Фетхуллаһ Гүлен және қазіргі көркем әдебиеттің кейбір мәселелері

Фетхуллаһ Гүлен

Адамның өсіп жетілуінде тәрбиенің маңызы аса зор. Адамды шын мәнінде, адам қылатын да – осы тәрбие. Адам қандай тәбие көрсе, солай кетеді. Адамның адамдығы да, азаматтығы да осы тәрбиеден. әл-Фарабидің анықтауынша, тәрбиенің мақсаты – білімге негізделген этикалық, эстетикалық құндылықтарды адамның бойына дарыту. Ал М. Жұмабаев «Тәрбие кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәміл жасқа толып, өзіне өзі қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі» (М.Жұмабаев. Үш томдық шығамалары, 2, 3-том, Алматы, 1996, 223- бет) дейді. Ұлтының қамын көбірек ойлаған Мағжан «Тәрбиеден мақсұт адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу, ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты» (сонда,224-бет) – деген екен. Демек, халықтың болашағы үшін тәрие ісінің дұыс жолға қойылуы аса маңызды.

Әрбір ұлттың басты ерекшелігі оның осы рухани құндылықтарында, рухани жанында жатыр. Қазақтың рухани жаны – қазақтығында. Қазақты қазақ қып тұрған оның тілі, сол тілде жасалынған рухани құндылықтар, сосын мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт дәстүрі. Ұлтымыздың өзіне ғана тән, яғни қазақты қазақ қып тұрған осы қасиеттер жоғалса, жер бетінен қазақ та өшеді. Өшпес үшін әрбір ұлт өзінің ұлттық болмысын сақтап қалу үшін оның қорғаны болатын мемлекеттігін құрады. Қазақстан да қазақтардың қазақ болып өмір сүруін саяси, экономикалық, идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз етіп отыратын заңды саяси құрылым. Сол себепті де Қазақстанда барлық мәселе мейлі ол саяси, экономикалық, рухани болсын, қазақ ұлтының мүддесі тұрғысынан шешілуі тиіс. Кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі оның ұлттық мүдделерінің қаншалықты дәрежеде қорғалғандығына байланысты. Бұның бәрі, әрине, басқа ұлттардың есебінен емесі, басқаларға пайдамыз болмаса, зиянымыз тимеуі керек.

Сонымен адам өмірінде рухани құндылықтардың маңызы зор. Ал рухани құндылықтар белгілі бір халықтың ұлттық дамуымен тікелей байланысты болса, екінші жағынан оның кемелденуінің де көрсеткіші. Рухани құндылықтарын сақтап, дамыта алған ұлттар ғана қалыпты өмір сүре алады. Сондықтан да әрбір мемлекеттің бүкіл саясаты ұлттық құндылықтарға, халықтық асқақ армандарға негізделген мемлекеттік идеологияны ұстанады. Сонда ғана халықтың дамуы үшін барлық мүмкіндіктер ашылып, ұлттық рухани құндылықтар салтанат құрады. Әрбір адам белгілі бір рухани құндылықтардың аясында өмір сүріп, ол өмірінің мәні мен сәніне, азаматтық ұстанымына, өмір сүру салтына айналады.

Адамның бойындағы рухани құндылықтар ұлт өмірінің де негізін құрап, қоғамдық қатынастарды ретке келтіріп отырады. Қоғам өз дамуында негізінен ұлтттық, сонымен бірге бүкіл адамзаттық мәдениеттің озық үлгілеріне сүйенгенде ғана кемелдене түседі. Сондықтан да өнер, білім - ғылым, саясатта ұлттық құндылықтарға басымдық беріп отыру аса маңызды. «Дегенмен, әр ел ең әуелі өзінің ұлттық және діни қайнар көздерін негізге алып, әрдайым соларға назар аударуы керек. Өзіндік ұлттық сана мен рух өзегін алға тартып, оны негізгі құрамдастай қабылдауы керек» ( Ф. Гүлен. Баян. А., 2009, 19-бет).

