Амал және жәдал

Фетхуллах Гүлен: Амал және жәдал

Сұрақ: Мағруф Кархи хазіретке қарата айтылған «Жаратушы игілік қалаған құлын амалға бағыттап, жәдалға ұрынудан сақтайды» деген мағынадағы сөзді қалай түсінген жөн? Осыны айшықтап берсеңіз?

Жауап: Хазірет Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) мектебінің алғыр шәкірттерінің бірі, рухани алып әрі Азиядан шыққан ерекше тұлға Мағруф Кархи хазірет өз дәуіріне сәуле шашқан айтулы жан. Ол кісі сондай-ақ үлкен әулие ретінде де білінеді. Міне осы рухани алып «Жаратушы ие құлына жақсылық қаласа, оны амалға бағыттап, жәдалға ұрынудан сақтайды, ал жамандық қаласа, оны амалдан алыстатып, жәдалға бой алдыртады» (әл-Қазуини, Мұхтасару шуабил иман, Дамаск, Дару ибн Касир, 1/44-45) деу арқылы бір жағынан жүрек пен рух сергектігі үшін амалдың маңызына, екінші жағынан ақиқаттарды көруге кедергі келтіретін әрі рухани өмір үшін аса қауіпті вирус есебіндегі жәдалға деген осалдыққа назар аудартқан.

Амал мен ғибадат

Бұл жерде айтылған амалды құлшылық мақсатында Алланың разылығын мақсат тұта отырып орындалған барлық іс, міндет пен жауапкершілік ретінде түсіне аламыз. Фиқһ әдістемесі тұрғысынан ғибадаттар парыз, уәжіп, сүннет секілді сыныптарға жүйеленсе де, Алланың бұйрығы болуы тұрғысынан бұлардың барлығы да өте маңызды. Иә, ғибадаттарды өз ішінде қолға алып қарастырғанымызда, басқаларымен салыстырып кейбірін «кішіге» жатқызуыңыз мүмкін. Бірақ мынаны білу керек, парыз, уәжіп, сүннетімен ғибадаттардың барлығы да үлкен, «кіші» дейтіндей ешқандай ғибадат жоқ, бәрі де Алла есебінде өте бағалы. Тіпті ірі мұсылман ғалымдардың айтуынша, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне мойынсұна отырып, қалыпты әдеттерді құлшылыққа айналдыру ниетімен жасалған амалдардың өзі үлкен әрі оларға жеңіл қарауға болмайды. Мәселен, тамақ ішу, су ішу, тынығу секілді үйреншікті кейбір істерде сүйікті пайғамбарымызға мойынсұну мәжбүрлігі болмай, бұны тәрк еткен кісі азғындап кетпесе де, «әлфазы куфр», «әфғал куфр» секілді кейбір кітаптарға қарағанымызда, пайғамбарлар төресінің (с.а.с.) осы секілді істердегі мүбәрак дағдысына жеңіл қараудың адамды иман шеңберінен алыстатып жіберетіндей жағдай екендігі байқалады. Күпірге ұрынған адамның сол кезге дейінгі барлық жасаған жақсылығының босқа кететінін ескерсек, адамның осы мәселеде қаншалықты мұқият әрі сергек болуы керектігін анағұрлым жақсы түсінуге болады.

Осы жағынан Адамзаттың мақтанышының үйреншікті дағдыларын қайталауға мәжбүр болмасаңыз да, бір мүмин ретінде ешқашан оған жеңіл-желпі қарай алмайсыз, үстірт қарамау керек. Мәселен, пайғамбарымыз (с.а.с.) тыныққанда, қасиетті алақанын басына жастанып, мүбәрак аяғын бүгіп әрі оң жақ бүйірімен жататын. Егер адам олай жатпаса, аяқтарын созып, шалқайып немесе етбетімен жатса, әрине ол діннен шықпайды. Алайда бұл адам (Құдай сақтасын) пайғамбарлар төресінің (с.а.с.) осылай жатуын қорашсынатындай әлдене айтса, оның рухани құлдырауға ұшырауы кәдік. Байқап отырғанымыздай, бұл өзі өте нәзік мәселе.

