Даналық пен парасатқа жету

Фетхуллаһ Гүлен: Даналық пен парасатқа жету

Сұрақ: Даналыққа жету үшін шариғат міндеттерін орындаумен қатар тағы не істеген жөн?

Жауап: Намаз, ораза, зекет пен қажылық Исламның парызы, ал куәлік сөзі – кісінің иманын тұрақты ететін, иман дәмін сезінуге сеп болатын тылсым дүние. Беймәлім әлемнің сырын ұғындыратын құдіретті сөз. Куәлік сөзі өмірдің басы һәм соңы. Мұсылман куәлік келтіріп туылып, куәлік сөзімен көз жұмады. Куәлік сөзін айтпайынша, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, тағдырға, ақырет күніне сенем деу бекершілік. Куәлік болмайынша, иман болмайды, иман болмайынша ғибадат та жоқ. Мұсылманның даналығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, ол бір ғанибет, ал пайғамбар фәтанатынан сабақ алған мұсылманның даналығы имансыз өрістемейді.

Даналыққа келетін болсақ, ол иман мен ғибадаттан бастау алған үлкен қасиет, белгілі бір дәрежеде күш. Сондықтан даналыққа жетем деген кісі алдымен иманын кемелдендіріп, ғибадатын толық етуі керек. Мұнымен шектеліп қалмай, игілікті іс істеп, мінезін көркем еткені жөн. Ғибадаттың дәмін сезбейінше даналық дәнін санаңызға еге алмайсыз. Ал даналықтың не екенін білмеген адам Аллаһты өз дәрежесінде сүйе алмайды, пайғамбарына махаббатын сақтай алмайды. Мұның бәрі кісінің өзін тәрбиелеуіне байланысты. Ғалымдардың айтқанындай, «Ғибадатыңмен мұсылмандық парызыңды орындадың, ал кәмілдікке жету үшін парасат керек». Парасат, даналық дегеніміз мұсылмандықтың шыңы десек, қателеспейміз. Парасатты түсіне алмағандарға ғибадаттың сыртқы пішінінен басқа ештеңе көрінбейді, өйткені оның дәмін сезінбейді. Жұрттың бәрі ораза ұстағаны үшін ауыз бекітіп, әке-шешесі айтқаны үшін намаз оқитын болса, ол мұсылманнан парасаттың белгісін іздемей-ақ қойыңыз. Осы жайлы пайғамбарымыз да:

رُبَّ صَائِمٍ لَيْسَ لَهُ مِنْ صِيَامِهِ إِلَّا الْجُوعُ وَرُبَّ قَائِمٍ لَيْسَ لَهُ مِنْ قِيَامِهِ إِلَّا السَّهَرُ
«Кейбір кісілердің оразалары ашығу мен шөлдеуден аспайды. Сол секілді кей кісілер намаздарынан шаршағаннан басқа ештеңе де таппайды» дейді. (Ибн Мажә, Сиям, 21; Ахмед ибн Ханбал, Мүснәд, 7/373).

Демек даналыққа жету ғибадаттың негізгі мәні оны сезіне орындау, парасатын түсіну. Мысалы, даналыққа себеп болған ихсанмен оқылған намазда кісі өзін Аллаһтың алдында тұрғанына жүз пайыз сенімде ұстайды. Мұндай кезде рия мен дүниелік нәрселерді былай қойғанда, адам өзінің қайда тұрғанын да ұмытады. Аллаһ тағала пайғамбарымыздың намаздағы күйін былай деп суреттейді:

اَلَّذِي يَرَاكَ حِينَ تَقُومُ وَتَقَلُّبَكَ فِي السَّاجِدِينَ
«Ол сенің (түнде тәһажжуд) намазға тұрғаныңды көреді. Басқалармен сәждеге бас қойғаныңды да» («Шұғара», 218-219 ).

