөлшегі болғандықтан да оның әдебиеті де басқалармен бірге қатар дамуы, жақсысынан үйрене отырып, жетіле түсуі – өмір заңдылығы. Бұл турасында Ф.Гүлен: «Шынында, ұлттық сана, ұлттық мәдениет негізге алынып, соның қайнар көзі де нақтылана түсіп, қателікке жол бермеудің алдын алғанда, әлемдік құндылықтарға селсоқтық таныту – кең ауқымды тарылту, өсіп келе жатқан өскінді тежеу, тірі жанды өлтіру, қызғандырып, құмарландыру жағдайынан қызғану мен құмарлану пәстігіне құлдырап құлап түсу деген сөз», – дейді.

Ал, Т.Ю.Бурмистрова мен О.А.Дмитриев «ұлтаралық тілдесім мәдениеті қоғамның рухани дамуының, мәдениетінің бір бөлшегі. Бұл – әр түрлі ұлт өкілдерінің тілдесімі, қарым-қатынасы процесінде бірін-бірі толықтырушы, бірін-бірі байытушы, дамытушы дүниетанымдық, саяси, адамгершілік, эстетикалық құндылықтарының жиынтығы» деген анықтама береді. Мәдениет әруақытта қай мағынада түсіндірсе де философиялық, немесе антропологиялық мағынада алса да ұлттық сипатты. Бұл жалпыадамзаттық мәдениет жоқ деген сөз емес, тек онда ұлттық мәдениет элементтері болады.

«Әр халықтың мәдениеті өзіне тән ерекшелігімен дараланып көзге шалынады. Алайда басқа халықтардың әсерінсіз таза, дара ұлттық мәдениет тіпті де кездеспейді. Ұлттар мен халықтардың материалдық және рухани байланысы, қарым-қатынасы арқылы олар бір-бірін мәдени байлығы жағынан толықтырады» – дейді С.Н.Артоновский. Әрүрлі ұл пен халықтарда кездеспейтін, қайталанбайтын таза ұлттық салт-дәстүр ешбір елде болмақ емес. Бір ұлтта бар салт-дәстүрлер, ұлттық ою өрнек, тағам, спорттық ойын түрлері екінші бір ұлтта да белгілі ұқсастықпен және өзіндік ерекшелігімен көрініс береді.

Этномәдени білім беру стратегиясы – өз тарихын, мәдениетіне тиісті сфера арқылы берілуіне негізделген, ұлттық этномәдени ұқсастығын жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен бірге, белгілі мемлекетте тұратын барлық этностардың мемлекеттік интерациясы маңызды болып табылады. Ал бұл жағдай білім беру жүйесі арқылы тиімді жүзеге асырылады.

Этномәдени білім беру – ана тіліне, мәдениетіне қатыстырып және әлеуметтік мәдениетті қабылдау арқылы этномәдени ұқсастығын сақтауға бағытталған. Сонымен бірге ол трансляциялық, дамытушылық, диференциялық және интеракциялық функцияларын атқарады.

Этномәдени білім беру негізгі тапсырмаларының бірі – ол өз мәдениетін ғана біліп қоймай, сонымен бірге тұтас дүниеге көзқарасы қалыптасқан мәдени тұлғаны тәрбиелеу болып табылады.

С.Хантингтон өзінің аты шулы «Өркениеттер қақтығысы» (2003) деген еңбегінде мынадай ой-пікір айтқандай болатын, яғни, «жалпы, ұлт болған жерде ұлттық идея болады». Менің өзімнің пікірімше, (бұл кітаптың да мазмұнында бар), ұлт болу үшін үш үлкен ұлттың тірегі бар. Бірінші – ұлттың жері, екінші – ұлттың тілі, үшінші – ұлттың мәдениеті. Бұл мәдениетке мен дінді де қосамын. Дін сенім емес, дін – мәдениет. Сондықтан осы үш тірек мықты болса, ұлт жұтылып кетпейді. Ұлттық идеяны осы үш маңызды қырынан қарап, осы мәдени, рухани жағынан ұлтқа күш беретін факторлар осылар- деген пікір білдірген болатын.

Қорыта келгенде мәдниетті орта, адамдардың өмір сүруінің жиынтығы ретінде, өзіндік өнім береді, айталық: ұлттар, этностар арасындағы жағымды қарым-қатынас; мәдени ошақтардың бірлігі; халықтар достастығы және т.б. Жалпы «орта» деген ұғым географиялық, биологиялық, педагогикалық, әлеуметтік, заң, медициналық әдебиеттерді кең таралған. Бұл ұғым ішкі бір нәрсенің адамға немесе адамдарды қоршаған нәрсеге қатынасы бойынша қолданылады. Яғни, орта нысанның құрамындағы субъектіден тыс зерттелетін нәрсе. Ол кез-келген қоршаған орта – достар, отбасы, еңбек ұжымы, мекен-жай, көршілер, табиғат, климат, өнер орталықтары, мәдениет ошақтары және т.б.

Этномәдиет мәселелерін зерттеген ғалымдар еңбектеріндегі құндылықтар, тарихи мұраларды зерттеп оны студент жастардың жадына сіңіру қазіргі таңның басты мәселерінің бірі.

Әдебиет:
[1] Қазақстан Республикасы азамат тарихының жаңа әлеуметтік-экономикалық мінез-құлқын қалыптастыру тұжырымдамасы. – Алматы: Қазақстан, 1999. – 40 б.
[2] Гуревич П.С. «Культурология». М., «Гардарики». 2003.
[3] Ф.Гүлен. «Баян». А., 2009, 25-бет

Ұ. Төлешова, әл-Фараби ат. ҚазҰУ доценті

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.