Ғибадат түсінігі ауқымында тілге тиек еткен осы түсіндірмелерден мейлі үлкені, мейлі кіші секілді көрінгені болсын бүкіл ғибадаттарды орындау өте маңызды. Меніңше, Мағруф Кархи хазірет айтқан «амал» сөзіне осы тұрғыдан қарай білу керек. Мынаны да айтуға болады, сол кісінің сөзінде айтылған амалдан мақсат, Жаратушының бұйрығы шеңберінде әрі разылығы көзделіп жасалған барлық іс болса керек.

Осы тұста мынаған да көңіл аудара кеткен орынды, барлық нәрсенің негізі иман болғандықтан, әрине, құлшылыққа баратын жол да иман арқылы өтеді. Бірақ мынаны білу керек, адам бойына иманның сіңуі, жүрегіне тереңінен даруы құлшылық арқылы жүзеге асады. Иә, адам құлшылық өтеп жүріп, жақсылық жасай-жасай иман бойына жақсылап сіңеді, әрі иманды тереңнен сезінетін болады. Осы тұрғыдан иман бір негіз болумен қатар нақ сол деңгейде негіз болып саналмайтын құлшылық оны күшейтіп, бекіте түседі. Мәселеге философиялық тұрғыдан қарайтын болсақ, бұлардың бірін теориялық, екіншісін практикалық иман деуге болады. Жаратушыны тану да практикалық иманға байланысты екенін айта аламыз. Әр пенде үшін ғибадат осыншалықты маңызды болғандықтан, «Жаратушы ие бір құлына игілік қаласа, оны амалға үйірсек етіп, құлшылыққа бағыттайды» делінген.

Жәдал: жалғанды ақиқат етіп көрсетуге тырысу

Сөйлемде айтылған екінші ұғым жәдалға келетін болса, ол тілді безеп өтірікті шындай етуді, ақиқатты бұрмалауды білдіреді. Жәдалды басқа сөзбен айту керек болса, соның мағынасына жақындайтын сөз диалектика. Жәдал мен диалектиканың бастауы адамның өзін басқалардан жоғары санауы әрі өзгелерді менсінбей үнемі мұрын шүйіріп қарауда жатыр. Оған бір кемшілігін айта алмайсыз, өйткені ол өзін кемшіліксіз көреді. Осы себепті ол ешқашан өзіне шаң жуытпайды. Бұған қоса, ол жанына адам жолатпайтын тәкаппар деуге болады. Түптеп келгенде жәдал мен диалектика тәкаппарлық, даңғойлық, менмендік пен өркөкіректік секілді нашар қылықтан туады.

Ұғым шатаспауы үшін мынаны да айту керек, жәдал мен күрес (мүжадала) сөздері бір түптеп тараса да жалпыға беретін мағынасы бөлек. Жәдалды араб тіліндегі «мир-а» сөзінде айтылғандай ақиқат анықталуы үшін жасалған әрекет емес, қате де болса өзінің түсінігін, шала ойын басқаларға мойындату әрекеті ретінде түсінеміз. Күрес (мүжадала) болса, оң я теріс бір нәтиже үшін еңбектену, талпыну, пікірталасқа бару секілді одан да кең мағынада қолданамыз. Айталық, Құран кәрімде: «Олармен ең тамаша түрде күрес» (Нахл сүресі, 16/125) деп бұйырылу арқылы оң мағынадағы күреске мысал бергенін айта аламыз. Иә, ақиқатты дәріптеу, әділеттілікті орнату мақсатында көрсетілген талпыныстар Жаратушы есебінде мақтауға, атап өтуге, бағалауға тұрарлық күрес түріне жатады. Жәдал болса, ақыл мен қисынға негізделген қитұрқылықтармен басқаларды алдау, алдап соғу секілді мағынаға келетін күрестік жағымсыз түрі.

