Бақытты ғасырдағы оқиғаларды сараптау тұрғысынан көзқарас

Фетхуллаһ Гүлен: Бақытты ғасырдағы оқиғаларды сараптау тұрғысынан көзқарас

Сұрақ: Хазірет Алидің қалған үш халифамен қарым-қатынасы қандай болған? Кейбіреулер араларында келіспеушіліктер мен дүрдараздықтардың болғанын айтады. Мәселенің шындығы қандай? Тарқатып айтып берсеңіз.

Жауап: Тақырыпты дұрыс талдау үшін әуелі хазірет Али мен қалған үш халифаны жақсы тани білу керек. Неге десеңіз, ондай ірі тұлғаларды өздеріне тән тереңдігі мен биіктігіне сай танымай айтылған сөздер түрліше жорамалдарға себеп болып, қате түсініктерге жол ашуы мүмкін. Ал енді қаласаңыздар, тарихта «Әділетті халифалар» деп аталған осы кісілердің өмірлерінен үзінділер бере отырып, жақынырақ тануға тырысайық.

Алтын шежіренің бас тәжі

Хазірет Али мейлі пайғамбарлыққа дейін, мейлі пайғамбарлық міндет келгеннен кейін болсын ұзақ уақыт Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уәсәлләм) тәрбиесін көрген жан. Ол Аллаһ елшісінің «Фатима – менің бір бөлшегім. Оны ренжіткен жан мені де ренжітеді» (Бұһари, Фәзаилул асхаб. 12) деген қызымен бас қосып, Пайғамбарымызбен арада алабөтен туыстық орнаған. Ардақты елші жиі-жиі олардың шаңырағына бас сұғып, күндіз де, түнде де үйлеріне соғып, жандарында болып, немерелерін құшағына алып еркелеткен. Осы себепті хазірет Али үнемі пайғамбарымыздың көңіл күйіне ортақ болған.

Бұдан бөлек, Аллаһ елшісінің (алайхи салауатуллаһи уә сәләмуху) мүбарәк немерелері осы құтты шаңырақта дүниеге келіп, пайғамбарымыздың ұрпағы солардан тараған. Хазірет Хасан шерифтердің, хазірет Хұсейін сейіттердің бабасы. Осы тұрғыдан хазірет Алидың, Әбу Хасан әш-Шазили, Ахмед Руфаи, Абдулқадир Гейлани мен Мұхаммед Бахауддин Нақшибенд секілді өте үлкен құтыптардың (құтып: ірі рухани дәреже. Ауд. ) арғы бабасы болу жағынан өзгешелігі бар.

«Әбу Бәкір болмаса, мұсылмандық болмас еді»

Алайда қалған үш халифаның да өздеріне тән орындары жоқ емес. Мәселен, хазірет Әбу Бәкірдің белгілі бір кезеңдерде қорғаныш бола білгендігі өте маңызды. Оның алғаш рет Аллаһ елшісіне қорғаныш болуы, хижрет кезінде Пайғамбарымызбен бірге жүрген қауіпті жолдарда басын бәйгеге тіккендігі, қаншама рет Пайғамбарымызға тарпа бас салған уақыттарда оның алға ұмтылып, Перғауын әулетіндегі мүминнің айтқанындай, «Раббым Аллаһ дегені үшін кісі өлтірмекшісіңдер ме?» (Ғафир сүресі, 40/28) деуі өте маңызды оқиғалар легін құрайды (Қараңыз: Бұхари, фәзаилул асхаб, 5). Зер қадірін зергер біледі. Осы тұрғыдан хазірет Али «Егер Әбу Бәкір болмаса, мұсылмандық болмас еді» (Дәйлами, әл-Мүснад, 3/358) деген сөзімен оны жоғары бағалағандардың әуелгілерінің бірі болған. Басқа бір уақытта хазірет Али оның тұлғасының биіктігін мына сөзімен білдірген: «Хазірет Әбу Бәкірдің бір түні, біздің өмірімізге татиды».

Ақиқатты жалғаннан ажыратушы алынбас қамал

Хазірет Омардың да өзіне тән артықшылықтары жоқ емес. Хазірет Омар халифалығы кезінде Ислам бірлігіне қауіп төндірген түрлі екіжүзділік, бүлікшілік қозғалыстарға алынбас қамалдай болып қарсы тұрған. Бұдан бөлек ол өз дәуірінде әлемнің алып екі империясы Византия мен Сасанидтерді тізе бүктіріп, көптеген адамның мұсылмандықты қабылдауына себеп болған. Қадисия соғысы нәтижесінде Иран мұсылмандардың қол астына өтіп, хазірет Омарға деген кек тұтанған. Бір мұсылман ғалым олардың мақсаты жайлы «Хазірет Алиды жақсы көру емес, хазірет Омармен кектесу» деген.

