Соңғы елшінің фәтәнаты

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) өмір сүрген дәуіріне ойша тағы бір мәрте көз жүгірткеніміз артық болмас. Бір жағынан, сахабалар өздері шеше алмаған мәселелерде Аллаһ елшісінің төрелігіне жүгінген. Сол секілді Исламға кіруді қалаған кейбір адамдардың ойындағы күмән мен күдіктерді сейілту мәселесі өз шешімін күтуде. Мұнымен қоса Аллаһ елшісін көре алмаған, «Әһли кітаптың» (христиан, яһуди) әдейі ойдан құрастырып, халық арасына жайған күмәндары да бар еді. Осы мәселелердің бәрін шешіп, сұрақтарға дұрыс та нақты жауап беру тек пайғамбар қисыны, яғни, фәтәнаты арқылы іске аса алады.

Пайғамбарымыздың әмірлері мен насихаттарын тыңдаған адамдардың дәрежесі әр түрлі. Олардың бір бөлігі – дін адамдары. Өзінің және басқалардың рухына терең бойлаған осы адамдар  діни ілімдерде жоқ дегенде білдей бір маман болып, өз салаларын терең меңгерген жандар. Тыңдаушыларының бір бөлігі хикмет іліміне басы бүтін беріліп, бейне бір қисын мен санамен біте қайнасып кеткендей еді. Сол сияқты олардың ішінде сауда мен экономиканы терең меңгерген, майдан алаңында жетіліп, соғыс стратегиясын терең игерген қолбасшылар, саяси көсемдер, тіпті мәдениеті төмен бәдәуилер де бар. Олардың бәрінің өздеріне тән сұрақтары болатын. Аллаһ елшісі бәдәуилерден бастап, ең заңғар тұлғаларға дейін барлығы түсіне алатындай тілде сөйлеуі тиіс. Бұл сөз әлемдік діннің ерекшеліктерінің бірі болып, қияметке дейін өз қадірін жоғалтпауы қажет...

Адам – сөйлейтін, ойлайтын болмыс. Бұл жағынан да Аллаһтың  бір сипатын бейнелейді. «Тіл қаруы сөз, ой қаруы тіл» демекші ой сөйлемге айналып, хатқа түскенде ғана сақталады. Айтылмаған, жазылмаған ойлар ұмыт болып иесімен бірге фәни топыраққа көміліп кете бармақ. Ойлау қабілеті – Аллаһтың адамдарға тарту еткен үлкен таралғысы, сөйлеу арқылы ойын жеткізу де дәл сондай сый. Сондықтан да Құран Кәрім Аллаһтың рақымдылығын білдіру үшін адамның жаратылуы туралы айта келе оған сөйлеу қабілетінің берілгенін еске салады: «Аллаһ адамға баянды үйретті» (Рахман, 55/4), – дейді. Адам атадан (а.с.) бері адамдар ойлауда, сөйлеуде және қияметке дейін осы қабілеттерін қолданатын болады. Бұл да Жаратқанның шексіз рақымдылығының бір белгісі. Міне, сол рақымдылыққа, әсіресе пайғамбарлар ерекше бөленді. Олардың арасында ең жоғары дәрежеге ие – хазірет Мұхаммед алейһиссәләм. Пайғамбарлардың, хазірет Ахметтің (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) осы маңызды ерекшеліктерін фәтәнат арқылы  ғана түсіндіруге болады.

Әр пайғамбардың сана-сезімі аса жоғары. Олар адамдарға ақиқатты жеткізудің қыр-сырын жақсы білетін тәблиғ майталманы. Ең қиын да күрделі мәселелердің өзін майдан қыл суырғандай оңай шешеді. Жеңіл, жатық тілмен түсіндіреді. Барлық баяны «сәһли-мумтәни». Яғни, оның сөзін тыңдағандар ол сияқты сөйлей аламын деп ойлайды, бірақ жеме-жемге келгенде қолынан келмейтінін аңғарады. Өйткені, аса күрделі мәселелерді айтып түсіндіруді Аллаһ оларға жеңілдеткен.

Иә, Пайғамбарлар – сөз зергерлері. Олар қолданатын айшықты теңеулер ешкімнің қолынан келген емес.

 Пайғамбардың алдында қозғалған әрбір мәселе сөзсіз шешімін табатын еді. Ол мәселе қаншалықты қиын болса да, Пайғамбар сол тақырыптың бейне бір қырық жылдық маманы секілді сөйлейді. Сондықтан да, Бернард Шоу Аллаһ елшісі жайлы:
«Шешімін күткен мәселелер тау-тау боп жиылып қалған қазіргі таңда күрмеуі күрделі мәселелерді  кофе ішіп отырғандай қиналмай, еркін шешкен хазірет Мұхаммедке басқа дәуірлерге қарағанда біз қазір ең көп мұқтажбыз..» – деп ағынан жарылды.

Ғасырымызда көптен бері өз шешімін күткен экономикалық, қоғамдық әрі саяси мәселелер бар. Жалпы адамзат Аллаһ елшісінің мөп-мөлдір баян-бұлағынан сусындамай тұрып, осы проблемаларды шеше алмайтынын аңғарды.

Оның фәтәнаты жайында айтылатын сөз көп. Жазылса үлкен кітап болар еді. Біз бұлардың бір-екеуін ғана айтып, осы шет-шегі жоқ тақырыпты қорытындылайық.

Мұсылман үмбетінің «фақихы» аталған ең білгір ғалым Абдуллаһ ибн Аббас: «Адамдардың ең парасаттысы әрі ең ардақтысы біздің пайғамбарымыз – Мұхаммед алейһиссәләм», – дейді.

Тәурәт пен Інжілді терең білген «табиғин» ғалымдарының бірі Уәһб ибн Мунәббиһ те Аллаһ елшісі фәтәнатының өзгешелігі жайлы:
«Аллаһ елшісінің санасы мен фәтәнатының жанында барлық адамдардың санасы сахарадағы тау-тау құмның ішінде бір түйір құм тәрізді», – деп түйіндеген[1].




[1] Қади Иад, Шифа, 1/67; Әбу На’им, Хилиә, 4/26.

 

 

Pin It
  • жасалған.
© 2021 Фетхуллаһ Гүленнің веб сайты. Барлық құқықтары қорғалған.
fgulen.com белгілі түрік ойшылы Фетхуллаһ Гүленнің ресми интернет сайты болып табылады.