Қазіргі күні теледидарларда жиі байқалатын таласты бағдарламалардағы әдіс жәдал мен диалектика үшін нақты мысал. Айталық, бір бағдарламада сенімге байланысты бір тақырып қозғалады. Бір ғалым шығып, Құран мен сүннет аясында иманның діндегі орны мен маңызын, имансыздықтың адам үшін үлкен құлдырау екенін түсіндіреді. Алайда қарап отырсаңыз, айтылған осы ақиқаттар мазасын қашырған әрі ол айтылғандарды қабылдағысы келмеген қарсы алдындағы кісі диалектикаға беріліп «Сонымен не айтқың келді? Жұмаққа сен ғана кіресің бе?», «Алла сенетіндерді де, сенбейтіндердің де раббы емес пе? Тіпті Алланы тергегендей «Алла күнәкарларды да жұмаққа кіргізсе несі кетеді?» деген секілді сөз айтады. Анығында әлгі ғалым кісі қарсы алдындағы адамды имансыздығын айтып кінәлаудан аулақ. Мақсаты тек негізгі ережелер шеңберінде иманға қатысты ақиқатты түсіндіргісі келуде. Алайда иман тұрғысынан Құран мен хадистегі белгіленген шеңберді қабылдағысы келмеген жанындағы кісі болса, сөз қуып, негізсіз жайттармен иманға қатысты қалыптасқан әлгі түсінікті бұзып, өзінің таласта жеңіп шыққанын қалауда, міне осындай іс-әрекет жәдал мен диалектикаға жатады.

Күнәға күнә жамамау үшін

Дереу мынаны айта кетейін, мен бұндай жағдайға тап бола қалсам, жанындағы адамды күнәға, күнәдан да арман күнәға итермелемеу үшін «Аллаға кімнің шынайы сенгенін ешбіріміз біле алмаймыз. Оны тек Алланың өзі ғана біледі. Мен күн сайын екі жүз рәкат намаз оқып, түндерімді зікірмен өткізсем де, осы амалдарды істемеген кісі Аллаға менен де терең сенген болуы бек мүмкін» деймін. Меніңше, бұл мәселе өте маңызды. Өйткені жасалған бір күнәға тағы бір күнә жамалмауы үшін жанымыздағы кісінің тағы бір күнәға батуына мүмкіндік бермеуіміз керек.

Диалектикаға салынған адамдарға байланысты тағы бір маңызды мәселе, пайғамбарлар төресінің жәдалға барғандардың адамдарға түсетін илхам самалынан мақұрым қалып, олардан уахи берекесінің тоқтайтындығы түріндегі ескертуі. Бұл ескерту шеңберінде мынаны айтуға болады, дилектикаға салынғандардың айтқандары үнемі әуестік жағдайлар. Өмір бойы талқылап әңгімелеген осы жағдайлары ешқашан адамға терең әсер етіп, орнықты ықпал жасай алмайды. Осы себепті қазіргі уақытта көп кітап оқыған, білімі мол, көсіліп сөйлейтін адамдарды көреміз. Алайда, өкініштісі сол, бұл адамдар халқымызды рухани әрі материалды тұрғыдан өрге бастау үшін ешқандай шынайы жоба жасай алмаған, халқымызға орнықты қызмет ұсына алмаған. Демек, бұлар уахидың берекетінен айрылып, илхамнан үлес ала алмағандар.

Атқарылуы керек осынша жұмыс барда

Мәселенің сенетін адамдарға қарасты жағына келсек, диалектика мен жәдал бомбасы жарылған, яғни оның жүйе не әдіс ретінде қабылданған орындарында адамдар сол бомбаның альфа, бета әсерлеріне ұшыраған. Әрі одан қалайда әсер алғандар кезіккен. Сенетін адамдар арасында болса, сол бомбаның үшінші дәрежеде гама әсеріне ұшырап, одан әйтеуір бір әсерленгендер бар. Осы себепті олар да өз деңгейлеріне қарай уахидың берекесінен қол үзіп, илхамнан мақұрым қалған. Басқалары мақұрым қалса, бергілер де сүреңсіз өмір сүрген.

