Білімнің амалға айналуы

Құран және ғылыми жаңалықтар

Сұрақ: Пайғамбарымыздың заманында кез келген аят түсер-түспес сахабалар сол аятты саналарына мықтап орнықтырып, дереу аятты өмірлерінің өзегіне айналдырып, аяттың айтпағын орындап отырғандары белгілі. Ал біз қыруар кітап оқып, біліміміз жұрттан асып бара жатса да, оны орындау жағына келгенде осалдық танытып жатамыз. Осы бір дертіміздің себебі не екенін, бұдан құтылудың жолдарын айтып бересіз бе?

Жауап: Білімнің амалға айналуы үшін білген нәрсеңіз қарапайым ақпарат түрінен кәдімгі қорытылған, сарапталған мәлімет болғаны жөн. Кез келген нәрсені түсіну үшін ол туралы терең пайым мен мәселені құрғақ жаттағаннан гөрі терең түсіну керек. Әйтпесе тек ақпарат түрінде ғана көкейіңізде сайрап тұрған дүние сіздің әрекет етуіңізге себеп бола алмайды. Сондықтан білімді амалға айналдыру үшін ең алдымен керегі ғылымға деген қомағайлық. Білген үстіне біле түсуге деген құштарлық. Аллаһ тағала Таха сүресінде пайғамбарымызға: «Уа, Раббым, менің ілімімді арттыр деп сұра» деген әмір береді. Сондықтан әр мүмин білім алу жолында пайғамбарша хәл мин мәзид (Білген үстіне біле түсуге деген құштарлық) жолын ұстанып, ешқашан да болдым-толдым деп ойламауы керек. Мысалы, бізге тура мағынасында Құран кәрімді оқу әмір етілді. Егер біз Құранды бастан-аяқ жаттап алсақ та, егер оның терең мағынасына ой жүгіртпесек, ислам қазыналары бізге беймәлім болып қала бермек.

Берілген ілімге шүкіршілік ретінде

Сіз екінің бірі біле бермейтін үлкен ғылымға ие болуыңыз мүмкін. Тіпті илмәл яқиннан айнал яқин дәрежесіне дейін де жеттіңіз делік. Бірақ осынау мәртебелерге жеткеннен кейін білгеніңізді амалға айналдыра алмасаңыз, кәміл иманға жете алмай, Аллаһқа жете алмай орта жолда діңкелейсіз. Және де «Кімде-кім білгенімен амал етсе, Аллаһ оған білмегенін де үйретеді» дегенді ескерсеңіз, біліміңізді амалға айналдыру білім сатысында жоғары өрлеудің және бір жолы екенін көресіз. Сондықтан Аллаһтың сізге берген іліміне шүкіршілік ретінде білген іліміңізді амалға айналдырғаныңыз дұрыс. Мысалы, күнделікті оқылатын қырық бас намаз өз алдына сіз өзіңіздің субъективті жауапкершілігіңіз деп біліп қырық емес сексен бас намаз оқыңыз.

Осы жерде мына бір әңгімені де айта кетсем деймін. Марқұм анамның көзі тірісінде анда-санда барып амандасып тұратынмын. Бір жолы маған былай дегені есімде: «Қажы мырза, мен күн сайын үлкен жәушан кітабын хатым етіп жүрмін, осыған қоса тағы не оқуыма кеңес бересің?». Міне, бұл білген үстіне біле түсуге деген құштарлық. Аллаһтың сыйына кенелген адам сол сыйға лайықты түрде шүкірін білдіруі керек.

Айша анамыз пайғамбарымыздың (с.а.с.) аяқтары ісініп кеткенше намаз оқығанын айтады. Бұсайри де осы жайлы:

«Мен пайғамбарымыздың сүннетіне кереғар іс жасадым. Ол кісі аяқтары ісінбейінше дем алмайтын, ал мен аяқтарым ісінбей жатып дем аламын» дейді.

Хазірет Айша анамыз пайғамбарымызға әлгіндегідей кезде күнәларының өткені мен келешектегісі кешіріле тұра неліктен мұндай әуреге түсетінін сұрайды. Сонда пайғамбарымыз: «Раббымның нығметіне шүкір етуім керек емес пе?» деп жауап берген екен. (Бұхари, Тәхажжүд 16).