Рухани құндылықтар адамның саналы өмірінің барлық жағын қамтиды. Оларды шартты түрде ұлттық, тарихи, саяси, этикалық, эстетикалық, т.б. деп жіктеуге болады. Әдетте бұлардың жиынтығын «мәдениет» деп атайды. Мәдениетті болу – кемелдіктің белгісі. Абай айтқан «толық адам» – осы кемелдіктің белгісі. Ол – өмірдегі жан-жақты білімді, парасатты, иманды адам. Заманға лайықты мәдениетті адам тәрбиелеу, сол адамдар бақытты өмір сүретін ұлттық, адамзаттық рухани құндылықтарға негізделген өркениетті қоғам орнату – арман. Бұл жерде қазақтың әлемдік өркениетке ұлттық болмысымен ғана шыға алатындығы есте болғаны жөн.

Мәдени мұраның ішінде аса маңыздысы – әдебиет. Әдебиет ұлттық сананың бастауы, ұлттық рухани құндылықтардың қазынасы, ұлттық өмірдің айнасы. Адамзат қоғамынан әдебиетті алып тастасаңыз, оны көзге елестету қиын. Ұлы жазушылардың шығармалары халықтың ұлттық өмірінің энциклопедиясы, үлгісі іспеттес. Шын мәніндегі үлкен жазушылар замана қысымына көнбей, туындыларында өз дәуірінің ұлттық, халықтық құндылықтарымен суғарылған шынайы көркем бейнелерін жасайды; сонымен бірге бір күндік, немесе бір дәуірдің ғана шындығымен шектеліп қалмай, ұлт өмірінің мәңгілік мұратын да жырлайды. Сондықтан да ұлы шығармалар сол ұлтпен бірге жасасады. Абайдың ұлылығы да осында. «Манас» жыры қырғыздардың ұлттық идеологиясы деп жарияланды.

Десек те, өмірдегінің бәрі ойлағандай бола бермейді. Әр дәуірдің өз проблемасы бар. Өткен ғасырдың соңында кеңес империясының күйреуінен кейінгі Батыста бастау алған жаһандану қазір әлемді жалмап келеді. Мұның басты ерекшелігі аз ұлттардың мәдениеті жұтылып, ұлттық рухани, материалдық құндылықтар талан-таражға түсуде. «Өркениеттер қақтығысы» аталған ғаламдасудың күшейіп, шарықтау шыңына шыққандығы соншалық, қазір американдық өмір салтынан басқа ұлттардың тілдік және мәдени құндылықтары экспанцияға ұшырап, қалу не қалмау мәселесі күн тәртібіне шықты. Теориялық тұрғыдан қоғамдық дамуда болмай қоймайтын құбылыс ретінде негізделіп, насихатталып, материалдық жағынан барынша қамтамасыз етіліп отырған жаһанданудың мұндай барысы әлем халықтарын ойландыра бастады. Аз ұлттар түгілі Қытай, Франция, Германия сияқты үлкен мемлекеттер ұлттық тілін, құндылықтарын сақтап қалудың қамына кірісті. Қытайда ағылшын тілді жазулардың көшеде бей- берекет көрінуіне тиым салынды. Президент Саркази Францияға келген кез келген шетелдік өзін француз ұлтының бір бөлігі ретінде сезінуі тиіс, француздар өз еліне келушілердің салт-дәстүрлерін құрметтейміз деп жүріп, өздерінің ұлттық мәдениеті мен дәстүрінен айрылып бара жатыр деді. Ол, «Егер сен Францияда өмір сүруді қалайтын болсаң, сен сол жердің мәдениетін игеруге, сол жердің мәдениетіне біржола сіңіп кетуге, біртекті қоғамның ажырамас бөлшегіне айналуға дайын болуың керек. Ал бұған көнбейді екенсің, Францияға қонақтауға құқың жоқ... Біз осы уақытқа дейін жатжерліктердің қамын ойлап, оларға, олардың мәдениетіне жағдай жасаумен болдық, ал өзімізді көп жағдайда назардан тыс қалдырып отырыппыз. Енді олай болмайды» дегенді кесіп айтты.

