Жануарлардың Пайғамбарымызды тануы

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) хижрат етіп, Әбу Бәкірмен (р.а.) бірге үңгірге тасаланған кезде, бір өрмекші үңгірдің кіреберісін ауымен торлап тастаған болатын. Пайғамбарымыздың ізіне түскен мүшріктер өрмекшінің торына  алданып, кері қайтқан.[1]
Жабир ибн Абдуллаһ баяндауда:
«Бір сапарда Расулуллаһпен бірге болдым. Бір мезетте менің түйем шабандап артта қалып қойды...
Сол кезде Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны түртіп қалды. Түйе алға қарай ытқып кетті. Бұдан кейін Расулуллаһтың сөзін естиін деп бұйдасын тартсам да, оны тоқтата алмадым»[2].
Әнәс ибн Мәлік баяндауда:
Хайбарлық бір яһуди әйел Расулуллаһқа уланған қой етін жіберді. Пайғамбарымыз одан жеді. Кейінірек әйелді алдырған Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл ісінің себебін сұрады. Әйел:
− Сені өлтіргім келді, – деп жауап қатты. Расулуллаһ оған:
− Аллаһ маған сенің зияныңды тигізбейді, – деді.[3]
Әбу Дәуіттің риуаятында уланғанын қойдың өзі білдіргендігі айтылған[4].
Айша анамыз (р.а.) баяндауда:
«Бақытқа тұнған бөлмемізде бір құс бар еді. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сыртқа шыққанда, ары-бері ұшып, сайрандайтын. Расулуллаһтың ішке кіргенін сезісімен, тыныштала қалатын. Ол үйде болған кезде, мазаламайын дегендей орнынан қозғалмай отыратын».[5]
Әнәс ибн Мәлік баяндауда:
«Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдардың ең сұлуы, ең жомарты әрі ең батыры еді. Бірде түнде қорқынышты бір дауыс естіліп, Мәдина халқы шошып қалды. Біршама кісі дауыс шыққан жақты бетке алды. Расулуллаһ сол жақтан қайтып келе жатып, олармен кездесіп қалды. Дауыс шыққан жаққа олардан бұрын барған екен. Әбу Талханың жайдақ атына мініпті, мойнында қылышы:
− Қорықпаңдар! Қорықпаңдар! – деп басу айтты да Әбу Талхаға: «Атың жүйрік екен», – деді. Ол ат шабандау  болатын, бірақ сол күннен бастап алдына қара салмайтын болды[6].


[1] Ахмәд ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 4/148.
[2] Бұхари, Никах 10, 22; Мүслім, Мүсакат 112-113.
[3] Мүслім, Сәлам 45..
[4] Әбу Даууд, Дият 6.
[5] Ахмәд ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 6/112, 150.
[6] Бұхари, Әдәб 39; Жиһад 117; Мүслім, Фәдәил 48; Ахмәд ибн Ханбал, әл-Мүснәд, 3/147.


Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.