Тәблиғ оның ұйқысын қашыратын

Күллі адамзаттың қайғы-қасіретіне қабырғасы қайысқан Рақым Пайғамбары ғұмырында алаңсыз ұйықтай алмады. «Өмірінде ұйқысы қанып ұйықтаған емес» сөзі екі әлем Сардарына ғана арналса, нағыз өз орнын тапты деуге болар. Өйткені ол бар ғұмырын тәблиғпен өткізді.

Мекке кезеңінің алғашқы жылдарында жәрмеңке мен көшелерді аралап, қай жерде базар құрылса, дереу сонда барып, халықты хақ дінге шақыратын. Ақиқаттан теріс айналғандар оны келеке-мазақ етіп, төмен саналып, қасиетті әз басына шаң-топырақ шашатын. Алайда бұлардың ешбіріне бөгеліп қалмай, тоқтамай, мақсатын бетке алып, сапарын жалғастыра берді. Періштелердің өзі жүзіне қарауға бата алмай жүргенде, Мекке мүшіріктері сол нұрлы жүзге түкіретін. Күннің өзі көлеңкесін түсірген екі әлем Сардарына кәпірлер көрсетпегенді көрсетіп, мазақ етіп жатты...

«Ең жақын туысқаныңа ескерт» (Шуара, 26/214) аяты түскен кезде, ол дереу өзіне жақын барлық туыстарының басын қосып: «Аллаһ маған ең жақындарыма ескертуімді әмір етті. Сендер маған ең жақын туысқансыңдар. Бірақ «Ләә-иләһә иллаллаһ» демейінше, Аллаһ жанында сендерге көмектесе алмаймын. Бірақ осы сөзді айтсаңдар, ақыретте куә боламын»,– дейді.

Алайда туыстары Аллаһ елшісіне ләм-мим демей, тоң-торыс отырып қалады. Тек туысқан ағасы Әбу Ләһәб үнсіз қалмай: «Қап, мынаны-ай! Осыған бола бізді шақырдың ба?» – дейді. Осы сөзден кейін барлығы тарқап кетті[1].

Хадишаның (р.а.) бар дүниесі Мекке үлкендеріне сый-сияпат көрсетумен ақыр-тақыр болды. Аллаһ елшісі оларды қонақ етіп, ішкізіп-жегізіп, сөз арасында «осыларға бір нәрсе түсіндіре алар ма екенмін» деп үнемі тырысып бағатын. Осындай жиылыстың бірін Әли (р.а.) бізге былайша жеткізеді:
«Әдеттегіше Аллаһ елшісі Мекке үлкендерін үйіне дәмге шақырды. Тамақтан кейін Аллаһ елшісі сөз бастады. Өзінің Хақ пайғамбар екенін және ең жақындары болғандықтан, ақиқатты алдымен бізге жеткізетінін айтты.Сөзінің соңында: «Осы мәселе бойынша араңызда маған жәрдем ететін кім бар?» – деді. Мен ол күні әлі жеті жастағы қуқыл жүзді, арық денелі бала болатынмын. Сол сәтте елге су таратып, қызмет көрсетіп жүргем. Аллаһ елшісінің сөздеріне ешкім жауап бермеген соң, шыдай алмадым. Құмыраны қоя салып: «Мен бармын, Аллаһтың елшісі!» – дедім. Хақ пайғамбар осы ұсынысын үш рет қайталады. Әр айтқанында, менен басқа ешкім жауап қатпады»[2].

Міне, осылай жылдар бойы Аллаһ елшісі ерінбей-жалықпай, шаршамай-шалдықпай тәблиғын жалғастырды. Алайда оған құлақ асқан жақындары болмады. Ол осыдан кейін өзіне зейін қоятын жандарды іздеді. Алайда ақ жүректі жандарды да табу оңай болмады. Тайыфта тас лақтырылып, келеке болды[3]. Бірақ шынайы ықыласы оны кенеттен шаттыққа бөлейтін қуаныштарға жетелеп отырды. Негізінде, солай болды да. Тағдыр оны Ақабаға апарып, көкірегі ояу, таза жандармен жолықтырды.

қабада алты адаммен танысты. Олар келесі жылы Ақабаға жетпіс адаммен келді. Аллаһ елшісі кейбір мәселелерді тәблиғ етті. Олар сенімін осы шарттар арқылы қабыл етуі керек еді. Сонда олар Ахметтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) барлық ұсыныстарын ойланып-толғанып жатпастан, бірден қабылдады. Осы кезде Аббас (р.а.) оларға түпкілікті шешім қабылдамас бұрын әбден ойланып барып, кесімді сөздерін айтуына кеңес берді. Егер мұндай ұсынысты қабылдайтын болса, күллі әлем өздеріне қарсы шығатынын айтып,  түгелдей түсіндірді. Десе де, ешкім бас тартпады. Қандай қиын жағдайға кезіксе де, Аллаһ елшісін өздерінен де артық көретініне серт берді. Екі әлем Сардары оларға дінді үйрету үшін Мус’аб ибн Умәйрді (р.а.) жіберді[4].




[1] Бухари, Тәфсир, (111), 1; Муслим, Иман,355.
[2] Муснәд, 100/159; Мәжмау’з-Зәуә’ид, 8/302-303.
[3] Ибн Һишам, Сирә, 2/60.
[4] Ибн Һишам, Сирә, 2/73.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.