«Ислам ақыл мен қисынға жүгінеді» делінеді. Сонымен бірге дініміз «нассқа» (Құрандағы дәлелдерге) сүйеніп, оған мо-йынсұнуды талап етеді. Мұны қалай ұғу керек?

Иә, Ислам діні ақыл мен қисынға жүгінеді, сондай‑ақ мойынсұнуды да қажет етеді. Өйткені ақыл мен қисынға салсақ, мойынсұнуда қандай да бір қайшылық не керағарлық жоқ. Сондықтан олар бір-біріне кереғар ұғымдар емес. Әрі қисынды, әрі мойынсұнуды да қажет ететін жайттар болады. Ешкім де мойынсұнуды қажет ететін кез келген жайтты қисыннан жұрдай деп айта алмайды. Мұндай тұжырымды қисын қабылдамайды. Ендеше, осы мәселені ақыл мен қисын аясында түсіндіріп көрейік.

Ислам діні алдымен сенімді қажет ететін тұстарды Құран арқылы зерделеп қисынды түрде бізге түсіндіріп береді. Аллаһ тағаланың ұлылығы мен құдіретін осылайша түсіндіріп дәлелдеген соң, пайғамбарлықтың да қажеттілігі жөнінде толықтай қанағаттандыратын дәлелдерді алға тартқан. Жаратушының ұлылығын дәріптейтін пайғамбарлардың болуын қажеттілікке тірейтін дәлелдердің бәрі де әрі ақылға, әрі қисынға сай.

Адам болмысындағы мәңгілікке құштарлық сезімі мәнсізденбеуі үшін адам баласы өлгеннен кейін қайта тіріліп, мәңгілік өмірге ие болуы керек. Аллаһ тағала әбестіктен пәк! Сондықтан да адамдарға осындай мәңгілік ғұмыр нәсіп етеді. Әрі болмысты алғаш рет кім жаратқан болса, осы екінші жаратылысты да Сол жасамақ.

Бұл мәселе басқа тарауларда кеңінен қозғалғандықтан бұл жерде егжей‑тегжейлі тоқталып жатпаймыз. Біз бұл тақырыпты тек мысал келтіру мақсатында ғана тілге тиек еттік.   Асылында, имани мәселелерде қисын арқылы бірқатар жетістіктерге жетуге болады, алайда бұл тақырыпта тек құрғақ дәлелдер адамға аздық етеді. Жүрекке нұр, арға қозғау салатын ақиқаттың қуаты, екпіні сондай, онымен салыстырғанда қисын көз қарықтырар нұрдың жанында сығырайған білте шамның жарығындай ғана. Әрине, бұл рухани дамудың деңгейіне байланысты жағдай. Дегенмен, Имам Раббанидің айтуынша, адам «сәйр миналлаһ» шыңына шыққаннан соң, қайтадан қисынды дәлелдерді қажетсінетіндігін алға тартады. Бұл, әрине, жалпы жұртқа емес, рухани кемелденудің белгілі бір деңгейінде өзіндік миғражын тәмамдаған адамдарға қатысты нәрсе.

Аллаһ тағаланың әрбір ісі ақыл мен қисынға сай. Қалай сай келмесін?! Ол – Алим (шексіз ілім иесі) һәм Хаким (шексіз даналық иесі). Айтқандай‑ақ, физика, химия, астрономияның заңдылықтары арқылы кейбір қатаң да тұрақты қағидаларды көріп, ең мықты ұсталардың жасағандары мұның жанында түкке де тұрмайтынын байқаймыз. Ендеше, Аллаһ тағаланың әрбір ісінде терең даналық бар. Ал бұл ерекше даналық ақыл мен қисынға сай.

Жаратылыстағы барлық құбылыстарды ішкі және сыртқы дәлелдер арқылы зерделеп, түйіндер болсақ, Аллаһ тағаланың шексіз ұлықтығын еріксіз мойындаймыз. Осындай иман бізді еріксіз Оған мойынсұнуға жетелейді. Істің басы ақыл мен қисын болса, ақыры мойынсұну болмақ. Біз мойынсұнған екенбіз, Жаратқан Иеміздің айтқандарын орындауымыз қажет. Әлбетте, осы жерде алдымыздан құлшылыққа қатысты мәселелер бой көтереді. Намаз, ораза, зекет, қажылық тәрізді ғибадатқа қатысты барлық мәселелер...

Ғибадаттарды орындаудың мойынсұну екені мәлім. Дегенмен, ғибадаттарды орындау барысында да әрдайым ақыл мен қисынға жүгініп, бұларды әрдайым хикмет тұрғысынан да пайымдауымызға болады.

Бес уақыт намаздың белгілі уақыттарда парыз болуында, әлбетте, көптеген сыр бар. Намаз оқу қимылдардың реттілігінің де өзіндік мәні бар. Дәрет алу барысында кейбір ағзаларымызды үнемі жуудың парыз болуының да өзіндік пайдалы жақтары мол екендігі сөзсіз. Қоғамдық өмірдің кемелденуі тұрғысынан жамағатпен намаз оқудың көптеген пайдалары бар. Кедей мен бай арасындағы тепе‑теңдікті сақтау тұрғысынан зекеттің парыз болуының пайдасы орасан зор. Оразаның адам денсаулығына оңды әсері тіптен көп. Керек десеңіз, ақыл мен қисын тұрғысынан Исламның қылмыстық құқыққа қатысты үкімдерінің ғажап мұғжизалары мен пайдалары зерттелсе, нәтижеде оған мойынсұнуымызға тура келері анық. Мәселен, қажылықты алайық, қажылықты парыз деп мойындадық делік. Өйткені, Хақ тағала «уә лиллаһи аланнаси хижжул бәйти…»[1], – деу арқылы әйел болсын, еркек болсын, шамасы келген мұсылмандарға қажылықты парыз қылған. Мәселеге осылайша қарау мойынсұнудан бастау алары хақ. Мұсылмандар осыған мойынсұнып, «Ләббайк» деп қажылық жасауға талпынады. Мұнан соң қажылықтың Ислам әлеміне тигізер пайдаларын зерделейміз. Назар салсақ, қажылық – Ислам әлемінің өзінше бір конгресі десек артық айтпаймыз. Мұсылмандардың бірлігін қамтамасыз етудің ең төте, сенімді жолы. Ал әлеуметтік қырынан пайымдар болсақ, бай, кедей, ғалым, қарапайым халық, қысқасы бәрінің бірдей жағдайда және бір деңгейде құлшылық жасау үшін жиналуы Исламның қаншалықты деңгейде ғаламдық жүйе екендігін ұғындырып, сенімімізді нықтай түседі.

Әуел баста ақыл мен қисын негізінде қадам бассақ, соңында барар жеріміз мойынсұну болмақ, керісінше алдымен мойынсұнсақ, бұл қадамымызды соңында ақыл мен қисынның құптары анық. Осы екі жағдайда да нәтиже біреу – жан-тәніңмен мойынсұну. Сонымен, Ислам діні бір жағынан, ақылға әрі қисынға, ал екінші жағынан, мойынсұнуға негізделген. Ақыл яки қисынға салсақ, мойынсұнуымыз қажет. Ал, мойынсұнған болсақ, мұнымыз ақыл мен қисынға «құйып қойғандай» құп жарасатынына көзіміз жетіп, тағы мойынсұнамыз. Осынау ғаламды кітап секілді оқуға ұсынған Аллаһтың ғаламат жүйесі басқаша болуы да мүмкін емес...


[1] «Әли Имран» сүресі, 97

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.