Сәлем рухы

Fethullah Gülen: The spirit of Salam

Сұрақ: «Сәлем» фильміне қатысты «сәлеммен барылған аймақтарда орнығып қалуда, алайда қылышпен барған жерлерде ұзақ уақыт болса да әсері болмағандығы» тілге тиек етілді. Сәлеммен барудағы мақсат не? Сәлем рухын қалай түсінген жөн?

Жауап: Әуелі мынаны білу керек, Исламда негізгі нәрсе бейбітшілік, соғыс төте жағдайларға тән. Дінімізде соғысқа рұқсат етілуі, дін, ақыл, мал, жан, ұрпақ секілді міндетті түрде қорғалуы керек құндылықтарды қорғау үшін. Өйткені жамандық пен бұзық пиғылды адамдар есігіңізге дейін келіп, дүрсе қоя беріп, үрей салса, алдарынан қуана гүл алып шығар жағдайыңыз жоқ. Бұндай шабуылдарға ұшырағанда, Чанаккаледе де болғанындай, бәріміз ұлт болып ұйысып, күрес майданында не істелуі керек болса, соны істеу керек. Бұдан бөлек, әлемнің қай жерінде болса да, әрі кімге қарсы жасалса, жасалсын, озбырлықты тоқтату, әділетсіздікке тап болған адамдарға көмек беру, ой мен сөз еркіндігін тыйғысы келгендерге мүмкіндік бермеу де соғыстың негізгі себептерінен.

Мақсат тойтару болу керек

Құран кәрім бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін әуелі тойтару негізіне тоқталады. Тақырыпқа қатысты аятта былай делінген: «(Уа, иман еткендер!) Оларға қарсы Аллаһтың дұшпаны мен сендердің дұшпандарыңды әрі бұлардың тысында Аллаһтың біліп, сендердің білмегендеріңді қорқытып, үрейлендіру үшін күштерің жеткенінше, қуат пен соғыс аттарын дайындаңдар» («Әнфал» сүресі, 8/60) Байқалғандай, Құран кәрім бізге болуы мүмкін қауіптерге қарсы барлық сақтық шараларын жасап, тойтаратын күш болуды, дұшпанның жүрегіне үрей салып, басынан-ақ соғыстың алдын алуды бұйыруда.

Ислам тарихы бойы сенетін адамдар соғысты орынды қылатындай жағдайлар қалыптасқанда, кейбір кезеңдерде қылыш көтеруге мәжбүр болған. Бірақ көпшілігі тұрғысынан бұл ақиқат, жауыз күштерді басу, әлемдегі жалпы үйлесім мен тыныштықты бұзатын тирандарды жөнге салу, белгілі жерлердегі бұзық пиғылдылардың меселін қайтару, сондай-ақ, жер бетіндегі әділеттілікті қалыпқа келтіру мұратын жүзеге асыру бағытында қолданған. Бұл тұрғыда мынандай сұрақ туындауы мүмкін: Ислам тарихы бойы осы жағдайларға мұқияттылық танытылған ба? Жалпы жағдайға қарағанда мынаны еркін айта аламыз: мұсылмандар бұл тұрғыда бағытынан жазбаған. Алайда белгілі кезеңдерде ижтихад қателігіне ұрынғандардың кездескені де шындық. Басқаша айтқанда, ақиқат пен әділеттілік үшін жолға шыққанмен, кей уақыттарда қара қылды қақ жаратындай әділеттілік негіздерін сақтай алмаған. Мәселен, қылышқа жүгірмей-ақ, Құран мен сүннеттің өткір өлшемдерімен-ақ мәселені шешуге мүмкіндік бар тұстарда, бұл негізден мүлт кеткен болуы мүмкін. Міне, тарихтың түрлі кезеңдерінде кейбір жағрапияларда үнемі тұрақтап қалмауымыздың себептерінің бірі, меніңше, осы ижтихад қателері.

