Тағамның берекеленуі

Әнәс ибн Мәлік айтады: «Әбу Талха Үммү Сүләймге: «Мен Расулуллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дауысының өте әлсіз шыққанын байқадым: аш екен. Сенде (жүрек жалғар) не бар?» – деді.Үммү Сүләйм:
– Нан бар, – деді де, бір тілім арпа нанын шығарды. Сосын орамалын алып, бір бөлігіне нанды орап, менің қойныма тықты. Ал бір бөлігімен мені орады. Сосын мені Расулуллаһқа жіберді. Мен нанды алып барғанда, Расулуллаһ мешітте отыр екен. Қасында біршама кісі бар еді. Қастарына жақындағанымда. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
– Сені Әбу Талха жіберді ме? – деп сұрады.
– Иә, – дедім.
– Тамақ үшін бе? – деді.
– Иә, – деп жауап бердім. Осы кезде Расулуллаһ қасындағыларға: – Қане, жүріңдер! – деді. Мен олардан бұрын келіп, Әбу Талхаға хабар бердім. Әбу Талха:
– Ей, Үммү Сүләйм, Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көп адам ертіп келе жатыр. Бізде бәрін тойдыратындай ештеңе жоқ қой, – деп абыржыды. Үммү Сүләйм:
– Аллаһ және Расулы біледі, – деп жауап қатты. Сол кезде Әбу Талха барып, Расулуллаһты қарсы алды. Расулуллаһ онымен бірге үйге кірді. Артынша Расулуллаһ:
– Ей, Үммү Сүләйм, үйде не бар, әкел, – деді. Ол әлгі нанды әкелді. Расулуллаһ әмір беріп, нанды майдалатты. Үммү Сүләйм оның үстіне май сығып, араластырды. Сосын Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм)  күбірлеп дұға оқыды. Сосын:
– Он адамға рұқсат бер, – деді. Әбу Талха олардың ішке кіруіне рұқсат берді. Олар ішіп-жеп тойды да, сыртқа шықты. Сосын (қайтадан):
– Тағы он адамға рұқсат бер, – деп айтты. Осылайша жамағаттың барлығы ішіп-жеп тойды. Бұл жамағатта жетпіс – сексен адам бар еді»[1].
Бұхари мен Мүслімдегі бір риуаятта Абдуррахман ибн Әбу Бәкр былай дейді:
(Бір сапарда) Пайғамбарымызбен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге жүз отыз кісі бірге едік. Хазірет Пайғамбар:
– Тіске сыздық нең бар? – деп сұрады. Қарасақ, біреуінде біршама дән бар екен. Дереу қамыр иледік. Сосын ұзын бойлы бір мүшрік адам бір қора қой айдап (қасымызға) келді. Пайғамбар оған:
– Сатылатын мал ма, әлде сыйлық па, не болмаса тарту ма? – деп сұрады. Адам:
– Жоқ, сатылатын мал, – деді.
Сөйтіп, одан бір қой сатып алды. Қой сойылды. Расулуллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның өкпесінен қуырдақ қуыруды бұйырды. Аллаһ атымен ант етейін, әлгі қойдың өкпесін бөліп, жүз отыз кісінің әрбіріне бір-бірден берді әрі сол жерде болмағандардың еншісін де алып қалды. Сосын етті екі шыны ыдысқа салды. Бәріміз жедік, әжептәуір тойындық. Ыдыстардағы тамақ (құдды еш тиіспеген сияқты) сол күйі тұрды.[2]
Бұхаридің Жабир ибн Абдуллаһтан риуаят еткені бойынша осыған ұқсас бір оқиға Һәндак соғысы кезінде де кездескен. Ол кезде тамақтанған сахабалардың саны – мың болған[3].


[1] Бұхари, Атғима 6; Әйман 22; Мүслім, Әшриба 142.
[2] Бұхари, Атғима 6; Мүслім, Әшриба 175.
[3] Бұхари, Мағази 30.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.