Көрші ақысы

Құран және ғылыми жаңалықтар

Сұрақ: Исламда көрші ақысы қаншалықты маңызды? Кемел қоғам құру жолында көрші ақысының алар рөлі қандай?

Жауап: Құран мен сүннетте ата-анаға жақсы қарау, туған-туыспен араны үзбеу, жетім-жесірге қамқор болу секілді құнды қасиеттердің қатарына көрші ақысын сақтау да жатады. Осы жайлы Аллаһ тағала «Ниса» сүресінде былай деп бұйырады:

وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ وَالصَّاحِبِ بِالْجَنْبِ وَابْنِ السَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَانُكُمْ إِنَّ اللَّهَ لَا يُحِبُّ مَنْ كَانَ مُخْتَالًا فَخُورًا
«Аллаһқа құлшылық жасаңдар. Оған ештеңені ортақ етпеңдер. Ата-аналарыңмен, туған-туыстарыңмен, жетімдермен, қамқорлықты керек қылған адамдармен, алыс-жақын көршілеріңмен, достарыңмен, қол астарыңдағы қызметшілермен жақсы араласыңдар. Аллаһ барлық дандайсыған мақтаншақтарды жақсы көрмейді» (Ниса сүресі, 4/36).

Бұл жерде Аллаһқа ғибадат ету мен Оған ештеңені ортақ етпеу әмір етілгеннен кейін артынша әке-шешеге қарау бұйырылған. Негізінен Аллаһтан кейін ең алдымен пайғамбарымызды сүюіміз керек. Өйткені біз Раббымызды сол кісінің себепкерлігімен таныдық. Сол кісінің үйретуі бойынша болмыстың сырын ұғып, жақсы мен жаманды ажырата алдық. Сол кісінің айтуымен мәңгілік бақыттың жолын көрдік. Ақиқаттан не үйренсек, сол кісінің айтуымен көзіміз ашылды. Сондықтан ол кісіге сансыз борыштармыз. Бірақ аталмыш аятта амал жағынан Аллаһ ақысынан кейін ата-ана ақысы келтірілген. Аяттың басында Аллаһқа иман ету айтылмай ғибадат ету керектігінің айтылуы амал арқылы орындалатын ақыларды санамалап тұрғанын көрсетеді.

Аятта одан кейін кезегімен туған-туыстарға, жетімдерге, кембағалдарға қамқор болу керектігі айтылып, артынан

وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ

деп туыс болсын-болмасын жақын және алыс көршіге жақсылық жасау әмір етіледі. Сондықтан адамның айналасындағы көрші-қолаңның ол адамда белгілі бір дәрежеде алар ақылары бар. Жақсылық жасауын талап етуге толық құқылы.

Кәміл иманға жетудің бір жолы

Көрші ақысы жайлы Бұхари мен Мүслимнің жинақтары бастаған көптеген еңбектерде молынан айтылады.

مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِي بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ
«Жәбірейілдің маған көрші жайлы өсиетті көп айтқаны соншалық, мен көршіге де мұрагерлік құқық берер екен деп қалдым» (Бұхари, Әдеп, 28; Мүслим, Бирр, 141).

Кісінің мирасқоры анасы, әкесі, балалары, жұбайы секілді жақындары бола тұра пайғамбарымыздың уахида айтылмаған нәрсені де ойлап қалуы көрші ақысының қаншалықты маңызды екенін көрсетсе керек. Негізінде біз Жәбірейілдің пайғамбарымызға көрші ақысы жайлы не айтқанын толық білмейміз. Өйткені пайғамбарымыз аталмыш оқиғаны егжей-тегжейлі түсіндірмеген. Ал Жәбірейілдің жаңағы шегелей тапсырғаны әрі пайғамбарымыздың жоғарыдай ойлап қалуы бізге көрші ақысы жайлы хабар береді.

Басқа бір хадисте былай делінеді:

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيُحْسِنْ إِلَى جَارِهِ وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَسْكُتْ
«Аллаһқа және ақырет күніне иман еткен адам көршісіне жақсылық жасасын. Аллаһқа және ақырет күніне сенген адам қонағын жақсылап күтсін. Аллаһқа және ақырет күніне иман еткен адам қайырлы нәрсе айтсын, болмаса үндемесін» (Мүслім, Иман, 74; Бұхари, Әдеп, 31).

Байқағанымыздай, бұл жерде кәміл иманның белгісі ретінде көршімен жақсы араласу аталған. Хадисте негізінен мынаған мән беруіміз керек. Аллаһқа иман ету басқа иман шарттарын да қамтиды. Бұған ақыретке деген иман да кіреді. Бұл жерде басқа емес, арнайы ақыретке иман айтылған. Өйткені кісінің істеген барлық сауапты амалдары оның ақыреттің бақытына деген үмітінен бастау алады.

Мәңгі бақытқа жетелеген жақсы көршілер

Тағы бір хадистерде Аллаһ елшісі көршісі аш бола тұра өзі тоқ жүрген адамның шын мүмин бола алмайтынын айтқан (әл-Хаким, Мүстадрак, 2/15). Және де көршісінен қауіп күтіп күмәнданған адамның да иманы кәміл емес екенін айтады. (Бұхари, Әдеп, 29; Мүслім, Иман, 73).

Көрші ақысына Құран мен сүннетте көп мән берілген. Мұсылмандық атты арқалап жүргеннен кейін көрші ақысын өз дәрежесінде атқарған жөн. Бұл мұсылман ахлағының бір белгісі.