Сәлем: адами әрі ғаламдық құндылық

Қазіргі күнге келсек, қазіргі жағдайлар өткенге қарағанда басқаша. Жалпы жер бетінде белгілі деңгейде демократиялық мәдениет қалыптасып, ілім мен сөздің маңызы арта түсті. Өркениетті адамдарға тек көзін жеткізіп барып қана ұғындыру маңызды болып отырған бүгінгі күні ақиқатты қорғау мен оны басқаларға жеткізуде Құран мен сүннеттің алмастай жарқыраған өлшемдерінің өзінше бір ықпалы мен маңызы бар. Сондықтан, терең иман еткен адамдардың бойына терең сіңген жанпидалық, берілгендік, өзгелер үшін өмір сүру ғаламдық әрі адами құндылықтарды ілім, сөз бен өнер құралдарымен дәріптеу өте маңызды. Міне, «Сәлам» фильмі осындай оймен туындап, ізгілік мұратқа берілген адамдардың әлемге таралуын түсіндіру мақсатында түсірілген. Фильм жарияланбай тұрып, кейбір бөлімдерін маған көрсеткен, пікірімді білгілері келген. Өз басым фильм, сценарий, түсірілімді түсінбесем де, өзімнің тар ойыммен кей тұстарына пікір білдіруге тырыстым. Жалпы алғанда мақтаған жақтарым болды. Өйткені бұл фильмде Анадолы адамының өзіне әдемі жарасатын ой, пікір, парасаты мен кіршіксіз таза көңілі бар еді, оның тек әлемнің бір жерінде емес, Африкада Қиын шығысқа, одан Балкандарға дейін көптеген елдерге ашылуын түсіндіруде еді. Иә, ұстаздарымыздың түрлі жағрапияларда өмір сүрген, түрлі түсінік пен түрлі мәдениеттерде өскен адамдармен араласып, оларға көңіл бөлуі, олар үшін уайым жеп, өзгелердің бақыты үшін өмір сүруі, адами құндылықтармен жұмсартуы әрі оларды сүйіспеншілікпен, адамгершілік қасиеттермен көңілін аулап, белгілі бір деңгейге жеткізуі өте маңызды еді. Сәлам фильмінде осыларды көрсетуге тырысқан.

Білгендеріңіздей, адам жаратылысында бөтендерді жатсыну, жатырқау мінезі бар. Әсіресе, басқалар оны бұрын ассимиляцияға, қуғын-сүргінге ұшыратқан болса, онда жат елден келгендерді жылы қабылдауы тіптен қиын. Міне, осы керітартпа факторларға қарамастан Түркиядан шығып, түрлі елдерге барған білім еріктілерінің, жергілікті тұрғындардың көңілін аулауы, түрлі қоғам мен мәдениеттер арасында сүйіспеншілік, диалог пен бейбітшілік көпірлерін құруы мақтауға тұрарлық қажетті іс-әрекет.

Аяқтары сүюге тұрарлық ұстаздар

Құран мен сүннеттің алмастай жарқыраған ереже-қағидаттарын берік ұстанып, өздеріне жолбасшы ретінде қабылдағандар, кеңпейіл Анадолы адамы жаңа бір әлем мен сүйіспеншілік үшін әлемнің төрт бұрышында ізгілік үшін қиындықтар шегуде.

Естеріңізде болар, фильмнің бір көрінісінде тарихи бір көпір үстінде төбелесіп, өзенге құлаған екі баланы құтқарам деп өзі суға кеткен мұғалім бейнеленген. Мұғалімнің жанпида бұл әрекетін көрген бұрын төбелескен екі бала бір-бірін құшақтап тұрып жылайды. Осы көріністі көргенде, бәлкім көпшілігіңіз секілді мен де өз-өзімді ұстай алмай жыладым. Африкада, Ауғаныстанда көрсетілген көріністер де бұдан өзгеше емес еді. Әрине, ең маңыздысы фильмде көрсетілген бұл көріністердің өмірде шынымен кездескен оқиғалар болғанында. Сондықтан фильмде рөл ойнаған актерлар түсірілім үшін барған жерлерде шындықты көрсететін бір көріністі көргенде, сол мұғалімдердің жанпида әреттерін көріп, қатты әсер алғандықтарын айтқан.