Осы себепті қарасаңыз, қоғамда белсенді, адамдық жолына берілген таза ниетті жанның өзі ғасырымыздағы осы жалпылама жағдайдан әсерленіп, хадисте айтылғандай сырқаттануда. Мәселен, адамдыққа берілген адам бүкіл уақытын, өз жобасы мен позитивті әрекетке арнауы тиіс кезде, «Біз осы жолға берілген жандармыз» түсінігімен басқа нәрселерге көз қиығын да салып қарамауы қажет кезде, жәдал мен диалектика үшін айтылған жайттарға құлағын тосып, ойы мен пікірін шашыратып алып жатады. Иә, жалпылама ортаның әсері, теледидар, интернет пен газеттің әсерімен адамдық жолға берілген адам да осы атмосферадан өзін сақтай алмайды. Анығында кейбір ірі мұсылман ғалымдардың айтуынша, біздің екі емес төрт қолымыз болса да, иман мен адамдық жолында атқарылуы тиіс істер тұрғысынан бәрібір жеткіліксіз. Бүгін азаматтарымыз жанпидалық, мәрттік әрі адамдыққа берілу сезімімен әрекет етіп, кұллі әлемге ашылып отыр. Алдымызда осыншама кең алаңда жұмыс атқару тұрғанда еш нәрсені зая кетірмей бар ой-пікірімізді, белсенділік пен күш-жігерімізді ғылым мен махаббат жолындағы осы берілгендікке арнауымыз керек емес пе? Бар ой-пікіріміз, қиял-армандарымыз үнемі осы бағытта болуы керек емес пе? Тіпті кешірерсіздер, дәретханадан шыққаннан кейін истибра жасағанда да бес-он қадамдық уақыттың ішінде де «Осы игі істерді қалай жылдамдатып, қалай кеңейтсек болады?» деп ойлауымыз керек емес пе? Иә, әлемде әлі барылмаған аймақ болса, Алла бізден есебін сұрайды деп, Мұхаммедтің аяулы есімі мен сүйіспеншілігі мен махаббатын төрткүл дүниеге жаюдың жағдайын ойлау керек. Кері жағдайда болмашы тірліктермен өмір сүру, ас ішу орындарында, анда-мұнда сөз қуысумен өмір өткізу дұрыс адамның ісі бола алмайды. Иә, Расулалланың есімін әлемге дәріптеу секілді қасиетті әрі абыройлы істе екенімізді сезінсек, сол жолда екенімізге сенсек, сол кезде біздің міндетіміз не істесек те міндетті түрде Расулалланың есімін төрткүл әлемге паш етудің жолдарын қарастыру болуы керек.

Егер сіз осындай ой жетегінде жүрсеңіз, Алланың қалауымен уақытыңызды соған қарай жоспарласаңыз, үнемі сол бағытта жүгіріп, өміріңізде жәдал мен диалектикаға баратындай бос уақыт қалдырмайсыз.

Иә, адамдық жолға берілген жан адамдықты ардақтау тұрғысында міндеті не болса, соған қарауы керек. Бір мұсылман ғалымның бейнелеп айтқан сөзіне қарасақ, алдымда сұмдық лаулап жанып жатқан от бар. Алаулары аспанды шарпуда. Ішінде балаларым жануда. Сол өртті сөндіруге жүгіріп бара жатқанымда біреу мені итергісі келіп, оған аяғым тиіп кеткен екен. Осы да сөз болып па, тәйірі? Әлгі сұмдық өрттің қасында бұл түкке тұрғысыз емес пе? Міне, осындай пікірге берілген жандар өмірін үнемі осындай түсінікпен өткізеді. Иә, олар үнемі амалға, қоғамда белсенді өмір сүреді. Жаратушы ие олардың талпыныстарына сай мол игілік нәсіп етеді. Есесін еселеп береді.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.