Хазірет Али олардың қасиеттерін білгендіктен, осы екі ірі халифаның ел басқарған кезендерінде олардың жанында шейхул-исламдық (біз кейін осылай атап кеттік) міндет атқарған. Яғни, осы екі халифа пәтуа қажет еткен мәселелерде үнемі хазірет Алимен ақылдасқан. Әсіресе, хазірет Омардың оған жиі сұрақ қойып, одан алған пәтуалары бар. Хадис кітаптарында айтылаты мына оқиға да хазірет Али мен хазірет Омар арасындағы қатынасты байқатуы тұрғысынан өте мағыналы. Хазірет Омар Қағбадағы қара тасты сүйіп тұрып «Білемін, сен жай ғана тассың. Пайдаң да, зияның да шамалы. Аллаһ елшісінің сені сүйгенін көрмегенімде, мен де сүймес едім» дегенде, хазірет Али оған байыппен «Әй, Омар, сен ол таста қандай сырлар барын білсең, бұлай айтпас едің» деген. Бұны естігенде хазірет Омар былай деген: «Али болмаса, Омар құритын еді» (әл-Хаким, әл-Мүстадрак, 1/628). Байқалғандай, олар әрі бір-бірлерін жақсы білетін әрі бір-бірін бағалай білетін.

«Басқа қызым болса, оны да берер едім»

Хазірет Османның да өзіне тән тереңдігі мен ерекшеліктері бар. Аллаһ елшісі (алайхи акмалут тахая) оған бір қызын беріп, ол қайтыс болғанда, екіншісін тағы да берген. Осыны сөз еткен әлдекімдерге Пайғамбарымыз (алайхис салату уә сәлләм) «Басқа қызым болса, оны да берер едім» деген. Жат пікірлер ислам әлеміне ішкерілеп ене бастаған уақыттарда хазірет Османның елді тыныштықта басқара білуінің өзі оның жай адам болмағанын аңғару тұрғысынан өте маңызды.

Өзгеше тереңдіктер, өзгеше қасиеттер

Осы себепті олардың әрбірінің жеке алғанда басқаларынан артық тұрған жақтары болуы мүмкін. Олардың әрқайсысын өзіне тән мінез-құлқы, биік тұғыры, бағасымен қарастыру керек. Олардың қай қайсысы да Пайғамбарымызға тән бір үлгілі қасиетті паш еткен. Осы себепті хазірет Әбу Бәкірді «сыддық» (өте адал), қара қылды қақ жарған әділеттігі үшін хазірет Омарды «фаруқ», хазірет Османды «зиннурайн» (қос нұрдың иесі), ал хазірет Алиды «әулиелердің атасы», «арыстан жүрек», «пайғамбар күйеубаласы» деп атаған. Олардың әрқайсысы өзіндік қасиеттерімен қол жетпес кісілер. Адам үшін «қол жетпес» деп айту дұрыс болмаса да, олардың әрбіріндегі үлгілі қасиетке басқалардың дәл солардай қол жеткізуі расында да қиын. Мәселен, қоғамды басқаруда әрі әділетті халифа болуда оларға тең адам жоқтығын айта аламыз. Біз бұл жерде санамалай алмайтын басқа да көптеген қасиеттері тұрғысынан олардың әрбірі өте биік тұрған тұлғалар. Білінгеніндей, Ардақты елші (алайхис салам) ашараи мубашшараның (көзі тірісінде жұмақпен сүйіншіленген он сахаба) әуелгілері ретінде осы төрт халифаны атаған. Осыған сай хазірет Әбу Бәкір, хазірет Омар, хазірет Осман мен хазірет Алилердің жәннаттық болуы тұрғысынан да олардың бағасы пайымдалуы керек.