Бұл жанаямас мұғалімдер кейде барған жерлерде соғыстың ортасында қалып, барған қалалары қоршауға алынғанына қарамастан ол жерден кетпей, терең опалылықпен оқушыларға пана болған. Мұғалімдердің ажалға бас тіге отырып, сабақтарын жалғауы елдің жүрегін жаулауға бір себеп болған.

Мұраты асыл бұл жігіттер Чанаккалеге бет алғандай, әлемнің түрлі елдеріне жол тартты. Кейде шаңырақтарына жаңа түсірген келіншектерін қалдырып кете барды. Кейде саусақтарындағы неке жүзіктерімен алыс сапарға шықты. Кейде көзі жасаураған ата-аналарының қолын сүйді, оларды Аллаға аманаттап, солай жолға шықты. Міне, бүкіл осы аянбай істеген істері үшін ол мұғалімдердің маңдайы емес табаны сүйілуі керек.

Жолдың терең пәлсапасын әлі ұға қоймаған ол кісілерге «Барыңдар» дегенде, еш кідірместен жүректеріндегі берілгендік сезімімен жолға шықты. Алла оларды итермелеп, олар да пәк сезіммен жолға түсті. Өз басым кеткендер арасынан шағым жасап, кері қайтқандарды білмеймін. Ондай жағдай орын алса да, мен білмеймін. Еліміздің ең беделді университеттерін бітіріп, дипломдарын ала салып, мұрты енді тебіндеген мыңдаған жастар ата-аналарының әрі маңайындағы адамдардың басқа үміт күткеніне қарамастан, тек «елім, асыл арманым» деп сапарлап кете барды.

Сәлемді жүректерге нақыштады

Кітаптарға, журналдарға, түрлі теледидар бағдарламаларына көрініс бергеніндей бұл жігіттер барған жерлеріне қай кезде де сәлеммен барды. Тақтаға жазғандарындай жүректерге де сәлем деп жазды. Ол сөздің «бас амандығы, жақсылық» екендігін үйреткен. Өздеріне тіл тигізгендерге де «Сәлем, сендерге амандық тілейміз» деп өте берген.

Міне, егер барған жерлеріңе осылай барсаңдар, сол жерлерде тұрақтап қаласыңдар. Сәлем сөздерің де ұждандарға орнығып, жүректерге сіңетін болады. Хақ тағала жасалған бұл қадамдарды бекерге кетірмейді. Өйткені құдси хадисте де айтылғандай, сендер Аллаға қарай бір қарыс адымдасаңдар, Ол сендерге адымдап жақындайды. Сендер бір адым жасасаңдар, ол сендерге қарай жүреді. Сендер жүріп барсаңдар, Ол сендерге қарай жүгіреді әрі сендердің көретін көздерің, еститін құлақтарың әрі сөйлейтін тілдерің болады (Қараңыз: Бұһари, Тәухид, 15, 50; Mүслим, Тәуба 1) Хақ тағаланың осындай мол игілігі барда сендер қалай табысқа жетпейсіңдер!

Әсілі, қылышты қынына салған бүгінгі күні біздің бір ғана барымыз ол сәлем. Сәлем: ұрғанға қолсыз, сөккенге тілсіз, жүрегімізді жаралағандарға еш ренжімеуді қажет етеді. Осы тұрғыдан жүрген жолымызды мінеп, сынағандарға берілмеу керек, үнемі тұрған орнымызда табандап тұрып, «Бұл дүние сүйеніш әлемі, реніш әлемі емес» деп, үнемі позитивті әрекет етіп, тек өзімізге тиесілі істерге ғана қатты көңіл бөлуіміз керек.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.