Болмысты түсінудің кілті

Фетхуллаһ Гүлен: Болмысты түсінудің кілті

Сұрақ: Айтулы ғалымдардың бірі (хазірет ұстаз деп атасақ та болады) қырық жылдық өмірінің, отыз жылдық дін қызметіндегі белсенді бөлігінде үйренген ерекше төрт түрлі сөзді айтады. Соның бірі «назар салу» сөзі. Осы сөздің мағынасын түсіндіре аласыз ба?

Жауап: Ол ғалым «Мәснауи Нұрия» деген еңбегінде төрт түрлі сөздің мағынасы ерекше мән берген. Бұлар сөздің мағынасы, әріптің мағынасы, ниет және назар салу. Назарды түсіндірмес бұрын алдыңғы үшеуін қысқаша айтып кетсек.

Сөздің мағынасы мен әріптің мағынасы.

Сөздің мағынасы мен әріптің мағынасы грамматикаға қатысты терминдер. Сөз мағынасы дегеніміз түсінудің құралы. Ал әріп өз алдына ешқандай да мағына бере алмайды. Міне, хазірет Ұстаз сөз бен сөйлемнің логикалық мағынасын ала отырып сөйлеткені сияқты, грамматикадағы сөз бен әріптерді де дүние мен болмысты танудың бірден бір жолы екенін айтқан. Осыған орай, болмыстағы барлық нәрселердің сыртқы пішініне қарамай, әр нәрседен Аллаһты тануға талпынып, мысалы, нығмет көргенде Мунғимды, себеп салдарды көргенде Мүәссири Хақиқинің өнерін тамашалай білген.

Амалдың мәнін өзгерткен ниет

Ниетке келер болсақ, хазірет Ұстаз ниетті амалдың рухы, күнәні сауапқа айналдырар тылсым күш деп білген. Ауыр күнәні істегеннен кейін оның сауапты амалға айналуына себеп болатын да осы ниет. Ижтиһад дегеніміз діннің негіздерін сақтай отырып қабылданған шешім болса, мүжтәһид осы істі істеген адам болмақ. Ал егер әлгі мүжтәһид өз ісін лайықты дәрежесінде орындай алмаса бәрібір, ниеті үшін үлкен сауапқа ие болмақ.

Тағы бір жағынан кісіге Аллаһ тағаланың разылығын алуды мақсат еткенімен кейіннен атақ қуып, не болмаса мақтан үшін сауапты амалды жасаса да күнә.

Осы жерде Бухаридан жеткен мына бір хадисті айтқым келеді. Үш адамның алғашқысы елге батыр болып көріну үшін соғысқа барса, екіншісі жомарт атану үшін дүниесін оңды-солды таратады. Ал үшіншісі ғалым болып елден сый дәм еткендіктен сауаптан мақұрым қалған. Көпшілік алдына шығып уағыз айтып, том-том кітап жазған адам Аллаһ разылығын былай ысырып қойып, дүниесінің қамын жайластырып жатса, арғы дүниеге құр қол кеткендердің бірі болмақ. Егер кісі Аллаһ разылығынан басқа ештеңені мұрат қылмаса, дүниелік марапаттар оның көзін байлай алмайды.

Назар салу немесе Көре білу

Көре білу, әр нәрсенің астарын түсіне алу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Білу басқа, түсіне алу мүлде басқа. Кісі шын көңілмен назар салмаса әлденені ұғуы екіталай. Қарау бар да, көру бар. Және ең бастысы жүрекпен, көңілмен сезіну керек. Көру бар да ұғу бар деген секілді.