Бос болжам мен негізсіз жалалар

Осылардың барлығын жалпылама түрде негізге алғанымызда, хазірет Алиды, әсіресе, хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омарға қарсы адам секілді көру, оның ақиқатты дәріптегенін айту басқалары ақиқатты дәріптемегендей әсер қалдырады. Бұл өз кезегінде хазірет Алидың өзіне тіл тигізу болып табылады. Өйткені хазірет Али секілді ештеңеден тайсалмайтын, жүрегі түкті баһадүрдің ақиқатқа жуыспайтын бір мәселеде хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омарға бағынуы мүмкін емес. Ол іркіліп қалмайтын жан. Хайбар соғысындағындай ажалмен тіке айқасатын кісі. Пайғамбарымызға қаратыла айтылатын сөзде «Алидей жігіт, Зұлпықардай қылыш табылмас» делінген (Ибн Асакир, Тариху Дымашқ, 39/201). Ал енді осындай адамның хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омарды басқарғанын, оларға билігін жүргізгендігін айту хазірет Алидың әруағын құрметтемеушілік. Сондықтан бұндай уәждің түптеп келгенде өз ішінде бос нәрсе екенін айту керек.

Екінші жағынан, Пайғамбарымыздың өмір бойы хазірет Әбу Бәкір, хазірет Омар мен хазірет Османды (р.а.) үнемі жанында ұстағандығы тұрғысынан мәселеге келер болсақ, осы кісілер жайлы айтылған нашар сөздердің Пайғамбарымызға да тиетіндігін ескеру керек. Өйткені бұлай айтылған сөз, Құдай сақтасын, өздерінің ішкі есептері бар бұндай кісілерді пайғамбарлар төресі хазірет Мұхаммедтің (с.а.с.) танымағандығын, олардың қандай қитұрқы ойындар жасап жүргенін білмегендігін айту. Бұл болса, пайғамбарымызға деген құрметсіздік. Анығында оның парасатының маңызды тереңдіктерінің бірі маңайындағы кісілерді өте жақсы білуі әрі соған сай міндеттер беруі. Ол (алайхи акмалу тахая) бір кісінің маңайына қарағанда, асқан парасаттылықпен оның қандай іске жарайтындығын дереу сезіп, соған сай міндеттерге тағайындайтын.

Иә, уахимен үнемі қуатталып отыратын Ардақты елшінің (алайхис-салам) де уахидың басынан өмірден озғанға дейінгі, шыбын жаны көкке ұшып, бақидағы шын мекеніне аттанғанға дейінгі ғұмырында бірге жүріп, бірге тұрған кісілерді өте жақсы білмегендігін, олардың іс- әрекеттерінен дұрыс мағына шығара алмағандығын алға тарту айтарлықтай логикалық қателіктің нәтижесі. Бұл тақырыптағы логика мен турашыл ойға қажеттісі, Пайғамбарымыздың қабылдаған бүкіл адамдарын қабылдау және оларға құрмет көрсету. Пайғамбарымыз көптеген хадистерінде сахабаның артықшылықтарын білдірген. Хадис кітаптарында да сахабаның артықшылықтарын әңгімелейтін арнайы бөлімдерге орын бөлінген. Мәселен, бір хадисте адамзаттың мақтанышы болған Пайғамбарымыз (алайхис- салату уәсәлләм) «Сахабаларым жұлдыздар тәрізді. Қайсысының соңынан ерсеңіздер де тура жолды табасыздар» (Алиулқари, әл-Әсрарул марфуа, б. 388) деген сөзімен ардақты сахабаларға тән қол жеткізгісіз биік тұғырды сөз еткен.

Өте-мөте қолдарынан ұстап «Біз ақыретте осылай бірге тірілеміз» деген, басқа бір уақытта дүниеде екі уәзірі, ақыретте екі уәзірі бар екені, осы дүниедегі қос уәзірінің хазірет Әбу Бәкір мен Омар, көктегі уәзірлерінің Жәбірейіл мен Микайыл екендігін айтқан (әл-Хаким, әл- Мүстадрак, 2/290) кісілер жайында жағымсыз пікірлер айту әрі оларды, әрі Аллаһ елшісін біле алмаудан туындауда. Бұдан бөлек, Пайғамбарымыз оларды жұмақпен сүйіншілеумен қатар әрі хазірет Әбу Бәкірдің, әрі хазірет Омардың қыздарымен үйленіп, хазірет Османға екі, хазірет Алиге бір қызын қосқан. Осының нәтижесінде араларында ерекше туыстық жақындық орнаған. Мұхиддин ибн Арабидың «Фусусы» тұрғысынан мәселеге көз жіберер болсақ, оқиғаларды жорамалдау тұрғысынан қыз алу я берудің түрлі мағыналарға келетіні байқалады. Алайда біз мағынаға көзі жұмық адамдар болғандықтан, мен де мәселеге үстірт қарап, егжей- тегжейіне тоқталмағанды жөн көріп отырмын.