Бір елде көпұлтты, көпмәдениетті мемлекеттен бас тартқысы келетінін Германия канцлері Ангела Маркель (барлығымыз бір қоғамдық ортада бір-бірімізді құрметтей отырып, тең қатынаста өмір сүре аламыз деген мультимәдениеттік көзқарас қате болып шықты), Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон (жатжерліктер жергілікті ағылшын мәдениетін ерекше құрметтеуі керек), Испанияның бұрынғы басшысы Хосе-Мария Аснар, Австралияның экс-премьері Джон Ховард (Австралияда жүрген жатжерліктер жергілікті мәдениетке бейімделуі керек. Әркім өз мәдениетін, өз ұстанымын, көзқарасын енгізгісі келеді. Жоқ, олай болмайды, әр мәдениеттің өз Отаны бар. Австралияның мемлекеттік тілі – ағылшын тілі.) т. б. мәлімдеді.

Түріктер Батыстық мәдениетке қарсы өздерінің көне эпостарын, мәдени мұрасын көбірек зерттеп, бүгінгі ұрпаққа ұсыну міндетін алға қойып отыр. Түріктің Ризе қаласының тұрғындары ұлттық, адами болмысын, қарым-қатынастарын сақтап қалу үшін теледидардан, электр жарығынан бас тартқан. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Мысалдарды келтіргендегі мақсат - әлем халықтары өздерінің ұлттық рухани құндылықтарын жаңа ғаламдасу жағдайында сақтап қалуға кірісіп жатқандығына назар аудару. Нарыққа бейімделеміз деп жүріп, ұлттық болмысымызды жоғалтып бара жатқан бізге де бұл мәселелер төңірегінде ойланарлық мәселелер баршылық.

Қоғам дамиды, өмір өзгеріп отырады. Сонымен бірге ғылым-білім өсіп, мәдениеттер толысып, жаңа құндылықтар өмірге келіп, адамның сана-сезімінде, рухани тіршілігінде де жаңарулар туындап жатады. Батыс жаһандануды, сол арқылы әлемге таңылып жатқан американдық өмір салтын қоғамдық дамудың заңдылығынан, заман қажеттілігінен туындаған заңды құбылыс санайды. Жаһанданудың қаншалықты өркениетке апарар қоғамдық, экономикалық мәдени дамудың тура жолы емес екендігіне оның мәдениет, әдебиет саласындағы негізгі ұстанымдарына зер салғанда, көзіңіз жетеді.

Ұлт дегеніміз – тіл. Ұлттың болмысы сол тілде жасалынған рухани құндылықтардан тамыр тартады. Сондықтан да әрбір ұлт өзінің болашағына қажетті пайдалы дүниелерді тірнектеп жинап, көзінің қарашығындай сақтап, заманға лайықты жетілдіріп, ұрпақтан ұрпаққа мәдени мирас ретінде қалдырып отырады. Мұның бәрі, әрине, ұлттық тіл арқылы жүреді. Ұлт тілінде жасалынған рухани құндылықтар, өмір сүру амалдарын айқындайтын дін негізінде халықтың ұлттық ділі (менталитеті) қалыптасады. Ұлттық ділі мықты ел әлемдік өркениетке ілесе алады; ал әлсіз ел артта қалып, түптің түбінде ұлт ретінде жойылып, өмір сүруін тоқтатады. Сондықтан да әрбір халық өзінің тілін, дінін күшейту арқылы тамырын тарихтың тереңіне жіберу арқылы ұлттық болмысын сақтауға алдымен қам жасайды. Ұлт өміріндегі осы бір аса маңызды мәселенің дұрыс шешілуіне ғаламдасу концепциясы мүлдем қарсы. Ол «жаппай мәдениет» дегенді ұсыну арқылы ұлттық атаулының тамырына балта шапқысы келеді.