Көре алудың тағы бір маңызды жері – қалай қарағанға және не көргісі келгенге байланысты. Егер дүниеге материалық көзбен қарайтын болсақ ешбір ғибрат көре алмасымыз анық. Орыстың ұшқышы Гагариннің «Мен ғарышқа барып келген адаммын. Бірақ ол жерден Құдайды кездестірмедім» дегені секілді. Құдай сақтасын! Неджип Фадл деген ақын мұндайда былай демеуші ме еді: «Ай, ақымағым-ай! Аллаһты қарапайым зат деп кім айтты саған?» Аллаһты заттай көрем деп, оны үш өлшемді дүниеден іздеу бекершілік. Рухани әлемге қол жеткізгенде ғана Аллаһпен достасасыз. Ал рухани әлеммен достасу кәдімгі иман етуден басталмақ. Және де іштегі рухани дерттерден арылу керек. Тәкаппарлықтан бастап барлық Ібілістік қасиеттерден арылғанда ғана ақиқат сізді өзі іздеп табады. Сол кезде сіз өзіңізден өзіңіз Аллаһты шын сезініп, қос дүниенің бақытына бірден қол жеткізіп, жұмаққа бет түзейсіз. Жоғарыдағы Мәснәуи кітабында хазірет Ұстаз былай дейді:

تَأَمَّلْ سُطُورَ الْكَائِنَاتِ فَإِنَّهَا مِن الْمَلَاِ الْأَعْلَى إِلَيكَ رَسَائِلُ

“Болмыстың әр парағын мұқият оқы. Шын түсіну үшін иман сабағына тереңдей түс. Өйткені ол Аллаһтың саған жіберген хабары”. Егер әлемге материалист, натуралист, позитивист болып қарасаң, Құдайды жоққа шығарар мыңдаған өзіңше «дәлел» табарсың. Ал бұл өз кезегінде рухани әлемге, ақиқатқа жасалған зұлымдық. Неге қалай қарау керек екенін білмегендіктен, кісі мұндай жағдайда әр нәрсе мен құбылыстың астарындағы Аллаһтың сипаттарын көре алмайды.

Хазірет Ұстаз айтқан Құранға қатысты шайтанмен болар пікірталас та біздің тақырып аямызды аша түскендей. Хазірет Ұстаз Құранды Аллаһтың сөзі екенін шегелей айтқан еді. Құран Аллаһтың адамзатқа айтарын жеткізген ұлы кітап. Сондықтан Құранды түсіну үшін оның бағасы мен қадірін түсініп алған абзал.

Жалпылай көру

Дүниені танудың тағы бір жолы әлемге бөлшектеп емес, бір бүтін ретінде қарау. Бірақ бұл да оңай емес. Екінің біріне бұйыра бермейді. Осыдан болар хазірет Ұстаз рухани көкжиектің кеңеюімен түсіндіреді. Шүкірлік көзімен қараған адам өзінің өзге жаратылыстардан артықтығын көріп Аллаһты кезекті рет ұлықтайды. Даналық көзімен қараған адам барша құбылыстың астарындағы хикметті көріп Аллаһтан басқа құдай жоқ екеніне көз жеткізеді. Яғни, рухани әлемнің сабағын алмай-ақ адамның Аллаһқа бағынуына осы материалдық әлемге мүминнің көзімен қарау да жетіп жатыр.

Табиғатқа адам баласы ғибрат көзімен қарауы керек. Ұстаздың айтқанындай: “Бос, бекер, яғни жекелей, бөлектен алынған мағлұмат уәсуасаға ұшырайды. Ұжданыңмен жалпылай қарасаң, ақиқатқа сонда жетесің. Жалпыдан жекеге қарау керек». Кісі болмысқа кішкентай масштабпен емес, барлығын қамтитындай үлкен ғибратты көзбен қарауы керек. Адам баласы дүниеге жоғарыдан қарап үйренгені жөн. Әр нәрсенің астары мен хикметін тани білген жөн. Мағынасы мен мәнін оқуға тырысу керек. Астарлы ойды ұға білген адам әр нәрсенің хикметін де түсінуді үйренеді. Бұл дүниені танудың бірегей жолы.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.