Мұсылманның кеңпейілділігі қандай болуы тиіс?

Кеңпейілді болу – мүміннің асыл қасиеті. Осы қасиетті әрбір мүміннің бойына сіңіре білгені абзал. Өзгелердің жүрегіне жол табудың төте жолы кеңпейілділікте жатқаны анық. Біреуге айтқан ақиқаттың жетімсіреп қалмауы да осы пейіліңіздің кеңдігі арқылы іске аспақ. Дегенмен, мұның да өзіндік өлшемі бар.

Ардақты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өзіне қанша зұлымдық жасалса да барынша мейірбандық танытып өтті. Ал өзі емес, өзге жанның құқығы аяққа тапталып, асыл дінімізге қиянат жасалған жағдайда арыстандай айбатына мініп, қашан өзі куә болған әділетсіздіктің көзі жойылмайынша байыз таппайтын.

Ұхұд шайқасында бұйрыққа бағынудың маңызын түсіне алмаған және өткінші болса да мұсылмандардың тарыдай шашырап, ақыры әлсіреуіне себеп болған сахабаларға бір ауыз ауыр сөз айтпапты... Жағасынан алып, ақы сұраған адамның өзіне жай ғана күлімсіреп: «Мынаған үлесін беріңдер», – деуі оның кешірімділік пен мейірбандығының қаншалықты терең екендігін дәлелдейтін мысалдардың бір-екеуі ғана. Мекке қаласы мұсылмандардың қолына өткеннен кейін Пайғамбарымыздың меккеліктерге жаппай кешірім жариялауы бүгінгі дәуірдегі адамдардың түсіне де кірмейтін, мәні мен мағынасы өте терең ізгілік болса керек. Ия, шындығында да Аллаһ елшісінің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) кеңпейілділігі түпсіз тұңғиық болатын.

Пәктігіне періштелердің өзі таңдай қаққан барша мүміндердің ардақты анасы Айшаға (р.а.) жала жапқан арам ниетті жандардың арасында аңғал мұсылмандар да бар болатын. Бұлардың бірі – Хассан ибн Сабит (р.а.). Осы бір Аллаһ елшісінің ардақ тұтқан ақыны, қалай болғаны беймәлім, әйтеуір бір мұнафықтың алдап-арбауының жетегінде кетіп, жалақорлардың сапынан табылды. Кейіннен Айша анамыздың арының пәктігі туралы арнайы аят түскен соң жалақор екіжүзділердің барлығы да жазаланды.

Арада жылдар өтіп, Хассан ибн Сабит қарттықтан қалжырап, қос жанары суалып көруден қалған кезінде, Айша анамыздың жанында оған арнау өлең оқып отырған-ды. Жиылған көпшіліктің ішінде Айша анамыздың жиені Уруә да болатын. Бұрнағы уақиға есінен кете қоймаған ол ескі жараның бетін тырнап Айша анамызға: «Бұл кісіні неге үйіңе қонақ қылып жүрсің?», – деп ренішін білдіреді. Сонда Айша анамыз: «Әй, Уруә! Мен Аллаһ елшісінің бұл кісіге: «Уа, Раббым! Оны Рухул-Құдұспен (қасиетті рух) желеп-жебей көр», – деп дұға еткенін естігенмін», – деген екен.

Жалақорлардың сапында Мистах та болатын. Әбу Бәкір (р.а.) оның күнкөрісін өз мойнына алып, ұдайы көмек беріп тұратын. Мистахтың да әлгіндей оқиғаға қатысы барлығы белгілі болғанда хазірет Әбу Бәкір ызаға булығып, бұдан былай Мистахқа көмек көрсетпейтінін кесіп айтты. Әйтсе де осы жайтқа қатысты арнайы аят түскен болатын. Аятта: «Араңыздан парасатты әрі мал-мүлкі бар жандар туған-туысқа, жоқ-жітікке, Аллаһ жолында хижра (көшу) жасаушыларға өз малдарынан бермейтіндігіне ант етпесін; кешірім жасасын, ақысын кешсін. Аллаһтың сендерді кешіруін қаламайсыңдар ма? Аллаһ Ғафур (аса кешірімді), Рахим (өте мейірімді)!»[1], – делінген.