Әдебиет – сөз өнері. Өнердің ұлттық сипаты анық. Жаһандану әдебиеттің басты қасиеті ұлттық сипатын жоққа шығару, жою арқылы ұлттық әдебиет атаулыны тарихтың тастандысына айналдырмақ. Мұның өзі кім-кімді болса да ойландырмай қоймайды. Сондағы Батыстың бізге ұсынып отырғаны қандай әдебиет дейсіз ғой? Ол –постмодернизм. Енді посмодернизмнің «әдеби ерекшеліктеріне» көз салалық.

Постмодернизм әдеби бағыт ретінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Батыста пайда болды. Оның негізінде жаңа заманға лайық жаңа гуманизмге, бұрынғы классикалық антропологиялық гуманизмнен енді жаңа дәуірде адамзат баласын ғана емес, тіршілік иесі атаулы, табиғат, ғарыш, әлем атаулының барлығын қамтитын жан-жақты гуманизмге көшу керек деген ұран алынды. Жаңа заман жаңа сана-сезім, жаңа философия пайда болып, өткен тарихқа бүгінге өмірге жаңаша көзқарастар туындады. Бұрын өмірді танып білуде бір ғана көзқарас, бір ғана бағыт үстемдік етіп келсе постмодерн философиясы осы уақытқа дейінгі бізді қоршаған орта туралы қалыптасқан көзқарастарымыздың барлығына күмәнмен қарайды. Постмодернизм бойынша, әлем қаншалықты шексіз болса, оны танып білу де шексіз, сондықтан да осы уақытқа дейін өмір шындығы деп айтып келгендеріміз, білім-ғылым деп үйреніп жүргендеріміздің барлығы да шындық емес, шындыққа жету жолындағы әрекеттер.

Абсолютті шындық туралы әр дәуірдің, әр адамның өз түсінігі, өз шындығы бар. Біздің осы уақытқа дейінгі жасағандарымыздың, қол жеткізгендеріміздің бәрі – шындық емес, шындыққа жетелейтін ізденістер. Өмір сан қырлы болғандықтан да оны адам да әр түрлі қырынан көреді, өйткені оны тұтастай көру мүмкін емес. Барлық жағын көрген адам өз көргенін, екінші біреу басқа қырын көріп, ол да өзінің шындығын айтады, тағысын тағылар. Сан қырлы шындықтың көріністері де көп болғандықтан ол туралы түсініктердің де түрлеше болуы заңдылық деп білетін философия өмірді бейнелеудің, түсіндірудің де көп түрлілігін талап етеді. Демек, постмодернистік философия адамзат баласының осы уақытқа дейін жинақтаған білім-ғылымын, рухани құндылықтарын мойындамайды; заманы өткен ескі дәуір мұраларын қиратып, жаңа мәдениет жасауды көксейді.

Постмодернизм біздің әдебиет туралы түсініктеріміздің барлығын да төңкеріп тастайды. Әдебиеттану ғылымын, көркемдіктің категорияларын жоққа шығарады. Әдебиет тарихындағы үлкен ақын-жазушылардың шығармаларын бүгінгі күнге қажетсіз санайды. Сөйтіп, қоғамдық мәдени дамудағы дәстүр жалғастығын үзіп жібергісі келеді.

Постмодернизм адамзат баласының ғасырлар бойы тірнектеп жинаған білім – ғылымын, жасаған өнер туындыларын рухани құндылық ретінде мойындамаумен бірге осы уақытқа дейін көркем әдебиеттің басты сипаты саналап келген өмір шындығының көркем бейнесін жасау міндетін де жоққа шығарады. Олардың ойынша, шындық өмірді бейнелеу мүмкін емес, біз өзіміздің ойымыздағы шындықтың моделін ғана ұсынамыз.