Мұндай жағдайға жеткен адам кем дегенде саналы түрде үнемі Аллаһ тағаланың құзырында тұрғанын ойлап, намазын да ихсанмен оқығаны абзал. Даналыққа жетудің бірегей жолы ғибадатты лайықты дәрежесінде орындау. Қарапайым ғана мысал, намаз оқығанда әр рүкінді толық орындап, мағынаға мән беріңіз. Тек басында ғана ниет етіп, кейін санасы сан-саққа жүгіріп жатса, бұл кісінің ғибадат дәмін сезіне алмасы анық, тиісінше даналыққа жетуі де қиындау. Өзгені де, өзін де ұмытып жан-тәнімен намаз оқуды, жалпы ғибадат ішіне «бойлауды» қасбул-қалб дейді. Кейде кісінің санасын сайтанның сапалағы билеп, ойынан жаңылысуы да мүмкін, әрине, әркімде-ақ кездесетін жағдай. Ондай кезде Құдайдың берген ерік-жігерімен жауымызға қарсы тұра білуіміз керек. Және намазда оқыған аят пен дұғаларыңыздың мағынасын өте жақсы білген жөн, яғни даналыққа жету үшін білім де керек. Бұл тәфаккүр етудің жолы.

Тұрақтылық

Аллаһ тағаламен байланысымыздың тұрақты әрі терең болуы да даналыққа жетудің тағы бір жолын құрайды. Аллаһтың сендерге деген махаббаты мен назары сендердің Оған деген махаббаттарың мен зікірлеріңе байланысты. Даналықтан өтіп, фәтанатқа ие болған пайғамбарымыздың бір хадисінде «Амалдың Аллаһқа ең ұнамдысы аз да болса үзілмегені» (Мүслим, «Салатул-мусаффирин») дейді. Рас, тасты судың қаттылығы емес, үздіксіз тамшылап тұрғандығы теседі. Осы секілді Аллаһқа сүйікті болу үшін ғибадатымызды тұрақты түрде орындай білгеніміз дұрыс.

Әбу Ханифа Қадір түні жылдың кез келген түнінде кездесуі мүмкін екендігін айтады. Негізінен Қадір түні Рамазанның соңғы он күнінде, оның ішінде 27 түнінде екені белгілі десек те, Ұлық имам әр түнді қадір деп біл дейді. Ел ішіндегі «қырықтың бірі Қызыр» деген сөз де содан қалса керек. Адам жұмаққа деген жолдама қай ғибадаттың ішіне жасырынғанын білмегендіктен, сауаптың үлкен-кішісі жоқ деп бар ісін шын ықыласпен орындауы керек. Аллаһтың алдында тұру бақытын ұйқының ләззаты алмастыра алар ма, сірә!

Толықтай бағыну

Ғалымдар әлсіздік пен қауқарсыздықты сезіну, бұған қоса шүкірлік те парасатқа жетудің бір жолы деп түсіндіреді. Яғни, Аллаһтың пәрменінсіз қолынан ештеңе де келмейтінін, өзіне тиесілі ештеңенің жоқ екеніне қарамастан Сырдың суы сирағынан келіп жүруі Құдайдың кеңшілігі екенін біліп, соған шүкір етуі де даналықтың нақ өзі. Сонымен қатар, түсіне отырып Құран оқу да Мағрифаттың бір жолы.

Мағрифатқа жету үшін Аллаһқа бағына отырып шариғат шеңберінен шықпай өмір сүру басты шарт. Рухани ұстаздарымыздың бірі Юсуф ибн Хүсейін Разидың айтқанындай, барлық қайырлы істің тылсым кілті Аллаһқа бағыну, ал барлық жамандық пен бәлекеттің басы тәкаппарлық пен өзімшілдік. Тәкаппар адамдар өмір бойы сәжде етсе де кішіпейіл жанның дәрежесіне жете алмайды. Жүрегінде титтей де тәкаппарлық бар адамның жұмаққа кірмейтінін де білеміз.

Бір құдси хадисте Аллаһ тағала былай дейді:

اَلْكِبْرِيَاءُ رِدَائِي وَالْعَظَمَةُ إِزَارِي فَمَنْ نَازَعَنِي وَاحِدًا مِنْهُمَا قَذَفْتُهُ فِي النَّار
«Тәкаппарлық Менің шапаным, Ұлылық менің көйлегім. Кімде-кім менімен осыларға таласса, тозаққа тастаймын» (Мүслим, Бирр, 136; Әбу Дәуіт, Либас, 26).

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.