Жарқын болашаққа сенетін және сол ізбен жүрушілердің жолын жарыққа бөлейтін адам жайлы

Уақыт пен кеңістік Құдіретті Жаратушының құзырында. Міне, Оның адам біліп болмас рақым-дылығының арқасында құдайлық шабыттың ұшқынын, тіршіліктегі шырмауықтай шиыр-шиыр өмір сілемдерінен тура бағытты сезіп, болмыстың мінсіз жаратылыс бастауына бастап барар жолды нұсқап, әрі Оның рақымдылығына бөлену жолын да көрсететін адамдар өмірге келеді.
Ірі ислам ойшылы, ақын әрі қоғам қайраткері, Түркия мемлекетінің, асылында күллі әлемнің азаматы – Мұхаммед Фетхуллах Гүлен жарты ғасырға жуық өмірін жүректі ақиқатқа ояту мен ағарту ісіне арнаған.
Әлемдік өркениет тарихының шырақшысы ретінде маған Батыс пен Шығыстың Жаратушы құдіретімен жіберілген ұлы ұстаздары мен ойшылдары, өзі өмір сүрген ортада, өз дәуірінде иман жарығын жағып, жерлестерінің және өзге де елдердің жүрегіне үміт отын тұтатып кетті. Поэзияның ұлы шайхылары Руми, Науаи, Аттар секілді жандардың қай ұлтқа жататыны ешкімге де маңызды емес. Олар исламдық және жалпыадамзаттық мәдениет пен мәңгілікке қызмет еткен тұлғалар. 
Ал діндар ойшылдарға келсек, оларға адамзаттың жан жарасын сезініп, оны өлең сөзбен, мәні терең әрі нақты ғибратты нақыл сөздермен айту тән.
Дүниені көзге ілмей, тек ақыретін ғана ойлаған ғалымның жүрегіне тиген жалғыз соққы – оның Жаратушы алдындағы дұға етіп, тілек тілеп жатқан барлық жандардың жүрегіне жасалған соққы болып саналады.
Оқырмандарға ұсынылып отырған ғибратты әрі терең ой тамшыларынан тұратын бұл еңбек адам баласына деген махаббатқа, бақыт жайлы толғаныстарға, ұлтының, ислам әлемінің және барша адамзаттың жаны мен тәнінің саулығына арналған.
Шығыстың мыңжылдық даналығына негізделген бұл жанрға Ф.Гүлен осы заманның күпісін кигізіп, бүгінгі күннің жан сыздатар әрқилы мәселелері жайлы ой толғамдарымен толықтырады. Поэзия әлемінен самғап ұшқан  ақын, ғылым әлемінен қара үзіп шыққан ойшыл ретінде Мұхаммед Фетхуллах Гүленге тән мінез, меніңше, оның таңғы шықтың тамшысынан ұшы қиырсыз теңізді көре білуінде. Ол сәбидің шырқырап жылаған үнінен, әйелдің мөлдіреген көз жасынан, ер-азаматтың қоңыр күрсінісінен бүкіл  планетаның жан азабын сезе біледі.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадистерінде айтылғандай, қасиетті ілімдерді меңгерген ғалымның дұға-тілектері ізгіліктің қайнарымен барабар. Және оның кімге де болсын ізгі ниетпен тілеген әрбір дұғасы Жаратушының назарынан тыс қалмайды.
Иә, оқырман, жүректеріңізден өз орнын алатын қолдарыңыздағы бұл кітап, ешбір шүбәсіз, терең сенім иесінің, яғни, мұсылман ғалымының еңбегі.
Кітаптың әрбір беті жер бетіндегі жалпы бейбітшілік жайлы, рухани байлық  пен оған жетудің жолдары, тіршіліктің жалғыз тірегі боп саналатын Жаратқанға деген махаббат, Оған деген дұға-тілектерге толы.
Ислам ғылымының бірден бір ірі өкілі М.Ф.Гүленге тән сенім, сабырлылық пен өзгелер үшін күйзеліс түптеп келгенде, ХХI ғасыр басындағы бүгінгі тұрақсыз өмір шындығының барлығына  да қатысты.
Әлеуметтік жауапкершілік пен жеке тұлғаның ой пікір бостандығы; қазіргі заманда тиімді болып саналатын республикалық демократиялық құрылымды қорғау; өмір бағын  құрайтын отанға, сәт сайын адамзаттың назар салуын талап ететін Жаратқанның нәсіп еткен нәзік құрылымы ретіндегі өркениетке көзқарас; қоршаған орта мен адамдық әдеп құндылықтары, прогресс, әдебиет пен өнердің мәселелері – міне, кітапта қозғалатын мәселелердің бір шоғыры осындай.
Дегенмен кітаптың негізгі мазмұнын түйіндер болсақ, өмір сүріп жатқан барша адамдардың міндеті ретінде келешек ұрпақтың қамы, олардың адамдық, рухани тәрбиесі өткір қозғалған. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Дін – барлық зорлық-зомбылықтан бас тарту» деген қағидасын берік ұстанатын М.Ф.Гүлен үшін азғындық атаулыны жеңуде материалдық әрі рухани тепе-теңдікті ұстай білу аса маңызды.
Автордың өзіңді тану, ішкі жан дүниеңді жетілдіру арқылы Құдайға жақындау ұстанымы, отбасылық құндылықтардың бағасын білуге үндеуі жас ұрпақ үшін ең қажетті дүниелер. Онда бала құқы, ата-ана жауапкершілігі, әйел-ананың үйдегі әрі қоғамдағы орны ескерусіз қалмаған. Мұхаммед Фетхуллах Гүленнің жүрекжарды мынадай сөздері әлемнің барлық адамдарына арналғандай:
«Адам! Сәбиді өмірге әкелетін өзге ешкім емес, Сенсің! Оны тәрбиелегенде де ең асқақ әлемдерге лайық етіп тәрбиелеу – сенің борышың!»
Ислам ойшылы Ф.Гүленнің кітабы барлық адамдарға арналған, әсілі, Өмірдің өзі Жаратушының тіршілік иелеріне танытқан махаббатының белгісі.   
Уа, өмірдің күйбеңінен қажыған оқырман, Хаққа бас-тар ой толғамдар мен шабыт қайнарына бас қойып, жан дүниеңді  бір сергіт!

В.Шеремет
Ресей Жаратылыстану
Ғылымдары Академиясының академигі,
Ресей Ғылым Академиясы Шығыстану Институтының Бас ғылыми қызметкері

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.