Постмодернизм философиямен тығыз байланысты. Суреткер өз шындығын философиялық тұрғыдан ұсынады. Постмодерннің философиялық тамыры өткеннің құндылықтарына сын көзімен қарай білушілікте, кез келген нәрсенің мәні мен маңызын, парқын айыра білушілікте жатыр.

Б. Майтанов «Қазіргі қазақ прозасындағы модернистік және постмодернистік ағымдар» («Қазақ әдебиеті», 29.10.2004), «Алғашқы қазақ романдарындағы модернистік назар» («Қазақ әдебиеті», 25.12.2008) мақалаларында бұл ағымның қазақ әдебиетіндегі көріністері хақында сөз қозғайды. Оның ойынша, постмодернизм қазақ әдебиетіне де жат емес. Ол М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, С.Сейфулиннің, С.Ерубаевтың, Р.Тоқтаровтың, С.Мұратбековтің, М.Мағауинның, Ә.Кекілбаевтың, Т.Әбдіковтың, Ә.Таразидың, Қ.Ысқақовтың, А.Нұрмановтың, Д.Досжановтың, т.б. жазушылардың шығармашылықтарынан постмодернизмнің іздерін көреді. Қазіргі әдебиетте бұл бағытқа Д.Амантайдың романдары мейлінше жақын деген пікір айтады.

Мәдениеттанушы Ә.Қодар мен Ә.Бөпежанова сұхбатының («Қазақ әдебиеті», 14.07.2000) негізгі сарыны ендігі жерде қазақ әдебиеті өзінің ұлттық дәстүрінен қол үзіп, батыл түрде батыстық жолға түсу керек, бұл осы жаңа заманның талабы дегенге сайған. Т.Шапай бұл пікірге қосылмағанымен де «Әлем кешкен ағымдарға ерте ме, кеш пе, біз де түсеміз» (сонда) – депті. Ә.Меңдеке «Мұндай тексіз, тамырсыз, топырақсыз, баянсыз, космополиттік дүниетанымды кім қабылдай қойсын. ...әлдекімдердің қаңсығын қазақ мәдениеті, қазақ әдебиеті, қазақ өнері неге таңсық көруі керек?» – деп, постмодернизм атаулыға мүлдем қарсы шықты.

Ал ақын Аманхан Әлімовтің постмодернизм туралы пікірі ашық. Ол «Постмодернизм – белгілі бір уақытқа иек артып, дәстүрлі тек - тұрақ тауып, топыраққа негізделмеген тенденция. Оның уақытша «модада» жүретіні де сондықтан ... Постмодернизм мәдениеттің емес, өркениеттің көрінісі. Сондықтан онда күйретуші күш басым. Ол – түп- тұқияны урбанизациядан өрген, төр төркінсіз бағыт-бағдардағы қозғалыс. Өнер өткенінің дәстүрі мен этикасын жоққа шығарып, әдебиет пен мәдениеттегі, жалпы өнердегі эксперимент пен стиль шарттылығын насихаттайтын, нақтылықтан қол үзген модернизм. Постмодернизмді таланты, бойындағы интелектуалды шығармашылық қуаты сарқылғандар ғана құрайды. Құрастырады (конструкциялайды). Яғни, олар сөзбен ойнайды. Образды адам сезіміне қатқыл, санасына ауыр тиетін метафоралар арқылы жеткізеді. Және оған модернистер де постмодернистер де мен солай «көремін», әрі солай «сезінемін» деген принципке қарай, сол арқылы өз «көзқарасын» қалыптастырады. Сосын оны өзгелерге таңып, соны мойындатқызып және теория ретінде бойға да, ойға да сіңіргісі келеді. Ал, қансіңді емес, менталитетіңде, туа бітті табиғатыңда жоқ нәрсені қалай қабылдайсың?» («Қазақ әдебиеті», 9.05.2003) - депті.