Негізінен бұл жерде құлшылық жайлы өте керемет ой бар. Әр адам өзіне берілген нығметіне қарай құлшылық пен шүкірін етуі керек. Бұл білімге де қатысты.

Амалдың даналыққа жеткізуі

Осы жерде Иммануил Канттың «Саф ақылдың сыны» деген еңбегіндегі ойды да айта кетуге болады. Кант бұл жерде құрғақ теориямен Аллаһ тағаланы тану мүмкін емес екенін, Жаратушыны тану жолы ғибадат екенін де айтады. Сол секілді ілім амалға айналғанда мағрифетуллаһ кейін махаббатуллаһқа қол жеткізетіні ақиқат. Сөйтіп ғибадаты кәміл адам кәміл иманға жетіп Жаратушымен жолығар күнді сағына күтеді.

Ғалымдар ғибадаттың мақсаты иман екенін айтады. Одан кейін мағрифатуллаһ, одан кейін махаббатуллаһ. Одан кейінгі жететін дәреже ғибадаттан рухани ләззат алу. Міне, осы рухани дәрежеге жеткен адам үшін дүниенің бар ләззаты түкке де тұрғысыз болады. Мұндай кезде Аллаһ тағала ол адамға өзін сезіндіреді, байланыс құрады. Егер рухани әлемімізде Аллаһқа деген ғашықтықты сезіне алмасақ, демек әлі де кәмілдікке жете алмағанымыз. Бірақ ескере кететін нәрсе, бұдан ешқайсымыз үмітсіздікке ұшырамағанымыз жөн. Сондықтан біліміңіз көбейген үстіне көбейе берсе де егер сіз оны өз өміріңізде орындамасаңыз, тұрған орныңызда тұра бересіз. Ондай жағдайда адам тек сырттай мұсылмандық формада болады. Мазмұнға ие бола алмайды. Тек парызын ғана орындап, Аллаһпен шынайы байланыс құра алмаған бейшараның күйін кешеді.

Құран кәрім білгенін орындамаған адамдарды жүк арқалаған есекке теңейді. (Жұма сүресі 62/5). Иә, кісі білгенін өз өмірінде амалға айналдырмаса, білгені ол үшін жүк болады. Бұл дегеніңіз пайдасыз ілім деген сөз. Ал пайғамбарымыз пайдасыз ілімнен Аллаһ тағалаға сыйынғаны белгілі.

Жамағатпен білім алу

Жекелей зерттеулер, оқу мен Аллаһ-адам-ғалам үштігінде ой жүгірту, неше жерден оқымысты болса да кісінің жалғыздан-жалғыз ғылыммен шұғылдануы жамағатпен білім алғандай бола алмайды. Жамағатпен оқығанда қарастырылып отырған тақырып тың ойларға бай келеді. Өйткені Аллаһ тағала «Фәтх» сүресінде: «Аллаһтың қолы олардың қолдарының үстінде» деген. Пайғамбарымыз да: «Аллаһтың көмегі мен қамқоры жамағатпен бірге» дейді. Басқа бір жерде болса жамағаттан айырылған адамның қасқырға жем болатынын айтып, «бөлінгенді бөрі жейтінін айтады».

Осы жерде ерекше мән беретін нәрсе, мәжілістерде дүниелік бос әңгімелер мен арзан сөзден аулақ болып, ғибратты ой мен діннің шеңберінен шықпағанымыз жөн. Сахих хадистердің бірінде пайғамбарымыздың өмірінде үш рет қана дауыстап күлгені айтылады. Дауыстап күлмегенімен ол түнеріп те жүрмей бірыңғай күлімсіреп жүретін. Пайғамбарымыз жүріс-тұрысымен де Аллаһтың даналығы мен сұлулығын паш етіп жүргендей еді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, өзара жиналғанда өзімізге ерекше мән беріп, өзімізді өзіміз тәрбиелеп отыру керек. Шариғат шеңберінен шықпай дін аман өмір сүруіміз үшін ақыл-ойымыз бен жүрегімізді таза ұстап, иманымыз бен ойлау жүйемізді бақылап отырғанымыз жөн.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.