Көрші ақысы дегенде ең алдымен керек-жарақпен бөлісу секілді материалдық көмектер еске түседі. Шариғаттан білгеніміздей, зекет тек мұсылмандарға ғана берілуі керек. Алайда зекеттен тыс садақаларды мұсылман еместерге де беруге болады. Осы себепті мұсылман болмаса да алыс-жақын көршілерге жиі материалдық көмек беріп отыру керек. Өйткені материалдық көмекке кез келген адам мұқтаж болуы мүмкін. Ал егер жағдайлары жоқ нашар болса, көршіңізге міндетті түрде көмектесіңіз. Оған қоса жұмыс тауып беру секілді көмектер де бағаланарлық іс.

Бірақ көрші ақысы деп тек материалдық көмекті ғана айтып қоюымыз ағаттық болар. Көршіңізге өзіңіз барып амандасу, әңгіме-дүкен құру, кездескенде жылы жүз таныту, үйіне іздеп бару секілді арадағы сыйластыққа сеп болатын амалдарды істеу керек.

Өзге елде өмір сүріп жатқан мұсылман да айналасындағы кісілермен барынша жақыннан сыйласып, мереке күндері арнайы сыйлықпен көршілеріне кіріп-шыққандары артық етпейді. Бұл айналасындағы адамдарды сүйіндіріп, мұсылмандара деген теріс пікірлерден алыстатады. Осы жағынан келгенде көрші ақысының тек материалдық дүниелермен шектеліп қалмайтынын көреміз.

Күнәға себеп болатын кейбір әдепсіздіктер

Харам етілген нәрселерді көршіге жасағанда күнә одан сайын ауырлай түсетіні хадистерде айтылады. Харам етілген нәрселер мен жеккөрінішті амалдардың да өзіндік дәрежелері бар. Мысалы, Аллаһ тағалаға қатысты әдепсіз нәрселер айту Құран кәрімде үлкен күнә ретінде аталады.

تَكَادُ السَّمَوَاتُ يَتَفَطَّرْنَ مِنْهُ وَتَنْشَقُّ الْأَرْضُ وَتَخِرُّ الْجِبَالُ هَدًّ
«Осы себепті көктің күл-талқаны шығып, жер қопарылып, таудың да түгі қалмайды» (Мәриям сүресі, 19/90).

Осы секілді харамдықтың дәрежелері бар, ондай салмақты жер де көтере алмайды. Туыстар арасында да кейбір күнә мен әдепсіздіктердің ауырлығы еселеп арта түседі. Өйткені туыстар арасында сыйластық пен махаббат үзілмей, салтанат құруы керек. Осы секілді белгілі бір дәрежеде достық орнап, сыйластық құрған адамдардың арасындағы жағымсыз нәрселер әдеттегідей болып саналмайды. Өсе келе күнәға айналуы да ғажап емес.

Өкінішке орай, бұл күндері көршілік қатынастарды ұмытып бара жатқанымыз ащы болса да шындық. Мұсылман елдерінің өздерінде бір кіреберісте бірнеше отбасы бірге өмір сүре отырып, бірін бірі іздеп жатпайды. Тек шу шығып, не болмаса мазаны алып жатқанда ғана наразылығын айту үшін бірінің үйіне бір бас сұғады. Сондықтан әдетке айналып бара жатқан осы сынды көршілер арасындағы сорақылықтарды қолымыздан келгенінше жөндеуге тырысу керек. Алайда сүйекке сіңген әдеттен арылу да оңай емес. Сол себепті ашура күні, басқа күндері немесе көршілеріңіздің мереке қылған күндері қолдарыңызға азын-аулақ сыйлық алып көршіңізге кіріп-шығудың түк те қиындығы жоқ. Адам баласы қайырымды жаратылыс әрі болмысынан ізгілікке құмар. Сондықтан қандай да бір жақсылық жасасаңыз, кімге болса да әсер етпей қоймайды. Олар бәлкім көп уақыт бойы мынау неге маған көңілі түсе қалды, әлдене сұрайын деп жүр ме дегендей ойға да келер. Бірақ уақыт өте келе сіздің ешқандай қайтарым күтпейтініңізді, кіршіксіз көңіліңізді көргеннен кейін сізді іштей ұнатып-ақ қалады.

Пайғамбарымыз мұсылмандарды біртұтас ғимаратқа теңейді (Бұхар, Салат 88; Мүслім, Бирр 65). Қазіргі заманда көршілік қатынастар әбден құлдырағандықтан, әуел баста біздің көршілерімізбен байланыс құруда еткен еңбегіміз жеміс бермеуі мүмкін. Алайда көркем мінез бен сабыр, Аллаһқа деген тәуекел түптің түбінде өз жемісін бермей қоймайды. Мұсылманның бір сипаты жасаған жақсылығына қайтарым күтпеу емес пе? Осындай қоғам салтанат құрғанда ғана Исламның нұры тіршілігімізден көрініс табады. Ақыр аяғында әлгіндей үлкен істерді бастаған адамдар қоғамның алғысын алады.

Ғалымдар үлкенді-кішілі күнәларға бой алдырған қоғамның саламатты қоғам болуы мүмкін еместігін білдіруде. Сондықтан саламатты, әділ қоғам құру үшін адамдар біріне бірі көмек көрсетіп, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйып, реті келгенде тура жолға шақыра жүргендері жөн. Аллаһ тағала мұсылмандардың бір-бірінің алдындағы жауапкершілігін айтқанда былай дейді:

وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَان
«Жақсылық жасау мен тақуалықта бір-біріңе көмектесіңдер. Күнә мен дұшпандықта бірі-біріңе болыспаңдар» (Маида сүресі, 5/2).

Құран кәрімнің осы бір әмірін ескере отырып, барша мұсылмандар көршілерін жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға жұмыс жасауы керек.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.