Постмодернизмді көбіне жастардың көбі қолдайтыны байқалады. Дарынды жас ақын А.Елгезек «Модернизм дегеніміз, жаңаша ойлау, жаңаша жазу дегенді білдіреді. Ал, ол үрдіс ұлт әдебиетінде қайда қашсаңыз да болатын құбылыс...», прозашы Л.Қоныс «Модернизм ағымына етіміз үйреніп қалды ғой деймін, бұрынғыдай шошып жүрген оқырман көрінбейді... Және де классикалық әдебиет түрін жоққа шығару, оған қарсылық білдіру де жоқ. Ендеше, мұны неге ұлт әдебиеті үшін маңызы жоқ деп қабылдаймыз? Бұл ағым әдеби тілімізге жаңалық енгізгендей... Мұнда сөзді ойнату бар» («Қазақ әдебиеті», 25.01.2008) – депті.

Жазушы Д.Амантай «...әдебиеттің дамитын, жүретін бір- ақ арнасы бар. Ол – еркін әдебиет. ...әңгіме дегеніміз, үлкен сана ағымына, ой ағымына, сезім толқынына құрылған шексіздікті тереңіне қамтыған жұмбақ мәтіндер жиынтығы... Постмодернизм дегеніміз – шексіз әлем» («Қазақ әдебиеті» 04.04.2008) - санайды. Ол әрбір шығарма – ой, суреткер оқырманға оқиға емес, белгілі бір ойларын жасырған оқиғалар желісін ұсынады, сонда ғана әдебиет өнер туындысы бола алады деп біледі.

Сонымен, постмодернизмнің қазақ әдебиетіне қатысы жайлы айтылған пікірлер екіге айрылған. Жастар жағының батыстан келген бұл жаңалыққа қызығып, құмарта қарайтындығы, ал дәстүршіл қаламгерлердің күдікпен жүргендігі байқалады. Қарама- қарсы екі пікірдің қайсысы болсын, теріске шығара алмайсыз. Екі жағының да жөні бар, дәлелдері жеткілікті. Екеуінде де шындықтың шиырлары жатыр. Соны тауып, кәдемізге жаратқан лазым. Біреуі тарихи тамырға табан тіресе, екіншісі бүгінгі батысты бетке алып, даму жолына түскен дәуірдің жалынан ұстаған. Сондықтан да, мақсат постмодернизмге ұлттық мүдде тұғысынан келіп, ақиқаттың ауылы қай жақта екендігін аңғару; ойға ой қосу.

Әдебиеттің, оны зерттейтін әдебиеттанудың ұлттық, идеологиялық сипаты анық. Және ұлттық тілден, ұлттық тұрмыс- тіршіліктен туындайтын сөз өнері – әдебиеттің де ұлттық сипаты басым. Қоғамның дамуымен бірге әдебиет те дамып, жаңғырып отырады. Даму негізінен ұлттық дәстүр арнасында яғни, әдебиет алыптары қол жеткізген өміршең өркендерін әрі қарай шығармашылықпен жалғастырып кету арқылы жүреді. Сонымен бірге басқа халықтар әдебиетінің озық үлгілерінен үйрене отырудың да маңызы зор. Бұл әдеби дамудың даңғыл жолын анықтайтын бұлжымайтын заң іспеттес. Бұлай болмаса, ол әдебиеттің ұлттық сипаты жойылады да, белгілі бір халықтың әдебиеті деген атаудан да, ұлттық, халықтық мазмұннан да айрылады.

