Икрима

Икриманың дұшпандығы Уахшиден де сорақы. Ол –  Исламның жеке дұшпаны. Яғни, ол саналы түрде жаулық істейтін. Икриманың туып-өскен үйі Исламға қаны қас, Исламға қарсы дұшпандық жайлаған үй еді. Бұл үйдің қожайыны – Әбу Жаһил. Оның бойындағы қараңғылықтан үйін күпірдің қою тұманы басырдай басып, жәһәннамға айналғандай. Ол үйден Исламға кірген әрбір адам ең ауыр жаза мен жапаға душар болып, байыз тауып отыра алмай, кеткенше асығатын.

Икрима бейне Исламға қастық етуде әкесімен жарысып, бәсекеге түскендей. Әкесі қатысқан барлық опасыздық әрекеттерде айрықша белсенділік танытып, әкесінен де асып түсті. Күпірлік көзін көр еткен болатын. Мекке алынған кезде қасарысуда болатын. Қаншама жан Меккенің алынуымен бірге дереу мұсылман болып, нұр шеңберіне кірсе, Икриманың дұшпандығы қозып, мұсылмандарға қылыш жұмсап, артынан Ямамәға қашады.

Уммул Хакам – Икриманың әйелі әрі туысқан ағасының қызы. Осы қаһарман әйел жұбайылық борышын өтеу үшін Ямамәға дейін барып, ерін көндіріп кері қайтарады. Бірақ Икриманың Рақым Пайғамбарына көрінетін беті жоқ еді. Өйткені оған жасамаған дұшпандығы, көрсетпеген зұлымдығы қалмаған болатын. Жүрген жолына тікен шашарда елден бұрын жүгіретін. Басына топырақ шашарда, алдымен білегін түретін. Бірақ Аллаһ елшісі Икриманың да тура жолға түсуін жан-тәнімен қалап, Уахшиды кешіргендей оны да кешірді.

Икрима Аллаһ елшісінің алдына келгенде, өзіне жарасымды қалпын сақтап: «Ей, хижрәт (көш) жолаушысы, қош келдің!» – деді. Ислами мағынада хижрәт біткен болатын. Бірақ Аллаһ елшісі оның алыс жолдан келгенін ескеріп, осылай деген еді. Осы сөздің өзі Икриманың жүрегіндегі мұзды ерітіп жіберді. Ақ Пайғамбардың қолын құшақтап: «Дұға ет, Пайғамбарым! Барлық істеген дұшпандықтарым үшін маған жарылқау тіле!» – деді. Екі әлем Сардары қолын жайып дұға еткен кезде, көңілі босап, Икриманың көзіне жас үйірілді. Өйткені ол мұндай құрметті, мұндай қошеметті күтпеген болатын. Өйткені сол сәтке дейін Аллаһ елшісін өзге жұмыр басты пенделермен бірдей көріп, одан қатардағы жай адамның қолынан келетін іс-әрекетті күткен. Одан мұндай ізет-ілтипатты көрген соң өз ойының қаншалықты жаңылыс екенін аңғарды. «Пайғамбарым, бұдан бұрын Саған және Исламға дұшпандық үшін қаншалықты дүние-мүлік жұмсасам, ендігі жерде Исламның ақ жолы үшін мұның екі есесін жұмсауға уәде беремін», – деді.

Ол Йермукте айтқан сөзінде тұрды. Бірақ бергенінің арасында өз жаны да бар еді. Икрима Йермук соғысына әйелі, баласымен бірге қатысады. Сол соғыста жараланып, шатырға әкелінеді. Әйелі басын құшақтап, көз жасын төккен кезде, Икрима: «Жылама», – дейді, –мен жеңісті көрмей өлмеймін». Бұл – Икрамаға тән әулиелік керемет. Аз уақыттан соң шатырға туысқан ағасы Хишам кіріп: «Сүйінші, Аллаһ бізді жеңіске жеткізеді», – дейді. Сол кезде Икрима: «Мені тұрғызыңдар. Ішке Аллаһ елшісі кірді», – дейді. Хақ пайғамбардың рухына: «Пайғамбарым! Саған берген уәдемде тұрдым ба? Уәдемді орындадым ба?» – дейді де, ақтық рет: «Раббым, мұсылман күйімде жанымды ал әрі салиқалы жандармен бірге ет!» (Юсуп, 12/101) аятын оқып, Аллаһқа рухын тәсілім етеді[1].

Адамдардың тура жолға түсуіне Аллаһ елшісі аса құштар болды. Ол тәблиғтың шыңына шықты. Жүз мыңдаған жанға мүбәрак қолын созып, оларды жарыққа шығарып, бақытты етсе де, тоқмейілсіп, тоқтап қалмады. Өйткені шексіз рақымдылығы өзінің нұрлы сәулесінен бірде-бір жанның құр қалмауын қалайтын. Ол адуынды дұшпандарына да мейі-рім қолын созып, тәблиғтың қол жетпес өресін көрсетумен болды.



[1] Мустәдрәк, 3/241-242-243; Ибн Хажер, Исабә, 2/496.

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.