Орталықтағы кішкене бір жөнсіздіктің қоғамға жетуі

Осылардың барлығына қарамастан белгілі бір кезеңдерде бұл кісілерге деген кейбіреулердің көзқарасы өзгерген. Бұлар орталықта көп көзге түспегендіктен, алғашқыда ескерілмеген. Алайда орталықтағы аз бір жөнсіздік қоғамда ірі шайқалуларға себеп болған. Ілгерілеген уақыттарда бұл асқынып, біреулер (Құдай сақтасын) хазірет Алиге қарсы шығып, оны кәпірге баласа, енді бірі сөз жүзінде хазірет Алиді жақсы көретіндіктерін айтқанмен, шындап келгенде хазірет Әбу Бәкір мен Омарға өштесумен өмір өткізген. Олар бұл дұшпандықты бір негізге сүйеу үшін хазірет Алидың есімін қолданған, тіпті сол ірі тұлғаның естісе өзі де қабылдамайтындай дәрежеде шектен шыққан. Олар нәтижеде хулул мен иттихадқа қатысты сипаттарды таңып, шектен шыққан. Осының нәтижесінде мәселені хулул мен иттихадқа дейін асқындыратындай бірқатар ағымдар пайда болған. Алғашқы кезеңнен бастап Хасан Саббах, Карматилер, Исмаилилық пен Нұсайрилық секілді пайда болған көптеген қате мәзхаб пен әлемнің түрлі жерлерінде пайда болған көптеген жалған ағымдардың және әлемнің түрлі орындарында пайда болған мәхдилік мәселелерінің астарында хазірет Али жайында ойдан шығарылған осындай қауесеттер бар.

Бұл хадис сын тұрғысынан сынға ұшыраса да, Аллаһ елшісі бір хадисінде хазірет Али үшін екі топ адамдардың құритынын білдірген. Олардың бірі (Құдай өзі кешірсін) оны Құдай санайтындар, екіншілер болса кішігірім мәселеге байланысты оны кәпір деп санап, қарадай өшігіп, оны өлтіруге әрекет жасайтын болады. Уақыты келгенде парсылар мұсылмандар арасына бүлік тастау үшін хазірет Әбу Бәкір мен хазірет Омарды мойындамай, екеуіне жибт, тағут атты екі пұттың аттарын тағатындай дәрежеде өшіге түскен. Хазірет Айша анамызға да жала жапқаны бар.

Өшпенділікті қоздыратын мәдени кодтар

Осындай адасудағы жандар бәлкім ислам әлемінің жалпы жағдайы, халықаралық қатынастар, қазіргі жағдай тұрғысынан мәселеге қарап, барлық адам көретін әрі білетін орындарда бұл жиренішті нәрселерді айтпайды. Алайда іште сақтай алмай түрлі оқиғалар арқылы сыртқа тепкен кектері мен ызаларына қарасаңыз, олардың бұл нәжістен әлі өздерін тазарта алмағанын, өздеріне тән мәдение орта, қолдарындағы дереккөздер тұрғысынан бұл нәжістен толық арыла қоюы әлі де қиын секілді. Өйткені олар осы мәселеде бірқатар әдістемелер жетілдіріп, әрі кітаптар жазған. Сол себепті жалпы сенім мен көзқарастары осылай қалыптасқан. Айталық, Қады Абдулжаббардың «Усулу хамса» секілді олардың сенімдерін қамтитын кітапқа қарасақ, олардың имамдықты иманның бес шартының бірі жағдайына келтіргенін көреміз. Бұл бойынша, имамның міндетті түрде хазірет Али ұрпағынан шығуы тиіс. Басқа біреудің имам болуы тіптен мүмкін емес. Олар осындай негізге емес тармаққа (фуруат) қатысты мәселелерді иманның шарттарының қатарында санау арқылы сұмдық талас-тартыстарға себеп болған.