Ал Батыстан келген постмодернизм көркем әдебиеттің осы бір басты қасиетін жоққа шығарады. Әдебиеттің ұлттық сипатын, дәстүрлі жолын тәрк етіп, оның ғасырлар бойғы дамуы барысындағы басты жетістіктерінің барлығына күмәнмен қарайды. Сөйтіп халықтардың заманалар бойы тірнектеп жинап, бүгінгі күнге жеткізген, бойына сіңірген, қазіргі қоғамдық өміріміздің әлеуметтік – мәдени өмір салтына айналып отырған рухани құндылықтарын мойындамайды. Яғни, «жаппай мәдениет» сияқты жасанды тобырлық мәдениетті ұсыну арқылы адамзат баласын ұлттық тарихи тамырынан айырып, ұлтсыздандыру саясатын жүргізуде. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған американдықтардың өмір салты басқа халықтарға да өркениеттің озық үлгісі ретінде ұсынылуда. Мұның өзі жер бетін мекендеген сандаған ұлттардың әртүрлі жағдайда түрлі тілдерде жасаған, шешек атқан гүлді даладай құлпырған ұлттық мәдениеттерінің, содан кейін ұлт ретінде өмір сүруін тоқтатуына алып келеді. Сонымен бірге түрлі тілдердің, түрлі мәдениеттердің, түрлі ұлттардың жойылуы адамзат баласын өркениеттің бүгінгі биігіне жеткізген рухани құндылықтардан айырып, оларды ата-баба дәстүрін білмейтін, ертеңін болжай алмайтын, тек бүгінгі күннің қамымен ғана ғұмыр кешетін, адамдық қасиеттерден, имандылықтан жұрдай жыртқыш қоғамдық қатынастарға апарып соқтыруы мүмкін. Батыс өркениеті бізді осы бағытқа салғысы келеді. Әрине, біздің мақсатымыз-мұндай қоғам емес, ұлттық, адамзаттық рухани құндылықтарға құрылған адамдар бақытты өмір сүретін өркениетті қоғам. Ондай қоғамда адамзат баласының Адам Ата жаралғалы бергі асыл армандары бақытты қоғам құруына жеткізетін рухани құндылықтар салтанат құрады. Мәдениеттің ішінде әдебиет те осы бір гуманистік идеялардың орнығуына тікелей қызмет ететін аса бір маңызды құрал екендігі әрдайым есте болғаны жөн.

Постмодернизм бойынша, өмірде қатып қалған нәрсе жок; қоғамның дамуымен бірге оның барлық салаларында, соның ішінде мәдениетте, әдебиетте де өзгерістер болады, рухани құндылықтар өзгеріп отырады. Постмодернизм әдебиеттің қоғам дамуынан қалып қалмауы, өзгерген өмірмен бірге өзгеріп отыратын жамағаттың қазіргі заманғы рухани қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыру қажеттілігінен туындаған.

Постмодернизмде өмір қаншалықты шексіз болса, оны танып-білу де соншалықты шексіз; сол сияқты сол өмірді көркемдік тұрғыдан танып-білудің құралы саналатын әдебиет те өмірдің шындығын шынайы бейнелеуі де мүмкін емес. Оған жазушының да, оның бейнелеу құралы әдебиеттің де шама-шарқы жетпейді. Сол себепті де постмодернизм осы уақытқа дейін «әдебиет дегеніміз өмір шындығының көркем бейнесі» деп келген негізгі қағиданы мойындамайды. Әдебиетте суреттелген бейнелер қаламгердің өзі көрген өмірінен түйіндеген өз шындығы ғана. Бір тақырыпқа жазылған жазушылардың шығармаларында өмір көрінісі, идеясы, көркемдігі түрліше болатындығы да сондықтан. Оны біреудің қабылдауы да, енді біреудің қабылдамауы да мүмкін. Өйткені әр кімнің өмір туралы, белгілі бір оқиға жайлы өз пікірі болатындығы сияқты әр суреткер де қоршаған ортаны өз көзімен көріп, өз деңгейімен қабылдап, ой қорытады; шамасынша бейнелейді. Белгілі бір қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың сол қоғамда жүріп жатқан құбылыстар жайлы түрліше көзқараста болатындығы, тіпті бір оқиға жайлы әркімнің өзінше ой түйетіндігі сияқты көркем шығарма да – оның авторының ғана өмір туралы өмір шындығы. Жазушы өмір шындығын бейнелей алмайды, ол сол өмірден туындаған «өз шындығын» ғана ұсына алады. Ал оны қабылдау немесе қабылдамау оқырманның өз еркінде. Сондықтан да қаламгердің шығармасынан өмір шындығын іздеу, көремін деу, идеясын талдау, одан оны талап ету дұрыс емес дейді постмодерншілдер.