Мистахқа көмек көрсетуді доғарам деп ант еткен хазірет Әбу Бәкір осы аят түскеннен кейін дереу өз сертін бұзады; ант бұзу кәфәрәтын өтеп, Мистахқа қамқорлық жасауын одан әрі жалғастыра береді.

Бұл жеке басқа жасалған қиянатқа мүміннің кеңпейілділік танытуының шынайы үлгісі болса керек. Расында да адам баласына өте ауыр тиетін осынау сынақтан олар өз бастарын ғана арашалап алып шықпай, артына өнеге тастап кетті. Олардың ғұмыры – Хақ жолындағылар үшін тұнып тұрған ғибрат.

Қазіргі таңда да шынайы дін жолындағылар жүректегі сүйіспеншілік пен бойдағы адамдық қасиет арқылы ғана өзгеге өз құндылықтарын жеткізе алмақ. Күш қолдану, қыр көрсету секілді бассыздықтардың қай дәуірде болмасын қыр аспайтыны белгілі. Қаншама тас жүректерді жібіткен де осы кеңпейілділік пен төзімділік емес пе? Аллаһ елшісін өлтіру үшін жолға шыққан қаншама қаскөй жандар оның көрсеткен мейірбандығының әсерімен Исламды қабылдап, Пайғамбарымыздың сенімді достарына айналды де-сеңізші!? Хазірет Омардың (р.а.) жүрегін жұмсартқан Аллаһ елшісінің осынау қасиеті емес пе еді? Ал Халид ибн Уәлидтің жүрегіндегі қараңғылықтың тоңын жібіткен де Аллаһ елшісінің пейілінің кеңдігі емес пе?

Аллаһ тағала да Ислам дінін жаюды мақсат еткен жандардан осындай ізгі қасиетке ие болуды талап етеді. Ол Перғауынның тура жолға түспейтіндігін әзәли ілімімен білсе де, Мұса (а.с.) мен Харун пайғамбарды (а.с.) Перғауынға жұмсап, онымен жұмсақ тілмен сөйлесуді бұйырады: «Онымен жұмсақ сөйлесіңдер! Бәлкім, ақыл кірер немесе қорқып иманға келер»[2], – деген.

Бізге надандығын көрсетіп, күпір тонын жамылып опасыздық жасайтындардың өзіне төзімділікпен қарап, мүминге сай жұмсақтық танытуымыз керек. Қасиетті Құрандағы ұлық тәлім – бізге көркем мінездің осындай мінсіз үлгісін ұсынады. «Өтірік айтпайтын, жалған сөйлемейтіндер бос сөз, бөстекі әңгімеге бармай, өз қадір‑қасиетін сақтайды»[3], – делінген.

Мұсылман адамның жеке басына қатысты мәселелерде ұстанатын қағидасы төмендегі аятқа сай болғаны жөн: «...егер кешірім жасайтын болсаңдар, кемшіліктерін мойнына салық қылмасаңдар, төзімділік танытып ғафу етсеңдер, біліңдер, Аллаһ Ғафур (аса кешірімді), Рахим (тым мейірімді)!»[4].

Аллаһ тағаланың кешірімі мен мейіріміне бөленгісі келетіндер осы иләһи ахлақты бойға сіңіріп, барынша кеңпейілді болуы тиіс.

Қандай жағдайда болмасын кеңпейіл һәм кешірімді жанның мерейі үстем, ол ешқашан ештеңеден ұтыл-майды. Бүгін өмір сүре отырып, келешектің адамы болу – жүрегі мейірімге толы, пейілі кең жандарға ғана бұйырған иләһи сый әрі иләһи хикмет болса керек... Демек, осы қасиеттерді ұғынып, бойына сіңірген жандар келешектің бірден‑бір маңдайы жарқыраған дара мұрагерлері болмақ...


[1] «Нұр» сүресі, 22
[2] «Таһа» сүресі, 44
[3] «Фурқан» сүресі, 72
[4] «Тағабун» сүресі, 14

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.