Ғибадат

Ғибадат – Аллаһ Тағаланы, Оның құдірет иесі екенін мойындаудың, адам өзінің Оның ең адал құлы екендігін риясыз түрде танытудың жалғыз жолы. Оның мәні – нағыз құлдың іс-әрекеттерін Жаратушы мен жаратылғанның арасындағы қатынасқа сай реттеу.

 Ғибадат – адам баласының жоқтан бар еткен Жаратушының өмір, ақыл, таным және иман сияқты нығметтеріне сол нығметтердің тілімен алғыс білдіруі. Ал құлшылыққа көзжұмбайлық жасау, өз кезегінде, толық көрсоқырлық болмаса да, өрескел басбұзарлық болып табылады.

Ғибадат – Жаратушының адам баласының алдына мәңгілік бақыт пен осы дүниенің берекетіне қол жеткізуді мақсат етуі арқылы Өзіне адамның басы бүтін сенуін шарт етіп қойған әмірі және құлшылықтың жолы мен әдебі. Бұл жолды таба алмағандар Хақ Тағаланы тани алмайды және Оған қол жеткізуі мүмкін емес. 

Ғибадат – теориялық тұрғыдан белгілі болған ең ұлы ақиқаттың адам ожданында «хаққал-яқин» (көзбен көргендей күмәнсіз сенім) дәрежесіне жетудің ең сенімді және қауіпсіз жолы. Адам ақылы арқылы Құдайдан қорқу және Оған деген ізгі құрметпен қанаттанып, шынайы ақиқатты іздеу жолының әр аялдамасында қауышудың мүлдем жаңа қуанышына бөленеді.

Бүкіл саналы өмірін ақиқат жайлы бос теориялық ой-пікірлермен өткізген, ақиқаттың дауысына құлағын бітеп алған кейбір саңырау рухтар өмір бойы шешеннің ақыл-есті жадылап алатын сөздерінің сиқырлы кеңістігінде өмір сүрсе де, ақиқат жолында бір қарыс та алға жылжи алмайды.

Ғибадат – адам бойындағы ізгілік, әсемдік және туралық секілді сезімдерге күш-қуат беретін берекелі бұлақ және адам нәпсісін тәрбиелеп, періштелерге тән асыл қасиетке бұратын мәңгілік сусын. Күніне бірнеше рет ойы және сезімдері арқылы осы берекелі бұлақтан пайдаланғандар «инсану-камиль» (кемел адам) болу жолына түсіп, белгілі дәрежеде нәпсісін ауыздықтайды.

Ғибадат – адам Жәннатқа лайық өмір сүруі үшін өзінің рухында жасырынып жатқан періштелік қасиеттерді тауып, дамытуы, тәндік және хайуанға тән қылықтарды тыйып, оларды еркіне жібермеуі үшін қолданатын іс-амалы. Ғибадат арқылы періштелердің өзін басып озған адамдармен қоса, Жаратушы алдындағы міндеттерін орындаудан бас тарту арқылы шыңырау құздардың ең түбінен бір-ақ шыққан адамдар да аз емес. Бұл бұрын да болған, қазір де бар.

Ғибадаттың ең жақсысы – Аллаһ Тағаланы танып-білу, Оны сүю және адамдарға пайдалы болу. Бұның ең жоғары шыңы – әрдайым дұрыс жолды нұсқайтын ар-ождан тілімен әр ісімізде тек Аллаһтың разылығын ойлау, Құрандағы «Әмір етілгендей тура бол» деген Жаратқанның аса сесті әмірінен кейін шынайы жолға түсу.

Pin It
  • жасалған.
© 2024 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.