Қазіргі заманғы дамудың барысында қалыптасқан әдеби дәстүрлерді мойындамаумен бірге, оның өзіндік көркемдік заңдылықтарын да теріске шығарады. Әдебиеттің теориясы деп жүргенімізді әдебиетке салынған құрсау, көркемдік дамудың бір ғана бағытына ашылған жол, әдебиет ешбір сыртқы әсерсіз жан- жаққа еркін өркен жаюы тиіс дейді. Сол себепті де постмодернистік әдебиет біздің бұрынғы көркемдік түсінігімізге, ғылыми категорияларымызға сәйкес келе бермейді. Дәстүрлі әдебиеттің поэтика, оның бейнелілік, шығарманың тұтастығы, сюжет, бейнелеу құралдары, идеялық, тәрбиелік мәні деген сияқты негізгі сипаттары постмодерндік әдебиетке тән емес. Көркемдіктің ортақ заңдылықтарын, әдебиеттің негізгі категорияларын терістеу, ол туралы пікір айтатын, баға беретін сынды, оның негізгі заңдылықтарын зерттейтін әдебиеттану ғылымын да қажет етпейді дегенді білдіреді. Мұның өзі адамзат баласының ғасырлар бойы сөз өнері жайлы жинақтаған ілім-білімінің жоққа шығару деген сөз.

Сонымен постиндустриалды қоғамның әдебиеті ретінде кейіннен жаһанданумен бірге жер жүзіне тарай бастаған постмодернизм қазір қазақ әдебиетіне де келіп жетті. Бірақ ол қазақ әдебиетінің ішіне дендеп әлі кіре алған жоқ. Қай жағынан кірер жол іздеп, айналып, оның маңында жүрген жас үміткерлерді айналдыруда. Қазір әдебиетімізге келе жатқан кейбір жас дарындарымыздың шығармаларында «постмодернизмнің исі» шыға бастады. Не істеуіміз керек? Әдебиетіміздің ертеңі саналатын жас дарындарымыздың әдебиеттің ең соңғы модасы, үлгісі ретінде ұсынылып отырған постмодернистік әсерімен шығармалар жаза бастауын қолдаймыз ба, әлде...

Десек те мұның бәрі болашақта қазақ қауымы даму жолының қандай түріне түсуіне байланысты болса керек. Егер де ұлттық даму жолымен жүрсек, халқымыздың ұлттық құндылықтарымен бірге ұлттық әдебиетіміз де дами бермек. Жаһандануға ұшырап, Батыстық даму бағытымен біржола кетсек, барлық рухани құндылықтаымыз бен бірге дәстүрлі әдебиетіміз де өзінің ұлттық сыр сипатынан, түр мазмұнынан айрылып, ары кеткенде 20-30 жылда постмодернизм жолына түседі. Қайсысы дұрыс? Постмодернистер айтатындай, шыңдықтың жолы қайда жатыр, соны іздеу лазым.

Тәуелсіздігін алған қазақ халқы өркениетті даму жолына түсті. Осы жолда ұлттық рухани құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, әлемдік өркениетте туындап жатқан озық үлгілерден, тәжірибелерден үйрене отырып, «иісімізді» жоғалтып алмай, өзге елдерден қалып қоймай, өркениетті қоғам орнату – басты мақсатымыз. Сонда ғана ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күресіп келген бақытты қоғамды құрып, әлемдік өркениеттен өзімізге лайықты орнымызды ала аламыз..

Д. Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.