Әсілі Алишілдік хазірет Алиды жақсы көру болса, Әхлі бейтті (пайғамбарымыздың ең жақын жұрағаты, ауд.) құрметтеу болса, біз бәріміз де алауи (Әлишілдер) болып табыламыз. Біздің тасаууф кітаптарымыз, әдебиет әлеміміз де осыған куә. Бұларды алып қарастырған уақытта әрбірінің бастан-аяқ Әхлі бейтке деген махаббатқа тола екені байқалады. Мәселеге тек тармаққа қатысты жағымен ғана қарап, негізге (усул) қатысты мәселелерге көз жұмып қарауға болмайды. Бұдан бұрын да түрлі тақырыптарға қатыстырып айтқанымдай, мен отбасылық жағдайымда үнемі хазірет Алиге деген махаббатты сезініп өстім. Ержүректілік туралы айтылса, ойыма бірінші болып хазірет Али келетін. Ойша материалды күресте қылышын бір сілтегенде елу адамның кәлләсін ұшыратын адам елестейтін. Егер менің жадымда сақталған нәрселер осы болса, Алиді өле жақсы көретіндердің бірі мен екенім күмәнсіз. Жүрегіме хазірет Алиге деген махаббаттың берік орныққаны сондай, көп уақыт бойы мен хазірет Алиды басқа халифалармен тең дәрежеде қабылдауда, бұл мәселедегі тепе-теңдікті сақтауда көп қиналғанымды білдіргім келеді.

Тот басқан құлыпты ашатын сүйіспеншілік кілттері

Бүгінгі күні атқарылуы керек мәселелерге келсек, бұрын болған бүкіл осы оқиғаларға қарамастан біздің ендігі міндетіміз, Алауи, Настури, Сурияни т.б. деместен барлығына да бірдей құшақ жайып, жақсылық жасау, осылай істеу арқылы іштегі әрі сырттағы бұзық пиғылды жандардың бұны теріс мақсатта қолдануына жол бермеу. Бұдан бұрын Шығыс мәселесінің шешімі турасында былай деген едік: ұлтымыздың рухында, табиғатында бар жомарттықты тағы бір рет көрсетуге жағдай тудырымыз керек әрі бұны тоқтап қалмайтындай, жалғасып отыратындай ету. Қажетінше ұйымдастырылу түрлерін өзгертіп отыру. Мәселен, қасиетті түндерді жақсы ұйымдастырып, сол аймақтарда түрлі шаралар жасауға болады. Егер сіздер бір жердегі мешітте түнді құлшылықпен өткеріп, олардың түнін нұрландырар болсаңыздар, қараңғылыққа сәуле сепсеңіздер, ортақ тұстар табу тұрғысынан аса маңызды іс жасаудасыздар. Бұған қоса, парасатты әкімдер, парасатты қауіпсіздік басшылары, парасатты дәрігерлер, парасатты діни басқарма қызметкерлерін сонда жіберіп, олар да қоғамның жараларын таңу тұрғысында талпыныс көрсетсе, бүкіл қитұрқы әрекеттерге жол берілмес еді. Әлемде ашылмайтын есігі жоқ сүйіспеншілік пен махаббат кілтімен, Мәулана тәсілімен, Юнус Емре жүйесімен әрі ғаламдық ұждан кеңдігімен сол түйткілді мәселелерді шешуге тырысу керек. Иә, мәселелерді түбегейлі шешетін бір нәрсе болса, ол барлық адамды жүрегіңе сыйғызу, осы арқылы көңілдерінің кілтін табу.

Күш көрсеткен жағдайда мәселелер уақытша шешімін тапқандай көрінуі мүмкін. Алайда бүгінге дейін күш көрсету арқылы шешілген адамзаттың мәселесін көрсету қиын. Сіз күш қолдану арқылы мәселені бір жерде басып тастасаңыз да, ол басқаша түрленіп, басқа жерден қайта басын қылтитады. Осы тұрғыдан күш көрсету ақыл мен қисынның толықтай жұмыс істеуіне ең үлкен кедергі келтіреді. Яғни, мәселені басқалардың басынан тоқпақтап отырып шешуге тырысқаныңызда, түрлі балама жолдар табу тұрғысынан ақыл мен қисынды толық жұмыс істете алмайсыз. Әрине, күш болуы керек, алайда ол үнемі ақыл мен логиканың, көрегенділік пен парасаттың жетекшілігінде, ұждан мен ынсаптың бақылауында болуы керек. Меніңше, тарихтан бізге жалғасып келген бұл мәселенің шешімінде де дәл осы түсінікпен әрекет етер болсақ, шешімінен үміт күтуге болады.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.